Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда



бет4/19
Дата13.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
#133863
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Алайда, оның жаны бар нәрсеге қарамастан, осқылаған өшпенділік пен кек алуды көксеген иірімге мейлінше құрсауланды. Қазір де олигарх деп ұлықтайтын шонжарлардың бірі сені аяғымен таптап жатқанына шыдау мүмкін емес-ті: мейлі, оңай олжаға керегінше кенеле берсін, бірақ неліктен жаппай қызмет көрсеткенсіп, соның ішінде қаскүнемдік ниеттеріне, киллерліктен бастап, соңында ұятын сатуға шейін бәрі олардың алдында жаңғымпазданып құрдай жорғалап жүруге тиіс? Оған әр соққыға соққымен аспаннан жұлдыздар төгілгендей жауап бергісі келді!

Және де Арсен Саманчиннің ішкі әлеміне қатерлі ниет жедел енді, оны өлтіру және өзіне-өзі қол жұмсау. Ноль де ноль! Саған да, маған да жоқ! Нүкте! Ал содан кейін осы мәселе бойынша баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында не жазады, жұрттың аузында не болады, ақиқаты ма, әлде жалғаны ма, түкіріпті оған!

Ол бұрынғырақта теле және кино детективтеріндегі өлтіру эпизодтарына мысқылмен, кектенген халде қараса, ендігіде мінеки, өзі–ақ сондайды дәлме–дәл жүзеге асыруға даяр еді, кинодағыдай, еш тітіркенбей, салқынқандылықпен тікелей үш рет атып, содан соң сенімді болу үшін басын дәлдеп оқ жұмсау, ал атар алдында дұшпанының беті–жүзіне қарамай, өз үкімін естірткен жөн, оның миын электр тогынан соққы алғандай, есеңгірету қажет. Содан соң, пистолеттің аузын өзінің шекесіне тіреп, шүріппесін басып қалу керек. Болды, мәресі сол! Анау дүниеде мүмкін жолығар... Сонда есептесерміз...

Жалғыз ғана Арсен Саманчиннің өзімен бірге әкеткісі келгені, бұл үміт еді, жақсырағы, Айа да жоғарғы күштердің тарапынан болмай қоймас ұят азабына ұшыраса, оны қашанда махаббатын сатқаны, “Мәңгілік қалыңдықтың” абыройын төккені үшін жанын күйдірсе деген сенім болатын.

Және де екеуінен басқа ешкімге мәлім емес махаббаттың хайдельбергтік тарихы оның жадын өмірінің соңғы минөтіне дейін сансыратса екен. Және де ол анау дүниеде Айдананың өкініштен аңыраған дауысын естісе. Өйткені, “Мәңгілік қалыңдықтың” идеясы олардың бойында хайдельбергтік екеуіне ғана тиесілі айлы түнде, сол романтикалық паркте, орта ғасырдағы неміс қаласының үстіндегі таулы қорғанда туындаған еді, олар мұнда бірге сапарда болған–ды: ол сол жақтағы мэрияның шақыруы бойынша концертпен, ал бұл болса, оның жанында жүрген журналист ретінде барған-ды.

Ол өзін-өзі қолына алуға қаншама ұмтылғанмен, тоқта, сен ойлап тапқан нәрсе қарадүрсін, болмайтын нәрсе, айтпаған күннің өзінде бұл қылмыс десе де, ешнәрсе істей алмады, кек алу аңсары бір елі ойдан кетпеді, табиғи қалауы болған, зұлымдыққа зұлымдықпен жауап беру сезімі саябырсымады, керісінше, қанын қыздырып күшейе түсті және де есіне алды, балалық шақта естіген–ді, аңыз ба, әлде ғибрат па, қырғыздар шығарға жол таппағанда айтатұғын: “Ех, болары болсын, басыңды тасқа ұрсаң да, қамшымен шабақтасаң да дұшпандар бас салғанда өзіңді тізгіндеме және жауды аяма, ерден құлат, кеудесіне найза сал. Олай істей алмасаң, өзіңді өлтір, өзге саған жол жоқ...” деп.

Қашан, не үшін, қандай жанұшырған сәтте осы сөздер айтылды екен, кім білген... Бірақ мінеки, оған да таңдау алдында тұруға тура келді: дұшпаныңды өлтір–немесе өзіңді өлтір! Өзге барар жол жоқ еді. Және де осы арада ол өзін-өзі іштей жей бастады, қандай тағылық! Оған кенеттен санасын жарқ еткізген және терезе жанынан шұғыл шегіндірген, тілін сақауландырып: “ Ақы-мақ! Сен не туралы ойлап тұрсың, немен атпақсың? Саусағыңмен бе? - деген ой оралғанша, байғұс неме соншалықты сандалумен болды. Қабырғадағы айнаға таяу келіп, өзінің бетіне түкіріп жібермеу үшін өзін- өзі зорға ұстады. – Сенің қолыңда тіпті, ойыншық пистолет те жоқ қой. Арманын қарасаңшы!

Ол адам өлтіретін киллерлер туралы өлтіру әдістері мен технологиялары жөнінде көп естіген еді, бұл жайлы қаншама жазып та, теледидар арқылы көрсетіп те жүр, бірақ іс жүзінде бұның бәрі оңай емес. Әрине, табуға, сатып алуға түптің түбінде болар. Бірақ бұған қоса ата білу де керек қой...Әнеки...

Түсінде, таңға жақын, ол түс көрді, қолында өзінің ұялы телефоны, бірақ та қоңырау соғу орнына, әлдеқайда онымен көздеп тұр... Сол кезде қоңырау соғылды.

Арсен Саманчин телефонға жақындады, бірақ тұтқасын көтермеді. Тітіркене кері қайтты, сөйлеуге зауқы жоқ. Телефон және бір рет соғылды, жағдай әдеттегінше қайталанды.

Ия, қаруды табу қажет болды, пистолет керек, оқшантайындағы патрондарымен алу қажет. Мінеки, қандай тірлік, ешқашан ойламапты... Кімнен сұраса екен?..

Жарық түсе бастады. Аулада у–шу естілді. Ал ол бұрынғысынша не істерін білмеді. Бірде жатты, бірде тұрды. Мінеки, зәрулік! Қазірде тіс жуғыш сияқты қажетке айналған және шынтуайтқа келгенде, қол жетпес осынау затты қайдан және қалай алмақ? Қару базардың көрінген жерінде сатылады деп айтады. Құны қанша болса да сатып алу керек, себебі алдағы уақытта ақша оған енді қажет емес. Өмірі соңына тақала бастады және де ешқандай тірліктің қажеті болмайды...

Егерде пистолетті тапқан күнде, оны үнемі өзіңмен бірге, нақтырағы жан қалтаңа салып жүру қажет, қалғанының бәріне де, алда не күтіп тұрғанына Арсен Саманчин еш күмәнданбады. Тіксінбейді, ойлағанын дәлме–дәл жүзеге асырады, оқтар бірінен соң бірі атылады және соңғысы өзінің шекесіне қадалады. Ал мұның мүмкіндігі сөзсіз, онымен кездеседі, бұған ол сенімді еді, себебі, құрбандыққа шалатын жанмен әрқашанда жолығатын, олар бір шеңбердің адамдары болатын, әрі ежелден таныс–ты. Соңғы уақыттарда, шынында да, сирек жүздесуде. Ендігіде әлігі барлық жерді кезіп жүретін эстрада продюсері, элиталық орындардың иегері, тіпті, олигарх, босс, шеф, тағы да қалайша атайтын еді, бұны қойшы, болмашы ғана, орташа актерсымақ еді. Мінеки, енді қайдан шықты, нарықтың ну орманын бұзып өтті. Және де барлығын жаппай қамтып шоу–бизнеске бет алды. Мәнісі сонда, шалқыған байлықтан ол өзін жақындағы бар нәрсені жайпап өтетін бүлдөзерге балады және де идеяны тұмшаландыру, кімде- кімнің өмірін аяққа жаншу, әйелді роботқа айналдыру қажет болса, солай етеді. Болды, жетеді енді! Қару болса, қалғаны іске асады, ендігіде бұл ерік пен ерліктің тірлігі ғана.

Өзін ол осылайша сендірді, өзінің таңқалғаны соншалықты, өз ісінің әділдігіне сенімі тасқындай түсті. Шыны керек, кей уақытта небір ойлар жалт етті: кек алу құмарлығының тасқыны неге әкеліп соқпайды дерсің, ә! Былайша айтқанда, жақсылық үшін зұлымдық па? Мұндай болуы мүмкін бе? Бірақ лезде баз кешті: тағы да ақылсына бастадың ба, енді ғана ойлағаныңнан демде–ақ бармақ тістегеніңе жол болсын... Қорыққан жайың бар ма? Жақсырақ ойлан, оған қалайша жақындамақсың, әңгімелесу қажет еді демекпісің. Содан соң...

Айтпақшы, олар жақында ғана бірін–бірі көрген, әңгімелескен де... Шындығында да, Эрташ ерекше қызығушылық танытқан жоқ, баспасөз конференциясынан соң, әлде қайда асыққан сыңайлы сағатына қарайлады. Ал ішкі жан дүниесімен, бәлкім, оған, идея фанатының үстінен күлген шығар, жынды неме, бұлттың арғы жағында елес қуып жүргенін қарасаңшы деп. Ия, әрине, қайта құру жылдары, жастау кезінде Арсен Саманчиннің өзі де түрлі мақалаларды жазатын, соның ішінде театр тақырыбына да. Бірақ ол кезде Эрташ Курчалов ешқандай салмағы жоқ көп артистердің санатында еді. Ал енді ше... Бірақ болары болды! Ол кезде, қайта құруда театрдың тасы тас төбеге көтерілген–ді. Жаңаша ойлау дүниеге келді. Заман театр сахналарында көрініс тапты. Театрдың ол кезде көптің көз алдында еңсесі көтерілді, театр рух сыйлады, адам тоталитаризм шылауынан арыла бастады. Бірақ сол Эрташ Курчалов қана қалалық драма театрының қатарындағы артисі ешнәрсемен ерекшеленбеді, ол туралы сол кезде ешкім ойлаған да жоқ. Сол уақыттарда орташа актер бойында (шынында, бойы өзгелерден бойшаң, әрі дауысы айбарлы еді, ал былайша қарағанда, көпшілік сахнада шұғылданатын көптің бірітұғын) барша эстрада және тіпті, стадиондарды тік тұрғызатын аса қуатты шоу – бизнесменнің қажырлы қайраты бұғып жатты деп ойлау мүмкін бе еді?

Алайда сол күндердің ауанында “Эрташ Курчал” деп аталатын сөз тіркесі пайда болды, кенеттен бұл есім кеңге жайылды, әсіресе, жастар арасында, сөз тіркесі қазіргі заманғы шоу – индустрияда өте тез түрде өзін - өзі өтейтін, барша сахналық көрініспен жарнамадан шығатын бұқаралық эстрадалық қойылымдардың бойтұмарына айналды. Тиімді “Эрташ - Курчаловтық” клип–концерттер гастрольмен көптеген жерлерде, Қытай мен Мәскеуде болып қайтты. Қысқасын айтқанда, Эрташ Курчалаов іскер және епшіл болып шықты және де эстрада кеңістігін игеруде шоғырландырушы күшке ие болды. Мінеки, сол тұста осынау қатерлі эрташ – курчалов тұңғиығы Самарованы аса зор тартылыспен жұта бастады.

Және де Айамен, Айдана Самаровамен, опера театрының жетекші солисткасымен не болғаны, қалай болғандығы туралы ойлаудың өзі кеш еді, кенеттен эрташевтік бизнестің құлдығына түскен ол, барлық телеарналардан түспей қалды, көптің көз алдында мейілінше жарқыраған эстрада жұлдызына айналды, тосыннан келген поп әуені даңқының тұғырында дауысын да, келбетін де, сахналық “Жаса, Голливуд!” мәнеріне өзгертті, бір сөзбен айтқанда, өзінің бүкіл тағдырын қайта жаңғыртты. Көпке белгілі “поезд кетіп қалды” сөзі осы орайда ең дұрыс айтылған гәп ретінде сайма–сай келетін. Шынында да, олар, Айдана екеуі Хайдельбергтен бір поезда келе жатса, тағдыр екеуін бірнеше күнге хайдельбергтік қорғанда махаббат деп аталатын таң шапағына орануы үшін оңаша қалдырса және де “Мәңгілік қалыңдық” идеясы сол жерде туындаса, ендігі жағдай, келесі аялдамада Айа кенеттен қарама–қарсы бағытқа жол тартқан поезға мініп, шу етіп кеткенмен бірдей болды. Ал бұл болса, өзін көзден таса болғанша вагон тізбектері соңынан ұзақ уақыт шпалдар үстімен жүгіріп, жападан жалғыз адам кезбес айдалада есуастарша айқайлап, есі шығып кеткендей сезінді: “ Ай–а–а–а! Ай–а-а! Біздің “Мәңгілік қалыңдық” ше? Тоқта, тоқтасаңшы! Ай–а-а, Ай–а-а”. Бірақ Айа тоқтамады... Кім оны еліктерді, кім банктегі есептерімен баурады, белгілі жәйт бұл. Ол-локомотив машинисі, өткен өмірі беймағлұм, ал қазірде әйгілі Эрташ Курчалов.

Сондықтан, неге оған, жарымеске, көзге көрінбес поездың соңынан ілесіп жүгіру қажет және де өзінің жалынышты сөзіне көктен ха- ха –халаған келемеж жауапты есітуге тиіс: “Ақылынан алжасқан! Делқұлы! Жанкешті!”. Одан да бәріне қолын бір–ақ сілтеп, ұмытқаны жақсы емес пе?..

Қазіргі заманғы шоу–бизнестің айнымас, лап етер рационализмін Арсен Саманчин қаншалықты салауатты түсінгенімен, өзінің еріктен тыс қиялынан ешқайда қашып құтылмады. Ол өз идеясына таңылып, оған ерікті түрде кепілге алынып, сонымен біргелікте тұйыққа әбден тірелген–ді. Бұрынғы барша мүдделері бірте–бірте көмескі тартты, болмыстың арғы жағына, тек қана идеясы мен “Мәңгілік қалыңдықтан” өзгесі әлдеқайда шегінді. Сонымен бірге бұқаралық мәдениетке ол ішкі түйсігімен әрдайым сақтана қарағанымен, мұхитқа лайық коммерциялық толқындар әр ретте үдемелі күшпен оны қайта – қайта соғып, жер бетінде салтанат құруда.

Және де ол бұқаралық мәдениетті анықтау үшін масс-медианың аузынан түспейтін көтерме мәдениет, яғни көтерме тауар сөзімен төркіндес неологизмді ойлап тапты. (Әрине, мархабат! Бұқаралық мәдениет алайда, бұған селт етпейді де!).

Өз терминінің дәлдігіне ол қала мерекесіне орайластырылған стадионда өткен ұлан–асыр шоу–концерті кезінде көзі жетті. Мерейтой, яғни қаланың 250 жылдығы болатын.

Тым кешкі мезгіл еді, стадион сан мыңдаған адамдарға лық толып тербетілді, бүкіл жарықтармен жайнады, түрлі–түсті афишалармен және бұрын-соңды болып көрмеген электронды жарнамамен әспеттелді. Мерекеге келген қалың топ, көбісі жастар, өздерін керемет сезінді, олар көтеріңкі көңіл – күйде еді, таудан соққан кешкі салқын баршаны сергіте түсті. Және де барлығының көңіл – күйі сауық – сайран мен таусылмас көріністерді қалады.

Солай болды да. Құлақ тұндырар әуен көңіл аулаған сарынмен стадион үстінен төгілді, сахнада барлық хореографиялық стильдегі билер балеттен жеке биге дейін алмасты, соған сай костюмдер мен декорациялар өзгертілді, бірақ, әрине, осынау барлық әсерлі кештің иесі сахна жаулаушысы, ең басты еліктіруші Айдана Самарова еді! Осынау бүкіл думанды рок – концерт оның, жұлдыздың маңайына қиюластырылып, топтастырылды! Және де, шынында да, ашық стадионда күшейткіш динамиктерден аспанға әуелей ұшқан оның таза, терең дауысы, оның келісті, бойшаң, ойнақы фигурасы, оның өзіне жарасымды артық-ауысы жоқ жалаңаш кейіптегі әдемілігі және де оның нөмерлеріне біргелікте қатысқан жанындағылар әуен ырғағымен сезімталдықпен тербелген бойжеткендер мен бозбалалар, сұлулар мен серілер, бұның барлығын қосқанда, қалың топтың бойында тартымды карнавалдық құштарлықты өршітті. Бәрінің де сахнада онымен, Айданамен бірге болғысы келді. Бүкіл стадион көкке бірге көтерілген қолдардың нөпірінен тербетіле шаттанды. Тек ол ғана ойлады: “Опера құдайы сәнге айналған эстрада ханшайымына айналды!”. Бірақ ешкімнің де оның ойымен шаруасы жоқ–ты. Керісінше, өршеленген қалың топ Айдананың дуэттегі әріптесімен бірге қатардағы әндердің бірі “Лимузинді” орындағанда жарылуға шақ қалған ең жоғары биігіне жетті. Бұл “көршінің” - өзбектің жай ғана қатардағы әні еді, ән түпнұсқада орындалды, бірақ өзбек тілі мұнда бәріне түсінікті. Шығыстық – модерн музыкасы қалың топты таныс әуенімен өзіне тартты және де стадион үстінде электронды дауыс атқылағыш ырғағына сай клип жан–жаққа тарады: “Сен мени севярсинми? Сен мени севярсинми?” (Сен мені сүйесің бе? Сен мені сүйесің бе?), “Лимузин берарсинми? Лимузин берарсинми?” (Лимузин сыйлайсың ба? Лимузин сыйлайсың ба?), бұған әріптесі шалт қимылды биімен әндете: “ Мен сени севярмин, мен сени севярмин” (Мен сені сүйемін, мен сені сүйемін), “Лимузин берармин, Лимузин берармин” (Лимузин саған сыйлаймын, лимузин саған сыйлаймын) деп жауап қатады.

Осы кезде басталды дерсің! Барша сан мыңдаған қалың топ бірдей қимылмен тербетіле, ежелгі сөз қолданысын үдете, көпке ұмтылған қолдарымен: “Ли–му–зин! Ли–му–ин! Ли–му–зин!” деп мәнерлей қоштады.

Ал осы кезде етек–жеңі көлдей экрандарда, олардың саны төртеу болатын, стадионның төрт қапталында, бір мезгілде тиесілі клиптің кадрлары көрінді: аса мерейлі үсті ашпалы лимузин – кабриолетке мінген қос ғашық жұп, Айдана мен оның сері - әріптесі жүйткіп барады. Бірін – бірі алма-кезек алмастыра айдап, олар жарнамаға бола түсірілген ғажайып табиғат көріністері жанынан: бірде қарлы жоталар маңынан, бірде көгілдір көлдің жағалауы бойынан, кейде көпірлер арқылы, далалардың ортасын қатты жылдамдықпен басып өте шығады және де лимузин соңынан тобымен құстар пырылдай ұшады. Мінеки, әлдебір қала сыртындағы парк ішінде лимузин тоқтады, олар көліктен бірге түсті, бақытты жұп жарқыраған жарнамамен өзіне еріксіз тартатын мейрамханаға құшақтаса бет алды, содан соң тағы да лимузинмен зуылдай жөнелді.

Арсен Саманчин ұяттан жарылардай қайда кетерін білмеді. Бірақ ол қолпаштаған қалың топпен салыстырғанда кім болыпты? Және де ол өзінің қоңыраулата үн қата бастағанын ұғынды: “Ли–му–зин! Ли–му–зин! Ай–да–на! Ай–да–на!” Өзгелер секілді...

Ал қорытындысында мүлдем күтілмеген және айшықты, мерекелі, ғажайып көрініс басталды, көз жетер жерге дейінгі барлық кеңістікті жарқыраған саналуан түсті ұшқындардан шашу шашып, фейерверктер түн түндігін сәулелендіре түріп жатты. (Қандай зор қажыр – қайрат! Жарайсың, қала мэрі! Өйткені, мұндай тірлік тек оның ғана қолынан келеді! Ал кім бұған қозғау салған? Әрине, Эрташ!). Бір қызығы, фейерверктерді атқылау әдеттегідей, жақын жерде, салтанат өтіп жатқан таяу маңнан емес, ұзақта, қала сыртында өтті. Қуатты ракеталар қала тұсындағы таулы белестердің биігінен атылды және де әр жарқылдан кейінгі жарқыраған оттар бас айналдырар биікке көтерілді. Көрініс жанарды жаулап алатын өзгеше еді. Және де ол ойлады: мұндай ауқымды көріністі кім бастауы мүмкін? Әрине, ол – Эрташ Курчал. Және де мұның барлығы қаланың мерейтойына арналып жасалса да, шын мәнінде, жұлдызды әнші Айдананың атақ–даңқына орайластырылған еді. Себебі, музыка думаны жалғасты және де мерейі асқан лимузин қуанышы тасыған жұппен бірге бұрынғысынша кең көлемді телеэкрандарда зуылдаған күйі зымырай берді, сол уақыттарда фейерверктер биіктен-биікке көтеріле, түнгі аспанды көз қарықтырар жарықпен сәулелендірді. Барша аспан асты әлемі жұлдызды рухпен нұрланғандай әсерге бөленді...

Және де сол сағатта жарық дүниеде ешкім, бірде бір адам білмеген бір нәрсе болды...

Жарқылдаған от шашулардың бұрқ етіп тым биікке көтерілгені және жерді жап–жарық нұрландырғаны тау жоталарына жетіп, ұзақты қамтығаны соншама,таудағы құстар оянып,шулай бастады және асу астында әдеттегідей сарыла қажыған Жолбарыс дүр сілкеніп, ұйқысы шайдай ашылды. Ол тұрып, жоғарыға, таулар лықсып атқылағандай ұзақтағы оттарға қарады. Жоқ, бұл аспанды шарлап ұшқан жұлдыздар емес–ті, өзгеше, әдеттен тыс нәрсе болатын. Аң жасырынуға әрекеттенді, болмады,бәрі босқа кетті. Күнбе –күн осы жерге Жолбарыс бостан-босқа келгендей,оған бұл жер асудан асып, өзге, биік таулы әлемге аса алмайтындай көрінді. Тағдыр оған жәрдем бергісі келмегендей, осында қасарыса ұстады. Тағдырдың қолынан бәрі келеді, бірақ неге екенін қайдам, оған аластатылған Жолбарыстың осында қалғаны жақсы еді. Бұның себебін қалай білерсің? Тағдыр қашанда үн–түнсіз... Бірақ мерекелік от шашудың ұзақтағы сәулесі сол түні Жолбарыстың назарын аударды, мүмкін, көктегінің белгісі шығар...

Ал стадион рок–концерт ырғағында әлі де хормен мәнерлеп айта, қайнап жатты: “Ли–му–зин! Ли–му–зин! Ай–да–на! Ай–да–на!” деп.

“Мінеки, ол көтерме мәдениеттің лимузинімен зымырап кетті!–деп Арсен Саманчин күйінішпен ойлады.- Ал енді “Мәңгілік қалыңдықты не етпек?”. Және де ол кейіннен аялдамада әртүрлі шетелдік көліктер арасында қалдырған өзінің “Нива” машинасына қарай екі квартал жүргенде оған тағы да бір ой келді: көтерме мәдениетке құмар қазіргі таңдағы өмір аспан мен жердей айырмашылықты орнықтырды! Елде қаншама кедейшілік, қандай жұмыссыздық! Жап–жас адамдар тұтастай шақырымдарға созылған көше жағасын бойлай, “Жұмыс беріңіздер!” деген плакатты ұстап отыр, олардың көпшілігі елсіз қалған ауылдардан келген. Бұл адамзат қауымдастығына үн қату, яғни қоғам жаңа ұрпақтың қажеттілігін қамтамасыз етуге қабілетті емес, қазіргі заманғы дүние оларға: сен қоғамға керек емессің, көзден жоғал дейтін секілді. Ал біздер, іс қасында жүргендер өзіміздің лимузиндерде алға қарай зымырамақпыз.

Ол осылайша ойлап, өзінің кеңес кезіндегі “Нивасымен” түнгі көшелерде келе жатты, бұдан жақсы машинаны ол тілемеді де, бұған үйренген, әрі басқасына қалтасы көтермейді! Бәріне бірдей лимузин қайда. Ал оның, Айаның лимузині бар болса, не етпексің. Ендігіде ол супер жұлдыз, қол жетпес биікте, күзетпен қоршалған, қоңырауларға жауап бермейді... Бұрынғы күйеуімен, әй қайдам, қосыла қоймас, мінеки, көп жылдан бері салынып ішіп кеткен деп айтады. Төрелік айтуға болмайды. Өмірде бәрі болады. Әркімнің өз проблемасы... Алайда әрі–берісін есептегенде, егерде заттың мән–жайын бағамдап тексергенде, егерде ішкі дүниесіне еніп, Айдана Самарованың шұғыл іс-әрекетін қабырғамен кеңесіп, ойластырғанда, опера солисінің бірінші сыныпты вокальдық көрсеткіштерімен, оның орны Миландағы сахна еді, сондықтан да оның лезде поп–мәдениет мұнарындағы таңқаларлық жұлдызды танымалдыққа бола үзеңгі қағысқанына көндігу өте қиын–ды! Осының бәрі арқылы қаншама ақша құйылуда!

Тоқта! Бұл оның ісі, оның құқы! Ал сен ат үстінен түскенсің және азаптанасың, бұрқ–сарқ боласың, ғайбаттайсың... Әділдігін мойындашы, деп Арсен Саманчин өзін жазғырды, бәсекелестер әлдеқайда күшті болып шықты! Кімсің сен, журналист, мейлі тәуелсіз бол, мейлі белгілі бол, ал ол ше. Сондай әртүрлі орбиталар. Бірі–бұқаралық бизнес ғарышында, екіншісі – бұқаралық ақпараттың құмырсқасы. Содан соң, махаббат сынақтарға қашанда тола, әйтпесе, оның азабы да қуанышы да, күйініші де, апаты да болмас еді... Ия, болады, таудан көшкін лап етіп құлайды, ешкім тоқтата алмайды. Әрбір махаббаттың өз тарихы, өз қайғы–қасіретінің бағасы болады. Ал сен болсаң, өзіңнің жеке қайғыңды жаһандануға, бұқаралық мәдениетке таңғың келеді. Саған ерік берсе, құдайларға да жетпексің, олардың сақалдарынан ұстап, әурелемексің... Қарай гөр қандай нағыз адвокат, өзін - өзі қорғаушының табылғанын. Есіңде жи!

Сен өзге сұраққа жауап беруге және басқаларды сендіруге тырысып көр. Мінеки, сен әлі де бұқаралық мәдениетті жазғырасың, ол барлық тәсілдермен сенің “Мәңгілік қалыңдығыңа” қарсы тұрады және шеттетеді– міс (біріншіден, ол тек сенікі ғана емес, бірақ бұл басқа мәселе!). Айтып көрші, “Мәңгілік қалыңдықтың” бұған не қатысы бар, бұл сендерге қалай және қайдан ғана келді, сендер Айамен оңаша өздеріңмен өздерің өзге дүниені ұмытқандай болғанда, махаббат толқыны сендерді көмгенде, бұрынғы бүкіл ғұмырларыңды осынау сәтті күту үшін ғана жаратылғандай және махаббаттың шынайы табиғатын тағдыр сыйлаған сырындай тану мүмкіндігіне қол жеткізгендей болдыңдар. Күлкілі сияқты көрінді: өйткені, сендер бозөкпе жастар емессіңдер және де бұған дейін екеуіңде де өз тәжірибелерің болды, бірақ тағдыр өткеннің олқылықтарынан құтқарды және сол үшін Европада ерекше орынды, төбешіктегі көне паркті, көне қорғанды даярлады. Және де жұп–жұмыр ай жоғарыдан, бұлттар арасынан сендерді ойға шомып бақылады. Сол күні және сол сағатта сендер өз кездесулеріңді әзілді түрде біздің махаббатымыздың премьерасын тағдыр біле тұра, алдын–ала белгіледі дедіңдер, сонда ол отыздың ар жағында, ал сен – қырыққа тақау едің. Бірақ мәселе онда емес, бар гәп сол күні сендердің көз алдарыңда, қос ғашықтар жанына тура өңіндегідей Мәңгілік келіншектің қалайша пайда болуы, тізерлеген күйі өзін аман сақтап қалуды өтінгені, керемет дауысын жарық дүниедегінің барлығы есітуін, ән салғанда өзінің жанын салып, сағыныш сазын төгіп, өзін “Мәңгілік қалыңдыққа” айналдырып жібергенін және де кімді іздесе, соны табуын сыр етіп ашуында еді. Мінеки, сол кезде көз алдында елестеткен кездесу сәтінде шығармашылық ой–пікір опера идеясы және осы ниетпен байланысты туындаған секілді. Ия, Мәңгілік қалыңдықпен кездесу соншалықты шынайы болды деп, сендер ант–су ішіп, аман – сау сақтаймыз, оның өміріне театр сахнасында опера арқылы енеміз, сол рольде Айаның әні арқылы, өйткені, оның өзі, Айдана сыбырлай сөйлеп, сөз берген, “Мәңгілік қалыңдықты” қашан тірі жүргенімше шырқаймын деп өзгелерді сендіріп көрші.

Тоқта, тоқтай тұр! Мұндай таң–тамашаға, мүмкін емес кереметке кім сенеді? Ақыл–есі жайында адамның қайсысы болмасын айтады: бос сөз, бұның бәрі ойдан шығарылған, миф, аңыз, ертегі, бұның барлығы әпсана, сол үшін де діни қиял – мыс деп.

Өзгеше ешқандай да іс-әрекеттің болуы, сөзсіз, мүмкін емес. Алайда, Мәңгілік қалыңдықтың жерге тән емес құбылысы Арсен Саманчиннің жан дүниесінде оның бейнесін метафоралық түрде қабылдауды туындатты (әйтсе де, дәл солай көз алдына елестету жайын сол сәтте Айдана да бөліскен–ді, сонда бұл олардың көңіл иірімдері еді, ал одан соң не етпексің, Айдана жүрісінен жаңылды, кері кетті, “лимузинге мініп шаң қаптырды”, шындығында,оны жүрісінен жаңылтты, бизнес тұтқынға алды, бірақ қазір мәселе ол туралы емес). Бейнебір оның жетімсіреген жан дүниесіне жоғарыдан жолданған секілді бүкіл жәйт тұтасып кетті, айнымас сенімі мен түгесілмес көңіл иірімдеріне айналды. Өйткені, ешкім Құдайды көрген емес, бірақ адамдар оған сенеді, Құдай бар дегенге сенеді. Мінеки, осылайша сенімі қалаған бейнеге және оған деген махаббатты бүкіл дүниеңмен жан бітіру арқылы келетін болса керек.

Дәл осындай жағдай олардың басынан сонда, Хайдельбергте өткен–ді. Ол жерге олар Хайдельбергтегі музыка қоғамының шақыруы бойынша келген еді. Айдана Самароваға жалғыз ғана бір өзінің концертімен шығу қажет болатын. Ол үлкен табыспен өтті. Әрине, Хайдельбергке шақыруда оның, Арсен Саманчиннің де елеулі түрде үлесі бар екендігін ол білді. Оған жақын адамдар – журналистер, музыканттар, достары да ықпал етті.

Ол жақтағы меломандар үшін классиканы шырқайтын Айдана экзотика еді. Европада қабылданғандай мұндай эксклюзивті гастрольдерді өткізу барысында жер – жерлерге афишалар ілінді, ол жөнінде жаңалықтарда хабарланды, оның шырқалған әндерін теледидарларда көрсетті, газеттерде рецензиялар жарияланды. Ал Айдана Самарова көне Хайдельбергтегі діни кирхада өнер көрсетті. Ғибадат жасайтын жайды зайырлы іс – шаралар үшін ұсыну неміс протестанттарында ерекше мәртебе болып есептелінеді. Жанды вокал кирханың зәулім шаңырағы астында тәңірлік әуенге ғасырлар бойы сайма –сай етіп жасалынған ғажайып ұзақ дыбысты акустикамен күшейе түсті. Фортепьяно мен органның қос орындауында Айдана итальян, орыс және неміс тілдерінде ән айтты. Әнші қырғызша, туған тілінде бірнеше әндер шырқады. Қол шапалақтау ұзаққа созылды және де кирханың хоры мен залда лық толған тыңдармандар көзінің рухани шаттықтан нұрланғанын айтсаңшы.

Табыс пен шаттықтың ыстық буы олардың ғашықтық сезімдерін күшейтті, жақындастырды, олар әманда бірге болғысы келді. Нақ сондай шабыт үстінде олардың есіл–дерті Мәңгілік қалыңдық жайлы еді, концерттен соң және олардың құрметіне орай кирхамен көршілес мейрамханадағы кішігірім қабылдаудан кейін олар көне Хайдельберг қорғаны жанындағы тау үстіндегі паркте екеуі ғана серуен құрды, оларды құрметті қонақтар ретінде осы күндерге жайғастырып, өздері қалаған оңашалануды қамтамасыз етті. Көңіл–күй көтеріңкі болатын. Қорғанның вестибюліне орналасқан барда аз–кем отырып, вискиді бір–бір ұрттап, аллеяларды бойлап серуендеуге және де шықты, жоғарыдан түн жарымында ертегідей құлпырып, жарқыраған орта ғасырлық қаланы тамашалады. Орындыққа жайғасып, музыка жайлы сырласты. Және де кенеттен Айдана оған сауал тастады:



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет