Тақырыбы: Интонация компаненттерінің қызметі Мазмұны Кіріспе


Интонация және оның компоненттерінің сөйлемдегі қызметі



бет2/4
Дата30.06.2016
өлшемі0.5 Mb.
#168216
1   2   3   4

Интонация және оның компоненттерінің сөйлемдегі қызметі.
Жоғарыдағы берілгендерден жұмыста синтаксис мәселелері қарастырылатын сияқты көрінуі мүмкін. Әрине, интонацияны синтаксистен тыс зерттеудің мүмкін еместігі ақиқат. Бірақ зерттеудің мақсаты интонацияның тілдің дербес деңгейі ретіндегі синтагмалары өзара тығыз сематика-синтаксистік байланыста қолданылған фразаларды қарастыру. Осы мәселеге, сонымен бірге интонация компоненттерінің сөйлемдегі қызметтеріне біраз тқтала кету құрыс болады. Соңғы еңбектерде аталмыш құбылыс тілдің дербес деңгейі ретінде интонология саласында қарастырылып жүр. Құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты интонация сөйлемді құрмаластырудың бір тәсілі ретінде алынып жүр. Әрине, интонация синтаксиске тікелей қатысты құбылыс. Бірақ бұлай деп айтпас бұрын, сөйлемнің интонациясыз коммуникативтік қызмет атқара алмайтынын ескеру керек сияқты. Осы мәселе жайында К.Л.Цеплитис былай дейді: «При определении интонации ссылка на проедложение, и вообще на синтаксические явления возможна лишь в таких лингвистсческих системах, где последние толкуются без привлечения понятия интонации». Сөйлем ауызекі тілде (устная речь) тек интонация арқылы өңделіп, аяқталған ойды, сөйлеушінің хабарға қатысын білдіре алады.

Демек, интонация – лингвистикалық зерттеуді қажет ететін, өзіндік мағынаға ие бірліктері бар, дербес деңгей ретінде қарастырылатын күрделі құбылыс.

Интонацияның тілдік құбылыс екенін оның атқаратын қызметтері дәлелдей түседі. Бұл мәселені әр ғалым әр түрлі шешіп, оның түрлі қызметін көрсеткен. Жұмыста Л.Р.Зиндердің топшылауын ғана қарастыру дұрыс саналды. Ғалым интонацияның қызметтерін коммуникативтік және эмоционалдық деп аталатын екі үлкен аспектіде көрсетеді. Интонацияның коммуникативтік қызметіне: 1) сөзді сөз бөліктеріне жіктеу, 2) сөйлемнің коммуникативтік түрлреін ажырату, 3) актуалды мүшелерге бөлу, 4) сөйлемнің аяқталғанын / аяқталмағанын көрсету жатады. Сөйлеушінің айтылған ойға қатысын сөйлемнің мазмұнын өзгертпей-ақ интонация арқылы бере алатыны оның эмоциялық қызметіне негіз болады. Мысалы, Қыс келді деген сөйлемді интонацияның ғана көмегімен әр түрлі эмоцияда айтуға болады.

Егер интгнациян тілдік қызметі болса, ол тілдің қай деңгейіне қатысты қарастырылу керек? Бұл сауалға жауап іздеген ғалымдар аз емес. Олардың бірі – интонацияны дыбыстық құбылысқа негізделіп, өзіндік қызметтері болған соң, фонологияға қатыстырса (С.И.Карцевский), екіншілері синтаксистің бір тәсілі ретінде түсіндіреді (А.М.Пешковский). бірақ соңғы жылдары интонацияға жаңа көзқарас қалыптасты. Интонацияның фонологиялық деңгейге үйлеспейтін құбылыс екенін оның соңғы 20-30 жылдың ішінде анықталған бірліктерінің сипаты дәлелдей түсты. ХХ ғасырыдың екінші ширегінде бұл мәселенің бір жағы Н.С.Трубецкойдың еңбектерінен көрінген болатын. Егер фонологияның бірлігі фонеманың тұрпат межесі ғана болып, ол өздгінен еш мағынаны бермейтін болса, интонемаларыдң тұрпат межесі де, мазмұн межесі де бар. Сондықтан олар таңба бола алады. Ал интонацияны синтаксиске байлаулы, тек соның құралы ретінде көрінеді деп санайтын ғалымдар интонация бірліктерінің сөйлемде ғана ажыратылатынын арқау етеді. Бұл әрине дұрыс: интонацияның бірліктері белгілі бір семантика-синтаксистік қатынастағы сөз бөліктерінде көрінеді. Бірақ олардың предикаттық қатынаста немесе грамматикалық тұлға арқылы жасалуы барлық жағдайда да міндетті емес. Мысалы, - Кім келді? – Айжан. – Айжан? деген диалогтағы соңғы сөйлем сұраулы. Бірақ оынң коммуникативтік түрі синтаксистік емес, интонациялық тәсілдер арқылы белгілі болып тұр. Тағы бір мысал – Мынау қандай әріп? – «А». Бұл мысалдағы оқушының жауабы сөйлем категориясына жатады ма? Қалай болғанымен де, осы бір әріптен ғана тұратын сөз бөлігі аяқталған хабарлы ойды беретін сөйлем ретінде тек интонация арқылы өрнектеліп тұр.

Сонымен, интонацияны фонология мен синтаксис саласында емес, бөлек қарастырып, зерттеу қажет екені көрінеді. Бұл тұрғыда интонология деп аталатын тіл ғылымындағы жаңа саланы айтып кету керек. Интонология интонацияны басқа тілдің деңгейлері қатарында дербес етіп алып зерттейді. Интонация – тілдің сегменттік деңгейінің үстінен параллель келіп жататын суперсегменттік деңгей деп түсіндіріліп жүр. Бұл жерде просодика мен интонацияның арасын ажыратып алу керек. Себебі екеуі де суперсегменттік деңгейді құраушы құбылыс, бірақ олардың арасында үлкен айырмашылық бар. Просодика интонациядан кең ұғым. Ол фонемадан үлкен барлық бірліктердің фонетикалық сипатын қамтиды. Ал интонация – қарапайым сөзбен айтқанда тек «синтагма мен сөйлемнің просодикалық құрылуы тәсілдері болып табылады». Сонымен бірге просодиканың бірліктеріне интонацияны құраушы жеке компоненттердің өзгерістері негіз болады, мысалы, тонема (әуен), акцентема (интенсивтілік), хронема (ұзақтлық). Сонымен бірге олар сөз бөліктерінің просодикалық ұйымдасуының құралдары ғана, ал интонация ұғымына мазмұндық аспектінің де жататыны белгілі.

Интонацияның тілдік жүйедегі орны – арнайы тоқталуды қажет ететін мәселенің бірі. Жұмыста интонацияны тілдік деңгей деп көрсететін интонолог-ғалымдарыдң ой-тұжырымдары басшылққа алынды. Мұны тілді қолданушының санасында қалыптасқан интонацияның таңбалық қасиеттегі бірліктерінің – интонемаларыдң болуымен түсіндіріп, дәлелдеуге болады. Бірақ бұған қарамастан, интонацияның тілдік статусы шешімін күткен даулы мәселе қатарында қаралады. Дау туғызып жүрген – интонеманың басқа тілдік деңгейлер бірліктерінен ерекшелігі. Тілдік жүйеге кіру үшін тілдік деңгейдің ең кіші бірлігі басқа деңгейдің бірлігінен құралып, сапалық жаңа единица жасалу керек және де ол единица өз кезегінде келесі деңгейдің бірлігін құраушы болу керек екені анық. Мысалы морфема фонемадан құралады. Бұл жерде, әрине, ол фонемалар жиынтығы емес, сапалық жағынан жаңа бірлік. Бұл тұрғыда мағыналық және тұрпаттық көріністері болған соң интонемаларды морфемаға, ал оларды құраушы просодемаларды тек тұрпаттық көрінісі бар фонемаға ұқсатады. Міне, осы тұста интонемаларыдң ерекшеліктері көрінеді: интонемалардың құраушы просодемалар морфемаларды құраушы фонемалар сияқты басқа деңгейдің емес, сол бір ғана суперсегменттік деңгейдің бірліктері. Сонымен бірге интонацияның кей жағдайда грамматикалық тәсіл ретінде жұмсалуы («принцип замены», өтем заңы) болмаса, оның ажырататын мағыналары көбінесе сөзге қатысты және де жоғарыда сөз болғанындай интонация тек сөйленімде көрініс табады. Ал сөйленім тілдік бірлік пе, сөз бірлігі ме, егер сөз бірлігі болса, онда оны тілдік деңгейге енгізу дұрыс деген пікірмен келісу керек пе, жоқ, әлде соңғы жылдары өріс алған үрдіс бойынша оны тілдік те, сөздік те құбылыс қатарына жатқызбай мәтін лингвистикасының аумағында қарастыру керек пе деген сауалдар («фразовая интонация не входит в систему языка в качестве одного из его уровней, а<…>является одним из трех типов средств, создающих высказывание. Эти средства осуществляют коммуникативные установки – категории грамматики текста» осы күні тіл білімінде өз шешімін күтіп тұр.

