Мұрат, сен осымен Құдайға, шын жүректен мойынсұнып сиындың ба? Онда сен Исаның айтуы бойынша рухани қайтадан туылдың, демек, Құдайдың рухани баласы болып, жаңа рухани өмірге ие болдың. Жохан елші бұл туралы былай деп жазған: «Оны (яғни Құтқарушы Исаны) қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды» (Жохан 1:12-13).
Сен қайтадан туылғанда күллі күнәларыңнан арылып, пәк тазардың. Есіңде болсын, бұл өзің жасаған игі істеріңнің қарымтасы емес, Құдайдың саған берген сыйы. Пауыл елші былай деп жазған: «Сонымен, Иеміз Иса Мәсіхке деген сеніміміз арқылы ақталғандықтан, Оның арқасында Құдаймен татумыз. Құдайдың осы рақымына бізге Иса Мәсіхтің арқасында, сенім арқылы жол ашылды. Енді Құдайдың рақымына бөленіп, салтанатты ұлылығын көреміз деген үмітімізге қатты шаттанамыз! ... әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді. Енді біз Мәсіхтің қаны төгіліп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгілік құтқарылатынымыз да сөзсіз! Себебі бұрын біз Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татулассақ, енді татуласқандар ретінде Мәсіхтің өмірі арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсіз!» (Рим. хат 5:1-2,8-10)
Былайша айтқанда, сен қазір рухани нәрестесің, Мәсіхтің алдындағы жас баласың. Бірақ сен сол қалпыңда қалғың келмейді ғой? Әрине, рухани өскің келеді.
Әлбетте. Бірақ оны қалай істеуге болады? Сенушінің күнделікті өмірде не істеуі керектігі туралы ештеңе де білмеймін.
Онда, өз басым саған Мәсіх арқылы рухани өсуге қолымнан келетін көмегімді аямауға уәде беремін. Мен өзім де әлі рухани өсіп болдым-толдым деп айта алмаймын, бірақ қолымнан келгенше көмегімді аямаймын.
Мына бірнеше кітапшаны оқысаң, көп көмегін тигізетіні даусыз. Бұл — «Құдай жолы — құтты жол», «Ақсақалдың ақыл сөзі», «Оны Әке деп айтуға батылым жетті», «Оның есімі — Сүйіспеншілік» және т.б. кітаптар.
Сенің рухани өсуіңе көмек беретін мына алты нәрсені істегенің жөн. Біріншіден, Киелі кітапты үзбей оқу. Оны Құдай Тағала адамдарға Өзін білсін, танысын, мойынсұнсын деп берген. Екіншіден, Құдайға сиынып мінажат ету. Сол арқылы сенушінің Құдаймен қарым-қатынастары жақындай түседі. Үшіншіден, Құдайдың үйреткен нәрселерінің бәрін қолдан келгенше орындауды ұйғару керек. Төртіншіден, саған рухани өсуге көмектесетін, өзің де оларға рухани өсуге көмектесетін басқа сенушілермен мүмкіндігінше тұрақты байланыс жасау. Бесінші, сен басқаларға да Құтқарушы Иса және Оның Ізгі хабары жайлы айта аласың. Алтыншыдан, өміріңнің басты назары Құдай Тағалада және Құтқарушың Иса Мәсіхте болады.
Бұның бәрі көп жұмыс болатын сияқты.
Солардың әрқайсысы туралы саған тағы да түсіндіріп кетейін, сонда олар ұғымдырақ болатын шығар. Осы нәрселерді істей бастаған кезіңде, оларды істеу саған ұнайтын, ал соған дағдыланған кезіңде одан бетер ұнайтын болады деп ойлаймын. Басқа нәрселерді үйренгендей, бұларды да бар зердеңмен үйренсең, кейін соған төселіп қаласың деп үміттенемін. Бүған жаттығумен ынта-жігер қажет, ал нәтижесі соған әбден лайық болады.
Әрбір сенушінің басты мақсаттарының бірі — басқаларды жақсы көріп, оларға қызмет ету. Адам баласы табиғатынан күнәкар болғандықтан, бұл ешкімге оңай тимейді. Үйреншікті күнәларды тоқтатуға Мәсіх бізге күш-қуат береді, бірақ бұған да уақыт және талпыныс керек. Петір елші былай деген: «Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің «таза сүтіне» құштар болындар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, күнәның құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар» (Петір. 1-хаты 2:2).
Киелі кітап — Құдайдың бізге жаңа, таза өмір туралы берген нұсқауларының жалғыз әрі ешбір қатесіз көзі. Құдайдың бізді жағымсыз әдеттерден айырып, өмірлерімізді таза да Оған бағышталған етуінің құралы —осы Киелі кігап. Сондықтан Иса шәкірттері үшін көктегі Әкесіне сиынып былай деп мінажат еткен: «Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық» (Жохан 17:17).
Көне келісімнің кезінде бір сенуші ақын былай деп мінажат еткен:
«Жас жігіт қалай таза жолмен жүре алады?
Сөзіңе бағынып соны істей алады.
Күнә жасамау үшін Саған қарсы
Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды».
(Забур 118:9-11)
Мәсіх арқылы рухани өсудің ең тиімді жолдарының бірі — сол ақын сияқты, Құдайдың сөзін өз жүрегіңе сақтау, демек, жаттап алу.
Құдай Ешуаны Мұсаның орнын басатын Исраил елінің көшбасшысы етуге дайындап жатқанда, оған былай деді: «Осы Таурат кітабында жазылғанды мұқият орындай алуың үшін оны аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, сол туралы ойланатын бол! Сонда ғана табысты болып, даналықпен іс-әрекет жасайтын боласың» (Ешуа 1:8). Ал Таурат заңының бір өзекті бөлігі — «Мысырдан көшіп шығу» жазбасының 20-тарауындағы «Он өсиет». Егерде Құдайдың өсиеттерін орындайтын болсақ, біздің өміріміз Оның көз алдында табысты болады. Сондықтан осы Он өсиетті жаттап алуды ертерек қолға алған дұрыс сияқты.
Бірақ сенушінің өмірі тек Құдайдың ережелерін зерттеумен шектелмейді. Біздің басты мақсатымыз — Оның рақымын толығырақ түсініп, Құтқарушы Иеміз Исаға ұқсай түсуіміз. Осылайша Пауыл елші былай деген: «Ал енді, Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді.
Құдай сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін! Ол сендерді біртұтас рухани дененің құрамдас мүшелері ретінде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер! Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер, жүректерің ризашылыққа кенеліп, Иемізге ән айтып отырыңдар!» (Қолос. хат 3:12-16) Сенушілердің арасында осында суреттелген керемет қарым-қатынастардың дамуы үшін біз әрқашан Исаның бізге үйреткен тәлімін есімізге түсіріп отыруымыз керек. Сондықтан Исаның төрт «Ізгі хабарда» баяндалған сөздерін жаттау жақсы болар еді. Мысалы, сен сенушілерге берілген мына уәдеден бастай алар едің: «Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім» (Жохан 10:10).
Көптеген ғасырлардан бері сенушілерге Таурат, Забур, Пайғамбарлар жазбалары және Інжіл шарифтің көптеген үзінділері ерекше қымбат болып кеткен. Бұл үзінділерден Құдайдың мейірімі мен сүйіспеншілігі, Оның бізге сыйлаған кешірімі, Мәсіхтің болашақта зұлымдықты түбегейлі жоюы немесе біздің Құдайдың рухани балалары ретінде болашақта ұлылыққа бөленуіміз туралы біле аламыз. Сондықтан Киелі кітаптан сондай басты үзінділерді жаттай бастағаның игі. Аяттарды басқа біреумен қосылып жаттау ерекше тиімді. Оларды осылай жаттаған кезде екеуің бір-біріңді бақылап, алға басуға жігерлендіре аласыңдар. Осылай бірігіп жұмыс істеу үзінділерді жаттауды жеңілдетеді. Егер қаласаң, мен саған сондай серік бола аламын.
Киелі кітаптың аяттарын жаттаумен бірге, оларда айтылғандар туралы ойлансаң, бұл рухани өсуіңе пайдалы. Сонымен қатар күн сайын Киелі кітаптың бір, екі бөлігін оқығаның да орынды. Оны «Құдай жолы — құтты жол» деген шығармамен бастасаң, Киелі кітаптың басынан бастап соңына дейінгі ерекше маңызды да түсінікті бөліктерін оқып шығып, оның басты тақырыптарына шолу жасай аласың. Мұның үстіне сол шығармада берілген қысқаша түсініктемелерден де құнды мәлімет алып, Киелі кітаптағы оқиғалар мен тәлімдердің өзара байланысын тереңірек ұғына бастайсың. Бұдан кейінгі ұсынысым: Інжіл шарифтегі бір не екі «Ізгі хабарды» оқып, Құтқарушы Мәсіхтің Кім екені туралы толығырақ түсінікке ие болып, содан кейін келесі жазбалар — «Елшілердің істері» және олар жазып қалдырған бірнеше хаттарды оқып шыққаның жөн. Содан соң Киелі кітаптың ең басына барып, ондағы дүниенің қалай жаратылғаны, Құдайдың өз халқын қалай таңдап алып, олармен қасиетті келісім жасағаны туралы жазылғанды тағы да оқығаның жөн. Бұны Киелі кітаптың «Жаратылыстың басталуы» мен «Мысырдан көшіп шығу» атты жазбаларынан оқып білуге болады. Сүлейменнің «Нақыл сөздерінде» өмірдің күнделікті мәселелерінде де, Құдаймен қарым-қатынас жайында да ақыл-өсиет көп айтылады. Ал «Забур жырларынан» өзіміздің Құдаймен қалай қарым-қатынас жасайтынымыз жайлы біліп, сондай-ақ Тәңір Иенің шексіз рақымы мен ізгілігіне деген қуаны- шымыз бен шаттығымызды білдіретін мадақтау әндері мен жырларын және мінажаттарды табамыз. Киелі кітаптың бір шағын бөлігін күнделікті оқумен қатар, күн сайын бес «Забур жыры» мен «Нақыл сөздердің» бір тарауын оқып, осы екі кітапты әр ай сайын оқып шығып отыруға болады. Өз басым бұндай кестені өте пайдалы деп санаймын, бірақ сен жеке өзіңе тиімдісін тапсаң, құба-құп. Сол сияқты, бұл кесте оқта-текте өзгеріп отыруы да мүмкін.
Осыларды оқып болған соң, Інжіл шарифке қайта оралып, оны бастан-аяқ түгел оқып шығу керек. Оқығанда, әсіресе, Құтқарушы Иеміз Иса туралы және «Елшілердің істерінде» сөз болатын алғашқы сенушілер жайлы әрі бізге рухани өсуге көмектесетін жаңа өмір салттары туралы айтылған жерлерге баса назар аударғанымыз орынды. Содан соң, Таурат, Забур, Пайғамбарлар жазбаларын да осылай оқып шығуға болады. Кейде ара-арасында сенушілердің бастарынан өткізген жайттар жайлы білгің келсе, сондай кітаптарды саған тауып бере аламын.
Ал Киелі кітап туралы «ойланып-толғану» дегеніміз не? Бұл бір үзіндіні оқып, ол туралы қайта-қайта ойланып, оның мағынасы және содан шығатын қорытындылар жайлы толғануды білдіреді. Аяттарды жаттап алуға қажетті қайталаудың өзі де солар туралы ойланып-тол- ғанудың бастамасы бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |