Анималды терапия немесе зоотерапия.
Ғалымдар көне замандағы ескі әдістерді жаңғыртуды қолға алған. Оның ішінде, ұмыт болған жануарлармен емдеу әдісін қолданысқа енгізіп отыр.
Латын тілінен аударғанда animal - жануар, яғни, хайуанаттар, ал «анимал терапиясы» - хайуанаттардың және олардың бейнелерін пайдалану арқылы психофизиологиялық, психотерапевтік және бейімделу көмегін көрсететін терапия түрі.
Бұл терапияда хайуанаттардың суреттері, бейнелері ертегі кейіпкері ретінде, ойыншық түрінде, әрине, араласқанда қауіпсіздігі қамтамасыз етілген табиғи кейпінде де қолданылады. Жүргізілген түрлі тәжірибелер хайуанаттардың науқас адамдарға жағымды әсер еткенін дәлелдеп отыр. Үй хайуанаттарын асырайтын адамдардың да аз ауырып, ұзақ өмір сүретіні ғылыми тұрғыда анықталған. Сондай-ақ, ондай адамдардың жүйке жүйесі де үй жануары жоқ адамнан гөрі күштірек болады.
Қазіргі таңда анималды терапия дамыған елдерде дәлелденген. Сондай- ак, хайуанаттардың адамға әсерін бақылап, зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институттары құрылған. Осыған сай халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізіліп отырады. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция елдерінде физикалық немесе психикалық проблемалары бар адамдарға көмек беру үшін анималды терапиямен айналысатын ұйымдар жұмыс істейді.
Хайуанаттармен емдеудің тарихы тым тереңде, адамзат дәуірі пайда болғаннан бері белгілі болған. Бұған әр құрлықтан табылған тасқа басылған суреттер дәлел бола алады. Ал суреттер «мәтіні» ХІХ ғасырдың соңында оқылды.
Ежелгі египеттіктердің папирусында емдеу мақсатында мысықтарды пайдалану әдістемесі жазылған.
Шамамен 3000 жыл бұрын ежелгі гректер жаралы жауынгерлердің әдеттегіден гөрі тезірек жазылуына көмектескен иттің емдік қасиетін анықтаған.
Ежелгі Үндіде дәрінің орнына құс әуенін тыңдауды «ұсынған».
Ғалымдар ұмыт қалған ежелгі рецепттерді жаңғыртты. Б.э.д. V ғасырда Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байкап: «Ат үстінде жүру - тек қана жаралы адамды ғана жазып қоймай, меланхоликтерге жаман ойлардан арылып, керісінше, көңілін сергітіп, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі», - депті.
Анималды терапияны 1792 жылы Ұлыбританияның Йорк қаласында жаны ауыратындарға арналған ауруханада ресми түрде қолданған. Мұнда жануарлар-емдеу процесінің бір бөлігі деп саналады.
Негізгі жануарлармен емдеу терапиясы ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңінен етек ала бастады. Бұл әдістің «пионері», америкалық балалар психиатры Борис Левинсон, ол 1962 жылы өз итін терапевтік сеанста пайдалана бастаған.
Қазіргі уақытта африкалық тайпалар пілдер және қолтырауындармен емдеуді қолданады екен. Ал Австралияның жергілікті халқы кенгуруды пайдалананып сеанс жүргізеді.
Өзіміздің елде, яғни Қарағандыда сал ауруына душар болған балалар асыл тұқымды иттердін көмегімен өздігінен жүре алатындай дәрежеге жетті. Бұған кезінде жарымжан жеткіншектердің аяғынан тұруы екіталай деп қатерлі диагноз қойған білікті дәрігерлердің өздері қайран қалды.
Ньюфаундленд атты асыл тұқымды итке сүйеніп, түрлі жаттығу жасаy арқылы өз бетімен жүріп кеткендер бар. Қос аяғы сал боп туған балалар мұндай ерекше емдеу курсынан өткелі бері аяғынан тұрғаны былай тұрсын, тұйық мінезінен де арылып, сөйлей бастаған. Жоба үйлестірушілерінің айтуынша, бұл жаңадан ашылған орталықтағы табиғатынан көмек беруге дайын, көнбіс әрі шипасы мол үш иттің арқасы. Жалпы, төртаяқтылардың көмегімен ауру балаларды емдеп, өмірге бейімдеу біркатар Еуропа елдерінде бұрыннан бар. Ал аталмыш жоба еліміз бойынша әзірге Қарағандыда ғана жүзеге асырылуда. Бір қуантарлығы, орталықтың қызметі тегін.
Жылқы психологиясы әлемдік иппология (жылқы жөніндегі ғылым) ғылымында өзекті мәселелердің бірі. Соңғы кезде бұл тақырыпты зерттеу үшін күрделі тәжірибелер жасалып, іргелі зерттеулер жарық көруде.
Достарыңызбен бөлісу: |