Стилистика бойынша лабораториялы3 ж7мыстар



бет14/30
Дата22.08.2023
өлшемі0.6 Mb.
#476179
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   30
баспаға жіберілді - Қазақ тілінің стилистикасы

Негізгі әдебиеттер:
1.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. Алматы: Print-S, 2005.
2 Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001.
Қосымша әдебиеттер:
1.Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілі стилистикасы. – Алматы: Ғылым, 1966.
2. Сыздық Р. Абай және қазақ ұлттық әдеби тілі. –Алматы: Арыс,2004.
8-дәріс. Синтаксистік стилистика туралы жалпы түсінік
1. Синтаксистік тұлғалардың стильдік қызметі.
2. Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі.
3. Синтаксистік синонимдер.
4. Экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік тәсілдері.
5. Қайталама сөздердің стильдік қызметі.
6. Қаратпа, қыстырма сөздердің стильдік қызметі.

Синтаксистік категория мен синтаксистік тұлғалар – адам ойын жинақты, тиянақты түрде білдірудің ұйымдастырушы бөлшектері де, сөйлем – ойды білдірудің негізгі формасы болып есептеледі. Олай болса, стилистика ғылымының синтаксисті зерттеуінің мақсаты не болмақ?


Синтаксистік стилистика сөздер қалай тіркеседі, сөйлемдер қалай құралады, олардың тілдегі қалыптасқан жүйелері қалай болады, дегендерге жауап іздемейді және олардың әрқайсысы қандай мағынада айтылады деп те жатпайды – кісінің мақсатты ойын қалайша дұрыс айтуға болады? Ол, міне, осы сұраққа жауап іздеу мақсатымен синтаксис мәселелерін қарастырады. Сонда стилистика синтаксистік тұлғалардың жұмсалу аясын, мағыналық құбылыстарын, кісіге етер әсерін, экспрессивтік мағыналарын тіл жұмсау шеберлігі тұрғысынан қарастырады. Сайып келгенде, стилистиканың мақсаты – дұрыс сөйлеуге, дұрыс жазуға үйрету. Тілдің ой өрнегін салу қасиетін ұлы Абай сондықтан да былай суреттейді:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас …
Толғауы тоқсан, қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл !
Стилистика ғылымы, соның бір саласы синтаксистік стилистика, осындай «толғауы тоқсан» тілдің ой өрнегін дұрыс салу мұмкіншілігін қарастырады, сөз маржанын тани білуді, сөйлемді дұрыс құрай білуді үйретеді. Әрине, айтылғанның, жазылғанның бәрі бірдей «маржан» емес. Олардың да жақсысы бар, жасығы бар. Стилистика жақсыдан үйренуге, қате-кемшіліктен аулақ болуға шақырады.
Әдеби тілдің қай стилінде болмасын, - оның бәріне тән нәрсе – ой айқындылығы, ол үшін сөйлем дұрыс құралу керек. Осы талап тұрғысынан әдеби тілдің сөйлемдері әбден қиюластырылып, сөздері рет-ретімен орналастырылып, синтаксистік басқа да тәсілдер белгілі қалыпқа түсіріліп жазылады. Әдеби тілде жазып отырған не сөйлеп тұрған кісі сөйлем құраудың бұл талаптарын да, оған керекті синтаксистік мүмкіншіліктерін де жақсы білуге тиіс.
Әдеби тілдің синтаксисін дұрыс бағдарлау үшін оны сөйлеу тілінің синтаксисімен салыстыруға болады. Сөйлеу тілінің синтаксисі әрдайым жүйелі бола бермейді. Өйткені, адамдар өз ара қарым-қатынас жасауда біріне-бірі әр алуан өмір әрекетінің жайын сөз қылады. Ондайда олар айтпақ пікірін алдын ала ойланып жазып алмай да сөйлей береді. Тіпті ойын ойланып, толғанып сөйлегенмен, оның сөйлем құрауында тілдік нормалар сақтала бермеуі мүмкін. Әдетте, сөйлеу тілінің синтаксисі қарапайым, сөйлемдері қысқа-қысқа, көбінесе толымсыз болады. Әдеби тіл халық тілінің ең жоғарғы формасы болатындықтан, студенттер стилистика пәнін әдеби тіл материалдары негізінде игеруге тиіс. Әдеби тіл синтаксисінің стилистикаға да негізгі объекті болатын бір бүтін бөлшегі – сөйлем. Сөйлемдер әр алуан сөзден, сөз тіркестерінен құралып, түрлі-түрлі мағынада, экспрессивтік қызметте жұмсалады, олардың түрі көп, стильдік сыр-сипаты, кедір-бұдыр қыры көп. Сөйлем тізбектері бір-бірімен өз ара дұрыс байланыста болуға тиіс. Бұл – стилистика ғылымының басты талабының бірі. Мақсатты ойды дәлме-дәл айтуға жарамды тілдік тәсілдер жүйесі стильдер тобын құрайды.
Cинтаксистік тәсілдердің көріктеу мүмкіншілігі әр алуан болатындықтан, жазушының синтаксисінен оның шығармаларының стильдік ерекшеліктері айқын көрінеді. Мысалы: шебер жазушы-стилистердің қаламынан шыққан көркем сөз үлгілерінде авторлық пафос та, баяндаудағы экспрессивті-эмоциялы бояулар да, авторлар мен персонаждардың дүниеге көзқарастары да, олардың ішкі сезімдері де көбінесе көркем туындылардың синтаксистік құрылыстары арқылы беріледі.
Сөз зергерлері тілде жоқты емес, әдеби тілде, халық тілінде барды «қиыннан қиыстырған» «тың тілмен» ой өрнегін құрастырады. Сондайдан әр сөз шеберінің өзіндік стиль ерекшеліктері жасалады. Сөйлеу тілі стилінде түсінігі ауыр күрделі орамдар, шұбатылған аралас құрмалас сөйлемдер көп айтылмайды. Ондай күрделі синтаксистік құрылыстарды ауыз екі тілде бірден дұрыс құрастыра салу да, оларды сазына келтіріп айтып шығу да, таңдау да қиын болатындықтан, шешендер әдетте сөйлемдерді тап-тұйнақтай етіп ықшамдап, логикалық, синтаксистік байланыстарын берік ете баяндауға тырысады.
Синтаксистік құрылыстың стильдік қызметін, стильдік бояуын айқын білдіруге себепкер болатын амалдың бірі – интонация. Әдеби тілде жазылғанның бәрі оқу үшін жазылады. Жақсы стилист әрбір сөйлемді құрастырғанда, оның айтылуы мен мазмұны стильдік қызметі арасында тығыз байланыс бар екенін сезеді. Сайып келгенде ол байланыс жазушы мен оқушы арасындағы байланыс болып шығады. Әрбір сөйлемнің, тұтас сөйлеудің мазмұнына, стильдік қызметіне лайық айтылу сазы болады. Оларды өздеріне лайықты үнмен, тиісті екпінмен, өз әуенімен дұрыс оқып, дұрыс айтқанда, текст пен оның жеке сөйлемдеріне жан біткендей болады. Солар арқылы синтаксистік орамдар мен синтаксистік тұлғалардың әсіресе, стильдік қызметтері өз орнында дұрыс танылады. Сондықтан хатқа жазылмағанды ғана емес, жазылғандарды да дұрыс оқу, дұрыс айтудың стильдік қызметі ерекше болады.
Жақсы стилист болу – сөз зергері болу деген сөз. Сөз зергері мақсатты ойдың тек түсінікті болуын ғана емес, көркем, әсерлі болуын да көздейді. Ол үшін сөз орамын түрлендіріп, нақыштап, барынша жатық етіп құруға тырысады.
Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың, - дегенді Абай ғана айта білді.
Тілге бай, сөзі жатық кісілер ана тілінің мүмкіншілігін молынан пайдаланады. Соның бірі - синонимдер. Мәндес сөздер, мәндес грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік тәсілдер өз орнында дұрыс қолданылса, тілге ерекше өң береді. Сөз шеберлері синоним сөздерді бірыңғай мүше қызметінде де көп жұмсайды. Ондайда бірыңғай мәндес мүшелер бірін-бірі толықтыра, сурет бояуы айқындала түседі.
Ісіндің, кебіндің
