Бақылау сұрақтары:
1.Меңгеріле байланысқан есімді дара және күрделі сөз тіркестері мен олардың құрылымдық-мағыналық ерекшелігі туралы не білесіз?
2.Меңгеріле байланысқан шылаулы сөз тіркестері туралы айтып, мысалдар келтіріңіз.
9-дәрістің тақырыбы: Қабыса байланысқан сөз тіркестері және олардың құрылымдық-мағыналық ерекшелігі, түрлері.
Дәрістің мақсаты: Қабыса байланысқан сөз тіркестері және олардың құрылымдық-мағыналық ерекшелігі, түрлері туралы түсінік беру, қабысудың басқа байланыс түрінен айырмашылығын түсіндіру.
Қарастырылатын мәселелер:
1.Қабыса байланысқан дара және күрделі сөз тіркестері, олардың құрылымдық-мағыналық ерекшелігі.
2. Қабыса байланысқан есімді күрделі сөз тіркестері:
А) Зат есімді сөз тіркестері
Ә) Сын есімді сөз тіркестері
Б) Сан есімді сөз тіркестері
В) Есімдікті сөз тіркестері
Г) Есімшелі сөз тіркестері
3. Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері:
А) Сын есімді сөз тіркестері
Ә) Сан есімді сөз тіркестері
Б) Есімдікті сөз тіркестері
Қабысу – өзара анықтауыштық қатынаста келген сөздер тобы. Қабысудың грамматикалық көрсеткіші ретінде орын тәртібі амалын атаған жөн. Сондай-ақ, қабысу формасына бағынған сөзтұлғалардың алғашқы сыңары ретінде зат есім, сын есім, сан есім, есімдік және есімшелі тіркестер қолданылады. Ал екінші сыңарда зат есім сөздің қызметі басым. Мұндай қызметтегі байланысу формасы есімді қабысу деген атауға ие бола бастады. Төмендегі ерекшеленген сөзтұлғалар өзінен кейінгі сөзтұлғалармен орын тәртібі амалы арқылы байланысады және қабысу формасына бағынады: Сары топырақ, қара көмір үйінділер, қалқайған жер барақ қараша ауылдар көшін кеңейте түскен (Ғ.Мұстафин). Бұл өлкеде аспан да, жер де тап-таза, көкпенкөк (Қ.Жұмаділов). Ит малтуға салып жүріп, отыз шақты баланы тынбай оқытты, түрпілеп сауатын ашты (Ж.Аймауытов).Етістік те екінші сыңарда жұмсала алады. Мұндайда анықтауыштық қатынас түрі пысықтауыштық қатынасқа өзгеріп, алғашқы сыңар мүшесі ретінде сын есім мен сан есім жұмсалады. Сондай-ақ, есімше мен модаль мәнді сөз топтарының жиі келетіні байқалды. Бұларды қазір етістікті қабысу деп атау орныққан. Оларда орын тәртібі амалының қатар тұру белгісі қатаң сақталады: Неміспен кездесудің арзанға түспейтінін енді жақсы білді (Т.Ахтанов). Базаралы Ерболды таңдап отырып, осы жиындар ортасында бірінші рет босағандық көрсетті (М.Әуезов). Оң жақтағы подвалға апаратын аласа қара есік болар-болмас ашық тұр екен (Г.Брянцев). Осы кеште Абай мен Қуандық қатар отырып, әзілмен, әнмен, айтыспен де көп жарысты (М.Әуезов).
Қабыса байланысқан сөз тіркестерінің құрамы
Қабысу қазақ тілінде өте жиі қолданылады. Оның объектілері басқа байланысу формаларына қарағанда кең. Қабыса байланысқан сөз тіркестері өзара ешқандай жалғаусыз, тек қатар тұру (кейде алшақ та тұру) арқылы тіркеседі. Қабыса байланысқан сөз тіркестерінің грамматикалық байланыс амалы - сөздердің орын тәртібі.Қабысудың есімді, етістікті және ортақ басыңқылы үш түрлері бар.Есімді қабысудың екі түрі бар: есімді қабысу, ортақ қабысу. Олар сөйлемдегі орны және сөз таптарының әр түрлі болуына сәйкес ерекшеленеді.Қабыса байланысатын есімді сөз тіркестерінің құрамы әр түрлі, оның бағыныңқы сыңарлары мына сөз таптары болады:
3ат есім: темір күрек, жел диірмен;
Сын есім: биік тау, қызық өмір, жақсы талап, малды жер, етікші бала,
Сан есім: үш кісі, мың қой, оныншы мектеп,
Есімдік: бұл қала, мына бала, ана кісі, осы ауыл, сол табыс т.б.;
Есімше: айтылған сөз, келген кісі, айтар сөз, келетін бала,
Қимыл есімі: қызу жұмыс;
Үстеу: бүгін бала, ертең оқытушы;
Еліктеуіш сөз: қарқ-қарқ күлкі.
Негізгі сөздер мен көмекші сөздер: Асан сияқты бала, үйдің қасындағы жер, мектепке дейінгі қашықтық, Берік деген бала т.б.
Есімді сөз тіркестерінің басыңқы сыңары зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер болады. Сол сияқты соңғы кезде ғалымдар Р.Әміров пен С.Исаев есімше, қимыл есімдерінің де заттануы арқылы басыңқы сыңарда жұмсалуын есімді сөз тіркестеріне жатқызып жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |