X-XX ғасырлардағы Ресей мәдениеті
Дін кай мәдениеттің қай түрі болмасын басты элементі болып саналады. Дін құдіретке жай ғана табыну немесе діни салт- жоралардың жүйесі ғана емес, ол адамның өзін қоршаған орта жөніндегі, ондағы адамзат баласының алатын орны жайындағы қалыптасқан идеяларының, діни наным-сенімдерінің белгілі бір жүйесі және адамның тіршілік бейнесі. Сондықтан да Русьтің Византиядан христиан дінін қабылдауы орыс мәдениетінің тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Орыстардың христиан дінінің шығыс тармағы православиені қабылдауы орыс елінің ішкі және сыртқы жағдайларына тікелей байланысты болды. Солардың ішіндегі ен бастысы Киев Русі мен Константинопольдің арасында қалыптасқан саяси, экономикалық және мәдени байланыстар болатын. Христиан діні орыс мемлекетінің қоғамдық саяси, мәдени өмірінің барлық салаларына ықпал етеді. Жана діннің қабылдауына байланысты Киев Русінің христиан дүниесі елдерімен сауда, саяси, мәдени байланыстары тұрақтанып, жаңа арнаға түсті.
Христиан діні 988 ж. Князь Владимирдің басшылығымен қабылданады. Славян халықтарының тарихындағы жана тарихи кезең Киев Русі дәуірінде жүзеге асырылған бұл шараның нәтижесінде орыс мәдениеті жаңа сатыға көтеріледі. Шіркеулер Русьте таңғажайып ғимараттардың көптеп салынуына, атап айтқанда, өнердің барлық салаларының жан-жақты өркендеуіне алғашқы мектептердің ашылуына, тарихи шежірелердің жазыла бастауына айрықша ықпал етеді. Осы орайда христиан дінін Руське дейін қабылдаған оңтүстік славяндар, армяндар мен грузиндер византиялық мәдениет мәнерін олардан бұрын сезінгенін атап өтпеске болмайды.
Шығыс славяндарды біріктірудің нәтижесінде пайда болған қуатты, өзінің көлемі мен маңызы жағынан сол кездегі Еуропада алдынғы орындардың бірінде болған Киев Русі мәдениетінің дамуына дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мәдениеттерінің ықпалы орасан зор болды. Олай болса «мұндай ерекше мәдени құбылысты орта ғасырлық әлемнің басқа елдерінен кездестіре қою қиын» деген атақты ғалым Л. Любимовтың орынды пікіріне қосылмасқа болмайтын сияқты. Шындығында да, географиялық жағынан Русьті Византия, Шығыс пен Кавказ халықтары, Батыс Еуропа мен Скандинавия айнала қоршап жатты, ал өз кезегінде бұл елдердің мәдени әсері орасан зор болды. Міне, сондықтан да болар Византиялық шіркеулердің ішіндегі ең атақтысы «Әулие Софияның» Киев князі Владимирдің елшілеріне әсер еткені соншалық, олар өздерін шынымен-ақ «о дүниеде>> жүр екенбіз деп сезінген.
Христиан дінін қабылдағаннан кейінгі аз ғана уақыттың ішінде, әсіресе князь Ярослав кезінде ежелгі Русьтің мәдениеті өзінің шарықтау шегіне жетті. Киев Еуропаның ең ірі қалаларының біріне айналды. Шетелдік саяхатшылар Киевті екінші патша қала деп атаса, ХІ ғ. батыс жазушысы Адам Беременский Киевті «Грецияның арайлы ажары болған Константинопольдың бақталасы» деп өте жоғары бағалады. Князь Ярославтың (XI ғ.) кезінде тұрғызылған киевтік София соборы таңғажайып ескерткіштердің бірі болды, Киев Русінің ең құдіретті сәулет өнерінің бұл тамаша ескерткішінің он үш мұнарасына ұқсас үлгі, сәулетшілердің пікіріне қарағанда, Византия ғана емес, басқа да бірде-бір христиандық елден табылмаған. Ежелгі Руське христиан дінінің келуіне байланысты шіркеулер мен монастырьлар салу, яғни діни құрылыстар кен етек алды. Сондай мәдени ескерткіштердің қатарына XI ғ. Ортасында Антоний (983-1073 жж.) және Феодосий, Печерскийлер негізін қалаған Киев-Печерск монастыры, ежелгі тас ғибадатхана - Киевтің Десятин шіркеуі және т.б. жатады.
Бір жүйеге келтірілген жазудың енгізілуі орыс мәдениетінің аса үлкен жетістігі болды, өйткені тіл қай мәдениеттің болсын басты элементі болып табылады. Славян әліппесін жасаушылар ағайынды гректер Кирилл (827-869 жж.) мен Мефодий (815- 1885 жж.) болды. Дәл осы бір мәдени бетбұрыс кезеңінде орыс жазуы мен әдебиеті өзінің шарықтау шегіне жетті. Киев Русінің ең алғашқы жазба ескерткіштерінің бірі «Орыс шындығы» қара- пайым, әрі түсінікті халықтық тілмен жазылса, орыс халқының аса үздік әдеби мұрасы «Игорь жасағы туралы жырдың» тілі де дәуір тынысын жан-жақты бейнеледі.
XIII-XIV ғғ. орыс мәдениетінің орталығы Новгород қаласы болды. Кескіндемелік және сәулетшілік ескерткіштерімен өзін «Ұлы мәртебелі Новгород» деп атаған бұл тарихи қаланы шетелдік бір автор «байлығы жағынан тек Риммен ғана теңесе алады» деп бағалауы тегіннен-тегін емес сияқты. Мұндағы орыс халқының рухы сіңген өнер дүниелерінің бірі Новгород Кремліндегі қасиетті София соборы, Юрий монастырының Георгиев соборы және т.б. Дүниені табындырған әсемдіктің ұлы ескерткіштерінің қатарына жататын Киев соборының тікелей ықпалымен салынған Новгород Софиясы өзіне ғана тән ерекшеліктері бар құдіретті де, сымбатты ғимарат.
Новгородтын князьдік ғибадатханаларының ішіндегі ең мәртебелісі Юрий монастырын орта ғасыр дәуірінің даңқты ғимараттарының қатарына әбден жатқызуға болады. Христиан мәдениетінің ажырамас бөлігі икона жасау ісінде дәл Ресейдегідей соншалықты ғажайып туындылар жасалып, ғасырлар бойы бүкіл бір халыктың бейнелеу өнерінің сүйікті түрі болған жоқ. Икона сюжеттері діни христиандық негізге құрылды. Ал сол Новгородтык иконалардың бүгінге дейін сақталғандардың ішінде әлемдік маңызы ғажайып дүниелер бар. Солардың бірі шамамен XII ғ. соңында жасалған «Алтын шашты періште». Осы бір таңғажайып естен кетпес бейнеде қаншалық биік, таза сұлулық бар десеңізші. XV г. Новгородтық өнердің тарихы аяқталды деуге болады, өйткені бұл құбылыс өнердің үздік табыстарының тоқырауынан байқала бастады. Киев Русінің құлдырауынан кейінгі орыс мәдениетінің дамуындағы жарқын беттердің бірі - орыс мәдениетінің гүлденген дәуірі XVI-XVII ғғ., яғни мәскеулік кезең мәдениеті болып саналады.
XV ғ. аяғына қарай Мәскеу шығыс Еуропада саяси жағынан да, сондай-ақ мәдени жағынан да беделге ие болды. Дүниені дүр сілкіндірген құдіретті Византия мемлекеті құрып бара жатты, оңтүстік славяндардың мәдениеті ыдырай бастады, монғол- татар езгісі әлі де жойыла қоймады, Дмитрий Донскойдың тарихи жеңісі Мәскеу державасының мерейін көтере түсті. Ендігі жерде тек Русьтен ғана емес, әр елдерден Мәскеу ұлы княздігіне өнер адамдары ағылып келе бастады, сөйтіп Мәскеу қаласы ең ірі мәдени орталықтардың біріне айнала бастады.
1454 ж. Константинопольдың құлдырауына байланысты орыстың православиелік шіркеуі біртіндеп тәуелсіздік алды және батыстық христиандық дүниеден бөліне бастады. Ендігі жерде христиан дінінің басты қамқоршысына айналған Русь правословиені жандандыру және дүние жүзіне тарату міндетін өз қолына алды, сөйтіп мәскеулік Русь өзін «Қасиетті Русь» деп танып, ал Мәскеу «Үшінші Римге» айналады.
1547 жылдан, яғни IV Иван патшалық таққа отырған кезден бастап, Русь Ресей - деп, ал орыс елі — Ресей мемлекеті деп ресми түрде атала бастады. 1480 жылы Мәскеудің алтын Ордаға тәуелділігі жойылды, бірақ орыс еліне шығыс мәдениетінің әсері толастай қойған жоқ.
XIV-XV ғғ. кескіндеме ісінде Мәскеу мектебінің шоқтығы биік болды. 1390 ж. шамасында Мәскеуге Новгородта асқан өнерімен даңққа бөленген Феофан Гректің шақырылуы қаланың көркін одан әрі түрлендіре түсті. Ол XIV-XV ғғ. Мәскеудің көркемдік өмірінің басты тұлғасына айналды. Феофанның Мәскеуде жасаған туындыларынан салтанаттылықты, өмірге деген құштарлықты айқын аңғаруға болады. Орыс өнерінің ұлы шығармасы деп танылған Мәскеу Кремліндегі Благовещенск соборының икона тасын (1405 ж.) жасау Феофан Гректің басшылығымен және кейіннен өнер дүниесінде аты аңызға айналған Андрей Рублевтің (1360—1430 ж. шамасы) қатысуымен жүзеге асырылды. Андрей Рублев көзінің тірісінде аса көрнекті шебер болып саналғанымен, шынайы даңққа өлгеннен кейін көп жылдар өткен соң ғана бөленді. Оның есесіне бұл талас тудырмайтын дүниежүзілік даңқ болатын. Рублевтің ең таңдаулы шегіне жете айқындалған шығармасы — қасиетті «Үштік». Суретші византиялық композицияларды ой елегінен өткізе отырып, басты назарды үш періштенің бейнесіне аударған. Сезімдері бірдей, ойлары ортақ үш періште бейнелері өздерінің әсерлі көріністерімен, қасиетті пейілдерімен, жан жүректі жарып шыққан мейірімділіктерімен, пәк сезімдерімен тартымды. Иә, бұл мәңгілік ажырамас тұңғиық бірлік дүниесі, сондықтан да біз бұл үш шығарманың сюжетін адамға тән бүкіл талпыныстардың тиянақ табуы деп қабылдаймыз. Ұлы шебердің осы бір га- жайып туындысының алдында тұрғанда Леонардо да Винчидің «Кескіндеме өнер падишасы» деген даналық пікірін еріксіз еске аласыз. Қорыта келгенде айтарымыз, XIV-XVI ғғ. ұлы орыс халқының мәдениеті қалыптасу дәуірін бастан кешірді. Шындығында да, дәл XVI ғ. бастап орыс халқы мәдениетінің нағыз тарихы басталады.
Ресейдің XVII ғ. мәдениеті сол кезеңдегі буырқанған саяси жағдайларға (шетел интервенциясы мен шаруалар соғысы) бай- ланысты қарама-қайшы талпыныстар мен арман-мақсаттарға толы болды. Орта ғасырлық дүние таным түбегейлі өзгерістерге ұшырап дүниенің бет-бейнесі өзгерді. XVII ғ. адамдары өткен мәдениеттің құлдырауын өздерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл ұлттық трагедиясы деп қабылдады. Бұл кезең екі мәдениеттің - барокко мен «мұжықтық» мәдениеттің бақталастық кезеңі болды. Орыс мәдениетінде идея бірлігі, тарихтың шексіздігі, болашаққа бағдар алу сияқты жаңа өмірдің нышандары байқала бастады. ХVІІ ғ. басында Борис Годунов мәдениетке, ағартушылыққа, Батыс өркениетіне ерекше мән бере бастады. Соның нәтижесінде Батыс елдерімен сауда қарым-қатынастары кеңейіп, қалалар гүлденіп, ірі мәдени орталықтарға айналды, Мәскеудегі Кремльді жаңғырту ісі қайтадан қолға алынды. Бірақ қалаларда Ресей халқының 2%-і ғана тұрды, демек халықтың басым көпшілігі шаруалар болды.
Қалай болғанда да, XVII ғ. орыс мәдениетінің орта ғасырлық дәуірі аяқталды, сөйтіп жаңа заман мәдениетінің элементтері туындап келе жатты. Мұндай мәнді өзгерістер орыс мәдениетінің барлық салаларында да байқалады. Мысалы, әдебиет саласында: ақсүйектік бағыт қалыптасып, демократиялық сарын орын алса, ал гылым саласында нақты тәжірибеге жүгінушілік, кескіндеме өнерінде реалистік тенденциялар орын ала бастады. Халықаралық қарым-қатынастардың кеңеюіне, мемлекеттік аппараттың өсуіне және қалалық өмірдің жандануына байланысты ағартушылық ісі жолға қойылды. Соның нәтижесінде XVII ғасырда халықтың сауаттылығы біршама өсті. Сол кездегі мәліметтер бойынша сауаттылық помещиктер арасында 65%, көпестерде 96%, ал шаруалар арасында небәрі 15% болған - (Добрынин В.И. История культуры России. М., 1993. С. 87). XVII ғ. ортасына қарай мемлекеттік және жеке мектеп- тер ашылып, онда түрлі пәндермен қатар шет тілдері де оқытыла бастады. 1637 ж. Мәскеуде Ресейдің тұңғыш жоғары оқу орны Славян-грек-латын Академиясы ашылды. Оған Италияның Падуан университетін бітірген ағайынды Лихудалар басшылық жасады. Батыстық ықпалмен алғашқы театр қойылымдары қойыла бастады. 1675 ж. орыс театрының сахнасында алғаш рет балет қойылды.
Ресейдің XVII ғ. мәдени өмірінің басты ерекшеліктерінің бірі өнер адамдарының Мәскеуге шоғырлануы болды. Сондықтан да болар, елдің әр түкпірінен келген сәулетшілер, зергерлер, суретшілер және т.б. орыс халқының даңқты мәдениет мұраларының бірі Кремльдегі «Қару-жарақ палатасының» жұмыстарына белсене араласқан. Осы орайда реалистік өнердің қалып тасуына айрықша үлес қосқан, өнер теоретигі, XVII ғ. аса ірі суретшісі С.Ф. Ушаковтың (1626-1686 жж.) мерейі үстем болды. Отыз жылдан астам уақыт орыс мемлекетінің барлық көркем творчествосын басқарған, өнер саласындағы қажымас қайраткер, әрі тамаша педагог Ушаковтың аса көрнекті адам болғаны даусыз. Ол сонымен қатар келесі ғасырда тамаша өркендеген орыстың портреттік кескіндемесінің негізін қалаушылардың бірі болды.
XVII ғ. бірінші жартысында шеберлер А. Константинов, Б. Огурцов және т.б. салған Мәскеу Кремліндегі атақты Терем сарайы (1635—1636 жж.) сол кездегі азаматтық құрылыстың ішіндегі ең ірісі болса, ал Никитинкадағы Троица шіркеуі (1635—1653 жж.) XVII ғғ. сәулетшілік және кескіндемелік ізденістен туған сүйкімді әшекейліктің сөлі болып саналады. XVII ғ. миниятюра да, графика да гүлдеді, бірақ солардың ішінде орыстың зергерлік және қолданбалы өнерінің шоқтығы биік болды.
XVII ғ. басындағы Ресей топырағындағы мәдени өзгерістер Улы Петрдің реформаларымен тығыз байланысты болды. Бұл кезеңде халық тарихының жаңа дәуірі басталды. Ресейдің жана заман мәдениетінің басты сипаты онын басқа халықтар мәдениеттерімен тығыз байланыста дамуы болды. Ұлттық тұйықтыкты бузу мақсатында жүргізілген көрегендік мемлекеттік саясаттың нәтижесінде Батыс елдермен қарым-қатынастар арнасы кеңейіп, Ресейге гуманистік және рационалистік ілімдер біртіндеп ене бастады. Абсолютизм идеологиясы Еуропалық ағартушылық, рационализм идеяларымен толықтырылды. Бұл өзгерістер мәдениет саласына да өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Дифференциация процесі басталып, мәдениеттің жаңа салалары қалыптаса бастады. Ең бастысы, жаңа мәдениетте демократияға талпынушылық тенденциялары байқалды.
Петрдің реформалары қоғамдық өмірдің барлық салаларымен катар мәдени өмірді де қамтыды. Соның нәтижесінде бұдан кейінгі кезеңдермен салыстырғанда мәдени дамудың қарқыны күшейіп, өнер саласында жаңа стильдер (борокко, рококо, клас- сицизм) қалыптасты. Бұл Ресейлік жаңа заман мәдениетінің басты ерекшелігі болды.
Ерекше атап өтетін бір жайт, тек қана Петрдің кезінде ғана мектеп, жастарға білім беру мәселесі - мемлекеттік мәселеге айналды. Мамандар тапшылығына байланысты отандық ақсүйектік мектептер жүйесімен қатар, ХVIII ғ. бірінші ширегінен бас тап жастарды шетелдерде оқыту ісі қолға алына бастады. Халықтық ағарту ісінің жолға қойылуы, түрлі мектептердің ашылуы оқулықтар санын көбейтуді қажет етті. Сөйтіп XVIII Ғ. - басынан бастап кітап басып шығару ісі жолға қойылды. Жана жағдайда ескі оқулықтардың орнына «Әліппе», «Славян грамматикасы», «Арифметика» сияқты мүлде жаңа заман талабына сай оқулықтар шығарыла бастады.
Ұлы Петрдің ғылым және ағартушылық саласындағы жемісті енбегінің заңды қорытындысы Петербургте Ғылым Академиясының ашылуы болды. Бірақ, өкінішке орай, Академия ресми түрде 1725 ж., яғни Петр қайтыс болғаннан кейін ғана ашылды. Ұлы Петр жүргізген реформалар Ресейдің қоғамдық саяси, мәдени өнерінің сан-саласын қамтыды, бұл шаралар Ресейдің мәдени даму қарқынын тездетіп, мәдениеттің гүлденуіне ықпал жасады.
Киев Русінен бастап императорлық Ресейге дейінгі орыс мәдениетінің тарихында XIX ғ. алатын орны ерекше. Біріншіден, бұл кезең мәдени өрлеу кезеңі болғандықтан рухани биіктіктен көрінген бұл дәуірді ұлы орыс Ренессансы деп атауға толық хақымыз бар. Басқаны былай қойғанда, орыстың қырық жазушысы адамзаттың екі бірдей ғасырына рухани азық берді. XIX ғ. адамзат баласының ынтымақтастығы мен теңдігі, бақыты мен еркіндігіне байланысты философиялық адамгершілік ізденістерге толы болды. XIX-XX ғғ. табалдырығында туындап келе жатқан жаңашылдық пен мәдени өзгерістердің дамуындағы шешуші кезең, орыс мәдениетінің «алтын ғасыры». «Алтын ғасыр» ұлы орыс ақыны Пушкиннің өмірге келуінен басталып, ақылдылығы, ғұламалығы жөнінен ешкімнен де кем түспейтін метафизик-философ В. Соловьевтің өлімімен аяқталды. Ресей тарихындағы бірде-бір ғасыр дәл «Алтын ғасырдай» Ресейді «құтқаруға», жаңғыртуға бағытталған теориялар мен ілімдерді өмірге келтірген жоқ.
Дәл ХІХ ғ. еш уақытта да сансыз қоғамдық қозғалыстар белең алған емес. XIX ғ. Ұлылар ғасыры болды. Олар: Пушкин мен Чаадаев, Гоголь мен Герцен, Хомяков пен Аксаков, Сперанский мен Уваров, Ушинский мен Михайловский, Чернышевский мен Лавров, Достоевский мен Толстой, Леонтьев пен Соловьев. Н. Бердяевтің пайымдауынша, «Ресей XIX ғ. өзінің ерекше даму жолын ой елегінен өткізді», Батыс- Шығыс дилемасындағы өзінің тарихи рөлін анықтай білді. Олай болса, ХІХ ғ. мәдениеті дүниежүзілік мәдениет тарихындағы асқарлы белестердің бірі болды, өйткені дәл осы бір тарихи кезеңде орыстың ұлттық мәдениетінің нақты қалыптасуы жүзеге асырылады.
«Ғасырлар тоғысы» орыс мәдениетінің «күміс ғасыры» деп аталатын ерекше даму кезеңіне қолайлы жағдайлар жасады. Аз ғұмырының өте қысқа болғанына қарамастан «Күміс ғасыры» небәрі 20 жылдың ішінде дүниеге философиялық ой- толғамдардың тамаша үлгілерін берді, дәл осы уақыт шеңберінде орыс иконасы қайтадан жанданды, музыканың, театрдың, кескіндеме өнерінің жаңа бағыттары қалыптасты, поэзия үні жаңа сарында естілді. Міне, сондықтан да болар «Күміс ғасыры» көркемдік жаңалықтардың, жаңа бағыттардың тұтастай бір дәуіріне айналды. Орыс мәдениетінің сахнасында өнердің әр саласының дарынды өкілдері пайда болды. Олар: А. Блок, К. Станиславский, С. Рахманинов, М. Цветаева, А. Ахматова, В. Иванов пен Г. Иванов, В. Мейерхольд және т.б. Шындығына келсек, осы ұлы жандардың өздері ғана бір дәуірге ғана емес, бүкіл бір халық мәдениетінің тарихына да жеткен болар еді. Ал мәдениет пен өнер саласында қалып- тасқан ағымдар саны қаншама десеңші!
Демек, өзінің күрделілігіне, қарама-қайшылықтарға толы өрлеуіне қарамастан орыс мәдениетінің «Күміс ғасыры» жетістіктерінің дүниежүзілік маңызы бар.
Кеңес дәуірінің мәдениеті терең қайшылықтарға толы күрделі мәдениет. Олай болса оның жетістіктері мен қателіктері, жеңістері мен ащы жеңілістерін тарихи шындық тұрғысынан жан-жақты талдау мәдениеттанушы ғалымдарының алдындағы басты міндет.
Бүгінгі таңда кеңес дәуіріндегі мәдениетке байланысты негізінен екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші, люмпендік-маргинальдык көзқарас кеңес дәуірінің мәдениетін ешбір қызығушылық тудырмайтын, тоталитарлық жүйенің қараңғы қапасы деп санаса, екіншісі мәдени процестерді жан-жақты, нақты тарихи тұрғыдан түсіндіруге тырысатын мәнді көзқарас.
Бұл бағыттың өкілдері тарихи дамудың барлық жақтарын сын елегінен өткізе отырып қана пайымдаулар жасайды. Шындығында да, кеңес халқының тарихы мен мәдениетін қоғамдық өмірдің қарама-қайшылықтарынан, дәлірек айтсақ, бүкіл қоғамдық жүйе мен оның басты элементтерінен тыс алып қарастыруға болмайтын сияқты. Өйткені, қарама-қайшылықтар бүкіл кеңестік тоталитарлық жүйеге және оның барлық элементтеріне тән болды. ХХ ғ. «идеология мәдениетінің негізгі мазмұны» деген жалған қағида бағдарламаға айналды, соның нәтижесінде Ресейдің ұлттық интеллигенциясына қиянат жасалды, мәдениеттін басты құндылықтары жойыла бастады.
Бірақ соған қарамастан ХХ ғ. орыс еліне тамаша дарынды ғалымдарды, жазушыларды, суретшілерді, талай өнер санлақтарын берді. Ғасыр басында орын алған идеологиялық және саяси жағдайларға байланысты тиым салынған «Күміс ғасырдың» мол мәдени мұралары ғасыр аяғында халқына қайта орал- ды.
Достарыңызбен бөлісу: |