Тақырыбы: Интонация компаненттерінің қызметі Мазмұны Кіріспе


Интонация компоненттерінің дайындықсыз сөйлеу тіліндегі көрінісі



бет3/4
Дата30.06.2016
өлшемі0.5 Mb.
#168216
1   2   3   4

Интонация компоненттерінің дайындықсыз сөйлеу тіліндегі көрінісі.
Адамзат коммуникативтік қызмет атқаратын сөйлеу тілін, сөзді қажетті құралы ретінде туғызып, бұрыннан қолданып келгенмен, қазіргі кезде заман талабына сай оны дамытудың, жетілдірудің жолын іздеп жатқандығы баршаға мәлім. Осы орайда жалпы тіл білімінде фонетиканы эксперименттік әдіспен зерттеу қолға алынып отырғанын, оның атқаратын қызметінің маңызы зор екендігін айтуға болады. Осының негізінде экспериментальді зерттеу әдісі тек қана сегменттік бөлшекте талданбай, дайындықсыз сөйлеу ағымын күрделі суперсегменттік деңгейде зерттеу жұмысы қолға алынып отыр. Интонацияны зерттеу, оның заңдылығын ашу тіліміздің ерекшеліктерін түсініп, игеруге, мәнерлі сөйлеуге көмектеседі. Біз сөйлемнің хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сияқты коммуникативтік түрлерін интонация арқылы ажырататынымыз белгілі. Сол себепті интонацияның тағы бір қырын ашып, анықтау осы жұмыстың үлесіне тиіп отыр.

Интонация – сөйлеу тілінің стилистикалық негізін танытып, тілдегі әдеби сөйлеу тілінің орфоэпиялық жағынан ерекшелігін көрсетеді. Осы негізде акустикалық сөйлеу интонациясы – негізгі тон жиілігі мен үдемелік, тоналды диапазонның сонымен қатар жалпы энергияның құрылымдық деңгейін байқатса, ал артикуляциялық жағынан интонация – дауыс тербелісінің функциялық байланысын көрсетеді. Ауызекі сөйлеу кезінде, яғни қарым-қатынас актісіне түсу кезінде интонация арқылы толық, әрі нақты түсінісіп, прагматика тұрғысынан өз деңгейінде өтетіні анық. Яғни интонация қарым-қатынас түрлерін ажыратып, көбінесе семантикалық жағынан байланысты болады.

Интонация – лексикалық құрылымы, синтаксистік қатары мен фразаның стилистикалық ерекшелігін танытып, дыбыстық әрі негізгі тон жиілігінің өзгеріп тұруымен, дауыс пен ырғақтың, кідіріс пен екпіннің өзгеруімен ерекшеленеді.

Біздің зерттеуге алып отырған жұмысымыздың мақсаты, дайындықсыз сөйлеудің пракматикалық негізін танытып, интонациялық бірліктерін ажырату болып отыр. әрбір сөйлесу процесінің тереңінде прагматика жатады. өйткені іштей ойлау бар да, оны жеткізіп айта білу бар. әсіресе біздің байқайтынымыз, прагматика өз ортасына байланысты өзгеріп отыратындығында.

Жұмыста диалог ретінде құрылған, иллокутивті актінің дайындықсыз сөйлеу процесін экосперименттік әдіс арқылы жан-жақты талдап, интонациялық функцияларын ажыратып отырамыз. Осы тұрғыдан біз сөйлеу кезінде маңызды қызмет атқаратын интонацияның компоненттеріне (әуені мен үдемелігі, қарқыны мен кідірісі және тоналды диапазоны) жеке-жеке тоқталып, талдап көрсетуді жөн көріп отырмыз.

Сөйлеу процесі кезінде ең негізгі әрі маңызды қызмет атқаратын интонацияның компоненті - әуен сипаты әрқашан өзгеріп отыратын негізгі тонның жиілігіне сәйкес келеді. Қарым-қатынасқа түсіп сөйлеу процесі кезінде әуеннің көтеріңкі – бәсең, бәсең-көтеріңкі, бәсең, көтеріңкі, бірсыдырғы болып, құбылып тұруы эмоцияға, көңіл-күйге, жағдаятқа байланысты өзгеріп отыратындығы байқалады. әсіресе сөйлеу кезәндегі әуеннің қозғалысы арқылы сұрау, мақұлдау, хабарлау, қалау екенін ажыратуға болады.

Қарастырып отырған зерттеуде әуеннің көтеріңкі деңгейде аяқталғандығы, сол синтагмаға ой екпінін түсіру арқылы маңызды тұстарын ажыратуға септігін тигізеді. Мысалы: «Осындай қателіктер кездескен кезде», «Темирязев көшесінің бойында», «Ы...ы көрдіңіз ба?», «Соларға тікелей кіріп айтсам», «бірақ содаңкейін» - деген синтагмалар 140-150 Гц – ке дейінгі көтеріңкі әуенмен айтылған. Бұнда адресат пен адресанттың белгілі бір тақырып аясында әңгіме қозғап, прагматикалық тұрғыдан қабылдаушыны ойлауы, әсіресе бұл тек қана екеуара сөйлесу ғана емес, бұның сыртында көрерменді ойлап, қабылдауға жеңілдеу сөздермен жеткізуін көздейтіндігі байқалып, пракматикалық жағын қамтиды. Яғни бұл ресми қатынас кезіндегі сөйлеу актісі арқылы жасалған. Әсіресе, екінші адамды әңгімеге тарту үшін, «Сонда ғараңыз?» - дей беруін жиі кездестіреміз. Бұдан біз коммуникативтік құрылым негізінде жасалып отырған ауызекі сөйлеу процесіне тән құбылыс екендігін көреміз. Бұл синтагма А.М.Пешковскийдің «Теңелту заңы» (Закон компенсации) негізінде жасалып, грамматикалық тәсілдің көмескіленуі негізінде интонацияның күшеюі байқалады. Әуен қозғалысының көтеріңкі деңгейде берілуі, маңызды істі айту мақсатында адресанттың іштей ойлап, тұжырым жасау негізінде еріксіз шығуынан көрінеді, ал қыстырма сегменттер көбінесе төменгі деңгейде бірсыдырғы әуенмен айтылғандығы жұмыс барысында байқалады. Мысалы: «Жаңайтпахшы», «Жаңағы», «Мәселен», «мына (мынау)», «немесе жаңағы» деген қыстырма сегменттер төменгі әуенмен айтлып, маңызсыз екендігін байқатады. Бұл адресаттың логикалық ойлауы арқылы сөйлеу процесінде кездесетін қыстырма сегмент екендігін көрсетеді. Сондықтан да әуеннің көтеріңкі – бәсең деңгейде айтылуы – сөйлеу ағымының маңызды, маңызсыз тұстарын ажыратып береді.

Жалпы әуен қозғалысының көтеріңкі – бәсең деңгейде көрінуі, сол сөйлемнің аяқталғандығын байқатады. Ал сөйлемді бөлшектейтін синтагмалар арасындағы тиянақты, яғни әуеннің төмендеуі санамалау интонациясы арқылы жасалған. Мысалы: «тақтайшалар бар, маңдайшалар бар, дүкөндөрдің жанындағы атаулар бар», «әргім өз от басынан, өзінің жеке басынан», «республикалық бар, облыстық, қалалық бөлімшелер», «Ұлттық идеологиямызды, ұлттық тілімізді, мәдениетімізді», «Өздерінің аумағында, өздерінің аудандарында» деген синтагмалар бірнеше хабарды санамалап беруді мақсат етеді. Бұл синтагмалар сөйлеу кезінде мазмұнның өзгешеліктерін ажыратып, жалпы коммуникациялық мағынасына интонация арқылы басқа үстеме мағына, яғни қосымша мағына үстейді.

Әуен қозғалысы негізінде сөйлеу процесінің іске асуына тікелей басшылық жасайды. Сонымен қатар сөйлеу кезіндегі ашық сұраулы сөйлемдердің интонациясын қарастырар болсақ, көбінесе шылау арқылы жасалған жалпы сұрақ интонемаларының тоналды деңгейі орташа регистрде көрінеді. Мысалы: «ауыстырып жүр ма?», «атғарып жүр ма?», «шенеулік мырзалар отырған жоқ па?» деген синтагмалар орташа деңгейдегі әуенмен айтылса (100Гц), ал логикалық екпінге эмоцияның қосылуы арқылы жасалған синтагмалар көтеріңкі әуенмен айтылып (140Гц), («ы...ы көрдіңіз ба?», «сенгімсің?» дейт, «сонда қараңыз?») сол ситуацияға екінші адамның, яғни қабылдаушының да қатысуын көздеп отырғандығы көрінеді. Яғни екінші адамға әсер ету күшке ие болып, тыңдаушыға да ой салып, оның да пікірін білу мақсатында туындаған. Келтірілген мысалдар жалпы сұрақ интонемасының варианттарына сәйкес келеді. Сөйлеу кезінде ойдың аяқталған, аяқталмағандығын, мағына тұтастығын байқатып отыратын да, логикалық жағынан грамматикалық қатынасқа түсіп, үстеме мағына беретін де әуені екенін көреміз. Әсіресе сөйлеу кезінде адам эмоциясы мен аялық білімімен сабақтаса байланысатын, өз ойын дәл, әрі анық етіп жеткізуіне септігін тигізетін әуеннің қозғалысы екендігін айтуымызға болады. Сонымен қатар әуенің мағына ажыратушы бірліктері әр синтагма аралығында да, тиянақтылықты көрсететін сөйлем арасында да болады. Яғни прагматикалық қатынастың жағдаятқа (ситуация) қарай, коммуникацияға түсу кезінде де келесі айтар ой мен оның қабылдауына әсерін тудыратындығына байланыстылығы көрінеді. әсіресе адресат пен адресанттың қабылдауы мен білім қорының бірдей деңгейде болуы коммуникацияның толық жүзеге асқандығын көрсетеді.

Сонымен қатар әуеннің қозғалысы синтагмаға түскен ой екпінімен, яғни акценттелуімен қатар, эмоциялық әрі логикалық мазмұнын жеткізуде де негізгі қызмет атқаратындығы байқалады. Мысал ретінде «Шужиктар» деп жазып қойыпты, «Фото кужат» деп жазып қойған жерлер болт, «сең гімсің?» дейт, қазір аз жұмыс істеліп жатыр деп айтуға да бомайт т.б. деген сияқты мыслдар қабылдаушы мен сөйлеуші адам арасындағы логикалық және эмоциялық байланыстылығын көрсетеді. Әсіресе адресант тарапынан берілген ақпарат адресат санасында да тууына ықпал етеді.

Сөйлеу кезінде әуеннің қозғалысы әр адамның өзіндік ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырғанмен, сол ұлттың өз заңдылықтарына бағынады. Олай болмған жағдайда сөйлеуші адам, өз ойын толық жеткізе алмайтындығын, түсініксіз болып қалатындығын байқауға болады.

Зерттеліп отырған жұмыс – публицистикалық стильдің ауызша формасы арқылы жасалған. Бұнда бейресми емес, ресми қатынас орын алған. Өйткені бейресми қатынастың ауқымы өте кең, әрі еркіндік басым болып, қатыссыз сөздер де айтылып қалады, ал ресми қатынаста еркін сөйлеу негізінде жасалғанмен, онда белгілі бір ұстанымға бағынатындығы көрінеді. Яғни пікірлесуші мен қабылдаушы арасындағы байланыс өз көзқарасын білдіру арқылы жасалып, сыпайы түрде өтетіндігі байқалады.

Ал енді келесі интонацияның компоненті – дауыс үдемелігі (интенсивтілік).

Дауыс үдемелігі негізінде басқа компонеттермен бірігіп барып, біршама мағынаға ие болады да, сөйлеу кезінде сөздің акценттелуіне тікелей қатысады. Әсіресе әуенмен қатар келіп отырады.

Дауыс үдемелігі көбінесе синтагмаға, сөзге ой екпінінің түсуімен байланысты анықталады. Ой екпіні дауыс үдемелігінің басты көрсеткіші болып табылады. Яғни акценттелген сөз күшті үдемелікпен айтылады.

Сөйлеу кезінде адамның ішкі ойынан пайда болған дайындықсыз сөйлеу жеке-жеке үзік синтагмаларға бөлініп кетеді. Өйткені бұған экстралингвистикалық факторлар (сөйлеушінің білім қоры мен шынайы көзқарасы, пікірі) әсер ететіні анық.

