соңында алфавит бойынша берілген.
6
Көне египеттіктердің, қытайлықтардың, үнділердің, вавилондықтардың,
еврейлердің, парсылардың, гректердің және римдіктердің әлеуметтік-саяси
алғашқы түсініктері діни сипатқа көше бастады. Бұнда орын алып отырған
билік пен тәртіп құдайдан туындайды деген түсінік басым болды. Сөйтіп, біздің
заманға дейінгі І мыңжылдықта мифологиялық идеологияда өзгеше бетбұрыс
басталды. Бұл діни кезеңнің басталуы болды. Мысалы, буддизм діні бақытқа
сегіз тарапты жол апарады, атап айтқанда: шынайы сезім, дұрыс шешім, дұрыс
сөз, дұрыс іс, дұрыс өмір, дұрыс күш жұмсау, дұрыс ой, дұрыс зейін қою деп
есептеді (Чаттопадхай Х.Индийский атеизм. М., 1973). Осы жолдар арқылы
жалпыға бірдей азаптан арылып, жан рахатына жетуге болады деген ойлар
орнықты.
Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің өзінде-ақ Қытайда, Парсыда,
Грекияда саяси білімдердің дамуындағы мифологиялық-діни көзқарас ғылыми
көзқараспен ұштаса бастады. Мысалы, ежелгі Қытайдың саяси ойларында
рационалдық тенденцияның көрінісі ретінде легистерді атауға болады (б.з.д.
УІІ-ІУ ғғ.). Олар өндіріс пен сауданың бірқатар салаларында мемлекеттік
монополияны негіздеу қажеттігін айтты. Легизм өкілдері қоғам өмірі мен жеке
адам
тіршілігінің
барлық
жақтарын
реттеуге
мүмкіндік
беретін
орталықтандырылған қатаң, авторитарлық мемлекет құру қажет деп санады.
Ежелгі Парсыда ақсүйек Мегабиз және патша Дарий қоғамдағы
еркіндіктің артықшылықтарын көрсетіп, барлық билік бір қолға шоғырланған
монархияны сынайды.
Ежелгі Грекиядағы кең көлемдегі саяси-құқықтық түсініктердің
қалыптасуы Перикл, Пифагор, Гераклит, Демокрит және софистердің
есімдерімен байланысты. Құқық, саясат, мемлекет туралы ілімдер Сократтың,
Платонның, Ксенофонттың еңбектерінен айқын көрінеді.
Орта ғасырларда басқа аймақтарда, әсіресе Еуропада саяси білімдердің
дамуы біраз қиындықтар кешті. Еуропада бұл кезеңнің саяси тұжырымдары
діни сипатта болды. Бұның басты себебі:христиан шіркеуі билік үшін кұресте
үстемдік көрсетіп, зорлық-зомбылық жасап, халықты діни соғыстарға
ұшыратты. Ғылым христиан, кейін католик дінінің қызметшісіне айналып
қарқынды дами алмады. Қоғамның осындай саяси жүйесін насихаттаушылар
Ұлы Василий, Иоан Златоуст, Григорий Нисский,Ориген христиандық
әлеуметтік-саяси идеяларының «әкелері» және «ұстаздары» деп аталды. «Билік
жүйесінен басқа барлық адамдар өмірдің бишаралары»деген көзқарас
қалыптасты.
Орта ғасырдағы ойшылдардың ішінде Фома Аквинский ерекше орын
алады. Басты еңбегі – “Теологияның жиынтығы”.
Фома Аквинский: «заң - белгілі мақсатқа сәйкес тиісті тәртіпті
айқындаушы ереже», адам үшін бұл ереже «рахат» деп түсінді. Фома билік
құдайдан туындайды деп тұжырымдайды. Ал «Құдай жауыздықтың емес,
қайырымдылықтың көзі, сол себепті билікті құрайтындардың бәрі
мейірімділіктен туындайды, Құдайдан шығады, ал жамандықтың бәрінің шығу
тегі адамдардан» деп түсіндіреді Аквинат.Фома монархияны жақтады, оның
ойынша, саяси монархия шіркеуге, папаға емес, заңға сүйенеді.
7
Келесі құдайшыл ойшыл орта ғасырлық Мартин Лютер (1483-1546).
Оның еңбектерінде әртүрлі таптардың наразылығы көрініс тапты, олар: серілік
құрушылар, қала тұрғындары, князьдар мен төменгі дін иелері өкілдері
арасындағы келіспеушіліктер
Римдік-католик дініне қарама-қарсы Лютер адам және оның зайырлы
өмірі негізінен күнәлі деп қаралмауы тиіс екендігін дәлелдеуге тырысты. Ол
адам мен құдай арасындағы шіркеу мен дін иелерінің жарастырушылық ролін
теріске шығарды. Лютер өзінің міндетін алғашқы христиандыққа қайта оралу
деп есептеді, бірақ бұл жолды тек дін саласында жүргізуді уағыздады.
Лютердің саяси іліміндегі негізгі тезис – екі әлемнің болуы.
Христианшыл Лютердің пікірі бойынша, адам бір мезгілде екі әлемде: рухани
(аспандағы) және нәрселік (жердегі) әлемде өмір сүреді.
Саяси білімдер дамуының ерекше маңызды кезеңі – Қайта өрлеу дәуірі.
Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси - әлеуметтік ғылымдардағы жарқын
жұлдыздардың біріне италиялық Никколо Макиавелли жатады. Оның саясатқа
байланысты
шығармалары:
“Тақсыр”(«Государь»),
“Соғыс
өнері”,
“Флоренцияның тарихы”.
Макиавелли діни саясатқа қарсы шықты. Шындықтың белгісі – сенім
емес, тәжірибе деп білді. «Адамдар мен қоғамның өмірі, тағдыры құдайдан»
деп күтіп отырмай, саяси ойды, саясатты қоғамдағы мәселелерді шешуге
бейімдеу керек. Адамдардың өмірін жақсарту үшін «елді басқаруға қабілеті бар
билік, мемлекет ұйымдастыру керек» – деп түсініп осы мақсатқа жеткізетін
әртүрлі әдіс-тәсілдерді көрсетті. Макиавелли саяси ғылымның мәнін, қызметін,
мақсатын айқындауға жол ашты.
Макиавеллидің шығармаларында саяси ойдың басқа да көптеген
мәселелері зерттелді. Мысалы, табиғат жағдайының адамдардың мінез-құлқына
әсері, мемлекетті басқару түрлерінің алмасу заңдылықтары туралы бағалы пікір
айтты.
Макиавелли халық пен меншік иелерінің арасындағы мүдделердің
қарама-қайшылығын көрсетті. «Адамдар табиғатынан жауыздықпен жаралған,
саясатпен айналысушы ең алдымен осыны ескеруі қажет» деп есептеді.
Италиялық ғалым бір орталықтан басқарылатын мемлекетті жақтады.
Оған мемлекеттің тұтастығын әлсіретіп күйрететіннің бәрі жат, жамандық
болып көрінді. Алауыздықтың, бақталастықтың себебі болатын дворяндар мен
шіркеуге қарсы болды.
Макиавелли мемлекетті негізгі екі түрге: монархия мен республикаға
бөліп, “Тит Ливидің бірінші онкүндігі жөнінде ойлар”атты еңбегінде
республиканы монархиядан жоғары қояды. Ең ұтымдысы - республика: билікте
халық өкілдері, ақсүйектер мен сайланбалы мемлекет басшысы болуы
керектігін көрсетті. Макиавеллидің пікірі бойынша республикада еркіндік пен
теңдікті жеңіл жүзеге асыруға болады.
Макиавеллидің көптеген ой-пікірлерінің ішіндегі саяси білімдер дамуына
қосқан үлкен үлесі – саяси мәселелерді діни, жалпы этикалық - философиялық
көзқарастан ажыратып, бөлек сала ретінде түсіндіріп саяси ғылымды біздің
қазіргідей түсінуімізге жол ашуы.
8
Макиавеллиден кейінгі кезеңде саяси ғылымның дамуы тәжірибе мен
ғылыми көзқарасқа негізделді. Нәтижесінде саяси салаға мыңдаған ғалымдар,
ойшылдар өздерінің ой-пікірлерін, идеяларын, тұжырымдамаларын ұсынды,
жаңа жағдайларға бейімделген институттар пайда болады.
Саяси зерттеулердің даму нәтижесінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында
саясаттану өз алдына жеке пән болып қалыптасты.
1857 жылы АҚШ-тың Колумбия колледжінде (кейін Колумбия
университетіне айналды) профессор Фрэнсис Либер “Тарих және саясаттану”
кафедрасын ашты. Яғни, саясаттану ғылымы тарихта алғашқы рет академиялық
пән мәртебесін алды. Осы колледжде 1880 жылы саяси ғылымның жоғары
мектебі құрылды.
Саясаттанудың қоғам өміріндегі рөлінің өсуіне байланысты 1880 жылы
АҚШ-та “Саяси ғылымдар” атты журнал шықты.
1872 жылы АҚШ-тағы сияқты Францияда да мемлекеттік аппаратқа
арнайы қызметкерлер дайындайтын саяси ғылымдар мектебі жұмыс істей
бастады.
1889 жылы АҚШ-та «Саяси және әлеуметтік ғылымдар» академиясы,
1903 жылы «Америкалық саяси ұйымдар ассоциациясы» құрылды. Қазіргі кезде
осы ассоциацияның құрамында бірнеше бөлімдері, мыңдаған мүшелері бар.
ХХ ғасырдың басында саясаттану жеке академиялық пән ретінде толық
бөлініп шықты. Бұл ғылымның халықаралық мәртебе алып, толық
қалыптасуына ЮНЕСКО-ның басшылығымен 1949 жылы құрылған «Саяси
ғылымдар халықаралық ассоциациясының» қосқан үлесі жоғары.
Сөйтіп, саяси ғылым халықаралық статусқа ие болды. Бүгінгі таңда
Америка, Еуропа, шығыс елдерінің барлық жоғары оқу орындарында
саясаттану жеке пән ретінде барлық факультеттерде міндетті түрде оқытылады,
ал әлемнің ең ірі университеттері саясаттанушы мамандарын дайыдайды.
Мысалы, АҚШ-та саясаттануға мамандандырылған 30-ға жуық сала бойынша
білім беріледі. Көптеген өркениетті елдерде бұл ғылымның қолданбалы түрінің
қалыптасуы кең өріс алған.
Бұрынғы Кеңес өкіметі саясаттануға «халыққа қарсы», «буржуазиялық
ғылым» деп айдар тағып, оқытпаған болатын. Кеңес өкіметі шын мәніндегі
саяси сауатты мамандар даярлауға мүдделі болмады, себебі мемлекеттің саяси
билігінің өзі демократиялық (халықтық) емес болатын.
Қазақстанда саясаттану пәні 1991 жылдан бастап оқу орындары
бағдарламасына енгізілді. Қазір Қазақстанның барлық жоғары оқу
орындарында бұл ғылым жеке пән ретінде оқытылуда.
2.Қазақ даласындағы саяси пікірлердің қалыптасуы.
Қазақ қоғамында да саяси ой-пікірлер қалыптасуының түп тамыры ерте
замандарға барып тіреледі. Мысалы, Қазақстан жерін қола дәуірінде
мекендеген андроновшылар мен сақтардың қауымдық-саяси қатынастар
туралы ойлары мифологиялық деңгейде болған. Мысалы, андроновшылар «о
дүниелік өмір» жер бетіндегі тіршіліктің жалғасы деп есептеді. Олардың
9
аңыздары бойынша ажал құдайы Яманы «өлікті матаушы» деп атады.
Андроновшылардан сақтарға «отқа табынушылық» және «аң стилі» ұғымдары
жалғасты.
Саяси білімдер дамуының мифологиялық кезеңіндегі сақтардың билік
жөніндегі ұғымын патшалардың дулығасының (қола мен алтыннан жасалған
әшекейлі бас киім) білдіруі осыған нақты мысал бола алады. Бас киімнің
алдыңғы жағындағы күн белгісі – күллі космостың тұтас бейнесі, төрт қанатты
пырақ пен төрт алтын жебе – бұл күн өз жолымен жүргенде айналып өтетін
барша үш дүние мен жалғанның төрт бұрышын түгел билейтін өктемдіктің
өзгеше бір белгісі. Бас киімнің алдыңғы жағын сақтар жалғанның шығыс жағы,
артқы жағын – батыс жағы деп есептеген.
Осындай тәжді кигізу көсемге күллі космосты билеуді тапсырды деген
түсінік білдірген. Көсем – дүниенің кіндігі, оның орталығының бейнесіндей
болған, ал оның киіміндегі нышандардың бәрі мифологиялық ұғымдар
Саяси білімдердің мифологиялық кезеңіндегі Іле өлкесіндегі сақ
тайпаларын ығыстырып жаңа тайпалық одақтар құрған - үйсіндер. «Қарғалы
диадемасында» бейнеленген қоғамдық ой-пікір бойынша: әлемді басқарушы
құдайлар, құдайлардан кейінгі адамға жан беруші әйел, құдайлар мен
адамдардың арасындағы байланыс күші жануарлар, ал барлық тірі жандарға
өмір нәрі болатын өсімдік, жасыл табиғат деп түсінген.
Негізінен, Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың қоғамдық-саяси ой-
пікірлерін білдіретін тұтас сақталған аңыздар, мифтер өте аз, жазба деректер де
жоқтың қасында. Бұл тайпалардың көшпелі өмір-салтымен де байланысты,
себебі тайпалардың мекен-жайлары бытыраңқы болса, әр тайпаның діни
түсініктері де әр түрлі болды. Барлық тайпаларға ортақ, біртұтас діннің
қалыптаспауы себебінен андроновшылар, сақтар, үйсіндер табиғаттың өздеріне
жағымды, қасиетті күштеріне табынуды күшейте түсті. Сондықтан Ежелгі
Грекиядағы сияқты «этикалық парыздарды» насихаттайтын мифологиялық
аңыздар туындаған жоқ. Бұл тайпалардың әлеуметтік тәртібі, саяси ойы және
құрылымдары өткен ұрпақтардың салт - дәстүр тәжірибесіне, күнделікті өмір
практикасына негізделді. Сол себептен Қазақстан территориясын мекендеген
тайпалардың саяси білімдерінің үш түрі: мифологиялық, діни және
практикалық қатар дамыды деуге болады. Саяси өмірдің жедел өзгеруі саяси
сананың дамуына әсер етті. Сондықтан бұл тайпалардың саяси санасы
мифологиялық деңгейден рационалдық танымға тез ауысты.
Қоғамдық жүйенің дамуындағы осындай ерекшеліктер Қазақстан
территориясын мекендеген ежелгі тайпалардың өміріндегі алғашқы қауымдық-
саяси қатынастардың қалыптасуына негіз болып, ұжымдық меншіктің шығуы
ру мүшелерінің арасындағы байланысты нығайтты. Барлық мәселелерді тайпа
мүшелерінің жиналысы шешіп отырды. Жиналыста ру басшыларын сайлап,
немесе орнынан босатты және рудың салт-дәстүрлерінің қатаң сақталуын
қадағалады. Айыптылар халық алдында жазаланды.
Таңғаларлық жағдай - ежелгі заманның өзінде-ақ Евразия даласында
демократияның айқын көріністері өмірге келген.
10
Сақтардың әлеуметтік құрылысының осындай деңгейге көтерілуіне екі
себеп әсерін тигізді: біріншіден, мүлік теңсіздігінің пайда болуы қоғамның
әлеуметтік жіктелуін күшейтсе, екіншіден, тайпалардың арасындағы
қақтығыстар, соғыстар жиіленді. Бірнеше тайпалар бірігіп, жауынгерлер
қауымына айналды. Ел басқаруға қабілетті басшылар қажет болды. Енді
көсемдер жауынгерлердің арасынан таңдалып алынатын болды. Әртүрлі
сайыстардағы ең мерген жауынгер өзгелерге билік жүргізуге құқық алды. Бірақ
тек ғана мергендік патша болу үшін жеткілікті болған жоқ, оған басқа да
қабілеттілік қажет болды. Мінеки, сондықтан да Есік қорғанына жерленген
адам («Алтын адам») әрі жауынгер (бұған қару-жарақ, оның ішінде алтын садақ
куә), әрі абыз (басына кигізілген ерекше шошақ бөркі), әрі мал иесі (қабір ішіне
бақташының ұзын өрме қамшысы қойылған) болып есептеледі.
Сонымен, бүкіл тайпа мүшелері сайлаған тайпа көсемі – бас қолбасшы
болды. Сақ тайпаларында патшалар сайланатын, яғни, билікті мұра ретінде
алған жоқ. Бірақ олар жауынгерлердің арасынан ғана сайланатын еді. Осы
себептен бұл кезең әскери-демократия құрылысының пайда болған кезеңі
болып саналады.
Үйсіндерде таптық қоғамға тән қатынастар тез қалыптасты, әлеуметтік
теңсіздіктің пайда болуы, тек малға ғана емес, жерге де жеке меншік орнатты.
Бұл мемлекет қалыптасуының алғашқы белгілері болатын.
Б.з. ІІ-ІІІ ғасырларда Ферғанадан Арал теңізіне дейінгі Сырдарияның
бойын толығымен бақылауға алған қаңлылар мемлекеттік дәрежеге жетіп,
қоғамдық билік жүйесін жаңартуға талаптар жасады. Қаңлы тайпаларында
билік мұрагерлікпен әкеден балаға беріліп отырды. Яғни, монархия,
абсолютизм қалыптасты. Билік туралы білімнің даму нәтижесінде қаңлылар
патша билігінің жанынан ақсақалдар кеңесін құрып, билікті бөлісу
ұстанымына бір қадам жақындай түсті. Ақсақалдар кеңесінің құрамына ру
басшылары, әскери көсемдер кірді. Бұл билік өздеріне берілген өкілеттілікті
пайдаланып, бұқараны бағынышта ұстады, бірақ азшылықтың көпшілікке
үстемдігін заңдастырды.
Осындай билік жүйесінің әсерінен болар, қаңлылар арасында
ақсақалдарды құрметтеу, ата-баба аруағына табыну, оларға арнап құрбандыққа
мал шалу сияқты діни сенімдер қалыптасты. Қазіргі кездегі қазақ халқындағы
ата-бабалардың аруағына бас ию салты қаңлылардан жалғасқан дәстүр болуы
да мүмкін.
Біздің заманымыздағы І ғасырдан бастап төрт-бес ғасырдай Қазақстанның
жерін мекендеген «халықтардың ұлы қоныс аударуы» деген атпен белгілі
құдіретті ғұндар да қоғамдық-саяси қатынастар туралы білімдердің дамуы
нәтижесінде, қаңлылардың Ақсақал кеңесі билік жүйесін Халық жиналысымен
толықтырды. Деректі мәліметтерге қарағанда, ғұндар 24 руға бөлінген, олардың
басында ағамандар тұрған. Ағамандар кеңесі мен халық жиналысы бірігіп
жұмыс істеген. «Ғұндардың жыл сайын үш рет Лунциде бас қосатын әдеті бар
еді, онда жылдың бірінші, бесінші және тоғызыншы айында ағамандар
мемлекет істері жөнінде кең отырып кеңескен» («Қазақстан тарихы». Очерктер.
Алматы. 1994 ж., 54 бет).
11
Ғұн тайпаларының мемлекеттік дәрежеге жеткенін айқындайтын тағы бір
дерек – ғұндар қоғамында заң орнына жүрген бірнеше ережелер шығарылды.
Мысалы, б.з.д. ІІІ ғасырда ғұн тайпаларының басшысы (шаньюй) Моденің заңы
әскери тәртіпке мыңбасы, жүзбасы, онбасы жүйесін енгізді.
Шаньюй Лаошан халықтан салық жинау үшін арнайы ереже (кадастр)
шығарып, тұрғындарға, мал басына, жерге санақ жүргізді.
Сақ, үйсін, ғұндар, қаңлы кезеңдерінде қалыптасқан қоғамдық-саяси ой-
сана, дәстүрлері құдіретті Түрік қағанаттары мемлекетінің орнауына негіз
болды. Оған нақтылы дәлел - ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен «Күлтегін»
ескерткіші. «Күлтегін ел үшін күндіз тыным таппаған, түнде ұйықтамаған,
елдігін орнатып, жерін ұлғайтқан» деп жазылған осы ескерткіште. Тасқа қашап
жазылған сөздердің негізгі мазмұны: мәңгілік ел орнатамыз деп өмір кешкен,
сол үшін заманының ұлы империясы – Түрік қағанатын құрып, келешекке
осыншама байтақ жерді, таусылмайтын байлықты, тозбайтын дәстүрді
қалдырып кеткен Бумын, Істемі, Елтеріс, Құтлығ, Білге қағандар, дана Түй-
ұқық, айбынды Күлтегін бәрі де құдіретті, ақылды, білікті қағандар. Бұл сөздер,
біріншіден, кейінгі ұрпаққа жазып кеткен тарихи өсиет-өнеге болса, екіншіден,
«Күлтегін» ескерткішінде «ашты тойындырған, жалаңашты киіндірген, азды
көп қылған, кедейді бай еткен, тату елге жақсылық жасаған» деп жазылған
сөздер ел басқарушы құрамының оқшауланып, саяси билік жүйесіне айналып,
өз еліне, халқына қызмет етуді міндет ретінде мойындау түсінігінің
қалыптасқанын айқындайды.
Байырғы түрік даналары иелік еткен дәстүр де, қалыптасқан қоғамдық-
саяси қатынастар жүйесі де ең алдымен қазақ халқына мирас болып қалған еді.
Саяси білімдер даму тарихының көркем бейнесі, түркі халқының
феодализм кезіндегі әскери және саяси жағдайын шынайы суреттейтін тарихи-
этнографиялық туындысы, түрлі оқиғалардың басын біріктіріп жырлайтын дала
кемеңгерлерінің ертедегі дәстүрін бізге жеткізе алған құнды ескерткіші деп
айтуға болатын ғажайып эпос -«Қорқыт ата кітабы».
Көркемдігі ерекше шығарманы ұрпағына мұра етіп қалдырған ұлы тұлға -
Қорқыт бабамыз орта ғасырдағы Оғыз қағанатының (ІХ – ХІ ғғ.) ерлігін
жырлайды. Эпос Оғыз қағанатының құрылымы мен оны басқарған лауазым
иелерінің міндетін анықтауға толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қорқыт
ата кітабының» орасан зор маңыздылығы, Оғыз қағанатының ғана емес,
бірнеше ғасырларды қамтитын сақ заманынан бергі түрік қағанатының басқару
жүйесін айқындауға мүмкіндік береді.
ІХ ғасырдан бастап Қазақ жерінде саяси білімдердің рационалдық
деңгейге көтерілуіне жағдай туды. Осы кезде Қазақ даласында бірінен кейін
бірі ортағасырлық феодалдық қарлұқ, оғыз, кимек, қарахан, қарақытай, қыпшақ
мемлекеттері қалыптасты. Олардың бәрінде толық мемлекеттік деңгейге
жеткен басқару жүйесі қалыптасты. Екі фактор әлеуметтік топтардың
бірлестігін нығайтуға негіз болды. Олар, біріншіден, этникалық тегі жағынан
қоғамдық топтардың басым көпшілігі түрік тілдес болып, осы мемлекеттердің
көпшілігі
түрік
тіліне
бейімделді.
Екіншіден,
қоғамдық
топтар
шаруашылықтың бір түрімен – мал шаруашылығымен айналысуы біртұтас
12
этностың қалыптасуын жақындатты. Маңыздылығы орасан зор болған тағы бір
фактор – Қазақстанның жеріне ислам дінінің тарауымен байланысты 893 жылы
Таразда ашылған алғашқы мешіттен бастап араб тілі, жазуы, мәдениеті тарады.
Қазақстанның оңтүстігінің Араб халифаты империясының құрамына қосылуы
Түргеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінде феодалдық мемлекеттіліктің үлгісін
жетілдірді. Осы факторлардың барлығы мәдениеттің, білімнің, ғылымның,
оның ішінде саяси ғылымның дамуына негіз болды.
Сол кездегі Қазақ жеріндегі саяси ғылымға мол мұра қалдырған
ойшылдар: Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Ахмет Яссауй
болды.
Әл-Фараби саясат жөнінде өз кезеңіндегі терең ойлар айтқан ойшыл.
Оның ілімі бойынша қоғамның құрылымы әлемнің құрылымына сәйкес келеді.
Әл-Фарабидің саяси идеялары рахымды және рахымсыз қалаларды салыстыру
арқылы беріледі (Ежелгі Грек тарихы бойынша «қала» деген түсінік
«мемлекет» орнына қолданды). «Рахымды қалада» билеуші мен оның
тұрғындарының дүние және бақыт жөнінде шынайы түсінігі бар. «Рахымсыз,
күнәға батқан қалада» ондай ұғым жоқ.
Бұл қалалар сипаты мұраларға қатысы жағынан да өзгеше. Бақытсыз және
опасыз қалада тұрғындар сезім мен қиялға негізделген әрекетке сүйенетін
рахатты жоғары бағалайды, ал қайырымды қалада басқару заң күшіне, игі
тәжірибеге негізделеді.
Әл-Фараби мынадай адамгершілік қасиеттерді атап көрсетеді:
шындықты сүю, игіліктілік, мінез парасаттылығы. Тұтас алғанда, Әл-Фараби
Платонның философ-билеуші идеясын қолдайды. Ол ғалымдарды қоғамның
жүрегі деп санайды.
Әл-Фарабидің «Адам еңбектің арқасында жануарлық жағдайдан
құтылатын қабілеті бар бірден-бір тіршілік иесі, оның қалыпты жағдайы
санасына сәйкес және өзін-өзі жаңғыртуға тиіс» деген ойлары аса бағалы
пікірлер болып табылады.
Ұлы ойшыл бабамыз Әл-Фарабидің бай мұрасы қазақ халқының саяси
санасын жетілдіріп, сан ғасырлар бойы ғылымның, оның ішінде саяси
білімдердің дамуына игі әсерін тигізді.
Есімі орта ғасырлардан біздің заманымызға жеткен ақын, философ, қоғам
қайраткері – Жүсіп Баласағұн. Жүсіп Хас Хаджиб (1021 – 1077) Шу
алқабындағы Баласағұн қаласының тұрғыны болған. Ақынның «Құтадғу білік»
(«Құтты білім») атты поэмасы – ортағасырлық қазақ даласындағы әртүрлі
тарихи, саяси және қоғамдық мәселелер туралы мол мағлұмат, құнды деректер
беретін шығарма. Бұл ұзақ уақыт толастамаған қырғын соғыстар кезеңі болса
да, түркі тайпаларынан кейінгі қазақ ұлтына этникалық негіз болған қыпшақтар
бірлестігі қалыптаса бастады. Ол кезде қазақ жеріндегі ғалымдар кең тараған
парсы, араб тілдерінде жазатын еді. Бірақ солардың арасынан Жүсіп Баласағұн
өз ана тілі түркі тіліне жанашырлық білдіріп, оны сақтап қалуды мақсат етіп өз
шығармаларын ескі түркі тілінде жазды.
Ойшыл саяси мәселелерге де айрықша көңіл бөлген. Мысалы, мемлекетті
орталықтандыру және басқару, қоғамда әділ заңдардың, еркіндік пен
13
бостандықтың болуын қалайды. «Құтадғу білік» - халықтың салт-санасы,
өмірдің мән-мағынасы, адам тағдыры, әдет-ғұрпы жөніндегі көзқарастар
жинақталған құнды шығарма.
ХІ ғасырда өмір сүрген, сол кездегі қазақ мәдениетіне және саяси тарихына
белгілі мөлшерде үлес қосушы ақын, ойшылдардың ішінен Махмуд
Қашғаридің есімін ерекше атауға болады. Ол алғашқы білімді Қашқар
қаласында алады, содан кейін Бұхар қаласында өзінің білімін жетілдіреді.
М.Қашғари – түркі халқының фольклоршысы, Ж.Баласағұн сияқты ол да түркі
тілін дамыту арқылы орталықтандырылған мемлекет орнату мәселесін алға
қояды. М.Қашғари түркілер мекендеген жерлерді, түркі тілдес тайпаларды көп
аралап, түрік тіліндегі ән, аңыз, жұмбақтар мен түрік әдет-ғұрыптарын көп
жылдар бойы зерттеп, 1074 жылы өзінің «Диуани лұғат – ат – түрік» («Түрік
тілдер сөздігі») атты негізгі еңбегін кең көлемді жинақ ретінде шығарады.
М.Қашғари осы шығармасында төмендегідей сөздерді жазған: «Мен
түріктердің барлық жерлерін араладым. Көп уақыт іздену, зерттеулерден кейін
осы кітапты ең таза, ең әшекейлі түрік тілінде жаздым».
Махмуд Қашғаридің бұл еңбегі тек ғана сөздік емес, бұл толық мәнінде –
ғылыми энциклопедия. Сол кездегі Қазақстан жеріндегі Түрік қағанаттары
тарихының барлық салаларын, соның ішінде саяси мәселелерді де жан-жақты
қамтиды.
Келесі елеулі мәдени-тарихи ескерткіш – Түркістан қаласынан шыққан
сопы ақын Қожа Ахмет Яссауидың (1166 жылы қайтыс болды) «Диуани
хикмет» («Ақыл кітабы») атты өлеңдер жинағы. Қыпшақ диалектісінде
жазылған Яссауидің бұл өлеңдері өз кезінде сахарадағы көшпенділер арасына
кеңінен тарады. Ислам дінін халыққа таратушы Арыстан Бабаның баласы
Ахмет Яссауиге мұсылмандықты белсенді насихаттағаны, халық алдындағы зор
беделі, кіршіксіз сенімі үшін түрік мұсылмандары оны пайғамбарға теңеген.
Ахмет Яссауи ақын ретінде өзінің өлеңдерінде ислам дінінің
тағылымдарын тарату арқылы түрік халықтары арасында саяси-әлеуметтік
ынтымақтастығының күшеюіне зор үлесін қосты.
Ислам дінінің түрік халықтарын біріктірудегі ролін түсінген Шыңғыс хан
қазақ даласындағы дін қызметкерлері қожаларды ақсүйек тобына жатқызған
болатын. Ал Әмір Темірдің Қожа Ахмет Яссауиге арналған кесене тұрғызуы
оның тек ақын, ғұлама ғана емес, белгілі мемлекет қайраткері болғанын
білдіреді.
Ортағасырлық қазақ жерінде, дегенмен, жазудың таралуы төмен болды.
Сол себепті көшпенді халықтардың саяси-қоғамдық көзқарастары рационалдық
ұғымдар негізінде емес, көркем бейнелер, өнер түрлері арқылы қалыптасты.
Қазақ халқының дүниетанымындағы ең маңызды орын алатыны – фольклор.
Ол қазақ халқының барлық мәдени-әлеуметтік мәселелерін қамтиды. Бұл
туралы Ш. Уәлиханов «Қазақтың ауыз әдебиетінде халық өміріндегі маңызды
оқиғалардың бірде-біреуі қалыс қалмаған» деп атап көрсетеді. Қазақ фольклоры
әртүрлі жанрларды құрайды, олар: мақал-мәтелдер, ертегілер, жырлар,
дастандар және т.б.
14
Қазақтың мақал-мәтелдерін тарихи-әлеуметтік, саяси-құқықтық мол
тәжірбиені, адамдардың қоғамдағы бір-біріне қатынасын, діни, наным сенімге,
билікке көзқарасын таңқаларлық тапқырлыкпен, шешендікпен, нақтылықпен
сүреттейді. Сондықтан қазақ мақал-мәтелдері халықтың ғасырлар бойы
жинақтаған өмір тәжірбиесі негізінде туындаған аса құнды рухани, саяси-
әлеуметтік тұжырымдары болып саналады.
Ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерімен белгілі жанры – ертегілер.
Әрине, ертегілер дүниенің қияли фантастикалық бейнесіне, аңыздарға
негізделеді. Бірақ ертегілер тек ғана қиял немесе аңыздар емес, онда адам
өмірінің нақты салалары сөз болып, оларға талдау жасалып, өзіндік баға
беріледі. Мысалы: «Тазша бала» немесе «Алдаркөсе» ертегілерінде қазақ
қауымындағы мүлік теңсіздігі, таптық қатынастар, әлеуметтік әділеттік
мәселелері қызғылықты әдеби бейнелер арқылы берілген.
Сондықтан тарихи – саяси ғылыми зерттеулерде қазақтың мақал-
мәтелдеріне, ертегілеріне көп қөңіл бөлінген. XIX ғасырдың өзінде бұларды
жинақтап жүйге келтірген және ғылыми талдау жасаған көрнекті орыс
ғалымдарды М. Терентьев, Н. Пантусов, А. Васильев, Н. Гордеков, В.
Катаринский және басқалары болса, қазақ зиялыларының ішінен Ш. Уәлиханов
пен А. Құнанбаевтың алатын орны ерекше.
ХХ ғасырдың бас кезінде Кеңес өкіметіне дейінгі уақытта да қазақ халық
ауыз әдебиеті туралы мақалалар баспасөзде, тарихи, қоғамдық-саяси
баспаларда тұрақты орын алды. Ал кеңестік кезеңде, XX ғасырдың 30–50
жылдары Ө. Тұрманжановтың үш жинағы және басқа да көптеген авторлардың
кітаптары жарық көрді.
Қазақ фольклорының маңызды саласының бірі - батырлар жыры. Қазақ
хандығы қалыптасуынан бастап өз тәуелсіздігін қорғауда сыртқы жауларымен
ұзаққа созылған қантөгіс соғыстарды басынан өткізді.
Осы соғыстарда халқы үшін қан төккен көптеген батырлар туралы
әртүрлі әңгіме, аңыздар тарады. Батырлар жырында халықтың болашаққа,
бейбіт өмірге үміті, еркіндікке талпынысы, ізгі мақсаттарға жетудегі ойы,
арманы баяндалады. Кейбір жағдайда батырлар образы шындыққа сәйкес
келмейтін ойдан шығарылған кейіпкерлер болып саналуы да мүмкін. Бұл
біржақты пікір, себебі батырлар жырындағы қиял, ой-арман шындықтың өзін
айғақты көрсету жолы, оқиға, құбылысты сезім арқылы танып-білу.Қазақ
эпосының мәнін Ш. Уәлиханов: «Тарихтағы халықтың поэтикалық рухының
орны өте жоғары, біріншіден, ежелгі дастандардағы жыраулардың батырлар
ерлігін баяндауы өте дәл, таңғажайып есте сақтау қаблетін білдіреді;
екеншіден, жыраулар әртүрлі уақытта өмір сүргенімен халықтың жадындағы
елеулі оқиғаларды біртұтас мәңгі сақтап қалды; үшіншіден, бұл эпостар
халықтың салт-дәстүрінің, өнерінің, адамгершілік заңдарының жиынтығы;
өткен тарих және саяси өмір туралы тұтас білімді белгілі деректермен
толықтыруға мүмкіндік жасайды» деп түсіндірді. Қазақтың батырлар жырында
ерте замандағы халықтың тағдырын шешуші елеулі оқиғалар туралы өмір
шындығы көрсетілген. Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан
15
өшпес мұрасы, баға жетпес құндылығы: «Қобаланды батыр», «Алпамыс
батыр», «Ертарғын батыр» және т.б.
XV-XVIII ғасырлардағы қазақ өмірін, қоғам тарихын көркем бейнелеудің
ерекше түрі ақын-жырау поэзиясы болды. Ән мен өлеңнен құралатын
жыраулық өнердің шығуының өзіндік мәдени, саяси-әлеуметтік себептері бар.
Көшпенді халық арасындағы сауатты хаттанушылар санының аз болуы,
баспасөз, баспахана өндірісінің болмауы бұл өнер түрінің қалыптасуы мен
дамуына өз әсерін тигізді.
Қазақ кауымы арасында шиеленісті саяси-әлеуметтік мәселелер
көтерілмесе де көрші елдермен өзара қатынастарда салт-дәстүрге, ел
шекарасына, ел басқаруға, билікке байланысты жаңа, тосын көзқарастар орын
алды. Сондықтан ақын-жыраулар үшін күнделікті өмірде кездесетін мәселелер,
өз хандығындағы немесе көрші мемлекеттердегі кездесетін елеулі оқиғалардың
бәрі өзекті тақырыпқа айналды. Жыраулардың өнер құралы ретінде ән мен
жырды пайдалануының өзі кездейсоқ емес. Негізінен сауатсыз көшпенді
халықтың ой-сезіміне қара сөзге қарағанда шешендіктің, тапқырлықтың өнегесі
болатын өлең сөздің және ән сазының тигізер әсері жоғары болды.
Елге танымал ақын, жырау болу өте күрделі де қиын қызмет түрі. Себебі
белгілі бір оқиғаны толық, нақты баяндау, бірнеше сағат, тіпті кейбір жағдайда
бірнеше күн бойы тоқтаусыз жырлау, халыққа өнеге болар сөз табу, болашақты
болжау - ақын, жырауға табиғат сыйлаған ерекше қасиеттер. Сондықтан
ақынды қарапайым халық ғана емес, ел басқарушылары, тіпті хандар да
сыйлаған, құрметтеген. Көп жағдайда ел басқарушылар ақындармен достасқан,
жауласпаған, өз қалауынша қасына алып, саяси, әлеуметтік мәселелерге
ақылшы, кеңесші қызметіне пайдаланған. Ал ақын-жыраудың ең маңызды
міндеті - халық пен билік арасын байланыстырушы қызметі болды.
Қорыта айтқанда, уақыт өте келе қазақ қауымындағы ақын-жыраулар
тобы халықтың дәстүрлі мәдениетін дамытушы ғана емес, билік иелерінің ой-
санасына, саяси көзқарастарына ықпал етуші рухани күшке айналды.
Ақын-жыраулар тобының алдыңғы, аға буынына Қазтуған, Асан Қайғы
(XV ғ), Досманбет (XVI ғ), Шалкиіз (1456-1560 ж.) жатса, ал кейінгі буынына
елге есімі кеңінен танылған, халық алдында зор беделге ие болған жыраулар
Ақтамберді (1675-1768 ж.), Тәтіқара (XVIII ғ.), Бұқар (1668-1781 ж.), Шал -
ақын (1748-1819 ж.) және т.б. жатады.
Осы аталған қазақ халқының өнер иелерінің бәріне ортақ жанр –
ақындық өнер. Сол кездегі олардың өлең – жырындағы айтылған идеялары
бүкіл әлемдік саяси және әлеуметтік теориялардағы кейбір тұжырымдарға өте
ұқсас және солармен үндес келеді. Мысалы, Досманбет жырау сол кездің өзінде
адамның өмірге келуінен бастап өзара тең құқықты екені туралы ой қозғайды.
Ақынның пікірінше, адамға теңдік жаратылысынан берілген қасиет, адам
өмірге келгенде бір-бірінен атағымен, даңқымен, билігімен ерекшеленбейді.
Досманбет жыраудың бұл идеялары батыс ғалымдары Т. Гоббс пен Дж.
Локктың «табиғи құқық» қағидаларымен сәйкес келеді. Бұл мәселелерді ақын
«Тәңірінің өзі берген күнінде Ханұлынан артық еді несібем» - деп жырға
қосқан.
16
Қазақ жыраулық өнерінің көш бастаушыларының бірі, өз заманындағы
билік үшін болған күрестердің ешбірінен тысқары қалмаған ақын Шалкиіз
Тіленшіұлы болатын. Ол әлеуметтік теңдік ғана емес, адамдардың бәрінде тең
мүмкіндік болуын қалады. Бірақ ақын мемлекеттік заң алдындағы биліктен,
адамдардың Тәңір алдындағы, Тәңір үкімі алдындағы теңдігін жоғары санайды.
Содықтан ол: «Тәңірі өзіне бермесе,
Менменсіп жүрген ержігіт
Кісіден тартып жарымас»
- деген пікір айтады.
Бұл тұста Шалкиіз жырау ойларының Джон Локктың адамның
жасампаздық қасиетін жүзеге асырудағы теңдік принципінің сақталуын
ұсынатын либералистік идеяларымен үндес екенін атап өту қажет.
Әлемнің әртүрлі түкпіріндегі, әртүрлі уақытта айтылған осы саяси
пікірлердің өзара сәйкес келуі кездейсоқтық құбылыс емес, себебі
жалпыадамзат болмысының, тарихының, мәдениетінің жалпы, әмбебап
заңдылықтары барлық этностар, халықтар үшін бірдей, тұтас. Сондықтан қазақ
халқының мәдениеті де өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан осы жалпы
заңдылық негізінде дамыған, қазақ даласындағы саяси білімдер соның бір
бөлшегі болып табылады.
Досманбет пен Шалкиіз жыраулардан кейінгі кезеңде қазақ халқының
тарихы мен саяси өмірі елеулі өзгерістерден өтті. Бұл өзгерістер жаңа буын
ақын-жырауларының қоғамдық-саяси ойларын уақыт талабына сәйкес бағытта
қалыптастыруына себеп болды. Мемлекет билігі тарапынан феодалдық –
патриархалдық қазақ қоғамына дәстүрлі адат және мұсылмандық шариғат
құқықтарын бейімдеу мақсатындағы әртүрлі саяси бағыттағы іс-шаралар
енгізіле бастады. Қазақтың дәстүрлі адат құқығы нақты жазба түрде бекітілмей
халықтың ой-санасында: ар-ұят, әділеттік, үлкенге құрмет және тағы басқа
адамгершілік заңдарымен қатар қолданылды. Ал ел билігі қазақтың
адамгершілік, ата-баба заңдары бойынша белгілі тұлғалардың, билердің
қолында болды.
Қазақ қоғамындағы жазба түрдегі заңдардың қабылдануына дейінгі
қолданылған дәстүрлік адат құқығының алатын орны өте маңызды. Осы заң
ережелері негізінде мемлекеттегі барлық саяси-әлеуметтік қатынастар реттеліп
келді. Адат заңын бұзбауға қоғамның барлық мүшесі бірдей міндетті, ал
қылмыскер, заң бүзушының бәрі міндетті түрде жазаналады. Қылмыскерге
қатысты билер қабылдаған үкім, рулық қауымның тікелей қолдауымен міндеті
түрде, ашық, сол жерде, сол уақытта орындалуы тиіс болды.
Қазақ елінің Ресей империясына қосылғанға дейінгі аралықта қызмет
атқарған билер институты көшпелі халықтың саяси өміріне тән ең тиімді
құқықтық тәртіп сақтаушы билік түрі болып табылады. Бұл билік түрінің
тиімділігі сондай: қазақ жерінде түрменің, тәртіп сақшыларының (мысалы,
полицияның), әртүрлі мемлекеттік кеңселердің қажеттілігінің болмауы, себебі
барлық әлеуметтік мәселе нақты, тез уақытта шешелетін еді.
Қазақ билерінің өзі әртүрлі дәрежеде болды, олар: ата би немесе төбе
би (ең жоғарғы билік денгейі), төтенше, жеке, қалау, аға және ең төменгі
17
деңгейі – бала би болып бөлінді. Олардың жеке өз құқықтары мен міндеттері
белгіленді, ал ең маңызды саяси-әлеуметтік, құқықтық мәселелерді билер
бірігіп, толық келісім арқылы шешті.
Билерде жер дауы, жесір дауы, барымта және тағы басқа күрделі саяси-
әлеуметтік мәселелерді шешу міндеті тұрды. Бірақ қазақ билері тек ғана тәртіп
сақшылары емес, халық тәрбиешісі қызметін де атқарды. Белгілі бір даулы
шиенелісті ауыл, ру болып талқыға салып, сол жиын туралы пікірлерді,
әнгімені барша халық, тіпті жас балаларға дейін еститін, білетін. Бұл өз
кезегінде тәртіп бұзудың, қылмыс жасаудың, келеңсіз оқиғылардың алдын алу
немесе ескерту болатын. Ар - ұжданы таза, өмір тәжірбиесі мол, шешендік
өнерді меңгерген, ата - баба заңын, салт-дәстүрін сақтай білетін, білімді,
ақылды тұлғаны ғана халық би санайтын, кұрметтейтін. Халық билердің
шешендігін, тапқырлығын және әділеттілігін өте жоғары бағалады.
Қазақ халқы «билердің биі», халық даналары деп Төле, Қазбек және
Әйтеке биді ерекше бағалап мақтаныш тұтты.
XVII-XVIII ғасырларда, Тәуке хан тұсында қазақ халқының өзіндік
ұлттық санасының кемелденуіне осы дана, үш Ұлы бидің тигізген рухани әсері
теңдесіз жоғары болды. Қазақ қоғамының болашағын қалыптастырған «Жеті
жарғыны» да дүниеге әкелген осы Төле би, Қазбек би және Айтеке би болатын.
Дәстүрлік адат құқықтары, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі
жолы» негізінде жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты
түзетулер еңгізіліп «Жеті жарғы» жарыққа шықты.
Әлемнің өзге халықтарына ұқсас Қазақ еліндегі саяси ойлардың дамуы
қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен тікелей байланысты. Қазақ
қоғамындағы сан алуан, күрделі өзгерістер XVIIІ ғасырдағы Қазақстанның
Ресейге қосылуынан басталды. Халықтың еркіндікке, әділеттілікке қол созуы,
оның мұң-мұқтажы, болашаққа арманы - өнер иелерінің творчествосына, саяси
көзқарастарына үлкен әсер ететіні белгілі. Исатай мен Махамбет бастаған
халық көтерілісінен кейін ақын Махамбет Өтемісұлының (1804-1846)
өлендерінен айқын саяси ұстанымы байқалады. Ол билік иелерінің, сұлтандар
мен ханның әділетсіз саясаты халықты тонау екенін ашық айтты. Ақын қазақ
қоғамындағы кертартпа саяси күштерге қарсы шығып, халықты өз мүдделерін
қорғау үшін батыл, ашық күреске шақырды. М. Өтемісұлы мемлекет билігінің
патшалық басқару түріне қарсы шығып қазақ ақындарының алғашқысы болып
еркіндік демократиялық бағыттағы пікірлер ұсынды. Ол биліктің көзі, тұтқасы
халық екеніне сенеді, сондықтан ақын:
«Айтып, айтпай, немене,
Халық қозғалса,
Хан тұра алмайды тағында»
деп жырлайды. Осы және басқа да өлендерінен халықтың ұрпақтан-ұрпаққа
келе жатқан қазақ қоғамындағы саяси ойларды Махамбет Өтемісұлы өз
творчествосында толық қабылдай отырып болашақ үшін одан әрі дамытты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласындағы саяси идеология
ретінде ағартушылық кең өріс алды. Қазақтың ойшыл ғалымы демократ-
ағартушы Ш.Уәлиханов (1835-1865) қазақ халқының әлемдегі өркениетті
18
елдер қатарына қосылуы үшін қажетті саяси-әлеуметтік, мәдени қызметтер
атқарды. Шоқан саяхатшы, этнограф ғалым ретінде Орта Азияның, Қазақ
елінің, Батыс Қытайдың тарихы мен мәдениетіне ғылыми зерттеулер жүргізе
отырып, саяси - әлеуметтік, құқықтық мәселелерді іс жүзінде шешу жолдарын
қарастырды, әсіресе қазақ халқын патша шенеуіктері мен жергілікті билік
иелерінің зорлық- зомбылығынан қорғау мәселесін жария етті. Ол қоғамдағы
үстем тап өкілдерінің саяси көзқарастары халықтың ізгі мақсаттарына әсер
ететінін атап көрсетеді. Сол себепті Шоқан Уәлиханов бұхара халықтың
демократиялық құқығы мен бостандығын дамыту жолында елеулі қызметтер
атқарды. Экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларға үлкен мән беріп
революциялық өзгерістерге қарсы пікір білдірді. Ағартушы-ғалым сот
реформасы туралы өзінің прогрессивтік саяси- әлеуметтік идеяларын ұсынды.
«Сот реформасы жайында хат» деген еңбегінде: «Біздің заманымызда халыққа
етене жақын, ең маңызды, оның мұқтажына тікелей қатысты реформа--
экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформалар экономикалык
істерді жүзеге асыратын құрал ретінде көрінбек, өйткені әрбір жеке адам
баласы қауымдасып өзінің түпкі мақсаты әл-ауқатын жақсартуға тырысады.
Прогресс дегеніміз де осыған сай келеді»- деген қорытынды жасайды (Ш.
Уәлиханов. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1995.127- бет ).
Өзінің осы шығармасында Шоқан Ресей патша өкіметінің саясатындағы
отарлық мақсатты сол кездің өзінде айқын түсініп, қазақ қоғамындағы ертеден
қалыптасқан билер сотының сақталуын талап етті. Дәстүрлі билер қызметінің
ашықтығын, жариялығын, демократиялық принциптерін жоғары бағалайды.
Шоқан Шыңғыс хан заманынан енген ереже бойынша қазақ қоғамының «ақ
сүйек» және «қара халық» болып жіктелуіне қарсы шығып, қоғамда бұл
бөлінудің болуы бір-біріне қайшы мүдделердің шығуын көрсетеді деп есептеді.
Осы және басқа әлеуметтік жіктеулерден әртүрлі дау-жанжал, саяси-әлеуметтік
шиеленістер туатынын дәлелдей келе, қазақ халқын бірлікке шақырды.
Ғалымның пікірінше, тұлғаның адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін ең
алдымен оларға еркіндік берілуі қажет. Ал еркіндікті дұрыс пайдалануы үшін
халыққа жалпы білім, әсіресе саяси сауаттылық қажет.
Абай Құнанбаевтың (1845-1904) басты философиялық, этикалық
шығармасы «Қара сөздерінің» идеялық мазмұнын талдау арқылы ойшылдың
саяси көзқарастарына айқын баға беруге болады. Ол қазақ қоғамындағы
мәдени-әлеуметтік құндылықтарға, атап айтқанда, білімге, сенімге және
адамгершілік қасиеттеріне айырықша көңіл бөлді. Осы құндылықтардың
жоғары дамуы үшін қазақ халқы өзге елдердің ең жоғарғы, пайдалы
құндылықтарын үйреніп, қабылдауы қерек деп есептеді. Бұл мақсатқа жету
күшті биліктің көмегінсіз жүзеге аспайды, себебі тұрақты саяси билік ғана
халықтың өзіндік санасын көтеріп бірлікке, татулыққа бастай алады.
Абай билік иелерінің өктемшіл, әміршіл психологиясы мен билікқұмар
білімсіз, ақылсыз байлар тобын өз өлендерінде:
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын».
-деп қатты сынға алады.
19
Абайдың ойынша, қазақ қоғамында күшті билік қалыптастырудың
өзіндік кедергілері мен қиындықтарды бар, олар: қазақ халқының еркіндігінің,
тәуелсіздігінің болмауы; қазақтың салт дәстүріне сәйкес қалыптасқан
мемлекеттік басқарудың жойылуы. Ойшыл қазақтың кемеңгер хандары Қасым,
Есім және Тәуке қалаған ата-баба заңдарының құндылығына, өзіндік
артықшылығына жоғары баға береді. Абайдың ойынша, қазақ халқы үшін жаңа
әлеуметтік жағдайларды ескере отырып дәстүрлі билер сотын сақтап қалу
қажет.
Ол үшін қорғаушылар институтын қалыптастыру – билердің әділ, таза
сайлау арқылы сайлануы немесе халық ішіндегі әділ, беделді азаматтардың
тағайындалуы тиісті.
Абай творчествосында басқа да көптеген ерекше саяси, әлеуметтік
ойлар кездеседі, олар: адам дүниетанымы, тұлғаның әлеуметтенуі, өз халқының
ерекше қасиеттері және т. б. мәселелер.
Ойшыл тұлғаның әлеуметтік мәнін анықтайтын негізгі екі қасиетті
көрсетеді: адамның ақыл-ойы және еңбек қызметі. Осы екі қасиет адамның
басқа тіршілік иелерінен өзгешілігін, артықшылығын айқындайды.
3. Саяси ғылымның объектісі және оның зерттеу тәсілдері.
Саяси ғылымның объектісі - қоғамның саяси саласы және ондағы саяси
құбылыстар мен процестер. Дегенмен, қоғамның саяси саласын тек саясаттану
ғана зерттемейді. Жоғарыда аталып көрсетілгендей, саясатты философия,
әлеуметтану, құқықтану, тарих және басқа ғылымдар да зерттейді. Сондықтан
саясат теориясына жататын ғылымдар: тарих – саяси жүйенің өткендегісін
зерттейді; философия – табиғат, қоғам және таным дамуының жалпы
заңдылықтарын зерттейді; әлеуметтану – қоғамдағы процестерді адамдық
өлшем ретінде қарап, әлеуметтік ортаның саяси салаға тигізер әсерін зерттейді.
Саясаттану экономикалық теория және құқықтық ғылымдармен де тығыз
байланысты. Саяси экономика саяси процестерді экономикалық тұрғыдан
зерттей отырып, осы процестердің негізінде әртүрлі әлеуметтік топтардың
мүдделерін анықтаса, құқықтық ғылымдар қоғамдағы саяси қатынастардың
тәртібін, қызметін реттейді.
Міне, осы аталған ғылымдардың әрқайсысының өзінше ерекше таным
салалары мен қырлары бар. Негізінде саясатты кешенді, толық зерттейтін
ғылым - саясаттану. Оның ерекшелігі - саяси құбылыстардың ішкі сырын,
логикасын, өмірге қажеттілік заңдылықтарын айқындап беретіндігінде.
Саяси құбылыстар мен процестерді зерттеуде саясаттану ғылыми
зерттеудің әртүрлі тәсілдерін пайдаланады, ол тәсілдер үш топқа бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |