12 сурет. Патологиялық тыныс түрлері
А – Чейн-Стокс, Ə – Биот, Б – Куссмауль тыныс
Тыныс ырғағының бұзылуы:
Чейн-Стокс тынысы - ұзақ тыныстық үзілістен кейін əуелі үстіртін (таяз) тыныс алу пайда болады, ол біртіндеп тереңдейді де, қайтадан сол реттілікпен таязданып, келесі үзіліспен аяқталады. Бұндай тыныс алу жіті улануларда, ми гипоксиясында, сопақша миға қан құйылғанда байқалады.
Биот тынысы ырғақты, бірақ терең тыныс алу ұзақ тыныстық үзілістермен кезектеседі. Бұл агонияда, менингитте, ми қан айналымы бұзылғанда пайда болады.
Куссмаульдік үлкен тынысы патологиялық сирек, терең шулы тыныс алумен сипатталады. Бұл мал есінен танғанда, мидың ісігі мен шеменінде байқалады.
Асимметриялық тыныс көкірек қабырғасының оң немесе сол жақ көлемі мен қозғалыс амплитудасының ұлғаюымен, не керісінше, кішіреюімен сипатталады.
Көкірек қабырғасының бір жағының көлемінің ұлғаюы плевра қуысында көп мөлшерде сұйықтық, қан, ауа жиналғанда байқалса, көкірек қабырғасының бір жағының кішіреюін плевра қуысы бітелгенде, өкпе
ателектазында анықтауға болады. Сол сияқты асимметриялық тыныс біржақты құрғақ плевритте, қабырға сынғанда да болуы мүмкін.
Ентігу (диспноэ) – тыныс алудың қиындауымен, оның жиілігі, тереңдігі, ырғағы бұзылуымен сипатталатын ауру белгілерінің (симптомдар) жиынтығынан тұратын тыныс алудың бұзылуы.
Ентігу шығу себебіне қарай: физиологиялық жəне патологиялық болып бөлінеді.
Физиологиялық ентігу - ауыр жұмыстан, артық салмақтан болса, патологиялық ентігу - тыныс алу, жүрек-тамыр жүйесі ауруларында, улануларда жəне т.б. ауруларда кездеседі.
Жөтел - көмекейде, кеңірдекте, кілегейлі сұйықтық жиналғанда, түтінмен, шаңды ауамен тыныс алғанда, ағзаның қорғаныс əрекеті (реакциясы) ретінде туындайтын рефлекторлық акт.
Тыныс алу жүйесінің жоғарғы бөлімін зерттеу. Бұл бөлімге танау, көмекей мен кеңірдек жатады.
Танауды зерттеу. Танауды қарау, кейде пальпациямен зерттейді. Танау қуысының əріде жатқан бөлімдерін мұқият зерттеу үшін жарықтандыру құралдары (риноскоптар, рефлекторлар, қалта шамы) қолданылады. Өкпенің хламидиялық, микоплазмалық зақымдануын анықтау үшін риноцистоскопия жасалады. Қарау барысында танау айнасының жағдайына, ақпаның бар-жоқтығына, кілегей қабықтың түсіне, тұтастығына, бөртпе, ісік, уытты жара, механикалық жарақаттардың болуына мəн береді.
Дені сау малдың танау айнасы дымқыл, салқын болады, танаудан ақпа болмайды, ал болғанның өзінде сұйық, аз мөлшерде болады. Тыныс алу жүйесі ауруларында танаудан шырышты, кілегейлі, іріңді, шірікті жəне т.б. ақпалар ағады. Танау айнасы қызбада, кейбір патологиялық жағдайларды құрғақ, ыстық болады.
Танаудың кілегей қабығы кейбір ауруларда (маңқа, сақау), созылмалы ринит, анемиялар, сарыауруларда бозғылт, сарғыш, қызарған, ойықжаралы, бөртпелі, ісікті болуы мүмкін.
Танаудың қосалқы қуыстарын зерттеу. Танаудың қосалқы қуыстарына жоғарғы жақ сүйегінің, маңдайдың қуыстары мен ауа қапшықшалары жатады. Қосалқы қуыстарды зерттегенде, танаудан аққан ақпаны, бастың, ауа қапшықшаларының сыртқы пішінін зерттейді. Танаудың бір жағынан ақпа ағуы, қосалқы қуыстардың дөңестеніп білінуі олардың қабынғандарын білдіруі мүмкін.
Танаудың қосалқы қуыстары қабынғанда, жалқаяқ (экссудат)
жиналғанда доғал перкуссиялық дыбыс шығады.
Көмекей мен кеңірдекті зерттеу. Көмекей мен кеңірдекке сыртқы жəне ішкі зерттеулер жүргізіледі.
Сыртқы зерттеуде қарау, сипау (пальпация), тыңдау (аускультация)
əдістері пайдаланылады.
Көмекей мен кеңірдекті қарағанда, бұл мүшелердің өзгерістеріне
(деформация), қисаюына, көлемінің ұлғаюына назар аударады.
Сипап зерттеу (пальпациямен) көмекей мен кеңірдектің сезімталдылығын, тығыздығын (консистенциясын), жергілікті қызуының өзгерістерін зерттейді. Егер бұл мүшелерде қабыну үдерісі байқалса, тығыздығы қамыр секілді ісінуі жəне зерттеу кезінде малдың мазасызданып, жөтелуін, жергілікті қызуының көтерілгенін анықтауға болады.
Дені сау малдың көмекейі мен кеңірдегін тыңдау арқылы зерттегенде (аускультация) «х» əрпін айтқандағыдай дыбыс естіледі. Көмекей ісінсе ысқырық тəріздес дыбыстар, кеңірдек пен көмекейге сұйық экссудат жиналса, дымқыл, ал фибринді қабықша немесе қою жалқаяқ (экссудат) жиналса құрғақ сырыл естіледі.
Көмекейді іштей қарау əдісі құстар мен ет қоректілерде жүргізу мүмкіндігі бар, ал мүйізді ірі қарада ШОГ (В.И. Габриолавичюстің жарықтандырғыш шпателі) құралымен зерттеу тиімді.
Қалқанша безді зерттеу. Қалқанша без тыныс алу мүшесі болмаса да оны көмекей мен кеңірдекке қосып зерттейді, себебі анатомиялық тұрғыдан бұл мүшелер тығыз байланысты. Қарау жəне сипау арқылы зерттеу кезінде қалқанша бездің көлеміне, тығыздығына (консистенциясына), қозғалғыштығына, ауырсыну деңгейіне мəн береді.
Өкпені зерттеу.
Клиникалық тəжірибеде өкпені зерттеу үшін көкірек қуысын қарау, сипау жəне өкпені нұқып зерттеу (перкуссия) мен тыңдау (аускультация) жүргізіледі.
Көкірек қуысын қарау. Дене бітімі қалыпты, дені сау малдың көкірек қуысы жақсы дамыған, симметриялы. Кейбір ауруларда көкірек қабырғаларының патологиялық пішіндері кездеседі.
Рахиттік (мешелдік) деформация төлдерде дəруменді-минералдық зат алмасу бұзылуы мен қабырғалардың дистрофиясы. Остеодистрофиялық деформация – көкірек қабырғалары ұзарып қысылады, қабырғалардың біреуі ішіне қарай майысса, екіншілері сыртқа қарай дүмпиіп шығады.
Бөшке тəріздес деформация – созылмалы өкпе эмфиземасында кездеседі.
Көкірек қабырғаларын сипау арқылы зерттеу. Сипау арқылы зерттегенде көкірек қабырғаларының ауырсынуын, қызуын, қабырғаларының жағдайын, көкірек қабырғасының дірілін анықтайды.
Көкірек қабырғаларының сезімталдығы тері қабынып, зақымданғанда, сондай-ақ қабырғалар сынғанда күшейеді. Жергілікті қызудың көтерілуі (температура) плевритте, бітеу жарада, тері мен тері асты қабаттары ісініп, қабынғанда жоғарылайды.
Өкпені нұқып зерттеу (перкуссиясы). Өкпені зерттеу үшін топографиялық жəне салыстырмалы нұқып немесе соққылап (перкуссия) зерттеу жасалады. Перкуссия жасағанда дені сау малдың өкпесінен ашық, өкпеге тəн дыбыс шығады. Арық малдарда перкуторлық дыбыс қоңды жəне семіз малдарға қарағанда күштілеу, ұзақтау, қаттылау болып байқалады.
Топографиялық нұқып зерттеу (перкуссия) өкпенің шекара аймақтарын анықтау үшін қолданады.
Өкпе нұқып зерттеу (перкуссиясының) алаңы үшбұрыш пішінді болып келеді. Оның жоғарғы шекарасы жауырынның артқы жиігінен омыртқа жотасынан шамалы төмен, көлденең өтеді, алдыңғы шекарасы анконеус сызығымен тік түседі, ал артқы шекарасы өкпенің артқы шекарасының сызығына сəйкес келеді. Мүйізді ірі қарада өкпе нұқып зерттеудің жауырын алды жəне жауырын арты алаңдары анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |