Негізгі әдебиеттер:
1.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. Алматы: Print-S, 2005.
2. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001.
Қосымша әдебиеттер:
1.Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілі стилистикасы. – Алматы: Ғылым, 1966.
2. Сыздық Р. Абай және қазақ ұлттық әдеби тілі. – Алматы: Арыс, 2004.
3. Бүркітов О. Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стил– Алматы. 1996.
4. Жапбаров А. Қазақ тiлi стилистикасын оқыту методикасының негiздерi. Алматы, 1991.
5-дәріс. Фразеологиялық стилистика
1. Фразеологизмдердің стилистикалық қызметі.
2. Фразеологизмдерді қолданудың стилистикалық тәсілдері.
3. Фразеологиялық синонимдер.
4. Фразеологиялық бірліктердің эмоциональды-экспрессивті бояуы.
Фразеологизмдер тіліміздегі тұрақты сөз тіркестері. Фразеологияның өзіне тән негізгі қәсиеттері.
1. Дайын тілдік бірлік ретінде жумсалады.
2 Жалпыға бірдей танылған қолдану заңы болады.
3. Мағына бірлігі сақталады.
4 Екі сөзден кем болмайды.
Қазақ тілі фразеологизмдерінің біразы өткір сықаққа құрылған. Ол қасиет әсіресе, жағымсыз образдарды сипаттайтын идиом, мақал-мәтелдерде баса сипатталады. Мыс: тірі жан жоқ, иненің жасуындай. Мыс:түйе үстінен сирақ үйту, қу бастан қуырдақ ет алу, ит екеш итке де бір сүйек қарыздар т.б.
Образдылық – тұрақты сөз тіркестеріне тән қасиет. Мыс:тақырға отырып қалу – алдану, белінен бесік табы кетпеген – жас.
Ақыл-кеңес ретінде жумсалатын да сөз орамдары бар. Мыс:сақтықта қорлық жоқ, игіліктің ерте-кеші жоқ, қыс азығын жаз жина. Мұндай қасиет көбінесе мақал-мәтел, шешендік сөздерге тән. Фразеологизмдер өздерінің бейнелік құрылысы жағынан да әр алуан болып келеді. Онда тұрақты эпитет т.б. поэтикалық тіл үлгілерінің бәрі бар.
Тұрақты эпитет: ай қабақ, сүмбіл шаш, алма мойын, ит жанды, айыр тілді т.б.
Тұрақты теңеу: атқан оқтай, қордың қызындай, инемен құдық қазғандай, тонның ішкі бауындай т.б.
Тұрақты әсерілеу: Жаны мұрнының ұшына келу, қырық жамау, әлемде теңі жоқ, телегей-теңіз т.б.
Тұрақты литота: Әсерілеу белгілі бір зат не құбылыс шамадан тыс үлкейтіліп айтылса, литотада, керісінше кішірейтіліп сипатталады. Мыс: түйе сойған ешкі сойғаннан қуырдақтық ет дәметеді, тіс шұқитын шөп таба алмау т.б.
Фразеологизмдердің көпшілігі шендестіру, дамыту, параллелизм, анафора сияқты поэтикалық синтаксиске құрылған.
Шендестіру (антитеза) – жолымен құрылған сөз тіркестері: түздегі май ішсе, үйдегі зәр ішеді; атадан алтау тусаң да бір жалғыздық; фразеологиялық антонимдер: жүрек жұтқан, су жүрек, көзі ашық, әліпті таяқ деп білмеу т.б.
Оксюморен – мағынасы қарама қарсы, антоним сөздер, өз-ара тіркесіп бір ұғымды білдіреді. Ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жеткендей, тікеннен гүл, заһардан бал т.б.
Дамыту – тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер – ат мұратқа жеткізер.
Параллелизм – киім кірі жуса кетер, көңіл кірі айтса кетер, сүңгінің жарасы бітер, тіл жарасы бітпес т.б. Бұл мақал мен афоризмдерде көп кездеседі.
Анафора – сөзді не сөйлемшені сөйлемнің басында бірыңғай қайталауды айтады. Қол-қолды табады, бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды.
Эпифора – қайталанатын сөз керісінше сөйлемнің аяғында келеді. Мыс: жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ, аласаны атқа санама, жақыныңды жатқа санама, т.б.
Фразеологизмдерге бейнелік, мәнерлік сипат беретін дыбыс үйлесімі – ырғақ пен ұйқас болады. Мыс: сабыр түбі – сары алтын, айтпа - айтқаныңнан қайтпа, аманат-аманатқа қылма қыянат. Ырғаққа, ұйқасқа құрылған мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер көңілге қонымды, жаттауға оңай келеді. Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар беретін стильдік мәні айрықша құрал болып саналады.
Тұрақты сөз тіркестері (қанатты сөз, мақал-мәтел, идиомдар) аз сөзбен көп мағына береді, тілдің стильдік сапасын арттырады. Мақал-мәтел – астарлап, кестелеп айтатын ойдың бейнелі көрінісі. Мақал – көбінесе тиянақталған қорытынды ой ретінде, сөйлем түрінде келеді. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Мәтел – бейнелеп сөйлеу элементі, ой аяқталмай келте қайырылады. Ұзын арқау, кең тұсау. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен т.б.
Фразеологизмдер – сөйлеу тілінде де, жазба тілде де көп қолданылады. Ал оның бейнелегіштік, мәнерлегіштік сипаты әсіресе көркем және публицистикалық шығармаларда айқын көрінеді.
Тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелердің бір-бірімен мағына ұқсастығын фразеологиялық синоним дейді. Мыс: уақыт пен қашықтықты білдіретін фразеологизмдер: шай қайнатым, ет асым, сүт пісірім, биле сауым, арқан бойы, қозы көш жер, ат шаптырым т.б.
Фразеологиялық синонимдер бір-бірінен семантикалық реңіне, стильдік бояуы мен қолданылу аясына қарай ерекшеленеді. Мыс: Тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай ашық, айқын ұғымын білдіреді. Кейбір фразеологиялық синонимдер бірыңғай болып келеді: беті қайту, сағы сыну, тауы шағылу, жүрегі шайылу т.б. Сөйтіп, фразеологиялық синоним дегеніміз – әр түрлі образға құрылған, бірақ мағынасы бір-біріне жақын, тұрақты сөз тіркестері.
Жеке сөздерге тән эмоциональдық-экспрессивті бояу тұрақты сөз тіркестерінде де болады. Эмоциональдық-экспрессивті сөздердің тіркесін төмендегіше топтастырамыз.
Бірінші топқа: іші-бауыры елжіреген, қу табан, сор маңдай, ит екеш иттен де бір сүйек қарыздар сияқты жағымды-жағымсыз образды сипаттайтын эмоциональды-экспрессивті тұрақты сөз тіркестерін жатқызамыз.
Екінші топқа адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіретін тұрақты тіркестер жатады. Тілек мәні бар тіркестер: құтты болсын, мұратқа жет, іске сәт т.б. Қарғыс мәнді тіркестер: қырық жілік болғыр, сеспей қат, көк соққан, жер жастаңғыр т.б. Кейбір сөз тіркестері бейнелеу, көріктік сипат беру қызметін атқарады. Мыс: Маң-маң басқан – маңғаз жүрісті елестетсе, бүрсең-бүрсең – кәріліктен еңкейіп бүрсеңдеген адам кейпін көрсетеді. Көптеген фразеологизмдердің эмоциональды-экспрессивтік бояуы контексте анық сезіледі.
Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдерді қолданылу аясы, экспрессивтік қызметіне қарай үш топқа бөлуге болады:
1. Стильаралық (бейтарап) фразеологизмдер. Бұл топқа барлық стильдерде бірдей қолданыла беретін тұрақты сөз тіркестері енеді. Мысалы: көз әйнек, ас қазан, құс жолы.
2. Сөйлеу тілінің фразеологизмдері. Сөйлеу тілінің фразеологиясы күнделікті тұрмыста, ауызекі сөйлеу тілінде қолданылады, сонымен қатар көркем әдебиетте де, персонажда, кейіпкер тілінде белгілі дәрежеде қолданылады. Сөйлеу тілі фразеологиясы құрамына қарапайым, тұрпайы, әзіл, сықақ, профессионализм сияқты мәндегі фразеологимздер енеді. Мысалы: тым дәндиіп кету~ індеріне су құю~ беттің арын белбеуге түю~ дымын шығармау. Сөйлеу тіліне тән фразеологизмнің бір ерекшелігі оның құрамына енген сөздің көбіне біреуінің мағынасы күңгірттеніп, өлі түбір сөздер болып келуі. Мысалы: қыбын табу, парқын айыру.
3. Жазба тіл фразеологизмдері. Жазба тіл фразеологизмі ауызекі тіл негізінде қалыптасып, дамып келеді. Жазба тіл фразеологизмінің қайнар көзі халықтың сөйлеу тілі фразеологизмі. Жазба тіл фразеологизмі поэтикалық, публицистикалық және терминдік сипатта болады. Мысалы: 1. Поэтикалық фразеологизм: сүмбіл шаш, ая көз, құралай көз. 2. Публицистикалық фразеологизм: аталық қамқорлық, сара жол, отандық сезім. 3. Терминдік фразеологизм: өндіргіш күш, материалдық-техникалық база.
Лингвистикалық пәндер сөйлемді дұрыс құрып, қалай жазуды, тыныс белгілерін қоюды оқытып үйретеді. Ал, тілдік тәсілдерді өткір, нақтылы, дәл және мәнерлі қолдану, жалпы тіл мәдениетін арттыру сияқты мәселелер стилистиканың үлесіне тиеді. Стилистика үшін фразеологизмдердің мәнерлеу тәсілі ретінде маңызы зор.
№5-семинар жұмысы
Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің, табу мен эвфемизмдердің стильдік қолданылуы.
1-тапсырма
Берілген сұрақтарға жазбаша түрде жауап беріңіздер.
1. Фразеологизмдердің тіл біліміндегі орны?
2.Мақал-мәтелдермен фразеологизмдердің мағына үйлесімін мысалдармен салыстырып беріңіз?
3. Мақал-мәтел мен фразеологизмдердің ұқсастығы мен өзгешелігі қандай?
4. Мақал-мәтел мен фразеологизмдер қай стильде көп қолданылады?
5. Табу мен эвфемизмдердің стильдік қолданылу ерекшеліктері?
2-тапсырма
Мақал-мәтелдердің бір-бірінен өзгешелігін мысалдар негізінде көрсетіп беріңіз.
Мәтел. Мақал сияқты толық сөйлем түрінде құрылмай, сөз тіркесі қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады. Мәтелде айтылатын ойдың ізі тұспалды болады. Ол ой, мәтел, сөз орайына келтіріліп, сөз қосылып айтылғанда толысып, жетіліп тұрады. Мәтел қысқа болып келеді, әйткенмен оның мағынасы өте күшті, түйшікті болады. Мысалы` көңіл қалмас, көйлек жыртпас, ат қойып, айдар тағып, көппен көрген ұлы той, қызым саған айтамын, келінім сен тыңда т.б. Демек, мәтел айтылмақ ойдың турасынан емес, тұспалды түрде жеткізіледі, тиянақты тұжырымдар болмайды. Ал, мақалдар мәтелдерге керісінше түрінде келеді, ол оқушыға түсінікті, тұжырымды болады. Мақалда айтылмақ ой тұспалдап емес, тура айтылады. Мақалды оқығанда, не естігенде бірден түсініп алуға болады. Онда айтылмақ ой анық, түсінікті, толық сөйлем ретінде, сөз тіркесі ретінде құралады. Онда тиянақты тұжырымдар бұл анық, дәл, нақ көрінеді. Мысалы` Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді, азамат өзі үшін туады, елі үшін өледі, атаңа не қылсаң алдыңа сол келеді, ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман.
Мәтелдер
1. Көппен көрген ұлы той.
2. Қыздың көзі қызарғанда.
3. Аталы ұл, қожалы құл.
4. Хан қарашасыз болмас.
5. Ер егіз, еңбекте жалғыз.
6. Ер сыйлаған есікте отырмас.
7. Жақсы–орынға, жаман-асқа
8. Бірдің кесапаты мыңға тиеді.
9. Кісідегінің кілті аспанда
Мақалдар
1. Жақсыдан жаман туса – әдет,
Жаманнан жақсы туса – ғажап.
2. Таспен атқанды, аспен ат
3. Болымсыздан өнер шықпас,
Көңілсізден күлкі шықпас.
4. Ексең егін, ішерсең тегін
5. Бай болсаң жарлылығыңды айтпа,
Жарлы болсаң, байлығыңды айтпа
6. Мал жисаң қонысын тап,
Ас жисаң ыдысын тап.
7. Тәуір көрген досыңа, тәуір көрген малың бер, көре-көре сүйінсін
Жек көрген досыңа жек көрген малың бер, көре-көре күйінсін.
3-тапсырма
«Абай жолы» романынан мақал-мәтел мен фразеологизмдік қатарлары бар мысалдар жазу.
1. «Өлім бардың малын шашар, жоқтың артын ашыр» - Бөжей бай болмасын, бірақ жоқ емес. Әсіресе, ағайын тұрғанда мынандай шебі бүтін тұқымы тұрғанда неге жоқ болады (I кітап, 187-бет).
2. «Ел іші алтын бесік, алтын бесік», - деп дәмелене-дәмелене дәрменіңді тауысып болмадың ба? Ол барға бесік. (I кітап, 391-бет).
3. Көштің байсал тапқаны көкорайға қонғаны. Даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны – деп жөндетіп айтқалы отырған жайларын тұспалдап өтті (II кітап, 232-бет).
4. Өзіңізден тұған өрен-жараныңызға құдайға шүкір, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ана сіз емес пе?» (II кітап, 232-бет).
5. Бірақ, Қамысбай шаш ал десе бас алатын Майбасардың өзінен асқан бүлік, бұзақы қанқұйлының өзі (I кітап, 36-бет).
6. Жеті-сегіз жігіт бағанадан бері әлі күнге шейін табақ тасудан дамыл алған жоқ. (I кітап, 94-бет).
4-тапсырма
Мақал-мәтел мен фразеологизмнің өзгешелігін мысалдар негізінде көрсетіп беріңіздер.
1. Санын соқты (өкінді)
2. Тақырға отырып қалу (алдану)
3. Белінен бесік табы кетпеген (жас)
4. Алғаны ас болмады (бұйырмады)
5. Жібі түзу (ибалы, иманды, әдепті т.б.)
6. Үріп ауызға салғандай (әдемі, сүйкімді)
7. Мұртын балта шаппау (еш нәрсе тәсір етпеу)
8. Қамырдан қыл суырғандай (оңай)
9. Еңбегіне су қую (жоқ ету)
10. Ала жіпті аттамау (ұрлық істемеу).
Мақал-мәтел
1. Балалық шағы – патшаның тағы
2. Тіріде сыйласпаған, өліде жыласпайды.
3. Жақсы үйге келген келін келін болады
Жаман үйге келген келін келсап болады.
4. Ағайын тату болса, ат көп,
Абысын тату болса, ас көп.
5. Ауыз-дарбаза, сөз-самал
6. Ұлы сөзде ұят жоқ.
7. Жүйелі сөз жүйесін табады,
Жүйесіз сөз иесін табады.
8. Еріншектің ертеңі бітпес.
9. Ас сөз алтын, көп сөз күміс
10. Жақсы сөз жарым ырыс.
5-тапсырма
Төмендегі көрсетілгеннен басқа мақал-мәтел мен фразеологизмдерді жатқа айтып беріңіздер.
1. Жаңылмас жақ болмас
Сүрінбес тұяқ болмас.
2. Мал аласы сыртында
Адам аласы ішінде
3. Адам адамға қонақ
Жан денеге қонақ
4. Шамның жарығы түбіне түспес
Жақсының қадірі жақынына білінбес
5. Жақсыда мін жоқ
Жүйрікте сын жоқ.
6-тапсырма
«Абай жолы» романынан табу мен эвфемизмге мысалдар келтіріңіз.
Қадірлі ана осы таңға жетпей қайтыс болды (1.319-б).
- Мәлім … сол сырыл)! – дескен. Кейін тағы бір ет асымдай мезгіл өткен соң, жаңағы жаман нышан араласқан дем, ауырлай барып, таңға тақаған кезде Дәркембай дүние салды (2-кітап 549-б). –Е, уәдешіл қайным-ай! Айтқан серттен шығыпсың-ау! Бірақ, менің қайын сіңлім, Көзжақсым бүгін ауыл қыдырып кеткенін қайтейін (1, 138-б). Ауылда сөзуар, кемпір-көршілер, кейбір сыпсыңқұмар абысындар Оспанның жесір қалған әйелдерін сөз етеді (I, 210-б). Құрт ауруынан Байтұяқтың жас денесі жеңілгенде соншалық күрт құлап, тез жеңілді (I, 587-б).
7-тапсырма
Келтірілген сөздердің сыпайы варианттарын яғни эвфемизмдерін тауып жазыңыздар.
Ұрлықшы – қолының сұғанағы бар, қолының жымысқысы бар …
Өсекші – сымсыз телефон, аузының желі бар …
Өлді – дүние салды, мәңгі сапарға аттанды, өмір –бақи қоштасты ….
Езбе – көп сөйлегіш, сөзінің түйірі жоқ ….
Достарыңызбен бөлісу: |