8, 9 дәрістер. Орталық Азияның ортағасырлық мәдениеті. - 4 с. Қазақстан жерінде ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге кездесе қоймағанына қарамастан олардың мекен еткен аудандарының бірі-Қаратау жотасы болғаны анықталып отыр. Арыс өзені жағасындағы Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ертедегі адамдардың еңбек құралдары болып табылатын ірілі-уақты шақпақ тастардың табылуы осыған айқын дәлел бола алады.
Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген. Олар аңдарды аулаумен, тамақ болатын өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Орталық Қазақстан жеріндегі қазбаларға қарағанда осы маңда орналасқан ежелгі адамдар еңбекке тас құралдарын кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үшкірлеп, үлкен-үлкен қырғыштар, әр түрлі дөңгелек құралдар жасап, қажеттеріне жарата білген.
Тас дәуірінің тарихында мезолит пен неолит біздің заманымыздан бұрынғы 12-5 және 5 – 8 мың жылдықтардың арасын қамтиды (мезолит-орта тас дәуірі, неолит-соңғы тас дәуірі). Ол кезде табиғат осы заманғы бейнеде болды. Жануарлар дүниесінің құрамы өзгеріп, енді аңшылардың аулайтыны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян, үйрек болды. Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебені ойлап шығаруы үлкен жетістік еді және осы тұста микролиттер-үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды.
Біздің заманымыздан бұрынғы 5 мың жылдықта басталған неолит тас құралдарын барынша пайдаланған дәуір болды. Бұл кезде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары дүниеге келген. Сонымен қатар керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі аналық рулық қауым дәуірі еді. Онда бірігіп еңбек ету және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар туыстық жағына және шаруашылықтың түріне қарай құрылды. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Кейініректе олар мал өсірумен , егіншілікпен және кен өнеркәсібімен шұғылдана бастады.Сөйтіп, өндіруші шаруашылық пайда болды. Бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына – жиын-терін мен аң аулаудың орнына келді.Қазіргі уақытта Қазақстан жерінде 600-дей ескерткіш қалдықтары сақталған. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықта ежелгі Қазақстан аумағында мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Мұның өзі Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды өзгертуге жол ашты. Мал өсіруші тайпалар ірі және қуатты бірлестіктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер болып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соқтығыстарына да жиі қолданылатын болды. Қару жасау бірте-бірте металл өңдеудің дербес саласына айналды.
Б.з.б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола - әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайынның, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқыту температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қазақстан жеріндегі ертедегі адамдар түсті металдар өңдеуге, әсіресе мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғында – І мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі - көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегі және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениетің деп аталды.
Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі-Қазақстан
Жері. Археологиялық деректерге қарағанда, Андронов мәдениеті дәуірінде халық- тың басым көпшілігі отырықшылықта өмір сүрген. Өзендердің, көлдердің жағасындағы жайылымы мол жерлерге орналасқан патриархаттық отбасылардың үйлері мен үлкен жер төлелері болған. Олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын орындар салынған. Өйткені, бұл кезде мал бағу кәсібі басымырақ еді. Тайпалар малшылық-егіншілікпен аралас шұғылданды.
Андронов мәдениеті дәуірінде адамдар металдан еңбек құралдарын, қарулар және сәндік заттар жасауды жақсы білген. Олар түбі шығыңқы балталар, сағасында ойығы бар пышақтар, балға, шоттар, найзалар мен жебелердің өзгеше ұштары, білезіктер, айналар, моншақтар және әр түрлі ілмешектер, егінді оратын орақ, пішенді шабатын шалғы сияқты құралдарды өздері жасап күнделікті тұрмыста кеңінен қолданды.
Андронов мәдениетінің алғашқы ескерткіштерін 1914 жылы А.Я. Тугаринов ашты. Содан бергі өткен уақыт ішінде Кеңес елінде, сонымен бірге Қазақстанда бұл мәдениетке қатысты орасан көп археологиялық материалдар жиналды. Андронов мәдениеті қола дәуірінің алғашқы кезеңін (б.з.б. XVІІІ-XVІ ғасырлар) және орта кезеңін (б.з.б. XV-X ғасырлар) түгелдей қамтиды.
X-XІІ ғасырда Қазақстан жеріндегі халықтардың ғылымы мен мәдениеті көрші елдерге қарағанда едәуір жоғары дәрежеде өркендеген. Бұған феодалдық қатынастардың нығаюы, мемлекеттік құрылымның шығуы, отырықшы-егіншілік шаруашылық пен қалалардың өсуі, шоғырланып топтасқан этникалық процестердің күшеюі сияқты тарихи жағдайлар себеп болды. Орта Азия, Алдыңғы Шығыс және Шығыс халықтармен шаруашылық, сауда және мәдени байланыс жасау бұл ел халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетінің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізді.
Арабтар Қазақстанды басып алған жерлерінде көне түрік жазуын ығыстырып, оның орнына араб жазуын енгізді. Бірақ, халықтың тілі бұрынғы түрік тілі болып қалды. Ал оқымыстылар өздерінің еңбектерін араб тілінде жазды.
Қазақстан жерінде туып-өскен философ әрі энциклопедияшы ғалым, мұсылман шығысында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстазң ретінде белгілі болған Әбунаср әл-Фараби Шығыс пен Батысқа X ғасырда мәлім болды. Ол 870 жылы түрік (қазақ) отьасында Отырар (Фараб) қаласында туды. Руы – қыпшақ, әкесі әскери басшы адам болған. Әл-Фараби қол өнері шеберлігін және ғылым негіздерін Отырардың медіресесінде игерді. Кейін Бағдат халифатының орталығы Бағдат қаласында оқуын жалғастырған ол араб тілін терең біліп үйренген.
Әбунасыр Бағдатқа барар жолында Шашта, Самарқандта, Исфақанда, Хамаданда және басқа қалаларда ұзақ уақыт аялдап, Бағдатта ежелгі грек философиясы мен математиканы, логика мен медицинаны, музыка мен бірнеше тілдерді оқып-меңгерген. Ол грек ойшылы Аристотельдің еңбектерін зор ынтамен оқып-үйренеді. 941 жылдан бастап әл-Фараби ел басшылары өзіне көп қамқорлық жасаған Дамаскі мен Халеб қалаларында тұрады. Ол осы тұста белгілі ақындар мен ғалымдардың арасында өзінің оқымыстылығы, білімінің тереңдігімен көзге түсті. Көптеген елдерде, әр түрлі этникалық ортада бола жүріп, Әл-Фараби отанын ұмытпайды, өзінің түрік екенін үнемі айтып жүрген. Ол 950 жылы Дамаскі қаласында қайтыс болды.
XІ ғасырда Жүсіп Баласағуни мен Махмұд Қашғаридің түрік тілінде жазылған әдеби еңбектері Қазақстан жерінде тез тарады. Жүсіп Баласағуни 1021-1075 жж. Баласағун қаласында туған. Ол түрік отбасынан шыққан, жас кезінен бастап білім алып, әдебиетпен шүғылданған. Парсы-тәжік әдебиетін көп оқыған.
Жүсіп «Құтадғу білікң («Құт негізі – білімң) деген 6520 бет тұратын поэма жазған. Автордың пікірінше, ол идеялды қоғамның нормаларын, ондағы түрлі топтарға бөлінген адамдардың мінез-құлқын, ережелерін, билеушілер мен бағыныштылар арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерін сипаттайтын терең мағыналы филлософиялық – дидактикалық шығарма. Осы еңбекте ол ел басқарған әкімдерді жаман қылықтан сақтандырған.
Махмұд Қашғари (1030-1090жж.) Қашғарда туса керек. Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Әкесі Ыстық көлдің оңтүстігіндегі Барсханда тұрған. Махмұд бастапқы білімін Қашғар қаласында алады, кейін өзінің білімін көтеру үшін Орта Азия мен Иран елінің қалаларын аралйды. Ол біраз уақыт Бағдат қаласында тұрған. Онда араб тілін оқып үйренеді. Махмұд түріктердің тілі мен аңыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет-ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап “Диуани лұға-ат-түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”) деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ежелгі орта ғасырдағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады.
Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, сопы ақындардың ішінде Ахмет Иассауидің (1103-1166) шығармалары елеулі орын алады. Оны Қожа Ахмет Иасауи деп атайды. Ол оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Оның өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Қожа Ахметтің өлеңмен жазылған “Диуани хикмат” (“Даналық жайындағы кітап”) деген еңбегі бар. Онда ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты уағыздаған.
Моңғол үстемдігі Қазақстанның дамуына өте ауыр және кеселді зардабын тигізді. Әсіресе, ол қазақ қауымының экономикалық, мемлекеттік, әлеуметтік дамуына кері әсер етті. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы аудандарының халқы қатты күйзелді. Мәселен, моңғолдарға дейінгі уақытта 200-ге тарта елді мекен болған бұл аймақта, XІІІ-XІV ғасырларда жиырмадан аспайтын шағын қоныстар ғана қалды. Оның ішінде Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты ірі орталықтар қиратылып, Жетісу бойындағы қалалар құрып кетті.
Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер құлдырап, адамдар жаппай қырылды. Халықтың материалдық және мәдени қазыналары жойылды.
Бір айырықша айта кететін нәрсе: моңғол үстемдігі қазақ халқының қалыптасуын және оның жеке мемлекетінің пайда болуын кешеуілдетті.