Сонда да не пайда (Абай)
Ойдың күшейтіліп, мәнерлі түрде айтылуын сөйлемнің экспрессивтілігі дейміз. Экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік тәсілдері әр түрлі болады, олардың бастылары мыналар:
1. Сөйлеу тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын кұбылту арқылы сөйлемге экспрессивтік мағына енгізуге болады. Білмеймін дейсің бе әй! Көріңде өкіргір! Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс сөйлемдерін өршелене көтеріңкі, мәнерлі дауыспен айтса олардың эксрессивті бояуы айқын сөйлемдер болып ұғынылады.
2. Бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына қосуға болады. Мысалға мына сөйлемдерді салыстырыңыздар: Мен шындықты айтамын – Мен шындықты айтпай тұра алмаймын.
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да жасырман! (Махамбет)
Сөйлемнің бір мүшесін қайталау әсіресе шешендік өнердің, көркем әдебиеттің өте ұғымды, әрі әсерлі тәсілінің бірі болады. Оларда қайталаулар екі түрлі орайда эмоциялы-экспрессивті қызмет атқарады:
3. Анафора (басталуы бірдей). Мұнда қатар айтылған бірнеше сөйлем, кейде өлең шумағының бірнеше жолы бір сөзден басталады. Сөзді солай қат-қабаттап жұмсау арқылы ойды күшейтуге, әсерлі етуге болады. Анафора қазақ тілінде өлеңді сөйлемдерде көбірек кездеседі:
Мен – мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім (Махамбет)
4. Эпифора (аяқталуы бірдей). Мұнда қатар айтылған сөйлемдердің, өлең жолдарының аяқталуы бірдей болады.
Мұнар да мұнар, мұнар күн
Бұлттан шыққан шұбар күн … (Махамбет).
Сөйлем стилін түрлендіруде қаратпа, қыстырма сөздердің де қызметі ерекше. Олар сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік байланыста айтылмағанымен, мағыналық байланыста жұмсалып, ойды тартымды, әсерлі, дәл түсіндіруге үлкен қызмет атқарады.
Қаратпа сөз әсіресе шешендік сөзде, үндеуде, диалогты сөйлемде, кім үшін, кімге қарап, неге арналғанын және сөйлеушінің ішкі сезімін аңғарту үшін жұмсалады. Мысалы: Шырағым, сен ағаңның тілін ал – деген сөйлемді кім айтса да, жылы шыраймен айтылып отырғаны бірден аңғарылады, оның орнына Сен, оңбаған, ағаңның тілін ал! – десек, біреудің екінші біреуді жек көріп айтқаны аңғарылады. Бұл мағыналық, эмоциялық айырмашылықтың болуы, бір жағынан, сөйлемнің айтылу әуенімен байланысты болса, екінші жағынан, ең бастысы сөйлемде қолданылған қаратпа сөздердің мағынасымен байланысты.
Қыстырма сөз – сөйлемге модальді мағына үстейді. Модальділік – айтылған ойға айтушының көзқарасын қоса білдіру. Әрбір сөйлемге сондай модальділік тән. Мысалы, сөйлеуші, жазушы бірдеңенің жайына көзі жетіп не болжап, не күмәнданып сөйлем құрауы мүмкін: Қайыржан келді. Қайыржан келетін шығар. Қайыржан келер ме екен? Сөйлемнің осындай мағыналық айырмашылықтарын түрлендіре түсу үшін оның ішінде оқшау сөз қосып айтуға да болады. Мысалы, Мен білсем, Қайыржан бүгін келеді. Қайыржан шамасы, бүгін келетін болар. Қайыржан кім біледі, келе ме екен?
Қыстырма сөздердің бірқатары ойдың айтылу тәсілін, өз ара қатынасын, тағы басқа мағыналарды білдіреді. Қысқа сөйлемдегі ойға, оның айтылу тәсіліне айтушының көзқарасын да білдіру мақсатымен қыстырма сөздер сөйлем құрамына еніп отырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   30




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет