Мұрын қуысының және оның қойнауларының кілегей қабығының қорғаныш қызметінің нашарлауы,жалпы және жергілікті иммунитет төмендеуі.
Инфекциялардың қойнауға ену жолдары:
— негізгі ену жолы (риногенді жол);
— жедел инфекциялық ауру кезіндегі гематогенді жол (тұмау, дифтерия, скарлатина, қызылша, және т.б.);
— жоғарғы жақ қойнауының қабынуы-тіс аурулары (одонтогенді гайморит).
Жедел бронхит және бронхиолит
Жедел бронхит — бронхтар кілегей қабығының диффузды бейспецификалық жедел (жедел эндобронхит), сирегірек -қабырғасының барлық қабаттарының бір мезгілде қабынуы (панбронхит).
Жедел бронхиолит — ұсақ, диаметрі 2 мм-ге дейінгі, бронхтардың және бронхиолалардың, яғни диаметрі 1 мм жіңішке тыныс жолдарының шеміршексіз бөліктерінің жедел қабынуы.
Жіктемесі
Этиологиясы бойынша:
1. Инфекциялық:
а) вирустық;
ә) микоплазмалық;
б) бактериялық.
2. Инфекциялық емес (түрлі физикалық және химиялық әсерлерден).
3. Аралас (вирустық-бактериялық).
Патогенезі бойынша:
Біріншілік.
Екіншілік (жедел респирациялық аурулардың асқынуынан, жоғарғы тыныс жолдарында инфекция ошақтарының болуынан: тонзиллит, фарингит, ларингит, синуситтің, бронхоэктаз ауруының).
Орналасуы бойынша:
Проксимальді (ірі бронхтардың қабынуы).
Дистальді немесе обструкциялық (қабыну процесінің бронхтардың түйілуіне, кілегей қабықтың ісінуіне, гиперсекрециясына алып келуінен).
Жедел бронхит жедел респирациялық аурудан (ЖРА) кейін немесе онымен бірге басталады.
Жоғарғы тыныс жолдарындағы қабыну процесі (ринит, фарингит) трахеяға түседі.
Бұл кезде трахеиттің белгілері (құрғақ жөтел, төс артының ашып, қырнап ауыруы) байқалады. Көп ұзамай қабыну процесі алдымен ірі, кейін ұсақ бронхтарға өтеді.
Көрінісі қинайтын жөтелден басталады. Алғашқы 2-3 тәулікте жөтелі құрғақ, кейін болар-болмас қақырық түсе бастайды.
Қақырық әдетте кілегейлі, кейде кілегейлі-іріңді, оның тәуліктік мөлшері шамалы, 50 мл-ден аспайды. Қиналып қатты жөтелуден кеуденің диафрагмаға бекіген аймақтары, төстің арты ашып ауыруы мүмкін.
Ұсақ бронхтар қабынса, онда жөтелге экспирациялық ентікпе қосылады.
Интоксикацияның салдарынан әлсіздік, селқостық, қол-аяқтардың, белдің ауырсынуы тән.
Көбіне дене қызуы қалыпты немесе 2-3 күн ғана субфебрильді деңгейге дейін жоғарылайды. Бірақ грипп болғанда дене қызуы 38-39 °С көтерілуі мүмкін, сонымен қатар мұрынның, ауыздың айналасына ұшық шығуы және көмекейдің гиперемиясы байқалады.
Науқастың қалтырауы бактериялық инфекцияның немесе пневмонияның қосылуына тән.