1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.
Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.
2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi осындай рұқсатты алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, қолданыс мерзiмi өткен немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi
36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары
1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкiне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) мiндеттемелiк және заттық құқықтары болуы мүмкiн.
2. Мүлкiне өз қатысушылары (құрылтайшылары) мiндеттемелiк құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғам мен кооперативтер жатады.
3. Мүлкiне өз құрылтайшылары меншiк құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзушi құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкi бар ұйымдар жатады.
4. Мүлкiне олардың құрылтайшылары (қатысушылары) мүлiктiк құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бiрлестiктер, қорлар және дiни бiрлестiктер жатады.
5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |