Өңеш жарақаты және өңеш күйігі.Мойынның басқа мүшелерінің жарақаттануымен қоса кездеседі. Сондықтан өңештің сыртқы жарақатын анықтау және емдеу барлық жарақаттарды қоса тексерумен, емдеумен қатар орындалады. Бұл жағдайдағы зор қауіптердің бірі - жарақаттанған өңештен көкірекке инфекцияның жайылуы. Жарақаттанған адамға 2-3 тәулік бойы ауызынан тағам ішкізбейді. Өңештің жарасы ашылып оның айналасы дренажданады.Өңештің іш бөлімінің жарақаттануында жұтынудың қатты ауырсынуы, қанды кұсық, қызу көтерілуі, жүрек жағдайы нашарлануы, шөлдеу, жарақаттанған адамның жағдайының шапшаң нашарлануы, инфекцияның плевраға, перикардка, көкірекке жайылуы салдарынан науқастың аз уақытта өлуі мүмкін. Бұның алдын алу үшін тезірек өңеш жыртығын ашып, оның жарасын тігу, дренаждау, тампондау қажет. Іріңді плеврит, медиастинит, перитонит басталса плевротомия, медиастинотомия, лапаротомия орындалады.Өңештің ішкі жарақаттануы - жұтылған тағаммен, бөгде затпен, сүйекпен т.б. заттармен өңештің ішкі қабатынан сыртына қарай жарақаттануы. Бұл жарақаттардың өңешті зондпен, эзофагоскоппен тексергенде кездесуі де мүмкін. Жарақат таяз және терең болуы мүмкін. Симптомдары: лоқсу, тері астының эмфиземасы, пневмоторакс, өте ауыр жалпы жағдай, дене көгеруі, тұншығу, тамыр соғуының нашарлануы, зәр азаюы.Өңештің жыртылуы тек операциямен емделеді.Өңеш тесілуі : а) cay өңештің инструментпен тесілуі (зонд, эзофагоскоп, шприц, бөгде заттар). б) Аурумен өзгерген өңештің тесілуі (ісік, аневризма).Өңештің тесілуінде оның жыртылуындағыдай симптомдар орын алады. Бірақта бұл симптомдар алғашқыда ауыр емес және анық емес. Перфорацияланған өңештің еттері ісініп қабынуы тесікті қысып одан бос ауаның шығуын бәсеңдетеді. Сондықтан, перфорацияда тері асты эмфиземасы болмашы немесе толық жоқ. Сау өңештің перфорацияға ұшырағанында жедел операция жасалып тесік тігіледі, дренаждалынады. Кажет болса, уақытша қарын жыланкөзі орындалады. Өңештің күюі.а) Өңештің ыстық тағаммен күюі сирек кездеседі және жеңіл өтеді. Оларды тағамды салқындатып қабылдаумен, ауыру сезімін басатын дәрілерді қолданумен емдейді.
б) Көбінесе өңештің химиялық күюі кездеседі. Сілтілі немесе қышқыл химиялық сұйықтарды әдейі немесе байқаусыз ішуде байқалады. Күйіктің ауырлығы ішілген заттың концентрациясымен, мөлшерімен, оның өңеште сақталған уақытымен байланысты. Аталынған жағдайларға байланысты өңештің жеңіл (тек ішкі, кілегейлі қабаты) күюі, немесе ауыр терең күйігі кездеседі. Жеңіл күйігі бірнеше тәуліктен соң жазылады. Ауыр күйігінде ҮІІ-VІII тәуліктерде некрозденген кілегейлі қабат шіріп оның астында жеңіл қанағыш грануляциялы жара пайда болады. Келешекте бұл грануляцияланған жара тыртықтанып өңештің көзін бітейді немесе оны тарылтады. Кейде қысқа уақытта өңеш айналасының флегмонасы басталып аурудың өліміне ұшыратады. Ал өте көп және концентрациясы күшті элементті ішкенде өңештің барлық қабаттары шіріп-тесіліп адамның шоктан, уланудан, қан ағудан тез өліп кетуі мүмкін. Симптомдары - өңештің химиялы күйіктерінде алдымен ауыздың, жұтқыншақтың, қарынның, өңештің күшті ауыруы байқалады. Химиялық элемент тыныс жолына да енсе -тұншығу, ентігу, үрейлену байқалады. Лоқсу, қан түкіру, кейде түкірікпен қоса некрозданған өңеш кілегейлі қапшығының үзінділері байқалады. Мойын флегмонасы кездесуі мүмкін.
БМК және ЕМІ. Өңешті, карынды ішілген химиялық элементті нейтрализациялайтын ерітіндімен жуу. Сілтімен уланған адамға 3-5% лимон қышқылын ішкізу, мұздай сумен жуу.
Қышқылдармен уланғанда сода ерітіндісі, күйдірілген магнезия ішкізіледі. Кан тамырына 5% глюкоза, физиология ерітінідісі егіледі, ауыруды басу үшін морфий пайдаланылады, жүрек жағдайы жақсартылады. Бірінші көмектен соң ауру жедел емханаға жеткізіледі.
Емханадағы емдеу - қайталап промедол (морфий), кордиамин егіледі, қарын жуылады, вагосимпатикалы қоршау орындалады. Қышқылдармен күйгендерге қан анализі жасалып, зәрде гематурия бар жоқтығы анықталынады. Қанға 2% натрий бикарбонатының 200-500 мл., 1000 мл Рингер ерітіндісі немесе физиология ерітіндісі егіледі.
Сілтімен күйгендерге 1,5-2 л. физиологиялық ерітінді; 10 мл. 10% хлорлы кальций, омнопон, кордиамин, 250 мл. шокқа қарсы ерітінді, 400 мл. полиглюкин. Қан қысымы төмендегенде қан, және мезатон, немесе 0,5-0,75 мл. норадреналин, 75-100 мг. гидрокортизон егіледі.
Келешекте өңештің тыртыктанып тарылуына қарсы өңештің буждауы қарастырылады. Өңештің тарылуы.Өңештің тыртықтанып тарылуы көбінесе химиялық күйіктен соң байқалады. Бұның диагнозын (орнын, түрін, мөлшерін) анықтау рентгендік тексеріспен анықталады. Өңеш тарылуын емдеу 3 түрлі тәсілмен орындалады: өңешті бужбен созу, қеңейту; тарылған жерін резекциялау және толық облитерацияланған өңешті жасанды өңешпен алмастыру.