Дауыс үдемелігі – дауыстың қатты, не жай шығуының нәтижесінде туындайды да, көбінесе әуенмен паралель келіп отырады. Сонымен қатар біздің қарастырып отырған зерттеуде кезде үдемелік синтагма басында күштірек айтылса, ал кейде синтагманың соңына қарай күшейіп отырады. Мысалы: «Өте гүрмеуі гөп мәселе боп отұр», «Осындай ғателіктер гездескен гезде», «Ы.. гөрдіңіз ба?», «Бірақ содан гейін», «осы гөшеде» т.б. синтагмаларыдң соңғы жағында (34 дб) үдемелік күшейсе, ал «Мен өзім де», «Темирязев гөшесінің бойында», «Шужиктар» деп жазыпқойыпты, «Фото кужат» деп, «Меніңше ойлайм», «Енді бізде тағы бір», «Солардың бәрі», «Кейіндері», «Соның бәрі саябырсып қалт», «Онда жоқ өсуді», «Шенеулік мырзалар отырған жоқ па?» деген синтагмаларыдң басында үдемелігі күшейе түскен. Өйткені бұнда адресат пен адресант синтагманың басы мен аяғында үдемелігін күшейту арқылы маңызды екендігін байқатып, назар аударуға септігін тигізеді. Ал үдемеліктің баяулауын біз көбінесе сөйлем соңына қарай, немесе синтагма аралығында санамалау интонациясы мен тиянақты интонемалар арасында кездестіреміз. Мысалы: «Әрине, біздің өмірімізде / әр гезде әр түрлі шешіліп жатат, / оның да ықпалы тиет» - деген синтагмалар 13-18дб-ді құрап, үдемелігінің бірте – бірте күшеюі байқалады. Яғни сөйлеу кезінде ойлау жүйесі арқылы прагматикалық қатынас негізінде сөйлеуші өз мақсатына жету үшін өзі маңызды деп тапқан сөзіне, немесе синтагмаға мән беріп күшті үдемелікпен айтады. Сонымен қатар адресат адресантқа түсінікті болуын, коммуникативтік қатынастың жалғасуын «Сондықтан мен ойлайм» синтагмасы арқылы береді. Әсіресе, маңызды ой айту барысында, тыңдаушысын өзіне қарату мақсатында да, үдемеліктің көтеріңкі деңгейде айтылатындығын байқауға болады. Мысалы: «Енді бізде тағы бір» - деген синтагма көтеріңкі үдемелікпен басталып тұр (40дб-7дб). Өйткені бұнда адресант, келесі айтар ой мен қозғалатын мәселенің маңызды екендігін осы дауыс күші арқылы аңғартады.

Үдемеліктің әуенмен параллель келіп отыруы сөйлемнің бірыңғай мүшелері, яғни санамалау интонациясы арқылы айтылғанда, екеуі де бірдей деңгейде қатар айтылып отырады. Яғни әуенінің көтеріңкі айтылуы үдемеліктің де көтеріңкі деңгейде берілуіне септігін тигізіп отырады. Мысалы: «Тақтайшалар бар, маңдайшалар бар» (115-103Гц-15-12дб), әдебиетімізді (103-100Гц-15-10дб), ұлттық тілімізді (100-103Гц-10-23дб), әдебиетімізді (105-95Гц-17-15дб), мәдениетімізді қорғайтын қоғамдық ұйым ретінде құрылған болатын» (93-85Гц-13-3дб) – деген синтагмалар көтеріңкі-бәсең, бәсең-көтеріңгі деңгейде үдемеліктің әуенмен параллель келіп отыруынан байқалады. Ал кейде әуені мен дауыс күшінің керісінше айтылатын жақтыры да болады. Мысалы: «Темирязев көшесінің бойында» (122-140Гц-30-20дб), «Сіздерге тікелей хабарласып» (103-135Гц-26-15дб), «Соларыдң бәрі» (115-135Гц-30-18дб), «Ауыстырып жүр ма?» (103-100Гц-18-35дб), «Шенеулік мырзалар отырған жоқ па?» (107-117Гц-32-8дб).

Сонымен, дауыс күші мен әуеннің байланыстылығын осы мысалдар арқылы зерттей отырып, біздің байқағаныміз, сөз ағымында кейде үдемелігі мен әуені бірлесіп, параллель келуі арқылы өрнектелсе, ал кейде керісінше тиянақсыз интонема арқылы екеуі екі түрлі бағытта қызмет атқарады екен.

Экспериметтік жұмыстың нәтижесінде, еркін сөйлеу кезінде сөзге, не синтагмаға ой екпіні түссе, яғни акценттелген болса, немесе жаңа ой, жаңа мәлімет беру мақсатында тыңдаушы көңіл бөлуі үшін дауыс күші жоғарлайды, ал тиянақты интонемамен айтылған синтагма, сөйлем соңына қарай бәсендеп барып бітетіндігі байқалады.

Ал енді келесі интонация компоненттерінің бірі – кідіріс (пауза) болып табылады.

Сөйлеу кезінде сөйлеуші адам өз ойын, пікірін жеткізу үшін түрлі кідірістер жасайды. Яғни сөз ағымының арасы үзіліп, дыбыстау болмайды. Кідіріс көбінесе синтагмалар мен сөйлем арасын, және сөз ағынын мүшелеуге қатысып, ой екпіні түскен сөзді анықтап, мағынасын ажыратуға септігін тигізеді. Сөйлеу кезінде орынсыз жерге кідіріс жасалса, ойдың шашыраңқылығы байқалып, тыңдаушы адам түсінбей қалуы мүмкін. Ал өз орнымен жасалған кідіріс, айтар ойды өз мағынасында бере алады.

Жазуда кідіріс орнын тыныс белгілері ажыратып отырады. Осыған орай кідірістің екі түрін айтуға болады. Оның біріншісі сөйлем аяғында болатын нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі, көп нүкте болса, ал екіншісі сөйлем ішінде қолданылатын үтір, нүктелі үтір, қос нүкте, көп нүкте, сызықша, кідіріс-қысқа, ұзақ, орташа болып бөлінетіндігі белгілі. Ол сөйлеу процесінің эмоциялық, экспрессивті бояуларына байлансты болады. Көбінесе қысқа кідіріс жазуда үтір арқылы беріліп, ал сызықша ұзақ кідіріс екендігін байқатады. Еркін сөйлеу кезінде физиологиялық, эмоциялық, хезитациялық, ситуациялық, интеллектілік және вокалданған кідірістер кездеседі. Өйткені дайындықсыз сөйлеу, бір сәттің ғана туындысы болғандықтан, сол сәтте ойлап сөйлеу мен көңіл-күйінің әсері күшті болады.

Бұл зерттеуде ең ұзақ кідіріс сөйлем ортасында да, соңында да байқалып отырады. Көбінесе сөйлем ортасындағы кідіріс хезитациялық кідіріс екендігін байқатып отырады. Хезитацияылық кідіріс – келесі синтагманы ойлауы үшін, фразаның соңын, нәтижесін байқау үшін қажет. Әсіресе вокалданған кідірістер (ым, ы...ы) сөйлеу актісінің арасы үзіліп қалмау үшін жасалады. Өйткені сөйлеуші дайындықсыз болғанықтан, өз ойын іштей қорытып, келесі айтар сөз қабылдаушыға түсінікті болуын көздеп отырады. Яғни прагматикалық жағынан қабылдаушыға қатысты сөздерді іздеу барысын көрсетеді. Мысалы: «Жарнама деген...» (114мс), «қазақ тілқоғамдарының жұмыстарын...» (115мс), «қалалық тіл басқармалары ...» (115мс), «өздөрүнің ұсыныстарын еркін айтатын...» (160мс), «мына тіл басқармаларындағы...» (110мс), «қазіргі гез өзгеше...» (105мс), «заңды түрде талап етіп...» деген синтагмадан кейінгі кідіріс ұзақ деңгейдегі тиянақсыз интонеманы құрап, хезитациялық кідіріс негізінде жасалып, келесі синтагмадағы айтылар ойды іздеу барысын көрсетеді. Ал «соның себебі неде?»(110мс), «шенеулік мырзалар отырған жоқ па?» (150мс) – деген синтагмалардан кейінгі эмоциялық кідіріс адресанттың сұрақ беруі арқылы қабылдаушыға сер етуін, жауап күту негізінде жасалғандығын байқатады. Ал «айтқаңгездерім де болт» (110мс), «бастау герек қой» (120мс), «айтуына болат», «артық ғызмет атқару(ы)герек» (145мс) деген синтагмалар сөйлемнің аяқталғандығын көрсетіп, физиологиялық кідіріс арқылы тиянақты интонемамен жасалған. Сөйлеу актісінде хезитациялық вокалданған кідіріс жиі кездесіп, дайындықсыз сөйлеудің нәтижесінде туындайтындығын көрсетеді. Мысалы: «ы-а мынау» (110мс), «осындай ы-ы ғателіктер гездескен гезде» (55мс), «қаншалықты осы тілге жанашырлық танытып жатқанын ғайдам ым-ым» (65мс), «бірақ, қазақ тілі қоғамындай ы-ы» (40мс), «ы-ы гөрдіңіз ба?» (40мс) т.б. – деген сияқты синтагмалар арасы үзіліп кетпес үшін вокалданған кідіріс жасалып, келесі синтагмадағы айтар ойын жинақтау мақсатында екендігі байқалады. Бұл – дайындықсыз еркін сөйлеуге тән құбылыс.

Сонымен бірге хезитациялық кідіріспен қатар жүретін синтагма мен сөйлем аралығында физиологиялық кідіріс көп кездесіп отырады. өйткені сөз ағынында сөйлеуші тыныстау үшін кідіріс жасап отырады. Бірақ кез – келген жерге кідіріс жасау, сөйлеу сөзінің мазмұнына әсер етіп, айтар ойын нақты өз дәрежесінде жеткізе алмай, ойы шашыраңқы болып кетуі де мүмкін. Ондай жағдайда қабылдаушы түсінбей қалады. Сондықтан да сөз ағынындағы синтагмалар арасында болатын қысқа кідірістер өз орнымен жасалуы тиіс. Мысалы: «мәселе боп // отұр», «осы // сияқты тағы», «үлкен // біршабытпен» - десек түсініксіз болып қалары анық. Сол себепті кідірістің сөйлеу кезінде атқарар ролінің маңызды екендігін баса айтуымызға болады.

Ал енді келесі интонацияның компененті – сөйлеу қарқыны болып табылады.

Қарқын – сөйлеу кезіндегі айтар ойдың маңызды және маңызсыз тұстарын ажыратуға септігін тигізетін, ұзақтылық сияқты уақытқа қатысты шамасы. Яғни сөз ағымында қарқын, сөйлеу жылдамдығын білдіріп отырады. Әсіресе, қарқынның баяулауы мен жылдамдауы дайындықсыз еркін сөйлеу кезінде анық байқалып отырады.

Қарқын көбінесе әуенмен, дауыс диапазонымен бірлесіп қызмет етеді. Өйткені қарқыны баяулаған сайын, дауыс диапазоны кеңейе түседі, ал керісінше жылдамдаған сайын тарыла түсетіндігі белгілі. Сөйлеу кезінде қарқынның жылдамдауы мен баяулауы коммуникативтік түрлерімен, оның мазмұнымен және эмоциялық реңкімен тығыз байланыста болып, жалпы сөйлеудің өз деңгейінде өтуіне септігін тигізіп отырады.

Біздің эксперименттік зерттеуден байқағанымыз, сөйлеу кезінде мағынасы зор, маңызды тұстары баяулау қарқынмен ерекшеленеді. Мысалы: «Жарнама деген» (22мс), «ондай да гездесет» (21мс), «фото кужат деп» (22мс), «осындай ғателіктерді» (20мс), «шын мәнінде өзі» (21мс), «әргім өз от басынан» (24мс), «енді бізде тағы бір» (24мс), «үлкен бір шабытпен» (23мс), «ол сол гездегі жағдаймен» (22мс), «өздерінің аумағында» (21мс), «бұл баяғы гезден» (25мс), «бұрынғыдай бос айхай» (21мс), «рахмет!» (25мс) – деген синтагмалар баяу айтылып тұр. Әсіресе, «Ұлттық тілімізді» (27мс), «Мемлекеттік тіл туралы айтыс өткізілт» (25мс), «Тақтайшалар бар, маңдайшалар бар» (25мс) – деген синтагмалар өте баяу қарқынмен айтылған. Бұнда негізгі тақырып, адресаттың көпшілік қауымға арнап отырған мәселесі – қазақ тілінің мән-жайы екендігін таныту болып отыр. Сондықтан да осы синтагмаларды арнайы баяу қарқынмен айтып, көпшіліктің мән беруін көздейді. Сөйлеу кезінде бұйрықты мен лепті сөйлемдер баяу да салмақты айтылады. Әсіресе бұйрықты сөйлем интонемаларын сыпайы мен қатал деп бөліп қарап, қатал бұйрықпен айтқанда, оның тек қабылдаушыға жетіп қана қоймай, оның орындалуын талап ететіндігі байқалады. Сондықтан да сөйлеу кезінде қатал бұйрық интонемалары жалтаруға болмайтын, орындалуы қажет екендігін бұйыру арқылы береді. Мысалы: Оны тексеру керек! – синтагмасы арқылы адресант адресатқа қатал бұйрықпен ой сала отырып, талап етеді.

Ал лепті сөйлем интонемалары арқылы көрінетін «Рахмет! (25мс)» - деген бір синтагмадан ғана тұратын сөйлеу актісі баяу қарқынмен ерекшеленеді.

Сөйлеу кезінде прагматика арқылы пайда болатын экстралингвистикалық факторларға (ақиқат не жалғандығын ажырату мақсатында) сүйене отырып, логикалық пресуппозиция танылады. Сонымен қатар сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы ой түсінікті болу үшін, яғни түсінісу үшін де білім аясы қажет. Сол себепті интонация мен прагматиканың қатар жүріп қызмет атқаратындығын айтуымызға болады. Әсіресе қарқынның күшеюі мен азаюы сөйлеу кезінде маңызды, маңызсыз тұстарын ажыратады. Оны біз талдау барысында көріп отырамыз. Мысалы: «Мына тіл басқармаларындағы қызметкерлер қаншалықты осы тілге жанашырлық танытып жатқанын ғайдам. Бірақ қазақ тілі қоғамындай жұмыс атқарылмай жатқан сияқты (31см)» - деген сөйлеу актісінде сөйлеушінің негізгі мақсаты өз көзқарасын білдіріп, көз жеткізу, тыңдаушының ойын білу екендігінде, және тыңдаушының арасындағы қатынасты үзбеу үшін қарқынын баяулата түскендігі байқалады. Әрі сөйлеуші өз пікірінің шын, не жалғандығына көз жеткізуді ойлайды. Сондықтан да бұл синтагма өте баяу қарқынмен беріліп отыр. Зерттеуден байқағанымыз санамалау интонациясы арқылы жасалған синтагмалар біресе баяулап, біресе жылдам айтылған. Мысалы: «Әргім өз от басынан (24мс), өзінің жеке басынан (16мс), «ұлттық тілімізді (27мс), әдебиетімізді (12мс)» - деген синтагмалар біресе баяулап, біресе жылдамдау арқылы маңызды тұстарын айқындап береді. Сонымен қатар сөйлем басында қарқын жылдамдап, ал сөйлем аяғына қарай бәсеңдей түскен.

Біздің келесі интонацияның компоненті – дауыс диапазоны.

Дауыс диапазоны негізінде негізгі тонның жиілігімен қатар жүріп,

әуеннің кеңдігі мен тар деңгейін анықтап, ажыратып отырады. Біз көбінесе дауыс диапазонының кеңдігін сөйлеу барысында байқап отырамыз. Әсіресе дауыстың кең шығуының адамға әсері күшті болады. Өйткені естілу барысында жағымды әсер береді. Оны біз жәй айтылған сөз бен әндетіп айтылған сөзің арасындағы айырмашылығынан байқауымызға болады. Әсіресе дауыс диапазонының кеңдігі эмоциямен тығыз байланысты болып келеді. Демек, ұранмен айтылған сөздердің, лепті сөйлемдердің дауыс диапазоны көлемді болып келетіндігін білеміз. Дайындықсыз сөйлеу актісінде А.М.Пешковскийдің «Теңелту заңына» сәйкес грамматикалық тәсіл көмескіленіп, интонация арқылы дауыс диапазонының кеңеюі, яғни интонация қызметінің күшеюі байқалады. Мыс: Сонда ғараңыз?

Дауыс диапазоны үш түрлі деңгейде болып келеді. Олар: кең, тар, орташа. Сөз ағынында синтагмалардың маңызды, маңызсыз тұстарын ажыратуда дауыс диапазонының атқарар ролі өте үлкен. Әсіресе зерттеуден байқағанымыз, қыстырма сегменттердің дауыс диапазоны өте тар деңгейде көрініп отырады. Мысалы: «Жаңайтпақшы» (0пт) – деген синтагманың дауыс диапазоны өте тар деңгейде көрінеді.

Зерттеу барысында дауыс диапазонының кеңдігі мазмұнымен байланысты екені анық байқалады: Мысалы: «Шужиктар деп жазып ғойыпты» (9пт), «біраз жұмыс істелген сияқты» (10пт), «шешіліп жатат» (8пт), «айталмайм» (10пт), «осындай да да біз» (8пт), «мәселелердің біреуі» (8пт) – деген синтагмалар кең диапазонмен айтылып, маңызды тұстарын анықтап береді. Сондықтан да сөйлеу барысында, негізгі айтылар ой ерекше кең дауыс диапазонымен беріліп отыр. Сөйлеу кезінде көбінесе өте еленбейтін, маңызсыз деп тапқан синтагмалар тар диапазонмен көрінеді. Мысалы: «Мәселен», «немесе мынадай жарнама», «кейіндері», «мәселен ол гезде», «сол гезде», «осы мынау», «бұ кісілер», «жаңағы өзіңіз айтпахшы», «бұл баяғы гезден», «деген сияқты мысалдар арқылы» - синтагмалары 1пт-мен айтылған. Өйткені сөйлеуші бұл синтагмаға мән бермей, мағынасының көмескілігіне байланысты, семантикалық салмағының негізгі мағынаға қосымша ғана қызмет атқаратындығын байқатып отыр. Яғни дауыс диапазоны негізгі тон жиілігінің ең үлкен (кең) мен ең кішкентай (тар) көрсеткішін бақылап, айтылар сөздің эмоциялық жағынан жағымды, жағымсыз жақтарын ажыратып, мағынасы зор мен мағынаның көмескілігін анықтап отыратын компоненттерінің бірі болып келеді.

Осы компоненттердің ішіндегі өте аз зерттелгені даусы реңкі (тембр) болып табылады. Дауыс реңкі – бұл адамның эмоциясымен тікелей байланысты сабақтасып жатқан компонент. Әсіресе басқа компоненттерінен ерекшелігі – оның таза мағыналық ролінің болмайтындығында. Ол тек қуаныш пен реніш, ирония, ашу, мысқылдау т.б. сияқты көңіл-күйдің белгілерін ажыратып береді. Сондықтан да дауыс реңкі интонацияфға қосымша мән үстеп, эмоциялық мазмұнын беруге қатысады. Әсіресе тембр одағайларда көрініс табады. Интонацияда одағайдың ролі жөнінде айтқан Ш.Сарыбаев: « Одағай категориясы басқа сөз таптарымен салыстырғанда әуезділік, ырғақ, эмоциялық құбылмалыққа, интонацияға өте бай категория. Олар көркем шығарма тілінде (әсіресе диалогтарда) көп кездеседі...Одағай құрамындағы кейбір дыбыстарыдң созылыңқы, ерекше интонациямен айтылуы – сол одағайлардың мағынасын күшейту мақсатымен байланысты. Мыс: Әттеген-е-е-е! Бәрекелде-е-е-е! Сөйтіп, кейбір көп мағыналы одағайларыдң мағынасының құбылуы олардың айтылу мелодикасына, интонациялық ырғаққа байланысты болады» дейді. Яғни тембр арқылы одағайдың эмоциялық құбылмалығы, интонацияға бай екендігі көрініп, тоналды диапазоны кең болып келеді.

Дауыс реңкі көбінесе көркем әдебиет стилінде, ауызекі сөйлеу стилдерінде көрінеді. Ал публицистикалық, ғылыми стильдерде көп байқала қоймайды.

Эксперименттік зерттеуде мысалы, «Осы сияқты тағы «фото кужат» деп жазып ғойған жерлер болт, соларға тікелей гіріп айтсам «сеңгімсің? дейт» - деген сөйлемде эмоция байқалады. Өйткені қазақ тілінің осындай қате жазылған жарнамалар мен маңдайшаларын көріп, іштей күйініп сөйлеуі оның эмоциясына әсер етеді. Бірақ, адресат кейіннен сол маңдайшаларды түзеткендігін, мақсатына жеткендігін иллокутивті актіден, перлокутивтік актіге өткендігін көрсетеді. Яғни сөйлеу кезінде прагматика тілодік таңбаларды жетакізуді көздесе, ал интонация қалай жеткізу керек екендігін бақылап, сөйлеу арқылы біріне – бірінің ықпалы күшейе түседі.

Прагматикааның негізінде жасалатын тілдік таңба әр түрлі функцияларды, қандай мақсатта пайдаланатындығына байланысты қолданады. Ал сөйлеу кезінде бір нәрсені сипаттау және өабарлау, адам бойындағы сезімі, көңіл-күйі қатар беріліп отырады. Сол себепті прагматика – ең алдымен психолингвистикалық, социолингвисатаикалық аспектіні меңгеру арқылы тілдік таңбаны қолданатын теория. Яғни прагматика арқылы коммуникативтік акт жүзеге асып, ал интонация бірліктері өз мағынасында жеткізуде маңызды қызмет атқарады.

Зерттеу жұмыста байқалғаны, интонацияның әуені мен қарқыны, кідірісі, дауыс диапазоны – сөйлеу кезінде айтар ойдың маңызды, маңызсыз тұстарын ажыратып беретін болса, ал үдемелік логикалық екпін түсіп акценттелу арқылы ойдың тұтастығын көрсетеді. Ал дауыс реңкі адамның эмоциясын, көңіл-күйін көрсетіп, жағдаятқа байланысты әр түрлі сипат алады.

Қорытындылай келе, интонация прагматикалық мақсатты орындауда ерекше қызмет атқаратын құбылыс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет