15 сурет. Түйе өкпесін нұқып (перкуссиялық) зерттеу аймағы
Түйе өкпесінің топографиялық шекарасы: А – сегізкөз төмпешегінің сызығы,Ə - мықын сызығы, Б – иық буыны сызығы.
Итте мықын сызығында 11-ші, шонданай төмпешегі сызығында 9-шы, иық буыны сызығында 8-ші қабырға аралықтарынан зерттелсе, шошқада өкпені нұқып зерттеу қиын, дегенмен, оның өкпесін де үш сызықтың бойымен анықтауға болады:
мықын сызығында 12-ші қабырға;
шонданай сызығында 10-шы қабырға;
иық буыны сызығында 8-ші қабырғаға дейін.
Сурет 16. Ит өкпесінің перкуссиялық шекарасы
Н-мықын сызығы; Б-иық буыны сызығы; Е-шонданай сызығы.
Цифрлар – қабырғалардың реті.
Топографиялық нұқып зерттеу (перкуссия) легато əдісімен қабырға аралықтарынан алдынан артына қарай біртіндеп жылжи отырып жасалады.
Салыстырмалы нұқып зерттеу (перкуссия) диагностикалық маңызы зор. Бұл перкуссия арқылы əртүрлі зақымдану ошақтарын анықтауға болады. Нұқып зерттеу əдісімен өкпедегі патологиялық өзгерістердің түріне орай төмендегідей дыбыстарды ажыратады:
Көмескі дыбыс - өкпедегі ауа азайғанда, яғни, бронхопневмонияда, обтурациялық (р. obturatoria) ателектазда, пневмосклерозда жəне т.б. естіледі.
Доғал дыбыс - өкпе бөлігінде ауа мүлдем болмағанда (крупозды пневмония ның гепатизация сатысында, гангрена, т.б.) анықталады.
Тимпаниялық дыбыс – ашық, ұзақ, қатты дыбыстар көбінесе өкпе эмфиземасында байқалады.
Металды дыбыс - өкпеде тегіс қабырғалы, ауаға толы қуыс болғанда естіледі.
Өкпені тыңдау арқылы зерттеу (аускультация): симметриялы түрде көкірек қабырғаларының оң жəне сол жақтарынан жүргізіледі. Тыңдап зерттеу тікелей (құралсыз, құлақпен) немесе арнайы тыңдау құралымен жасалады.
Тікелей тыңдау тыныс шуларын өзгеріссіз естуге мүмкіндік болғанымен, көкірек қабырғаларының кейбір бөліктерін, мысалы, жауырын
алды аймағын, иық буыны тұсын, көмекейдің маңын тыңдау мүмкін емес. Сол сияқты бұл əдісті ауру мал жатқанда, тынышсызданғанда жүргізу де қиындық туғызады.
Құралды немесе аспапты тыңдау əдісі (аускультация) əртүрлі тыныс дыбыстарының өзгерістерін зерттейді. Стетоскоп, фонендоскоптардың дыбыс күшейткіш қасиеті бар екендігін ескерсек, бұл əдіс əлсіз, естілер- естілмес дыбыстарды да анықтауға мүмкіндік береді.
Тыңдау барысында негізгі (физиологиялық жəне қосалқы патологиялық) шуларды анықтайды.
Негізгі тыныс шулары везикулярлы жəне бронхиалды (физиологиялық)
болып бөлінеді.
Везикулярлы тыныс демді ішке тарту мен демді сыртқа шығару кезеңінде (фазасында) альвеол қабырғаларының тербелісінен пайда болады. Бұл дыбыс жұмсақ, үрлегендегідей шу береді, «ф» əрпін айтқандағыдай əсер қалдырады.
Мүйізді ірі қарада, қой мен ешкіде везикулярлы тыныс күшті, қатты, тұрпайы естіледі. Бұл дыбысты көкірек қабырғаларының екі бүйірінен жəне жауырын алды аймағынан анық естуге болады. Жауырынның бұлшық еттерінің арт жағында тыныс шуылы қаттылау, екпінділеу болады. Себебі везикулярлық дыбысқа көмекейдің, кеңірдектің, бронхылардың ауа өткізу шулары да қосылады. Мұны физиологиялық бронхиалды тыныс деп атайды.
Түйе мен жылқыда везикулярлық тыныс əлсіз, жұмсақ, нəзік болады, оны көбінесе демді ішке тарту кезеңінде жауырын артынан естуге болады.
Ит, мысық, терісі бағалы аңдарда везикулярлық тыныс қатты, екпінді, бронхиалды дыбысқа жақын.
Везикулярлы тыныстың патологиялық өзгерістері.
Патологиялық өзгерістер өкпенің бір немесе екі жағында да, бір бөлігінде де, бөліктің шектелген аймағында да байқалуы мүмкін. Мұндай жағдай да везикулярлы тыныс күшейеді, əлсірейді, немесе мүлдем жоқ болып кетеді.
Везикулярлы тыныстың өкпенің екі тұсынан да күшеюі жүрек-тамыр ақауларыннан туған ентігуде, жіті постгеморрагиялық анемияларда, əртүрлі індеттер мен ішкі улар тыныс алу орталығын тітіркендіргенде білінеді. Тыныс шуылы күшейіп, қатаяды, дем шығарарда ұзақтау естіледі.
Ауруды анықтауда везикулярлы тыныстың жергілікті күшеюінің маңызы зор. Мұндай жағдайда көкірек қабырғаларынан «ала», біркелкі емес тынысты анықтауға болады, яғни, өкпенің зақымдалған аймақтарында ғана везикулярлы тыныс күшейеді. Бұл өкпе туберкулезінде, гангренасында, іріңді пневмонияда, өкпе ісінгенде білінеді.
Везикулярлы тыныстың əлсіреуі өкпе ұлпаларының серпімділігінің төмендеуі, плевра қуысына патологиялық сұйықтық жиналуы жəне т.б. себептерден болуы мүмкін. Сонымен қатар, везикулярлы тыныс альвеолдық эмфиземада, обтурациялық ателектазда, ошақты пневмонияда, жабық пневмотораксте, көмекей ісігінде əлсіреп, кейде жоғалуы мүмкін.
Қалыпты (физиологиялық) бронхиалды тыныс көмекей мен кеңірдектен ауа өткен сəтінде пайда болады..
Қосалқы тыныстық дыбыстар. Бұларға патологиялық бронхиалды, амфоралық тыныс, сырылдар жəне т.б. жатады.
Бронхиалды дыбыстың өкпе аймағында естілуі ол жерде патологиялық үдерістің дамығандығын білдіреді.
Бұл дыбыс толқыны тығыздалған, дыбысты жақсы өткізетін өкпе ұлпаларынан (өкпенің крупозды қабынуының екінші сатысында, бронхопневмония, пневмосклероз, ателектаз) өткенде естіледі.
Өкпедегі патологиялық үдеріс ерекшеліктеріне қарай бронхылық дыбыс күшті, əлсіз, қатты, жұмсақ болуы мүмкін. Бронхылық дыбыстың сипаты өкпе ұлпаларының тығыздалу деңгейіне, зақымдалған аймақ көлеміне, оның өкпеде орналасқан орнына тікелей байланысты. Зақымданған аймақ неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бронхылық дыбыс күшті, əрі жоғары болады.
Егер зақымдану аймағы өкпенің тереңінде орналасса, бронхалық дыбыс жай, төмен естіледі.
Бронхының саңылауы жалқаяқпен (экссудат) бітелсе бронхылық дыбыс жоғалады, яғни, тыңдағанда естілмейді.
Жылқыда қандай екпінде, биіктікте болмасын, бронхылық дыбыстың болуы, өкпе зақымдануының патологиялық белгісі.
Амфоралық тыныс – бұл қосалқы дыбыс бронхы мен өкпедегі патологиялық қуыстар (гангрена, бітеу жара, туберкулез) бір-бірімен байланысқанда естіледі. Бұл дыбысты бос бөтелкенің аузына жақын үрлегенде шығатын дыбысқа ұқсатуға болады.
Тыңдағанда амфоралық тыныс жұмсақ, металды дыбыс береді. Нұқып зерттегенде (перкуссияда) жарылған құмыра дыбысы шығады.
Сoнымен қатар, амфоралық дыбыс бронхоэктазияда байқалады, бірақ кеңейген бронхыда көп мөлшерде экссудат жиналса естілмей, жоғалып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдайда қақырық түскеннен кейін бронхы ашылады да, амфоралық тыныс қайта естіледі.
Сырылдар. Сырыл (қырыл) – тыныс жолдары патологиялық өзгерістерге ұшырағанда пайда болатын қосалқы дыбыстар.
Сырыл тыныс жолдарына сұйықтық, жалқаяқ (экссудат, транссудат), қан жиналғанда жəне де бронхылар кеңейгенде білінеді.
Құрғақ сырыл бронхының кілегей қабығының бетіне жабысқақ, қою, созылмалы жалқаяқ (экссудат) жиналғанда пайда болады. Жалқаяқтың қоюлық деңгейіне қарай құрғақ сырыл ысқырық, ызың, шиқыл, қожыл тəріздес дыбыстар түрінде естіледі.
Əлсіз сырылдар созылмалы бронхитте, ошақты бронхопневмонияда жəне т.б. кездессе, күшті сырылдар микоздық бронхитте, жылқының үдемелі микробронхитінде кездеседі.
Құрғақ сырыл мал жөтелгеннен кейін өзгереді - қою, жабысқақ жалқаяқ жөтелдің əсерінен орнынан қозғалады да, сырыл күшейеді, əлсірейді, немесе естілмей қалады.
Патологиялық үдеріс сипатына қарай əлсіз жəне күшті сырылдарды ажыратуға болады.
Кейбір ауруларды көкірек қабырғаларының бір жерінде дымқыл сырыл естілсе, екінші бір жерінен құрғақ сырыл естіледі. Мұндай өзгерісті өкпе бөліктері əр кезеңде қабынған бронхопневмонияда көруге болады.
Шытырлаған шуылының пайда болуының негізгі шарты альвеолалар қуысында жабысқақ жалқаяқтың немесе сұйықтықтың болуы. Демді сыртқа шығару кезеңінде өкпе басылады да, альвеола қабырғалары бір-біріне жабысып қалады, ал демді ішке тарту кезінде ауа ағымының əсерімен альвеолалардың жабысқан қабырғалары əлсіз дыбыстар шығарып ажырайды. Бір мезгілде орасан көп альвеолдардың ажырауынан шыққан дыбыстар қосылып шықырлағанға тəн дыбыс береді. Бұл дыбысты отқа тасталған тұздың бытырлағанымен, немесе құлақтың түбінде бір уыс құрғақ шашты ысқылағанда шығатын дыбыспен салыстыруға болады.
Плевраның үйкеліс шуы. Бұл шу плевраның висцеральды жəне париетальды беттері қабынғанда пайда болады. Қалыпты жағдайда плевраның беттері тегіс, плевралық сұйықтықпен тұрақты дымқылданып тұрады. Тыныс алу кезінде, плевраның тегіс беттері бір-біріне дыбыссыз, шусыз үйкеліп қозғалады, ал плевраның зақымдануы беттерінің тегістігін жояды да, үйкеліс шулары пайда болады. Плевраның үйкеліс шулары күштілігіне, ұзақтығына, анықталатын орнына, тұрақтылығына қарай əртүрлі болады.
Шулардың əлсіз-күштілігі плевра беттерінде бұдырлардың бір-біріне жанасу деңгейіне, көкірек қабырғаларының қозғалыс екпіне байланысты.
Егер плевраның бетінде фибрин көп болса, плевралық шуыл қатты анық естіледі – мұндай шуылды құрғақ қарда шананың сырғанаған дыбысымен салыстыруға болады. Орташа деңгейдегі шуларды жаңа терінің сықырымен салыстырса, əлсіз шуларды – жібек матаның сусылымен салыстырады.
Құрғақ плеврит енді басталған кезде үйкеліс шуылы əлсіз болады, ал біртіндеп сұйық жиналып, плевра қуысына толған кезде шу естілмейді.
Үйкеліс шулары плевраның қай жерінде зақымдану ошағы болса, сол жерден естіледі. Көп жағдайда плевраның үйкеліс шуылын көкірек қабырғаларының төменгі жағынан, шынтақтың артынан тыңдайды.
Тапсырмалар
Танауды зерттеу
Қосалқы тыныстық дыбыстар
Өкпені тыңдау арқылы зерттеу (аускультация):
Достарыңызбен бөлісу: |