«МӘҢГІ ЕЛ» КӨНЕ ТҮРКІ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕ ЖАРИЯЛАНУЫ ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА БЕРІЛУІ
Алғаш рет «Мәңгі ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысыКүлтегінге арнап қойылған бітіктаста түркі еліне жария етілген. Күлтегін ескерткішіндегі жазудың сол жақ [4,190 б] бетінде: «Өтікен жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең», – деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің оң жақ [4,262 б] бетінде қайталанған. «Мәңгі» сөзі айтылмаса да, оның мағынасы Тоныкөк ескерткішінің екінші ұстынының сол жақ бетінде «ел» сөзінің бір сөйлемде екі рет қайталануы арқылы берілген: «ел де ел болды» [4,319 б.].
Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйтқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айрылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі. Осының бәрі кейіңгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгі ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.
Көне түркі жазба ескерткіштерін алып қарастырсақ, біріншіден, олардың заттық, яғни материалдық сипатқа ие болып, еркіндік, азаттық пен тәуелсіздіктің нышандарын айғақтайтын мемлекеттік рәміздер белгілерін көруге болады. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің ұшар басы бөрі бейнелі бесбұрышты қалқан түрінде ойылуы кездейсоқ емес. Көк бөрі – түркі халықтарының ежелгі тотемдік нанымына негізделгендігі белгілі. Түркілер әулетінің негізін қалаған Ашина Алтай тауына қоныс тепкеннен кейін, «өзінің тегін ұмытпайтындығын елге жария ету үшін қақпасына қасқыр басты туын іліп қойды» - делінген қытай жылнамаларында. Толық бөрі бейнесін оның басы арқылы беру «тұтастықты бөлшек арқылы беру» деген ғылыми принципіне негізделген. Мұндағы бөрі бейнесі көркемдік емес, саяси-әлеумет-тік, яғни елдік пен еркіндікті, тәуелсіздік пен азаттықты айшықтайтын тудың рәміздік нышаны. Бөрінің бейнесі көптеген түркі тайпалары мен руларының таңбасы болған. Қазірде кейбір түркі тілдес халықтар қауымдастығының рәмізі ретінде қолданыста.
Л.Н.Гумилев те өзінің орхон-енисей ескерткіштеріне талдау жасағанда руникалық жазулар эпитафиялық емес, публицистикалық сипатта деп жаңа бір пікірді білдірген болатын: «үш жазудың мәтіндері де түркілердің барлық қоғам мүшелеріне үндеу тұрғысында айтылған, оның өзінде ештеңемен бүркемелемей, халықты сендіргісі келеді. Ендеше жазу – үндеу, ондағы берілген материал таңдап алынған. Мұндай жанрдың болуының өзі сөздің түркі қоғамында нақты күш екендігін көрсетеді. Олай болса, дамыған қоғам және қоғамдық пікір де бар». О.Сүлейменов те публицистиканы әлемдік тарихқа ескерткіштің кірігуінің кезеңі ретінде, сонымен қатар, бұқаралық санаға кеңінен тартылуы тұрғысынан қарастырады Ендеше, бұдан шығатын қорытынды: «Мәңгі ел» - көне түркі жазба ескерткіштерінде Ұлы Түркі қағанаты мемлекетінің манифесі ретінде жария етілген.
Ескерткіште «мәңгі ел» Өтікенде, яғни түркі мемлекетінің бас ордасымен бірге айтылған. «Қаған», «қан», «хан» атауларының бір-бірімен тығыз байланысты екеніне кәсіби мамандар ерекше көңіл бөледі. В. Бангтың пікірінше: «йетікан» (жұлдыз атауы) сөзіндегі «кан» және «мәңгілік елдің» сақталуын Түркі қағанатының астанасы – «Өтікенмен байланыстырған Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі («Өтікен жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең») сөздің соңғы буыны «кен» ~ «кан» да осы [ 5, 40 б.]. «Қан» сөзі батыс ғұндарда да болғанын Атилланың Арықан [Арығ қан -таза, пәк патшайым) есімді әйелі болғанынан байқауға болады [6, 173 б; 7, 221 б]. Атақты ақ ғұн әміршілерінің бірі Византия деректерінде Күн хан (V ғ.) деп көрсетіледі және «хан» сөзінің ғұндар дәуірінің өзінде «ел» терминімен қатар қолданылғаны мәлім болып отыр [8, 322 б.]. Асылында түрікше екені белгілі және кей жер атауларында кездеседі (мысалы: Ханбалық - Хазар астанасы) [8, 452 б].Бұл термин түріктер исламды қабылдаған соң да қолданыстан түскен жоқ. Сөздің кең географиялық аймақта әр түрлі мағынада қолданылғаны мәлім.
Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгі ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгі ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматық саясат», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері» шығармаларында баяндайды. Ғұлама ғалым өмір сүрген кезеңде түркілердің қала - мемлекеттері көп болған еді. Сондықтан ол «мемлекетті» көбінесе «қала» түсінігімен қатар қойды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайрымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім – Әл - Фарабидің тұтас әлеуметтік - саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері ашылды. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркі тілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс.
Фараби өз трактаттарында қоғамдық саяси мәселе бойынша халық билігімен демократия жайлы айтады. Мәдениетсіз қалалардың барлық түріне қарама – қарсы қайырымды қалаға ең жақыны коллективті қала дейді . Бұл қаланың тұрғындары барлық іс – қимылды тең құқылы, бұл жерде бағыныштылар мен билік етушілер жоқ. Ал қаланың басшылары құрметке иеленгендер ғана бола алады. Фараби бостандықпен тең құқылыққа ықыласпен қарайды, бірақ басшысыз, оның өкіметінсіз жалпыға ортақ бақытқа жету мүмкін емес деп есептейді.
Өзінің «қайырымды» және «қайырымсыз» қалалардың әр түрлі мінездемелерімен классификацияларында Фараби қоғамның жетілдірілген әлеуметтік құрылымын қайта жасады. Ол қала – мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін береді. Фараби «адамның жануарлар әлемімен бөлініп тұратыны ақыл ойы және тәнінің жетілдірілгендігімен , бірақта адам одан әрі жетіле түсу үшін ол тіл және әр түрлі өнерге зәру» - деді.
Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті мемлекеттің қайрымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: Әділеттілікті орнату , халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру оны адамгер-шілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізілетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі экономикалық және саяси мәселелерге яғни негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді .
Достарыңызбен бөлісу: |