Қорытынды
Халықтың рухани негізін толық танытатын фольклорлық мұралар шектеулі аяда қалмай, жалпы адамзаттық фольклорлық-мифологиялық негіздермен тығыз байланысты сақтайды. Фольклорлық-мифологиялық желілер халықтың рухани әлемін танытып, жалпы адамзаттық дүниетанымның кең шеңбердегі ауқымының көрінісі ретінде ұрпақ санасына орнығып отырды. Фольклорды халықтың рухы деп танысақ, мифология – сол халық рухының тынысы. Фольклорлық жанрлардың барлығы дерлік мифтік ұғым-түсінікті өз бойына сіңіріп, тұтастай халықтық танымға негізделді. Бастапқы кезде таза түсінік күйінде болған мифтер уақыт өте келе фольклорлық шығармаларға кіріп, танымдық, идеялық-көркемдік мақсатқа қызмет етті.
Жалпы Күн культін ұлықтаған солярлық сюжеттердің орны ерекше. Күннің жасампаздық күші көптеген мифтік әңгімелерге арқау болған. Айды өзіне серік етіп, алғашқы мифтік санаға тән дүние туралы таным туындатқан фольклорлық желілердің қорын байытқан. Символизм, жалпы алғанда, өнер шегінен ашатын құбылыс. Символ - өнердегі универсалды эстетикалық категория, ол салыстыру арқылы көркем образ және белгі мен аллегория категорияларымен ашылады. Күн нұры фольклорда, әдебиетте символикаға ауысты. Нұр — жақсылықтың, бейбітшіліктің, жылулықтың нышаны ретінде қабылданды.
Бұл жұмыста біздің қазақ халқының мәдени, әдеби дәстүріндегі Күннің мифтік бейнесі, символдық сипаты әлем халықтарындағы солярлық мифологиясымен салыстырылып, сарапталды. Сондай-ақ мифологиялық ойлау жүйесіндегі Күн образының көркемдік ойлау жүйесінде тұтас поэтикалық бейнеге айналып, тілдік-бейнелік болмысын қалыптастырғанын көреміз.
Аталған жұмыс аясында қарастырылған бұл тақырып әрі қарай іргелі зерттеу жұмыстарына өзекті тақырып бола алады. Солярлық символиканы тану, талқылау, қыр-сырын игеріп отыру ісі ірі ғылыми жаңалықтарға жаршы болып, мифология, жалпы фольклортану айналымына зор үлес қосатыны сөзсіз. Өйткені фольклор – мәдени мұра ғана емес. Ол ескінің жарамсыз дүниесі болып өмір сүрмейді, керісінше, әр замандағы қауымның тұрмыстық, мәдени, тәлімдік қажеттіктерін өтеп отырған, сол себепті әр дәуірде қоғам талабына сәйкес өзгеріп те, сондай-ақ жаңа түрлермен, туындылармен толығып та отырған әрі жаңа сипат алып, өмірдің кәдесіне жарап отырған. Бүгінгі таңда да фольклор осы үрдістің үддесінен шығуда, қазіргі мәдениеттің бір саласы және оның қайнар көзі болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |