Паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету қағидалары 1. Осы Паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 53-бабының 3 - тармағына сәйкес әзірленген және меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдардың паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) паллиативтік көмек – мақсаты денсаулық сақтау ұйымы берген медициналық қорытындымен расталған терминалдық (соңғы) сатыдағы сырқаты дауасыз пациенттердің өмір сүру сапасын және жалпы жағдайын жақсарту болып табылатын медициналық және әлеуметтік қызмет бағыты;
2) мейірбике күтімі - денсаулық сақтау ұйымы берген медициналық қорытыңдымен расталған ауыр сырқаты бар тұлғаларға психологиялық және әлеуметтік көмек пен тұрмыстық күтім көрсету жөніндегі медициналық және әлеуметтік қызметтің бағыты;
3) Ауруханаға жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі - Портал) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде пациенттерді стационарға жоспарлы түрде жатқызу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, пысықтаудың және сақтаудың бірыңғай жүйесі;
4) стационарлық көмек - тәулік бойы медициналық бақылау жасалып, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны;
5) стационарды алмастыратын көмек - бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін медициналық бақылау жасалып, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
3. Паллиативтік көмек аурудың терминалдық (соңғы) сатысындағы дауасыз науқастарға мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистарда) немесе үйдегі стационар нысанында дәрігердің басшылығымен көрсетіледі.
4. Мейірбике күтімі дәрігерлік бақылауды талап етпейтін жағдайларда мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ұйымдарында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (бұдан әрі - ТМККК) тізбесіне кірмейтін паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету қызметтері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен ақылы негізде көрсетіледі.