Зерттеу тақырыбының аты жоғарыда айтылған интонацияның сөйлемге емес, сөйленімге (высказывание) тән болатыны жайындағы ойларға қайшы келіп тұрғанын байқау қиын емес. Мұның өз себептері бар. Біріншіден, қазақ тіл білімінде әлі күнге дейін лингвистика мәселерін тілдік (абстрактылы), сөздік (речевые) деп екі жақты бөліп қарастыру берік орнықпаған, осыған орай соңғысына қатысты терминдер жүйесі сараланып болмаған. Жұмыстың «Қосқұрамды құрмалас сөйлем интонациясы» деп аталуының тағы бір үлкен – екінші себебі болмаса, бұлай деп айту, эрине, даулы мәселеден қашудың жолы сияқты болып көрінер еді. Ол зерттеудің негізгі мақсаттарымен тікелей байланысты: жұмыста интонация сөз (речь) аясында емес, тілдік деңгей ретінде қарастырылады, сонымен бірге қазақ тілінің құрмалас сөйлемдерінің синтаксисте сараланған әр бір түрінің өзіндік интонациялық суреті болмайтыны экспериментті түрде дәлелденіп, сол арқылы интонацияның барлық жағдайда (құрылымдық) синтаксиске байлаулы емес екені көрсетілу керек, сондай – ақ глобальдық әдіс қолданыла отырып, екі синтагмалы сөз бөлігіндегі интонемалардың ара қатынасын қарастырылады. Ал екі синтагмалы болып құрмалас сөйлем ғана емес, жай сөйлем де жіктеле алады, бірақ ол сөйлемнің мағынасына қарай, айтушының сөйлемді беруіне қарай әр түрлі болуы мүмкін, мысалы, Балапан торғай ұясында жатыр деген жай сөйлемді әр түрлі беруге болады: Балапан / торғай ұясында жатыр, Балапан торғай/ ұясында жатыр. Бұлай бөлшектеуде қандай негізге сүйену керек екені бұл күнге дейін анықталмаған мәселелердің бірі. Міне жай сөйлемдердің зерттеуге қолайсыз болғаны осыған байланысты; ал зерттеу нысанындағы құрмалас сөйлем құраушы бөліктерінің ара жігі барлық жағдайда да жалғаулықтар немесе предикаттық мағынадағы сөздер арқылы анықталып тұрады. Сондықтан айтылымда құрмалас құрамындағы жай сөйлемдер арасы әрдайым пауза арқылы бөлініп, синтагмаларға топтасуы синтаксистік және мағыналық мүшеленуімен тұрақты түрде сәйкес келіп отырады.

Қорыта келе, интонацияны дербес қарастыру – оны тілдің басқа деңгейлерімен байланысы жоқ, өздігінен өмір сүретін құбылыс деп түсінуге болмайтынын, просодика фактілері сөйлеу тілінің сегменттік деңгейіне параллель келіп, сегменттік жүйе интонацияның физикалық негізін құрайтынын айтып кеткен орынды. Демек, просодикалық құрылымның сегменттік құрылымдағыдай өзіндік иерархиясы, бірліктері бар; олар сегменттік деңгей бірліктерінің үстінен өрнектеліп қана көрінісін табады. Бұдан интонация мен сегменттік фонетиканың тығыз байланысы байқалады.

Сонымен, жоғарыда сөз болған жайттарды қарастыру үшін Қ.Есеновтың топтастыруындағы құрмалас сөйлемдердің барлық мағыналық түрлеріне бір-бір мысалын алып, солар бойынша жүргізілген инструменттік эксперименттің нәтижелеріне жүгіндік.

Зерттеудің практикалық жағын құрайтын экспериментте қазақ көркем әдебиетінен жинақталған материалдар екі диктордың оқылымында таспаға жазылып, олардың ішіндегі қос құрамды құрмалас сөйлемдер талданды. Келесі кезекте негізгі тон жиілігінің, интенсивтіліктің, ұзақтылық пен паузаның физикалық берілгендерінің сандық өлшемдері анықталды. Осы ретте интонация компоненттерінің әрқайсысының тілдегі атқаратын қызметінің негізінде жұмыста маңызды болып саналатын релевантты параметрлері белгіленіп алынды. Мысалы, белгілі бір мағыналық маңыздылықты меңзейтіндіктен, синтагма ішінде интенсивтіліктің ең жоғары мәндерімен ерекшеленген сөздер интонацияға тікелей қатысты саналды, ал синтагманың соңғы немесе оның алдында тұрған буынының ұзақтылығы синтагмалық (ритмикалық) екпінінің көрсеткіші болғандықтан, жұмыста айрықша маңызға ие болмай, арнайы қарастырылмады. Себебі ол сөз бөліктерінің ритмикалық топтар мен синтагмалардың ара жігін айқындаушы конститутивтік просодикалық құрал. Сонымен, берілген сандық деректерге сүйене отырып, әрбір сөйлемдегі интонация компоненттерінің әрқайсысының өзгерістеріне талдау жасалды. Төменде интонацияны құраушы осы негізгі компоненттерге қысқаша тоқталып өтеміз.

Интонацияның ең басты компоненті - әуен акустикалық тұрғыдан дауыс негізгі тоны жиілігінің өзгерісінен тұрады. Берілген сөз бөлігінің (речевой отрезок) негізгі тон жиілігінің ең жоғары және ең кіші мәндерінің айырмасы тоналды диапазон ұғымын береді. Сөз бөліктері маңыздылығы мен диапазоны арасындағы байланысты З.М.Базарбаева төмендегідей анықтады: «Эмоциялық мағыналы сөйлемдердің тоналды диапазоны көбінесе көлемді сипатта болып келеді. Бұған лепті сөйлемдердің тоналды диапазоны жатады. Мысал ретінде түрлі ұрандарды келтіруге болады. <...> Сөйлемнің ішіндегі қыстырма сөз болсын, тіпті үлкен қыстырма конструкциялар да, бәрі бірдей өзінің диапазонының көлемсіздігімен сипатталады. <...> олардың мазмұнының қосымша ғана информация беріп тұрғаны айқын байқалады». Сонымен қатар сөйлемнің құрылымды-коммуникативтік типтерінің әрқайсысының тоналды диапазон мәндері ерекшеленеді. Хабарлы сөйлемдер диапазоны – тар, сұраулы сөйлемдерде – орташа болса, лепті сөйлемдерде кең көлемді болып келеді. Екі тонның интервалы ең жоғары жиіліктің кішісіне қатысымен анықталады. Егер бірінші тұрған синтагма жілігінің соңғы нүктесінің мәні екіншісінің бастапқы нүктесі мәнінен кем болса, тоналды интервалы болымды, ал артық болса, болымсыз болып табылады. Сонымен, екі синтагманың алғашқысы тиянақты әуен контурымен өрнектелсе, олардың интервалы болымды, ал тиянақсыз контурмен берілсе, болымсыз болады. Тиянақты әуен контурымен көбінесе сөйлемнің соңғы синтагмалары немесе басқаларынан семантикасинтаксистік жағынан дербес тұрған бөліктері сипатталады. Тиянақсыз әуен хабарлы сөйлемдердің алғашқы синтагмаларына тән болып келіп, ойдың аяқталмағандығының белгісі ретінде көрінеді, әйтпесе жалпы сұраулы сөйлемде дауыс көтерілгенін білдіріп тұрады.

Әуеннің негізгі лингвистикалық қызметіне бүтін мәтінді (бұл паузаның да қызметтерінің бірі) синтагмаларға, ритмикалық топтарға, сөздерге бөлуі (мысалы, синтагмалар ара жігі әуен контурының өзгеруімен анықталады); сонымен қатар осы бөліктерді бір бүтін етіп байланыстыруы (синтагма соңында тонның көтерілуі немесе сәл бәсеңдеуі көбінесе ой аяғы бар екенін, келесі сөз бөлігінің берілген бөлікпен тығыз мағыналық синтаксистік қатынаста екенін білдіреді); сөйлемнің коммуникативтік типтерін ажыратуға қатысуы (сұраулы сөйлемнің негізгі тон жиілігі көбінесе көтеріңкі, болмаса бәсең-көтеріңкі, ал хабарлы сөйлемдікі көтеріңкі-бәсең контурмен ерекшеленеді); басқа интонация компоненттерімен бірге сөйлемдегі, синтагмадағы мағынасы маңызды сөзді айқындауы жатады.

Интенсивтілік немесе дыбыс күші деп дыбыс ағынының тығыздығын, яғни белгілі бір уақыт аралығында дыбыстың таралу бағытына перпендикуляр келетін аудан көлемінен өтетін энергия мөлшерін айтамыз. Оның өлшем бірлігіне децибелл алынады. Бұл интенсивтіліктің физикалық сипаты. Акустикалық тұрғыдан интенсивтілік басқа интонация компоненттерімен бірігіп (әуенмен) дауыс қаттылығының негізін құрайды. Интенсивтіліктің негізгі тілдік қызметіне сөйлемнің ішіндегі бір сөзді даралауы жатады. Фонетикалық ерекшелеу екпінмен тығыз байланысы болғандықтан, Л.Р.Зиндер интенсивтілік жайында сөз қозғағанда негізінен екпінге тоқталған. Ол сөз екпінінен басқа сөйлем ішінде болатын ой екпіні, синтагмалық, эмоциялық екпіндер мен олардың орны жайында айта келе, екпіннің бұл түрлері тек фразалық – сөйлеу ритмін құраушы екпін ішінде ғана іске асатынына көңіл аударды. Мұндағы синтагмалық екпін синтагманың соңғы буынына түседі де, оны мағыналық, фонетикалық тұтастық ретінде көрші синтагмалардан бөліп тұрса, ой екпіні сөйлемді актуалды мүшелеуге қатысып, логикалық предикатты, реманы анықтап отырады. Бұлардың алғашқысы сөйлемде міндетті түрде кездеседі, себебі онсыз синтагма мағыналық бүтін ретінде көріне алмас еді. Ал соңғысы тілдік немесе контекстік жағдайлар қажет еткен кезде қолданылады. Интенсивтіліктің эмоциялық ерекшелеуге қатысуы эмоциялық екпін арқылы іске асады.

Фразалық екпін Л.Р.Зиндердің анықтауы бойынша интонацияның бір элементі болып табылады: «В потоке речи ударные слова включаются в ткань интонации как ее элемент. В этом смысле его можно назвать фразовым ударением. Оно накладывается на тот или иной интонационный контур, внося определенное разнообразие в его рисунок. Именно фразовое ударение образует ритм речи». Бұған қатысты Л.К.Цеплитистің ойы жоғарыдағы пайымдаулардан өзгеше берілген ол интенсивтіліктің интеллектуалды қызметіне сөздің маңызды бөлігін ерекшелеуін алған (сөйлемнің мағынасы жағынан маңызды сегменттерде интенсивтілік өсе түседі). Автор интонацияның бұл компонентінің валюнтативтік қызметіне бұйрықты сөйлемдердің интенсивтілігінің үлкен болуын, ал эмоциялық қызметіне айтушының көңіл-күйіне қарай оның мәндерінің өзгеруін жатқызады, сонымен бірге синтагманың интенсивтілік сызығының бойында жоғары мәнде тұратын сөздің болуы шартты жағдай деп көрсетеді. Л.Р.Зиндер иеиреация элементтерінің бірі ретінде – фразалық екпінді, ал Л.К.Цеплитис – ой екпінін алғанын көреміз. Латыш зерттеушісі интонациялық мәні қолданыста ашылатын ой екпінін сөздердің ара жігін белгілеп, оларды мағыналық топтарға біріктіріп тұратын синтагмалық екпінмен салыстыра отырып, екі екпіннің әр түрлі тұрғыдағы (план) құбылыстар екенін ашып көрсетеді. Автор зерттеу мақсаты сөз бөліктерінің конститутивтік құрылымымен байланысты болса, синтагмалық екпінге тоқталу керек те, талдау нысаны интонация болған жағдайда, тек ой екпінін қарастыру керек деп қорытады. З.М.Базарбаева интенсивтіліктің келесі ерекшеліктерін анықтайды: «Дауыстылар неғұрлым синтагманың аяғына жақын тұрса, олардың интенсивтілігі соғұрлым азая түседі. Бұл жағдай сөйлемдегі интенсивтіліктің жалпы контурының жоғарыдан төмендейтінін көрсетеді. Егер де осы жалпы контурдың сызығында акценттелген сөздер болса, олар сонымен байланысты күшейеді. Сондықтан сөздің акценттелуі мен интенсивтілігінің арасында тығыз байланыс болады. <...> Бірақ <...> сөздің логикалық акценттелуіне әсер ететін басқа да фонетикалық тәсілдер бар. Оларға тонның көтерілуі мен ұзақтылық жатады». Бұл ойдың негізіне интенсивтіліктің интонациялық мағынаға ой екпінмен байланысы жайында айтылмаған. Мұның себебі тіліміздің ритмикалық құрылысының ерекшелігінде жатыр. Қазақ тілінде орыс тіліндегідей әр бір сөзге түсетін екпін жоқ, сөздер француз тіліндегідей ритмикалық топтарға бірігіп, олардың соңғы буындарына ритмикалық екпін түсіп отырады. Мұны алғашқы болып А.Байтұрсынұлы айтып кетсе, Ә.Жүнісбеков тіліндегі екпіннің осы ерекшелігін экспериментті түрде дәлелдеп, оның физикалық сипатын анықтады. Сонымен синтагмалық екпін синтагманың соңғы буынына түсіп, ол басқаларынан ұзақ айтылады, ал интенсивтілік ой екпінінің маңызды көрсеткіші. Ой екпіні сөйлемнің жалпы интонациялық контуры сызығына әсер ететін негізгі элементтерінің бірі болып табылады.



Ұзақтылық – интонацияның уақыттық компоненті. Сөйлемнің айтылу ұзақтылығы қарқынмен тығыз байланысты.

Сөз ішіндегі бір буынның үлкен ұзақтылықпен айтылуы интонациялық зерттеу үшін барлық жағдайда маңызды бола бермейді. Мысалы, әскер басшысының сапқа: :а тұр бұйрығын созып айтуы әскердің қимылды орындауға жіберетін уақытын ескергеннен туындап, бұл жерде ұзақтылықтың өзгеруіне белгілі бір жағдайдың шарттары себепші болып тұр. Ұзақтылық сөйлеушінің эмоциясы мен кейбір құбылыстар көрінісін білдіруге қатысады. Мысалы, «міне қызы: :ық» немесе «со: :олай деңіз» сияқты тіркестер ішіндегі сөздің бір буынының созылыңқы айтылуы сөйлеушінің көңіл-күйіне қарай бірінші жағдайда таңырқаудың, екіншісінде – мысқылдың белгісі болуы мүмкін. Сондай – ақ, кейбір құбылыстарды көз алдымызға елестету үшін, мысалы, «та: :аудай бол!» немесе әрекеттің ұзақ уақыт аралығында іске асқанын жетізу үшін, мысалы, «кө: :өп күттім», сөздің бір буыны созылыңқы айтылуы мүмкін.

Қазақ тілінің ритмикалық топтарының ара жігін ажыратуға қатысатын интонациялық шамалардың ең маңыздысы ұзақтылық екені белгілі. Ритмикалық топ термині қазақ тіл білімінде ырғақтық топ деп айтылып жүр. Мәселен, Т.Сайрамбаев «Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі» атты еңбегінде сөйлем ішіндегі сөз тіркесіне біріккен сөздердің ырғақтық топ құрап тұратынына назар аударды. Зерттеу жұмысының тілдік материалына қысқартылған қосқұрамды құрмалас сөйлемдер алынғандықтан, олардың синтагмалары көлемі жағынан (кемінде үш буыннан тұратын сөз немесе сөз тіркесі ырғақтық топ құра алады) бір немесе екі ырғақтық топқа ғана жіктеледі. Ал олардың ара жігін белгілеуші универсалды фонетикалық құрал ритмикалық екпін болып табылады. Бұл ұзақтылықтың конститутивтік қызметіне жататын болса, сөйлемдегі ой екпінінінің фонетикалық тәсілдерінің бірінен табылатыны интонациялық қызметін айқындайды. Жұмыста сөйлеу процесіндегі емес, арнайы дикторлардың стилдік тұрғыдан бейтарап сөзі қарастырылатын болған соң, ұзақтылық – эмоциялық немесе экспрессиялық қызметінен емес, конститутивтік қызметінен көрінеді. Сонымен бірге интонацияның бұл компоненті әуен, интенсивтілік мәндерімен бірігіп, ой екпіні түскен буынды ерекшелейді. Бірақ ой екпінінің негізгі көрсеткіші интенсивтілік екені жоғарыда айтылған болатын, сондықтан зерттеу жұмысында оның критерийіне буынның созылыңқылығы емес, мол интенсивтілігі алынады. Сонымен ұзақтылық қазақ тіліндегі ритмикалық топтар мен синтагмаларыдң ара жігін белгілейтін екпінді құраушы құрал ретінде синтагманың, ритмикалық топтың соңғы (соңғының алдындағы) буынында тұрақты түрде көрініп отырады. Осы себептерге байланысты талдау барысында интонацияның бұл компоненті арнайы қарастырылмады, оның өзгерістері жайында әуен мен интенсивтілік өзгерістерінің талдауында баяндалып отырды.

Ұзақтылық негізіндегі интонацияның уақттық көрсеткішіне қарқын жатады. Сөйлеу қарқыны белгілі бір уақыт аралығында айтылған сөз бөліктеір санымен анықталады. Мұндай сөз бөліктері ретінде интонациялық еңбектердің басым көбінде буын алынады. Әрбір адамның өзіндік сөйлеу қарқыны болады, сондықтан интонациялық зерттеулер үшін оның салыстырмалы мәндері маңызды болып табылады. Мәселен, синтагма ішіндегі бір сөздің немесе сөйлем ішіндегі бір синтагманың айтылу жылдамдығын басқаларымен салыстыра қарастыру керек. Экспериментті – фонетикалық зерттеулердің нәтижесінде қарқынның сөйлем мазмұны маңыздылығымен тығыз байланысы анықталды. Сөйлеуші мән берген сөз бөлігін – баяу, ал қалған бөліктерін жылдам қарқынмен айтады. Бұл сөз бөліктері интонациясының синтаксистік бірліктермен қатынасын зерттеушілер олардың барлық жағдайда сәкес бола бермейтінін көрсеткен. З.М.Базарбаева «негізгі сөйлемнің қарқынына қарағанда қыстырма сегменттердің қарқыны жылдам да көмескі болатынын» анықтады. Ал А.Н.Рапанович құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компонентінің көбінесе басыңқыға қарағанда жылдам айтылатынына көңіл аударады. Дегенмен, сөйлеу қарқынының өзгерістері синтаксистік құрылымға емес, негізінен сөйлемнің жалпы мағыналық ерекшелігіне меншікті. Егер құрмаластың бағыныңқы компонентінің мазмұны сөйлеуші үшін маңызды болып табылса, онда ол басыңқыдан баяу қарқынмен айтылады.

Интонацияның бұл компонентінің тағы бір ерекшелігі – көп буыннан құралған сөз бөлігінде үдей түсіп, ал қысқа бөліктерде керісінше, баяулайтыны: «тенденция к удлинению действует с уменьшающей силой при многосложных отрезках, а наиболее яркое е проявление на отрезках из 2-3 слогов».

Сөйлеушінің көңіл-күйімен қарқынның бейнелеуші мағынасының арасында байланыс бар екені белгілі. Мәселен, қарқын өзгерісі арқылы сөз болып отырған оқиғаның, қимылдың жылдамдығын бейнелеуге болады. Сонымен бірге сөз иесі қуаныш немесе ашу үстінде салтанатты, болмаса қайғылы күйіндегіден гөрі жылдамырақ сөйлейді.

Пауза – акустика тұрғысынан дыбысталудың тоқтағанын, физиологиялық жағынан артикуляцияның тыйылғанын білдіреді. Бірақ тыңдаушы кідірісті пауза деп қабылдағанымен, дауыс ағымы үзілмейтін де жағдайлар болады. Орыс фонетикасында мұндай паузаларды «психологиялық паузалар» терминімен атау кең тараған.

Л.К.Цеплитис дыбысталудың тоқтауы интенсивтіліктің нөлдік деңгейін көрсеткендіктен, паузаны уақыттық шама ретінде қарау қате деген пікір айтады. Ол уақыт интонацияның барылқ компоненттеріне қатысты универсалды шама болғандықтан, пауза интонацияның темпралды элементтерінің бірінен саналады деп қорытады. Шешендік сөз теориясы бойынша эмоция мен қалауды білдіретін паузаларды «психологиялық» деп атау бұрыннан қалыптасқан, сол себепті автор интонацияда негізгі тон жиілігінің өзгерісі әсерінен болған паузаны бейтемпоралды, ал белгілі уақытқа созылған, нөлдік интенсивтіліктегі паузаны темпоралды деп атауды ұсынады. Сонымен қатар екі сегмент аралығындағы кідірісте сөйлемге еш қатысы жоқ дыбыстарыдң айтылуы арқылы болатын психологиялық хезитациялық паузалар да бар. Олар ауызекі тілінде сөйлеушінің ойын жеткізу үшін сөз іздеу мақсатында және оның көңіл-күйін білдіретін тәсілдің бірі ретінде қолданылады, мысалы, мен кешке ...мм... жетіде келемін.

Паузаның тілдік қызметіне келетін болсақ, алдымен оның сөз сегменттерінің жігін ажыратуға қатысатынын айту керек. Сөйлеу процесінде ритмикалық топтар, синтагмалар, сөйлемдер пауза арқылы бөлініп тұрады. Сонымен қатар ол осы бөліктер арасындағы қатынас түрін де көрсетуге қатысады. Мысалы, хабарлы сөйлем мүшелерінің мағынасы бір-біріне тейталас, қарсылықты болса, олардың арасында міндетті түрде пауза болады. Т.М.Николаева славян тілдері материалының негізінде паузаның сөйлемнің тыныс белгілеріне де байланысты болатынын анықтады: «результаты наших исследований показали, что именно пауза в первую очередь отличает регулярным образом замену знаков препинания, создавая правильные ряды « < - < : < ( )». Қазақ тілінде бұл қатынас қалай берілуі алдағы мақсаттың бірі.

Жоғарыда паузаның «интеллектуалдық», «логикалық» қызметтерін көрсеттік. Ал оның эмоциялық қызметіне сөз иесінің айтылған ойға қатысын білдіре алатыны жатады, мысалы, сөйлемнің пауза арқылы көлемі жағынан әдеттегіден қысқа болып келетін бірнеше синтагмаларға бөлшектенуі сөйлеушінің белгілі бір эмоцияның әсерінде тұрғанын көрсетеді. Мұндай паузалар интонация зерттеушісіне сөз иесінің нақты (қуаныш, реніш, ашу, ыза, т.б.) емес, жалпы эмоциялық күйінен хабар береді. Бұл жағдайда конститутивтік (синтагмаларға бөлшектейтін) және эмоциялық паузалар көбінесе қатар келіп жатады. Кейде пауза синтагма, тіпті ритмикалық топ ішінде де қолданылуы мүмкін, бірақ олар сөйлемнің жалпы интонациялық көрінісіне ешқандай әсерін тигізбейді: «если, например, вырезать эмотивную паузу из магинторфонной записи синтагмы, в остальном интонация синтагмы, как правило, не изменится, но содержание высказывания покажется менее эмоциональным». Мұндай паузаларыдң тағы бір қызметі жөнінде айта кету керек. Бұл паузалар өзінің алдындағы немесе өзінен кейін тұрған сөзге тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылады. Эксперимент барысында осындай қызметтегі ритмикалық топ, синтагма ішінде кездескен паузаларды күшейткіш паузалар деп қарадық. Олардың екінші диктор оқылымында кездескені байқалды. Демек, бұл диктор тілдік фактілерді біріншісіне қарағанда эмоционалды түрде бергені көрінеді. Мысалы: Бұл жерде / не шөп жоқ // не / қамыс жоқ; Жүрегім / ауырлағандай болды // бірақ / үндемедім.

Сонымен, интонация компоненттерінің тілдік қызметін анықтау барысында олардың шамаларының (параметрлерінің) өзгерістері мен сөйлемнің синтаксистік және семантикалық құрылымдары арасында тығыз байланыс болатыны байқалды. Интонация компоненттерінің сөйлеушінің көңіл-күйі мен экспрессиясынан да хабар беретіні белгілі. Сондықтан интонация жөніндегі еңбектерде оның лингвистикалық қызметі интеллектуалдық, эмоциялық және экспрессиялық сияқты үш тұрғыда зерттеліп жүр. Интонацияның интеллектуалды қызметі тілдік жүйе шеңберінде берілсе, соңғы екеуі сөздік (речевой) факторлармен байланысты туындап жатады. Интонация компоненттерінің сөйлеу ситуациясы мен сөйлеушінің физиологиялық ерекшеліктеріне қатысты өзгерістеріне аса назар аударылмады, себебі жұмыстың негізгі мақсаты оның тілдік деңгейдгі көрінісі болып отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет