Сүлейменова Қымбат Қасымқызы Алматы агломерациясы: этнодемографиялық және миграциялық даму ерекшеліктері мен динамикасы


Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар



бет2/3
Дата19.06.2016
өлшемі491.55 Kb.
#147897
түріДиссертация
1   2   3

Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:

  • Алматы агломерациясының қалыптасуы ұзақ уақыттарға созылған урбандалу процесіне байланысты пайда болып, дамып келеді. Оның қазіргі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайы жалпы агломерацияның талаптарына сәйкес келеді. Шамамен 20,34 мың шақырым аумақты қамтитын, ал Алматы агломерациясы халқы 2 миллионнан асады. Осы тұрғыдан келгенде Алматы агломерациясының болашағы зор әрі айқын. Оны келешекте жетілдіріп, дамытудың мынадай факторлары бар: бай табиғи ресурстары; тиімді демографиялық жағдайы; байланыс жүйелері мен көлік жолдарының жетілдіруі; экономикасының дамуы; республикадағы саяси тұрақтылық.

  • Қалалық агломерацияда барлығы 446725 адам өмір сүреді. Солардың 243961-і қазақтар- 54,6 %-ы, 115298-і орыс, 22458- ұйғыр, 5365-і күрд, 15036-ы түрік, 3421-і әзірбайжан, 3090-ы украиндар, 2688-і неміс, 2357-і татар, 2070-ы кәріс ұлтының өкілдері болып табылады. Аталған ұлт өкілдері ислам, православие, протестанттық, католиктік, т.б. діни конфессияларды ұстанады. Агломерациядағы тұрғындардың этникалық құрамы күрделі, демографиялық жағдайы республикадағы ахуалмен салыстырғанда анағұрлым жағымды әрі даму үстінде. Дегенмен орталық қаланың маңындағы этникалық, конфессиялық және демографиялық процестер үнемі өзгеріп отырды. Ірі қала маңына тартылу үрдісі әлеуметтік-экономикалық жағдайға, халықтың тұрмыс-тіршілігінен туындайтын қажеттілік болғандықтан бұл процесс үнемі жүреді. Сондықтан да агломерациядағы халықтың орналасу тығыздығы, саны өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ өмір сүруге, шаруашылық жүргізуге қолайлы қала маңына шоғырланған тұрғындардың басым көпшілігі мекен-жайларын өзгертпеуге мүдделі.

  • Агломерацияның әлеуметтік-экономикалық дамуы орталық Алматы қаласымен өзара тығыз байланысты жүреді. Агломерацияның өзіндік ішкі заңдылықтарына сәйкес орталық үнемі қала маңына орналасқан елді мекендерге ықпалын тигізіп, тек шаруашылық жүргізу дәстүріне ғана емес әлеуметтік - мәдени жағдайына, тіпті күнделікті тұрмыс-салтына тікелей әсер етеді. Қалалық агломерацияда, соның Алматы қаласында 23652 кәсіп орындары, 22373 шағын, 1771 орта кәсіпшіліктер, 208 ірі өндіріс орындары шоғырланған. Ал қала маңында барлығы 1859 шағын кәсіпкерлік тіркелген, оларда 18200 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар 131 шаруа қожалықтары мал өсірумен шұғылданады. Қала маңы қаланы жұмысшылармен қамтамасыз етсе, қала - қала маңына қажетті мамандарды қалыптастырады. Қаланы азық-түлікпен жабдықтап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысады. Сондай-ақ, орталық қаланың экономикалық, әлеуметтік- мәдени мүмкіндіктерін пайдаланады.

  • Алматы агломерациясындағы этномиграциялық үрдістер 1991-2007 ж.ж. аралығында көшіп-қонушылардың материалдық және рухани талап- тілектерінің өсуіне байланысты жиіледі. Мұндағы аталмыш процестер Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайына байланысты жүрді. Кеңес Одағының ыдырап, республиканың тәуелсіздік алуы бір жағынан алыс және жақын шет елдерге аттанған диаспоралар өкілдерін көбейтсе, екінші жағынан әлемнің 40-тан астам елдеріне тараған қазақтардың атамекенге оралуына жол ашты. 1990 ж.ж. орта кезіне дейінгі терең экономикалық дағдарыс мигранттардың көбеюіне ықпал етті. Республикадағы саяси және экономикалық тұрақтылық сыртқы миграцияны бәсеңдетіп, көшіп кетушілерді көбейтті. Ал күшейіп келе жатқан урбандалу процесі ішкі миграцияда тұрғындардың Алматы қаласы мен оның маңына шоғырлануға игі әсерін тигізді.

  • Алматы агломерациясына 1991-2007 ж.ж. аралығында 87260 оралман көшіп келген. Қалалық агломерациядағы оралмандар легі жыл өткен сайын көбеюде, соның салдарынан олар қала маңына жиі қоныстануда. Алматы агломерациясында оралмандардың басым көпшілігі Қарасай ауданында қоныс тепкен. Оралмандар агломерациядағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірдің барлық салаларына белсене қатысып, жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық араласып, оның көркеюіне өз үлестерін қосуда.

  • Кейінгі жылдары агломерациядағы маятниктік миграциялардың өрісі кеңейіп, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етіп, қаланы еңбек ресурстарымен үнемі толықтыруға көмегін тигізуде. Маятниктік миграциялар урбандалу үрдістерін ілгері жылжытып, халықтың қоныстандырылуына әсер етеді. 1990 ж.ж. соңынан бастап қалалық агломерациядағы маятниктік миграциялар қарқынды түрде өрістеді.

Зерттеу жұмысының нысаны Алматы агломерациясының шаруашылық, әлеуметтік, этнодемографиялық, этномиграциялық дамуы болып табылады.

Зерттеу жұмысының пәні Диссертациялық жұмыста Алматы агломерациясының қалыптасуы мен дамуындағы этнодемографиялық, этномиграциялық үрдістерінің ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның тарихи демографиясы және қазіргі әлеуметтік процестер бөлімінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі мазмұны ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімге сәйкес 5 жарияланымда ғылыми мақалалар түрінде жарық көрді. Әр түрлі деңгейдегі 4 халықаралық және республикалық конференцияларда баяндамалар жасалып, талқыланып, топтамаларда басылды.

Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.Қосымшада зерттеу тақырыбына байланысты Алматы облысының және Алматы қаласында ҮАААЖ картасы.
Жұмыстың негізгі мазмұны
Жұмыстың «Кіріспе» бөлімінде ғылыми зерттеудің жалпы сипаттамасы, тақырыптың өзектілігі көрсетіледі, зерттелу деңгейі қарастырылып, мақсаты мен міндеттері айқындалады. Диссертациялық зерттеу барысында айқындалған ғылыми жаңалықтары, қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдар көрсетіліп, зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері талданып, оның практикалық маңыздылығы мен құрылымы баяндалады.

Диссертацияның «Алматы маңының тарихи және әлеуметтік-шаруашылық жағдайы» атты тарауындағы бірінші параграф «Алматы агломерациясының шығу тарихы мен маңызы және келешегі» деп аталады. Әлем елдерінің тарихынан айқын көрінетіндей алып қалалардың айналасында әр түрлі тарихи кезеңдерде ірі агломерациялар құрылып отырған. Алматы агломерациясындағы орталық ядросы - Алматы қаласы және сыртқы зоналары - қала маңы аймағынан тысқары орналасқан серік-қалалар мен елді мекендер тобынан тұрады. Бұл агломерацияның орталығы – 2008 ж. есеп бойынша 1247896 адамы бар Алматы қаласы. Ірі қаланың аймағында: Қапшағай, Қаскелең, Талғар қалалары және 4 қала типтес - Боролдай, Өтеген батыр, Покровка, Первомайский поселкелері бар. Алматы агломерациясына кіретін аудандар: Іле, Қарасай және Талғар. Аудандар құрамындағы кейбір ауылды мекендер Алматы облысының аумағы есебінен Алматы қаласына қосылған, олар Көктөбе, Түрксіб [16] және Алатау ауылдық аймағындағы 503 гектар жер. 1998 ж. Шеңгелді ауылдық аймағындағы Шолақ ауылы Қапшағай қаласының әкімшілік билігіне берілді [17] Агломерацияның транспорттық құрылымы дамыған темір жол, автокөлік жүйесімен шектелмейді, Алматы қаласындағы және Боролдай аэропорты мен Қапшағайдағы су жолдары арқылы сипатталады.

Қазіргі Алматы мен оның іргесінде тұрған аудандар аумағы ертедегі б.з.д. VI–III ғасырларда көшпелі тайпалардың тұрғылықты жері болған. Теңіз жолдары ашылғанына байланысты «Жібек Жолы» өзінің маңыздылығын жоғалтты, сонымен қоса оның бойындағы қалалық қоныстар да құлдырай бастады. Дегенмен, Алматы аймағында отырықшылық тұрмыс толық тоқтаған жоқ, бұл жерде 1855 ж. дейін қазақ халқының отырықшы және жартылай отырықшы ауылдары болды. Іле алқабында орнығуы үшін Ресей империясы әскери бекіністер салуға кірісті. 1853 ж. шілде айында Батыс-Сібір генерал–губернаторлығының әскери әкімшілігі майор М.Д. Перемышльскийді арнайы жасағымен Іле сыртына жіберді. Ондағы негізгі мақсаты: «Отыскать за рекой Или удобное место для возведения укрепления, чтобы овладеть кочевьями Большой Киргизской Орды, между рек Или и Чу, равно и путей ведущих оттуда в Китай, необходимо утвердить и упрочить преданность Российскому престолу Заилийских ордынцев» [18]. Кіші Алматы өзенінің сол жағалауында ежелгі Алматының ескі орнына жақын жерде майор Перемышельскийдің жасағы Іле сыртқы бекінісін сала бастады: «Обозрев с вершины Алматы, осмотрясь в Илийской долине нашли по удобству добывания большому количеству прекрасной, изрезанной арыками хлебопахотной земли, пажитей и сенокосных мест, далеко превосходящие урочища на Иссыке и Талгаре» [19]. Бұл орынның таңдалуы барысында ресейліктер ежелгі Алматының тұрғындары сияқты бұл жерді тоғыз жолдың торабында орналасқаны үшін, яғни Сібір, Қытай, Орта Азия мемлекеттеріне бағытталған жолдарының тиімділігі үшін таңдады. Ұлы жүздің Ресейге қосылған аудандарын басқару үшін Іле сырты өлкесінде құрылған «Үлкен Орда» приставы Алатау округіне айналды, орталығы Верныйға көшті. Жетісу Ресейге қосылғанан кейін Верный бекінісі қала статусын алды. Жетісу облысының бірінші губернаторы және казак әскерінің бірінші атаманы генерал Г.А. Колпаковскийдің 1867 ж. 19 қазанында шығарылған бұйрығына сәйкес Верный қаласын басқару комитеті құрылды. Комитет қаланың тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік дамуына толық жауапты болды. Жер мәселесіне қатысты Верный қаласын басқару комитеті жерді тиімді жалға беру жолдарын үнемі қадағалап отырды, оған дәлел қабылданған шешімі: «Из торгового делопроизводства изволили усмотреть, что за самые плохие участки, как например, на предгорьях, совершенно не орошаемые земли, цены выданы из 50 рублей за десятину, такие же участки, которые могут иметь полив пошли за 200-300 рублей за десятину, находя выданную арендную плату выгодной для городской кассы» [20]. Қаланың атауын өзгерту туралы шешім 1921 ж. 5 ақпанында Верный калалық комитетінің салтанатты жиынында қабылданды.

Қалаға өзінің тарихи атауы, орналасқан жеріне байланысты «Алматы» қайтарылып, бірақ тек ол енді «Алма-Ата» - деп өзгертілді. (Орта Азиядағы ежелгі қала атауларына ұқсас). Қаз АКСР-ның VI Кеңестер съезінің шешімі бойынша елдің астанасы Қызылордадан Алматы қаласына 1929 ж. 19 шілдесінде көшірілді. 1930-1935 ж.ж. аралығында темір-бетон, күйген кірпіш сияқты жер сілкінісіне төзімді материалдардан салынған ірі ғимараттар бой көтерді [21]. Қаладағы социалистік құрылысқа, көп салалы шаруашылық және мәдени тұрмысына неғұрлым кеңінен, нақты басшылық жүргізу үшін аудандастыру төрт рет, яғни, 1936, 1938, 1972, 1980 ж.ж. жүргізілді. Алғашқыда қалада – Ленин, Сталин, Фрунзе; кейін Ленин, Сталин, Фрунзе, Каганович, соңғысында Әуезов, Калинин, Ленин, Октябрь, Совет, Фрунзе аудандары болды. 1982 ж. - Алатау, Әуезов, Калинин, Ленин, Москва, Октябрь, Совет, Фрунзе аудандарына бөлінген. Алматы қаласындағы сегіз әкімшілік аудандарына Алатау поселкелік әкімшілігін қосқанда тұрғылықты территориясы 22850 гектарға жетті, ал халықтың саны 1172,4 мың адамды құрады [22]. 1995 ж. 23 наурызында Елбасының «Ақмола қаласына Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» Жарлығы шықты. Астананы көшіру – ол тарихтағы ерекше құбылыс. Көп шоғырланған орыс тілді халықтарының қазақ тілді халықтарымен тиімді әкімшілік – территориялық өзгерістер арқылы біріктіріп қосу, бұл мемлекеттің саяси және территориялық тұтастығының нық сақталуы жолдарының бірі, астананы географиялық орталыққа көшіру, Қытай шекарасынан алыстату мақсаты да ескерілді. Енді көш басын халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен кең байтақ солтүстіктегі қазақтың жазық даласына бағыттады. 1995 ж. 12 желтоқсанында Алматы қаласының кейбір аудандарына жаңа атаулар берілді: Совет ауданы – Алмалы, Калинин ауданы – Бостандық, Ленин ауданы – Жетісу, Октябрь ауданы - Түрксіб, Фрунзе ауданы - Медеу аудандары болып өзгертілді. 1997 ж. 28 қаңтарда Алатау және Москва аудандары таратылды. Медеу ауданының әкімшілік қарамағында болған Алатау поселкесі 503 гектар жер көлемімен қалалық жер құрамына қосылды [23].

2008 ж. Алматы төңірегіндегі ауылдарды бір аудан аумағына біріктіріп, аумағы 7190 гектар жерді құрайтын жаңадан ірі мегаполистің жетінші Алатау ауданы ашылды. Ол туралы Алматы қалалық мәслихатының 2008 ж. 2 шілдедегі IV сайланған XI сессиясы шешім қабылдады. 1998 ж. 18 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Об особом статусе города Алматы» Заңы қабылданды. Алматы дамыған интеллектуалды-ғылыми базасымен ерекшеленеді. Бұған дәлел, оның аумағындағы 66 жоғары оқу орны мен 700 ғылыми-зерттеулермен айналысатын мекемелердің болуы. Мұнда ядролық медицина, қазіргі кезеңгі ғарыштық технологияларды дамыту, заманауи бағдарламалармен қамтамасыз ету, қорды сақтап қалу технологияларын дамыту және т.б. салалар бойынша зерттеулер жүргізіледі.

2007 ж. 3 қарашасында IV шақырылған Алматы қаласы Мәслихатының IV сессиясында «2015 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының дамуы» өңірлік-аумақтық бағдарламасы қабылданған. Ол бойынша Алматы қаласы-индустриалдық кеңістіктегі аймақ ретінде қаржылық, инвестициялық, көліктік-логистикалық және туристік орталық болып айқындалған. Оның қалыптасуы үш кезеңге бөлінеді де, 2010 жылға қарай мұнда 1,5 миллион шаршы метр ғимараттар кешені бой көтереді. Қаржы орталығы әлемдік бизнес-қауымдастыққа қаржы қызметін көрсетудегі ең жоғары стандарттарға жауап бере алатын жаңа замандық кешенді ұсынып, Қазақстан қор биржасы базасында Алматы қаржы орталығының арнайы алаңы жұмысқа кірісті. Ірі мегаполис пен Алматы облысының бірыңғай Алматы аймағы ретінде дамуы мүмкіндіктері мол. Алматы облысының экономикасы аграрлы-индустриалдық бағытта дамығандықтан, ол ірі мегаполистің азық-түлік белдеуі, яғни қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін бірден-бір аймақ. Облыстың ауыл шаруашылығы республика көлемінде ауылшаруашылық өніміннің 13 пайызын құрайды, ауыл шаруашылық өнімдерінің 60-қа жуық түрлері өндіріледі. Агломерацияны келешекте жандандырып, жетілдірудің мынандай факторларын атауға болады: Алматы қаласы мен маңының бай табиғи ресурстары; адами ресурстар, яғни тиімді демографиялық жағдайы; байланыс жүйелері; көлік жолдарының жетілдірілуі; өнеркәсіп мен ауыл шаруашылығының экономикалық жағынан тұрақты дамуы; еліміздегі саяси тұрақтылық. Міне осындай мәселелерді түпкілікті шешкенде ғана Алматы қаласы және оның маңының агломерациялық жағдайы жақсара түспек.

Жұмыстың екінші «Қала маңына қоныстанудың этнодемогрфиялық ерекшеліктері» параграфында Алматы қаласы тұрғындарының динамикасы туралы қарастыралады. 1959 ж. халық санағының қорытындылары бойынша 457,7 мың адам өмір сүрген. Бұл көрсеткіш 1979 ж. санақ қорытындылары бойынша 956,8 мың адам немесе 47 пайызға өскен болса, 1989 ж. - 1071,9 мың адам, яғни халықтың 89 пайызға өскенін көрсетеді; 1999 ж. – 1122009 адамға жетіп немесе 95 пайызға өскен [24]. 2007 ж. қала тұрғындарының саны 87 пайызға өсіп немесе 1287246 адам болса, олардың 488202 тұрғыны қала халқының қатарында болса, 1132494 ауыл тұрғындары болды. Қала халқының өсуіне, оның экономикасы мен мәдениетінің дамуы әсер еткені сөзсіз.

2007 ж. туу мен өлу туралы келтірілген мәліметтерді 1991 ж. салыстырып көрейік, 1991 ж. әрбір 1000 адамға шаққанда туу - 16,5, ал өлім-жітімі 11,8 болса, енді 2007 ж. бұл көрсеткіштер туу - 25,2 болса, яғни 65 пайызға өскен, ал өлім-жітімі 4 пайызға азайды. Қала бойынша табиғи өсімнің үлес салмағы үнемі өсуде екені байқалады.

1999 ж. агломерация тұрғындарының саны 422443 адам болса, оның 130000-ны Іле ауданында қалалық жерде 47100 адам немесе 38%-ы. Қарасай ауданындағы 159800 тұрғындарының 37300 қалалық жердің, яғни жалпы тұрғындардың 24 %-ы. Ал Талғар ауданындағы 132643 тұрғындардың 43400 адам, немесе 33% -ы қалалық жердің тұрғындары. Осы белгіленген жылдар арасында агломерацияда қалалық тұрғындарының саны үнемі азайғаны байқалады. Бұл агломерациядағы ауылды жерлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарғаны айқындап, ауыл мен қаланың тұрмысы теңестірілгенін көрсетеді.

Ал 2003 ж. агломерацияда қала мен ауыл тұрғындарының санында айтарлықтай айырмашылықтары жоқ. Бірақ 2007 ж. 446725 тұрғындарының арасында Іле ауданының 137687 тұрғындарының арасында 52000 адам немесе 37 %-ы қалалы жерді мекендейді. Қарасай ауданының 162495 тұрғындарынан 34600, яғни 22%-ы қалалы жерді мекендегені анық. Ал Талғар ауданы тұрғындарынан 146543 адамнан 46700-і, немесе 32 %-ы ғана қалалық жерді мекендеген. Осы жылдар аралығында қала тұрғындарының саны күрт төмендегені, ал ауыл тұрғындарының саны жоғарлағаны агломерациядағы ауыл аймақтарының әлеуметтік-экономикалық және тұрмыс жағдайы қаламен теңестіріліп, ауылдағы өмір деңгейі көтерілді, бірақ халықтың басым көпшілігі тіршілік көзін қаладан тапса да, тұрақты қоныс орындарын агломерацияның ауылды жерлерінен таңдағаны сөзсіз. Жоғарыда айтқанымыздай, 1991-2007 ж.ж. аралығында агломерация халқы 12725 адамға көбейген. Тұрғындардың 37%-дан астамы қалаларда, қалған 63%-ы ауылдарда қоныстанған. Халық санының динамикасы негізінен табиғи өсім және оралмандардың есебінен артып отыр. Әрбір 1000 адамға шаққанда туудың орташа мөлшері 14, өлім 9 адамды құрайды. Туу 1991-1999 ж.ж. аралығындағы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болса, ал өлім елеулі түрде азайған.

Агломерациядағы тұрғындардың этникалық құрамы жөнінде мәлімет беруді жөн көрдік. 1999 ж. агломерация тұрғындарының саны 422 443 болса, оның 127 577-і немесе 30%-ы қазақтар, орыстар 81 388 немесе 19%-ын көрсетті, ұйғырлар 16 051 немесе 4 %, күрдтер 5 921 немесе 2%, түріктер 798 адам немесе 0,1%, әзербайжан 4811 немесе жалпы тұрғындардың 1%-ын көрсетті, украин 3654 адам немесе 0,8%, неміс ұлты өкілдері 4484 адам немесе 1 %-ын құрады, татарлар 3307 адам немесе 0,7 %, кәрістер 1795 адам немесе жалпы тұрғындардың 0,4%-ын құрады.

Ал 2007 ж. жалпы тұрғындардың саны 446725 адам болса,олардың 243961 немесе 55 %-ын қазақтар құрады, ал орыстардың саны 115298 адам немесе 26%, ұйғырлар 22458 адам немесе жалпы тұрғындардың 5%-ын құрады. Күрдтердің саны екі есеге көтеріліп 5365 адам яғни 2%-ын көрсетті. Түріктер 15036 адам яғни 3%, әзербайжан 3421 адам немесе 0,7%-ын көрсетті, украин ұлтының саны 3090 адам немесе 0,6%, немістер 2688 адам яғни 0,6%, татарлар 2357 адам яғни 0,5%, кәрістер 2070 адам немесе 0,4% - көрсеткен. Осы мәліметтер арқылы біз агломерацияның 1999-2007 ж.ж. аралығындағы этникалық құрамының динамикасын анықтадық. Агломерацияда қазақтардан өзге жекелеген ұлт өкілдерінің кейбіреулерінің бір аудан аумағында шоғырлана қоныстанғандары байқалады. Мәселен, күрдтердің басым көпшілігі Іле ауданында өмір сүретін болса, ұйғырлар негізінен Талғар ауданында, Қарасайда түріктер тығыз қоныстанған. Тарихи тағдырларының салдарынан Жетісу өлкесіне келген аталмыш диаспора қазақ жеріндегі алғашқы күндерінен-ақ осы өңірлерге табан тіреп, қоныстанғаннан бері табиғаты мен байырғы халқы жайлы аумақтарда ұрпақ өрбітіп қала берген. Аталмыш ұлттардың агломерация өңіріне көшіп келуінде өзіндік тарихы бар. Мысалы, Қиыр Шығыстағы корейлер Кеңес Одағында тоталитарлық жүйенің алғашқы қуғын-сүргініне түскен ұлт болып саналады. 1935-1936 ж.ж. «Жапонияның тыңшылары» деген айдар тағылған жүздеген корейлер деректердің дәйектеуінше, қуғындалып, тергеуге алынып, абақтыға жабылып, атылған. Тіпті Қазақстанға күшпен қоныс аударылып келген корейлерді жазалау ары қарай жалғастырылған. 1941 ж. күзінде жаңа жерлерге, 1 млн 120 мың неміс орналастырылды. Соның ішінде Алматы облысына 30 мың неміс ұлтының өкілдерін қоныстандыру жоспарланды. Олар біз қарастырып отырған Алматы агломерациясының ауылды жерлеріне орналастырылды. Еділ өңірінен ешбір негізсіз қуғындалған немістер Іле, Талғар, Қарасай аудандарының елді мекендеріне осылай көшіп келді. 1944 ж. 31 қаңтарындағы КСРО Мемлекеттің Қорғаныс комитетінің қаулысына сәйкес шешендер мен ингуштерді Қазақ КСР-на жер аудару шешілді. Алайда бұл шешім өте құпия сақталды. Тек 1944 ж. 21 ақпанында КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының жер аудару операциясын бастау жөніндегі бұйрығы шықты [25]. Таулы климатқа бейімделген Алматы облысына жер аударылған шешендердің біраз бөлігі Іле Алатауын жағалап, Талғар, Қарасай аудандарын паналады.

Үшінші параграфы «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталады. Қала маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы орталықтың ықпалына байланысты болады. Жалпы айтқанда, Алматы агломерациясын ірі өндіріс орталығына айналдыру үшін аймақта: тамақ өнеркәсібінде – ет, сүт тағамдарын өндіру, өсімдік май, қант, шарап жасау, темекі өндірісі және лимон қышқылын, қоюландырылған және құрғақ сүт, соя мен қызанақты қайта өндеу арқылы өнімдерін шығару, яғни қайта өндеу өндірісін дамыту басшылыққа алынса, ал аймақтағы пайдалы қазбалар қоры арқылы мәрмәр, кварц құмы, гипстік шикізаттардың, құрылыс және безендіру табиғи тастарының молдығы құрылыс өндірісінің дамуына немесе құрылыс кластерін қалыптасуында ерекше орын алады. Аймақтың сырттан келетін қуат көздері тәуелділігінен құтылу үшін жердің су және жел қуат табиғи қорларын дәстүрлі емес және өздігінен қайта қалпына келетін қуат көздеріне айналдыру қажет.

«Этнодемографиялық және миграциялық процестер» деп аталатын екінші тараудың бірінші параграфы Алматы агломерациясындағы этномиграциялық үрдістеріне арналған. Халықтың селодан қалаға қоныс аударуы - өндірістік даму жолына түскен кез-келген қоғамға ортақ заңды құбылыс. Ішкі миграцияның жоғары қарқыны 1991-1992 ж.ж. аралығында басталды. Сол кезеңде ірі мегаполиске ұмтылған мигранттар қала төңірегіндегі бос қалған жерлерді иемденіп алды. Мүмкіндіктеріне қарай, қолда бар құрылыс материалдарынан соғып алған лашықтарын тұрғын үйге айналдырып, олардың заңдастырылмаған, құжаттарсыз бой көтерген саман үйлер келешекте үлкен бір әлеуметтік дағдарысқа жеткізілетінін ешкімді де ойландырмады. Ауылдан қалаға қоныс аударуы, яғни ішкі миграция ол үнемі шешімін қажет ететін өзекті мәселенің бірі. Бірақ өркениетті елдерде кенттену үрдістері ұзақ уақыт жүргізіліп, тіпті жылдар емес ғасырларға созылған. Осы уақытта ауыл тұрғындары ешқандай қиындықсыз, күнделікті күйбең тіршіліктерін атқарып, қиындықсыз қала өміріне біртіндеп үйренісіп, сіңісті. Ал жедел қарқынмен, жалпы қарқында жүргізілген, кенеттен қанат жайып, бүкіл тұрғын халықты мигранттарға айналдыру үрдіс, әрине қиындықсыз, шығынсыз жүргізілмейді. Сондықтан ішкі қақтығыстарды болдырмау үшін, ішкі мигранттардың қалаға бағыт алғанын тоқтату үшін ауылды жерлердің әлеуметтік – экономикалық жағдайларын жедел жақсарту қажет. Әрине бұл өзекті мәселелерді жергілікті билік атқарушы органдар өз құзырында шеше алмайды, ол үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, заң күшіне енгізілуі керек.

Республикадағы ішкі миграция облысаралық, облысішілік сипатқа ие болады. 1989-1999 ж.ж. республикалық халық санақтары аралығында Алматы облысына 1063 адам, 2000-2007 ж.ж. аралығында 242443 адам көшіп келіп, оның демографиялық ахуалын жақсартуға септескен. Осы көрсетілген уақыт аралығында Алматы қаласына көшіп келген 395841 мигрант болса, кеткені 289109 адам болды. Алматы облысы мен қаласына көшіп келген мигранттардың барлық саны 506324 адам. Айта кетерлік бір жайт, 1989-1999 ж.ж. аралығында Алматы облысына ТМД және Балтық теңізі өңірінен қазақтар, орыстар, күрдтер, түріктер, корейлер, әзірбайжандар, украиндар, немістер, татарлар, ұйғырлар, өзбектер, қарақалпақтар, тәжіктер көшіп келген. Ауғанстан, Германия, Қытай, Иран, Корея, Монғолия, Пәкістан, Польша, Түркия, Чехия тәрізді алыс шет елдерден қазақтар, орыстар, түріктер, ұйғырлар, немістер қоныс аударған. Керісінше көрсетілген кезеңде Алматы облысы мен қаласынан 35890 адам ТМД елдеріне көшіп кеткен. Алыс шет елдерге көшіп кеткендер ресми деректерде 65650 адам болып тіркелген. Алыс және жақын шет елдерге қоныс аударған этностар өкілдерінің қатарында орыстар, немістер, украиндар, корейлер, әзірбайжандар, татарлар болған.

Алматы агломерациядағы этномиграциялық үрдістер 1991-2007 ж.ж. аралығында көші-қонушылардың материалдық және рухани талап-тілектерінің өсуіне байланысты жиіледі. Көші-қонның жиілеуі қазақстандық қоғамның алға басуын, халықтың әл-ауқатының жақсаруына байланысты жүретіндігі белгілі. Кез келген мемлекетте көшіп келушілердің көшіп кетушілердің санынан басым болғандығы ол мемлекеттің көшіп-қонға жағымдылығының дәлелі, бұл миграциялық үрдісі әлеуметтік-экономикалық дамуы, өмірдің даму деңгейінде негізделетіні анық. Кеңес Одағының ыдырап, республиканың тәуелсіздік алуы бір жағынан алыс және жақын шет елдерге аттанған диаспора өкілдерін көбейтсе, екінші жағынан әлемнің 40-тан астам елдеріне тараған қазақ халқының өкілдеріне атамекенге қайтуға жол ашты. 1990 ж. орта кезіне дейінгі терең экономикалық дағдарыс та мигранттардың көбеюіне ықпал етті.

Ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшіп-қонуы 1991-1992 ж.ж. басталды. Сол кезден бастап орын ауыстырғандар қала маңында бос жатқан жерлерге өз беттерінше баспана сала бастады. 1996 ж. көшіп келушілер көбейе түсті. Көшіп келгендердің басым көпшілігі Арал, Семей және тағы басқа экологиялық жағдайы ауыр өңірлерден еді. Агломерациядағы ірі мегаполис Алматы ең алдымен ауыл мигранттарын тарту орталығына айналды. Республикадағы саяси және экономикалық тұрақтылық сыртқы миграцияны бәсеңдетіп, көшіп кетушілерден гөрі көшіп келушілерді көбейтті. Ал күшейіп келе жатқан урбандалу процесі ішкі миграцияда тұрғындардың қалалар мен Алматы маңына шоғырлануына игі әсер етті. Соның салдарынан байырғы халықтың және әр түрлі ұлттардың өкілдері Алматы агломерациясында тығыз орналасып, оның демографиялық дамуын жетілдіруге үлес қосуда.

Екінші бөлімнің келесі параграфы «Этнодемографиялық үрдістердің динамикасына оралмандардың әсері» деп аталады. 1991-2007 ж.ж. аралығында Алматы облысына шетелдерден келген оралмандар саны 87260 адам немесе 24596 отбасы [26]. Олардың ішінде Монғолиядан 3581 отбасы немесе 14625 адам, Түркиядан 393 отбасы немесе 1430 адам, Қытайдан 7475 отбасы немесе 26103 адам, Ираннан 65 отбасы немесе 345 адам, Ауғанстаннан 59 отбасы немесе 226 адам, Даниядан 1 отбасы немесе 3 адам, Араб елдерінен 4 отбасы немесе 18 адам, Пәкістаннан 3 отбасы немесе 14 адам, Грузиядан 1 отбасы немесе 4 адам, Ресей Федерациясынан 376 отбасы немесе 882 адам, Украинадан 4 отбасы немесе 5 адам, Өзбекстаннан 11722 отбасы немесе 40621 адам, Тәжікстаннан 52 отбасы немесе 186 адам, Түркменстаннан 488 отбасы немесе 1746 адам, Қырғыз Республикасынан 367 отбасы немесе 1047 адам, Әзірбайжаннан 1 отбасында 1 адам, Беларусь, Молдова; Латвия, Югославия елдерінен де бір отбасынан бір адамнан келген екен.

Іле ауданына 1991-1994 ж.ж. Монғолиядан 118 оралман қоныс тепкен. Осы кезеңде Іле ауданына тек Монғолиядан ғана емес, Қытай, Түркия, Ираннан 466 репатриант, яғни 58 отбасы көшіп келген. Қоныстандырушылардың 166-сы балалар, 300-і ересек адамдар, еңбекке жарамдылары - 119, мамандығы барлар -41, жоқтар - 78 адам болған. Жалпы келген отбасы саны 58 болса, олардың ішінде адам саны 466 болды, еңбекке жарамдысы 119 адам.

Талғар ауданына 2007 ж. алыс және жақын шетелдерден 1683 отбасы немесе 7577 қандастар көшіп келіп, агломерацияның этнодемографиялық ахуалының жақсаруына өз үлестерін қосқан. Бұл көрсеткіш Іле ауданымен салыстырғанда 5-6 есе артық. Дәл Іле ауданы тәрізді Талғарға да келген оралмандар негізінен Қытай, Монғолия, Өзбекстан мигранттары. Олар Нұра, Панфилов, Қайнар, Алатау селолық округтеріне қоныстанған. Оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығына және бір жерде тұру белгісін алуға құжаттар өткізу барысында 326-сы республика азаматтығына ие болған. Сондай-ақ жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімдерін беру, баспанамен қамтамасыз ету шаралары қоса атқарылған. Жалпы аудан бойынша 1995-2003 ж.ж. барлығы 83 үй квотамен келген оралмандарға берілген.

Агломерациядағы Қарасай ауданындағы 1990-2007 ж.ж. оралмандардың 7073 отбасы, яғни 22041 адам қоныс тепкен. Соның ішінде Өзбекстаннан - 19651, Монғолиядан -311, Түркиядан - 1031, Қытай Халық Республикасынан - 308, Ираннан - 132, Ауғанстаннан - 127, Пәкістаннан - 35, Ресейден - 193, Қырғызстаннан - 328, Түркменстаннан - 341, Тәжікстаннан - 66, Сауд Аравиясынан - 8, Украинадан - 9 оралман көшіп келген. Олар ауданның барлық дерлік елді мекендеріне орналасқан. Дегенмен Қаскелең қаласына - 9220, Жаңа Шамалғанға – 5500, Шамалғанға – 4000-нан астам адам тығыз қоныстанып, аудан тұрғындарының санын көбейткен. Көрсетілген аралықта 19121 репатриант Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдаған. Оралмандарды елімізге шақырып, оларды құшақ жая қарсы алуымыздың да өзіндік себептері жоқ емес. Тәуелсіз мемлекеттің стратегиялық жоспарына сәйкес іске асырылуға тиіс міндеттердің бірі – аумағы жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орынды иеленетін елдің халқының санын арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осыған орай 1997 ж. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Халықты қоныстандыру барысындағы ірі стратегиялық мақсатын белгіледі. Ол – 2015 ж. республика халқының санын 20 миллионға, 2030 ж. - 25 миллионға жеткізу межеленіп отыр. Осы белгіленген межеге жету және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандыруға бағытталған шаралар жайында Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында айтылып, белгіленеді.

Оралмандардың әлеуметтік-психологиялық сіңісуін қиындатқан жағдай – ол орыс тілін білмегендігі, себебі ол кезде жергілікті қазақтар Кеңес мемлекетінің жүргізілген саясатының салдарынан тіршілікте орыс тілін көбірек қолданып,ұлттық дәстүрдің сақталуына көп ұстанымы болмады, келген қазақтарға осының бәрі жат көрініп, олар қоян-қолтық араласа алмады. Сондықтан да болар көптеген қоныс аударушылар жіберілген жерлерінен өз еріктерімен көшіп; басқа облыстардағы қалаларға орналасуға тырысқан. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының әкімшілігіне 1996 ж. 1 маусымында Талғардағы Жұмыспен қамтылу Орталығының директоры Л.Д. Даниленконың жазған баяндау хатында: Фрунзе ауылдық округінде Монғолиядан көшіп келген 7 оралмандар отбасы ерікті қоныстанған. Олар Қазақстан Республикасының квотасы бойынша Шығыс Қазақстанға жіберілген, бірақ ол жерді жатсынып, орыс тілді жерге сіңісе алмай өз еріктері бойынша Алматы облысына қоныс аударған. Осындай жағдай Горнооктябрь, Калинин, Дзержинск, Октябрьск ауылдық округтерінде қалыптасқан [27]. Бұл оралмандардың көші-қонының «екінші толқыны», яғни алғашқысы бір мемлекеттен екінші мемлекетке болса, ендігісі орысшыл солтүстік – шығыстан қазақи оңтүстікке қоныс аударуы. Бірақ ерікті қоныс аударушылардың барлығы жұмысқа орналасып, тіршілік жасау мүмкіндіктерінен шегерілгені жоқ. Тіпті Талғар ауданының әкімшілігінің 1994 ж. 28 ақпанындағы №1-83 қаулысына сәйкес және «Иммиграциялық жер қорының құрылуы Уақытша Ережесі» басшылыққа алынып, оралмандарға Талғар ауданының жер қорынан жалпы көлемі 26,0 гектар жер берілді. Жер телімдері аудан әкімшілігінің шешімі бойынша Фрунзе - 20,0 гектар, Киров - 2,0 гектар, Краснопольск - 3,0 га, Белбұлақ - 1,0 га округтерінде берілді. Бірақ жер телімдерін алуға оралмандардан арыздар түспеген. Қоныс аударушылардың жағдайларын күрт төмендегені мемлекетіміздегі XX ғасырдың 1994-1995 ж.ж жүргізілген экономикалық бағытындағы өзгерістер әсер етті. Жекешелендіру барысында оралмандардың сыбағасына мардымды ешнәрсе тимеді, себебі ол бөлініс еңбек өтілі, кәсіби шеберлігі және басқа да жағдайларға байланысты жүргізілді. Сондықтан, енді ғана орнығып келе жатқан қоныс аударушыларды жекешелендіру үрдісі келеңсіз жағдайларға ұрындырды, күн көрістері күрт төмендеді.

Бірақ мемлекет өз тарапынан көмек көрсетуден бас тартпады. 2000 ж. 13600 оралмандар отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді, олардың ішінде 898 - асыраушысы жоқ болғанына, 3014 - көпбалалы отбасы, 4398 - тұрмысы төмен деңгейіндегі бірыңғай берілетін жәрдем ақысын алды.

Соңғы уақыттарда оралмандар бұрын өздері мекендеген жерлеріне ұқсас климатты таңдайды. Осыған орай олардың Алматы агломерациясында көбірек қоныстануы байқалады. Агломерацияда халықтың орналасуы тығыз болса да, оралмандар осы аудандарға қоныстануға ұмтылады. Кейінгі келгендері ірі қала маңына қоныстануға ниет білдіруде, өйткені олар өмір сүріп, тіршілік етуге дала емес қаланың мүмкіндіктері мол екендігіне көз жеткізген. Кейінгі жылдары оралмандардың келуі үш түрлі жолмен жүргізіледі. Ең біріншісі - шетелге барып, көшіріп әкелу, келесі - елшіліктерге алдын ала өтініш беріп, кезегі жақындағанда өз күшімен қоныс аудару,соңғысы - өз бетімен,ешнәрсеге қарамастан көшіп келіп, квотаға өз бетімен ілінуі. Осындай жағдайлар көші-қон мәселесін шешуін қиындатады. Шетелдегі жүрген 5 миллион қазақты түгелдей қаржы бөліп көшіріп алу мүмкін емес, осыған орай өз күшімен келетіндердін санын көбейту керек. 1991 ж. мен 2007 ж. аралығында елімізге 161745 оралмандар отбасы 633241 мүшесімен қоныстанды. Осы кезде табиғи өсімді және квотадан тыс келгендердің бәрін есептегенде, барлық келгендердің саны 1 миллион адамға жететіндей. Бұрын көшіп келгендердің көбі өз мамандықтарына қарай жұмысқа орналасып, өз бетінше тіршілік етуде. Мәселен, Өзбекстаннан келген Ж. Мәлібеков Республикамыздың мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Алматы қаласында Зарафшан қаласынан келген Әлмұрат Өнербаев «Алтын диірмен» корпорациясында бас есепші, Құрбан Ақназаров Алматы қалалық әкімшілігінде бөлім меңгерушісі, Түркиядан келген Халифа Алтай араб тілінен «Құран-Кәрімді» қазақшаға аударды. Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ақши ауылындағы түйе малын өсірумен айналысып, сүт өндіруді қолға алған «Дәулет - Бекет» шаруа қожалығының төрағасы - Сыдық Дәулетов. 2001 ж. қолға алынған түйе шаруашылығымен айналысуы бұл күндері өзінің түпкі нәтижесіне де қол жеткізуде. Оның айқын айғағы-осынау адам денсаулығына пайдалы шұбат өндіру ісінің ауданда ғана емес, облыстағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналуы. Қазір Малазия, Жапония, Арабия сияқты шетелдіктер де аттай қалап, сұраныс білдіруде. Атпал азамат этноауыл ашуды жоспарлаған. Қазір қарамағандағы 1000 түйе, 3000 қой, 1000 жылқы, 400-ге жеткен сиыр, одан алынатын өнімдер халықтың тұтыну қажеттігін өтеумен қатар, жергілікті тұрғындарды тиісті жұмыс орындарымен де қамтуда.

Қазақстан Республикасының демографиялық жағдайының тұрақтандырылып және жақсаруы ең біріншіден - халық санының қарқынды өсуіне, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтып қамтамасыз етілуіне, әлеуметтік – экономикалық жетілдіруіне және шетелдегі отандастарымыздың еліне келіп орналасуына негізделгені айдан анық.

Шетелдегі бүгінгі қазақ осыдан он жыл бұрынғы қазақ емес, тіпті бес жыл бұрынғы да қазақ емес - басқа қазақ. Ол – ұлт ретінде қалыптасқан, өзінің ұлттық мүддесіне берік, ең бастысы, Қазақстан десе ішкен асын жерге қоятын, бұдан кейінгі бүкіл болмысын тек атажұрттың қадірімен өлшейтін жанкешті қазақ.

Осы тараудың соңғы «Агломерациядағы маятниктік миграцияның ерекшеліктері және оның әлеуметтік-экономикалық процестерге әсері» параграфында жергілікті мәліметтер бойынша маятниктік байланыстар зерттелінген. Халықтың қалаға тұрақты қатынасуы жылдан жылға қарқынды өсуде, себебі тек тұрмысы жақсарғанда емес, олардың алға қойылған талаптары, мақсаттары, білім дәрежелері өзгергендігінен, олар да өздерінің әлуетті мүмкіндіктерін жүзеге асыруын қажетті деп есептейді. Ауыл тұрғындарының маятниктік еңбек қозғалыстарына қатысуы халықтың арасындағы бір ерекше топтың пайда болуына жеткізеді, олар «өтпелі» өмір сүретін адамдар. Яғни, олар ауылды жерлерде тұрады, бірақ қалалы жерлерде жұмыс істейді. Олар өз өмірлерінде екі қоғамдық құрылымның әсерін сезінеді, тұрмыс-тіршіліктерінде қала мен ауылдық белгілерінің жиынтығы айқын білінеді.

Маятниктік мигранттардың көпшілігі - ауыл шаруашылығына сәйкес емес мамандықтардың иегерлері және де олардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктері қала салтына бағытталған. Осылардың әсерінен кейінгі жылдарда қала мен ауылды жақындату барысында экономика, мәдени даму, тұрмыс және әлеуметтік салаларында көптеген өзгерістер енгізілді. Әрине, ауыл мен қаланың арасындағы қайшылықтарды жою үшін тек бір жақты шаралар аздық етеді, ол үшін кешенді бағдарламалар қажет. Себебі ауылдан келген мигранттардың қала тіршілігіне бірден үйренісіп, өз орындарын таба алмаса, олар қаланың криминалдық жағдайын ауырлатуы мүмкін еді. Бірақ бұл әлеуметтік айқындық қалаға ұмтылған жастар легін бәсендетпегені сөзсіз, тек енді олар қалаға көшкеннен гөрі, қалада тек жұмыс істеп, ауылға күнделікті қайтып отыру мүмкіндіктерін пайдаланды. Егер Алматы және қала маңайы арасындағы маятниктік байланыстарды талдайтын болсақ, онда даму дәрежесі және бағдарлау сипатына қатысты территориялардың арасында анықталған шектеулер жүргізуге ықтимал. Сонымен қоса, маятниктік миграцияларының жиілігі олардың тұрған жерлерімен жұмыс істейтін жерінің арақашықтығына да байланысты екені белгілі. Ал маятниктік миграциялардың радиусы көбінде қаланың көлеміне де қатысты есептелінеді.

Алматы айналысындағы жақын территориялар үшін маятниктік байланыстардың ең жоғары дәрежесі екі жақтылығы байқалады: жұмысқа барып жүрген тұрғындар саны, қаладан келіп жүргендерден анағұрлым басым болғандықтан, бұл қатынастарды қала ішіндегі жүріп қайтуларымен теңестіруге болады. Мысалы, Алматы – Байсерке, Алматы – Ащыбұлақ (Іле ауданы Алматы облысы) олар транспорттың бір сағаттың арасында жетуге қолайлы территориялар. Ауыл тұрғындары қала ішінде болып, қалалықтармен тығыз байланыс жасап, тіліне, мәдениетіне жағымды әсерін тигізеді. Екінші – ол маятниктік еңбек миграциясы басым дамыған тұрғын территориялар, негізінде тек қалаға бағытталған. Ол екі сағаттың арасында жетуге қолайлы Чапаево, Междуреченск (Іле ауданы Алматы облысы) территориялар. Келесі байланыстарға назар аударатын болсақ, ол магистраль бойында орналасқан қаламен байланыстары болымсыз территориялар – Ақши, Шеліккемір (Іле ауданы Алматы облысы) Алматы қаласынан екі жарым сағаттық қашықтықта орналасқан, өзінің әкімшілік шеңберінде территориясы шектелген, маятникалық байланыстары шамалы ол Қараой, Қосөзен (Іле ауданы Алматы облысы). Территориялар арасындағы байланыстарды IV тұрақты зонаға бөлдік. Ол арақашықтыққа, көлік қатынасына байланысты бөлінеді. Осыған орай көліктердің саны әр түрлі: яғни Алматы – Ақши қашықтықта 2 маршрут –300 теңгеден, ал Алматы- Ащыбұлақ 9 маршрут- 40 теңге. І тұрақты зонада маятниктік қатынастар жиі болуы ықтимал, ал IV зонаның қатынасы бір жақты және маятниктік байланыстары өте сирек екені айқындалады. Аудан тұрғындарының маятниктік миграциялық қатынастарға араласуы ауданның транспорттық қатынастарының жақсы дамығанына байланысты. Қала түбіндегі ірі агроөндіріс кешендерінде жұмысқа қаладан тек тәжірибелі, жоғары білімді мамандар ғана тартылады. Ал агломерациядан қалаға көбінде жастар ұмтылады. Енді алшақ орналасқан ауылдағы адамдар қала іргесіндегі ауылдарға ұмтылса, ал ондағы турғындар ірі мегаполиске қарай жұмыс істеуге бет алады. Әрине, күнделікті жолсапарына шыққан адамдардың тұрмысында елеулі өзгерістер байқалады. Енді олар ауылды жерлерде тұрса да, қосалқы шаруашылықпен айналысудан бас тартады, себебі оған олардың біріншіден уақыттары болмайды, екіншіден керекті заттарды енді олар жанын қинамай - ақ ақшасына сатып алуға тырысты. Олардың ірі мегаполиске көш басын бағыттамағаны, тіпті маятниктік мигранттар қатарына қосқан жағдай – транспорттық магистральдық байланыстарының жоғары дамығандығы екені сөзсіз. Бұл келешекте қала мен даланың арасындағы айқындалған шекаралардың жойылуына әкелуі ықтимал.

Қоғамдық көліктерін үнемі пайдаланған мигранттар «транспорттық шаршау» жағдайына тап болуы ықтимал, ол денсаулықтарына зиянын тигізетіні анық. Бос уақытының көбін жолсапарға жұмсаған олар демалу мен серуендерге арналған уақыттары шектеулі болады. Енді ол мәселесін шешу үшін олар қоғамдық көліктерден гөрі жеке меншік автокөліктерін қолдануын құптайды. Маятниктік миграция шеңберінде әрбір кеңістіктің өзіндік ерекшіліктері мен артықшылықтары бар. Мәселен, бірінші кеңістікке қарасты елді мекендер қалаға өте жақын орналасуымен, миграцияға кететің уақыттың аздығымен ерекшеленеді. Ал төртінші кеңістіктегі елді мекендер орталық қаладан алыс орналасқан. Агломерациядағы маятниктік байланыстардың өзіндік қиындықтары болғанмен, ол жолаушылар тасымалының қарқынды жүруіне орай миграция кедергісіз іске асырылады.

Жоғарғы қарқынмен жүргізілген кенттену нәтижесінде халықтың, өндіріс орындарының бір жерде жоғары дәрежеде шоғырлануы онсыз да жағымсыз экологиялық жағдайдың күрт төмендеуіне жеткізгені анық. Және де қоғамның даму барысында айқындалғаны, осы уақытқа дейін еліміздегі кенттену үрдісі экстенсивті тәсілімен жүзеге асырылуда, яғни ірі қала тұрғындарының саны миграциялық өсім арқылы ғана жылдан жылға көбейіп келеді. Бірақ ірі қаланың кез-келген кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы ауылдан ағылып келген арзан еңбек күшін бірден жұмыспен қамтамасыз етуі мүмкін емес. Соған қоса ірі мегаполис өзінің территориялық қорын да әбден пайдаланып болып, енді өзінің жерін тек агломерация есебінен ғана ұлғайта алады.

Маятниктік миграциялар урбанизациялық үрдістерді ілгері жылжытып халықты қоныстандыру барысына әсерін тигізеді. Сондықтан маятниктік еңбек байланыстарының келешекте даму дәрежесінің деңгейін, халықтың ерекше қоныстану жағдайларын есепке алмай анықтау мүмкін емес.

Диссертациялық жұмыстың «Қорытынды» бөлімінде оның мазмұнынан туындайтын ойлар жүйеленіп, тұжырымдар мен агломерацияға қатысты ұтымды ұсыныстар жасалынған.

Алматы агломерациясының қалыптасуы республикадағы урбандалу процесінің ауқымында жүріп, ұзақ уақыттарға созылды. Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін бұл үрдіс күшейіп, қалалық агломерация өзіндік белгілерін айқын танытуда. Алматы агломерациясы моноцентристік типке жатады. Орталық қала Алматы мен оның маңындағы елді мекендер арасында әлеуметтік-мәдени байланыстар айтарлықтай деңгейге көтерілген. Қала маңы қаланы қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз етеді. Ал орталық қала қала маңы үшін мамандар даярлайды. Бір жағынан қала маңы мегаполисті азық-түлікпен қамтамасыз етсе, екінші жағынан қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени мүмкіндіктерін пайдаланады. Кез – келген өркениетті елдердегі кенттену үрдістері бірнеше ғасырлар бойы жүргізілсе, олардың қала тіршілігіне үйренуі кедергісіз, жоспарлы жүргізілді. Ал жедел қарқынмен жүргізілген республикамыздағы кенттену үрдісінің жағымсыз салдары кез – келген аймақтарда, әсіресе агломерацияда айқын сезілді. Ішкі миграциялық ағымдарын реттеу үшін агломерацияның өзінде шаруашылығы жан-жақты жетілдірілген орталық аймақтар құрып, дамыған инфроқұрылымы бар, шаруашылыққа жағымды жағдайлар жасалған тірек тұрғын орталықтарға халықты қоныстандыру керек.

Республикада ішкі миграцияларының табиғаты толық зерттеліп, мемлекет тарапынан салалы бағдарламалар қабылданып, орындалуы тиіс немесе миграцияны тұрақтандыру, бір жерден екінші жерге көшуді азайту үшін неғұрлым жергілікті жерлерде тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыс және экологиялық, экономикалық түйіткілдерін шешу соғұрлым миграцияның қарқынын басады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет