Ия, жедел түрде тірлікпен шұғылдануы керек еді, қашанға дейін өзін-өзі жұлып жеп, жерге тірідей көме бермек? Жұмыс бастан асады. Компьютерінің қоржынында түрлі редакциялардың жедел күтіп жатқан енді ғана қолға алған, бастаған және асығыстықпен аяқталмаған қаншама мәтіндері сарыла күтуде. Өзі кінәлі: әртүрлі тақырыптардың басын шалады, ағымдағы көсемсөзден гидроэнергетикалық мәселелерге дейін және өзге де ойларды қопарады. Ал нәтижесі ше? Оның аяқталмаған мақалалар үйіндісі бұрын дәл мұншалықты ешқашанда болмаған–ды. Бұндай келеңсіздіктің барлығы ең алдымен, тәуелсіз журналистің кебін киіп жүргендіктен. Бостандық! Ешкімге есеп бермейді, оған басыбайлы ешқандай бақылау жоқ. Қалай өмір сүремін, өзім білемін... Бұндай да бола ма?
Семген махаббат пен өшкен идеялардың жанды жұлмалаған өкініштеріне бола жанын босқа күйдірмеу үшін, өзіне-өзі кейіп, Арсен Саманчин осылайша көңіл күйіне беріле бастады. Қарғыс атқыр капитализм өз дегенің істеуде! Өз дегені болуда және де ащы ішектей шұбатылған оған ешнәрсе де кедергі келтіре алмауда! Ал жалпы алғанда, капитализмнің бұл тірлікке не қатысы бар? Қатысы бары сонда, идеяны тауар секілді сатып ала алмайсың, идеяны сата аласың, идеяға тосқауыл қоясың, ақшаға барлығы да мүмкін. Ал сен осындай жағдайда бөтенсің, сатып алынбайсың, сатылмайсың, сен ары–берлі көшіп жүрген сандалманың бірісің, мінеки, алар сыбағаң. Маңдайға маңдайыңды соқ, көпке қарсы кісікиік саяқ. Алайда, бәрібір емес пе, төбелеу ме, төбелеуге әзір, ешқайда қашып кетпейді. Бірақ дәл қазір емес. Барлық істе, мейлі ұсақ болсын, өзінің тактикасы мен стратегиясы болуға тиіс. Бірақ қазірше бұның барлығы туралы ұмытқан жөн! Ол Бектұр аға келеді және бәрі де басқа арнамен ағады дегенге иек артып, өзіне деген сенімді күшейте түсті. Күн тәртібіне мүлдем басқа мәселе көтеріледі, алғы шепке өмірдің басқа қыры шығады. Әңгіме шын мәнінде сақиқалы болады, өйткені, сөз іс жайлы, үлкен бизнес туралы болады...
Және де сол уақытта, өзін-өзі осылайша басып, Арсен Саманчин бейнебір Мәңгілік қалыңдық алдында ақталғандай болып, өзін жұбатты. Ол өзі емес, оны өзінің тар бөлмелі жеті қабатты үйіндегі әбден мінілген сықырлауық, тарс–тұрсы көп лифтіден енді ғана шығып, есік сыртында есітіп тұрғандай қалыпта өзіне ұқсас сыңары секілді оған ойша үн қатып сыбырлады. Ол естілер–естілмес сыбырлады, тіпті кешірім өтінгендей: сәл күте тұр, азырақ шыдай түс дегендей. Құдай сәтін салар, амалдап бір нәрсеге қолымыз жетер деп. Сонда мен сендерді сені, Айдананы және ұлы, классикаға нәрленген музыканың басын қосамын! Айдана сахнада, ал сен сахна сыртында, жанында тұратын боласың, бәрін де өзің тыңдарсың және көрерсің. Тек қана шыдашы. Және де соңыра, ойлансаңшы, Айдана кінәлі ме? Түсінсеңші, өзінің қалауы бойынша ол бас тартқан жоқ, оны да ұрлап әкетті, баяғыда сені сияқты, бірақ өздерінше, қазіргі замандағыдай жолынан адастырды, еліктірді, айлаларын асырды, сатып алды. Егер де бұрынғы уақыттарда сұлу әйелді атқа мінгізіп, алып қашатын болса, онда қазірде оны доллар салынған қаптың үстіне шапшаң көтеріп салады, әйелдің өзі–ақ тездете шаба жөнеледі, ал ондай үйірге иелер, миллионерлер және әрбірі өзінің үйір-үйір долларларын қайтарып, бағып–қағады. Мінеки, осылайша өмір сүрудеміз. Өзге жолы жоқ, бәріміз нарық экономикасында сапырылысып жүрміз. Және де ешкім кінәлі емес, нарық экономикасы бәріне билік етеді. Бірақ бәрібір егерде ойлансақ, кінәліміз. Кінәліміз, осылайша бағынып өмір сүргенімізге, біздің бәрімізді түгелдей басыбайлы мәжбүр еткеніне. Ой, мені негедүр әлеуметтану мен саясаттың шытырманы өзіне тартып бара жатқанын қарасаңшы. Сен тек қана бұны өзіңнің жүрегіңе жақын қабылдама, саған бұл түйткілдердің құны көк тиын. Ия менің оталып кету себебім, жай әншейін, сөз реті келген соң ғана. Кешір және маған сене бер, күт, Құдай қаласа, әлі де жолығамыз. Жоқ, тоқта, бір минөтке кідіре тұршы. Мені және де бір нәрсе іштей үнемі жегідей жейді. Бәрін де бірте–бірте ойланасың: ол өзін онда қалай сезініп жүр, шынында да, жер–жерлерде жапсырылған жарнамадағыдай бақытты ма, жарығы төгілген сахнадан көрінгендей ме, әлде жанының бір түкпірінде өзі жасырынатын, бәлкім сонда жылап, көңілі босайтын, не істеу керек, қалай өмір сүру қажет дей алатын бір қуыс бар ма деген сауалдар көкейге оралады. Ол мекен шеттеп жүрсе де, оңай емес шығар, бірақ оған біздерге Хайдельбергтегі паркте әлем өзгеше реңге боялған сәтті ұмыта қоюы екіталай болар. Мәңгілік қалыңдық, оны өзің де көрдің ғой, сен біздің екеумізді бірге көрдің, ал енді мінеки, біздер екі жаққа қарай кеттік.
Дәл осындай тым–тырыс кеңістікке үңіле ол үнсіз сыбырлады және де осы арада өзін ақылға келуге әрекеттенді: “Есіңді жи, жисаңшы есіңді, сенің тоқтау білмес арынды болмысың тағы да қайда жетектеп барады? Неге басыңды сұға бересің? Кіммен алыспақсың? Сен бір өзің жанталасасың, бірдеңе жазып, сызасың, пәлсапа соғасың, қолдан келгенше олигархтардың діңкесін құртасың, ал олар қазіргі заманның доллар–байлары, әлемдік рынокта өздері басқосуда, бастарын жинап, сыбайласуда, жең ұшынан жалғасуда, бірде сенің ағаң Ардақ күлкілі түрде айтқанды–ды, сен ол сөзді бір жерде пайдаландың да, бірақ олар бұны елеген де жоқ. Сондықтан сен олар көптің бірі секілді ешкім де емессің, рынокта кімнің салмағы болмайды, ол-түбі тесік шелек, бұралқы қаңғыбас. Ия, кейде оларға, доллар-байларға қазірде Құдайдың өзі қызмет етіп, олардан көзін екі елі алмай, сақтап жүретіндей көрінеді. Не бопты? Қазірде Құдай – ғаламшардың банкирі ғой. Тоқта, мен енді қайдағы бір нәрсені мыжи бастадым – ау. О, тәңірім, мендей күнәкарды кеше гөр! Жазала және кешір! Ех, мұндай елден ерек ақ қарғаны, мұндай бір нәрсені өзгертуге құмар кеміргішті тұп – тура мұхитқа апарып, жарық дүниеде ізін қалдырмай, батырып жіберсе дұрыс болар еді, кейін бал аша берсін, суға батқан сол ма еді, сол емес пе деп... Әйтсе де, мұндай кеміргіштер адамзат баласында ешқашан тыным таппайды, олар әлемді де, өздерін де мазалай береді. Сондықтан, бұдан “әлеуметтік қорытынды” өзінен - өзі туындайды: замананың үздіксіз, жарымес, жұлқынған қорылы жан – жақтан естіледі, себебі, бүгінде, атамзаманнан бері аспан мен жер арасындағы әлемдік құрылымда үйлесімсіздік патшалық құруда, бір нәрсе болмай жатыр, жалғана алмай үзіле беруде және де жерде әділдік ешқашан болмайды... О, Құдай, мен тағы да мылжыңдай бастадым... Мұнда кезек күттірмес үй шаруалары тұр, ал мен болсам...”
Және де ол пәтерін жинастыруға кірісті. Бектұр аға іскер адам, қатал кісі, егерде жөнсіздікті сезсе, бетке тура айтады. Сондықтан да, колхозында тәртіп болды. Кім болмасын, немқұрайды қарайтындарға ескерту жасайтын және ешнәрсені ұсақ – түйек де есептемейтін, көңді жол шетіне тастадың ба, жинаттыратын! Жиған шөбің бір жағына қисайып құлайын деп тұр, мас болып үйгенсің бе, өзің қандайсың? Ал сен өз бау–бақшаңдағы арықты шошқаханаға айналдырыпсың, тазалай алмайсың ба, дейтұғын. Ауылдастарынан тәртіпті талап ететін және әділ болатын.
Осыларды жадында жаңғыртып, Арсен Саманчин асыға – үсіге кіре берісті шаңсорғышпен тазалауға кірісті. Пәтердің барлық жерінде шашылып жатқан газеттерді, әртүрлі жылтырақ, оқылған және оқылып бітпеген журналдарды бөлек – бөлек үйіп қойды. Кейін айнадағы және ашық қоңыр түсті пианиноның лак жағылған үстін аса ыждахатпен және ерекше ұқыптылықпен шаңын сүртті. Оның пәтер үйіндегі ең әдемі зат пианино тек қана әмбебап музыкалық құрал ретінде ғана емес, онда Айдананың өзі ойнайтындығымен ерекше құнды болатын. Ол екі рет ойнаған еді. Бүкіл кеш бойы және түн ауа ойнаған – ды.
Ол болса да, есіту қабілетімен ғана үстірт ойнайды, ал Айдана тамаша пианист. Оның ойнау шеберлігін тыңдау адамды рахат сезіміне бөлейтін, оның тұла бойында Европаның тым ұзақтағы жаңғырығы тұнып тұратын. Арсен қайран қалатын, оның қолдары музыкаға арналған, жарқыраған көздерінен бейнебір музыканың өзі өмірге келеді деп есептейтін. Арсен Саманчиннің шыдамы жетпеді, өткеннің сағынышы баурап алды, тізесін бүгіп, оның сол кездегі орындаған әуендерінің бірін еске түсіруге әрекет етті. Тағы да мұң басты. Ол мұнда енді келмейді, пианино жанында отырмайды... ал пианинодан төсек орнына дейін оның титтей пәтерінде небәрі үш – ақ адым және онда да өзінің музыкасы бар еді... Оның жан әлемі Айдананы сатқын деуге қарсыласты, іс жүзінде шынында да, солай болғанымен, барлығына қарамастан, Айдана Самарова ешкімге бағынышты емес тағдырдың құрбаны болды дегісі келді.
Телефон қоңырауы шалынды. Бұл Бектұр ағайының жүргізушісі Итібай еді. Ол жолға шыққандарын хабарлады...
Қарсы алатын уақыт та таянды. Және де бірнеше минөттерден соң, Арсен Саманчин киініп, галстугын тағып, алдын – ала әулеттеріндегі жасы үлкен адамды өз жөнімен қарсы алуға аулаға шықты. Бұрынғы замандарда мұндай мейман келерде оны құрметтеп қарсы алатын, салт атын тізгінінен ұстайтын, ал өзін қолтығынан демеп, аттың ерінен түсіретін, атын байлайтын, тартпаларын босататын. Содан соң, атына сұлы беретін, бәрібір қазіргідей келген қонақтың автокөлігіне жанармай құйған секілді...
Және де бес минөттен кейін, қиялдағы ат дорбасындағы өзінің қонағы сұлысын жеп жатқанда, қымбатты ағайыны Бектұр аға автамобильімен, онда да қуатты жапондық көк түстес джипімен жарқыраған фарымен, алты жүз аттың күші бар двигателімен арғы тұстан ауласына еніп, кіре берістегі үйіне жақындады. Әне-әне, осындай джип, кез–келген жерде жүре беретін көліктер тауда көп болса ғой, шіркін. Бірақ қазірше Араб Эмираттарының бірінде сатып алынған Бектұр ағаның көлігі бүкіл Тұйықжар округінде жалғыз ғана болатын, тіпті, кәдімгі арбалар – “Жигули” мен “Москвичтер” де ауылда саусақпен санарлықтай еді, бұдан өзге болмаушы да еді, халық күнін зорға көретін, тіпті, бұрынғы колхоз беретін азын – аулақ табысынан да айырылған–ды. Жалдамалы ғасыр болатын, бірақ бәрібір күнелтетін... Ал ендігіде, әрбірі қолынан келгенше күнін көруде, ауыр мехнатпен немесе ұрлық – қорлықпен табыс табуда және алдан ешбір жарық көрінбейді деуге болады. Айтады: бизнеспен шұғылдан деп, қайда сол бизнес, картоп қазасың, шөп жинайсың, тағы не бар? Оның есесіне бостандық деген бар. Бірақ молшылықсыз бостандық та ой – хой қандай оңай емес, бос тірлік қана. Қазірше ауылдағы барша қырсықты өтпелі кезеңге аударуда: мінеки, нарықтық қатынасқа аттап өтелік, жүрісімізден жаңылатын болмаймыз деп. Күтіп болыпсың! Бір ақымақ тіпті, түкке алғысыз бірдеңені ойлап тауыпты: сәбилерді де нарықтық қатынасқа сай туу керек деседі! Бұдан артық не айту керек! Ауылдастардың қандай автокөлігі жайлы айтпақсың, егерде орта ғасырдағыдай жүктерді есекке арту жиілей бастағанда. Әлі де маршрутты көліктердің жүре батағаны жақсы болды. Ал жастар бас салып, қалаға кетті және олардың тұрмыс жайы сол жерлерде сығандардыкіндей, жұмыссыз,үйсіз- күйсіз...
Бірақ кейбіреулер бизнес-заманның жомарттығынан өз үлестерін қарбып қалуда. Тіпті, тау қойнауларынан сауда–саттық үшін жабайы бал жинай бастады, бұндай жәйт бұрын мүлдем болмаған–ды. Балды сыйға тартатын, өйткені, бал–тәтті, кәрі мен жас үшін тәтті дәм болатын, сауда– саттыққа пайдаланбайтын. Бірақ бұл сөз орайы келген соң айтылды, әйтпесе, бас ауыратындай тірлік емес...
Сол арада джиппен Бектұр ағайдың өзі де келді. Мінеки, бұл өзге емес, айтулы тұлға Бектұр Саманчин аңшылық бизнес-өндірісін ойлап тапты, оның жұмысын жыл он екі ай бойы жүруін қарастырды. Түрлі маусымда әртүрлі жабайы мақұлықтарды аулады, мұнда “Марко Поло” деп аталатын тау арқарлары және аңға салатын құстар бар, енді мінеки, ерекше бап арқылы арынды бизнесіне қар барыстары да қосылды. Жарайсың, Бектұр аға, пәлен–түген дейтіндей ешнәрсе жоқ, істің оябын тапты, ақылға бай адам...
Машина тоқтады, Арсен джиптің мол пішілген есігін ашып үлгерді, күлім қаққан Бектұр аға жерге түсіп, сергек түрде қол аласып амандасты, соңыра екеуі құшақтаса қауышты. Ия, көзге түсетін, байыпты жан–беті де, тұлғасы да, әсіресе, қалың сақалымен жанарды жаулап алады. Олардың әулетінде барлық еркектер көзге ерекше көрінетін, соның ішінде Арсен де, тек Арсен өзге Саманчиндер секілді сақал–мұртын өсірген жоқ.
Олар тағы да жақын туыстарша қос қолдап амандасты, әрбірі бір– бірінің алақанын өзіне тарта қысты, бір–біріне иіле тағзым етті, жылы, жарқын күлімдеді. Және де ең алдымен Бектұр аға сүйекті ірі қолын кеудесіне қойып, тіл қатты:
-
Құдайға шүкір, аман есенбіз! Біз қашаннан бері көріспедік, Арсен екі ай болған шығар, әлде одан көп пе?
-
Ия, аға, меніңше үш ай болды.
-
Мінеки, көрдің бе! - деді Бектұр аға қасын көтеріп. – Мен анда- санда қалаға соғып жүрдім, бірақ саған жолыға алмайтынмын. Жарайды, мейлі, ендігіде бізбен ұзағырақ боласың. Өзің түсінесің.
-
Ия, аға, түсінемін, әрине. Ал кездесе алмаған себебіміз, мұнда түрлі істерге шаншыласың, олардан қашып құтыла алмайсың. Жарайды, тағы да сөйлесе жатармыз. Ең бастысы – кездестік...
Әрине, ол Айданамен арада не болғанын, оның үстіне осы мәселе бойынша кімнен бетпе–бет текетіреске тікелей түскендігі және кімнің бұны шетке лақтырып, ғашық жанынан мәңгіге бас тартқызғысы келгендігі, сөйтіп, жалпы алғанда, қоғамдық өмір кеңістігінен қуалағаны туралы осыларға жауап ретінде ол, оның туысы, Арсен не істемек жайлы әңгімелегісі келмеді. Әрине, бұндай болуы мүмкін емес–ті, әңгіме бағытын мүлдем бөлек, тек қана іскерлік сипатта өткізу белгіленген – ді. Бектұр аға да жуырда Тұйықжар тауы жағынан сол үшін ғана келіп еді.
Олардың жайдары, туыстарша жаймашуақ кездесуі жандарынан өтіп жатқан көршілердің бойында жылы көзқарас пен нұрлы күлкіні туындатты. Аула ішінде күнқақты болған шорты мен мәйке киген шоқ мінезді екі бала, бірі – жетекке алған итімен, Бектұрдың джипінің жанынан айналсоқтап шықпай қалды. Аулада әртүрлі машиналар тұрғанымен, осынау әмбебап көлік оларға ерекше әсер етті. Олар бірін – бірі бүйірінен итере, әлде не жайлы өзара шүйіркелесе сөйледі, өрімдей жеткіншектер көше бойлап, дәл мұндай қуатты машинаға мініп, өзгелердің баршасын таңқалдырып, сайран салғысы келгендігі түсінікті жәйт болатын-ды.
Бұның барлыған Арсен байқады, байқаусызда джипке жанарын бұрғанда–ақ, оның жаны жадырап сала берді.
Осындай тамаша сезімдер қоршаған өмірден шынайылық пен мейірім көріністерін көргеніңде, көбінесе, бойыңды баурайды. Осындайда сендерге де жақсы, біздің бәрімізге де жақсы деп айтып салғың келеді! Тіпті, сол жаздың таңғы мезгілінде сондай бір мейірін шашқан, шынайы көрініс болатын, әлі де ыстық жалынын шашпаған күн өзінің жарығымен көз жетер кеңістіктің бәрін де нұрландыра бастады, қас – қағым сәттің бақытын жер бетінде өмір сүретін барша мақұлықтарға да сыйлады және де адамдар қуанышына бейнебір қатысқанындай масаттанды.
Мінеки, әманда осылайша, әлемде үйлесімді өмір сүруге деген талпыныс болса ғой, шіркін. Бірақ, айтады, әлдеқайдан, бұлттар арасынан әлдебір қабағы қар жауған көз қашанда қарап тұрады деп. Мейлі, қараса қарасын...
Олар іскерлік мәселелерді қарауға кіріскен шақта да, жағдайдың оңғарылатындығын және сенімділігін түйсінуі Арсен Саманчинді бір елі де тастап кеткен емес. Бектұр аға өте тыңғылықты және ақылға дөп келетіндей ой-пікірлерімен бөлісті, оның тұла бойында шаруаға, тірлікке деген мықты тірек бар еді, оның уәждері және пікірлерімен келіспеу мүмкін емес–ті.
Ол аң аулауға арналған ресми құжаттарды лицензиялаудан бастап, бәрін де ойластырды, негіздеді, жоспарлады, онда жекеленген пунктте қар барыстары қарастырылып, оларды атып алуға рұқсат және де табыстан түскен салық жайы да ескерілді. Араб ханзадаларын осы шарттардың бәрімен де бұрыннан-ақ таныстырды. Олармен арадағы келісім–шартты ағылшын тілінде әзірлеуге өткен көктемде–ақ Арсен Саманчинің өзі көмектесті. Бұл жөнінде ұмытыңқырап та кеткен–ді, бірақ енді мінеки, іс жүзінде араласуына тура келді. Өйткені, Бектұр Саманчиннің ағылшын тілімен “білмеудің тұтастай проблемасы” болғандықтан, осы округте кімнің басына инглиш оқу кіріпті дерсің, сол себепті араб ханзадаларымен сөйлесу Арсенге жүктелді.
Этикалық көзқарас тұрғысынан, сондай–ақ, Бектұр Саманчиннің тек қана өзінің өмірлік түсінікті түйсігі бойынша осынау қарапайым емес және ойы–қыры көп іске, яғни өзі және араб ханзадалары арасындағы арақатынасқа сөзсіз, тек қана Арсен ғана, байыпты, білімді және мүдделес сұхбаттас - әріптес қажет болатын.
-
Сол себепті, қымбатты Арсен, сені біздің ата – бабаларымыздың аруағы қолдасын, сен дәл сондай тілмашсың, беделді адамсың, марқұм менің ағамның, жаны жаннатта болсын, ұлысың, өзің түсінесің, бізді желеп – жебеп жүреді, осы істе көмектеседі, - деп сендірді Бектұр аға. – Бізбен бірге екі аптадай бол, саған не ол? Сен ешкімге тәуелді емес журналистсің, қайда барамын, сонда боламын, солай емес пе? Есіңде сақта, ханзадалардың алғашқы хабаршылары бес күннен соң келеді, біздіңше даярлаушы топ, құрамында үш адамы бар. Ал араб ханзадаларының өздері жеке ұшағымен “Әулиеата” айырпортына ұшып келеді.
-
Аэропорт, аға, айырпорт емес, - деп дұрыстады сөзін Арсен. Бірақ ол айылып жимады:
-
Мен “айырпорт” деймін, бізде осылайша айтады. Енді мінеки, бізге ең жақын айырпорт Әулиеатаныкі. Ия, сен бәрін де білесің, келісуге өзің көмектеспеп пе ең. Қағаздар жаздық, сен оларға қоңырау шалдың, банктен, есіңде ме? Енді мінеки, уақыт келді, жұмыс істеу керек, араб ханзадаларын айырпортта бірге қарсы алып, бірге тауға апарамыз. Онда біз бәрін даярлап қойғанбыз, бұл жөнінде қам жеме. Мен бұрынғы колхоз кеңсесін сатып алғанмын және сонда екі мейманхана бөлмесін әзірледік, әрине, қаладағыдай емес, бірақ дегенмен, болады... Оларды Үзеңгілестің асуына дейін аң аулауға, қажет болса, одан да әрі, асудың арғы жағына апарамыз, ал одан әрі қол созым жерде–Қытай тұр. Барлық сүрлеу жолдарды білеміз. Ол жерлерге, әрине, альпинистердің аяғы ғана тиеді, бірақ осынау жас ханзадалар көрсін, біздердің барыстарды ауласын, әрине, тегінге емес. Сен білесің ғой, барыстарға жақсы ақша береді, Құдай қаласа. Және де өз үлестерін алады.
Тағы да көптеген жай–жапсарлар әңгімеге өзек болды. Бектұр Саманчин шынында да, барлығын ойластырып, тыңғылықты әзірленген–ді, көшпелі палаткалардан бастап, салт аттар және атбегілердің аты–жөндері жазылған тізімге дейін іскерлік танытты. Тек қана өзіне белгілі және тәртібі, тәрбиелілігі тұрғысынан әбден тексерілген адамдарға ғана жоғары мәртебелі меймандардың аттарына күтім жасауға сенім білдірілді. Ал қару–жарақ, жарық және бақылау жасау құралдарына келсек, олардың бәрі де хаттамадағыдай, түгелдей жазылды. Арсен Саманчин іштей жаны жадырады, тіпті, өзінің туыстасын мақтаныш етті және де бір рет бизнес орасан зор ұйымдастырушылық күшке ие, іс-әрекетті тиімді әрі мақсаткерлікпен жүзеге асыруға үйретеді деген сенімін нығайта түсті. Бизнес басқа нәрселерге қарағанда адамнан жігерлілікті талап етеді.
Тұйықжардағы аң аулау бизнес–жобасы мінеки, осылайша жоспарланды. Қар барыстары өздерінің қар басқан тауларында бұл жөнінде білсе егер... Солардың арасында Үзеңгілес асуы түбінде аласұрған, сиқырланғандай, ең әлсіз, шеттетілген Жолбарыс білсе ғой, егер...
Арсен Саманчинге келсек, онда ол аң аулауға қатысушы ретінде, әрине, бұл аңшылық акциясының қалай ойластырғандығын әсіресе, Бектұр Саманчинмен кездесуден соң, бүге–шігесіне дейін білетін, бірақ ол да, шындығында, осы жолы оны алда не күтіп тұрғандығын болжай алған жоқ. Жалғыз ғана болжай алғандығы, қазірде, бәрі біткеннен соң мынау еді, сол оқиға болар алдында ол неге екені белгісіз күнделігіне “Көзге көрінбейтін есіктер немесе пәлеге душар болу формуласы” деген тақырыпты жазып қойған еді. Мінеки, осынау әулиеге тән жазбасында ол былай деп баян еткен–ді: “Тағдырдың алдағы әрбір оқиғасы боларда көзге көрінбес есік пайда болады, ол алдын – ала әзірленеді, алдын ала ашылады және де осы есіктің босағасын аттау кімнің маңдайына жазылса, оны тек қана арғы жағына өтіп, кепілге алынғанда ғана білетін болады. Кімде–кім қатерлі қадам жасаса, ешкімге де, дүниеге келген адамның ана құрсағына қайта оралмайтыны секілді артқа қайтуына жол жабылады. Тағдыр өкімі осылайша жүзеге асады. Пәлеге душар болу жайы осындай. Кіруге ғана есік ашық, шығарға жол жоқ.”
Осынау жазба өзінің жалғасын табар еді, Арсен Саманчиннің қаламымен трагедиялық эссеге айналар еді, бірақ тек қана бір –ақ жағдайда: егер де бәрі басқаша өрбігенде...
Сол аралықта таңертеңгі салқын ауа бірте – бірте шаңқай түс алдындағы ыстықпен алмаса бастады. Бұның өзі үйде де сезілді. Әңгімені бір сәтте үзіп, Арсен Саманчин түнде ашық қалған терезені жауып, жоғарыда, шкаф үстінде орналасқан кішігірім кондиционерді іске қосты. Көпқабатты үйлерде ыстыққа шыдау анағұрлым қиындау, тек қана кондиционерлер құтқара алады. Алайда Бектұр аға терезені ашық қалдыруға рай білдірді. Мейманды сыйлауға тура келді... Терезенің ашық қалғаны өзінің салдарын туғызды. Бірақ бұны кім біліпті...
Туысқандар тағы да кем дегенде екі сағатқа созылған әңгімемен шүйіркелесті. Осы уақыт ішінде жүргізуші Итібай, ақкөңіл, істен қашпайтын жігіт шай да ішті және ең бастысы, өзінің джипімен жанармай құю бекетіне және көлік жуатын жерге барды, тіпті, базардан жемістерді әкеліп те үлгерді. Ал туыстық белгімен шырмалған, қазірде жан – жақты қарпыған бизнеспен байланған олар әлі де ауқымды аң аулау жобасын талқылап жатты. Айтпақшы, бизнес жайлы. Таудағы адамдар жер–жаһанды кезіп жүрген сауда–саттық жасаушы адамдардың айтқандарының мәнісіне түсіне алмай дал болуда, олардың таңқалатыны, гүлдерді сатып алуға, сатуға болатындығы! Бұндай нәрсе кімнің басына кіріпті, өйткені, гүлдер өздігінше өмір сүреді, аттың үстінде келе жатып, оларға мейірлене қарауға болады, балалар үшін үзе де аласың, бірақ гүлдермен сауда – саттық жасау мүлдем күлкілі тірлік қой. Саманчиндер талқылаған іс тауда айырықша өмір сүретін аңдарға, қар барыстарына байланысты еді, яғни, оларға да нарықтың қолы жетіп үлгеріпті.
Арсен Саманчинге өзінің жасы үлкен туысын қазірше тыңдағанда, оның аң аулау жоспарын қағазға түсіргені, кей – кейде барлық ойластырғаны театрдағыдай секілденді, тек қана режиссер–қоюшы мұнда бұрынғы колхоз төрағасы, дегенмен, шынында да, басы қатты істейтін адам. Ол ұсынған амал – айлалар дәлме–дәл драматургиялық сюжеттерді еске түсірді. Мысалы, Бектұр Саманчин шетелдіктердің мергендікпен ең бағалы түрлерін таңдап, талғап атып алуы үшін аңдарды құрған торға айдап кіргізудің қитұрқы тәсілін ойлап тапты. Тауда адам естімеген аң аулау жайлы ой–ниеттерге құлақ асуға және мәжбүрлі түрде байыбына баруына тура келсе де, өйткені, оған бұлардың бәрін араб ханзадаларына егжей–тегжейіне дейін жуырда түсіндіруі қажет болатын, Арсен Саманчин кейде Тянь–Шань тауларында алда болатын трагедия жайлы ешнәрсе аңғармайтын барыстарға жаны аши бастады. Және де оған көз алдына елестеді: мына аңдар қазір қайдағы бір ұзақтағы қалада, адамдары құжынаған ірі мегаполисте, жетінші қабатта, қатардағы тар бөлмеде кеудесі бар екеудің дәл бір Құдайдай күні бұрын олардың күніне дейін, сағатына шейін дәлме–дәл тағдырын шешкелі отырғандығын білсе, кешікпей тұрғанда, көзден қарасын батырып, бір жаққа, Гималайға асар еді.
Ой дегеніміз - басы еркін құс, бірде ұясына қонады, бірде ғарышқа ұша жөнелді. Мінеки, тағы да әлдеқайдан жөн–жосықсыз, бірақ шын мәнінде парасатты ой келді: таудағы барыстарға осылар жайлы қалайша білдірсе болар еді? Бірақ та осы жәйт туралы оған, тіпті, тамаша ой келгенде де, мұндай сандырақты ойға алуға да болмас еді. Осындай жағдайда бизнесті қайда қоярсың? Мейлі, тіпті, өзінің қиялында болса да қайдағы бір жабайы аңдарды сақтап, бизнесті жермен–жексен етпек пе? Ия, егер шынында да осындай болған жағдайда дүние сол күйінде қалар ма еді? Барлығы да у–шу болып, адамзат баласының тұқымы түп–түгел өзін - өзі құртуымен аяқталар ма еді. Және де сондықтан да жоқ және жоқ деп айтуға болады, тек қана бизнес басымдыққа ие, одан өзгенің барлығы да кейін және кейінге шегеріледі. Осы рух биігінде бір нәрсе деп жөнсіз сөйлеп көрші одан да асылып өлген артық!.. Осылайша ойламаған еді де, тек қана Арсен Саманчиннің санасының бір түпкірінде оны жазалағандай, Бектұр аға сөзінің төркінінен анық аңғарылған, мейілінше жөн сілтеген үнін қазірше тыңдап блокнотына ұқыппен “Мерген” аң аулау бизнес- фирмасы басшысының нұсқауларын араб ханзадаларымен алдағы күндері күтетін жұмыстарына арнап ағылшынша жазып жатты.
Ал Бектұр Саманчиннің өзі, әрине, Арсеннің сол сағатта қайдан екені белгісіз ойын мықтап торлаған, бірақ ол жөнінде бір де бір сөз айтпағандықтан, жанының жасырынған бұрышында не болып жатқанына еш күмәні болмады.
Кімнің басына келіпті, ортақ істі ойдағыдай салауатты жағдайда талқылаған адамның бойында сонымен біргелікте шындықтан алшақ жатқан әлдеқандай нәрсе пайда болады деген, бұған ешбір түсініктеме жоқ және болуы да мүмкін емес қой? Егер де жел таудың үстінен тұрса, онда бергі бетіндегі бұтақтар әрдайым тербеле бермейді.
Достарыңызбен бөлісу: |