Сыр сұхбат «Отырар кітапханасын» қайта тірілту ойда бар


-Талант жайлы пікіріңіз қандай?



бет7/8
Дата08.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#123052
1   2   3   4   5   6   7   8

-Талант жайлы пікіріңіз қандай?

-Талант пен бейімділікті еш шатастыруға болмайды. Менің түйсінуімше, талант дегеніміз – табиғатқа, қоғамға, өмірге, жеке адамға деген көзқарас. Ол – әлемді дербес қабылдау, дербес түсіну, дербес қорыту қабілетің. Оған жазуға, сызуға, аспапта ойнауға, ән айтуға деген бейімділік қосылғанымен де, таланттың бағы ашылмайды. Бұған қоса аса қуатты құштарлық керек. Сол құштарлық, Абайдың тілімен айтқанда, „ішкі қуат” алға жетелейді. Барлық азапты ұмыттырып жіберетін де сол құштарлық. Яғни, дүниенің қызығынан жалықпау. Кейде мұның өзі атаққұмарлыққа жетелеуі де ғажап емес. Несі бар, талант қуатын ашып жатса, ол да өнер адамына жарасымды қасиет. Ал тек бейімділік пен қабілет-дербес ойлау жүйесі мен құштарлық болмаса, арбаға жегілген өгіз сияқты тым қарапайым, можантопай көрінеді. Ал көркем ойдың қанаты қашан да қалықтап, жерден биік шарықтап жүруі тиіс. Жер бауырлаған таланттарды жұртшылықтың қабылдай бермейтіні сондықтан.

Ал таланттың ашылуы дегеніміз – уақытқа да, ортаға да, талапқа да, талғамға да, өзіңе де байланысты. Мысалы, Талас Әсемқұлов деген өте талантты жазушы, күйші бар. Бір өнерінен екінші өнері басым түседі. Жан-жақты қабілетті. Домбырашы ретінде, бозбала кезінде ауызға ілігіп, көпке танылды да, Байжігіт күйлерінің тартушысы ретінде өз қолтаңбасын қалдырды. Жанғали сияқты озан домбырашылар оны ұстаз тұтады. Ал қазір сол Таластың атағы осы күйшілік өнерімен қалың қауымға танымал деп айта алмаймын. Ол өзінің бұл өнеріне салақсына, тіпті, немкеттілікпен қарайтын сияқты. Қайта қазір құлақ күйге назар сала бастады деп естідім. Ал енді оның сонау отыз жасында жазған „Шымдан” хикаяты мен қырықтың қырқасында жазған „Талтүс” романы қазақ әдебиетінің жетістіктеріне жататын ындынды туындылар. Романдағы Кетбұға күйші туралы толғаныстарды оқығанда қосалқы пернеден алыс сарынды естіп отырғандай боласың. Шығарманың құрылымы әрі қарапайым, әрі күрделі. Тура шегініспен тартылатын күй сияқты. Игерілген тақырыптың өзінен ескі әуеннің сарыны келеді. Алайда, қалай екенін білмеймін, атақ-даңқты былай қойғанда, жай ғана танылған жазушы деген абырой оған қонбай-ақ қойды. Сол танымал деген сөздің өзі соған жараспайтын сияқты. Өзі де сол талантына немкетті қарап, бойын үйретіп алғандай. Ал талант та, қабілет те, өзіндік ойлау жүйесі де ерекше. Әдеби ортада жүрді, „Жұлдыз” сияқты” басылымда істеді. Танылудың барлық мүмкіндігі болды. Мен осындай құбылыстарға қайран қаламын. Соған қарағанда атақ дегеннің өзі жар таңдай білмейтін қыз сияқты көрінеді маған.

Талант демекші, менің қолыма кейінгі бір жылдан бастап „Әлем әдебиеті” деген газет түсе бастады. Әр санын асыға күтемін. Мені әдебиеттің авангардтық өкілдерінің туындыларымен таңдандыра алудың өзі қиындау болар. Бірақ осыны шығарушы және оған қатысқан авторлардың жаңаша көзқарасы, талғамы, таланттары таңдандырады. Өздерінің ұстанған бағыты бар. Сол талғамын қанағаттандыру үшін да газет ашып отырған сияқты. Міне, талант деп, құштарлық деп соларды айту керек.

Ақын-жазушы кеңес кезінде сөзі өтімді, ықпалы үлкен тұлға болып саналатын. Бүгінде олардың қоғамдағы орны әлсіреп кеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Шын талант иесі қашанда тұлға болып қалыптасады. Оған кез-келген ұлт үнемі мұқтаж. Рас кеңес тұсында идеологияға қатты көңіл бөлінді. Соғыс та, тың көтеру де, халық жауын әшкерелеу де идеология арқылы жүзеге асты. Ал идеологияның қаруы – сөз. Сөз иесіне бедел керек. Сондықтан жазушыларды жұрттың көз алдында ұстады. Екіншіден, оларды шашыратпай үнемі назарда ұстау үшін күшті бірлестік құрды. Қаржылай ынталандыру жолға қойылды. Белгілі бір жүйеге қызмет еткен тұлғалар даярланды. Сол арқылы қоғамға-санаға әсер етті. Ал тәуелсіздік алған соң бұл жүйе ыдырап, бет-бетімен кетті. Еркін сөз билік жүйесіне кедергі жасады. Сондықтан да олардың басын біріктіруі қауіпті еді. Ел мен жазушының екі арасы алшақтады. Соның нәтижесінде жалпы мәдениетке, әдебиетке кері әсерін тигізді. Тіліміз болса тоқырауға ұшырады. Қазір Қытай мен Ресей өз тілдерін насихаттайтын тұрақты бағдарламаларды іске қосты. Соның ішінде көркем әдебиетті алға шығарды. Түптің түбінде біздің жазушыларға да сондай қажеттілік туады. Онсыз ұлттың мәйегі ұйымайды. Екіншіден мұны өтпелі кезеңдегі заңды құбылыс деп ойлаймын. Ал енді қолға алынбаса, ол ұлтты тоқырауға, тұйыққа алып келеді. Сол тұйықтың тоспасы қазірдің өзінде көрініп қалды.

Сізді жұртшылық көбінесе сыншы ретінде біледі. Қазір сынмен айналысасыз ба, әлде әңгіме жазасыз ба, жалпы шығармашылық жұмысты, дәлірек айтқанда жазуды ұмытқан жоқсыз ба?

– Сын – жеке шығарма, жеке тұлға, жеке құбылыс туралы көзқарас. Кез- келген жас талант өзінің шығармашылық жолын өлең жазумен, сын жазумен бастайды. Мұның өнер жөнінде көзқарасыңды, ұстанымыңды, ой орнықтылығын қалыптастыруда және дамытуда алатын орны зор. Менің алғашқы екі кітабым өлеңдер жинағы болды. Содан прозаға, одан деректі прозаға, одан сынға, одан ғылымға ауыстым. Мұнда белгілі бір заңдылық та, кездейсоқтық та бар. Алайда қазірге дейін жарық көрген 25-тен астам кітаптың дені жеке тұлғалар арқылы өзімнің көзқарасымды білдірген тұлғалық эсселер екен. Демек сыни көзқарастың маған септігі тигендігі. Соңғы жылдары «Ұраным-Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын түрме әфсаналары және мен тікелей құрастырып, жетекшілік еткен «Қазақ қолжазбалары» атты 10 томдықтың 4 томы шығыпты. Осыған қарағанда өзімді қол қусырып жүрмін немесе жазуды ұмыттым деуіме еш себеп жоқ сияқты. Әрине, көркем шығарма жазу арманым. Бірақ енді кеш. Сондықтан да өмірбаяндық эсселерге тиянақтағаным заңды болар деп ойлаймын.



-„Отырар кітапханасы” қашан және не мақсатта құрылды? Ол ежелгі Отырар кітапханасының орнын баса алды ма, кітап қоры қанша? Онда қандай шаралар өткізіледі?

- „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығының құрылғанына биыл 10 жыл. Оның негізгі мақсаты – еліміздің астанасын қасиеттендіру, мәдени ошақтармен қамтамасыз ету, Қазақстанның тарихына қатысты деректерді бір орталыққа жинастыру, сөйтіп, Еуразия университетінің оқытушылары мен студенттерін қатыстыра отырып сол сирек ғылыми деректерді аударып, жинақ етіп шығару арқылы ғылыми айналымға түсіру. Кітап және жазу мұражайын ашу. Мен келген кезде ғылыми қолжазбалар түгіл қазақ кітаптарының өзі төрт-ақ пайызды құрайтын. Оның өзі кейінгі он жылда жинақталған әдебиеттер еді. Ең алдымен соның есесін толтыру қажеттігі туды. Сондықтан да қазақтың белгілі ғалымдары мен жазушыларының кітапханаларын ұйымдастыруды қолға алдық. Соның нәтижесінде Ә.Марғұланның, С.Бегалиннің, М.Қаратаевтың, Т.Кәкішевтің, Р. Сыздықова мен О.Нұрмағамбетованың, С.Қирабаев пен Ә.Бейсенованың, К.Ақышевтің, А. Сейдімбектің кітапхана қорлары ашылды. Бұл осы саладағы кітап қорының жинақталуына үлкен ықпал жасады. Сондай-ақ „Жазу тарихы мұражайы”, Л.Н.Гумилевтің, Ә.Марғұланның, К.Ақышевтің мұражай-кітапханалары да оқырмандарға есігін айқара ашты. Қазір ғылыми орталықтың қорында 40 мыңнан астам сирек қолжазбалар мен кітаптар бар.

Тек қана кітапхана емес, ғылыми орталық деп аталуының өзінде үлкен мән бар. Оқырмандарға қызмет көрсете отырып, ғылыми жұмыспен де айналысамыз. Сирек қолжазбалар мен кітап қорының ішінде ғылыми зерттеу бөлімі, қолжазбалар бөлімі және кітаптану бөлімі бар. Мұнда академиктер мен профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттар, аудармашылар жұмыс істейді. Солардың еңбегінің нәтижесінде ғылыми орталық соңғы 10 жылдың ішінде бұрын ғылыми айналымға түспеген немесе басылмаған 71 кітапты оқырмандар назарына ұсыныпты. „Жетінші қазына” атты дастандар жинағындағы оқиғалар хұн заманынан бастап кешегі қуғын-сүргін кезеңіндегі қасіреттерді жырға қосады. Зар заман әдебиетінің соңғы тегеуірінді өкілі Нарманбеттің де жырлары жеке жинақ болып шықты. Орыс зерттеушілері „даланың ұлы жыршысы” деп баға берген, ал қазақтар үшін мүлдем беймағлұм болып келген соқыр ақын Ноғайбайдың бір томдығын дайындадық. Біз өзіміздегі кітапхана қорлары бар қайраткерлердің де шығармашылығын назарда ұстаймыз. Мысалы, Қ.Мұхамедхановтың 9 томдық еңбегі жарық көрді. С.Бегалиннің 7 томдығын жариялауды аяқтадық. Кәрібай Таңатарұлы сияқты трагедиялық тұлғалардың бір томдығы баспадан шықты. Алаш қайраткерлерінің түрмедегі тағдыры жөнінде 3 томдық деректер жинағы әзір. С. Кенжеахметовтің қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, дастарханы туралы жазылған 3 томдық еңбегі қазір „бестлерге” айналып кетті. Ақмолалық, марқұм Х.Тәкежановтың осы өңірдің тұрмысы негізінде жазылған, ешқайда басылмаған „Қазақтың салт-дәстүрі” атты еңбегінің маңызы зор. Әттең, оған ешкім назар аударып, пікір білдірмеді. Енді қытай, араб, парсы тілдеріндегі қазақ тарихына қатысты көне қолжазбалардың каталогін жасап, солардың негізінде жинақ шығарсақ па деген ой да бар. Қазақ мәдениетіне қатысты біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі аралықтағы көне әфсаналарымызды, әдеби, жазба үлгілерді жинақтап, 10 том етіп оқырмандар назарына ұсынуды қолға алдық. Биыл алғашқы 4 томы шықты. Міне, мұның өзі де үлкен табыс. Биылдың өзінде бұрын ешқайда жарияланбаған 5 жинақты баспаға ұсынсақ деп отырмыз.

Ғылыми орталыққа арналған жаңа кітапхана ғимаратын салу ісі жыл сайын кейінге ысырылып келеді. Бұл жүзеге асса біздің мүмкіндігімізді бұрынғыдан да молайта түседі. Қазірдің өзінде бізде кітап алмасу жиілігі өте жоғары. Біз қаншама жоғары нәтижеге жеткенімізбен де ежелгі Отырар кітапханасының орыны ешқашанда толмайды. Өйткені бір жоқтың орынын екінші жоқ толтыра алмайды. Ғылыми орталық заман талабына сай жаңа бағыттағы ғылым ошағы болуға ұмтылып отыр. Алла ісімізді оңғарса, бізді әлі талай жетістіктердің күтіп тұрғаны анық.

Әдебиет – ардың ісі. Бұл көптен бері айтылып келе жатқан пікір. Өкінішке орай қазір жазғыштар көбейіп кеткен сияқты. Соларға қалай тосқауыл қоюға болады?

– Арымен ойнап жүрген таланттар бұрын да болған. Қазір де бар. Келешекте де болады. Таланттың басты белгісі-өзінше көркем ойлау қабілетінің болуы және оны жүйелей білу парасатына ие болу. Өзгеге не айтқың келді, өзгеден қалай асырып айттың, ұлт үшін қандай рухани жаңалық әкелдің? Осыны саралау. Өкінішке орай өзінің көргенін көпсініп, білгенін бәлсініп, соны кітап етіп шығаруға құлшынатындар, тіпті сол жолға құныға түсіп алғандар да бар. Өзінің ақшасына сеніп дүние жүзін шарлап шыққанын жұртқа көрсету үшін арнайы журнал шығарып отырғандар да бар. Араласын. Көрсін. Жазсын. Бірақ соны, Абай айтқандай, „Өзімде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам деу” үшін емес, еліме не үлгі беремін деп шығарса ғой, сонда үлкен мазмұнға ие болар еді. Оны ешкім сөкпес еді. Қазіргі дарақылығымызда шек жоқ. Сондықтан да күлдібадамға тосқауыл қою үшін күрескенше, өзіңнің тиісті жұмысыңды атқарып, жүйкеңді тоздырмағаның жөн-ау деймін.

Еліміздегі кітап шығарудың жайы қалай? Шығып жатқан кітаптар төңірегіндегі ойыңызды ортаға салсаңыз?

– Қазіргі ең үлкен кілтипан – баспа мен оқырман, жазушы арасындағы байланыстың үзіліп қалуы. Соны қалпына келтіруге тырысып отырған баспа орындары шамалы. Үкіметтің тапсырысы бар. Сол қаражатты игердік дейді. Оның нәтижесін кітапхана мен кітап дүкендерінің сөресінен көрмейсің. „Мәдени мұра” бағдарламасымен өте қажетті де маңызды басылымдар жүзеге асты. Ал оны қай сөреден көрдіңіз? Бұл мәселені жолға қоймай мәдениетті өсіремін деу далбасалық. Жақсы кітаптар баршылық. Тек соларды өзгеден бөліп, саралап, оқырмандардың назарын аудару қажет.

Әдебиетшілердің, ақын-жазушылардың ынтымағы туралы не айта аласыз? Ара-тұра баспасөз беттерінен өзіміз мақтан тұтып жүрген бетке ұстар ағаларымыздың бірін-бірі жамандап-ғайбаттаған сөздерін оқып таң қаласың. Бұл көре алмаушылық па, қызғаныш па, әлде пендешілік пе?

– Үшеуі де бар. Десем де мұның түбінде – бір-бірін мойынсынбаушылық, шыдамсыздық, ұзақ жылдардан бері созылған сыз және жанды жеріне тиіп кеткендегі ашыну бар. Сондай-ақ өзімшілдік те бар. Мұндай айтыстар бұрынғы кеңес республикаларының бәрінде де орын алған. Қазір де тыныштала қойған жоқ шығар. Орыс, Еуропа әдебиеттері де мұны басынан кешкен. Тургенев пен Достоевский, Достоевский мен Толстой, Пушкин мен Булганин ... Айтыс-тартыстар қазақ әдебиетінің тарихынан да орын алған. Сәкен мен Нәзірдің айтысын алыңыз. Ал Золяның бүкіл француз сотымен соттасып жеңгенін білеміз. Бірақ олар қоғамды айыптау үшін соттасты. Бізде...басқаша. Жалпы пікірталас - өнер сынының бір жанры. Оны әсірелеп те қабылдауға болмайды, ескермей кетуге тағы да келмейді.

Негізінен алғанда көзқарас үшін пікір таластырғандарды айыптамаймын. Ол оқырманға да, қоғамға да керек. Тек мәдениетті түрде айтыса білу де өнер. „Дулыға” мен „Бесігіңді түзе!..” атты еңбектерімнің мазмұнын орысшалатып, кісі жалдап жаздырып, кітап етіп шығарғандарды менің де сынап жазып, сотқа бергім келді. Ұятсыздықтары сондай, 13 жерден сөзбе сөз көшіріп отырып, менің жазғанымды мазмұндап шығып, ең болмаса, сілтеме жасамайды. Оны жазған адамның өзі қазақша білмейді. Сонда деректерді қайдан алды? Қазақ әдебиетіне жаны ашығансып жалдамалы іздеп жүрген жалдап кінәлі ме, жоқ, біле тұрып ақшасын төлеп, асты-үстіне түсіп көпірте насихаттаған көбікауыз кінәлі ме? Ары ойлап, бері ойлап: жазасын Алла берсін,-деп қалыс қалдым. Міне, айтыс-тартыс осындай ашынудан туындайды. Үшіншіден, біреудің еңбегін оқып, біліп, іштей мойындай отырып соны қасақана назарға ілмеушілік әдеті бар бізде. Сондай қыстығуды көрген талант иесі бір күні ызадан жарылып кетіп, бар уытын өзінің туындысына төгеді. Оның кермек татып тұратыны рас, бірақ ащы да болса шындық.

Жақсылық жайлы түсінігіңіз қалай? Сізге кімдер жақсылық жасады? Шығармашылық өсуіңізге, өмірдің қиын сәтіндегі қысылыстардан шығуға кімдер қол үшін берді? Өзіңіз кімдерге жақсылық жасадыңыз?

– Бір адамның ғұмырлық мақсаты мен өмір жолын қамтитын кең сұрақ екен. Қазып айтуға уақыт тапшы. Айтпауға ар аманаты жібермейді. Жалпы алғанда, жақсылыққа жарымаған адамнан жазушы шықпайды. Менің өз жеке басымды алсам, өзімнің үстімнен арыз жазған ағайындарға да өкпе сақтамаймын. Сын бөлімінде 11 жыл жұмыс істеген адам үшін кез-келген әккі таланттың бір қапысын табатындай мүмкіндігі болады. Көзінше айтып, мінез көрсетсем, көрсеткен шығармын. Еруліге қарулы қайтарған емеспін. Көбі қыздырмалы қызыл сөзге құрылып, менің жеке басыма деген жеккөрініштен туса да, солардың пікірінде түймедей болса да шындық жатады. Соны екшеп, өзіңе ой қорытасың. Сені ойландыруға мүмкіндік бергенінің өзі жақсылық емес пе?

Ал шындығына көшсек, менің осы жарық дүниеге келгеннен бергі басты жұбанышым – адамдардың маған істеген жақсылықтары болды. Мені жардан итеріп жіберуге мүмкіндігі бола тұра, өзін-өзі ұстаған адамдарға деген ықыласым да зор. Дегенмен де өмірдің диірмені кейде қатты жаншып жібергенде көптеген игі әсерлердің елеске айналып, ұмытылып кететіні бар. Әдебиеттегі алғашқы тұсауымды кескен О.Бөкейдің, Р.Нұрғалидың, С.Мұратбековтің, Б.Тілегеновтің, К.Сегізбаевтің, ұстаздарым Х.Бекхожиннің, С.Қирабаевтің, марқұм Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың менің әдеби-ғылыми тағдырыма ықпалы ерекше болды. Кіші деп емес, кісі деп қарап сенім білдіріп қиын жұмыстарға салған, өгейсітпей еркелеткен Ә.Әбішев, О.Сүлейменов, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, М.Мағауин, Т.Ибрагимов, А.Сейдімбек, Қ.Салғара, С.Әшімбаев, Ж.Әбдірәшев сияқты ағалардың алақанының жылуы қолымда. Соның ішінде ең бастысы Астанада төрт жыл үйсіз жүргенде баспана алып берген Иманғали Тасмағамбетовтің жақсылығын қалай ұмытуға болады. Ал достарымнан менің жолым болды. Олардың өзі бір әлем. Жастайымнан тәрибиелеп ер жеткізген туған апайым Айымханның жан жылуы бүкіл өмірімнің жұбанышы болды. Әттең, арманына енді жете бергенде үміт жібі үзіліп кетті. Шеше орнына тәрбие берген Түбітқан апайым, әкемнің орнында жүріп сесімен еркелете білген ағайым Нұрғазы мен Сәметтің жақсылығын әлі де талай көремін деп ойлаймын. Солардың дені сау, аман-есен жүргенінің өзі маған істеген жақсылықтары деп есептеймін. Дәл қазір бұл адамдардың аттарының барлығы жай ғана тізім сияқты көрінгенімен, оның астарында үлкен тағдырлы жақсылықтар, жан жылытар жанашырлықтар жатыр. Орайы келгенде арнайы тоқталатын ұмытылмас айшықты мезеттер олар.

Мен жанымның жабыққанын жанарымнан танып, түсінген адамдардың барлығын да жанымның жанашыры, жақсылықтың бейнесі деп білемін. Үйден қиналып жүргенімде қабырғалары қайысып, қабақтары қиылып кететін Қойшығара ағайым мен журналист қарындасым Лазиза Имашеваны жақсылықтың қарлығаштары деп білемін. Мінсіз таза қуаныш деген сондай-ақ болар.

Ал мен кімге жақсылық жасадым? – дегенге келетін болсақ, мұның жауабын өзгелер беруге тиісті сияқты. Менің өмірлік ұстанымым: игілікке жарайтын бар нәрсе – барлық адамдарда болса екен. Болмасын – деген адам оңбасын – деген мәтел. Өзгелердің тілеуін тілеп жүруімнің өзі – жақсылық шығар. Мінезі құрғырдың кейде шарасынан асып кететіні болмаса, адам баласына қараулық істемек түгіл, ол туралы ойлаған да емеспін деп кесіп-пішіп айта аламын. Тек Тайыр ақынның:

Жан сүйер сөз саулықта,

Айтыла бермейді екен ғой.

Жандарыңды жай уақта,

Азырақ ұққан екем ғой,-

деген өлеңі жиі еске оралады. Біз қаншама адамнан жақсылық күтіп жүрміз, бізден қаншама адамдар жақсылық күтеді. Соның бәрі де орындалса екен. Сонда ғана жақсылыққа шөлдеген жүректің сусыны бір қанатын шығар.

Үлгі тұтар ұстаздарыңыз бар ма? Сіз оларды не үшін өнеге тұтасыз?

– Ұстазсыз менің өмірім тұл болар еді. Әр адам өзінің бойындағы әр қасиетін мақтан етеді. Ал мен ұстаздарымды мақтан тұтамын және ұстаздардан жолым болды деп есептеймін. Өмір-ұстаз қатал қарады дегенмен де, сол өкініштердің есесін ұстаздарымның мейірі толтырып отырды. Ең бірінші бойыма оқуға деген құштарлықты оятқан Жәңгір, Жәмилә, Исабек, Сағынтай, Тәуірбек сияқты мектептегі ұстаздарыма алғысым мол. Солардың тәлімі арқасында бағыт-бағдарымды анықтап, кітапқа деген мәңгілік аңсарды бойыма сіңірдім. Мысалы, Сағынтай мұғалімнен мектепте алған тарихи дәрістерімнің арқасында кейін КПСС тарихынан бастап диамат пен исматтан да қиналмай емтихан тапсырып жүрдім. Өйткені ол кісі маған тарихи ойлау, түйсіну, ой қорыту жүйесін үйретті. Қазіргі менің тарихи тақырыптарға ден қойып жүргенім де соның нәтижесі. Ал университетте маған Рымғали Нұрғали мен Мәлік Ғабдуллиннің ықпалы ерекше болды. Қазақтың тұңғыш журналист-профессоры Хайыржан Бекхожиннің маған жасаған ұстаздық тәлімі және оның кейінгі шығармашылық тағдырыма жасаған әсері ұмытылмақ емес. Рымғали аға Сапарғали Бегалин мен Сәду Машақовтың үйінде сақтаулы тұрған Ақаңның, Міржақыптың, Мағжанның, Жүсіпбектің шығармаларын алып келіп, үйінде қондыра жатып оқытатын. Майталман қаламгер Жанболат Әуіпбаев, ақын Несіпбек Айтов, Жүрсін Ерманов, журналистер Құрманғазы Бексайынов, Айтуған Шәйімов, Нұрқасым Әмірғалиев бәріміз араб тілінен тіл жаттықтыру үшін ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөліміне барып, „Қазақ”, „Айқап”, „Ақ жол”, „Таң”, „Шолпан” сияқты басылымдарды оқитынбыз. Х.Бекхожиннің жетекшілігімен „Айқап” журналындағы «публицистика” деген тақырыпта курс жұмысын орындадым. Ол студенттердің олимпиадасында бәйге алды.

1970 жылы екінші курстың басында „Ақбас бура” (Несіпбектің қойған аты) – Х.Бекхожин мені оңаша шақырды. Әңгіме қысқаша алғанда былай өрбіді:

– Сен ақынсың ба? Өлең жазасың ба?

– Иә. Сол өлеңнің арқасында оқуға түстім емес пе. Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, сіз үшеуіңіз іздеп жүріп шығармадан әрең үш қойдырдыңыздар ғой.

– Ой, ол қателесіп кеткендіктен. Біз бес қойдырамыз деп іздеткеміз. Жалпы ақындар ақымақ келеді. Ақымақ болма. Ана Қалижан мен Сырбайды білесің бе? Менің інілерім. Екеуі де ақымақ. Жә, қиқақты қой. Сен маған шәкірт боласың ба?

– Оқып жатырмыз ғой енді.

– Шын айтамын. Менің қарыздар ұстаздарым бар еді. Солар ұмытылып барады. Ұмытылмайтын қасиетті адамдар. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов...

-Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев деген бе?



-Әй, оларды былай жеңіл атауға болмайды. Бұрын бір шәкірт (Захан Тамшыбаев, қазір Қызылжарда – Т.Ж.) тәрбиелегем. Ол қазір баспасөзден алыстап кетті. Енді солардың мұрасының жатқан жерін саған көрсетем. Бәрін оқисың. Шартым дымыңды шығармайсың. Күндері туады олардың. Келістік пе. Ендеше жүр,-деп әуелі Тауман Амандосовқа, Темірбек Қожакеевке апарып: -Мына балада жұмыстарың болмасын. Сендердің лекцияларыңсыз да жұмысы көп, –деді. Қожакеев сөйлей беріп еді, таяғын көтергенде: – Қойдық енді, қойдық,– деп, өтірік қорыққансыды. Сол бетімен университеттің ректоры Ө.Жолдасбековке алып барды. Табан астында оған ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөліміне қатынас жаздырды. Сол бетімізбен кітапханаға келдік. Ол кісі бірден арнайы құпия бөлімге тартты. Бір кезде өжет әйел (М.Ақынжановтың қызы, қазақтың алғашқы ғылым кандидаттарының бірі Е.Масановтың әйелі Сәуле апай екен) шығып екеуі қатты қалжыңдасты. Соңында:-Әнеукүнгі айтқан балам мынау, – деп мені көрсетті. Сәуле апай лезде бойын жиып алып: -Қарағым, жаңағы есікті аш та басыңды көрсет. Содан кейін сирек қорға барып отыр. Кітапты өзім апарып беремін,-деді. Барып отырдым. Апай өзгелермен амандасқан болып жүрді де менің алдыма бір кітапты қоя салды. Оның ішінде Әлихан Бөкейхановтың қазақтар туралы мақаласы бар екен. Шығарда столдың үстіне қойып, тағы да басымды қылтиттым. Кітапты өзі алып кетті. Қойшы, сонымен келесі көктемде апай: -Ана шалға барып айт. Мұндағы материалдар бітті. Шампанын дұрыстап қойсын де,-деді. Хайрекең „Қарлығаш” кафесіне алып барып менен емтихан алды. -Енді тыныш жүр,-деді. Содан диплом қорғайтын кез келді. „Қазақ” газеті туралы дайындығым күшті. Қиналмадым. Жазып тастадым. Қорғауға он күн қалғанда кафедраға бардым. „Ақбас бурам” алдымнан шыға келді. Меймана сөйлесіп ішке кірдік. Өзімсіне: - Рецензияңызды қашан жазып бересіз? - деп едім жалт қарап: - Өй, сенің тақырыбыңды кім бекітті, не туралы, жетекшің кім? - демесі бар ма. Мен де қитыға қалып: «-Жетекшім професор Хайыржан Бекхожин. Тақырыбым „Қазақ” газетінің шығу тарихы...»,-дей бергенімде иегі кемсеңдеп, көзі ақшиып, қолындағы таяғын көтере бергенде...мен де есікке ұмтылдым. Таяқ та ұшып келеді маған. Таяқпен қоса „Сатқын – подлец! Уәде қайда”- деген қырылдаңқы дауыс та жетті. Есікті жауып үлгеріп, қабырғаға сүйене қалдым. „Өзімнің рұқсатымсыз Алашқа жолама”, -деп сөз алғаны есіме түсті. Ал мен тақырыпты да, жетекшіні де өзім „бекітіп” кафедрадан өткізіп жібергем. Енді не істеймін. Сәтін салғанда әлгі қабырғада диплом тақырыптарының тізімі тұр екен. Қарап жіберсем, „Сырбай Мәуленов – публицист” деген тақырыпты ешкім алмапты. Есікті қайтара аштым да: "Қателесіппін. Сырбай Мәуленов– публицист” деген тақырып екен!»- дедім. Күліп жіберді де: - Ә, солай ма. Ол ана Қалижан екеуі ақын ғой. Менің інілерім. Ақындар ақымақ келеді (Баяғы сөзін сөзбе сөз қайталады). Бірақ қазір ол Бас редактор. Сен барып жолығып кітаптарын сұрап ал да, тездетіп жаз. Қазір бар,-деді. Сырағаңа кірдім. Жөнімді айттым. – Бала! Мына алақанды көрдің бе, бүгілмейді. Сондықтан мен қалам ұстамаймын. Менде айғырдай кісінеген пәленбай ұл бар. Соларды асыру үшін таңертең „Қаламгерден” 150 грамм коньякты тартып аламын да ана есік алдындағы әйелге диктауайт етемін. Оның бар құпиясы осы. Ал жетекшің кім?- деді. – Професор Хайыржан Бекхожин!- дей бергенімде орнынан атып тұрды да алдындағы қағаздарын жиыстырып: - Болды, бала. Болды. Ендігісін сол Хайрекеңнің өзі бітіреді. Бар, бар,- деп мені кабинеттен жетелегендей етіп шығарып жіберді. Қап, мені өзі жек көретін адамға жібергені несі – деп шағыну үшін кафедраға қайта келсем отыр екен. - Мұныңыз не, мені жек көретін адамыңызға жұмсап. Кабинетінен қуып шықты. „Қазақ” газетінен қорғаймын - деп бұртия бергенімде есіктен қолтығында „кулогы” бар Сырбай Мәуленов: - Арысым-оу, алашым-оу! Арыстарымның көзі-ау сол. Біз сияқты ақымақтарды да адам қатарына қосыпсыз ғой. Жаңа бір бала келді. Дипломын қойшы, Сіздің назарыңызда ұстағаныңыз қаншалық – деп кулогын ашып ішінен коньяк пен бәлішті шығара бастады. Өзі ашып жатып маған бір қарап қойып, ишара жасады. Ақбас бура мәз. Хайрекеңді қасиет тұтатынына риза болып жаңа тақырыпты қалай жазып шыққанымды өзім де білей қалдым. Кейін бұл білімім іске асты. Жоғарыдағы жайдан хабары бар Олжас Сүлейменов маған Алаш ардагерлерін ақтау туралы мәселе көтеруге тапсырма берді. 1987 жылы Жоғары Сотта олардың шығармаларына пікір білдіретін әдеби кеңесші болдым. Араға жыл салып барып арнайы комиссия құрылды. Ал арыстан ақын Қалижан Бекхожин менің осы әңгімемді естігеннен кейін көз жасына ерік беріп жылап алды да: - Хайрекеңнің көзі деп саған сәлем беріп тұрамын, – деді. Шындығында да мені көргенде тырпылдай басып қолын ұсына жүгірген болады. Өзім жүгіріп барсам ұрсады: -Сәлемді саған емес, Хайрекеме беріп тұрмын,–деп. Кейін бой үйреніп алған соң: -Неге сәлем беріп тұрмайсыз,– дейтін де болдық. Міне, менің ұстаздарымның тәлімі. Осы айтылған оқиғада тәлім де, тәрбие де, білім де, ұстаздық қамқорлық та бар. Қазір осы тізімге Серік Қирабаев қосылды. Ол адамға алғысым да мол, еркелігім де көп. Ұстазсыз менің өмірім тұл дейтінім де сондықтан.

Сұхбатты жүргізген Есенгелді СҮЙІНОВ.

//Есіл газеті. -№8-9 – тамыз-қыркүйек 2011 жыл. – 2-4 бет.


*** *** ***

*** *** ***

ОЛЖАС НЕГЕ ӘДЕМІ ҚАРТАЯ АЛМАДЫ?
Дм.Қ: Тұрсын аға, осы Олжас Сүлейменов ағамызды әдемі қартая алмады дегенге қосыласыз ба? Ол кісі неге шабысынан жаңылысты?

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Олжастың соңынан ұйымдастырып, сол үшін дақпырт таратып жүретін бір академия бар жисаң. Кезінде Олжаспен жақсы аралас-құралас болдым, қазір де хабарласып тұрамыз. Кезінде Шерхан Мұртаза да, Қабдеш Жұмаділов те Олжасқа қарсы тұрды. Шерханның мықты редактор болғанын мойындаймыз, бірақ ол да сол бір қызыл идеологияның алдыңғы шебінде тұрды ғой.

Олжастың артынан әртүрлі әңгімелер шыға бастағанда, мен оған бардым. Ол менің «Дулығамды» оқып отыр екен. Жеке отырып, ашық әңгімелестік. Сонда мен Олжасқа үш сұрақ қойдым. «Біріншіден, неге сіз макроэкономикадан қашасыз? Елдің бәрі сізді еврейлерге ілесіп, сауда жасайды деп жүр. Екіншіден, қазақ тілінің көсегесі дәл қазір көгерсін деген саясатқа қарсысыз. Мұныңыз қалай? Мен бұл ойыңызға үзілді-кесілді қарсымын. Үшіншіден, сіз саяси одақ құрайық дейсіз. Тәуелсіздігімізді енді алып отырғанда, сіздің мұныңыз не? Осының бәрін маған түсіндіріп беріңізші. Не ойлағаныңыз бар?» дедім. Сонда ол маған: «Ей, Тұрсын, бір ұлтшыл болса, онда ол мендей болсын. Сен менің жанымды түсінесің ғой» деді. Тұңғыш рет ұлт-азаттық идея дегенді 1954 жылы айтқан орыс тілді жазушы Әнуар Әлімжанов. Одан кейін оған 1955-56 жылдары Олжас Сүлейменов қосылды. Бәріміз «ақпыз, қарамыз, сарымыз» деп жүргенде, ұлтты тұңғыш рет айтқан солар. Қазірге дейін Әбдіжәмілдердің (Нұрпейісов) санасына ұлттық деген сөз кіріп шықпайды, Әбдіжәмілдің ұлтына қосқан үлесі жоқ. Сосын ғой Әнуар мен Олжасты Әуезовтің қолдағаны. 54-жылдары «Мен Арғымақ, Мен қазақ!» деп кім айғайлап айтып еді?! Осыдан кейін барып, «Мен қазақпын» деп Жұбандар шыға бастады. Олжастай болып, орыстың бетіне қасқайып қарап, былшылдатып ұрған ешкім жоқ. «Мен шетелдің көбін араладым. Капитализмге ентелеп кетіп бара жатқан елдерді зерттедім. Біз Үндістан сияқты болып қалмауымыз керек. Себебі, мен әр қазақтың баласының қолында күлше болса деймін» деді Олжекең. Рас қой, алғаш тәуелсіздік алғанда, есіңде болса, сен де бидай жедің, кәмпит дегенді көрмедің. «Мені саудагер дейді. Бірақ әр адам өз шаруасымен өзі айналысып, сауда жасап үйренгені жақсы. Шағын бизнесті дамытсақ, әр қазақ өз сыбағасын өзі ала алады. Ал макроэкономика болса, бізді алып елдер талан-таражға салып, тоз-тозымызды шығарып жібереді», деген сонда. Олжастың айтқаны келді. Қазір бәрі осыны айта бастады. Екінші конфедерация мәселесіне қатысты: «Үш алып мемлекет бізге көз тігіп отыр: Ресей, Қытай, АҚШ. Қытай бір кіріп кетсе, оны шығара алмаймыз. АҚШ анталап, атом бомбасымен жарып жіберуі мүмкін. Егер осы үш елдің бірімен саяси одақ құрсақ, бізге қолайлысы Ресей болмақ. «Үйренген жау атыспаққа жақсы». Олардың құрығанда тілін білеміз. Ал үшінші сұрағыңа келер болсақ, Шерхан бастаған топ шулай береді. Қалай десек те, қазақ тілі халықаралық тіл емес, онымен саяси келісім, сауда-саттықта алыс-беріс жасай алмайсың. Одан да менің бұларға айтатыным «Гаага» келісімі деген келісімшарт бар. Сонымен жұмыс істейік. Осы келісімге 1948-49 жылдары қол қойған үнді, араб, еврейлер ұтылды ма? Жоқ. Бұл келісім бойынша он жыл уақыт береді. Онда он жылға дейін қазақ тіліне басымдық берілмейді. Бірақ он жыл өткен соң, қалай ма, қаламай ма, қазақ тілі өз мемлекетінде үстемдік құрады. «Ұлтаралық татулық» деген сыпайылық бұл жерде рөл атқармайды да» деді.



ДмҚ: Сонда Сүлейменов айтқан Гаага келісіміне қол қойғанымызда, бүгінде қазақ тілінің проблемасы жоқ болар ма еді?

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Келісім бойынша он жыл уақыт бергенде, қырық бестегі қызметкерлер зейнеткерлікке шығып, отыздағылары өздері үшін үйреніп, мектепте, университетте он жыл бұрынғысын алдын ала ойлап, қазақ тілінің проблемасы жоқ болар еді. Үйренбесе: «Таня, мен саған он жыл уақыт бердім, қазақ тілін үйренсін деп. Енді біз дос бола алмаймыз» деп шығар едік. «Қазақ тілінің дәрежесін Конституция бойынша бекіту саяси дауға айналдыру деген сөз. Саясатқа айналдырғасын, қазақ тілінің жыры мәңгілік бітпейді, мәңгілік мемлекеттік тіл дәрежесінде өмір сүре алмайды» деп еді Олжас. Одан бері де жиырма жылға жуық уақыт өтті. Тіл проблемасы күн өткен сайын өршелене түсуде. Біз Олжасты тыңдай білсек, ол керемет саясаткер. Ақындар ақымақтау болады ғой. «Алма-Ата звучить!» деуі ақындығымен айта салғаны.

НӘЗІК ХАОСТЫҢ ӨЗІ ҚАУІПТІ



ДмҚ: Бүгінгі күнге көңіліңіз тола ма?

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Бүгінгі қазақ қоғамы ұлттық идеядан толық ажырап, беймаралдық күйге түсті. Қоғамдық, мемлекеттік құрылым осы бір бей-жай көңіл-күйді реттеп қана отыратын лакмус қағазға айналды. Мемлекет ұстанымын толық пәрменімен жүзеге асыра алмайды. Себебі, мемлекеттік ұстаным халыққа түсініксіз. Төмендегінің идеясы жоғарыға жетпейді. Өйткені, халықты олар мүлдем түсінгісі келмейді. Осы екі ортада дызақтаған электр тоғы сияқты зиялылардың әлсіз, кейде тосын жанайқайлары шығып қана екі аралықты байланыстырып тұр. Еріксіз Лениннің сөзі еске түседі: «Жоғарыдағылар төмендегілерді толық басқара алмаса, төмендегілер жоғарыдағыларға сенбестікпен қарап, үміт үзген жағдайда, қоғамда революциялық жағдай қалыптасады» дейді. Біздің қазіргі мемлекетті басқарушылар мен халықтың арасында осындай тылсым кеңістік қалыптасты. Бұл біздің мемлекетіміздегі бюрократиялық жүйенің әккіленіп, өз билігінен басқа, өз үкімінен өзге пікірге даму бағытына бой ұсынбайды деген сөз. Яғни, билігіміз өз сөзінен басқа сөзді ұқпайды.

ДмҚ: Біздің қазіргі қоғамға революция керек демекшісіз бе?

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Жоқ.

ДмҚ: Сонда бізге қазақ; қоғамын алға жетелеу үшін не керек?

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Бүгінгі қазақ қоғамы өте нәзік хаостың кеңістігінде ілініп тұр. Бұған себептер көп. Менің ойымша, Қырғызстандағыдай жағдай бізде қалыптаспауға тиіс. Бірақ төзімнің де шегі бар екені белгілі. Және сол көзқарастар, жаңағы дызылдаған ойлар, мыңның басындағы алаңдаулар түптің-түбінде бірігіп, үлкен күшке айналуы мүмкін. Ол бүгінгі күннің өзінде бар. Революциялық өзгеріс болады деп өз басым күтпеймін. Бірақ азаматтық мойынсынбаулар, азаматтық қозғалыстар, ұлттық мүдделер күресі барған сайын шыңдалып, топталып, ұйымдаса береді. Ол үлкен халықтық күшке айналады. Қазіргі мемлекеттік құрылымға біздің ұлтымыз көніп келген. Сондағы басты жұбанышы тәуелсіздікке деген ұлы құрмет, сағыныш және осы тәуелсіз мемлекеттің тұсындағы қоғамдық қарым-қатынастардың, алыс-берістердің, білімдік жүйенің, адамгершілік негіздердің толық екшеліп, бір жақты ыңғайласпауынан туған. Қазір бұл жайлардың барлығының беті ашылып, өзара айырмашылықтары білініп, жікарасы нақтыланып ой қорытуға жетелей бастады.

ДмҚ: Қазақты анау деп бөлдік, мынау деп бөлдік. Қалай десек те қазақтың арасында бөліну бар...

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Мен де қазақ қоғамындағы саналық иірімдерді үшке бөлер едім. Бірінші, өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын және біреу айтса болды көнетіп, өздерінің қалыптасқан билік жүйесінен оңға да, солға да бұрылмайтын, сол билік жүйесін өздерінің күнкөріс көзіне айналдырған топ. Бұл топтың қазір бетпердесі ашылып, адамгершілік кейіптерінің сұрғылт тамырлары көрініп, не істеп, не қоятынын және қандай нәтижеге жететіні анықталған қоғам үшін керек. Олар осы билік үшін жанын беруге әзір. Екінші ой ұйытқысы. Ол осы қоғамдағы қайшылықтарды, психологиялық тебіреністер мен бұлқыныстарды, экономикалық тығырықтарды анық сезіп, көріп, олардың емін біліп отырған адамдар. Айтады, күнде айғай салады, бірақ сол айғай күнде өзіне жаңғырып жетеді. Тамшы су тасты да тесіп шығады. Осы жаңғырықтар түбінде алдыңғы топ қалыптастырған жартастарды ұсақ бөлшектерге айналдырады және олар быт-шыты шығып құлап, күлталқанға айналады. Оған ұзақ уақыт, тарихи уақиға, сылтаулы сәт қана керек. Үшінші топқа бәрібір. Өз күнін өзі көрсе болды. Экономика дами ма, құлдырап кете ме, ұлттың санасы мизаяға айналды ма, қызықтырмайды. Сүйретіліп ғұмыр кешсе болды. Бұл саналық ұғым ең қауіптісі. Біз қазір осы үш қоғамдық санамен өмір сүрудеміз. Өмірдің, қоғамның, экономиканың, сананың даму ағыстары осы үшеуін реттемей, бір ізге түспейді. Қазір қоршалған тас қорғанның ішінде өмір сүріп жатыр. Бірақ түптің-түбінде осыдан бір селкеу, аңғар табылатыны анық. Ол дүлей құйын болып, жоғары тік көтеріліп, еркіндікке шыға ма, бір тамшы су сияқты тасты тесіп шыға ма, атыла ма, ол енді сол тұстағы ұлттық сананың жетілуіне байланысты. Бұл мәселе Қазақстанның бүгінгі қоғамында анық байқалып отырған жай. Оны шет мемлекетке шығып, сол мемлекеттің компьютерлік жүйесіне кіріп, Қазақстан туралы пікірлер мен еліміздің экономикалық, саяси, мәдени дамулары туралы нақты деректерді оқысаң, көзің жетеді. Ол мәселе жаңағы өзіміздің ішкі иірімдерімізде үнемі шыр айналып жүргендіктен де, біз үлкен қозғалыста жүрген сияқты болуымыз мүмкін. Ал шындығында иірім қазақ қоғамының ішіндегі ғана иірім. Оның ағысы өркениетке қосылып, толық қуатты күшке айналған жоқ. Ұмтылыстар бар.
ГЕНЕТИКА ҒЫЛЫМЫН ОҚЫТУ КЕРЕК

ДмҚ: Сізді болашақта не алаңдатады?

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Мені алаңдататын үш мәселе. Осы үш мәселе де бір-біріне сабақтас. Бірінші, біз білім жүйесін толықтай құлдыратып алдық. Қазіргі күйіміз 1966 жылғы жаппай орта мектепті бітіру туралы қаулының деңгейінен де төмен жағдайда деп ойлаймын. Дүниежүзіндегі білімнің ең озық түрі германдық үлгідегі жүйе.

ДмҚ: Ол қндай жүйе?

Тұрсын ЖҰРТБАИ: Ол кәдімгі бастауыш мектеп, орта мектеп, толық орта мектеп жүйесі. Қалған білімнің барлығы да осы ipreтастың үстіне қаланады. Одан кейін барып, гимназиялық, колледждік, бакалавр, магистрлік, аспиранттық дәрежеге көтеріле беруге болады. Ал білім жүйесі жөнінде 2006 жылға дейін өзгерістер жасау туралы ұмтылыстар болды, басталды, сол күйінше қалып қойды. Біз қазір не германдық, не бұрынғы кеңестік, не америкалық үлгіде емеспіз. Не өз бетімізше жол тапқан жоқпыз. Үш жүйенің қойыртпағы болып тұрмыз. Сыртымыз еуропа-америкалық жүйе сияқты. Қазіргі орта мектепті бітірген бала көбейту кестесін жатқа білмейді. Өйткені, 2-3-ші сыныптарда талап ретіндегі жүзеге асырылмайды.

ДмҚ: Есесіне 2-ші, тіпті, 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілін оқытудамыз...

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Көбейту кестесін білмеген бала қай тілде болсын, тіпті ана тілін керемет меңгерсе де, сауатсыз күйінде қалады. Техника үнемі адамның қол астында тұрмайды. Ал адамның ойлау жүйесі сәт сайын шешім қабылдауды қажет етеді. Ең бірінші бастауыш білімді бала ана тілінде алу керек. Себебі, бұл бала санасының қалыптасу кезеңі. Нейролингвистика деген ғылым бар. Сол ғылым бойынша ғалымдардың ашқан жаңалығы адам таңғаларлықтай. Адам миының ойлау жүйесі – 1 мен 3 жас аралығында қалыптасады екен. Адам миының сол жақ ми бөлігі дыбысқа, ойлауға, сөйлеу процесіне жауап береді. Және бүгін туған нәрестенің жұлын жүйкесінде, ми қабында оның әкесі немесе атасындағы емес, тура жетінші атасындағы тектік негіз бар, сол қалпында балаға дариды. Ол баланың дыбысты қабылдауына, сөйлемді жеткізуіне, бастауыш пен баяндауышты байланыстыруына, ойлануына қаншама күш кетеді. Бірақ бала мұны тез үйреніп кетеді. Себебі жетінші атасы осы тілде ойланды, сөйледі. Орыс тілінде тілі шыққан баланың өжеттеу және көп нәрсеге консервативті түрде қарайтынын мойындаймыз. 1 мен 5 жас арасында баланың миы дамып, өзінің бұрынғы генетикалық тегіне деген қарсылық пайда болады екен. Генетикалық тегін жойып шықса, ол қазақ болып қалмайды. Орыс тілінде тілі шыққандардың өз тіліне деген жеккөрінісі оның жай көзқарасында ғана емес, ең бірінші жүйке жұлын жүйесінде жатыр. Осы мәселе жөнінде қаншама халықаралық конференция өтіп, үлкен жаңалық ретінде тіркелген. Әлемде неге гене­тика ғылымы 70-80-жылдары күрт ілгері дамыды да, Кеңес үкіметінде кенжелеп қалды? Өйткені, олар бодан елдің санасын тұншықтырғысы келді.

ДмҚ: Жекелеген ғалымдарға генетика ғылымы белгілі екен. Ал осы белгілі нәрсені неге біз білім жүйесіне енгізбейміз? Ешқандай ғылыми негізі жоқ «Өзін-өзі тану» пәні де оқытылып жатыр ғой...

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Қазіргі қазақ тілі, математика секілді пәндердің оқулықтарындағы кейбір терминдерді бала тұрмақ, отыз кітап шығарған ғылым докторы, профессор мына мен түсінбеймін. Қолдан жасалған тіл, қолдан жасалған буын. Әліппедегі өлеңдердің өзін үлкен адамдар жаттай алмайды. Ондағы ырғақтарды әлі былқылдап тұрған сана қабылдайтын сөздер емес. Психолингвистиканың заңдылығына бағынбай, оқу жүйесін алға сүйрей алмаймыз. Ең бастысы, үшінші сыныпта көбейту кестесін меңгермеген бала, оны өмір бақи меңгермей кетеді. Here сыныптарға бөліп оқытады? Өйткені, адамның миы, ойлау жүйесі қат-қабатымен бірте-бірте қалыптасады. Шатырды саламыз да, іргетасын тоғызыншы-оныншы қабатқа келгенде тұрғыза бастаймыз. Біздің білім жүйесі тура осылай. 12-жылдыққа көшкелі жатырмыз. Осының жүйесі қандай? 12-жылдықты бітірген бала маман болып шығу керек. Содан кейін үш жыл оқып бакалавриатты алуға болады. Қазіргі біздің бұзылған оқу жүйесінде магистранттың білім деңгейі бұрынғы бакалаврға жетпейді. «Абай жолын» оқымаған, Бейімбет Майлинді білмейтіндердің әдебиеттанумен айналасып жүргендері бар. Өзі оқыған шығарманы талдамақ түгілі, мазмұндап бере алмайтын пейдж докторлары жеткілікті. Себебі, олар әу баста тест жүйесімен білім алған. Ал тест жүйесінде оқудың қажеті жоқ. Ол оқыған мектепте Абайдың философиясына бойлаған жоқ, тек тест жаттауға дайындады. Кейбір жоғары оқу орындары мектептердегі пәндерді қайта оқытатын курстар ашуда. Бұл студенттің оқып, оқығанын сөйлеп жеткізе алуы үшін амалсыздан барып отырған шара. Менің ойымша, бұрын білім саласында сауатсыздықты жою қозғалысы бар болса, қазір сауатсыздандыру қозғалысы жүріп жатқандай көрінеді.
*** *** ***
ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ: «КӨКІРЕГІМДЕ АЛЛА МЕН АЛАШ ӘКЕМНІҢ АМАНАТЫНДАЙ...»
Тұрсын аға, қазақ әдебиетінде орны айқын адамсыз. Нарынқол ауданының құрметті азаматы екенсіз. Ердің жасы елуге толғанда, Мұқағали елі Сізге ат мінгізіпті. Сонда бағзы бабам Қазақ тәрізді сары даламда еркін жортсын, иен жүрсін деп жылқының жүген-ноқтасын сыпырып алып, қоя беріпсіз. Бұл ырымды тегін емес, азаттықтың рухына бас ию, мәртебесін ұлықтау деп түсіндім. Өзіңіз не ойладыңыз? Туған еліңіз Абай ауданы құрметті азамат атағын Сізге берді ме?

– Ол рас. Алаш идеясын Мұқтар Әуезов шығармалары арқылы халыққа жеткізуді, сол арқылы өз идеяларымды қоса жеткізуді мақсат еттім. 1979-80 жылдары Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» атты повесінің тарихи деректері туралы мемлекеттік архивтердегі көптеген құжаттарды оқығанда төбе құйқам шымырлады. Сондықтан осы құжаттарда айтылған жер мен адам тағдыры туралы терең білгім келді. 1979-80 жылдары жаз айында Қарқара жеріне барып, сол жердің адамдарымен таныстым. Тарихи, көркем шындықты адамдардың айтқандарымен салыстырдым. Бәкей қыздың өмірде болғанын, Жәмеңке, Ұзақ тәрізді көтеріліс басшыларының балаларын есту үлкен әсер қалдырды. «Бейуақ» атты кітап жаздым, 1991 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Жазалаушылардан фон Берг: «Бір сайға келгенде қазақтарды қудық, 112 баланы жасырып кетіпті, оның 56-сы ұл, 55-і қыз. Тірі қалғаны жоқ, бір бұта түбінде бір бала тұр, шауып өткенде басы жерге сылқ етті, қылыш қиып түскенде басы орнында тұрып қалыпты. 540 адамды ауыл арасындағы балталасудан өткіздік. Олар саптан шыққанда 30-40 адам қалды. Содан кешке жақын, қалаға уезд орталығына келгенде, офицерлер би билеп, көңіл көтеріп, қалғандарын атып өлтірді». Қазақтарды бала-шағасына шейін қырғындатқан Беловодье поселкесінің адамдары. Осыны жазып отырып, төсекке етпетімнен түсіп, еңіреп жыладым.

Сол албан оқиғасының куәгері Имашев, Тәнекеев сияқты ақсақалдар көздерінен жасы ағып отырып, рахметін айтып, Ұзақ батырдың тойына шақырды. Нарынқол, Кеген, Шелек, Ұйғыр, Жаркент аудандары біріккен, Шалкөдеде өткен сол үлкен тойда мені сахнаға шақырып, алғыс айтып, осы ауданның құрметті азаматы деп жариялады. Жиылған мыңнан аса халық ду қол шапалақтады. Бұл міндетті Нарынқол ауданының әкімі өз міндетіне алды. Ол тарихи шындықты архивтен тауып, аруақтарды еске алғаныма ризашылық білдірді. Құйысқанды, жүгенді, өмілдірікті, ер тоқымды атты бір бала мініп келіп, алдыма тартты. Атпен топты бір айналып өттім де, сахнаға көтерілдім. Есіме Ференц Бууда есімді мадияр досымның: «Тұрсын, сенімен бірге қазақ даласында менің жүрегім көшіп жүреді» деп жазған хат жолдары түсті. «Егер осы атты маған сыйлағандарың рас болса, онда ертоқымын, жүгенін сыпырып тастап, еркін қоя беріңіздер. Ол бостандық аңсаған бабаларымыздың белгісіндей болып, мынау албан тауларында емін-еркін жүрсін» дедім. Сол арада жылқының жүгенін сыпырып алып, қоя берді.

– Бұл Кеңес одағы әлі тарқамаған кез ғой. Арғымақты бұлай ардақтағаныңыз ел көңілінен шыққаны айдан анық.

– Менің де азаттық іздеген көңілім халықтың көңілімен ұштасып, бір ұшқын тастағанына ризамын. Қарқара жұрты осы күнге шейін біздің төл перзентіміз деп қабылдап, мені төріне шығарады. Оған биылғы жаздағы көрген сый, көрсеткен ибасы дәлел.

Ал 2001 жылы өзімнің туған ауылым Абай ауданының құрметті азаматы атағын берді.

Тұрсын аға, Сіз ақын болып бастадыңыз. «Қоңыр қаз», «Жүрегімде жұмыр жер» атты қос жинағыңыз 1978, 1980 жылдары жарық көрді. Поэзия, проза, ғылыми зерттеулер. Ғылым докторы атағын ғалым ретінде алдыңыз. Жазушылық еріккеннің ермегі емес. Адам өмірін тегіс билеп-төстейтін, балы мен уы тең, жанкештілікті сүйетін құбылыс. Оқырмандарыңыз қандай және олардан тосын мінездер көрдіңіз бе?

– Әрине, оқырмандарым жастар емес. Олардың дені егде тартқан, өмірден сабақ алған, ой түйген адамдар. Өзіме кештеу көрінгенмен, әрбір қалам тартқан өзге қатарластарыма қарағанда ерте танылдым. Бошай Кітапбаев ағамыз осы күнге шейін телефон шалып, хат жазып тұрады. Сонда бар айтатыны: «Тұрсын-ау, мен жұмыссыз қалдым ғой, алдыңғы кітабыңды оқи-оқи тозып кетті. Жаңа шыққан кітабыңды берсеңші, әйтпесе кемпіріме сүйкімім кетті».

Өз оқырмандарымның тарапынан қызық оқиғаларға тап болғаным бар. 1987 жылы күз айларында желтоқсан оқиғасына байланысты қаза тапқан бір қыздың үйін іздеп, батыс облыстарын араладым. Олжас Сүлейменов іссапарымызға сылтау болсын деп әдебиетті насихаттау бөлімі арқылы қасыма Назымбек Боқаевты қосып жіберді. Мұндай құпия істің ең оңтайлы жолы кездесулер өткізу. Ол жағын Назымбек жақсы ұйымдастыра біледі. Бір күні халық ақыны Жарылқаповтың ауылы Шетпе ауданындағы Бозашыда кездесу ұйымдастырылды. Сағат 12-де басталуы тиісті шараға жарты сағаттай ерте бардық. Ауылдық кеңестің төрағасы, мектеп директоры қарсы алды. Мектептің алдында бізді әңгімеге айналдырып, бір жарым сағаттай ұстады. Ақ фартук киген мектеп оқушылары да шаршап ойнай бастады. Ауылнайға кездесудің жайын айтсақ болды, қазір бастаймыз, үлкен кісі келсін, Тұқаң келсін, соны күтіп тұрмыз дейді. Сағат 2-ге айналғанда, мен қабағымды түйіңкіреп: «Үлкен кісіңіздің алдында мына Бозашының құмындай ұсақтап болдық қой, балаларға обал болды» дедім. «Жазушыларды күтіп тұрмыз, сол кісі кешігіп жатыр, жаңа ауданнан шықты деп хабарлады. Тұқаңды, атақты Тұрсын Жұртбаевты күтіп тұрмыз» деді. Мен күліп жібердім: «Қазақта Тұрсын Жұртбаев біреу, ол алдарыңызда тұр». «Жоқ, сіздің Тұрсын Жұртбаев екеніңізді білеміз ғой, бірақ Әуезов туралы жазған Тұрсын Жұртбаевты күтіп тұрмыз» деп жауап бергені. «Егер «Бесігіңді түзе!..» деген шығарманы жазған адам болса, сол мен» дедім. «Алла, мен сізді Әзілхан Нұршайықов пен Тахауи Ахтанов сияқты үлкен жазушы екен десем, кешіріңіз» дейді. Менің 30-ға әлі толмаған кезім болған соң солай ойлап қалғаны белгілі болды. Сөзден тыйылып, мектепке қарай бастай берді. Сөйтіп, өзімді-өзім екі сағат күтіп тұрған жайым бар.

Тұрсын аға, мынауыңыз Қожанасыр әпендінің өзі қызыққандай айшықты оқиға екен. Өзімді іздеп жүрмін деген ғажайып философия шығады. Жарық күнде қолына шам ұстап адам іздеп жүрген көне данышпанды еске салады екен.

– Мені сол күйімде қабылдамауды тағы бір мәрте Қытайда көрдім. 2006 жылы Пекин Ұлттар университетінің шақыртуымен 6 ай сабақ бердім. Қайтарымда Алтай тауының басынан түсіп, Тарбағатайдың сілемінен бірақ шықтым. Алтай аймағының уәлиі менің «Дулыға» атты кітабымды жатқа айтатын кісі екен. Мен сенбей, күліп қана қойдым. Өтірік те болса мақтағанды кім жек көрсін. Бірақ қазақ іші емес, сонау Шығыс Түркістанда «Дулығаны» оқып, оны жатқа айтатын адам бар дегенге сену қиын-ақ. Менің күлгенім көңіліне келіп қалса керек. Ертеңіне шығарып саларда қаладан 15 алшақ шақырымдай тігілген киіз үйге 4-5 адам асығып кіріп келді. Әнші, ақын, мұғалімдер сізге қуып келіп, сәлем берейік деп едік деп жөндерін айтты. Әңгіме орайласа бергенде, Қадір деген мұғалім жігіт «Дулығаны» сыдырта мазмұндай жөнелгенде өзім таң қалдым. Кітаптағы 77 тұлғаның әрқайсысының тағдырын жеке-жеке айтып беруге тыңдайтын уақыт болса дайын тұр. Осыдан кейін оқырманым жоқ деп қалай айта аламын.

«Дулыға» атты қос томдық кітабыңыз түркінің екі мың жыл тарихын сараптайды ма? Сол арқылы ұлттың ұюын армандайсыз. «Дулығаны» қайтадан өңдеу ойыңызда бар ма?

– Иә, ондай ойым болды. Егде тартқан сайын отыз жастағы Тұрсынның жазғанын кексе Тұрсын көңіліне тоғыта қоймайтыны шындық. Және осы екі кітаптың ортасында рухани тарихты қамтитын бір кітаптың деректері жасалып жоспарланып, істі бастап кету ғана қалған еді. Сол тұста жан досым Жәнібек қаза тапты да, дүниеден баз кешіп, 2-3 жылдай мәңгіріп жүрдім.

– Қазақтың керемет әншісі, жазушы Жәнібек Кәрменовтың рухына «Дулыға» кітабыңызды арнадыңыз. Жәнібек тыңдаған да арманда, тыңдамаған да арманда дегізетін жан ғой.

– Кейін мүлдем ысырып тастадым. Сол орындалмаған істің аңсары қалды ма, «Дулығаны» толықтырсам деген ой бір сәтте естен шыққан емес. Сол мақсатта тарихи деректерді 10 жыл жинастырдым. Қытайда өткен 6 айдың ішінде ғұн дәуіріне қатысты деректерді, сол оқиға өткен жерлерді көзіммен көрдім. Мәліметтерді екшеп, сұрыптап, саралаудан өткізіп, қайта аударуға дайындағаннан кейін, жиған-тергенімді «Дулығадағы» жазған мәліметтермен салыстырдым. Сізге өтірік, маған шын, сол деректердің барлығы да «Дулығада» бар және одан толықтау берілген екен. Көңілім біртүрлі қоңылтақсып, өзіме-өзім сенімсіздеу күйде қалдым. Содан кейін 2007-2008 жылдары Монғолияны ендік бойынша да, бойлық бойынша да аралап, көне түркілерге қатысты ескерткіштер мен қорымдарды көргеннен кейін, ойлау жүйеме өзгеріс енді. Бетіндегі шаңды үрлеп қалсам, көне түркі мен Шыңғыс қағанаты тұсындағы қазақтың тарихы тастың бетіне самсап шыға келеді. Тағы да кітабымның 2-ші басылымына өзгеріс енгізгім келді. Тағы да сізге өтірік, маған шын, жиған-тергенімнің бәрі алдымнан шықты. Тек Тоныкөктің мекені Ақ от деп аталатыны жазылмапты. Сосын «Қанішер Шыңғысхан» дегендегі «қанішер» дегенді сызып тастадым. Кітабымды түземекке 3-ші рет оқталдым. Хасен Оралтайдың шақыруымен, Дүйсен Қасейіновтың серіктестігімен Түркияның батысы мен шығысын, оңтүстігін көлікпен аралап шықтым. Соның ішінде қазіргі Сельджук қаласының жанындағы көне Эфес қаласын көру ғажайып бір тебіреніске қалдырды. Бұл ер апалардың – амазонкалардың отаны атанған жер. Оның қасында әлем мәтелге айналдырған, Герострат өртеп атын шығарған Артемида храмы орналасқан төбенің әсері әлдеқайда пәс болды. Эфес туралы жазбаларды молынша мол жидым. Стамбулға келген соң университеттің архивінен, Осман архивінен 80-ге тарта кітап пен қолжазбалардың көшірмесін алдым.

Енді «Дулығаның» өзіме қарсы тұратындай шамасының жоқтығына сендім. Бірден әсерімді жоймай, іске кірістім. Дегеніме тағы да жете алмадым. Түркиядан тауып әкелген деректердегі жоқ жерлері «Дулығаның» ішінен шықты. Сонда ғана, 30 жасар Тұрсынның 60 жасар Тұрсыннан әлдеқайда білімді, қабілетті, шыншыл болғанына көзім жетті. Енді сол өкініштің барлығының басын қосып, шағын әпсаналардан тұратын «Жеті жұрт» атты жазбаны қағазға түсірсем, сонда ғана аңсарым басылатын сияқты. Сол үшін кейде ешкімге пайдасы жоқтай көрінетін ғылымнан бас тартып кеткім келеді. Бірақ...

Жазушы қауымы расында жемісі мол мәуелі ағаш тәрізді. Сол жас өскінді мәпелеп өсірген бағбан әкеңіз болар. Әке туралы не айтасыз?

– Маған осы күнге шейін әкемнің жан жылуы, демі, бір қолдауы жетпей тұрған сияқты. Тіршіліктің талай талқысын көріп, уайымы жүрегімізді құрттай кемірді. Сондай қысылған шақта әкем көз алдыма келіп, ол қандай шешім қабылдар еді, өзін қалай ұстар еді деген ойға келемін де, ішімнен әкеме сыйына отырып, шешім қабылдаймын. Дұрыс па, бұрыс па, кім білсін, бірақ арымның алдында таза жан сияқты сезініп, бойым жеңілдеп қалады. Жұбанышы жоқ нәрседен жұбаныш, дауасызға дауа тапқандай боламын. Сондайда осы замандағы алдыңғы қатарлы оқымыстылардың санатындағы мына менен гөрі сауаты ашылмаған, оқымаған Құдакелді әлдеқайда сауаттырақ көрінетін сияқтанады. Кейде болмашыға шарт ете қалатын мінезі бар еді. Оның өзі орынсыз тентектік, шалдуарлық сияқты көрінетін. Қазір ойласам, сол мінезінің өзінде қоғамға, адамдарға, олардың бойындағы жағымсыз қасиеттеріне деген бір қарсылық бар екен. Өмір бойы орталықтан тыс қыстақ бөлімшеде тұрып келген әкем ешқашанда көлікке мінуге ұмтылған емес еді. Бас еркімнен айрылып қаламын, ана шопыр қайда кетті, мына шопыр қайда кетті деп жалынышты болып жүремін бе деп ылғи баратын жеріне атпен барып, қонатын жеріне қонып, асықпай жүретін.

Тұрсын аға, көшпелілер дәуірі осы кісілермен тұйықталғаны ғой. Олар бір таза ғаламда тіршілік құрған дерсіз. Алдау, арбауы аз, ер мінезі мол.

– Әкем тез шешім қабылдап, тез райынан қайтатын. Аузынан Алласы, қолынан қамшысы түскен жоқ. Кей түндері аруақ шақырып, Қабанбайлап ұран тастап, үйдің кереге, уығын сабалап, шаңыраққа шығып кететіндей көрінуші еді. Біз апайым Айымхан, қарындасым Төлеу үшеуміз көрпені ақырын ашып, үндемей тыныш жататынбыз. Кейде екі ауылдың ортасында келе жатып, атқа бір құйрығымен шоқайып отырып, ұйықтап келе жататын. Соны көрген апайым мен қарындасым «Қазір атам оянады, шабады» деп мені сыртқа шақырып алады. Айтқандарындай жол ортаға келгенде, кілт оянып, атына тақым басып, қамшылап-қамшылап жіберіп, «Қабанбай, Қабанбай!» деп тұра шабатын.

Неге атам дейді, әкесі емес пе?

– Бізді кештеу көрген. Қазақтың ұлттық мінезі. Үйдің алдына кеп тоқтағанда, бойы жеңілденгендей күлімсіреп, кінәлі адамдай күле кіретін. Әкем біреудің қамқорсығанын жек көретін. Сондайды сезсе болды, өз-өзінен шамырқанып, өзіне-өзі шаптыға сөйлейтін. Не болмаса атына міне салып, беті ауған жаққа тұра шабатын. Мен әкемнің осы мінездерінен кәдімгідей намыстанатын едім. Қазір ойлап отырсам, сол көріністердің астарында өмірге деген үлкен бір емеурін, ыза жатыр екен. Ақылы мен мінезі шарпысқан тұста, мінезіне жеңдіретін осалдық менің де бойымда бар. Абайдың ақылыңды мінезіңнің сауытына сыйғызып, мінезіңді биле деген сөзі біздің үрім-бұтаққа қонбаса керек. Алайда әкемді де, мені мен апа-қарындастарымды да арына шіркеу түсірді деп ешкім айта алмас.

Менің әкем 16 жасында, 1918 жылғы сәуір айында Ахмет Байтұрсыновтың құпия хатын Мақаншыда соғысып жатқан Алаш жасағының қолбасы Садық Аманжоловқа апарып беріпті. Жас бала елеусіз көрінеді десе керек. Бірақ еленген екен. Әкем 1930 жылы ұсталып, Алматы қаласында түрмеге қамалады. Демек, қызылдардың тыңшысы жақсы жұмыс істеген болып шықты. Сол жолғы атыс кезінде Алашорда қайраткері Отыншы Әлжановты қызылдар өртеп жіберді. Әкем тағылған айыпты мойындамаса керек. 1918 жылғы шамамен ақпан айында үш адам түрмеден қашып шығады. Бұл енді ұзақ һәм қасіретке толы тарих.

Тұрсын аға, әкеңізді айтқанда мөлтеңдеген сағыныш пен кінә сезімі кеудеңізді қатар буып отырғандай көрінді, қатты ренжіткен кезіңіз болды ма?

– Әкем табын малды айдап апарушы, бақташы болды. Бұл кәсібін ол өмірі өзгерткен емес. 1962-1963 жыл аралығында әкем Дегелеңдегі атом полигонында сынаққа қойылған малдарды бақты. Біз де қасында болдық. Қазіргі Дегелең шахтасынан 40 шақырым жерде тұрдық. Мамырда қабылдап алған табындар шілде айында тірідей жидіп, жүні түсіп, үймелеген шыбындарға шыдамай, өкіріп барып құлайтын. Солдаттар жиылып келіп, табынды үстіне бензин шашып, өртеп жіберетін.

1964 жылы 3 тамыз күні немере апайым Түбітхан ( жазушы Думан Рамазанның анасы) келіп, мені полигоннан алып кетті. Желтоқсанда әкем, апайым, қарындасым үшеуі келді. Қоғамның тепкісінен сонда ғана құтылдық. Ал қарындасым Төлеу 21 жасында КазГУ-дің 4 курсында ақ қан ауруынан қайтыс болды. Апайым Айымхан да сол дерттен 59 жасында дүниеден озды. Мен адамдардың жақсылығының сәулесінің арқасында жетілген жалғыз түп қараған сияқтымын.

Біздің Абай елі полигонның зардабын 40 жылдан кейін де тартып келеді. Ауылда өмір сүру жасы 40-тан аспайтын адамдар көбейіп кетті. Мұның бәрінің сұрауы бола ма?

