Популяциялардың негізгі қасиеттері. Популяцияның саны мен тығыздығы оның қасиеттерін сипаттайтын негізгі көрсеткіштері болып саналады. Популяцияның саны дегеніміз – белгілі бір көлемдегі немесе территориядағы особьтардың жалпы саны. Ағзалардың саны табиғатта тұрақты болмайды. Олардың көп немесе аз болуы особьтардың өсімталдығы мен шығынына (өлуіне) байланысты. Популяцияның тығыздығы – белгілі бір көлемдегі немесе кеңістіктегі особьтардың саны мен биомассасының салмағымен өлшенеді. Мысалы, ағаштың 150 түбінің 1 га жерде өсуі осы популяцияның тығыздығын сипаттайды. Популяциялардың тығыздығы олардың санына байланысты өзгеріп отырады. Тығыздық шексіз өсуі мүмкін емес. Ол үшін особьтардың кең таралуына қолайлы жағдай мен кеңістік болуы керек. Организмдердің кеңістікте таралуы олардың шектеуші факторы кездеспейінше жүре беруі мүмкін. Осыған орай, популяциялардың кездейсоқ, біркелкі және топтанып таралуы бар. Организмдер қауымдастығы органикалық ортамен материалдық-энергетикалық жағынан тығыз байланыста болады. Биоценоз алып жатқан кеңістік биотоп деп аталады. Биоценоз бен оның биотоп биогеоценоз деп аталатыны көбірек немесе азырақ қалыпты жүйені құрайтын бөлінбейтін екі элементтен көрінеді. Биогеоценоз түсінігін (грекше bios - тіршілік, gе - жер, коіnоs - жалпы) ғылымға орыс ғалымы В.Н. Сукачев 1940 ж. енгізген.
Даралардың кеңістікте таралуы. Даралар мен олардың топтарының таралуы кездейсоқ, бірқалыпты және топтық болып бөлінеді.
Даралардың бірқалыпты таралуы табиғатта өте сирек кездеседі. Ол көбінесе әртүрлі даралар арасында бәсекелестікке байланысты болады. Мұндай таралу типі жыртқыш балықтар мен территориялық инстинкті анық байқалатын балықтарда болады.
Кездейсоқ таралу тек біртекті ортада және жиналуға қабілеті жоқ түрлерде байқалады. Мысалы, ұн құртының ұнның ішінде таралуы кездейсоқ болады. Егістікте зиянкес жәндіктердің таралуы алғашқыда кездейсоқ таралу болғанымен, бірте-бірте көбейе түсіп, топтану немесе шашыранды таралу сипат алады.
Топтық таралу – табиғатта жиі кездеседі. Топтардың өзі кездейсоқ немесе жиналып таралуы мүмкін. Әсіресе, ағаштардың орман кеңістігінде таралуы жақсы зерттелген. Егер ормандағы ағаштар бір түрге жататын болса, бастапқыда олар әдетте жинақталып топтанып таралады да, уақыт өте келе олардың таралуы бірқалыпты бола бастайды. Ал орманның қалыңдығы түрішілік бәсекелестік нәтижесінде кемиді.
Популяцияның табиғаттағы санын өзін-өзі реттеу мүмкіндігі бар. Әрбір түрдің көбеюінің жоғарғы және төменгі шегі болады. Одан әрі түр көбейе алмайды. Сондықтан кез келген популяция өзінің сан мөлшерін оптимальды (қалыпты) жағдайда ұстап тұруға тырысады.
Кейбір ағзалар өзінің популяциясын тұрақты ұстауда топтанып, үйірленіп немесе колония құрып тіршілік етеді. Мысалы, бірқазандар колониясында 10000 дараға дейін құс кездеседі. Бұғылар 200-300 табын құрып тіршілік етсе, бұландар 20-25, қасқырлар 7-10, ақ бөкендер 10-25, ал құландар 50-70 үйір құрайтыны белгілі. Мұндай топ құру жануарлар дүниесінің бірігіп жауларынан қорғану, қыстан аман шығу, қорегін табу сияқты қасиеттері болып саналады.
Популяциялар санының ауытқулары. Популяцияның саны негізінен бір-біріне қарама-қарсы екі құбылыспен анықталады – туу және өлім. Популяциялардың табиғаттағы сан мөлшері әлсін-әлсін ауытқып отырады. Оның көптеген ішкі және сыртқы себептері бар. Популяциялар санының ауытқуының төмендегі шартты себептерін атап көрсетуге болады:
Азық мөлшерінің жеткілікті болуы популяция санының артуына әкеледі, бірақ өсудің максималды шамасында азық шектеуші фактор болады. Азық қорының жетіспеуі популяция санының кемуіне әкеледі.
Популяция санының артуы немесе кемуі мекен ету ортасы үшін бірнеше популяциялардың бәсекелесу процесінде байқалуы мүмкін.
Жыртқышпен, жемтік паразитпен иесі арасындағы күрделі өзара қатынастар популяция санының ауытқуының бір себебі бола алады.
Абиотикалық факторлар популяция санына көп әсер етеді және олардың едәуір ауытқуларын туғызады.
Популяция тығыздығының шектен тыс артып кетуі каннибализм (фр тілінен ауд - адам жегіш) құбылысын туғызуы мүмкін. Мысалы, ұн құрттарының өз жұмыртқасын жеуі. Каннибализм кейбір балықтарда, қосмекенділерде және т.б. жануарларда кездеседі.
Өзін өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1 Абиотикалық факторларға не жатады? 2 Шельфордтың толеранттылық заңының мәні? 3 Популяцияның негізгі қасиеттері? 4 Популяция санының ауытқуына не әсер етеді?