Зарарсыздандыру, дезактивация (лат. de, франц. des – болмау, болдырмау, жою, төмендету және лат. actіvus – белсенді), әскери істе – әскерлерді радиоактивті заттардың зарарынан қорғау үшін қару-жарақтардан, киім-кешектерден, азық-түлік пен судан, қорғаныс бекіністері мен қоршаған ортадағы басқа да нысандардан зарарлы заттарды кетіріп, қауіпсіз дәрежеге жеткізу.
Зарарсыздандыру механикалық (жартылай) зарарсыздандыру және химиялық (толық) зарарсыздандыру болып бөлінеді.
Механикалық немесе жартылай зарарсыздандыру қару-жарақтар мен әскери техниканы дереу қайтадан пайдалану қажет болған жағдайда олардан келетін зарарды азайту мақсатында жүргізіледі. Ол радиоактивті заттар ұшырауы мүмкін қару-жарақтар мен әскери техникаларды жуу немесе арнайы ерітіндіге малынған шүберектермен сүрту, киім-кешекті қағу немесе киім щеткасымен тазалау, зарарланған жердің, қардың, азық-түліктің бет жағын алып тастау, т.с.с. тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Осы әрекеттерден кейін де радиация мөлшері белгіленген шамадан асып кетсе, жоғары дәрежелі командирлердің шешімімен әскери құрамаларды химиялық немесе толық зарарсыздандыружүргізіледі.
Толық зарарсыздандыру ұрыс аяқталған немесе толастаған кезде радиоактивті заттар зарарына ұшырамаған аудандарда немесе арнаулы бекеттерде СФ-2, СФ-24 ұнтақтарының судағы ерітінділері пайдаланыла отырып жүзеге асырылады. Қару-жарақтар мен әскери техникалар мұқият жуылып, киім-кешектер мен ас ішетін ыдыстар жаңасымен ауыстырылады, зарарға ұшыраған азық-түлік өртелініп жіберіледі. Зарарсыздандырушы заттар зарарсыздандырушы материалдар және зарарсыздандырушы техникалық құралдар болып бөлінеді.[1]
Зарарсыздандырушы материалдарға: су, топырақ, құм, хим. ерітінділер, т.б. жатады. Зарарсыздандырушы техникалық құралдарға автозарарсыздандырғыш машиналар, автоматты су құйғыш стансалар, грейдерлер, бульдозерлер, қар тазалағыш және өрт сөндіргіш машиналар, ауыл шаруашылық соқалары, тырмалар, т.б. жатады. Зарарсыздандыру мөлшері радиометрдің көмегімен бақыланады.
Зарарсыздандыру (Стерильдеу)- әртүрлі заттарды, тағамдарды және т. б. бұйымдарды тірі микроорганизмдерден физикалық немесе химиялық факторларды қолданып аластау
Достарыңызбен бөлісу: |