1-дәріс. Стилистиканың жалпы мәселелері.
1. Стилистика пәнінің міндеті мен мақсаты
2.Стилистиканың зерттейтін мәселелері
3. Жалпы халықтық тіл және оның түрлері
4. Әдеби тіл және оның нормасы
5. Әдеби тілдің стильдер жүйесі
Стилистика – тіл білімінің бір саласы. Стилистикадағы негізгі ұғымдардың бірі – стиль. Оны осы күнге дейін әркім әр түрлі түсінеді. Себебі, стиль терминінің мазмұны кең, оның жұмсалатын орны көп. Стиль – латынша stylos (қазақша – жазу құралы) деген сөз. Латын тіліндегі – стиль сөзі «жазу мәнері» деген мағынада қолданылатын болған. Лингвистикада «стиль» жазу мәнері, сөзге сендіру тәсілі, мәнерлі сөйлеу және белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құралдар жүйесі деген сияқты көптеген мағынада қолданылып келген. Стиль терминінің алғашқы мағыналары қазір де жойылмағандықтан сол ұғымдар негізінде стилистиканы тіл білімінің маңызды саласының бірі деп тануға болады.
Жалпы стилистика – шеберлік туралы ғылым саласы, оған тілдің көріктеуіш құралдары, солардың көркем әдебиетте қолданылуы жайындағы зерттеулер жатады. Көркем әдебиет өнер туындысы болғандықтан, оның тілі сол өнердің құралы, «материалы» ретінде қаралып, ол да өнер, демек, шеберлік тұрғысынан сөз болуы қажет.
Жалпы тіл білімінде стилистиканы: 1) тілдің стилистикасы, яғни системалардың жүйесі (стилистика языков); 2) сөздің стилистикасы, яғни тіл элементтерінің жалпы халықтық қолданысын зерттеу (стилистика речи); 2) көркем әдебиет стилистикасы, яғни поэтикалық зерттеу деп бөліп қарастырады
Стилистика – ең алдымен стиль туралы ғылым. Стиль - деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерін айтамыз. Тіліміздегі сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа осындай қосымша реңін эмоциональды-экспрессивті бояу дейді. Оларды сондай-ақ тілдің стильдік сапасы немесе мәнерлі тәсілдері деп те атайды. Стильдік сапа немесе мәнерленетін сипат тек лексика мен фразеологияға тән құбылыс емес. Стильдік сапа стильдік бірліктердің қай-қайсысына да тән құбылыс. Морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құрылыстардың да мәнерлегіштік сипатын дәлелдейтін көптеген мысалдар келтіруге болады. Сөйлегіш, сөйлемпаз, сөзшең, сөзуар, сөз құмар т.б. Әр түрлі стильдік сапа, мәнерлегіштік сипат тілдік бірліктердің барлығында да болады.
Сондықтан, стилистиканың объектісі – лексикология, семасиология, грамматика және фонетика зерттейтін тілдегі бірліктер. Бірақ, тілдің бұл салалары тілдік бірліктердің стильдік сапасын қарастырмайды.
Лексикология және стилистика. Лексикология сөздердің шығу тегін, сөз құрамын, оның баю жолдарын қарастырса, стилистика сөздердің қолданылу заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдалану принциптерін зерттейді.
Семасиология және стилистика. Семасиология – тіліміздегі бейнелегіш тәсілдердің мағынасын, оның өзгеру заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Семасиологиялық стилистиканың міндеті – тіліміздегі бейнелегіш құралдарды топтастырып, олардың стиль қызметін, қолданылу заңдылықтарын көрсету.
Грамматика және стилистика. Стилистика грамматиканы да өзінің зерттеу объектісі ете алады. Ол грамматикалық құбылыстарға талдау жасайды.
Фонетика және стилистика. Фонетика тілдегі дыбыстардың жасалуын, жүйеленуін зерттесе, стилистика дыбыстарды, оларға тән белгі, интонация, қайталау, дыбыс үйлесімділігі сияқты фонетикалық ерекшеліктерді белгілі мақсатқа икемдеп мәнерлі құрал ретінде пайдалану жағын көздейді.
Стилистика жалпы халық тілінің стильдік жүйелерін, жалпы халықтық тілдің ауызекі және жазба түрлері, олардың өздеріне тән ерекшеліктері, әдеби тілдің стильдерін тегіс қамтиды. Сөз ауызша және жазбаша болып бөлінеді. Ауызша сөйлеуде әр түрлі сазды үн шығады, яғни адамдар айтайын деген ойын бір-біріне тіл арқылы жеткізеді. Жазбашада ой қағазға жазылып жеткізіледі. Жазу – белгілі бір мәтін.
Әдеби тілге тән белгілер – оның нормалық сипаты, стильдік тармақтарының саралануы, жұмсалу кендігі т.б. Әдеби тілге қалыптасқан нормалар тән. Әдеби тіл керегін ауызекі сөйлеу тілінен алғанда, таңдап, сұрыптап, екшеп, әдебиет елегінен өткізіп алады. Олар көркем әдебиетте, газет-журналда, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, барлық қарым-қатынас, іс-әрекетімізде дәстүрге айналып, жүйелі қалыпқа түседі, жалпыға ортақ тілдік әдеби нормалар пайда болады. Бұлар тілдің өн бойында – фонетикада, орфоэпияда, орфографияда терминдер де, төл, басқа да кірме сөздерде, грамматикалық құрылыста бар.
Халық тілі жазба әдебиет арқылы өзінің нормалық қасиеттерін жетілдіреді және оның жаңа нормалары жасалады. Сондықтан әдеби тіл халықтың жазу мәдениетімен тығыз байланысты. Әдеби тілдің осылай қоғамдық қызметі артып, оның халық тілімен, халықтың бұрынды-соңғы әдеби мұраларымен байланысы күшейтіп, даму нәтижесінде оның екі түрі қалыптасты: бірі – баспасөз тілі – жазба әдеби тілі де, екіншісі – ауызекі cөйлеу тілінің әдеби формалары.
Әдеби тіл дегеніміз – жазба әдебиет арқылы нормалық қалыпқа түсіп, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі әр алуан тіл. Әрине, ондай қазақ әдеби тілінің фонетикалық, грамматикалық құрылысы, негізгі сөздік қоры халық, ұлт тіліндегіден басқа емес, негізі бір. Бірақ әдеби тіл оның сұрыпталған, кемелденген түрі, сондықтан халық тілінің жоғары формасы дейміз. Оның дамуына ат салысу – әрбір саналы азаматтың абыройлы міндеті.
Сонымен, әдеби тіл нормасы деп – адамдардың бір-бірімен қатынас жасау нәтижесінде қалыптасып бекіген, жалпы халыққа тегіс танылған тілдік құбылыстарды айтамыз. Тіл нормасы – тарихи құбылыс. Ол сөйлеу және жазу арқылы қалыптасып, адамдардың санасында сақталып ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, дамып, жетіліп отырады. Соған орай, әр кезде тіл қолдану орнында болса, қазір «тіл нормасы», әдеби норма, әдеби тіл терминдері қалыптасты.
Қазақ әдеби тілін нормалаудын 3 түрлі жолы болды:
1. Тілдің ілгері даму процесінде оның ішкі заңдарына негізделген жүйелілік пайда болады. Оларды қазақ тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық қағидаларынан анық көруге болады.
Тілдік дөстүрлерді әдеби тіл бекемдей түсті де, сөйлеу тілінде бар шашыранқылықты жою, тілдік норманны орнату процесі басталды.
Әдеби тілді ілгері дамыту туралы үкіметтің саясаты негізінде әдеби тілді нормалауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Әдеби тілдің стильдік тармақтарының болуы оның басты сипатының бірі. Стиль дегеніміз – тілдің қоғамдық қызметінің әрқилы орайында тілдік тәсілдердің белгіл мақсат пен жинақталған жүйесі. Қазақ халқының әдеби тілі саяси-әлеуметтік оқу-ағарту, экономикалық, ғылыми, мәдени т.б. өміріне қызмет ету басырында, олардың тіл жұмсау дағдысында елеулі өзгерістер пайда болады. Міне, сондай өзгерістердің өзара айырмашылықтары дағдысы белгілі, стильдер тобын құрайды. Олар қоғам өмірінің арнаулы салаларында жиі қолданыла жүріп, қалыптасқан тілдік құралдар жүйесіне айналады. Қазіргі қазақ әдеби тілінің сондай стильдер жүйелерінің негізгілері мыналар:
1. Ресми іс-қағаздары мен кеңсе тілінің стилі. 2. Публицистикалық стиль. 3. Ғылыми стиль. 4. Көркем әдебиет тілінің стилі.
№1 Семинар жұмысы
Стилистиканың жалпы мәселелері.
1-тапсырма
Берілген сұрақтарға жазбаша түрде жауап беріңіз.
1. «Қазақ тілінің стилистика» пәнінің зерттеу обьектісі не?
2. Стиль дегеніміз не?
3. Стилистиканың тіл білімінің басқа салаларымен байланысы қандай?
4. Стильдердің қолданылу аясы қандай?
5. «Қазақ тілінің стилистикасы» пәнінің маңызы неде?
2-тапсырма
Төмендегі «Абай жолынан» берілген үзіндіде стильдік байланыс қалай берілгендігін және стильдің қай түрі көп қолданылғанын анықта.
Және де қасқырдың көзін жаба қан саулап жөнелді. Ішер ас жоқ. Базаралы көп сордың, жүдеулік-жадаулықтың неше алуан қасіретін шеккен адам өзінің салқын, ащы ойын таратты. Соны аңғарған есті әйел – көзі жасты Жаңыл, сыртқа екі-үш рет алаңдап, өзіне өзі айтқандай етіп үн қатты. Үнсіз, жым-жырт күйде басы-көзін төмен салып Базаралы да ауыр уайымға батқан. Қыстың басы тақау болғанмен, әлі қар түсе қойған жоқ. Абай да осы кезде тымағын тастап, төсектің бас жағынан шынтақтап келді. Сонымен Абай жыл сайын соғымына бір жәрдем етсе, жаз сайын өз үйі Жаңылға деп бір сиыр, екі-үш бие сауын жіберіп отыратын. Ағамның халық қамқоры болып жазып отырған сөзіне де жау. Тәкежанның қалың жылқысы мен қой, түйесі де ауыл маңында жоқ. – Басылған бас көтерсе жазалы. Жігітек айтқанын істесе, бұ да сонда ашу үстінде айтқан зорлық сертін, осы кеңес бойынша орындауға бекінді.
Шүйгінсудағы жылаулар елдің он шақты жас азаматын өзімен ілестіріп ала кеткен сияқты. Қазіргі күндерде бұлар аш-тоғын да елемейді. Қыстың басы көшпелі қазақ ауылында тегі он екі ай ішіндегі ең ауыр кездің бірі. Бұл ауылға кеш жеткен себебі сол екен. – Күн қалай? Бұлт қалай? – деп сұрай берген.
3-тапсырма
Абай жолынан және Абай өлеңдерінен шешендік сөздерді тауып, стильдік ерекшеліктерін анықтаңыздар.
1. Шалдықсаң да қабақ шытпа.
2. Білгенге маржан, білмеске арзан,
Надандар баһра ала алмас.
3. Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тия алмай жүр.
4. Біреу астық алады, біреу маржан,
Әркімге бірдей емес бермес базар.
5. Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңде алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
6. Кәрі ағаш иілмейді.
7. Үлкенді сыйла, жақсыдан үлгі ал.
8. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
9. Білімдіден шыққан сөз,
Талаптағы болсын кез.
10.Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
11.Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
12.Бір ғылымнан басқаның
Бәрі кесел асқанға.
13.Құр айғай бақырған,
Құлаққа ән бе екен?
4-тапсырма
Жазушылардың бірінің көркем шығармасын әңгімелеп айтып беру (өз қалауы бойынша).
Достарыңызбен бөлісу: |