Сыр сұхбат «Отырар кітапханасын» қайта тірілту ойда бар



бет2/8
Дата08.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#123052
1   2   3   4   5   6   7   8

ЖАҚСЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСУ




Халық қазынасының бірі – кітап екені даусыз. Әлемге аты әйгілі Александриядан кейінгі орынды иеленген Отырар кітапханасы болғанын мақтан тұтамыз. 1219 жылы Шыңғыс ханның әскерлері Отырарды қоршағанда ең бағалы кітаптар жер астына жасырылды. Өкініштісі – құнды байлықтың сол қалпы жер қойнында жатқандығы. 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ашылғанда тынысымыз кеңіп, өткеннің өшкен оты жанатындай үміт оты оянды.

Биыл киелі шаңырақ үшінші жыл жұмыс істеуде. Осы уақыт ішінде атқарылған істер аз емес. Жақында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбаймен сұхбаттасудың сәті түсті. Ағамен әңгімелесіп отырып халқы үшін қызмет етуге ғұмырын арнар дара тұлғалардан еліміз кенде еместігін түсіндім. Ең бастысы, ол азаматтар ешуақытта халқына жасаған қызметін міндет етпейді, өйткені жаратылысынан қарапайым, еңбекқор, жандүниесі таза. Ғұмыры еліне арналған адал еңбектен құралған жандарды өз заманында бағалай білу, абыройын асқақтату орынды деп санаймын...


  • Тұрсын аға, сізді оқырман қауым жазушы, журналист, ғалым-зерттеуші ретінде таниды. Осы орайда балалық күніңізден, әдебиет әлеміне қадам басқан алғашқы қадамыңыз туралы сыр шертсеңіз?

- Мен өзімнің тағдырымды қар астындағы көденің жымында құндақталып қалған көбелектің тағдырындай сезінем. Қысқы аязда күннің шуағы жақсы түссе сол көбелек әйтеуір аман қалатын сияқты көрінеді. Мен де қаршадайымнан жақсы адамдардың алақанының жылуымен жанымды жұбатып өстім. Шешеміз дүниеден ерте қайтты. Елесі ғана еміс-еміс есімде. Ал қарындасым Төлеу екі жасында жетім қалды. Әкем Құдакелді бізге қарайлап өмір сүрді, тәрбиелеп жеткізді. Бұған қоса Нұрғазы сияқты немере ағамның, Түбітқан сияқты апайымның, Сәкеш жеңгемнің қамқорлығында ер жеттім. Өзгеден ырыс-несібем кем болды деп есептемеймін. Апайым Айымханның арқасында жағам кір, киімім жыртық боп көрген жоқ.Тек жетім деген сығырай көз көңіліңнің түпкірінен сығалап тұратыны бар. Өмірдің маған берген сыйы, сөзге үйір қылған ықпалы сол күндердің күншуағы мен көлеңкесі шығар. Өз қатарластарымның ішінде тағдырдың адамға салатын ауыртпашылығын бір кісідей көрдім. Әкемнің - 50, шешемнің 49 жасында дүниеге келдім. Тұрсын деп ат қоюы да сол қазақы ырымның әсері болар. 1964 жылғы жазды Дегелеңдегі полигонның өзінде өткіздім. Әкем сынақ алаңындағы бақташы болды. Адамның шашы, малдың мен аңның жүні жидіп түскенін алғаш көргенде зәрем ұшты. Кейіннен үйрендік. Жүні тақырланған сиырлар шыбын-шіркейдің шаққанына шыдамай өкіріп жүріп өліп кететін. Апайым Түбітқан келіп күзде алып кетті. Әйтпесе ар жағы не боларын бір құдай білсін. Менен кейін үй-ішіміз де құрсаудан шықты. Ағайын-туыс шашырап кетті, қазақша айтқанда қан бойынша өз руымның ішінде өспедім. Жалғызбын деп іштей күйзелгенмен, жеңге, апайларымның арқасында ол сезілмеді. Олар мені «жалғыз» деп еркелетіп өсірді. Интернатта тұрып оқыдық. Соның ішінде жаныма жара салып кеткен жағдай – қарындасым Төлеудің гүлі ашылмай университеттің 4 курсында ақ қаннан көз жұмғаны.

Жалған-ай,

Жалғаннан көңіл қалғаны-ай.

Көгеріп келіп өмірге,

Көміліп кеткен арман-ай - деген өкінішті жолдар сонда туған. Оған қоса Алмас атты ұлым судан опат болды. Бұл екеуінің өкініші әлі де жүректі сыздатады. Қалған тіршілік қалпымен, тіршіліктің арқауымен өтіп жатыр.

Бала кезімде «Қыз Жібек» жырын жатқа айтып, өзімді Қособаның түбіндегі Төлегеннің орнына қойып ойша Жібекпен, Сансызбаймен, Аналықпен, Қарлығашпен қоштасып: «Әуеден ұшқан алты қаз, атайын десем оғым аз» – деп сұңқылдата жөнелем. Осы жырды оқыған кезде жылаймын. Ондағы оқиғаны жүрегіме жақын қабылдаймын. Өйткені менің артымда не інім, не қарындасым жоқ деген жолдар көңіліме үлкен әсер етеді. Сөйтіп келе жатамында ары қарай аспандағы бұлтпен сөйлесіп, осы өлеңді бұрымы тобығына түсетін жұдырықтай Жаңыл деген қызға жеткіз – деп сырылдатам. Үндемей қалсам қасымдағы Рымбек, Қабыл деген достарым: Сөйлей берші. Сен жақсы сөйлейсің - деп қолпаштайды. Сөйтіп жүріп сөздің дертіне қалай ұшырағанымды өзім де аңғармай қалдым. Шыңғыстаудың сай-саласы болмаса, орман-тоғайы жоқ. Тек көктемде қараған мен тобылғының гүлдегенін көріп өстік. Осы күнге дейін маған дүниеде қараған мен тобылғының гүлдегеніндей ешнәрсе әсер етпейді. Ол кезде тобылғы мен қараған аппақ болып үйдің іргесінен бастап өседі.

Бала кезімнен сөзге деген ынта-жігер барын сездім. Мектептегі ұстазымыз да мықты адам болды. Жәңгір Исайынова деген мұғалім апайым қазақ әдебиетінен сабақ берді. «Абай жолын» түсіндіргенде әр образдың ішіне кіріп, өзін соның орнына қойып, өзінше сомдайтын. Абайдың сөздерін жатқа айтады, Құнанбай образына келгенде тіпті жанып кететін, бір сабақтан бір сабақ қызықты өтіп, эпос оқығандай әсер беретін. Бір күні балалық ғашық сезім туралы «Қош, махаббат» деген шығарма жаздым. Мұғалімге оқыған кітабымды баяндап бердім деп айтқанда, ол кісі: «Мынау өз басыңнан өткен секілді ғой» деді. Келесі сабақта сол шығарма талқыға салынды. Балалық сезімімді өзгеге жария етпеген ұстазым менен болашақта жазушы шығатынын айтты. (Айтпақшы, менің сол мектепте жазған екі әңгімем 1967-1968 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналында Т. Құдакелдин деген атпен жарияланды. Алғашқы қаламқыны да Сіздерден алдым).

«Абай жолын» 5 класта оқып тауысып, 7 класта қайта оқып шықтым. Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» оқығанда ертерек тумағаныма қатты өкіндім. Өйткені, Қожаның Абайға өкпелегені сияқты, мен де Бекеңе ренжідім. Себебі, ондағы оқиғаның барлығы менің басымнан өтіп еді. Кеш қалыппын дедім. Осыны кейін Бердібек ағамызға айтқанымда: – шынында да саған обал жасаған екенмін-деп күлімсірегені бар. Кітапқа деген құмарлығым содан бастап оянды. Бірақ балалық қиялымда ұшқыш болуды армандайтынмын. Ауылға самолет ұшып келеді. Қысы-жазы солардың дөңгелегін байлап, көмектесіп жүреміз. Кейін ол арман келмеске кетті. Сонда да сол арман ізсіз кетпесін, көкейімде жүрсін деп ұлымның атын Сұңқар қойдым. Бұл оқиғалар «Аэродром» деген повесімде қамтылды. Сөйтіп мектеп бітіріп, алғашқы жылы түсе алмай, келер жылы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне түстім. Сол 1969 жылы пара алған бір топ оқытушы сотталған екен. Тамыр-таныстықтың тамыры кесіліп тұрған сәтте біз секілді тұрмысы жүдеу жанұялардан шыққан: Жүрсін Ерманов, Несіпбек Айтов, Жанболат Аупбаев, Айтуған Шәйімов, Нұрқасым Әмірғалиев, Құрманғазы Бексайынов, Есен Сафуанов, Асқар Егеубаев, Төлеген Берішбаев, Намазалы Омашев, Қосылған Әбжанов сияқты көгенкөздер түсті. Әуелі ақын болғым келді. Алғашқы екі кітабым да өлеңдер жинағы.



  • Сіздің өміріңізге, тағдырыңызға ұстаздардың әсері көп болғанын айттыңыз?

Шындығында да жақсы ұстаздар мен жақсы адамдардан менің жолым болды. Және солардың ақылын дұрыс жүзеге асырдым деп есептеймін. Бірақ сол ақылдың жетегінде кетемін деп көркем шығарма жазудан қолымды суытып алдым. Осы тұрғыдан алғанда жиырмадан астам кітаптың авторы болсам да өзімді түк бітірмеген адамдай сезінемін.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің тарихынан бізге атақты ғалым, журналист Қайыржан Бекхожин сабақ берді. Ұстазымыздың ықпалымен Сирек кітаптар қорына Несіпбек, Айтуған, Асқар, Құрманғазы бесеуіміз жиі барып жүрдік. Мен «Айқап» журналындағы публицистика» деген тақырыпты курстық жұмысым етіп алдым. Қазан айында оңаша шақырып алып: «Әй бала, сен айтқанды тыңдайсың ба?» деді. «О, не дегеніңіз», - деймін. «Мен ұзақ жылдар бойы өзіме шәкірт іздеп жүр едім. Уақыт келіп қалды, көзім саған түсіп тұр. Менің айтқанымды істейсің бе?». «Істеймін», - дедім. «Онда үш шартым бар: біріншісі – осы айтылған сөз осы жерде қалады, екінші – тура менің айтқан тапсырмамды орындайсың, үшінші – одан алған біліміңді, оның нәтижесін қашан сол мәселе анықталғанша ешкімге ешнәрсе білдірмейсің» - деді. Уәде бердім. «Жоқ, дұрыстап ойлан. Алашты білесің ғой?» - деді. «Әрине, білемін». «Менің саған тапсырмам мынау. Ахаң - Ахмет, Жахаң - Міржақып, Әлихан секілді аяулы азаматтар болған. Мен солардың шәкіртімін. Күндердің бір күнінде ол кісілердің де заманы туады, сол шақта сен дайын болуың керек. Қай жерде қандай құжат, деректер бар, өзім бәрін түсіндірем. Оқып болғаннан кейін өзіме емтихан тапсырасың», - деді. Сөйтіп архивте осы азаматтардың деректерін іздестіріп, көшірме жасап, күндерді өткіздік. Қайрекең мені арнайы қорда істейтін Сәуле апаймен таныстырды. Ол Едіге Масанов деген қазақтың алғашқы этнограф-ғылым кандидаты атанған ғалымның жары, қазіргі Нұрболат Масановтың анасы. Апайдың арқасында бір жылдың ішінде кітапханада сақталған деректердің бәрін оқып тауыстым. Ұстазым менен емтихан алды. «Енді мұны ұмытып, есіңнен шығар», - деді. Осы архивтегі күндерім үлкен олжамның бірі. Дегенмен де көркем шығарма жазуға көлеңкесін түсірді.



- «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығын басқаруға дейін қай жерде қызмет еттіңіз?

- «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», одан «Жұлдыз» журналдарында істедім. Менің өлеңдерім мен повестерім, романдарым («Жер-бесік», «Бесқарагер», «Шилі өзен қамыс-ай», «Аэродром», «Көгілдір әлем», «Мөлдір көз», «Қар астындағы көбелек» т.б.) 23-29 жас шамасында жазылды. Содан кейін архивке көңілім біржолата ауды. Қайрекеңнің - Қайыржан Бекхожиннің ақылы 1987 жылы керекке жарады. 1986 жылғы оқиғадан кейін адамдарды ұстау, жазалау басталды. 1987 жылы 13 қаңтар күні О.Сүлейменов шақырып алды да: «Тұрсын, жазушылар одағының жанынан праволық комиссия құрайық, төрағасы академик Салық Зиманов болсын, мен жалпы бағыт-бағдар берейін», – деді. Академик ағамыз бас тартты. Сөйтіп, іске кірісіп кеттік. Үш түрлі үлкен мақсат қойылды. Оның бір саласы 1986 жылы кімдер ұсталды, қанша жылға сотталды, қайда кетті, жұмыстан не оқудан кімдер шығарылды, қайда жер аударылды (әсіресе фабрика мен заводтың жұмысшыларына көп қолданылды), солардың бәрінің құжаттарын жиып-теріп отырдық. Бұл жұмыс 1989 жылға дейін созылды. Сол жылы ССРО Жоғарғы Cоветіне Олжас депутат болып сайланды, оған бір жарым бет анықтама жазып бердім. Мұхтар Шаханов бір айдан кейін Кегеннен депутаттыққа сайланды. Мәскеуге көшірмесін алып кетті. Сол жылы съезде Олжастан бұрын Мұхтар Шаханов сөз сөйледі, желтоқсан мәселесін ашық көтерді. Талқылау жария жүрді. Комиссия құрылды. Менің белсенді боп көрінгім келмеді ме, білмеймін, комиссия мүшесі болып жүрсем де, бұрынғыдай қазымырлана кіріскемін жоқ. Өзімнің азамат ретінде бір істеген шаруам осы желтоқсан оқиғасына қатысты әрекеттер. Оның толық жай-жапсары туралы «Оларды да ұмытпайық» деген мақалам 1997 жылы «Жұлдыздың» 10 санында жарық көрді.

Тағы да сол Олжастың демеуімен істеген екінші бір ісім - Байтұрсыновтарды ақтап шығару жөніндегі әрекеттер. Олжекең бір күні шақырып алды да: Сен жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұқамедовке бар. Алашорданы ақтайтын кез келді. Әдеби эксперт бол, - деді. Жоғары соттың мүшесі, марқұм Қазықан Кенжебаевпен қатар оқып ек. Сол жай-жапсарды түсіндірді. «Алашорданың» төрт томдық тергеу ісін алдыма жайып салды да есікті сырттан жауып кетіп қалды. Түстен кейін сағат 3-те келіп ашты. Тура бір апта солай істедік. Мен танысып шығып, тиістісін көшіріп алдым да, Олжасқа түсіндірдім. Әдеби шығармаларын білемін. Солардың мазмұнын Қазықанға айтып беремін. Кеңес үкіметінің саясатына қарсы еместігін дәлелдеймін. Сөйтіп, бұл кісілер 1988 жылы ресми ақталды. Содан соттың шешімі, үкімі шықты. Олжастың атынан ЦК-ға хат жолданды. Үкімет комиссия құрылды. Бір жылдан кейін ғана толықтай ақталды. Қаулы қабылданды.

Ал, үшінші істеген бір шаруам – полигонға байланысты. 1987 жылдың жазында мектеп бітіргеніміздің 20 жылдығын тойлауға ауылға бардық. 14-15 мамыр күндері сынақ болған екен. Тойлаудың орнына радиацияның әсерінен қайтыс болғандарға көңіл айтумен болдық. Алматыға келген соң Олжасқа бар жағдайды айттым. Ол кезде Колбин екеуінің қатты ырғасып тұрған кезі. Кейінге қалдырды. Келесі жылы ақпан айының 14 мен 17-інде тағы да жарылыс жасалды. Мені Медеу Сәрсекеев пен Төкен Ибрагимовтің мерейтойына қатысуға жіберген еді. Ауылға соқтым. Тағы да жерлеудің үстінен шықтым. Көңіл-күйім жаман. Енді самолеттен түсісімен бірден Олжасқа тағы да бардым. Жағдайға қанық болған ол Москваға, одан Қорғаныс министрлігіне телефон соқты. Анық-қанығына жеткен соң шұғыл іске кірісті. Кешке қарай теледидар арқылы сөз сөйледі. Осылайша «Невада-Семей» қозғалысы басталып кетті. Осы айтылған үш басты оқиғаларға қатысуыма Олжастың тікелей тапсырмасы ықпал етті. Олжас маған жаныған сайын жарқылдап, өткірлене беретін семсер сияқты көрінді. КГБ-ның генералдары мен полковниктерінің алдында да маған сөз келтірмеді. Жасқатпады. Кейін М. Әуезовтің мұражай-үйін қайта жөндеуден өткізер тұста Олжас күш салды. Иманғали Тасмағамбетов үкіметке келгеннен кейін ол мәселе сәтті шешілді. «Отырар кітапханасы» ашылғанда да сонау Италиядан ХІІ ғасырдағы қытай шешендерінің қолжазба кітабын сыйға тартты. Әттең, соңғы жылдары әңгімелесудің реті түспеді, менің сыйластығым суымас-ау, ортақ сөз табылмай қала ма, кім білсін.



  • Ғылымға қалай келдіңіз?

- Мен қандай жанрда болмасын, әйтеуір Абай мен Әуезов туралы жазуға тиісті едім. Өйткені мен білетін, жасымнан естіп өскен деректерді жоғарғы әдеби орта білмейтін. Мысалы, «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаның, «Қаралы сұлудағы» Қаракөздің прототиптерін, «Еңлік-Кебектегі» оқиғалардың қалай болғаны туралы мен қанық едім. Екінші, Әуезов арқылы алаш идеясын тірілтсем деген мақсат болды. 1978 жылы басталған Әуезов туралы зерттеу, міне, 2004 жылға дейін әлі біткен жоқ. Әу баста ойлаған көркем шығарма жазылмай қалды.

«Бесігіңді түзе!..» деген кітабым 1979 жылы жазылып бітіп еді. Жұбан Молдағалиев бастатқан ағалар алқасында екі рет талқыланып, баспаға ұсынылды. Алаштың идеясын жасырып көрсетіп отыр, - дегендер де болды, әйтеуір көптеген адамдар мені ұнатпады, Олжас пен Ілекеңнің – Ілияс Есенберлиннің қасында жүргенімді жаратпады. Әйтеуір, 1997 жылы 1000 данамен жарық көрді. «Бесігіңді аяла!..» деген 1987 жылы 25 мамыр күні жазылып біткен кітап 2003 жылы баспадан шықты. Оған да шүкір.

Тоқсаныншы жылдары Рахманқұл Бердібаев, Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметов мені М. Әуезовтің музейіне қызметке шақырып, қолқа салып жүрді. Бір күні Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың өзі шақырды. Орындыққа отыра бергенімде: «Бір өтінішім бар. Егер Әуезовтің әруағын сыйласаңыз, менің тілегімнен бас тартпайсыз деп сенемін» - деді. Бұл өтініш емес, бұйрықтан да күшті пәрмен еді. Сөйтіп, мұражайға аға ғылыми қызметкер болып келдім. «Бейуақ» кітабім үшін кандидаттық атақ берді. Әрі қарай өмірдің өзі жетектеп әкетті. Қазіргі уақытта халық алдындағы парызым деп осы кітапханада қызмет істеп жатырмын.

Кітапхана қорына зиялы қауым өкілдері, баспалар өз үлестерін қосып, толықтыра түскен еді. Қазір қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Зиялы қауым, ел жанашырлары кітапхана қорына үлкен үлес қосты. Әлкей Марғұланның, Мұхамеджан Қаратаевтың, Оразгүл Нұрмағамбетованың ұрпақтары, Олжас Сүлейменов, Тұрсынбек Кәкішев секілді азаматтар да ат салысып, жанашырлығын білдірді. Қазір кітап қоры бастапқыдан екі есе өсті. Сирек кітаптар қоры толықтырылды. Қазір 10 қолжазбаны баспаға дайындадық.

Жанұяңыз туралы қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Жолдасым қарапайым адам. Мамандығы – тігінші. Ұлым Сұңқар журналист, келінім Аңсаған «Ақ босаға» журналында дизайнер. Қызым Назым жапон тілінің маманы, Алма – Мемлекеттік архивте жетекші ғылыми қызметкер.

2001 жылы Иманғали Тасмағамбетов осы «Отырар кітапханасын» басқаруға шақырғанда баспана мәселесі үш айда шешіледі деді, ал сол кездегі ректор М. Жолдасбеков екі-ақ айда шешемін деді. Міне, үш жылдың жүзі болды, Еуразияның университетінің жатақханасында тұрамын, ал бала-шаға Алматыда. Осындайда құрдасым шығарған:

Алматыда баспанаң, қатын-бала,

Астанада жүр деген атың ғана.

Елуіңде атандың жатақ Жұртбай,

Күлкі болып алысқа, жақынға да... – деген өлең шумағы еске түседі.

Өзіңіздің творчестволық шеберханаңыздағы жаңалықтарға тоқталсаңыз?

– Менің арманым – көркем шығарма жазу. Архивке араласу менің санамды өзге арнаға бұрып жіберді. «Қар астындағы көбелек» романы, «Ұраным – Алаш!..» қолжазбасы басуға дайын, «Өлгендермен өмір сүремін» атты естелік-эссе жазылып жатыр. Астанаға келгелі жаңа ойлар, жаңа достар таптым. Үлкен демеу сол.

Қазіргі әдебиеттегі жаңалықтар, кейінгі жас қаламгерлердің жазу мәнері, деңгейі туралы сөз етсеңіз?

– Кейде әдебиет тоқырап қалды, әдебиет жоқ деген сөздер айтылып жатады. Әр заманның өз өлшемі бар. Өзім М. Мағауиннің соңғы шығармаларының формасы, жазу стилі ерекше. Т.Нұрмағамбетовтың, Р.Мұқанованың, Т.Әбдіковтің, Н. Оразовтың, Т. Шапайдың, Г. Салықбайдың шығармашылық талантына тәнтімін.

– Бір өкініштісі қазір ерінбеген жазушы, арланбаған ақын болып жүр. Әдебиетке көкірекпен келетіндер де жоқ емес, ал көкірек бар жерде көркем ойлау болмайды. Соңғы кездері қаламын суытып жүрген жазушылардың санасында көркем ойлау процесі жүріп жатыр: Оған кәміл сенемін. Жас жазушылардан Мәдина Омарованың шағын әңгімелері мен Тұрсынхан Қайыркеннің «Көк бөрілер көз жасы» деген романы жаныма жақын. Бір романның өзінен маған таңсық 147 сөз бен ұғымды таптым. Бұл деген керемет қой!

– Ал жанға бататыны – көркем әдебиеттің оқырман қолына тимеуі. Бұл енді басқа мәселе.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Л.Имашева



//Қазақстан әйелдері, 2004. - №?
*** *** ***
РУХАНИ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛА АЛМАЙ ЖҮРМІЗ
- Тұрсын аға, сөзімізді бірден осыдан аттай бес жыл бұрын сол кезде Премьер-министрдің орынбасары болып тұрған, халқымыздың ұлтжанды азаматтарының бірі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қолдауымен дүниеге келген «Отырар кітапханасының» бүгінгі жай-күйінен бастасақ. Бесжылдың ішінде не істелді? Қандай құнды дүниелер жинақталды?

- «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы кітап қоры 1 миллион 300 мың данаға жетті. «Күлтегін» жазба ескерткішінің ғылыми көшірмесі мен Құлашордың мүсінтасы койылған «Жазу тарихы» мұражайы мен Л.Гумилевтің мұражай-дәрісханасы, әдебиет, мәдениет, ғылым қайраткерлері С.Бегалиннің, Ә.Нұршайықовтың, Ә.Марғұланның, М.Қаратаевтың, К.Ақышевтың, Қ.Мұхамедхановтың, Т.Кәкішевтің, А.Құдайбердиевтің, Р.Сыздықованың, С.Қирабаевтың, О.Нұрмағамбетованың, Н.Оңдасыновтың, М.Өтелбаевтың, Р.Нұрғалидың, немістің қоғам және мемлекет қайраткері Г.Геншердің, қазақ диаспорасының мемориалдық кітапханалары мен қолжазбалар қоры бар. Негізінен бізде қоғамтану ілімі саласын қамтитын 29 мың сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Соның ішінде «Ләтафатнама» (IX ғ.) қиссасының, әл-Фарабидің 11 еңбегінің (Х-ХІғ), «Қытай шешендері әфсанасының» (XII ғ.), «Қыпшақ тілі сөздігінің», В.Радлов пен Г.Гейкельдің «Орхон-Енисей ескерткіштері» атласының т.б. ғылыми көшірмелері, Отырар, Баба-Ата, Сауран, Торғай қалаларының орындарынан табылған және кеңес дәуіріндегі тәркілеу мен саяси-идеологиялық қысым кезінде күмбездер мен үңгірлерге, зираттарға, мешіттерге жасырылған 500 данаға жуық кітап, Ақан серінің кітапханасынан сақталып қалған «Төрт дәруіш» дастаны, Абайдың 1909 жылы шыққан өлеңдер кітабы, Левшиннің «Қазақ-қырғыз тарихы жазбаларының» 1828 жылғы қолжазбасын осы кітапханадан табуға болады.

Ғылыми орталықтағы қолжазбалардың негізінде б.д.д. X ғасырдан бастап XX ғасырдың аралығындағы қазақ әдебиетінің түп төркіні мен дәуірлеу кезеңдерін қамтитын «Көне түркі жазбалары мен шығыс қолжазбалары – Қазақстан тәуелсіздігінің рухани негізі» атты кең ауқымды ғылыми жобаны жүзеге асыру барысында «Ұлыстық әдебиеттен – ұлттық әдебиетке дейін», «Қазақ жазуы тарихы», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Қазақтың ырымдары», «Қазақтың жөн-жобасы мен жоралғысы», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың тұрмыс-салты», «Құнанбай» зерттеулері, «Ғұн, сақ, түркі дәуіріндегі ежелгі әдебиет үлгілері», «Оғыз-қыпшақ, Алтын орда дәуіріндегі қазақ әдебиетінің үлгілері», «Жетінші қазына» (ІХ-ХХ ғғ. қисса-дастандар)» әдебиет хрестоматияларын, Ноғайбайдың «Елім үшін кектімін», Нарманбеттің «Кер заман», Ә.Марғұланның «Саят құстары» кітаптарын және араб, парсы, қытай тілдеріндегі қазақ даласы туралы көне деректер жинағын, Қ.Мұхамедхановтың колжазбаларының 6 томдығын, С.Бегалиннің 1 томдығын дайындадық. Бұлардың дені жеке кітап болып жарыққа шықты.

- Күлтөбеде көмілген, отқа өртенген мұралар көп қой. Бұл құнды дүниелерді орталыққа қалай жинап жатырсыздар?

- Есте қалған ескі мұралардың иелеріне хабарласып, ұзын сонар тізімін жасағанымызда, оның саны 5 мыңға жетті. Соның ішінде IX ғасырда дүниеге келген, түпнұсқасы ауған соғысында өртеніп кеткен «Ләтафат-наманың», Қашқари қолжазбасының ғылыми көшірмелері (Түркия), Фарабидің 12 қолжазбасының (Иран) көшірмесі, IV ғасырдажазылған «Күңзы тәмсілдері» (Қытай, түпнұсқа), «Кодекс-куманикус» сияқты жәдігерлердің бар екенін айтсам да жеткілікті болар. Демек, халқымыз қазынасын сақтай білген. Бір ғана мысал, Аманбек Төлепбергенов деген шығыстанушы баспагер азамат 1742,1754,1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспий өңіріне саяхат» (картасы бар), «Сақтар», «Кушан», «Тохарстан» атты кітаптардың, ал Қуанышбек Қари Софы Аллаярдың және басқа да бес кітаптың көшірмесін Иран кітапханаларынан алып келіп тапсырды.Ресейдің ірі кітапханаларында Қазақстанға қатысты немесе қазақ тілінде шыққан кітаптар мен басылымдар өте көп. Кейбіреулерінің 15 данасы сақталған. Оларға керегі соның 2-3 данасы. Қалғандары «запасниктерге» жіберілуде. Оларға мұның сонша қажеті жоқ. Мемлекеттік келісім арқылы есептеп шығарып, бізге тегін беруге ықтиярлы. Іздестіру, тізімдеу, ресмиаттан өткізу, кеден мен көлік салығын төлеу шығындарын көтеріп алсақ болғаны. Өзге дүниелерді таратып жатпағанның өзінде, жоғарыда аталғандардың бағасыз байлық екені анық қой. Сондықтан да ауызды қу шөппен сүртудің еш реті жоқ. Іздесек - әлі талай қазынаның үстінен шығарымыз анық. Мен бұл арада еуропалық құнды басылымдар туралы сөз қозғап отырғаным жоқ. Ал аса бір кұнды қолжазбаның бірін «Қазақ-қайсақ тарихы» атты зерттеуінің 1828 жылғы поляк тіліндегі қолжазбасын бізге жазушы Ақселеу Сейдімбек табыс етті.



- «Отырар кітапханасы» жанынан музей-кітапхана құрылды деп естідік. Бұл жақсы бастама болып отыр ғой...

- Орталықтың негізгі үш бағыты бар. Олар: бірінші, көне жазбаларды жинау, зерттеу, өзге тілдерден аудару, ғылыми айналымға түсіру. Екінші, қазақ жазуының тарихы туралы музей жасақтау, сол арқылы кітаптану ілімі саласын дамыту, мәдени-рухани қызмет көрсету. Үшінші бағыт – кітапхана ретінде ғылыми-ағарту саласына атсалысу. Қазір мәдени-мұрағат және жазу музейін қолға алу сәл саябырлап тұр.

Біз қазақтың көрнекті жазушыларының ғалымдарының, өнер қайраткерлерінің кітапхана музейін жасақтауға қазірдің өзінде кірісіп кеттік. Әлкей Марғұланның, Мұхаметжан Қаратаевтың, Сапарғали Бегалиннің, таяуда Кемел Ақышевтың мемориалдық бөлмелері ашылды. Мұнда осы адамдардың жұмыс кабинеті көзі тірісінде қалай орналасса, тура сондай қалыпта сақталған. Оқырмандар мен зерттеушілердің психологиясына, ол кісілердің жан дүниесі мен ғылыми ілім санатын етене сезінуге әсер етері сөзсіз. Әр кітаптың тұсындағы ол кісілердің салған белгісінің өзі ой-түйсікке қанат бітірмей ме? Қазір қаншама ағаларымыздың кітапханалары мен қолжазбалары талан-таражға түсіп, шашылып кетті десеңізші!... Сол мұралар да біздің рухани тарихымызды құрамай ма?! Әркімнің қолында кетпей, бір жерде жинақталып тұруының өзі, оларды қасиеттендіріп жіберетіні сөзсіз!... Сол адамның қолжазбаларын жүйелеп, көп томдық шығармаларын дайындап тас-түйін етіп жасап қойсақ, соның өзі үлкен жетістік емес пе! Бұл ретте марқұм Қалтай Мұхамеджанов Мәскеуге аттанар соңғы сапарында «Отырар кітапханасына» орыс патшасы Алексей Михайловичтің (Петр I әкесі) бұзау терісін қаптатып жасатқан «Евангелия» кітабын, әт-Табаридің түрік тіліндегі еңбегін (орыс тілінде бір-ақ томы аударылған), монғол хандары мен Баяндүр ханның тарихын, Қазақстан туралы орыс және шет тілдеріндегі жинақтарды, Кауфманның «Түркістан альбомын» (1884), XIX-XX ғасырдағы араб қарпіндегі қолжазба кітаптарды, 1900-1930 жылдар арасындағы қазақ баспасөздерінің тігіндісін, «Құран - кәрімнің» 15 тілдегі нұсқасын, тағы да басқа кітаптарды сыйға тартатыны туралы айтып еді. Осы уәдесін орындауды Фарида жеңгейге аманаттап кеткен болатын. Фарида жеңгей мен балалары Қал-ағаңның сол өсиетін орындауға уәде берген еді. Алайда әлі де кешігіп жатыр. Мұндай келісім марқұм Сахи Роман ағамызбен де жасалған болатын. Бірақ та әр түрлі себептерге байланысты қазір кешеуілдеп тұр. Түбінде ағаларымыздың ол өсиеттері орындалар деген үміттеміз. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз да қазақ әдебиетінің тарихына қатысты 6 мың сирек қолжазбалар мен кітаптарды бізге ұсынды. Рабиға Сыздықова апайымыз да біраз кітаптарын «Отырар кітапханасының» қорына өткізді. Бұл құнды мұралар тек студенттерге ғана емес, зерттеушілерге де зор көмегін тигізері сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет