Есембеков Т.О.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы
Айнабекова Г.Б.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің магистрі
ӘДЕБИ ШЫҒАРМАНЫ ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҮДЕРІСІ
Өткен ғасырда көпшілікке гуманитарлық тұрғыдан қисынды болып көрінген, ғылыми айналымда
жиі талқыланған «Мәтін жоқ жерде ойлау мен зерттеуге де негіз жоқ» деген М.М.Бахтиннің белгілі
пікірін [1,305б] қазіргі кезде сыни тұрғыдан бағалау жиі кездесіп отырғаны тегін емес. Әрине,
ғалымның бұл көзқарасы сол кездегі филологиялық ілімдерге қатысты айтылғанын, ескерген жөн, ал
қазіргі уақытта мәтін туралы көзқарастардың қазіргі кезде түбегейлі өзгерістерге ұшырай бастағаны
мәлім. Демек, бүгінгі филолог-студент үшін де мәтінтанудың осындай іргелі мәселелерін қамтитын
22
пәндердің қажеттілігі даусыз. Сондықтан Ресей жоғарғы оқу орындарында «Мәтінді филологиялық
талдау» атты жаңа міндетті пәннің мемлекеттік стандартқа енгізілуі бізге де ой салғаны дұрыс болар
еді, ендеше қазірден-ақ оның мақсаты мен міндеттерін айқындауды көп болып қолға алғанымыз жөн
шығар. Аталмыш пәннің әдебиеттану мен лингвистикалық зерттеулердің соңғы жетістіктерін
ескеретін, оларды уақыт тезіне сай жүйелеп отыратын жаңа интегративтік курсқа айналғаны орынды
болмақ. Алдымен осындай талдаулардың стратегиясы мен тактикасын айқындаудың өзіндік
қиыншылықтары барын ескерген қажет сияқты. Егер бұл пәннің басты мақсаты көркем мәтінді оның
негізгі категориялары мен ерекшеліктеріне сүйене отырып талқылау десек, онда басты зерттеу ныса-
ны мазмұн мен мағына, мән мен маңыз төңірегінде топтасар еді, яғни нәтижесінде әдеби туындыны
әрқилы талдаумен интерпретациялық тездерден өткізу деген ой мен ниеттің жетекші идеяға айна-
латыны даусыз. Осындайда П.Рикердің талдау мен талқылауды мәтіннің мағыналарын айқындайтын
ойлау қызметі деген пікірін ескеру керек болар.[2,18] Демек, филологиялық талдаудың сапасы
алдымен мәтіннің құрамдас бөліктерінің арасындағы мағыналық қарым-қатынас түрлерін анықтауға
байланысты болады екен. Мәтін структурасын сараптаудан басталатын алғашқы жұмыстың әрі қарай
бірте-бірте мазмұндық байламдарға жалғасқаны нәтижелі болмақ. Әрине осы ізденісті тұрақты кәсі-
би үрдіске айналдыру мақсатын әрбір ұстаз үшін тұрақты оқу бағдары ету міндеті де тұруы керек-ақ.
Ал пәннің жалпы міндеттерін былайша белгілеуге болар деп ойлаймыз:
а) әдеби туындының өзіндік ерекшеліктері мен негізгі категорияларын эстетикалық тұтас нысан
құрайтын бірлік ретінде қарастыру; ә) мәтін түзудің тұтас әрі ойға орамды, оңтайлы құраудың
қағидаттарын сараптау; б) авторлық ұстанымның көркем шығармадағы көріну түрлерін анықтауға
үйрету; в) филологиялық талдау мен талқылаудың тиімді түрлері мен жолдарын таныстыру; г) мәтін,
мәнмәтін, интермәтін арасындағы түрлі дискурстық байланыстарға назар аударып, олардың сипаты
мен мағыналық қызметін саралау.
«Көркем мәтінді филологиялық талдау» пәнінің жоғарғы курс студенттеріне оқытылғаны тиімді
болар, өйткені аталмыш сабақтың алғашқы курстарда оқытылған пәндерді синтездеуге әлеуеті мен
пәрмені толық жетеді. Нәтижесінде филология факультетінің түлектерін әдеби шығарманы бүтін бір
көркемдік әлем деп тануға жетелеуге, яғни мәтіннің әрбір құрамдас бөлігінің мағыналық қабат-
тарын, маңызын нақты анықтауға машықтандыруға толық мүмкіндік пайда болады.
Әдеби шығарманы филологиялық талдау мәтін, оның ішінде көркем мәтін туралы лингвисти-
калық және әдеби зерттеулерге сүйенеді. Осыған байланысты көркем мәтін өз алдына бүтін образ-
дық қызметі бар семиотикалық немесе эстетикалық феномен ретінде қарастырылғаны орынды шы-
ғар. Сонымен қатар оны әдеби әлеммен, қоршаған ортамен байланысқа арналған ерекше комму-
никативтік бірлік деп танитын пікірдің ескерілгені орынды. Оған қоса мәтіннің қай-қайсысы болсын
өз алдына бөлек динамикалық тілдік бірліктер жүйесі деген орныққан көзқарас бар, оның астарында
әр түрлі себептерге байланысты өшіп кеткен, өліп қалған мағыналарды қазіргі оқырман үшін әрқилы
жолмен жандандыруға деген ұмтылыс жатыр. Мұндай көзқарас ғылымдағы субъективизмге басым-
дық бермейді, әрі мәтін туралы қорытынды жасауда импрессионистік пікірлерден сақтандырады.
Әдеби туындының мазмұны мен пішіні арасындағы байланыстарды филологиялық тұрғыдан
талдау барысын ұршықтың қозғалысына теңейтіндер баршылық, яғни мәтіннің мазмұны мен
пішінінің мұндай үнемі ілгерінді-кейінді қозғалыста болуын бақылау мен сараптау кімге болсын
оңай емес, әрі оның нәтижесі жұмсалған еңбек көлеміне сай емес дейтіндер көптеп табылады. Тағы
бір зерттеушілер мұны тек циклдік үдеріс деп қарауды ұсынады, оның негізінде пішінге басымдық
беру жатыр. Әдеби нұсқаның пішінін талдау мазмұндық түйіндер жасауға жетелейтіні белгілі, ал
олар өз кезегінде образдық жүйемен тығыз бірлікте қарастырылса, онда мәтіндегі динамикалық құ-
былыстарға назар аударылып, олардың мәтінтүзушілік мүмкіншіліктері мен қызметтері бағаланады.
Оқушыларды мәтіндегі рухани-эстетикалық тәжірибені тануға үйретудің де жүйелі жүргізілуі фило-
логиялық зерттеудің сапасын көтереді. Онымен бірге студенттерді өмірлік оқиғалардың әдеби мәтін-
нің фабуласы фабуласы мен сюжеттік кеңістігінде қалайша «өмір сүретініне» зер сала білуге үйрету-
дің маңызы зор, бұл үдерістің студенттің өзіндік эстетикалық білігі мен тәжірибесін қалыптасты-
ратыны түсінікті, ендеше маман дайындауда ол салаларды да өнімді қамтуға мүмкіндік туады.
Әдеби шығарманы филологиялық талдаудың әрі зерттеушілік, әрі шығармашылық сипаты бар,
сондықтан әрбір оқырманның көркем шығарманы ішкі дүниесімен сезіне отырып асықпай зерделеуге
ерекше мән бергені нәтижелі болмақ, талдау барысында түрлі еркін талқылауларға, әр қилы ауан-
дағы пікірлерге де орын берілгенінің тиімділігі мол.
Талдауға таңдап алынатын мәтіндерге де қойылатын талаптар бар, ал оларды жетілдіріпотыру –
даму талабы. Сырттай қарағанда мазмұны үндес, пішіні ұқсас шығармаларды талдау барысында
ортақ қисындық тұжырымдар жасай салуға асықпау қажеттігін айтып отырған дұрыс. Әр көркем
23
мәтіннің өзіндік эстетикалық әлем екені естен шықпасын. Типологиялық қасиеттерді айқындауда
мүмкіндігіне қарай ұқсастықтарға ғана назар аудармай, айырмашылықтарға да көз салған орынды.
Талдау үстінде мәтіндердегі жекелеген компоненттерден гөрі әдеби категорияларға көбірек мән беру
маңыздырақ екені естен шықпасын.
Филологиялық талдауларда мынадай жайттарға ерекше ықтиятты болу керек. Ғылыми зерттеуші
көбінесе тұтас мәтінді бөлшектеп, жіліктеп, бөліп алып қарастыруға мәжбүр болады. Мұндайда жеке
мәселелердің кейбірінің жалпы сипатқа ие болып кету мысалдары жиі кездеседі. Бірақ мұндай
ұстанымды ылғи алға сала беруге болмас, асылы, кез келген компоненттің басқа бөліктермен жүйелі
байланыстарын мұқият қарастыру қажет. Оған қоса көркем мәтіннің оқырманға әсер ету фактор-
ларын да тұтас құбылыс ретінде зерттеуге тырысқан жөн. Демек, филологиялық талдаудың басты
міндетінің бірі – әдеби мәтіндегі көркемдік-эстетикалық қызметтер жүйесін анықтау, оның әрбір
компонентіне сараптама жасау.
Кейбір еңбектерде мәтіннің жеке фрагменті көбінесе өз алдына бөлек талдау нысанына айналып,
бүтіннің құрамдас бөлігі ретінде (уақыт, кеңістік, фабула) өз алдына бөлек қарастырылып жатады.
Осындай зерттеулерде алдымен мына мәселелерді ескеру керек деп санаймыз: әрбір компонент –
бүтін құрылымның тек жеке бөлшегі ғана емес, сондықтан оның басқа элементтермен жүйелі байла-
нысы қарастырылсын. Ғылыми талдауға алынған шығарманың зерттеуші назарында толық мәтіні
болғаны жөн. Аналитикалық амал мәтінді «шашып тастап талдауға» емес, керісінше оны сегмент-
терге бөліп алып жүйелі қарастыруға бағытталсын, сонда талдау барлық мәтінді қарапайым түсін-
діруге емес жүйелі талқылауға айналады. Әрине, талдаудың мәтіннен тысқары мәселелерге ауып кете
бермегенін қадағалау да аса маңызды. Оған қоса көптеген әдеби ұғым-түсініктердің басы түйісетін
мәтіннің жанды нүктелерін анықтап алу тиімді.
Көркем мәтіннің басты негіздерінің маңызды түйісу нүктесісінің бірі – оның жанры деген пікірге
ден қояйық, оны шығарманы тұтастырып тұрған «канон» деген орныққан көзқарас барын ұмытпау
керек. Сонымен қатар жанр – оқырман үмітін айқындайтын, шығарманың пішінінің ерекшеліктерін
белгілейтін ұғым дегенге ден қою қажет. Автор ниеті мен ойы да белгілі бір жанрлық түрге сәйкес
қалыптасып, дамып отырады деген көзқарасты қолдау керек. Аталғандарға қоса жанрдың мәтінді
талдауды реттеп отыратын қасиеті де барын еске салмақпыз.
Мәтін архитектоникасына да зер салынғаны тиімді, өйткені бұл арна арқылы автор мақсатын
нақты анықтауға мүмкіндік көп, әрі қаламгердің оқырман назарын өз ұстанымына қарай аударудың
жолдарын қалай іздегенін бақылауға болады. Архитектоника элементтерінің зерттеушіні көбінесе
шығарманың мағыналық қабаттарын айқындауға бағыттайтыны ескерілгені дұрыс, сондықтан әдеби
шығармадағы әрбір мәтінқұраушы бөліктің маңызын жіті бақылап отыру талдаудың сапасына оң
әсер етеді демекпіз.
«Мәтіннің субъектілік тұрғыдан ұйымдастырылуы» деп қалыптасып кеткен ұғымның немесе оған
іліктес «баяндау структурасы» деген негіздің арнайы филологиялық зерттеу нысаны болғаны көркем
шығарманы толығырақ түсінуге бастау бола алады.
Әдеби туындының мекеншағын арнайы қарастыру, ондағы уақыт пен кеңістік сияқты үғымдар-
дың әрқилы қарым-қатынасын зерттеу де филологиялық талдау үшін өте маңызды, өйткені көркем
әдебиет уақытқа тығыз байланысты, тіпті оған тікелей тәуелді өнер түрі деп есептелетіні тегін емес.
Көркем шығарманың интермәтіндік байланыстарын зер сала айқындау да филологиялық мәтінтану
үшін өте мәнді болып есептеледі.
Міне, жоғарыда аталған әдеби шығарманың компоненттерінің осындай «түйісу нүктелері», яғни
жанды жерлері көркем мәтінді жүйелі талдауға жетелейтіні айтылып жүр, мұндай үрдіс әрі әдеби
шығарманы тыңғылықты оқуға, жан-жақты қабылдауға машықтандыратыны мойындалған. Әрине,
мұндағы себеп-салдарлық байланыстарды мұқият есепке алудың көркем мәтіндегі басты мотивтерді
түгендеуге мүмкіндік беретіні үнемі естен шығармау керек.
Асылы, талдау барысында шығарманың бірде-бір көркем элементінің назардан тыс қалмағаны
дұрыс. Олардың арасындағы құрлымдық, коммуникативтік, функционалдық, эстетикалық, дискурс-
тық байланыстар мен қарым-қатынастарды нақты айқындаудың филологиялық талдау үшін мәні зор.
Жоғарыда сөз болған жайттардың әдістемелік жалғасы болатыны түсінікті, сондықтан көркем шығар-
маның көп компоненттерінің «түйісу нүктелерін» негізге ала отырып талдаудың өзіндік жүйесін ұсы-
нуға да мүмкіндік бар. Мұндай үлгінің филологиялық талдауға қатысты екендігі өзінің тақырыбында
тұр, ал оның басты кезеңдері ретінде мынадай мәселелердің қамтылғаны дұрыс сияқты: а) көркем
шығарманың жанрын айқындау; ә) мәтіннің архитектоникасының сипаттамасын жасау; б) шығар-
мадағы мотивтер жүйесін қарастыру арқылы мәтіннің мазмұнын айқындау; в) шығарманың уақыт
пен кеңістікте ұйымдастырылуын саралау; г) әдеби образдар жүйесінің ұйымдастырылуын қадағалау;
24
д) интермәтіндік талдауды жүзеге асыру. Осындай зерттеу сатыларынан тұратын филологиялық тал-
дау көркем мәтіннің идеялық-эстетикалық мазмұнының жинақы сипаттамасын бере алады деп есеп-
тейміз.
Прозалық мәтіндерді филологиялық тұрғыдан зерттеуде шығармаларды хронологиялық тізбекте
қарастырудың да берері көп. Сонымен қатар шығармаларды қисындық тұрғыдан да жүйелеуге негіз
бар. Филологиялық талдау екі немесе одан да көп әдеби туындыларды салыстыра зерттеуге,
жүйелеуге де қолайлы. Оның студенттерді мәтіндік талдаудың амал-тәсілдеріне машықтандыруға да
себі мол, мүмкіндігіне қарай алғашқы тәжірибе ретінде көлемі шағын әңгіме-повестерді зерттеуге
ұсынған тиімді.
Түйіп айтсақ, көркем шығарманы филологиялық талдауға арналған арнайы оқу пәнінің қажет-
тілігін жоғары оқу орындарының тәжірибесі көрсетіп отыр. Заман талабына сай филолог-мамандар
дайындауда аталмыш пәннің өз орны мен тиімділігі барлығы дау тудырмас, яғни теориялық білігі
жоғары, практикалық дайындығы жеткілікті, құзіреттілігі талапқа сай мамандар дайындауға септігін
тигізеді деген ойдамыз.
Резюме
Мақалада көркем шығарманы филологиялық талдаудың зәрулігі мен қажеттілігі айтылған, аталмыш жобаның мақсаты
мен міндеттері айқындалған. Филологиялық талдаудың сипаты, кезеңдері, барысы, жолдары мен амалдарына назар
аударылған.
В данной статье рассматривается необходимость филологического анализа художественного текста, также
определяется цель и задачи данного проекта. Обращяется внимание на формы, этапы, ходы и деяния филологического
анализа.
The article deals with the importance and necessity of philological analysis of literary work; also aims and objectives of this
project are defined. Characteristics, periods, methods and ways of philological analysis are mentioned.
Достарыңызбен бөлісу: |