Тақырып 6. Экологиялық біліктерді, дағдыларды қалыптастыратын практикалық әдістердің түрлері.
Дәріс тезистері. Экологиялық біліктерді, дағдыларды қалыптастыратын практикалық әдістердің түрлері. Экологиялық біліктерді, дағдыларды қалыптастыратын практикалық әдістердің түрлері. Экологиялық дағдыларды қалыптастыратын практикалық әдістер
Қазіргі уақытта экологиялық тәрбие беру жер бетінің әрбір тұрғынын қамтуға тиісті бүкіл халықтық мәселеге айналып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мен оның байлығын тиімді пайдаланудың Қазақстан Республикасының Конституциясынан орын алуға, арнаулы өкіметтік қаулы қабылдануы, экологиялық тәрбие беру қажеттілігінің күннен- күнге арта түсуі – бұл істі жүзеге асыруды бала бақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі тәрбие орындарында оқу-тәрбие жұмыстарының әр түрлі формалары мен әдістерін пайдалануды міндеттеп отыр. Мұның мәні – оқушыларды табиғатқа ұқыпты қарауға үйретіп, оның байлықтарын үнемді пайдаланудың маңызды мәселе екенін ұғындыру табиғатқа дұрыс қарым-қатынас жасау жөніндегі қажетті біліммен, икемділік дағдыларымен қаруландыру. Қоршаған ортаның мәселелерін шешуде экологиялық білім берудің алатын орны ерекше. Бала кезінен бастап жер бетінде өмір сүріп жатқан әрбір адам қоршаған ортаға бейқамдықпен қараудың зардаптары қандай болатынын, қоршаған ортаның ластануының қандай ауру туғызатынын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің жойылуы, топырақтың құнарлығының кемуі, судың тапшылығы қоршаған ортаның өзгеруіне әсер ететінін білуі қажет. Осы өзгерістерді біліп қана қоймай, қоршаған ортаның тазалығына өзінің жауапкершілігін сезіне білгені жөн.
Оқушыларға экологиялық білім беру – педагогика ғылымның жаңа салаларының бірі. Экологиялық білім беру – оқытудың үздіксіз процесі, жеке тұлғаны дамыту, ғылыми- тәжірибелік білім мен біліктерін қалыптастыру. Экологиялық білім берудің басты мақсаты – жеке адам бойына 37 табиғатқа деген ізгілік қатынастарды қалыптастыра отырып, адам, қоғам, табиғат арасындағы толық үйлесімділік рухында тәрбиелеу. Қазіргі таңда биология, химия, география, физика т.б. пәндер экологиялық мазмұндағы тақырыптарды қамтып экологиялық білім беруде. Экологиялық проблеманы ғаламдық жағдайда қозғап отырғандықтан, оны жеке адам, жеке мемлекет өздігінен шеше алмайды. Сондықтан оны дүниежүзілік және отандық тәжірибелер көрсетіп отырғандай, көпшілікке жаппай экологиялық білім мен тәрбие беру арқылы жүзеге асыруға болады. Оқушыларға экологиялық білім берудің негізгі бағыттары: – үздіксіз экологиялық білім беру жүйесін құру мақсатында инфрақұрылымды қалыптастыру; – білім беру мазмұнын экологияландыруды күшейту; – өзінің тұрғылықты жерінің табиғатын қорғап, жақсарту мақсатында оқушылардың тәжірибелік қызметі жүйесін қалыптастыру; – экологиялық білім беру сұрақтары бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Оқушыларға экологиялық білім беруде экологиялық зерттеушілік қызметтің алатын орны ерекше. Зерттеушілік қызмет – оқушыларды проблемалық оқытудың әдістерінің бірі. Оқушылардың бойында зерттеушілілік біліктіліктерін дамыту экологиялық мәдениет пен белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, қоршаған ортаның сұлулығын түсінуге әсер етеді.
Зерттеушілік қызмет оқушылардың бойында ғылыми тәжірибелік қызығушылықтарын оятып, тұрған жерінің экологиялық жағдайын зерттеуге, туған өлкесінің экологиялық мәселелерін шешуге деген бастамаларын оятып, қызығушылығын туғызады. Экологиялық зерттеушілік жұмыс білім беру үрдісі аясында оқушылардың тәжірибелік қызметінің түрі болып табылады.
Оқушы зерттеп отырған экологиялық мәселесінің өз бетімен шешімін тауып, сол мәселенің пайда болу себептерін ашып, тәжірибе жасап, қорытынды шығарып, өз ұсыныстарын жасай алуы қажет. Дұрыс ұйымдастырылған зерттеушілік қызмет оқушылардың бойында ғылыми – жаратылыстану пәндері бойынша экологиялық білімдерін қалыптастырады.
Зерттеушілік қызмет - шығармашылық үрдіс. Мектептегі ғылыми-зерттеушілік қызметтің артықшылығы-оқушылар үнемі ақпарат іздеу үстінде болып, селқос тыңдаушы емес, белсенді зерттеуші ретінде болады. Өз бетімен жүргізілетін зерттеушілік қызмет оқушының қажетті білімдерін игеріп қана қоймай, қоршаған ортаны танып-білуге мүмкіндік тудырады. Зерттеушілік жұмыстарға мұғалім жетекшілік етеді. Зерттеу тақырыбын, зерттеу әдістерін таңдауда оқушыларға бағыт-бағдар беріп отырады. Жүргізіліп отырған жұмыстың соңғы нәтижесі мұғалімнің жан-жақтылығы мен оқушының жұмысты тиянақты орындауына байланысты. Зерттеушілік қызметтің міндеттері: – экология бойынша белгілі бір дәрежеде білімдерін қалыптастыру. – табиғат құбылыстарына ғылыми талдау жасау дағдыларын қалыптастырады. – қоғам мен табиғат арасындағы өзара байланыстарды түсінеді. – табиғатқа тигізіп жатқан көмегінің маңыздылығын түсінеді. Зерттеушілік қызмет оқушылардың бойында қоршаған ортаға қарым – қатынасына деген жауапкершілігін арттырып, өзінің туған жері мен өзін қоршаған ортасының экологиялық жағдайына қызығушылығын арттырады. Іздену – зерттеушілік жұмыстар іске асырылатын экологиялық жұмыстардың негізгі түрлерін төмендегідей бөліп қарастыруға болады: -зерттеушілік топ жұмыстары; -мектептегі экологиялық үйірмелер; -ғылыми – тәжірибелік конференциялар; -зертханалар; 39 -тәжірибелік жұмыстар; -жазғы экологиялық топ. Зерттеушілік қызметтің түрлері: 1. Теориялық зерттеулер – табиғат, тарих, мәдениет, қоршаған ортаның экологиялық жағдайы жөнінде әдебиеттерді оқу. – зерттеу жұмыстарын өткізу жөнінде әдістемелік нұсқауларды оқу. – өзінің тұрғылықты жері туралы статистикалық мәліметтермен жұмыс жасау. 2. Қолданбалы, іс -тәжірибелік зерттеулер: – туған өлкесінің табиғат байлықтарына сипаттама беру – өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түрлік құрылымына сипаттама – су, ауа және топырақтың экологиялық жағдайын зерттеу – оқушылардың денсаулығы мен физикалық дамуын зерттеу. 3. Экологиялық мәдениет және тәжірибелік қызметтер саласындағы пәндер бойынша білімдерінің үйлесімділігі. Экологиялық білім берудің негізгі міндеттерінің бірі қоршаған ортаны қорғап, оның болашағына жанашырлықпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарында экологиялық білім мен тәрбие беру мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Көптеген білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбие басым бағыттардың бірі болып табылады. Педагогтар мен тәрбиешілер экологиялық бағыттағы жұмыстарды шығармашылықпен атқаруда. Мектепке дейінгі ұйымдарда тірі табиғат бұрыштары жасақталып, экологиялық мазмұндағы ойындар, мерекелер, табиғатқа топсеруендер ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға ата-аналар да тартылып отыр. Осындай бағыттағы жұмыстар бастауыш мектеп сатысында да өз жалғасын табуда. Бастауыш сыныптарда табиғатты қорғау жөнінде теориялық білімдері тереңдетіліп, экологиялық ұғымдардың негізі қаланады.
Орта және жоғарғы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндерді экологияландыру мақсатында факультативтер, экологиялық үйірмелер, мектептен тыс және сыныптан тыс шаралар іске асырылады. Сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстар түрлері табиғат қорғау акцияларына қатысуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Сыныптан тыс зерттеушілік қызметті ұйымдастырудың түрлері:
Бақылау, салыстыру, тәжірибе, ақпаратты іздеу
Зертханалық-тәжірибелік жұмыстар
Экологиялық жобалар
Экологиялық олимпиада
Экологиялық конкурстар
Шығармашылық есептер
Ғалымдармен, мұражай қызметкерлерімен кездесулер
Табиғатқа топсеруен
Туристік-өлкетану іс-шараларына қатысу
Ғылыми-зерттеушілік сайыстар
Жасөспірімдерге экологиялық білім мен тәрбие беру, олардың рухани жаңарып жандануына негіз болатын білім ордасы мектеп екені бәрімізге мәлім. Сондықтан оқушылардың ой-өрісін, ұлттық мәдениет пен сана-сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыруда оқу-тәрбие үрдісінде, инновациялық іс-әрекеттердің ендірілуі үлкен жетістіктерге жетелеуде.
Мектепте қоршаған ортаны қорғау жөнінде теориялық білімдерін тереңдету, негізгі экологиялық ұғымдарды қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстың негізгі мақсаттары: – экологиялық білімдер жүйесінің қалыптасуы – экологиялық біліктерді қалыптастыру – қоршаған тірі табиғатты қорғауға деген дағдыларын қалыптастыру.
Еліміздегі экологиялық жағдайлар кейбір жерлеріміздің экологиялық апат аймағына айналуы қоғам дамуы барысында адам мен табиғаттың қатынасы негізінде пайда болып қазіргі кезеңде аса маңызды дүние жүзіндегі мәселеге айналып отыр.
Экологиялық білім мен тәрбие беру жүйесі мүмкіндіктерін шешуде жалпы орта білім беретін пәндердің алатын орны ерекше. Барлық пәндерді экологиямен байланыстырып, пәнаралық байланыста жүргізілуі керек. Сонымен қатар сыныпта және сыныптан тыс экологиялық зерттеушілік жұмыстарымен жүйелі түрде айналысудың да орны ерекше. Экологиялық бағытта жүргізілген жұмыстар оқушылардың табиғатқа жауапкершілік сезімдерін, экологиялық тәрбиелігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мақсаты: оқушылардың экологиялық көзқарасын, санасын және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану барысында табиғатты қорғай алатын, аялай білетін, адамгершілігі мол, ізгілікті, экологиялық сауатты және мәдениетті ұрпақтың дамуын қамтамасыз етіп, жеке тұлғаның экологиялық сауаттылығын анықтау.
Осы бағытта орындалатын негізгі міндеттер:
1. Жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеудің теориялық негізін қалыптастыру.
2. Оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілік деңгейін анықтау.
3. Оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу бағытындағы эксперименттік жұмыстарды ұйымдастыру.
4. Биология сабағында оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін арттыру жолдарын анықтау.
5. Сыныптан тыс жұмыстарда оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін арттыру жолдарын ұсыну.
Табиғат әлемі адамдардың тіршілік ету ортасы. Ал, адамдар табиғатсыз өмір сүре алмайды. Соңғы кезде жұтатын ауамыз, ішетін суымыз, жейтін тамағымыздың құрамының өзгеруі жайлы жиі айтылып жүр. Өндіріс орындарынан шығатын қалдықтар, улы газдар сүзгіден дұрыс өткізілместен ауаға таралып, нәтижесінде өкпе, жүрек, қатерлі ісік тағы басқа аурулар санының артуына әкеледі.
Қоғамның қазіргі талабы-әрбір адамның экологиялық сауатты, мәдениетті болуы. Осы тұста білім саласының барлық буынына экологиялық мазмұнның өз деңгейінде берілуі қажет. Қажеттілік оқушылардың экологиялық сауатты болу мәселесін шешуді төменнен жоғарыға қарай жүргізілуін және оқу-тәрбие процесі барысында барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен байланысты. Сонда бесіктен бастап, ата-анаға дейін экологиялық тәрбие, мәдениет дағдысын қалыптастыру қажеттілігі туындайды.
Бүгінде жалпы орта білім беретін мектептерге арналып шығарылып жатқан жаңа оқулықтарда экологиялық түсініктер кеңінен берілген. Кез келген пәнді оқытуда, ондағы тақырып материалдарының мәтінінің мазмұнын баяндағанда, түсіндіргенде оған табиғатты қорғау және көркейту шараларын үйретуді көздейтін, табиғат байлықтарына жауапкершілікпен қарайтын, яғни оқушыға экологиялық білім бере отырып, экологиялық мәдениетін орнықтырудың мүмкіндіктерін арттыратын педагогикалық іс-әрекеттер қажет. Осы қажеттілік қанағаттандырылса ғана тұлғада экологиялық сауаттылықты қалыптастыру үрдісінің алғашқы сатысы жүзеге асырылады. Мектеп қабырғасында жас ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің мақсаты – экологиялық білім мен білікті қалыптастыру ғана емес, тұлғаның дүниетанымын дамытып жан-жақты экологиялық сауатты, мәдениетті етіп тәрбиелеу.
Адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасының адамгершілік аспектісін ашуда, ақыл-ой мен сезімін тәрбиелеуде, сананы қалыптастыруда адамның экологиялық мәдениетті, сауатты болуы тиіс. "Мәдениет экологиясы" терминін ең алғаш рет академик Д.С.Лихачев 1980 жылы ұсынды.
Экологиялық мәдениет - әлеуметтік табиғи түзілім, оның құрылымы бір-бірімен өзара тығыз байланысты бөліктерден тұрады: экологиялық білім, экологиялық мінез-құлық, экологиялық тәрбие, экологиялық сана, экологиялық сенім, экологиялық мәдениет, экологиялық қарым-қатынас, экологиялық іс-әрекет.
Экологиялық мәдениетті жүзеге асыруда білім беру аспектілерімен қатар оның негізгі дидактикалық ұстанымында білу қажет. Олардың негізіне оқушылардың экологиялық көзқарасын қалыптастыру принциптері жатады.
Ғылымилық принципі- негізінен, оқушыларға білім беруде фактілер, құбылыстар мен процестер, адамның табиғатқа әсері, табиғат қорғау жұмыстары және экологиялық апаттылық жағдайлардың нәтижелері ғылыми тұрғыда дәлелденген материалдар негізінде берілуі және пайдалануы тиіс.
Байланыстылық принципі - негізінен табиғатты тірі және өлі табиғат пен орта (топырақ, ауа, су, өсімдіктер мен жануарлар) арасында тығыз байланыстың бар екенін ұғындыру.
Қызығушылық принципі -оқушылардың бойында еліміздің қайталанбас сұлу табиғатына деген қызығушылық сезімін оятып, туған өлкесін оның табиғи байлықтарын суюге, аялауға тәрбиелеу керек.
Үздіксіздік принципі - оқушылардың білім қорын балабақшадағы сәбилік кезінен бастап, бастауыш сынып, одан жоғары сыныптарға көтерілу деңгейлеріне үйлестіре отырып дамыту қажет.
Интеграциялау принципі- экологиялық білім беруде жаратылыстану пәндері (география, биология, физика, математика) мен гуманитарлық пәндер (әдебиет, тарих, қоғамтану) арқылы оқушыларға берілетін білім негіздерін жеке адам деңгейінен қоғамдық деңгейге көтеру.
Көрнекілік принципі - оқушыларға экологиялық білім беруде оқу процесінде көрнекі құралдар, диафильмдер, киносюжеттер, кеппешөптер, коллекциялар, бейнекөріністер, биоиндикаторлар пайдалану.
Қабылдаушылық принципі - негізінен мұғалімнің экология ғылымының мазмұнын оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жоспарлауы, экологиялық терминдердің түсініктілігін, ұғымдар мен заңдарды қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып анық әрі түсінікті тілмен беру.
Өлкелік принципі - экологиялық білім беруде тұрмыстық салт-дәстүрлерді, қала немесе ауылдық жерлерде тұру жағдайларын ескеру қажет. Мүмкіндігінше жергілікті, аймақтық мәселелерді көтеру оған оқушылардың араласуын, туған өлкесіне деген патриоттық сезімін ояту керек.
Оқу-тәрбие процесінде оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу педагогика ғылымының басты бағыты. Бүгінгі таңда оқушылардың экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу мемлекеттік деңгейге көтерудің қажеттілігі туындап отыр.
Экологиялық білім бере отырып, оқушыларды экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу дегеніміз - адамзат қауымының, қоғамның, табиғаттың және қоршаған ортаның үйлесімділігін оны тиімді пайдаланудың жолдарын халыққа ұғындыру.
Табиғатқа деген сүйіспеншілік және оны көзінің қарашығындай сақтап келуі жайында қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық дана ұғымдар, мақал-мәтелдер, нақыл сөз, аңыз әңгімелер кеңінен таралған. Сондықтан әрбір ұстаз, тәрбиеші оқу-тәрбие процесінде, өзінің күнделікті жұмысында педогогиканың бұл бағыттарына көңіл бөліп, тиімді пайдалана білуі тиіс.
Оқу-тәрбие процесінде оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін тәрбиелеуде қоршаған ортаның әлеуеті зор екенін, оның жеке тұлғаны барлық жағынан дамытуға, денсаулығын нығайтуға, ақыл-ойын, адамгершілігін, еңбек сүйгіштігін, әсемдікті сезінуін жетілдіруге ықпал ететінін жақсы білеміз. Біздер табиғатпен үйлесімдікте өмір сүруіміз керек.Сондықтанда жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын экологиялық сауаттылыққа және мәдениеттілікке тәрбиелеу бүгінгі күн талабына сай өзекті мәселе болып отыр.
Тұлға жоғары дәрежеде кіріккен (интеграцияланған), үнемі өсу процесінде болатын әлеуметгік жүйе. Оның бойында өзін-өзі дамытуға деген мүмкіндік және білімге деген сарқылмас құмарлық ынтасы мол. Алайда, оқушыға оқу-тәрбие үрдісінің субъектісі емес, объектісі деп қараудың нәтижесінде педагогикалық практика осы уақытқа дейін орташа оқитын оқушыға бағдар ұстап келді. Бұл жағдай әрбір оқушының бойындағы алуан түрлі мүмкіндіктер мен дербес қабілетгерді жоюға өкеліп соқтырды, нәтижесінде оның өз дәрежесінде дамуына бөгет болды.
“Тұлғаның қалыптасуы” ұғымына баланың қоғамда өздігінен өмір сүруге қабілеттілігі, өзінің тағдырына өзі иелік ете білуі және өзінің мінез-құлқын жөнге сала білуі, сондай-ақ қоршаған орта мен өзінің қарым-қатынасын түсіне білу қабілетін жетілдіру және құндылық атаулыны тандай,алу сияқты дамудың басты шарттары енеді.
Осы заманғы оқушы тәрбиесінде адамның экологиялық мәдениеті ерекше мәнге ие болған. Қоғам мен табиғаттың осы заманғы өзара әрекеттесуінен туындаған бүгінгі заманғы проблемалардың бірі — табиғат пен адамдардың теріс әрекеттесуі.
Экологиялық тәрбиенің мақсаты оқушылардың өзін қоршаған ортада ғылыми білім, көзқарас және сенім жүйесін қалыптастыру. Соған байланысты мектептік білім жүйесінде экологияның түрлі мәселелерін қайта қараудың қажеттігі пайда болды.
Экологиялық тәрбиенің мақсаты оқушылардың бойында білім, көзқарас, сенім жүйесін қалыптастырып, сол арқылы олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілік қарым-қатынасын жан-жақты дамыту.
Оқушылардың экологиялық тәрбиелілігінің көрсеткіші ретінде жалпы адамзаттық мораль өлшемдеріне сәйкес келетін адамның табиғатқа көзқарасы жөніндегі практикалық әрекетін атауға болады. Нәтижесінде экологиялық білім мен тәрбие экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсаттарына сәйкес келеді. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, экологиялық білім мен тәрбиенің төмендегі міндеттерін бөліп алуға болады:
1. Жетекші идеяларды, негізгі түсініктер мен ғылыми фактілерді меңгерту арқылы адамның табиғатқа ықпал етуі.
2. Қоғамның материалдық және рухани күштерінің қайнар көзі ретінде табиғаттың көп қырлы құндылығын түсіну.
3. Табиғатгы тиімді пайдалануда қолданбалы білімдерді, практикалық біліктер мен дағдыларды меңгерту, қоршаған ортаның жайын бағалай білу қабілетін дамыту, оны жақсарту жөнінде дұрыс шешім қабылдай білуге үйрету.
Достарыңызбен бөлісу: |