«Сырым бар саған айтатын»



жүктеу 339.81 Kb.
Дата10.06.2016
өлшемі339.81 Kb.



АЛҒЫСӨЗ
Қазақ әдебиетінің қалаулы қаламгері, ақын, құрметті журналист, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері Темірхан Медетбектің 2015 жылы 6 наурызда 70 жасқа толуына орай Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Сырым бар саған айтатын» атты әдістемелік құралын ұсынып отыр.

Әдістемелік ұсыныста қаламгердің өмірі, шығармашылығы, кітап көрмесінің үлгісі, ақын туралы қаламдастар лебіздері, әдебиеттер тізімі беріледі.

«Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы көкірегінде нық ұстаған ақынның өлеңдері шыншыл, алмастың жүзіндей өткір, айтары көп. Қазақ поэзиясына тер төгіп, атсалысып жүрген әдебиет майданының беделді сарбаздарының бірі Темірхан Медетбек әдеби сын ауылына да соғып әдемі мақалаларда жазды. Қазақ оқырманына ұсынған тұшымды аудармалары да бар. «Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда

Мұнаралар басына шырақ тасып» - деп жырлаған Фариза апамыздың өлең жолын растағандай Маңғыстауда мұнаралар құрылысында еңбек жолын бастап, 25 жыл өмірін мұнайлы өлкені жырлауға арнады. Темірхан Медетбек жырлары тарих қойнауына жетелеп, жастарға танымдық тәрбие беретін туындылар. Халыққа рухани азық болатын, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге тәрбиелейтін ақын жырлары жүрекке ой салып, діттеген нәтижесіне жетіп жатыр.

Осы әдістемелік құралды әзірлеу барысында Медетбек ағаның ақыл кеңесі де болды. Шабытыңыз шарықтап, жүйрік мінген батырдай құлашыңыз кең жайылып, поэзия шыңына өрлей беріңіз.

Өмірбаяндық деректеме
Темірхан Медетбеков 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Аманкелді атындағы колхозда дүниеге келген. Түркістан қаласында орта мектепті тамамдаған соң, туған ауылында колхозшы, аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген.

Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін 1964 жылы бітірген. 1967-1971 жылдары Республикалық телевидениенің әдеби-драма бөлімінде редактор, 1973-1976 жылдары жаңадан құрылған Маңғыстау облысының «Коммунистік жол» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1987 жылдары Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, 1988-1991 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан) газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Ал, 1992 – 1996 жылдары Маңғыстау облыстық телевидениесінің төрағасы, 1996 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып тағайындалды. 2003 жылы «Ақиқат» журналының, сосын «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет еткен.

Алғашқы өлеңдер жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Кейін өзіндік қолтаңбасын, азаматтық бағыт-бағдарын, ақындық мұратын танытқан туындылары 1973 жылы «Сапар алдында», 1984 жылы «Дауыс», 1975 жылы «Алыс шақырымдар», 1977 жылы «Мәртебе», 1982 жылы «Көгершін қауырсындары», 1980 жылы «Эфирдегі толқындар», «Аңқа кептірген аңызақ», «Абай әлемі», «Сырым бар саған айтатын», «Тынышыңды алам дүние» деген жыр жинақтары жарық көрді. «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны» атты жинақтардың авторы.

«Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім», «Сегіз қырлы, сексен сырлы әлем бұл» атты сын кітаптары, «Толғауы тоқсан дүние» атты публицистикалық ой толғаулары мен эсселер кітабы жарық көрген.

Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған. Пушкин, Лермонтов, Якуб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Зягович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Эркин Вахидов, Кулаковский сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ Генрих Бельдің «Иесіз үй» романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын тәржімалаған.

1983 жылы «Көгершін қауырсындары» атты өлең кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығын, ал 2000 жылы «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. «Бейбарыс» атындағы сыйлықтың иегері, «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.



Алмастай өткір суреткер

(кітап көрмесінің үлгісі)

1 бөлім: «Күндерді ашам парақтап»

(Бұл бөлімде ақынның өмірі мен шығармашылығы, әр жылдары

жазылған сын мақалалары қойылады).


Дәйексөз: «Ол көптің мүддесін сөз арасында емес, өз мұңын шетке ысырып қойып, бәрінен бұрын мұңдап, бұрын жырлап келе жатқан әлеуметшіл ақын. Әмбенің қиналған шерін толғап, әмбенің тебіренген сырын айтып келе жатқан ұлт жоқшысы, ұлт жыршысы»

Әбіш Кекілбаев

2 бөлім: «Көк түріктің сарыны» - бүгінгі Тәуелсіз қазақ тағдыры»

(Бұл бөлімде ақын шығармаларының зерттелуі, әріптестерінің

жылы пікірлері қойылады)

Дәйексөз: «Темірхан Медетбек бүгінде өз өлеңдеріне ғана жауапты ақын емес, ол тұтас қазақ поэзиясы тағдыр-талайына жауапты алғы шептегі мектебі қалыптасқан ақынымыз»

Құлбек Ергөбек


СЫРЫМ БАР САҒАН АЙТАТЫН

(ақынның 70 жасқа толуына арналған поэзия сағаты)
Безендірілуі: кітап көрмесі, ақын туралы ой-пікірлер қойылады. Сахнаның ортасында ақынның портреті «70 жас» деген гүлдермен жазылған және экранда слайд арқылы шығармалары көрсетіліп тұрады. Музыкалық орталық, дауыс үндеткіштерімен қамтамасыз етіледі.

Қатысушылар: қонақтар, оқырмандар, кітапханашылар.

Жүргізушілер: Кітапханашы, бозбала мен бойжеткен.

Ең негізгісі: мүмкіндігіне орай ақынды, оның туыстарын, шығармашылығы туралы пікір – талас тудыратын тұстастарын шақыруға болады.

(кітапхана мүмкіндіктерін ескере отырып, кітап көрмесінің атын, поэзия сағатының атын өзгертіп, түрлендіріп алуға болады).
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік сыйлық иегері, қазақ поэзиясының белді қаламгері Темірхан Медетбектің жасы 70-ке толуына арналған поэзия сағатына қош келдіңіздер!

Әдебиет – ардың ісі. Алланың адам баласына тартқан сыйы. Әдебиеттің басты мұраты – адам жүрегіне терең бойлау, жанына сұлулық нәрін енгізу, рухын асқақтатып жанын жадырату. Әдебиет арқылы ұрпақты Отансүйгіштікке, елдікке, ерлікке тәрбиелеу, ортақ игіліктер мен құндылықтарды бағалауға, құрметтеуге үйрету.

Темірхан Медетбектің қаламынан шыққан туындылар оқырманға етене таныс, жұртшылықтың игілігіне қызмет етіп жүр. Оның қаламынан шыққан өткір тілді өлеңдері, аудармалары, сын мақалалары әдебиетімізді байытып жатыр. Бұл жанрлардың әр қайсысы өмір шындығын көркемдік шындықпен ұстастырып жатқан дүниелер. Ешкімге көлгірсінуді білмей, қанын шығарып тек қана шындықты айтатын ақын ағамыздың өмірі мен қызметіне тоқталайық.


Бозбала: Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Аманкелді атындағы колхозда (қазір Нұртас ауылы) дүниеге келген. Түркістан қаласындағы орта мектепті тамамдағаннан соң туған ауылында колхозшы, аудандық газетке корректор болып жұмыс істеген. Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін 1964 жылы бітірген. Республикалық телевидениенің әдеби-драма бөлімінде редактор, жаңадан құрылған Маңғыстау облысындағы «Коммунистік жол» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, «Социалистік Қазақстан» газетінің Маңғыстау өңіріндегі меншікті тілшісі, Маңғыстау облыстық телевидениенің төрағасы қызметін атқарды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Ақиқат», «Жұлдыз» журналдарының бас редакторы болып қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. Алғашқы өлеңдер жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен жарық көрді.

Терезесі ашық тұр Ойым менен Санамның

Бәрін көріп отырмын. Бәріне де алаңмын.

Тағдырына өмірдің, тағдырына адамның

Терезесі ашық тұр Ойым менен Санамның – деп жырлаған ақын дүниеде болып жатқан барлық өзгерістер мен оқиғалар санасында ой туғызатынын, осы сәт ой мен сананың ашық терезесінен өмірге өлең жолы келетінін көрсеткен. Ақын өзінің өлеңдері туралы

Өлең деп мен келемін,

Содан жол боп таралғам

Менің әрбір өлеңім

Топырақтан жаралған – деп ашық айтқан. Мұндағы топырақ, туып-өскен жері туған ауылы қасиетті Түркістан. Ақын: «Саналы ғұмырым Маңғыстауда өтіп, ең жақсы жырларым тұбекте жазылды. Түркістан ата-қонысым, түбек- екінші жұртым» - деген еді. Түркістан мен Түбекте тел өскен ұл Темірхан Санкт-Петербордан тайқазан Түркістанға оралғанда толғаныстан «Тайқазан» деп жыр жазды:

Осы қазан ғажабы ғой Ғажаптың,

Осы қазан қазаны ғой Азаттың.

Тұрған үнсіз ғасырларды қайнатып,

Бұдан бері қазаны жоқ қазақтың.

Бұдан алып қазаны жоқ қазақтың.
Осы қара қазанда кәмелет жасқа дейін қайнап өскен ұл осылай жыр арнады. Туған жеріне деген адалдығын жырымен дәлелдеді.
Бойжеткен: Маңғыстау оның кемелденіп толысқан мекені. Мұнайшы болып еңбек жолын бастаған құлашын кең ашқан, ал ұлы осы елдің тау-тасына, алпыс екі әулиесіне бас иіп туған баласындай болған перзенті.

О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым,

Марқайып, мақтанарым, алға ұстарым.

Өзіңде бар махаббат, бар құштарым

Жыр болып құйылады алғыстарым.

О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым!


Есімің естілсе де қай жағымнан

Кім болсын селк етеді айбарыңнан.

Аппақ бір нұр құйылып маңдайымнан

Жел есіп тұр ғой қазір айдарыңнан.


Тірек пен мақтан болған баршамызға,

Бөлекше орның сенің картамызда.


Маңғыстау деген кезде әруақтанып,

Жал бітіп кетеді ғой арқамызға.


Тамсанар ол өзіне тамсанғанға,

Жар салар ол өзіне жар салғанға.

Дүние қақ айырылып бара жатыр,

Күй тартып Маңғыстауым ән салғанда – деп Темірхан ақын бүгінде алыс кетсе де, Маңғыстаудың қара желінде сағынады екен.


Бозбала: Поэзия сөзден жасалғанмен сөзден биік тұрады. Абай атамыз: Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз – дейді.

Ақын Темірхан Медетбек өмір сүрген қоғамға өткір көзбен қарайды. Айналадағы барлық жаңалық ақын жүрегінен сүзгіден өтеді. А.С.Пушкин «Шын суреткер үшін өмір бар жерде поэзия бар» - деген.

Дүниеге өлең келер кезінде

Құбылыстар шарпысады сезімге

Дүниеге өлең келер кезінде

Жасын ойнар қасіреттің көзінде – деп ақын өлең оңайдан тумайтынын, жанды қинап толғақтай тулайтынын, содан кейін қасиетті өлең жолдары өмірге келетінін айтты. «Қызғаныш» атты өлеңін оқыған адамдар бейтарап қалмайды. Біздің арамызда ондай адамдардың кездесетіні мәлім. Оны Темірхан Медетбектің ақындық тапқырлықпен тап басып сын садағына түйреуі оқырман көңілінен шығуда.
Бойжеткен: Адам бойындағы басқа да биік адамгершілікке нұқсан келтіретін қулық, жағымпаздық, маскүнемдік сияқты пасық қасиеттерде ақын назарынан тыс қалмаған.

Шыға келер бұлт етіп,

Уәдесі сөзінен.

Өтіп кетер жылп етіп,

Иненің де көзінен.

Батпайды оған қамшы да

Су тасиды елекпен – деп жағымпаз адамдар мінезін дөп басып суреттеген. Өкінішке орай арамызда осындай жандар да бар. Адамдар арасында тәрбиелі де, тәртібі нашары да бар. Боқтық сөзге үйір кей адамдар жастар тәрбиесіне кері әсерін береді. «Лас адам» өлеңінде:

Аузының ласын-ай,

Лас сөздеріне үндемей

Көпшіліктің шыдасы – ай.

Айнала мүңкіп кетті

Жүрегім лобылып,

Кеудем кілкіп кетті.

Кім болса да

Былапыт, былғанышын

Аямай!


Жығып жатыр.

Еден жуатын шүберектей

Лас сөздерге – шолпытып-

Малып жатыр.

Міне біздің қоғамда осындай адамдар бар. Өткір тілмен өлеңге қосып іреп көрсетіп тұр. Бұл мінездің лас сәттерін біреу айтар, бірей айтпас. Бірақ Темірхан ақын айтып кетті.
Бойжеткен: Адамға жат қылықтардың бірі жалқаулық, сыпсыңдап өсек айту. Жақсы адамдар мен бірге жаман әдетті бойына сіңірген адамдар да көп. Ақын осы жанға жат қылыққа жаны ауырып жаза береді. «Жалқаулық» атты өлең жолында:

Тас дәуірінен ұйықтап жатыр Жалқаулық.

Әр нәрсені сылтау етіп, қалқан ғып.

Қорылымен дүниені көшіріп,

Тас дәуірінен ұйықтап жатыр Жалқаулық.

Қалған мәңгі ішінде боз мұнардың,

Дауысын да естімейді ұранның.

Оянбастан жатыр енді ол ғаламат.

Кұркірінен ракетодромның.

Өмірге қайшы мінездермен бірге адам бойында адамгершілік асыл қасиеттер де молынан кездеседі. Жақсы адамның үлгі тұтар қылығы жастарға өнеге, тәрбиелік мәні бар қасиеттер. «Қайырымдылық» атты өлең нағыз адам қандай болу керек деген сұраққа жауап беретін жыр жолдары, оқыда ойыңа құйып ал:

Ол келсе егер –

Түн ішінде таң атар,

Таң атқарып жарығын ол таратар.

Сонда, сонда ең бір асыл ақ жүрек,

Сонда, сонда ең аялы алақан.

Ол келсе егер –

Жауласқандар жарасқан.

Соған барып тығылады адасқан.

Соның қолы көтереді алдымен

Балапанды құлап түскен ағаштан.


Бозбала: «Сырым бар саған айтатын» атты жыр жинағында жаңаша ойдың екпіні бар. Бұл ақынның жаңаша ойлау манерінің жемісі. Ол өлеңдерде ұлттық болмысына, азаматтық кісілігіне мән берілген. Сонымен ел басында кездесетін трагедияғада көңіл қойған. Осы тап басып, дәл суреттеумен де ерекшеленеді. Осы жинақтағы «Демографиялық» өлеңін оқи бастаймыз:

Жоғын жоқтап отырғам жоқ жоқтықтың.

Дегенмен де шегі бар ғой сақтықтың.

Есігінде бес құлып бар осы үйдің,

Иісі аңқиды тоғышарлық тоқтықтың.
Бәріде бар, бәріде бар, бәрі бар,

Жетпей тұр-ау тек қанағат тобасы.

Бәріде бар, бәріде бар, бәрі бар,

Жоқ бірақта, жоқ бірақта баласы – деп басталған өлең баланы сүймеген жандардың ит, мысықты сүюінің өзі де модашылдық үшін ғана екенін ащы айтты:

Табиғаттың дархан сыйы қайтарған

Бұл шаңырақты – шаңырақ дер ем шайқалған.

Түптің түбі, ондай-ондай жандарды.

Ит, мысықта сүйеді деп айталман! – деп аяқтайды.


Осы өлеңде адам қасіреті, тағдыр тақсыреті жатқан жоқ па! Індетке айналып бара жатқан қасіретті бес құлып салған тоғышар жандар тағдыры арқылы әдемі суреттеп беріп тұр. Бала шаңырақтың иесі, болашағымыз. Осы өлең жолы арқылы ақын бүгінгі күннің проблемасына түрткі ой салып отыр. Жетімдер үйі, тастанды балалар, жәутеңдеген қара көздер. Бес құлып салып шалқыған байларға неге бір-екі баланы тәрбиелеп адам қатарына қоспаққа.
Бойжеткен: Темірхан Медетбек аруақты бабаларына жыр арнап, тарихтың тереңіне үңіле білген ақын. «Абылай хан», «О,Махамбет, пірім-ай» өлеңдері арқылы тарихи тұлғаларды оқырманына бүкіл болмысымен, суреткерлікпен жырлады.

Уа, Абылай, хан ием!

Асқар таудай алып ең.

Қазағым деп налып ең

Қазағым деп жанып ең.

Тосылғанда қалың ел

Өзіңді өзің танып ең,

Жауға жалғыз шауып ең.

Уа, Абылай, хан ием! - деп жырлаған ақын Махамбет атамызды піріндей көріп жырға қосты. Темірхан Медетбектің түр тұлғасы, батыл мінезі, ақыл парасаты Махамбет атасына ұқсайтын секілді:

О, Махамбет, пірім-ай!

О, Махамбет, батырым,

Аруақ, жан мен рухым

Қандасым туыс жақыным!

Қандай жыр жолдары! Туысы да, жақыны да, қандасы да пір Махамбет! Шындығында, Темірхан Медетбек – нағыз қаны тамған қазақтың ақыны. Өлеңдерінен үлтымыздың мінездері, ұшы-қиыры жоқ даламыздың кеңдігі, адам тағдыры көзге ұрып тұр.

Бозбала: Темірхан Медетбек: «Біреулер өлеңнің ұйқасын кірпіштей қалап, сылағын қаймақтай жалап, мұнтаздай етіп майлап жатыр. Менің өлеңім өмірдің өзіндей боп талқаны шығып, ішек-қарыны ақтарылып жайрап жатыр» - дейді.

Ұлы Гомер «Илиада» мен «Одиссея» дастандарын қауырсын қаламмен қағазға түсірсе, көне түркі жырының бастауында тұрған Тоныкөк өз өмірін тасқа қашап жазған. Мұнда әр сөз, әр буын өлшеулі. Әрі қысқа, әрі нұсқа. Қолда қалам емес қашау, алдында қағаз емес қара тас. Гомердің өлеңі мұхит сияқты арнасынан асып төгіліп жатса, Тоныкөк жыры арғымақтың тұяғындай асау, түркі жүрегінің нотасын дөп басады. Темірхан Медетбек ақын да әр өлеңін Тоныкөк атасындай ақ параққа қайламен қашағандай жазады. Мысалы:

Қазір менің сыртым бүтін

Ішім түтін.

Өкпе қолқамды қауып тұр.

Ішкі әлемім одан сайын

Көкала түтін боп

Бықсып кетеді.

Демім жетпей алқынып қалам.

Қайрат-қуаттан сарқылып барам - деп қайламен жазғандай, өткір алмастай өлеңдер әкелді. Бұрыңғы өлеңдеріне мүлде ұқсамайтын жаңа формадағы жырларын оқырманға ұсынып отыр. Осы сарындағы «Көк түріктер сарыны» елдік мұрат пен ерлік намыс жыры. Шын азаматтық шырқыраған жан дауысы.


Бойжеткен: Темірхан Медетбекке «Көк түріктер сарыны» еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл кітап – ұлы Абайша айтар болсақ: «ұлы сия, долы қол, не жазып кетсе, жөні сол» - дейтіндей кітап. Өз жүйесін мойындата алатын туынды. Әділ де әсерлі шығарма. Намысшыл көкіректен өрбіп, намысшыл көкірекке ғана қонақтайтын қомақты туындыға, тәңірім тек кең өріс бергей. Ұғымтал оқырман бергей!

Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» атты кітабын көпшілік қауым құбылыс ретінде қабылдады. Жаңа түр, тың мазмұн табу жолында соныдан соқпақ салып, тек өзіне ғана тән тегеурінді екпін, өмірлі өрнек, айшықты бояулар әкелген бұл кітапқа ұлттық құндылықтарымыз болып саналатын ежелгі «Күлтегін», «Тоныкөк» дастандарының автор жасаған еркін әдеби нұсқалары да енген.

Алтай тауым.

Бесік болып тербеткен.

Жарқылдаған от пен

Сарқыраған судың ішінде

Ержеткен –

Көк тәңірінің оғландары

Бүкіл түрік жұртының

Арландары мен қабыландары,

Бумын, қаған мен

Істемі қаған таққа қонды.

Елімді ел етемін деп,

Жерімді көгертемін деп

Оттай асау,

Оқтай ұшқыр

Атқа қонды – бұл «Күлтегін» жырының еркін әдеби нұсқасы.
Бозбала: Орыс өлеңі «Игорь жасағы туралы» жырдан бастау алады. Қазақ поэзиясының бастау көзі «Күлтегін» жырында жатыр. Баян атты қыпшақ жырауының көкірегінен туып, орыс әдебиеті мен мәдениетінің алтын қазығына айналған «Игорь жасағы туралы» жырмен көзін ашқан орыс елі бүгінде төрткіл дүниенің төбесінен қарап, ұлы держава атанса, поэтикалық потенциалы мен көркемдік қуаты одан әлдеқайда әлеуетті «Күлтегін» жырының әулеті әлі күнге шейін жоғары биігіне көтеріле алмай тұр. Бұл да тарихи парадокс!

Еңкіп-еңкіп соққанда

Таудың денесінен,

Тастар бұршақ боп құйылды.

Серпіп-серпіп соққанда

Үзіп жібердім.

Шынжыр боп шырмалған

Бұғау боп күрмелген түйінді

Күрсінгенімде

Күн күркіреді.

Сілкінгенімде –

Жер тітіренді.

Поэзиядағы нағыз азаматтық үн дегеніміз – осы! Ақын – ат үстінде, алда жазары мол. Ол жазбай отыра алмайды. Жазу ол үшін оттегі. Оттегісіз өмір жоқ. Оның ақындығы - өлеңінде, қайраткерлігі – қайсар қара сөзінде. «От пен ошағыма сендей қосағыма екі дүниеде де ризамын» - деп жары Шолпанға жыр арнаған азамат ақын ұзақ жасай берсін!
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Ардақты ақын Темірхан Медетбектің шығармашылығына арналған поэзия сағаты аяқталуға таяу. Ақынның кітаптарын көзбен көріп, көңілге түйіп оқығыларыңыз келсе кітапханаға келіңіздер!

Алдағы 2015 жылдың 16 наурызында 70 жасқа толғалы отырған қаламгерге осы әдістемелік құрал тартуымыз. Біз жасөспірімдер кітапханасы болған соң, жастар көзқарасы, ой-өрісіне сай өлеңдерді қамтыдық. Әрі қарай дамытып оқу оқырман өресіне байланысты. Азамат ақын, аяулы жар, ардақты әке Темірхан Медетбекке зор денсаулық, табыс тілейміз! Қаламыңыз жүйрік бола берсін!
Жыр арнадық толғанып...
Сіз туған жыл...
«Алшайып жүрдім,

Талтайып тұрдым».


Сіз туған жылы – жеңіліп еді немістер,

Сіз туған жылы – тойланып еді жеңіс те.

Сіз туған жылы – ағыл да тегіл жас төгіп

Қуанып еді жетім мен жесір, тегіс ел.


Сіз туған жылы – есікті қағып тыныштық,

Сіз туған жылы – сығалап еді ырыс-құт.

Сіз туған жылы – орнады жерге жылылық

Сіз туылған соң тоқтаған сынды соғыс та.


Ойланам кейде көз тастап асқақ тауларға,

Жаратқан мынау жаратылысқа дау бар ма?

Сіз туған жылы – жеңіске жетіп «советтер»,

Сіз туылған соң жеңілген сынды жаулар да.


Сіз туған жыл мен біз туған жылдар арасы,

Қазақтың дархан даласындай – ау, шамасы.

Біз туған жылдар қызығы әлі біткен жоқ

Сіз туған жылдың жазылмай жатыр жарасы.


Дүниеде мынау, ортасы ойран – шеті мұз,

Шындықты жырлап, қайтпаған және бетіңіз.

«Алшайып жүріп, келдіңіз бүгін алпысқа,

«Талтайып тұрып» тоқсанға енді жетіңіз.


Әлібек Шегебай

Арнау өлең
Жыр жайында қозғалса сөз тиегі,

Әңгімеге арқау – ақын сүйегі.

Жер толғатып кіндігінде нұр кесіп

Туған сені Түркістаның киелі.

Топырақты түлеткенде тер сіңіп

Қақ қанатты, қонған шықты, кел сілік

Деді дағы Әзірет – Сұлтан өзіңді

Маңғыстауға аттандырды елші ғып.

Тауларынан соқпақ болып түс, ақын.

Әрбір тасын құсы құсап құш ақын

Маңғыстау деп аталатын мекен бар,

Бұтасынан бір-бір аңыз ұшатын.

Мөр боп түссін әр тасына басқан із

Басқа заман үшін керек басқа аңыз,

Қырық шілтен шылауына оралып

Бата берсін Баба түкті Шашты Әзіз.

Пірің Қадір түні түске еніп, -

Бағзы таудың шындарына түстеніп,

Ұшып кеттің Пір атасы нұсқаған

Жаққа қарай, көктемдегі құсқа еріп.

Сол мекенге талып жеттің, жан аға,

Сегіз жүз жыл салып жеттің араға

Сәлем бердің қуысына әр таудың

Күңіренгей кіл Әулие Бабаңа.

Өлең сенің өлерде оқыр иманың

Өлең сенің бар дәулетің - жиғаның.

Қара түнде, жел өтінде шам-қылып

Ұстап жеттің Иассауидің «Диуанын».


Светқали Нұржанов

Аллитерация
Т.Медетбековке
Қара талдай қаяулы,

Қара мақпал ғаламда.

Қара өлеңдей аяулы,

Қарап тұрған адамға.


Қара дауыл сияқты,

Қара түнді қозғаған.

Қара бура сияқты,

Қаратауға боздаған.


Қара сөзден бақ дарып,

Қара шалдай өнегең.

Қара қылды қақ жарып,

Қараны ақ демеген.


Қара жұртың бөлінбей,

Қара тұтқан үмітпен.

Қарабастың желіндей,

Қара тасты үгіткен.


Қара талдай қаяулы,

Қара мақпал ғаламда.

Қара өлеңдей аяулы,

Қарап тұрған адамға.


Қара қобыз – ділінде,

Қара судың қуындай.

Қара ниеттілерге –

Қарақұрттың уындай.


Қара базар айналаң,

Қара басың патшадай.

Алпысқа ту қадаған,

Аман-сау жүр, жақсы аға-ай!

Маралтай


Ағаттық жоқ бір ісіңде,

Жолдастың таптың тәуірін.

Аман-есен жүрсің бе,

Тұлпар тектес, Бауырым?!


Өмірде мұндай- ағымда

Көтердің жүктің ауырын.

Жана бер, бірақ шағылма,

Тарпаң мінез Бауырым.


Тасмүсіндерді ойлы еттің

Тіл қатты бізге Дәуір үн.

Көктүріктерді сөйлеттің,

Көктүрік текте Бауырым.


Теңеуді қайдан табамын,

Жартасты тескен терексің.

Сөздерің – қанжар,

Қаламың –

Найзадан үшкір демекпін.
Пайғамбар жасы шағыңда

Пайғамбар тектес Ұлы бол.

Өзіңнің иран-бағыңда

Алланың аппақ құлы бол!

Шора Тәжімғали

Құшағыңды аш, қазақтың Жолбарысы!

Ақар-шақар шыңдардың арасында,

Болады биіктерге таласуға.

Балағын Сыр суына малып алып,

Жарасар таулармен де жанасуға.
«Мәуесі мүлгіп тұрған Алматыдан,

Өзіңді, маңғаз далам, ардақ тұтам.

Аңқамды кептіретін аңызақтан,

Мейірімді қандырып шәрбат жұтам».


Ағатай осылай деп аттаныпты,

Жан сырын ағыл-тегіл ақтарыпты.

Ал бүгін Маңғыстауда бір қауым ел,

Сізбенен дос болдым деп мақтаныпты.


Ал енді қыран мінез, топшың қандай!..

Алдымда жарқырайсыз ақсұңқардай.

Аймаңдай құлынымды қолдай гөр деп,

Яссауи Пір Бекетке тапсырғандай.


Араға жылдар салып жолығамыз,

Кездессек толған айдай толығамыз.

Мен қалдым Шардараның шаңдағында,

Сіз жүрсіз Маңғыстауға болып аңыз.


Тау жаққа шыға алмайсың талаптанбай,

Ағатай! Ұмтыламын қарап қалмай.

Әулиеге жақындау жүргесін де,

Әнбиеге айналып баратқандай.


Жыр жазып көкірегімнен шоқ күредім.

Жолдарын ағалардың көп тіледім.

Ерке Елу арман болған Маралтайға,

Алпысқа толғым келіп кетті менің.


Алыс-алыс қияға жол шегіңдер,

Ерлік пенен өрліктің өлшемін бер.

Алты асқар, жету қиын биігіңе,

Ал енді арғы жағы... қол созым жер.


Ту еткен адал еңбек, ар-намысын,

Халқымның жыр көшінің сардарысың.

Елудің Еңлік- жерін әкеп келдім

Құшағыңды аш, қазақтың Жолбарыс

Маралтай

Бойыңды билеп жақсылық

Түйіндеп ойды басты үміт.

Ақиқат жолмен қасқиып

Келесің елге шат-күліп.


Алла жар боп қолдағын

Арнадым жыр жолдарын.

Қуаттаймын журналын

Ақиқат биік болғанын.


Құттықтап бүгін тайыңды

Жеткізем мына ойымды.

Туған елдің қойнында

Көтерсін өн-бойыңды.


Рухани бай жеріміз

Кең жүректі еліміз.

Жанға жайлы көліміз

Құшақ жайған серіміз.


Жайсандар мен қасқалар

Мәдени мына төріміз.

Ақыл ойлы ақындар

Түркістанға келіңіз!

Ұлдан Жақыпова

Ақын аға, ардақтымсың кәделі,

Үніңнің бұл – уыз сыйы, сәлемі!

Ортадан сәл оқшауланып тұратын

Өзгеше ғой ақындықтың әлемі!


Өнер-шәрбәт, мейір сірә қанбас та!

Әрбір жүйрік өз бағасын алмас па?!

Тарландығын талантымен танытар

Аға өзіңдей сирек туар марқасқа!


Астамдыққа, «аспандыққа» оқ аттың,

Менің жаным тұрад соны қалап тым.

Зердесіздер ұғатындай қапысыз

Жөні бөлек Сіздегі зор таланттың!


Орнында тұр әр сөз, тіпті әр әріп,

Бір-бірінен қуат алып, нәр алып.

Сөз қадірін білетұғын ұрпаққа

Аузыңыздан шыққан әр сөз – тәбәрік!


Табанының бүрі жоққа таға қып,

Отты жырмен жасап жүрсің ағалық.

Талайларға арман болған – бойыңда

Мүсінделген туа бітті даралық!


Тіршіліктің көрдің талай тартысын,

Құтты болсын арғымағың – алпысың!

Әдебиет әлемінде қол жетпес

Эльбрустей болып қалшы жалқы шың!!!

Зейнулла Еркебалаев
Киелі Түркістанның төл перзенті,

Атамыз Темірханды кім білмейді.

Өмірді өлеңімен өрнектеген

Көрінер поэзиядан зор бейнеті.


Келіпсіз алпыс жастың асқарына,

Зер салып әр өлеңнің астарына.

Жүргенде маржан теріп жыр-дастанға,

Байқамай, барып қалыңыз жүз жасқа да.


Бақ дарып, қыдыр қонған құт мекенде,

Осы ауыл топырағынан нәр алдыңыз.

Сарғайған сағыныштар сағым болып,

Айналып 60 жаста оралдыңыз!


Қауышып туысқандармен, жамағатпен,

Ауылға келгеніңіз үлкен бақыт.

Өзіңіздей біртуар таланттардан

Теберікке су ішсем сол да сарқыт.

Орынбек Пазылов

Мінезі бар кішіпейіл аңқылдаған

Тұла бойы от өлең лапылдаған.

Осы бір өткір көзді қияқ мұртты

Ағамыз бала кезден жақын маған.


Мектепте оқығаннан білем сырын

Іздеп жүріп оқушы ек өлең жырын.

Менің жұмбақ сырымды білетіндер

Кітабыңыздың сұрайтын көрімдігін.


Мен басқарған мектептің түлегісіз

Республикада әдебиет тірегісіз.

Қай жерде, қай қалада жүрсеңізде

Абыройыңыз ассыншы тілегіміз.


Сіз туған мына Нұртас ауылы бар

Жетімдер деген асыл қауымы бар.

Андреев деген бір орысты да

Жақын тартып өзіне бауыр қылар.


Әлі де қайраттанып алпысында

Елудің келгендей-ақ жартысына.

Жеңіп жүрсін өр мінез айбынымен

Өмірдің тайталасқан тартысында.

Ағамызды ардақтайды білетіндер

Айналасын маңайын гүл етіңдер.

Туған жерге бір рет келгенінде

Танымастай жасартып түлетіңдер.

Амангелді Ахметов

Темірханның темірқанат жырлары
Алпысыншы-жетпісінші жылдары

Поэзияға қосылды кеп бір дарын.

Тауды тесіп соққан желдей екпіні

Ырғады кеп жаман-жәутік жырларды.


Құнықпастан қызғалдаққа қырдағы,

Құбылыстардың құпияларын жырлады.

Сымағаштар тоғына ән салдырып,

Бағаналар бойыменен зырлады.


Орта үрлеп, маздап барып шоқ-дарын

Алаулатты албырт арман оттарын.

Тұман, Сағи шиырламай іздерін,

Тыңнан түреп салып, тапты соқпағын.


Ақындарға өткір алмас көз керек,

Майдан қылды суырғандай сөз керек.

Көру, сезу, тану және қабылдау

Темірханда бәрі-бәрі өзгерек!


Ақын көрдік, құдіреті күшті жасаған,

Бетондарға тілмен өрнек қашаған.

Поэзияға техниканы кірелеп,

Индустрия пейзаждарын жасаған!


Оның алғаш қызылшақа жырлары

Түркістанның бақтарында бүр жарды.

Бозбала жыр мұрты қалған тебіндеп

Байыз тауып ауыл жақта тұрмады!


Темірханның темірқанат жырларын

Алатаудың аялады шыңдары.

Содандағы, қазақтың жыр-аспаны

Кемпірқосақ түрлеріндей нұрланды!

Ел тілегі ақынына арқалы,

Ұзақ болғай өмір-тойдың тарқары.

Қаратаудың қарағайындай мүйізі

Аман бол, сен, ақындардың арқары!

Нұрмахан Назаров


Ұлағатты ойлар...

(Темірхан ақын ойлары)
Жұрттың алдына түссең күндейді,

Жұрттың соңында қалсаң жүндейді.

Жұртпен қатар жүрсең

Не өзің сыймайсың,

Не сені сыйғызбайды.
Өмір – бәріміз білеміз, күйініш пен сүйініштен тұрады. Нағыз ақын - өзінің төрт құбыласы түгел болып тұрса да, сол заманның күйінішімен өмір сүреді. Күйінішпен өмір сүрмеген ақын, ақын емес.

Сұлтанның баласы Абай да, болыстың баласы Мағжанда, старшын Махамбетте азаппен, күйінішпен өмір сүрген.


Жоқшылық та бір абақты. Не ішіп жегізбейді, не тұрып жүргізбейді.
Бір өкініштісі ел билейтін көсем болам деушілер көп, елдің ошағынан күл шығаратын көсеу болам деушілер аз.
Тәтті қосылған тағам тез бұзылады, сол сияқты тәтті сөзді көп естіген адам да тез бұзылады.
Саясат ойын, бірақ онымен көп ойнай бермеу керек. Көп ойнай берсең күндердің күнінде ойының осылып қалуы мүмкін.
Былай қарағанда айырмашылығы Аспан мен Жердей болып көрінетін Бай мен Кедейдің бір-біріне ұқсас етіп тұрған бір нәрсе бар: екеуіне де ғұмыры ақша жетпейді.
Олақтың балшыққа қаққан шегесі де майысып кетеді.
Біреулер жымысқылықпен мал тауып, зымияндықпен жан бағып жүреді. Тағы да соны білмейді деп ойлайды. Құдай-ау, бұл қу тіршіліктің саңлау-тесігі көп қой. Иненің жасуынан да жөндеп сығаласаң, дүниенің жартысын көруге болады.
Бәрімізде елімізді, Отанымызды сүйеміз дейміз. Шынын айтқанда, бұл қасиет көбіміздің бойымызда бар ма! Бірақ шын патриот болу үшін, сүю аз. Қолыңнан келсе, оны сүйкімді ет. Ал бұл – көп адамның қолынан келмейді.
Адам таңдамай жұрттың бәрімен қатыса берсең быламық-ботқа боп кетесің.
Өрмекшінің торына түскен шыбын босанам деп арпалысқан сайын шырматыла түседі.
Менің ұққаным: сен жақсы көретін адамның бәрі керемет емес, сондай-ақ сен жек көретін адамның бәрі оңбаған емес.
Сұлу әйелді – сұқтана-сұқтана! – ақырында сұмырай қылып жіберетін өзіміз.
Өзінің кемшілігін мойындамайтын адам, біреудің кемшілігін ешуақытта кешірмейді.
Өмір көп нәрсе үйретеді. Бірақ барлық адамға емес.
Жаман адамның жасаған жақсылығы, есіңізде болсын, кейбір жамандықтан да кесірлі, кесапатты.
Адам жанының ең негізгі байлығы – мейірім мен қайырым. Одан өткен байлық жоқ. Ол жоқ жерде тіпті ілім-біліміңіздің де құны көк тиын.
Жеміс ағашында да жеміс салмайтын бұтақтар бар.
Кейбір қариялардан бата сұрасаң тост айтады.
Есекті қанша жетектесеңде жетекке жүрмейді. Оны тек мініп алу керек. Ол сонда ғана жүреді.
Бір адам неғұрлым жақын араласқан сайын алыстап жат бола түседі. Ал біреулер ешқандай араласпай, алыста жүріп-ақ жақын болады.
Ақылы келте адам биліктің биігіне көтеріле қалса, есі кетіп, басы айналады. Сонан кейін ол елдің есін шығарып, басын қатырады.
Парықсыз адамды төбеңе көтерсеңіз, ол түптің түбінде төбеңе дәрет етеді.
Теңіз өз бойында өлі денені, өлексені ұстамайды. Толқындарымен қақпақылдап жағаға шығарып тастайды.
Жаныңның жарасын сауысқан құсап шоқитын жандар жеткілікті. Ең жаманы, оларды сауысқан құсатып үркітіп жібере алмайсың. Шоқи береді! Жаныңды жазылмастай қанжоса етеді.
Шүкір, әдебиет алқабы игеріліп жаңа дәндер себіліп жатыр.
Өмірге өкпем жоқ, өкініштерім бар, пендемін ғой, реніштерім бар, бірақ өкпем жоқ. Қалай өкпелеймін, өлең жаздым, шығармашылықпен айналыстым, ұрпақ сүйдім. Бірақ өте бақыттымын деп айта алмаймын. Өйткені, ақын – қоғамның үні, заманның сөзі.

Ұлы тұлғалар Темірбек ақын жырларында
Әбіш Кекілбаевқа
Қара нардай қатепті

Алп, алп басқан, алп басқан.

Маңғыстаудың жеріндей

Маңдайы биік марқасқам!

Қуат алған күш алған

Қарындастан, қандастан.

Қолдасқанмен қолдасқан,

Толғасқанмен толғасқан,

Арбасқанмен арбасқан.

Бұйра бұлт секілді

Бұйра шашын қар басқан.

Бір өзі бір үй толтырып

Отыратын қасқайып.

Жаралғандай Жартастан!

Алп, алп басқан, алп басқан,

Маңдайы биік марқасқам.

Әділдік үшін туыс пен

Жақынын да жатсынған

Шамына тисе болаттай

Шамырқанып шарт сынған.

Күйініп кетсе кімге де

Өңменінен өткізіп

Жетесіне жеткізіп

Айтам десе айта алған.

Жібектей сонсоң есіліп

Бәрін де бәрін кешіріп,

Қайтам десе қайта алған

Елім десе, қақырап

Қабырғасы сөгілген.

Жерім десе шырқырап

Жан жүрегі егілген

Артық та туған ағам-ай!



Ақша бұлты қазақтың
Әбу ақсақалға

Жаны толы дастанға

Күйін төккен азаттың, -

Қалқып жүрген аспанда

Ақша бұлты ең қазақтың.
Сарқып құйып жан күшін

Тебіренген ойланып,

Кеткен еді болмысың

Ақ бұлтқа айналып.


Аппақ еді жырларың

Аппақ еді тілегің,

Аппақ еді сырларың

Аппақ еді жүрегің.


Ашып жанның қақпасын,

Жақын еттің жырақты.

Желбірейтін ақ шашың

Ақша бұлт сияқты.


Ақ нұр сыйлап ғасырға,

Ақ жүрекпен күлетін.

Адамдардың қасында

Ақша бұлт боп жүретін.


Жалғап ойын арманға,

Дегендей-ақ ұшамын.

Ашатұғын бар жанға

Ақша бұлт боп құшағын.


Рухыңмен тос, аға,

Бар ғой алда ғажап күн...

Қош бол енді, қош аға, -

Ақша бұлты қазақтың.


Зейнолла Қабдоловқа


Ұқсамайтын бір күніне бір күні

Есіне алып отыратын ілкіні.

Осы бір жан үйінде де түзде де.

Сөз өсіріп, сөз баптайды күні-түні.


Көріп сенің шегің менен шетіңді

Бірде толып, енді бірде кетілді.

Осы кісі, осы кісі байқасаң

Сөзбен ғана дем алатын секілді.


Ашқанменен берекетке пейілін,

Сергелдеңге жібермейді сейілін.

Осы кісі сөзден ғана қуат ап

Сөзбен ғана қандырады мейірін.


Дүниені жіберетін қақ жарып,

Отырады жебе сөзден оқ жанып.

Сөздері оның гүл сияқты жап-жарық.
Ол сөйлесе бір қозғалып жота қыр

Естілгендей болады ғой бата бір.

Тіршілігі сөз сияқты терең де,

Көз жасы оның сөз сияқты ап-ауыр.



Ақын жүрегіндегі жарылыс

Жұмекен Нәжімеденовке


Жарылды ақын жүрегі –

осынау ұлы заманға

жандарды көріп дақ салған –

адамды айдап адамға

араға бүлік от салған.

қап-қара бұлттай түйіліп

не істерін білмей бұзыққа.

өртеніп жаны күйініп

пысықай менен пысыққа.

өмірем қап та өл дейтін

қызғаныш көріп жылады- ай!

Жанының жасын көрмейтін

безбүйректерге шыдамай

жарылды ақын жүрегі.

Жарылды жүрек!

Ғаламат


демімен бізді шарпыды.

Даламды кетті аралап

бұрқ еткен бұрқақ солқылы.

Бір аунап түсті сол кезде

Қошалақ құмның қырқасы,

домалап кетті сол кезде

Алатау-шыңның бір тасы.
Солқылдан сол бір қуатты

теңселіп кетті жамиғат.

Солқылдан сол бір қуатты

теңселіп кетті табиғат.


Сол солқыл бір сәт күшке енді

құатын жиып даланың,

күркесі құлап түсті енді

өтірік, өсек, жаланың!..

Өтпек боп босқа жасымай

болды ма әлде тілеуі –

бұрқ етіп кенет осылай

жарылды ақын жүрегі.

Осынау ұлы заманға

дақ салар жандар бар әлі.

Адамды айдап адамға

от салар жандар бар әлі.


Түбіне соның жетерміз

деуменен біздер сабылып

күресіп енді өтерміз

кеткенше жүрек жарылып!



Мұқағали қайтқанда
Келді бүгін ажал-сұмның кезегі.

Өрт боп жанды өлең, жырдың өзегі.

Ақпай қалды ағып жатқан бұрқырап,

Жетісудың тағы да бір өзені.


Қала алмассың мұндай күні опынбай,

әр жүректе «қайран Мұха», «опырмай!»

Ақындардың жыр оқитын кешінде

бір керемет өлең қалды оқылмай.

Тағы мұны қала алмассың түсінбей,

жүрек жылап, боран соқса ішінде.

сырахана столының үстінде

бір саптыаяқ сыра қалды ішілмей.


Жаңа үнменен қарсы алатын әр таңды,

жек көретін өсек пенен жалтаңды.

ақыным жоқ бүгін енді ортаңда

жалақысыз еркін кешкен жалғанды.


Галстуксіз айқара ашық омырау.

Туы – Алатау,

көкірегі – Атырау.

Болған емес онда өтірік көлгірсу,

болған емес онда қайту, тоқырау.

Елемейтін,

ескермейтін ептіні

тастайтұғын бетінен ап беттінің.

Өлең етіп ызғарлы түн, от күнін

жол қозғалыс ережесін елемей

көшелерді кешіп келе жататын

Мұқағали Мақатаев жоқ бүгін.



Жақсы адам

Жәрдем Кейкінге


Мен сенің

Қасыңа барсам –

Мәуелеп піскен

Баққа кіргендеймін.

Мен сенің

Қасыңа барсам –

Тақсыреті жоқ! –

Таққа мінгендеймін.


Мен сенің

Жаныңда тұрсам –

Шалғын толқып жатқандай.

Мен сенің

Жаныңда тұрсам –

Теңіз шолқып жатқандай.


Сенімен сөйлессем –

Жанымның ішінде!-

Бір демде

Бау өсіп шыққандай.

Сенімен кездессем –

Іргемнен!-

Тау өсіп шыққандай.


Шолпан

(аяулы жарына)
Шолпан!

Сен маған –

Қайда барсам да!

Көлеңкем құсап

Еріп жүрдің.

Не істесем де

Көніп жүрдің,

Омыртқам сынғандай

Ойсырап қалған кезімде

Жебедің.


Тәнтімін!

Сен мені жаныңдай

Жақын көрдің.

Теңдесі некен-саяқ

Ақын көрдің.

Арыстандай ақырып,

Жолбарыстай бүктетіліп

Ширыққан кезімде

Сен маған басу айттың.

Адасқан кезімде

Бетіме шыжғырып

Ашып айттың.

От пен ошағыма

Сендей қосағыма

Екі дүниедеде ризамын.

Қуаныш
О, қуаныш

Мен өзіңе сүйенем.

Сүйенем де алдыңа кеп иілем.

Қып-қызыл боп құндағына оралған,

Кіресің сен нәресте боп үйіме.
Ғұмыр бойы келе жатқан ұласып,

Көнермейтін,

Тот баспайтын мұрасың.

Шөл далаға қаталаған,

Кезерген нөсер болып құйып жауып тұрасың.
Астық болып өсіп шығып жоныма,

Гүл болып сен төгілесің жолыма.

Суырылып алқа топта сөйлейсің

Алабұртып боқал ұстап қолыңа.


Сені ұғады –

Қалсын мейлі керең боп,

Жүре алмайсың, төбешік боп, төмен боп.

Ақындардың құшағына кіресің,

Бұрқыраған бұдақ-бұдақ өлең боп.
Сені, сірә, тартпас ешкім безбенмен,

Жүресің ғой жайнаң қағып өзгермей.

Құдіретсің кіріп келсең кенеттен

Жіберетін жас шығарып көзден де.

Құдіретсің! – айтпас сені желін деп.

Сен келгенде тізгін беріп ерікке,

Зеңбірек те мойнын созып аспанға.

Көмейінен атқылайды салюттар.



Жылы лебіздер...
«Көк түріктер сарыны» елдік мұратпен ерлік намыс жыры. Шын азаматтың шырқыраған жан дауысы. Дегдар ақыл-ой мен елдар сана-сезімді енжар қалдыра алмайтын әділ де әсерлі шығарма...

Намысшыл көкіректен өрбіп, намысшыл көкірекке ғана қонақтайтын қомақты туынды, тәңірім, тек кең өріс бергей! Ұғымтал оқырман бергей!

Әбіш Кекілбаев
Темірхан Медетбектің ежелгі ата-баба рухын қайта көтерген, бүгіннен озып, ертеңге бағытталған, терең де сырлы толғаулардан тұратын, әуені де, лепесі де соны серпінге толы «Көк түріктер сарыны» соңғы жыл санақтан келгенде, кесімі бір-ақ мүшел уақыт үшін аз олжа емес.

Мұхтар Мағауин


Шынтуайтына көшсек, көрнекті ақын Темірхан Медетбек туралы сөз бола қалса, оның ақындық болмысы мен тұлғасы дәлелдеуді қажет етпейтін көркемдік аксиома мен өмірлік ақиқаттар дәрежесіне әлдеқашан ие боп кеткен деп білеміз.

Сайлаубек Жұмабек


Темірхан тасқа тамыр, темірге жол бітірген ақын. Ол біздің поэзиямыздағы құбылыс.

Ұлықбек Есдаулет


Табиғат дарынға сараң. Содан болар өлең көп-ақ, ақын аз. Сілкісең ішінен топан сөз сау ете қалатын өлең жинақтары қаншама. Темірханның кітаптарына тозаң қонбайды, іші- құйма ой. Қайсысын алсаң да бес батпан.

Эрнест Төреханов


Темірхан Медетбекті көп жылдардан бері қадағалап оқимын, поэзиясында, публицистикасында. Ерекше талант. Даусыз. Ешкімге ұқсамайды. Ұқсаса – Махамбетке ұқсауы мүмкін. Өлеңдерінде азаматтық әуен, өршіл екпін, тегеурінді мақам бар. Ашық жазады. Жағымпаздану, жарамсақтану, мәймөңкелеу, сылап-сипау, жалпашешейлік, көлгірсу Темірханда кездеспейді.

Герольд Бельгер


Темірхан кейіпкерлерінің тағдыр таланы бір-біріне ұқсамайтын дара тұлғалар. Содан да болар оның өлеңдерінің тақырыбы да, таным талғамы да мүлде бөлек. Жыр темірден түйін түйген, өлеңнің хас шебері Темірханға: «Жарыстарда жарып шық, бас бәйгені алып шық! – демекпіз.

Серік Тұрғынбеков


Мен Темірхан Медетбектің шығармашылығымен сонау бала кезден бері жақсы таныспын. Ол - өте талантты, үлкен шайырлардың көлеңкесінде қалып қоймай қазақ поэзиясына өзіне тән үнін алып келген ақын.

Амангелді Кеңшілікұлы


Темірхан бүгінгі таңда саусақпен санап аларлықтай ең талантты ақындарымыздың бірі деп бағалаймын.

Аманхан Әлімұлы


Өз өлеңін «Мағжан-жыр» атайтын Темірхан Медетбек кемеңгер ұлттық ақынымыздың ұмытылмас мұрасын жаңа жағдайға сай дамытып жүрген ақындарымыздың бірі.

Шериаздан Елеукенов


Ақын Темірхан Медетбек – ақындық палитрасы бай, диапазоны кең, бояуы айшықты күрделі суреткер. Оның поэтикасын ашу оңай емес. Өйткені оның ақындық өнері көп қабатты кен байлықтары секілді. Бетін қалқыған ұтылады, әрбір ойшықты жырдың тереңіне үңіліп, қатарына бара білген ғана ұтады.

Құлбек Ергөбек


Темірханың өлеңдері қос қанатын тең ұстап түзу қалқымай, қиық қанат қарлығашша жалтара жарқылдап, жер бауырлай ағып, құйқылжи қиғаштап маневр жасауға құмар.

Тұрсынжан Шапаев

Әдебиеттер тізімі:
Медетбеков Т. Мәртебе: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1977.-91 б.

Медетбеков Т. Жүректегі ендіктер: Өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы, 1987.-117 б.

Медетбеков Т. Сырым бар саған айтатын: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1989.-280 б.

Медетбеков Т. Аңқа кептірген аңызақ: Өлеңдер, балладалар, поэма.-Алматы: Жалын, 1992.-224 б.

Медетбеков Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім: [Туған әдебиет туралы ойлар].-Алматы: Өлке , 2001.-248 б.

Медетбеков Т. Таңдамалы:

Том 1.-Алматы: Жібек жолы, 2005.-312 б.

Том 2.-Алматы: Жібек жолы, 2005.-312 б.

Медетбек Т. Екі томдық шығармалар жинағы.-Алматы: Жазушы.

Том 1.: Көк түріктер сарыны: Өлеңдер мен дастандар.-2007.-368 б.

Медетбек Т. Толғауы тоқсан дүние: Публицистикалық ой-толғаулар, эсселер.-Астана: Астана-полиграфия, 2008.-192 б.

Медетбек Т. Үш томдық таңдамалы.

Т.1. – Жан жүректің жалыны.-Алматы: АБДИ Компани» АҚ, 2011.-636 б.

Т.2.- Көк түріктер сарыны.-Алматы: АБДИ Компани АҚ, 2011.-654 б.

Т 3. – Уақыт-заман ағыны.-Алматы: АБДИ Компани АҚ, 2011.-754 б.

Медетбек Т. Күретамыр.-Алматы: Білім, 2012.-464 б.


Х Х Х
Медетбеков Темірхан //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999.- 472 б.

Медетбеков Темірхан //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Аруна, 2005.-367 б.

Медетбек Т. //Қазақстан жазушылары: Анықтамалық.-Алматы, 2009.-268 б.

Шапаев Т. Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын: [Темірхан Медетбек туралы] //Ой түбінде жатқан сөз: Әдеби-сын мақалалар.-Алматы, 1989.-

110-115 б.

Сайлаубек Ж. Ойлы да асқақ жырлар орбитасы: [Темірхан Медетбек туралы] //Сын симфониясы: Таңдамалы: Әдеби толғаныстар, мақалалар.-Алматы, 2005.-250-280 б.

Елеукенов Ш. Лирика: [Темірхан Медетбек туралы] //Қазақ әдебиеті Тәуелсіздік кезеңінде.-Алматы, 2006.-198-202 б.
Елшібек Ж. Лүпілдейді жыр-жүрек: [Темірхан Медетбек туралы] //Сырлы әлем: Әдеби портреттер, эсселер және мөлтек әңгімелер.-Алматы, 2012.-79-84 б.
Ергөбек Қ. Күндерді ашқан парақтап: [Темірхан Медетбек туралы] //Өлеңсөз. Қазақ өлеңі хақында. Құлбек Ергөбек.-Алматы, 2012.-344-359 б.
Кеншілікұлы А. Ар-ұяттың тепсеңі: [Темірхан Медетбек туралы] //Жүрек сөзі: Эсселер, әдеби зерттеулер мен мөлтек сырлар.-Астана, 2013.-173-196 б.
Х Х Х
Ақсұңқарұлы С. Тоныкөк пен Темірхан: [Темірхан Медетбек туралы] //Жас Алаш.-2008.-26 қараша.-5 б.
Түменбай Қ. Бізде болғанбыз деп мақтанбайды: [Темірхан Медетбек туралы] //Ақиқат.-2010.-№12.-46-49 б.
Кеңшілікұлы А. Ар ұяттың тепсеңі: [Темірхан Медетбек туралы] //Жас Алаш.-2010.-20 шілде.-5 б.
Хаменова Б. Оның ұраны шындық: [Темірхан Медетбек туралы] //Жалын.-2008.-№1.-15 б.

Мазмұны
Алғысөз 1 б.


Өмірбаяндық деректеме 2
«Алмастай өткір суреткер» - кітап көрмесі 3
«Сырым бар саған айтатын» - поэзия

сағаты 4
Жыр арнадым толғанып... 11

Ұлағатты ойлар... (Темірхан ақын ойлары) 20
Ұлы тұлғалар Темірхан ақын жырларында 22
Жылы лебіздер... 29
Әдебиеттер тізімі 31
Құрастырушы: Пазылова Р.Н. – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі


Редакторы: Бекмағанбетова С.Б. – оқу залы бөлімінің

кеңесшісі








©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет