Сабақтың мақсаттары:
1. Білімділік: Оқушыларды Солтүстік Американың Ішкі суларына түсінік бере отырып, олардың маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталу.
2.Дамытушылық: Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту, картамен жұмысты, шығармашылықтармен жұмыс істеуге дағдыландыру.
3. Тәрбиелік: Оқушылардың алған білімдерін, білік дағдыларын көрсету арқылы бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі, баяндау
Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту
Жаңа сабақты түсіндіру:
Солтүстік Америка материгі мол сулы өзендерге, тұщы сулы терең көлдерге бай. Су қоры жөнінен Оңтүстік Америка мен Еуразиядан кейін үшінші орын алады. Сонымен қатар биік таулы мұздықтар мен материктің солтүстігін алып жатқан қалық мұз жамылғылары және жер асты суларының мол қоры бар.
Өзен жүйелері климаттық жағдай мен жер бедеріне байланысты біркелкі таралмаған. Олардың басым бөлігі бөлігі Солтүстік Мұзды мұхит пен Атлант мұхитына бағытталған. Өзендері негізінен жаңбыр және еріген қар суымен қоректенеді.
Атлант мұхиты алабының басты өзені – Миссисипи материктегі ең мол сулы өзен болып табылады. Бұл өзеннің Миссури саласын қоса есептегендегі ұзындығы 6420 км, ұзындығы жөнінен дүние жүзінде 3-ші орын алады. «Миссисипи» атауы үндістер тілінде «су атасы» дегенді білдіреді.
Аппалачтың шығыс беткейінен басталатын өзендер қысқа және мол сулы болады. Олар мұхитқа құяр жолында биік кемелерден құлап ағатындықтан, бірнеше сарқырамалар жасайды. Олардың құлау күші су электр стансаларында қуат алу үшін пайдаланылады. Мысалы, Теннеси өзені бойында 20-дан астам су электр стансалары салынған. Атлант мұхитына құяр жерінде өзендердің сағалары кеңейеді, мұнда ірі портты қалалар орналасқан.
Солтүстік Мұзды мұхит алабына жататын өзендердің ең ірісі-Макензи метериктің солтүстік бөлігі арқылы ағып өтеді. Үндістер «Үлкен өзен» деп атайтын бұл өзен негізінен қар суымен қоректенеді, жылдың көп уақытында мұз құрсап жатады. Қыста өзен түбіне дейін қатады. Макензи жоғарғы ағысында көктемнің аяғында мұздан босайды, сондықтан оның орта ағысында, әсіресе төменгі ағысында өзендегі сең буу нәтижесінде мұз қамаулары пайда болады. Батпақтар мен көлдер арқылы ағып өтетін осы алаптың көптеген өзендері жаз кезінде мол сулы болады.
Тынық мұхит алабына Кордильераның батыс беткейінен басталатын қысқа, ағынды өзендер жатады. Алаптың ең ірі өзендері – Колумбия мен Колорадо Кордильераның шығыс жоталарынан басталып, биік таулы үстірттер арқылы ағып өтеді.
Колорадо өзені бойындағы жиегі тік, терең шатқалды орасан зор Үлкен каньон дүние жүзіне әйгілі.
Материктің солтүстік-шығысында Әулие Лаврентий өзені арқылы Атлант мұхитымен жалғасып жатқан көлдер Ұлы көлдер жүйесі деп аталады. Жоғары көлден Эри көліне дейін көлдердің деңгейлері біртіндеп төмендейді.
Ал Эри көлі мен Онтарио көлінің деңгейлерінде үлкен айырма салдарынан, оларды жалғастыратын Ниагара өзені тік кемелерден құлап ағып, дүние жүзіне әйгілі Ниагара сарқырамасын жасайды. Ені 1200м, биіктігі 51м бұл сарқыраманың атауы жергілікті үндістер тілінде «гүрілдеуік су» деген мағына береді.
Кордильера тауындағы сөнген жанартаулардың кратерлерінде ұсақ жанартаулық көлдер кездеседі. Ал материктің оңтүстігінде жердің тектоникалық жарылыстарында орналасқан Никарагуа және Манагуа көлдері бар.
Жаңа сабақты бекіту:
1. Материктерде қандай ірі өзендер бар, олар қайда құяды?
2. Материкте қандай суайрық жотасы бар, ол қандай алаптарды бөліп жатыр?
3. Солтүстік Америкадағы қандай өзендер ұзақ уақыт қатып жатады?
4. Солтүстік Американың қай бөлігінде көлдер жиі орналасқан, себебін түсіндіріңдер.
5. Материктегі басым түрде жаңбыр суымен қоректенетін өзендерді атаңдар.
Қорытынды: Қорыта келе, бүгінгі сабақта, Солтүстік Американың ішкі суларымен таныстық.
Үйге тапсырма: §32-оқу, кескін картаға ішкі суларын салып келу
Сыныбы: 7
Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы
Тақырыбы: Табиғат зоналары
Сабақтың мақсаттары:
1. Білімділік: Оқушыларды Солтүстік Американың табиғат зоналарымен таныстыра отырып, олардың маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталу.
2.Дамытушылық: Оқушылардың ойлау қабілеті мен икемдігін дамыту, пәнге деген қызығушылығын арттыру, алған білімдерін күнделікті пайдалана білуге үйрету.
3. Тәрбиелік: Оқушыларды ұқыптылыққа, ұжымдылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі
Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Солтүстік Американың табиғат картасы, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту
Жаңа сабақты түсіндіру:
Солтүстік Америка табиғат зоналарының орналасуының өзіндік ерекшелігі бар. Солтүстігінде табиғат зоналары дәл Еуразиядағы сияқты тәртіппен батыстан шығысқа қарай тұтас белдеулер құрап, ендік бағытта таралады. Ал материктің орталығы мен оңтүстігінде табиғат зоналарының орналасуы меридиан бағытында жүреді. Бұл ең алдымен жер бедері мен климаттық жағдайларға байланысты. Сондықтан өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түр құрамы солтүстігінде Еуразияға көбірек ұқсайды. Бұл материктердің көршілес орналасуы мен геологиялық даму тарихының ортақтығына байланысты.
Арктикалық шөл зонасы материктің солтүстігіндегі Гренландия аралы мен Канаданың Арктикалық архипелагын алып жатыр. Қысқа, әрі суық жаз мезгілінде мұз бен қардан бос батпақты, тасты жерлерде сирек мүк пен қына өседі. Бұл зонада мұз дәірінен бері сақталып қалған қойөгіз тіршілік етеді. Оның қалың, әрі ұзын қара-қоңыр жүні суықтан жақсы қорғайды. Қой-өгіз ерекше қорғауға алынып, Дүниежүзілік Қызыл Кітапқа енгізілген.
Тундра зонасы материктің солтүстік жағалық бөлігі мен Гудзон шығанағының оңтүстігін, Лабрадор түбегін қамтиды. Табиғат жағдайлары Еуразиядағы тундра зонасымен ұқсас. Солтүстік Американың тундра зонасына солтүстік бұғыларының айрықша түрі – карибу тән. Тундра зонасы батысында Кордильераға қарай таулы тундраға, ал оңтүстігінде ағаштар араласып, орманды тундраға, одан біртіндеп тайгаға ұласады.
Тайга зонасы Кордильераның шығыс беткейінен басталып, Атлант мұхитына дейінгі кең алапты алып жатыр. Топырағы күлгін. Қылқан жапырақты ағаштардан қара және ақ шырша, көгілдір шырша, бальзамды май қарағай, америка бал қарағайы және қарағайлардың бірнеше түрі кездеседі. Жануарлардан қара аю – барибал, гризли аюы, канада сілеусін, америка қара күзені, бұлан, вапити бұғысы мекендейді, қорықтарда орман бизоны сақталған.
Негізінен биік ағаштардан тұратын мұндай ну орман Жер шарының басқа ешбір жерінде кездеспейді. 1500 м биіктікте ормандар сиреп, таулы тундраға ауысады. Қылқан жапырақты ормандар 40ºс.е.-тен оңтүстікке қарай таулы субтропиктік ормандарға ұласады. Мұнда жасы төрт мыңға деін жеткен мәңгі жасыл секвоя, мамонт ағашы деп аталатын алып секвоя және қантты қарағай, мәңгі жасыл емендер өседі.
Аралас және жалпақ жапырақты, ауыспалы ылғалды ормандар материктің климаты анағұрлым ылғалды, жұмсақ болып келетін шығыс бөлігін бойлай, оңтүстікте Мексика шығанағы жағалауына дейін таралған. Аралас ормандарға орманның сұр топырағы, жалпақ жапырақты ормандарға орманның қоңыр топырағы, ал ауыспалы ылғалды ормандарға сары және қызыл топырақтар тән болады. Аралас ормандарға сары қайың, қант үйеңкісі, шамшат, жөке, ақ және қызыл қарағай басым өседі.
Жалпақ жапырақты ормандарда емендердің ондаған түрі, каштан, платан, қызғалдақ ағашы, орман жаңғағы, жапырағын түсіретін магнолия, жабайы жеміс ағаштары өседі. Бұл ормандар Аппалач тауының биік бөліктерінде ғана сақталып қалған. Ауыспалы ылғалды ормандар субтропиктік белдеуде таралған. Мұнда қарағайдың субтропиктік түрлері мәңгі жасыл және жапырағын түсіретін ағаштар: шамшат, емен, магнолия, орман жаңғағы мен аралас өседі. Құрғақ жерлерде қарағай мен ергежейлі сабаль пальмасы, өзен бойларындағы батпақтарда осы жерге ғана тән батпақ кипарисі таралған. Флорида түбегінің оңтүстігінде арнайы қорғауға алынған Эверглейдс батпағы орналасқан.
Шығыстағы ормандардан Кордильераға жүрген сайын ылғалдың біртіндеп кеми беру салдарынан меридиан бағытында орналасқан орманды дала, дала зоналарын қалыптастырады. Солтүстік Америкадағы биік шөптерден тұратын далаларды прерий деп атайды. «Прерий» француз тілінен аударғанда «шалғын» деген сөз. Прерийде жылу мен ылғал жеткілікті болғандықтан қара және қара қоңыр топырақтарда биіктігі 1,5 метрге жететін селеу, боз шалғын, бидайық, бизон шөбі және т.б. астық тұқымдасты өсімдіктер қалың болып өседі.
Кордильераның ішкі аудандарындағы қара жусан мен алабота басым өсетін шөлейттер Мексика таулы қыратында субтропиктік шөлдерге ауысады. Субтропиктік шөлдерде құрғақшылыққа бейімделген ағаш тәрізді катус, алоэ, сүттіген, опунция, юкка сияқты ылғалды бойына жинайтын өсімдіктер – суккуленттер (латынша «шырынды») көп таралған.
Орталық Америка мен Кариб теңізі аралдарында қызыл топырақта саванна және ылғалды мәңгі жасыл ормандар таралған. Бұл аймақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түр құрамы жөнінен Оңтүстік Америкаға ұқсас. Ормандар негізінен пальмалардан тұрады, орхидеялар, ағаш тәрізді папортниктер кең таралған. Жануарлар дүниесі кең танаулы маймылдар, ягуар, сауыттылырдан, әр түрлі әдемі құстардан, қан сорғыш жарқанаттардан, скунс, қалталы егеуқұйрық – опоссумдардан, баурымен жорғалаушылардан тұрады.
Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде табиғат жағдайлары күшті өзгеріске ұшыраған. Мұнда табиғи өсімдіктер орнын әр түрлі тропиктік дақылдар: қант құрағы, цитрустар, банан және мақта, күріш, темекі плантациялары алып жатыр.
Жаңа сабақты бекіту:
1. Материкте қандай табиғат зоналары бар, олар қалай орналасқан?
2. Ендік бағытта орналасқан зоналарды атаңдар.
3. Прерий дегеніміз не, оның Еуразияның дала зонасынан қандай айырмашылығы бар?
Қорытынды: Қорытындылай келе, қазіргі кезде адамдардың қарқынды шаруашылық әрекеті табиғи апаттың жиілігін күшейтетіні белгілі болып отыр. Сондықтан Солтүстік Америка елдерінде табиғатты қорғау бағытында ортақ заңдар қабылданып, елдер арасында өзара келісімдер жасалған. Ұлттық парктер мен қорықтар санының көбеюі осыны дәлелдейді.
Үйге тапсырма: §33-оқу, мазмұндау. Кескін картаға табиғат зонасын салып келу.
Сыныбы: 7
Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы
Тақырыбы: Халқы және елдері. Америка Құрама Штаттары
Сабақтың мақсаттары:
1. Білімділік: Оқушыларды Американың халқы мен қалаларымен таныстыру, елдің экономикалық жағдайымен алатын орнына, ірі мемлекеттеріне тоқталу.
2.Дамытушылық: Оқушылардың баяндай білу, есте сақтау, ойлау қабілеттерін, картамен жұмысты дамыту.
3. Тәрбиелік: Оқушыларды басқа мемлекеттермен таныса отырып, олардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін ояту арқылы бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, баяндау
Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Солтүстік Американың халықтар картасы, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту
Жаңа сабақты түсіндіру:
Халқы және елдері. Қазіргі кезде Солтүстік Америка халқының саны 450 млн-ға жуық. Материктің байырғы халқын монғол нәсіліне жататын үндістер мен эскимостар құрайды. Бұл халықтар Азиядан Солтүстік Америкаға шамамен осыдан 25-40 мыңдай жыл бұрын материкті Еуразиямен жалғастырып тұрған Берингия құрлығы арқылы қоныс аударған.
ХVІ ғасырдың басында Американы жаулап алу басталды. Нәтижесінде бағынып, құл болудан бас тартқан үндістер құнарлы жерлерден қудаланды. Олар еуропалықтар әкелген жұқпалы аурулардан жаппай қырыла бастады. Нәтижесінде Кариб теңізіндегі аралдардың байырғы халқы (карибтар) ХVІІ ғасырда түгелге жуық жойылып кетті. Қазіргі кезде материкте 15 миллиондай ғана үндістер қалды. Еуропа басқыншылары үндістерден босаған жерлерді плантацияларда жұмыс істету үшін Африкадан құлдар әкеле бастады. Қазіргі кезде Солтүстік Америкада 20 млн-ға жуық негрлер тұрады.
Солтүстік Американың негізгі халқын Еуропадан, әсіресе Ұлыбритания мен Франциядан қоныс аударғандар құрайды. Олар негізінен материктегі ірі мемлекеттер – Америка Құрама Штаттары мен Канадада тұрады. Халықтың басым көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейтіндіктен, материктің бұл елдер орналасқан бөлігін Ағылшындық Америка деп атайды. Америка Құрама Штаттарының халқы нәсілдік және ұлттық айырмашылықтарына қарамастан америкалықтар деген жалпы атпен аталады.
Халқы латын тілдерінде сөйлейтін Мексика жері мен Кариб теңізі аралдары Оңтүстік Америкамен бірге Латын Америкасын құрайды. Мұнда испандар және португалдардың басқа халықтармен некелесуі нәтижесінде Американың жаңа халқы: мулаттар, самбо, метистер қалыптасты. Табиғат жағдайлары мен игерілу тарихына байланысты халық әркелкі қоныстанған.
Солтүстік Америкада д.ж-гі ең дамыған ел - Америка Құрама Штаттары орналасқан. АҚШ-тың материктегі бөліктерінің аралығында Канада, ал оңтүстігінде Мексика орналасқан. Орталық Америка мен Кариб теңізі аралдарын кішігірім елдер алып жатыр.
Америка Құрама Штаттары. АҚШ-ры жерінің ауданы (9 млн 363 мың км) жөнінен Ресей, Канада, Қытайдан кейінгі 4-ші орын алады. Бұл елдің жері материктік екі бөліктен және Тынық мұхиттағы Гавай аралдарынан тұрады. Әкімшілік құрылымы 50 штаттан, Вашингтон қаласы мен Колумбия округінен тұратындықтан ел Америка Құрама Штаттары (АҚШ) деп аталады. Астанасы Вашингтон қаласы.
АҚШ жерінің табиғаты алуан түрлі. Оның көпшілігі қоңыржай және субтропиктік белдеулерге сәйкес келеді. Батыстағы Кордильера мен шығыстағы Аппалач тауларының аралығында Ұлы және Орталық жазықтар орналасқан. Мексика шығанағы жағалауы мен Флорида түбегін ойпатты жағалық жазықтар алып жатыр. АҚШ жері арқылы Солтүстік Америкадағы ең ірі өзен Миссисипи ағып өтеді, ал Канадамен шекаралас аймақта Ұлы көлдер шоғырланған.
Елде мұнай мен табиғи газдың, тас көмір, металдар тәрізді пайдалы қазбалардың қоры мол және оларды өндіруде ұдайы ғылым мен техника жаңалықтары қолданылып отырады. АҚШ-тың шаруашылығы сан салалы, ең жетекші сала – машина жасау өнеркәсібі. АҚШ-тың 125 қаласында автомобиль шығарылады. Детройт қаласын «автомобильдер астанасы» деп атайды. Батыстағы Лос-Анджелес қаласы ғарыштық техника мен электроника орталығы болса, Сиэтл қаласында алып «Боинг» ұшағы жасалынады. Елде жылу-энергетика, химия өнеркәсібі, қара металлургия, жеңіл өнеркәсіп жақсы өркендеген.
АҚШ жерінің көпшілік бөлігінің жазық және аласа таулы болуы, қолайлы климат, ғылым жетістіктерінің кеңінен пайдаланылуы ауыл шаруашылығын жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Ел астық, сүт, ет, құс өнімдерін өндіруден д.ж-де 1-ші орынды алады.
АҚШ халқының саны (290 млн-ға жуық) жөнінен д.ж-де 3-ші орын алады. АҚШ-тағы байырғы халықтың үлесі 1% шамасында ғана, халықтың негізгі бөлігін сырттан келгендер құрайды. Тек қана ХІХ ғасырдың басынан бері Жер шарының 70-ке тарта елінен 55 млн-ға жуық адам осында қоныс аударған. АҚШ халқының ¾ -і қалада тұрады, елде жалпы саны 9 мыңдай қала бар. Ең ірі қаласы Нью-Йорк аспанмен таласқан биік үйлерімен ерекшеленеді, қалада БҰҰ-ның ғимараты, ірі банктер, дүкендер бар.
Тұңғыш ұлттық парк 1872 жылы Йеллоустон аңғарында құрылды. Ол ыстық гейзерлермен, тасқа айналған ағаштарымен әйгілі. Осындағы Алып гезерінен атқылыған судың биіктігі 91 метрге жетеді. Бүгінгі таңда АҚШ жерінде 50-ден аса ұлттық парк бар.
Жаңа сабақты бекіту:
1. Солтүстік Американы қандай халықтар мекендейді?
2. Материктегі халық құрамына еуропалық отарлау қалай әсер етті?
3. АҚШ экономикасының жедел қарқынмен дамуына не себепші болды?
Қорытынды: Қорыта келгенде, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының жедел дамуы, халық санының артуы табиғи ортаға үлкен нұқсан келтіруде. Сондықтан АҚШ табиғатты қорғау, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу мақсатында дүние жүзінде алғаш рет ұлттық парктерді ұйымдастыруды қолға алды. Тұңғыш ұлттық парк 1872 жылы Йеллоустон аңғарында құрылған. Ол ыстық гейзерлермен, тасқа айналған ағаштарымен әйгілі. Осындағы Алып гейзерлерінен атқылаған судың биіктігі 91 метрге жетеді. Бүгінгі таңда АҚШ жерінде 50-ден аса ұлттық парк бар.
Үйге тапсырма: §34 оқуға. Кескін картаға халқы және елдерін, АҚШ-ты түсіріп келу.
Сыныбы: 7
Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы
Тақырыбы: Канада. Орталық Америка елдері
Сабақтың мақсаттары:
1. Білімділік: Оқушыларға Канаданың елдерімен таныстыра отырып, олардың ерекшеліктері мен маңызына тоқталу.
2.Дамытушылық: Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын оята отырып, ой-өрісін сауаттылығын арттыру арқылы талдау жасай отырып дамыту.
3. Тәрбиелік: Оқушыларды басқа мемлекеттермен таныса отырып, алатын орнына баға беру арқылы өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қызығушылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі
Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту
Жаңа сабақты түсіндіру:
Канада – д.ж-де жерінің ауданы жөнінен Ресейден кейін 2-ші орын алады. Канада жерінің ауданы 9 млн 970 мың км. Ел материктің солтүстік бөлігі мен канаданың Арктикалық архипелагындағы аралдарды алып жатыр. Астанасы – Оттава қаласы. Орасан зор Канада жерінің табиғат жағдайлары да әркелкі. Елдің солтүстік полюске неғұрлым жақын орналасқан солтүстігі табиғат жағдайлары өте қатал болғандықтан нашар игерілген. Суық арктикалық шөлдер мен тундра алып жатқан жазықтарда қойөгіз бен солтүстік бұғысы – карибу тіршілік етеді. Елдің осы бөлігінде ғасырлар бойы қатал климат жағдайында өмір сүруге бейімделген байырғы халық – эскимостар тұрады.
Канада ормандарға бай. Мұнда америкалық көгілдір шырша, бал қарағай, қарағай өседі. Ормандарда терісі бағалы аңдардан бұлғын, күзен, ақкіс пен жыртқыштардан қара аю – барибал, сілеусін, койот тіршілік етеді.
Елдің оңтүстік-батысындағы прерийді егіс далалары алып жатыр. Канада жылына шамамен 40 млн тонна бидай өнімін, жинақтайтындықтан, астықты басқа елдерге де сатады.
Канаданың жер қойнауы пайдалы қазбаларға да өте бай. Ежелгі платформаға сәйкес келетін жазық бөліктерде уран, никель, алтын, мыс, темірдің бай кен иорындары бар. Ұлы жазықта мұнай мен газ өндіріледі. Ағыны қатты тау өзенднрінде арзан қуат көзі, ірі су электр стансалары салынған.
Канаданың табиғатты қорғауға көп көңіл бөлінеді. Елде 31 ұлттық парк жұмыс істейді. Ең ірілері – Вуд Буффало, Джаспер, Глейшер, Фанди. Бастапқыда қорық ретінде ұйымдастырылған ұлттық парктерде қазіргі кезде жергілікті халық пен туристердің демалуына қажетті жағдайлар жасалған.
Орталық Америка елдері. Орталық Американың материктік бөлігін Мексика, Гватемала, Белиз, Гондурас, Никарагуа, Сальвадор, Коста-Рика, Панама елдері, ал Кариб теңіздеріндегі Үлкен және Кіші Антильаралдарын Куба, Гаити, Доминика, Ямайка және т.б. кіші елдер мен иеліктер алып жатыр. Материктік бөліктегі ең ірі ел – Мексика, ал аралдық бөліктегі ең үлкен ел Куба болып табылады. Бұл елдердің табиғаты, шаруашылығы, халықтың тұрмыс-тіршілігі Канада мен АҚШ-тан үлкен айырмашылық жасайды.
Жаңа сабақты бекіту:
-
Канаданың географиялық орнының ерекшеліктерін атаңдар.
-
Канаданың жер бедерінің сипаты қандай?
-
Канада жерінде қандай климаттық белдеулер мен табиғат зоналары бар?
Қорытынды: Қорыта келгенде, бүгінгі сабақта, Канада. Орталық Америка елдерін жалпы анықтап түсіндірдім
Үйге тапсырма: §35-оқу. Кескін картаға Канада және Орталық Америка елдерін түсіріп келу.
Сыныбы: 7
Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы
Тақырыбы: Солтүстік жарты шар материктері. Сарамандық жұмыс №3
Сабақтың мақсаттары:
1. Білімділік: Оқушыларды жарты шар материктері бөліктерімен таныстыра отырып, өткен тақырыпты қайталау арқылы білімдерін жинақтау және Солтүстік жарты шар бойынша қорытындылау.
2.Дамытушылық: Логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру, пәнге деген қызығушылықтарын ояту.
3. Тәрбиелік: Достыққа, қайырымдылыққа, сыпайылыққа, көпшіл болуға, бірін-бірі түсінуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Саяхат сабақ
Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі
Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, атлас карта, оқулық, қосымша материалдар.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту
«Өз біліміңді тексер»
-
Солтүстік Американың географиялық орнының басты белгілерін атаңдар? Оның Еуразияның географиялық орнынан қандай айырмашылығы бар?
-
Гренландия аралы қай елдің құрамына кіреді?
-
Кардильера тау жүйесі неге меридиан бағытында орналасқан?
-
Материкте қандай пайдалы қазбалар кездеседі?
-
Солтүстік Америка мен Еуразиядағы табиғат жағдайларының ұқсас аудандарын атаңдар.
-
Солтүстік Американың қай бөлігінің табиғаты біздің жерімізге ұқсас болып келеді? Мысал келтіріңдер.
-
Солтүстік Американың жерінде шөлдер неге аз?
-
Солтүстік Америкадағы табиғаты көркем жерлерді атаңдар?
-
Материктегі табиғаты қатты өзгерген аудандарға мысал келтіріңдер.
-
Солтүстік Америкада қандай халықтар тұрады?
-
Солтүстік Американың ірі елдері мен олардың қалаларын табыңдар.
-
Картамен жұмыс
-
«Торнадо», «Ураган» бұл қандай құбылыстар?
-
Солтүстік Америка үндістері кеше және бүгін
-
Солтүстік Американың ұлттық саябақтары
-
Солтүстік Американың сирек кездесетін жануарлары.
Қорытынды: Канада, АҚШ бұл елдердің табиғаты, шаруашылығы, халқының тұрмыс тіршілігі басқа мемлекеттермен айырмашылық жасайды.
Үйге тапсырма: Тарауды қайталау, тест құрау, картамен жұмыс жасау және қосымша материалдар жинап келу.
Сыныбы: 7
Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы
Тақырыбы: Оңтүстік жарты шар материгі табиғатының ортак белгілері мен өзіндік ерекшеліктері
Сабақтың мақсаттары:
1. Білімділік: Оқушылардың алған білімдерінің тиянақты, нақтылы, сапалы болуымен пысықтай түсіндіре отыра ынтасын арттыру.
2.Дамытушылық: Ойын арқылы оқушылардың ой-өрісін, ойлау қабілеттерін өздігінен ізденісін дамыту.
3. Тәрбиелік: Басқа мемлекеттермен таныстыра отырып, өз елін, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, бірін-бірі тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі
Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Оңтүстік Американың физикалық картасы, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.
Достарыңызбен бөлісу: |