Құйымшақ омыртқалар қалдық ретінде тұтасып кеткен. Тек бірінші омыртқада омыртқаның кейбір белгілері ғана сақталған. Қалғандары біртіндеп кішірейген.
Барлық омыртқалар бірімен-бірі шеміршектер, бұлшықеттер, сіңірлер арқылы байланысып, омыртқа жотасын құрайды. Омыртқа жотасы - тұлғаны алға, артқа, бүйіріне қарай иіп-қозғалту арқылы түрлі қимылға келтіреді.
Омыртқаның иілуі
Омыртқа жотасы төрт жерінен алға және артқа қарай иіледі. Мойын мен бел омыртқалардың тұсында екі иілім алға қарай иілген. Арқа мен сегізкөз омыртқаларының тұсында екі иілім артқа қарай иілген. Жаңа туған нәрестенің омыртқа жотасы түзу, иілімдері болмайды. Нәрестенің мойны қатқанда - мойын, отыра бастағанда арқа иілімі білінеді. Қаз тұрып жүре бастағанда бел мен сегізкөз омыртқаларының тұсындағы иілімдер байқалады. Иілімдер 18-20 жаста толық қалыптасады. Омыртқа жотасының иілімдері кеуде, жамбас қуыстарының мөлшерін кеңейтеді. Иілімдер дененің тепетеңдігін жеңілдетіп, жүгіріп, секіргенде серпімділікті күшейтеді. Бұл омыртқалардың бірімен-бірі жалғасқан жеріндегі шеміршектердің созылғыштық қасиетіне де байланысты. Омыртқа жотасының алға және артқа қарай иілімдері адамның тік жүруіне байланысты қалыптасқан. Бұл - қалыпты құбылыс. Ал омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай иілуі бұзылғанда сколиоз (грекше - қисаю, иілу) ауруы пайда болады.
Омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюының негізгі себептері:
орындықта түзу отырмау;
жазу үстелі мен орындық биіктігінің сәйкессіздігі;
көбіне бір қолымен ауыр жүк көтеру;
сүйектер мен бұлшықеттердің нашар дамуы және т. б.
Сондықтан да жүргенде, тұрғанда, отырғанда омыртқа жотасын түзу ұстауға тырысу керек. Ауыр жүк көтермеу, жүйелі түрде спортпен шұғылданған жөн.
Кеуде қуысының қанқасы - кеуде торы 12 арқа омыртқасы, 12 жұп қабырғалар, алдыңғы жағында жалғыз төссүйектен құралады. Қабырғаның алдыңғы шеті шеміршекті болады. Жоғарғы 7 жұп қабырғалар (шын қабырғалар) шеміршек арқылы төссүйекпен байланысқан. Келесі жұп қабырғалардың шеміршек шеттері өзара қосылып, доға түзеді. Қабырғалар омыртқалармен буын арқылы қозғалмалы, төссүйекпен шеміршек арқылы шала қимылдап байланысады. Қабырғалардың 11,12-жұптарында (жетім қабырғалар) шеміршек болмағандықтан, алдыңғы шеттері бұлшықеттердің арасында бос жатады. Қабырғалар тыныс алу мен тыныс шығағанда кеуде қуысы көлемінің ұлғайып, кішіреюіне әсер етеді. Кеуде қуысында орналасқан мүшелер: жүрек, өкпе, ірі қантамырлар, кеңірдек, ауатамырлар, өңеш және жүйкелер. Кеуде торының пішіні жынысына, жас ерекшеліктеріне, дене бітіміне, дамуына байланысты. Кеуде торының жоғарғы және төменгі тесігі болады. Жоғарғы тесігі артқы жағынан бірінші арқа омыртқасының денесімен шектеледі. Бүйірі - бірінші жұп қабырғалармен, алдыңғы жағы төстіктің жалпақ бетімен бітеді. Жоғарғы тесік арқылы өңеш, кеңірдек ірі қантамырлар мен жүйкелер өтеді. Жануарлармен салыстырғанда денесін тік ұстап, тік жүруіне байланысты адамның кеуде қуысы екі жағына керіліп, кеңейген.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |