«Эрсан» тобының газеті «Франс-суар» 1970 жылдардан бастап көп дағдарысқа ұшырады. «Франс-суар» 1944 жылы астыртын шыққан Қарсылықтың «Дефанс де ля Франс» газетінің мұрагері болып табылады. Экономикалық қиыншылықтар мен редакциядағы шиеленістер болуына байланысты 1950 жылдың басында газет «Ашеттің» бақылауына алынды, оның редакциясын Пьер Лазарефф басқарды. Лазарефф командасы «Франс-суарды» табысты баспасөз еткен соң, «Ашетт» оның жұмысына араласқан жоқ. Осындай жағдай 1960 жылдың ортасына дейін қала берді. Таралымы өсіп отырды, 1947 жылы 360 мың дана, 1950 жылы 500 мың данадан астам, ал 1956-1962 жылдары 1 000000 данадан астамы сатылды. 1950 жылдың соңында газет өзінің «алтын ғасырын» басынан кешті. 1960 жылдың ортасында жағдай өзгеріп, қауіпті бәсекелестер ретінде радио және телевидение нығая бастады. Газет таралуының төмендеуі 1994 жылға дейін жалғасып, Робер Эрсан өз оқырмандарын жоғалта бастаған газетті сату жөнінде айта бастады. Сәтсіздікке ұшыраған баспасөзді реформалаудың бірнеше мәрте амалдарынан кейін топ газетті сату жөнінде шешімді қабылдады. «Франс-суарды» бір франкке «Трибюн» экономикалық газет пен «Нувель экономист» журналының бұрынғы иесі Жорж Гон сатып алады. Бірақ жаңа формуланы іздеуге кеткен үш айдан кейін жағдай өзгермеді. Оның таралуы әсіресе Парижде төмендей берді. Мыңжылдықтың соңында Францияда көпшілік бұқаралық баспасөз жойылды. Оның орнын ХХІ ғасырда пайда болған ақысыз ақпараттық газеттер «Метро», «20 минут» метро, вокзалдарда, және басқа да көпшілік орындарда таралатын газеттер басты.
«Эко». Бұл экономикалық газетті ағайындылар Эмиль және Робер Серван-Шрейберлер ашқан. 1908 жылдан бастап «Эко де л’экспортасьон» ай сайынғы бюллетеньнен өз бастауын алады. 1928 жылы ол негізгі баспасөзге айналған күнделікті қосымшасын шығаруды бастайды. 1930 жылы газеттің таралымы 10 000 данаға жетті. Францияны оккупациялау кезінде газет басылған жоқ, ол тек 1945 жылы «Эко» атауымен қайта басылды. Осы кезден бастап бұл газет Францияның негізгі күнделікті қаржылық-экономикалық баспасөзі болып табылады. Экономикалық ақпаратқа сұраныстың өсуі «Эконың» оқырман аудиториясын кеңейтуіне себепкер болды. «Эко» газеті Парижде, оның аймақтарында үздіксіз сұранысқа ие болды, бұған баспаханалардың желісі мүмкіндік берді, мұнда аймақтарда таралатын даналар факсимильді жолмен басылды. Редакция «Региональные тетради» бөліміне ақпаратты жеткізіп отыратын тілшілердің кең желісіне сүйенді. Газеттің таралымы 1982 жылы 11 пайызға, 1983 жылы 10,7 пайызға өсті. Біраз бөлігін бөлшектеп сататын Францияның басқа күнделікті газеттеріне қарағанда «Эко» 90 пайызы жазылу арқылы таралады, абоненттердің 85 пайызы жыл сайын жаңарып отырды. Кірістің негізгі бөлігі қаржылық жарнама мен хабарландырудан түсіп отырады. 1986 жылы парламент сайлауындағы оңшылдардың жеңісі және социалистермен ұлттандырылған кәсіпорындардың жекешелендірілуіне бағытталған Ширак үкіметінің саясаты экономикалық ақпаратқа зор қызығушылық туғызды. Осы үрдістің нәтижесінде баспадағы экономикалық және қаржылық ақпарат көлемінің кеңеюіне әкелді. 1988 жылдың басында «Эко» газеті «Файнэншл таймсты» басып шығаратын «Пирсон-Лонгмэн» ағылшын баспа тобына сатылды. Бұл француз баспасөзінің тарихындағы газеттің шетел тобының толық меншігіне алғашқы өтуі еді. Кең, сенімді ақпараттың арқасында газет оның негізгі жазып алушылары - кәсіпкерлердің арасында беделге ие болды. «Оның қаржылық және іскерлік саладағы әсері жоғары, тіпті либерализмнің нағыз қорғаушысы Жак Ширак оның шетел тобына сатылуына кедергі жасап көрді»,- деп жазады экономикалық бағытта баспасөзді зерттеушісі Жак Энно. 1999 жылы «Эко» өзінің пішінін жаңартып, қызметкерлер санын көбейтіп, газеттің электрондық версиясын дайындап, редакцияны кеңейтті. 1990 жылдың соңына таман сату 118 000 данаға дейін өсті. Редакцияның негізгі күші «Эко» беделін сенімді қаржылық және экономикалық ақпаратты жеткізетін үлгілі баспасөз ретінде танытуға бағытталған болатын. «Эко» сайты француз газеттерін қарау саны бойынша бірінші орынды алып отырды. Газеттің редакция ғимаратында ағымдағы қаржылық және экономикалық жаңалықтар берілетін телестудиялар жабдықталды. «Нувель обсерватор» апталығы: «Француз күнделікті газеттерінің ең табыстысы, «Эко» ешқашан мұндай тұрақты және табысты болып көрген емес»,-деп жазды.
«Трибюн». 1993 жылы «Кот Дефоссу» және «Трибюн де л’экспансеньон» қаржылық-экономикалық газеттерінің бірігуі нәтижесінде «Дефоссу интернасьонал» басып шығаратын «Трибюн-Дефоссе» жаңа газет өмірге келді. Біраз уақыттан соң, қиын экономикалық жағдайға қарамастан өзінің капиталын сыртқы салымшылардың арқасында кеңейтуге тура келді. Топтың негізгі капиталы Бернар Арноға көшті. 1990 жылдың ортасында газет «Трибюн» деп атауын өзгертті. Жаңа «Трибюн» 28 желіден тұрды, оның 20 желісі биржалық курсқа және тек 8 ғана редакциялық материалға арналды. 1995 жылы «Трибюн» 71 200 000 дана көлемінде сатылды, оның негізгі бәсекелесі «Эко» - 102 200 000 дана сатты. Таралымның өсуі 1990 жылдың соңында «Эко» және «Трибюн» газеттерінде байқалды.
«Экип» Францияның апта сайын шығатын спорт тақырыбындағы газеті. Оның алғашқы нөмірі 1946 жылы шықты. Бұл газетте Францияны азат етуден кейін «Отто» газетінің тілшілері жұмыс істеді. 1946 жылы оның таралымы 150 мың дананы құрады, 1950 жылы 290 мыңға жетіп он жыл бойы сақталды, бірақ 1970 жылы газет таралымы өсіп 1979 жылы 320 мың данаға жетті. Газет өз қызмет түрлерін көбейтті. «Экип-ТВ» телебағдарламасын шығарып, Интернетте сайтын ашты. 1980 жылдың соңынан бастап он жылдай «Экип» тұрақты оқырманын сақтады. Бірақ өткен ғасырдың 1990 жылдарының соңында ахуал өзгерді. Газет баспасөздегі спорт ақпаратына монополиясын жоғалта бастады, өйткені жалпы сипаттағы күнделікті газеттер спортқа назар аударып отырды. Бұған «Монд» эволюциясы куә. Спорттық ақпаратты тарататын теледидарлық каналдар көбейді, оны Интернет арқылы алуға мүмкіндік туды. Спорттық ақпарат «Метро» және «20 минут» ақысыз газеттерінде де бар. Жалпы ақпараттық газеттер жарияланымдары тіпті «Экиптен» де оза бастады. Футболдан әлем чемпионатындағы, регбиден ұлттық кубок споршыларының сәтсіздіктері де өз рөлін ойнады.
«Круа» католиктік газеті. Ұлттық католиктік күнделікті «Круа» газетінің негізі 1983 жылы қаланған. Оны «Байяр-пресс» ірі ақпараттық топ басып шығарады. Жоғары біліктілігіне, уақытпен санасу шеберлігіне, сондай-ақ біршама оқырман аудиторияның адалдығына қарамастан 1980 жылдардың соңында 88 пайызы жазылым бойынша таралды. «Круа» барлық француз баспасөзі секілді дағдарысқа ұшырады. Соңғы екі он жылдықта оның таралымы төмендеді. 1990 жылдың ортасында ол таблоидты форматтағы 24 желіде түрлі- түсті болып шығарылды. Газетте «Адам және оқиға», «Әлем», «Экономика», «Саясат», «Қоғам», «Мәдениет», «Спорт», «Теледидар және радио», «Форум» айдарлары бар, оларда өзекті оқиғалар, құбылыстар туралы сараптамалық мақалалар басылып, қоғамды қызықтырған әртүрлі мәселелер қозғалады. Тек екі айдары ғана дінге арналған. «Круа» нағыз діни газет емес. Оның материалдары дін мәселелерін көтереді, халықаралық өмірге, экономикаға, әлеуметтік тақырыптарға арналады, газетте күнделікті жедел ақпарат та бар. 1999 жылдан бастап таңғы шығарылымға ауысып, соңғы төрт жыл бойына оның таралымы өсті. Сатылымы кірістің 80 пайызын қамтамасыз етеді. Жарнамадан түсетін қаржысы қомақты және газет жылына екі миллион евро мемлекеттен көмек алады екен. Бұл газеттің Интернетте сайты бар, «Круаның» жазылушылары оның ақпаратын ақысыз қолдануына мүмкіндік жасаған.
Аймақтық күнделікті баспасөз. Франциядағы күнделікті ұлттық баспасөз аймақтық баспасөзге өз орнын бере бастады. Оккупация кезінде Париж газеттері елдің барлық аймақтары бойынша таралмады, аймақтық баспасөз сол кезде өз орнын нығайтып алды. Аймақтық баспасөздің таралу деңгейі жоғары. Аймақтық баспасөз табысының көбеюінің себебі, оқырманның жергілікті жаңалықтарға үнемі қызығушылығы, одан әрі табысты өндіріс, аймақтық газеттің үлкен көлемі, елордадағы халықтың азаюы, жұмысқа көлікпен баратын Париждегі оқырман санының өсуі. Аймақтық газеттерді тарату жүйесі аз данамен шектелуге мүмкіндік береді. Жергілікті жарнама берушілер аймақтық баспасөзді сенімді және тиімді құрал деп санайды. Аймақтық баспасөз астанада шығатын газеттерге қарағанда аудиовизуалды БАҚ-пен байланысы аз, ең сенімді құрал деп есептеледі. Оны сатып алушылар көмекші ретінде көреді, өйткені ол ақпаратпен қоса жарнаманы да береді. Аймақтық баспасөз тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты ақпаратарды көптеп береді. Астаналық баспасөзге қарағанда аймақтық газеттер техникалық қайта жабдықталуын ертерек бастап, түрлі-түстерді пайдалана бастады. Франциядағы шамамен 70 аймақтық газет 400 жуық газет шығарады. Аймақтық баспасөз 1970 жылдың соңында Париждегіге қарағанда күн көрісі анағұрлым жақсы болды. Бәсекеге қабілетсіздері жойылып, аман қалғандары монополияланды. 1990 жылдары Францияның көптеген аймақтарында бір аймақтық газет шығарылды. Ұсақ қалалық газеттер өз күшін жоғалта бастады. 1960 жылдың ортасында ірі аймақтық газеттер өзінің таралымын әр аймаққа бөліп алды да олардың таралу аймақтарынан тыс жерлерде бәсекелесуден бас тартты. 1966 жылдан бастап ұлттық жарнаманы біріктіру туралы келісімдер қолданыла бастады. 1980 жылдың басынан бері күнделікті баспасөздің осы санаты әсер ету саласы бөлігінің таралу концентрациясымен байланысты қиыншылықтарды басынан кешті. Бұл «Эрсанға» он шақты аймақтық газетті сатып алуға мүмкіндік берді және бұл процесс 1950 жылдардың басында басталды. Күнделікті аймақтық газеттердің біраз бөлігі тұрақсыз жағдайда қалды. 1980 жылдан бастап аймақтық баспасөздің ұлттық топтарының ғана емес, сондай-ақ ұлттық-өндірістік қаржылық компаниялардың назарына түсіп қызығушылық туғызды. Осы жылдары «Ашетт» «Провансаль» газетін, «Гавас» тобы - әр түрлі жергілікті басылымдар акцияларын сатып алды.
Аймақтық баспасөздегі ақпараттың мазмұны, беру тәсіліне келетін болсақ ол күдік туғызады. Бәсеке болмаған жағдайда жергілікті баспасөз өткірлігін жоғалтады. Газет оқырманның көзқарасына тәуелді. Әрбір сыни материал келеңсіздік туғызады. Жергілікті тілшілер аймақтық оқиғаларды толығымен ашуға тырысады, бірақ бұл жерде билік тарапынан қиыншылықтар пайда болады. 1. «Уэст Франс» 1944 жылдан бастап Ренне (Бретань) қаласында басылады. 1976 жылы газет таралуы бойынша Франциядағы бірінші орынды алып отырды. 1990 жылдың ортасында оның таралымы 730 130 данаға жеткен. Газеттің 40 аралас желілер нұсқасы 12 департаментте тарайды. Газет басылымы табысының төсендеуін ірі Париждік газеттердің жоқтығымен түсіндіріледі. 2. «Проге» және «Дофине либере» - екі бәсекелес басылым. «Проге» Лионда, «Дофине либере» Гренобльде басылады. 1966 жылы олар кейбір қызметтерінің бірігуі туралы келісімшарт жасасады. Жарнама тарататын өздерінің ақпараттық агенттігін құрады, біріккен баспаханалық кешен салады. 1979 жылы «Проге» иесі осы келісімді бұзып, газеттер арасындағы шиеленіс тәуелсіздікті жоғалтумен бітеді. 1982 жылы «Эрсан» «Дофине либерені» сатып алады, 1985 жылы ол «Прогені» сатып алады. Екі газетте де аралас желілер бар. 3. «Сюд-Уэст» (Бордо) 1944 жылдан бастап Жиронда, Шаранта, Ланды мен атлантикалық Пиренейде шығады. Бірнеше жергілікті газеттерді қадағалайды. Ең мәнді газеттерге «Вуа дю нор», «Нис-матен» (Приморье, Альпы), «Дерньер Нувель д’Альзас» (Страсбургте басылады, департаментте таралады). Теңіздің ар жағындағы департамент пен аумақтардың баспасөзінде «Эрсан» тобының рөлі басым. Ол «Франс-Антий» (50 мың ), «Денели де Таити» (13 мың), «Нувель Коледьен» (20 мың) күнделікті газеттерін қадағалайды. Ренюньон аралында оған «Котидьен де Реюньон» (35 мың) және «Журнал де Л иль де Реюньон» (26 мың) жатады. Осы аралда француз компартиясының органы «Темуонья» (3,5 мың) күнделікті газеті басылады.
Замануи көпшілік оқитын журналдар. Баспахана ісін дамуындағы табыстар, технология мен фотосурет өнерінің үдерісі заманауи көпшілік көркем журналдардың дамуына алғышарт болды. Көп миллионды таралыммен шығатын заманауи түрлі-түсті көркем журналдар өндірісі орасан зор шығыс талап етеді. Олар үшін қымбат қағаз, сапалы баспахана қажет. Бірақ үлкен аудиториясы бар, кәсіби мамандары бар, құнды ақпараттарды тарату мүмкіндігіне ие, жарнама берушілерді көп тартатын көркем журналдар баршылық. Жарнама қызметінен түсетін табыстың көп бөлігі журналды шығару мен таратуға кеткен шығынды жабуға, басылым бизнесін қамтамасыз етуге, төмен бағамен оқырмандарға журналды ұсынуға мүмкіндік береді. Француз текстиль фабриканты және баспа ісімен айналысушы Ж. Пруво 1938 жылы «Match» спорт апталығын сатып алады. Оның концепциясын қайта қарастырғаннан кейін Х.Люстің «Life» үлгісі бойынша апта сайын шығатын көпшілікке арналған көркем журнал шығарады. 1949 жылдан бастап және осы күнге дейін журнал «Paris-Match» деген атпен басылады. «Paris-Match» журналы сапалы, түрлі-түсті суреттердің санын көп енгізу, ілеспе мәтіндермен сапалы жұмыстың нәтижесінде аудиторияға ұнайды. Соғысқа дейінгі кезеңде журналдың таралымы 80 000 данадан 140 000 өсті, ал соғыстан кейін жаңартылған басылымның таралуы бір жарым миллионнан асқан. 1960 жылы рекордтық белгі – 180 000 данаға жеткен. Журналдық баспасөздің американдық үлгісіне «Paris-Match» ұқсайды. Оның қызметкерлері АҚШ журналистикасына тән жұмыс стилі мен әдістерін ұстанады екен. 1950 және 1960 жылдары ірі көркем журналдар түрлі- түсті суреттерді басып отырса да теледидармен бәсекелесе алмады. 1959 жылы «Life» журналы рекордтық таралымға жетуіне қарамастан, жарнамалық қызмет саласындағы басылымның басты мәселесі теледидармен бәсекелес болып қалды. Кейінгі жылдары жарнамалық табыс шығындардың өсуін ақтай алмады.
1962 жылы «Saturday Evening Post» - көп миллиондық таралыммен шығатын АҚШ-тың көркем журналы алғаш рет шығынға ұшырады. Экономикалық құлдырау мен өзгерістер журналдар аудиториясын жоғалтуына себеп болды. Көпшілік журналдар қиыншылығы жарнамалық бизнесті дамытудағы кейбір тенденциялармен күрделіленді. Адрестік жарнама технологияны жетілдіре отырып, жарнама берушілер біртіндеп аудиторияның белгілі бір секторы мен тобына арналған мамандандырылған журнал басылымдарымен ынтымақтастыққа көшті. 1960-1970 жылдары байқалған журналды шығару мен тарату жөніндегі шығынның өсуі журнал шығаратын алпауыттардың беделіне нұсқан келтірді. Жетпісінші жылдардың басында үйреншікті баспасөз концепциясының өзгеру қажеттілігін растаған көпшілік журналдардың өткір дағдарысы басталды. Тап осындай проблемаларды «Life» және «Look», француздың «Paris-Match» та басынан кешті. 1973 жылы осы басылымның таралымы 645 304 данаға дейін түсті. Үш жылдан соң дағдарыстан кейін журнал Д.Филлипачидің иелігіне ауысып, ол басылым концепциясын қайта қарап, саяси ақпараттың рөлін күшейтіп апта сайынғы жаңалықтар журналына жақындатты. «Paris-Matchтың» көркем журнал ретінде сақталды, жеке алғанда нөмірдің «түйінді» фотосуреті сол күйінде қалды. Журнал таралымын миллионға дейін көтеруге мүмкіндік туды. 1992 жылы журнал орыс тілінде шыға бастады. 1980 жылдардың ортасында көркем апталық формуласын 1977 жылы жасалған «Вандреди Санди-Демани» газеттік үлгідегі апталық сияқты болып шықты. Саяси өмірдің кейбір жақтарын қамтыған журнал оқырмандарға мәдениет, бос уақытты өткізу тақырыбына арналған материалдарды ұсынды. 1981 жылы 335 мың дана, 1993 жылы 298 269 данаға жетті. 1970-1980 жылдары күнделікті газеттерге қосымша ретінде бірнеше ақпараттық апталықтар пайда болады. Біріншісі «Фигоро-магазин» 1975 жылы «Эрсанмен» бірігіп жасалды. 1993 жылы оның таралуы 600 482 данаға жетті. 1945 жылдан бастап шығатын «Франс Димани» аздап басқа сипатқа ие болды. Мұнда фотосурет серияларымен бейнеленген бір ғана сюжет қолданылды. 1960 жылдың соңында таралымы миллион данадан асты, ал 1993 жылы 700 000 данаға жетті. Нарықта бұл отбасылық басылым ретінде өзін бекітті.
1998 жылы Кобе қаласында өткен дүниежүзiлiк газет шығарушылар ассоциациясының 51-шi конгресiнде “Әлемдiк баспасөз тенденциясы” атты баяндамада көп мәселе көтерілдi. Ең көп өзгерiстер Батыс елдерінде байқалған. Тек Жапонияда ғана қалыпты жағдай сақталған. Бiрте-бiрте баспасөз жарнамалық нарықтың бөлiгiн телевидениеге берiп келе жатыр. Бiрiншi орында ұлттық күнделiктi баспасөзден жарнамалық түсiм 25-% құрайды екен. Журналдарға түскен түсiм тек 11% көрсетiп отыр.
1999 жылы Франция баспасөзiндегi ақпараттық нарықтан “Авас” тобының кетуi елеулi бiр оқиға болып тарихта қалды. Француз баспасөз нарығына 1997 жыл “Компани женераль деез о” келедi де, дәстүрлi салалардың барлығына дерлiк өзгерту енгiзе бастайды. Франция елiндегi соңғы жылдардағы күнделiктi баспасөзде тоқырау үрдісi байқалды. Тек 1998 жылы ғана аздап болса да, оң өзгерiстер бой көрсетедi. Десек те, зертеушiлердiң мәлiметтерiне қарағанда француздықтар жыл өткен сайын оқырман аудиториясын кемуде екен. 15-жастан, 24 жасқа дейiнгi оқырман саны 3,8% төмендедi. Бiрiншi кезекте бұл “Либерасьонға”, “Фигароға” және “Мондқа” қатысты. Француз зерттеушiлері мұндай жағдайдың тууына аздап та болса газет бағасының өскендiгi себеп болды деп түсiндiредi. Жастар аудиториясы “Паризьен-Ожурдюй”, “Франс-суар” және “Экип” газеттерін оқушылар арасында артып келеді екен. Батыстағы ең iрi бес ел iшiнде астаналық күнделiктi баспасөз оқитын аудиторияның қамту деңгейi өте төменгi көрсеткiш берген. 1000 тұрғынға тек 37,4 дананы құрайды екен.
“Монд” газетi жалпы ақпараттық газеттер iшiндегі оқырман аудиториясының көптігi жағынан бiрiншi орында тұр. 1999 жылы газетке жазушылардың саны 120 мыңға жетіпті. Бұл рекорттық көрсеткiш екен. Оның себебi, жазушыларға төлеудiң жаңа түрi, ай сайын студенттер үшiн жеңiлдетiлген тарифтер енгiзiледi. 1999 жылы “Мондтың” қаржы жағынан жақсы көрсеткiшке жетеді. 1997 жылмен салыстырғанда сауда айналымы 95% өсіп, жалпы “Монд” басылымның тобы 42,5 лир фр. түсiм алған. “Монд дипломатик” атты айлық басылымның таралуы 180 000 данаға жетіп, жарнамадан айтарлықтай 30% түсiм түсіп отырады екен.
“Стратежи” журналының сарапшысы Оливе Монсо: “Бұл газеттiң табысы жаңа пішінге тiкелей қатысты, “Монд” жарнаманың жаңа бiр түрiне шығарып, бір “Люкс” секторының өзі өте жақсы көрсеткiш бердi. Сәнге және қымбат тауарларға арналған арнайы қосымшалары өз жемiстерiн әкелдi»-дейді.
“Франс-суар” газетi басудың жаңаша түрлi-түстi түрiне көшiп, жарнамадан түсiмдi күшейттi. Бiрақ оқырмандардың саны барған сайын азайып, таралуы 150 мың данаға төмендеген. Көп сарапшылардың ойынша, ол өзiнiң мүмкiндiгiн бір мезетте жоғалтып алды дейдi. Қазiргi уақытта Парижде бұқаралық газет болып “Паризьен” газетi саналады.
Көп басылымдар Интернеттен өз орнын табу үшiн iздену үстінде. Әлемдiк жүйенi пайдаланып, түсiмдi көбейткiсi келетiндер саны да аз емес. Себебi, интернет аудиториясы күннен-күнге өсуде. 1999 жылы абоненттердiң 240%–ге өскенiне қарамастан Англияда пайдаланушылардың саны 18%, Германияда 19,4%, Францияда 9,8 %-ке өскен.
Телерадионың дамуы. А.Папов пен Г.Маркони құрастырған электромагнитті толқын арқылы ақпарат тасымалдау амалы байланыстың жаңа құралы радионың дүниеге келуіне себепші болды. Бұл тек қана радиоқабылдағыштардың аз ғана санымен түсіндірілмеді, сонымен қатар, алғашқы жылдары радиоқұралдарының жетіспеушілігінен ақпарат беру тек қана кодпен жазылған түрде жүзеге асты. Телеграфтағы секілді нүкте мен сызықшаға дейінгі берілген мәтіндерді аудара алатын Морзе жүйесі қолданылды. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі рөлі мен маңызы бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында артты.
1906 жылы американдық Ли Де Форест радиоқұрылғыларда қолданылатын дыбысты хабарламаларды, музыканы, шулы эффектілерді жіберуді іске асыратын аудиоэлектро-вакуумдық лампаны ойлап тапты. 1908 жылы өнертапқыш алғаш рет музыкалық бағдарламаларды ұйымдастырды. Ол радиосигналдар Париж қаласындағы Эйфиль мұнарасынан жіберілген хабарламалар болатын, радиусы 500 мильге дейін тарады. Ұзақ қолданыстан дами түскен электрондық-вакуумдық лампалар радиотехникада ақпараттың және радионың сазды ресурстарының маңызының артуына, қалың көпшіліктің радио мүмкіндігіне қызығушылығының тууына себепші болды. Әлемнің бірнеше елдерінен радио тыңдармандардың жүрегінен жол таба білді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде екі аралық армия мен ВМС кемелерін радибайланыспен қамтамасыз етті, сондай-ақ алғашқы радио берілімдер үгіт-насихат мақсатында және жаудың жалған хабарлары радио қабылдағыштардың маңызының артуына септігін тигізді. Радио хабарламаның техникалық базасы жетіле түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін экспериментальді бағдарламалар саны өсе түсіп, ол біршама радио тыңдармандардың мекен-жайларына жіберіліп отырды. Әртүрлі елдердің баспасөзінде радионы насихаттау кеңінен жүргізіліп, бұл қалың көпшіліктің қызығушылығының артуына себеп болды. Шетелдік тыңдармандарға бағытталған бағдарламалар бастапқыда Еуропалық державалардың тілінде тарады. 1927 жылы Голандия теңіздің ар жағындағы өз иеліктеріне арнап хабар жүргізе бастады. 1931 жылы француздықтар да теңіздің ар жағындағы жерлеріне хабар жіберу мақсатында Бразилияда, 1964 жылға дейін қызмет атқарған радиобағаналар орнатты. Осылай, Африкаға арналған француздық радиохабарлар тарады.
Франциядағы алғашқы тәжірибелерді Рене Бартелеми лабораториясы жүргізіп, 1929 жылы алғаш көпшілік алдында телесеанс өткізген аз жолды телеқабылдағыш ойлап табылды. 1931 жылы 14 сәуірде Рене Бартелеми зертханасынан электр мектебіне қашықтықтағы алғашқы телебағдарлама берілді. Бейнелер өте ебедейсіз еді. Англия мен Германиядағы тәжірибелердің қарқынды жұмысына қарап француз басшылығы да телевидениені қол астына алды. Бартелеми Париж телевидениесінің бірінші студиясы болған Гренель көшесіндегі ғимаратты алды. Кейін ғалымдар катодты трубкаларда жұмыс істейтін телеқабылдағыштар жасап, айналымды 180 жолға дейін үлкейтті. 1934 жылы далада ең алғаш түсірілім жасалды. Гренель көшесінен қабылдағыштар мен антенналар орналасқан Эйфель мұнарасына дейін коаксиалды кабель жүргізеді. 1935 жылдан бастап күнделікті бағдарламалар уақыты салыстырмалы түрде реттеліп – бұл жыл тарихта Франциядағы телевидениенің өмірге келуінің ресми күні болып есептеледі. Париж студиясы кабаре, цирктерден хабарлар беріп отырды. Студиядағы бағдарламаларға «Пари операның» жетекші актерлері мен бишілері қатысты. Прожекторлардың күні бойы жанып тұруынан студиядағы температура жұмыс соңында 35 градусқа дейін жететін, алайда, оған ешкім көңіл бөлмейтін, ал актерлер гонарарсыз жұмыс істейтін болған. 1936 жылдан бастап Зворыкин иноскопын тәжірибеде сынай бастаған француз ғалымдары бейненің көрінісін 455 жолға дейін көтерді.
2000 жылы Франция телевидениесiнiң жалпы дамуы тенденциясында аса күрделi өзгерiстер болған жоқ. Соңғы үлгiдегi технология телекоммунациялық жүйелердiң, мультимедиалық жүйелер мен үлкен көре алмаушылық, бәсекелестiк, жеке телекомпаниялардың өсуiне әкеп соқты. Олар халықаралық деңгейде шығуды көздеп отыр. Мемлекеттiк телевидение де көп уақыттан берi тоқырауды бастан кешуде. Ол қаржы жағдайын жақсартып, аудиториясын ұстап қалуға тырысқанмен еш нәтиже шықпайды. Спутниктiк және кабельдiк телевидиниенiң ауқымды дамуы барысында “ТФ-1” атты жекеменшiк арна елдегi ең танымал телеарна болып қала бердi.
Бүгiнгi таңда көрермендердiң 40%-i ең сенiмдi ақпарат көзi деп “ТФ-1” есептейдi. Ал оның басты бәсекелесi “Франс-2” тек көрерменнің 20%-ын ғана иеленеді екен. Арна аудиториясының негiзiн 50-ден кейiнгі әйелдер құрайтын көрінеді. Ендiгi уақытта “ТФ-1” өзiнiң “нысанасы” етiп жанұяны қоюды мақсат еттi. Көп көңiл 52-минуттық сериалдарға бөлiнедi. “ТФ-1” көбiне спорттық бағдарламаларды сатып алуға тырысады. Сонымен ол Пекинде өтетiн Олимпиадалық ойындарды трансляциялауға асығып, футболдан 2002 жылғы әлем чемпионатынан көрсету үшiн белсендi түрде күрес жүргiзедi, себебi, жарнамадан түсетiн пайда көп.
Мемлекеттiң ең iрi телекомпанияның бiрi – “Франс Телевизьон” барлық арналарын есептегенде “Франс-2” және “Франс-3” үлкен тоқырауды басынан кешті. Мемлекет тарапынан компанияны қаржыландыру тоқтатылып, ақша табу мақсатында бос эфир уақытын жарнамалар мен хабарландыруға сатып, 50 минуттық фильмнiң 12 минутын жарнаманы құраған кездері де болған екен. Қаржының тапшылығы кейбiр хабарлардың сапасыз шығуына себеп болып отырады. “Франс-2” арнасы жағдайының төмендеуінен сабақ алған “ТФ-1” оның қателігін қайталамай, ақшаны қалай табу жолдарын iздестiреді.
1. “Beur FM» - Франциядағы магребтiк қоғамдастықтың радиосы күнделiктi жаңалықтарды жедел жеткізеді. Франция елiнiң тыныс-тiршiлiгiн, соңғы жаңалықтарын берумен қатар эфирге өзiнiң тамаша музыкалық бағдарламаларын да шығарып отырады.
2. «Radio France» - саяси ақпараттарды, аймақтағы экономикалық, мәдени және халықаралық жаңалықтарды таратады.
3. «Француз радиосының халықаралық қызметi» дүние жүзiндегi әлемдiк ақпараттық радио болып есептеледi. Франция радиосының барлық ақпараттары Интернетте бес тілде таратылады. Француз радиосы Париждегi көптеген мәдени өмiр жаңалықтарын бірінші болып ұсынады.
4. «Radio Latina» - қоғамдық радио. Мұнда көбiнесе, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарды күнделікті бiр сағат сайын берiп отырады. Кешке ойын-сауық бағдарламалар, көңіл сергiтетiн шоулар берiледi. Сондай-ақ, спорт жаңалықтарын беріп отырады соның ішінде қоғамдық-саяси жаңалықтарды беруге уақытты көп бөледi.
«Франс Пресс» агенттiгі – «ФПА» («Agence France-Presse – AFP») - дүниежүзілік ақпарат агенттiктерiнiң бiрi болып табылады. Бұл бiр уақытта француз үкiметiне жәрдем беретiн коммерциялық кәсiпорын болған. Жәрдемақылар абонементтiк төлемнiң формаcында iске асады. Үкiметi бар байланысты растайды және сол «Франс Пресс» директорын бұрын Франция министрлерінің кеңесiмен тағайындайтын болған. Тәуелсiз агенттiктердiң 1957 жылынан жұмысын бастаған, оның әкiмшiлiк кеңесiнiң құрамына үкiмет шеңберлерiнiң өкiлдер кiредi. Агенттiк Лондондағы «Франс Афон» агенттiгінiң Солтүстік Африка аумағының Француз патриоттары тапқан Деголльнiң агенттiгiнiң 1944 жылдары соғыс кезінде бірігіп кетуінiң нәтижесiнде пайда болды. «Франс Пресс» саяси, экономикалық, спорт, дiни, мәдени, сауда, қаржы мәлiметтерiн 12 000 газет, журнал, радио, теледидар станцияларына, өнеркәсiптiк фирмаларға, туристiк ұйымдарға таратады.
«Франс Пресс» байланыс арналары алты тiлде француз, ағылшын, испандық, немiс, португал, араб тілдерінде 600 000 сөзден артық мәлiметтi таратады. Агенттiк компьютерлермен толық жабдықталған және спутниктiк байланыспен қамтамасыз етілген. Барлық дүниежүзілік ақпарат агенттiктерiмен ақпарат алмасады. 165 елдердегi тілшілерінiң желiсi және Франция аумағында 110 бюросы бар. Аймақтық Еуропалық бюросы Парижде орналасқан.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
-
Бурдье П. О телевидении и журналистике. – М., Фонд научных исследований «Прагматика культуры», 2002.
-
Eveno P. Les médias sont-ils sous influence? Larousse, Paris, 2008.
-
Mermet G. Francoscopie 2003. Larousse, Paris, 2003.
-
Natkin S. Jeux vidéo et médias du XXIe siècle: Quels modèles pour les nouveaux loisirs numériques? Vuibert, Paris, 2004.
-
Wolton D. Penser la communication. Flammarion, Paris, 1997.
-
Аникеев В.Е. Новые тенденции концентрации и монополизации средств массовой информации стран капитала в 1977 году. Франция. // Вестн. Моск. ун-та. Сер. 10, Журналистика. – 1978. – №3. – С.30-40.
-
Соломонов Ю.Ю. Региональная пресса Франции. История и секреты успеха ежедневных газет. Электронная книга. – Режим доступа: http://evartist.narod.ru/text8/20.htm. - Загл. с экрана.
-
Télévision numérique terrestre (TNT) – Наземное цифровое телевидение (франц.).
-
Вартанова Е.Л. Медиаэкономика зарубежных стран. – М., Аспект Пресс, 2003. – С.259.
-
Макеенко М.И. Радиоиндустрия США в начале ХХI столетия: структурные изменения и межсекторная конкуренция. // Зарубежная журналистика: 2006. Ежегодник. – М.: Изд-во МГУ/ Факультет журналистики МГУ, 2007. – С.123.
-
Бурдье П. О телевидении и журналистике. – М., Фонд научных исследований «Прагматика культуры», 2002. – С. 56,57,108,109.
-
Одегова А.В. Блог как сегмент французской Интернет-журналистики. // Журналистика в 2005 году: трансформация моделей СМИ в постсоветском информационном пространстве. Сборник материалов научно-практической конференции. – М., Изд-во МГУ. / Факультет журналистики МГУ, 2006. – С.435-436. 0,1 п.л.
-
Одегова А.В. К вопросу об особенностях французской модели масс-медиа в начале ХХI века // Материалы секции «Журналистика» на ХIII Международной конференции студентов, аспирантов и молодых ученых «Ломоносов 2006». [Электронный ресурс].– М., Изд-во МГУ/ Факультет журналистики МГУ, 2006. – 1 электрон. опт. диск (CD-ROM). – C.12–13. 0,1 п.л.
-
Одегова А.В. Особенности французской модели масс-медиа в начале ХХI века. – М., Компания Спутник+, 2008. 12,5 п.л.
-
Одегова А.В. Сравнительный анализ особенностей европейской и североамериканской моделей масс-медиа в начале ХХI века (на примере Франции и США). – М., Компания Спутник+, 2007. 8,1 п.л.
-
Вачнадзе Г.Н. Всемирное телевидение. Новые средства массовой информации – их аудитория, техника, бизнес, политика. – Тбилиси: Ганатлеба, 1989.
-
Кирия И.В. Телевидение и Интернет Франции на пути к информационному обществу.– М., Изд-во МГУ, 2005.
-
Шарончикова Л.В. Телевидение Франции перед вызовом цифровых технологий. – Режим.
Достарыңызбен бөлісу: |