3. Анатомия ғылымының дамуын әр кезеңге бөліп қарастыруға болады.
1.Құл иеленушілік дәуіріндегі анатомия (біздің эрамызға дейін) ертедегі Грецияда Гиппократ және ерте Римде Клавдий Гален. Грецияның атақты дәрігері Гиппократ(б.э.д. 460-377 жж.) адам денесіндегі сұйықтықтарды қан, шырыш, өт, қара өт деп бөлді, осы сұйықтықтарға байланысты адамда төрт түрлі мінез тудыратын темперамент(сангвиник, флегматик, холерик және меланхолик) туралы ұғым берді.
Адамның денесінде ми сауыты, омыртқа жотасы, қабырғалар, ішкі мүшелер және қан тамырлар жүйесі анықталды. Өзіне дейінгі ғалымдар еңбегін бір жүйеге келтірді, организм құрылысының гуморалдық теориясы пайда болды, сондықтан оны медицина атасы деп есептейді. Гректің ұлы ғалымы Аристотель жүйке мен сіңірді ажыратты, жүректің қан айдайтын мүше екендігін анықтады.Ерте Римдегі аса көрнекті философ, биолог , дәрігер және анатом Клавдий Гален(130-201 ж.ж біздің дәуірде) болды. Ол организмді науқас адамдарды бақылау және жануарлар мәйіттерін жарып көру арқылы зерттеді.Адам мәйіттерін Гален жарып көрген жоқ, өйткені ол кезде ауыр күнә деп есептелінді, азаматтық және религия заңдарына байланысты мәйітті жарып көруге жол берілген жоқ. Соның нәтижесінде Гален қателіктер жіберіп отырды. Ол алғаш рет адам анатомиясы курсын бастап оқытқандардың бірі. Оның анатомия мен медицинаға қосқан еңбектері-бұлшықет пен сүйектерді сипаттады. Сүйек құрылысының түрлерін, 12 жұп бас ми жүйкелерінің 7-уін жазды,артерия қабырғаларын, ішектің, асқазанның, жатырдың қабаттарын сипаттады. Ең құнды еңбегі-бас миының құрылысы, ол дененің сезімталдығының орталығы деп есептелді. Дәрігерлер 13 ғасыр бойы Галеннің еңбектерін оқып келді.
2. Орта ғасырдағы анатомия тарихы.Феодализм дәуірінде дәрігерлік ғылымның дамуында шығыс ғалымдарының Әбу-Насыр Әл-Фараби және Абу-Али Ибн Сина немесе Авиценнаның да үлесі зор. Әбу-Насыр Әл-Фараби (870-950)-ұлы ғалым-энциклопедист, ғылымдар тарихында ол «Екінші мұғалім» ретінде белгілі болды. «Бірінші мұғалім» деп көне дәуірдегі Платон, Аристотель сияқты оқымысты философтарды атаған. Сондықтан оны «Шығыстың Аристотелі» деп атаған. Қазақтың ұлы ғалымы Түркістан қаласынан 40 км жердегі көне түрік қаласы Отырарда жауынгер отбасында туылған. Әл-Фараби «басты ағзалардың бірі-ми жүректің жұмысын, сезімталдығын, адамның темпераменті басқарады»,-деп жазған. Адамның іш құрылысында бауыр мен көкбауыр денеде айналып жүретін сұйықтық шығарады деген данышпандық ой айтқан. Әл-Фарабидің «Адам денесіндегі мүшелер туралы», «Ақыл туралы» және басқа еңбектерінде тәнтану, тірліктану және жантану жөнінде медициналық пікірлер бар.
Тәжік дәрігері, философ Абу-Али Ибн Сина (980-1037) «Медицина қағидалары» деген еңбегін жазды. «Медицина қағидалары» феодализм дәуірінің ең тәуір медициналық шығармасы болды, XVII ғасырға дейін Шығыс пен Батыстың дәрігерлері содан оқып, тәлім алды. Авиценна Әл-Фарабидің кейінгі оқушыларының бірі болған.
3. Қайта өрлеу дәуірі(XV -XVIII ғ.ғ.)
Леонардо да Винчи (1452-1519) – суретші және ғалым. Суретші ретінде анатомияға қызығып, одан кейін оған ғылым ретінде әуестеніп, алғашқылардың бірі болып адам өліктерін сойып көріп, организм құрылысын зерттеуде нағыз жаңашыл болды. Ол сүйектердің, бұлшықеттердің ішкі мүшелердің суретін дәл салды. Леонардо да Винчи мүсіндік (пластикалық) анатомияның негізін қалаушы.
Андрей Везалий (1514-1564ж) анатомия реформаторы. Мәйіттерді жарып ашуды кеңінен қолдана отырып, Везалий тұңғыш рет адам денесінің құрылысын жүйелі зерттеді. «Адам денесінің құрылысы туралы жеті кітап» деген еңбегін жазды.
Везалий, Габриель Фаллопий және Б.Эвстахий XVI ғасырда сипаттамалық анатомияның ірге тасын қалады.
Вильям Гарвей(1578-1657) адам денесіндегі үлкен және кіші қан айналым шеңберін анықтады. Марчелло Мальпиги (1628-1694) капиллярларды ашқан.
4) Ресейдегі анатомияның даму тарихы
Ресейде анатомия ғылымының дамуына І Петр үлкен жағдай жасады, оның нұсқауы бойынша Петербургте тұңғыш Ресей ғылым академиясы ашылды. Н.И.Пирогов топографиялық анатомия негізін қалады. П.И.Карузин мүсіндік анатомия негізін қаласа, В.Н.Воробьев макро-микроскопиялық зерттеудің жаңа әдістерін жасады.
В.Н.Тонков рентген әдісін қолдана отырып, адам денесінің қанмен қамтамасыз ету заңдылықтарын зерттеуде үлкен еңбек сіңірді. Жүйке теориясын дамытуда И.М.Сеченов және И.П.Павловтардың үлесі ерекше.
Қазақстанда анатомия ғылымының дамуы.
Қазақстанда ең алғаш рет 1931 жылы Алматыда медицина институты ашылды.Оның анатомия кафедрасын П.О.Исаев басқарды.П.О.Исаевтың басшылығымен 150-ден астам ғылыми еңбектер жариялады.П.О.Исаевтан кейін кафедраны басқарғанХ.Н.Бөкейханов,С.Р.Қарынбаев,Ғ.М.Мұсағалиева, А.Р.Рақышев.
Халел Досмұхамедов – қазақтың аса көрнекті дәрігер ғалымы. Ол «Жануартану», «Адамның тән тірлігі» атты оқулықтар жазды. Санжар Жағыпарұлы Аспендияров көрнекті зерттеуші ғалым. 1931 – 1933 жылдары Қазақ АССР денсаулық сақтау халық комиссары, Алматы медицина институтының ректоры қызметін атқаруда.
А.Р.Рақышев 1994 жылы жоғарғы медицина оқу орындары үшін 2 томдық Адам анатомиясы оқулығын қазақ тілінде шығарды.Ол Қазақстанда дәрігерлер дайындаумен қатар, анатомия ғылымының дамуына үлкен үлес қосты.
Достарыңызбен бөлісу: |