– Қазақтың қайғысын айтсақ, бір қайғыдан мың қайғы шығады. Егер де немере ағам Нұрғазы Райбаевтың тәрбиесіне ілінбесем, өмірімді түрмеде аяқтайтыным анық еді. Өйткені жоғарыдағыдай өмір талқысында жүріп, төбелестің, ұрлықтың, қиянаттың сырын білмеу мүмкін емес еді. Кішкентай жүрегімде бір кектің қаны тас болып қатып қалған сияқты. Өмірден бір алынбаған кегім бар сияқты көрінетін. Міне, бізді осындай өмір талқысынан алып шыққан әкемді бір қуантып, бір қатты ренжіткенім бар. Сол уақиға менің бүкіл өмірімнің келешегін анықтап берді десем болады.



Бір жамандықтың бір жақсылығы болады немесе құдай оңға бастарда адам жаны әуелі лас дүниеден шамырқану, өксу, құса арқылы тазару керек. Көне трагедияның бұл құбылысын данышпан Аристотель катарсис деп атайды. Сонымен сіздің катарсисіңіз осы сәт болды ғой?

– Біз шешемізден ерте айрылдық. Апайым 11, мен 7, қарындасым 2 жасында қалды. Сөз өнеріне бет бұрып, аудан, облыс, республикалық газеттерге 7 кластан өлең, мақалаларым жариялана бастады. Әкем ұлының өз орнын өмірден табатына көзі жетті. Мен интернатта тұрдым, қысқы демалыс кезінде бөлімшедегі үйге бардым. Ол электр сымы ауылға жетпеген кез. Мұрат деген жігіт түнгі сағат 10-ға дейін ғана трактордың моторы арқылы жарық береді. Мен тілін тауып, оның бұл уақытын түнгі 12-ге дейін ұзарттым. Бірақ бұл жарық та кітап оқуға аздық етті. Шам жарығымен түн жарымға дейін оқимын, әкемнің кеудесін ыс алып кетеді, жөтеледі. Джек Лондонның «Мартин Иден» атты романының қызығымен түнгі 3-ке шейін отырып қалыппын. Әкем жөтеліп: «Құдайдың түнімен жарыспа, шамды өшір, оқу соғып кетеді, демал!» деді. «Құдай жоқ, құдайың құрыған!» дедім жұлып алғандай, жын түрткендей. Әкем «Ыһ!» деді де, көрпесін бүркеніп, жата қалды. Мінезін білем, артық кеткенімді сезіп, шамды өшіріп, жата қалдым. Бір мезгілде күбір-күбірден ояндым. Мекіш Жақып қарт келіпті, Бақтажар Мекішевтің әкесі. Апайым, әкем үшеуі шай ішіп отыр. Бір шұрқылдың бар екенін сезіп, үндемей жаттым. Бір қозғалғанда, Мекіш ақсақал: «Тұрсын, тұра ғой, шай ішелік» деді. Асығыс шай іше сап, сытылып кетпек едім, бір сөзбен басты. Ол «Ә, Құдакелді» дегенде, әкем: «Әй, Мекіш, екеуміз бір заманда тудық, – деп бастады, - бір заманда қартайдық. Сен өмір бойы болшебек, Ленин деп өттің. Бес балаң да Мәскеу мен Алматыда оқыды. Мұратыңа жеттің. Сенің заманың жеңді. Ал мен Алла дедім, алаш дедім, өмірім жанталаспен өтті. Хадиша 12 құрсақ көтерді, аман қалғаны осы үшеуі. Қайтыс боларында: «Әй, Құдакелді, мына үшеуін пайғамбардың ақ туының алдында, сенің қолыңнан аламын» деп еді. Үйленуге мүмкіндік болды. Бірақ мына үшеуін әлдекімге жаутаңдатпайын дедім. Өмірден күдер үзіп, өз ғұмырымды қиып кететіндей қиын кезде осы үшеуінің тірлігін қимай, азапқа шыдап едім. Айымхан бой жетті. Мына жалғыз ер жетті. Өз орнын өмірден табатынына толық сенімдімін. Еш күдігім жоқ. Осы екеуі мына жаутаңкөзді (Төлеуді) далаға тастамайтынын да білемін. Жан қиятындай қиын кезде, бір Аллаға сеніп, Алла, Алла деп осы күнге жеттім». Менің екі көзімнен жас тамып, дастарқанға тырс-тырс тамды. Басымды ұстап, төмен қарап отырмын. Бетім ду-ду етеді. «Мекіш, сен айтшы, қиын кезде Алла, Алла деп осы күнге жеттік. Түнде шамның білтесі кеудемді шалды. Құдайдың түнімен жарыспа деп едім, бұл менің Аллама тіл тигізді. Ал мені осы күнге жеткізген Аллаға деген сенім. Сенің кәмөнесің кедейге болыс дейді, менің Құраным да сүй дейді. Сенің Ленинің оқы десе, менің Құраным да оқы, адал бол дейді. Айтшы, мен Алланы аузыма алғаныма жазықтымын ба? Ұлымның болашағына Алла кесірін тигізсе, онда қу жалғыздың бақыты үшін Алладан да бас тартайын. Айтшы төрелігін, сені сол үшін шақырттым» деді әкем. Булығып отырмын, көзімнен жас сауылдай жөнелді. Мекіш ақсақал тұрды да: «Ой, Құдакелді, мұның не? Тұрсын келешегіміз, оны аудан біледі. Рас, менің де бес балам оқыды. Қазір қызыл билет қалтамда болса да, мен жаназа мен қатымға барып жүрмін. Бір қиыр бөлімшеде кемпірім екеуміз тұрамыз. Алламен де алыстық. Билетті өткізіп тастағым келеді. Болашағың алдында бір ақыл айтайын. Дүниедегі ең қасиетті нәрсе – сенім. О дүниедегі жаныңды жұбататын сол сенім. Одан қасиетті нәрсе жоқ. Алланың сеніміне тиіспеу керек. Сен жассың, партияға өтесің, серт бересің, сонда Алла жоқ деп аузыңмен айтсаң да, ішіңнен «Ей» Алла, кешір!» деп сұра. Осыны түсін, балам. Ал енді бара ғой», – деді.

Жүгіріп шығып, қораның үстіндегі шөпке етпетімнен түсіп, даусымды шығарып, солқылдап жылап жаттым. 1-2 сағаттан соң көзімді ашсам, үстімде көк аспан, миым да тұнық, кеудем де таза. Мына жарық дүниені басқаша көзқараспен көрдім. Содан бастап, Алла ішімде, алаш миымда, талай қателіктер жіберген шығармын. Бірақ адамның сеніміне, арына қиянат қылдым деп айта алмаймын. Әкем сөзінің мәтелінде Ахмет Байтұрсыновты Ахаң деп айтып отырып, «Қинамайды атқаны, қинамайды түрмесіне жапқаны, / Қинайды тек өз итімнің балағымнан қапқаны деп аяқтайтын еді. Содан бастап көкірегіме Алла мен алаш әкемнің аманатындай болып кірді. Мен бұл оқиғаларды, әкемнің ауыр жолын, жетім тағдырымды «Жер бесік», «Қар астындағы көбелек» атты роман-новеллаларымда қаз-қалпында беруге тырыстым.

Анаңыздың бейнесі есіңізде қалды ма?

Өнердің отты тамшысы шешемнің көз жасы арқылы бойыма тараған сияқты. Үнемі ән айтып, көзіне бір тамшы жас ілініп тұратынын көретінмін. Бірақ атамның баласы болғандықтан жаттау өстім, көп жақындай бермейтінмін. Осы жалғызымның он алтыға толғанын көріп өлсем, арманым жоқ деп еміреніп отыратын. Бірде қыстауда отырдық. Айнала ермен, қышыма, ошаған өскен, соларды түн басып, мені қуып, ошақтың алдына алып келді. Жақындап-жақындап шешеме келдім. «Келші» деді, құшағына топ етіп едім, алдына алып, отты көсеп отырып: «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» деп ән салғанда жасы бетіме тамды. Үзіліп түскен жас ерніме тиді, дәмі кермек екен. Кеудемді от қарып өткендей болды. Сонда барып, шешемнің сондай сұлу, мейірімді, жылы екенін сезіндім. Жаңағы ән өзегімді қарып кеткендей болды. Сөйтіп жүріп, «Қыз Жібек» хиссасын жаттай, сөзге үйір боп кеттім.

Қазіргі қазақ қоғамының теріс жақтары жаныңызға бата ма? Ұлттық мінезіміз ұсақталап, қазақтығымызды жоғалтып бара жатырмыз ба?

– Ленин: «Капитализмнен өтпеген ұлтты ұлт деп есептемеу керек» дегені қазір ойыма оралады. Бұл бір сынақ, шынықтыру. Осыдан халық жанығып, атойлап барады. Ал биліктегілерге ұлттың уайымы көкейіне кірген жоқ. Олар қазір қаудың басын шалған өрт сияқты. Қаулап кетіп барады. Ал шөптің тамыры, ағаштың діңі шала күйсе де, нәрін бойына сақтап отыр. Тіл мәселесі де солай. Осы бір қоғамдық сана мынау жалғыз өрті қаудың басын ғана шалған от сөнген кезде, өртеңде көктеген өсімдік сияқты ұлттық сана да жаңарып, жасарып шыға келетініне толық сенімдімін. Өйткені бодандықтан шыққан ұлттардың даму тағдырына қарап отырсақ, осындай бір көрініс байқалады.

Балаларыңыз өз жолыңызды қуды ма?

– Менің балаларымның барлығы да сөзді еміп өсті. Бір Жәнібектің өзі неге тұрады! Назымның кіндік әкесі. Қазақтың бар жазушылары еркелетіп отырды. Алма, Сұңқар, Назым да сөз өнерін қуды. Қазақта «Ит не жесе, соны құсады» деген мақал бар. Сұңқар мен Назым, келінім де журналист. Немерелерім иншалла, өсіп келеді. Алма аудармашы, үш тілге бірдей аударады. Сұңқардың жеке газеті бар. Назым жапон тілінің маманы, магистратурасын бітірген, КазГУ-дің журфагінде оқытушы. Ұл-қызымның өмір талабына еш өкпем жоқ. Ризамын. Тілейтінім: мен де, жалпы, әр адам ұлынан, қызынан қызығын көре берсе екен деймін. Болсын, болмасын деген оңбасын! Менің өмірлік мақсатым осы!



Тұрсын аға, бағыңыз арта берсін! Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан: Айгүл Кемелбаева.
*** *** ***


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет