Таланттар


ТАҢҒАЛДЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖЕТІ МИНУТ



бет17/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   151
Таланттар

ТАҢҒАЛДЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖЕТІ МИНУТ

Сабақтың бітуіне жеті минут қалыпты. Соңғы алтыншы 45 минут қой, студенттерімнің жүзіне қарасам, шаршаулы. Қарны ашқан, ұйқысы қанбаған, кіртиген түрлеріне қарап, өзің де қобалжи бастайсың. Лекцияны тыңдауға қанша ынталанғысы келгенмен, шаршаған жүйкелері: «Сабақты қой да, жат!» – деп бұйырып тұрғандай. Бастары партаға қарай салбырап бара жатыр. Әсіресе аяқ астынан сенбілік ұйымдаса қалып, ертеңіне екі семинар қатарынан қойылған күндерде қиын. Енді қалған уақыттағы лекцияның ешбір пайдасы жоқтығы белгілі болып тұр.


«Қандай бір болған іс жақсылықка бастайды» деген сөз бар ғой, осы жағдайдан барып «Таңғалдыруға арналған жеті минут» дейтін тақырыбымыз туды.
– Қалған уақытымызды бір-бірімізді таңғалдыруға арнайықшы! – дедім мен. – Естіген-көрген, оқыған қызықтарың бар ма? Кәне, кім таңғалдырар екен? (Тексерушілердің жоқтығы қандай жақсы?)
Шамасы, студенттерім үшін бұл күтпеген сұрақ болды. «Қалай таңғалдырамыз? Біздің өмірімізде алты сағат аудиторияда отырғаннан басқа не қызық бар дейсіз?» дегендей көңілсіздік байқалады. Әңгімені әуелі өзім бастауға тура келді:
– Кеше ғана «Кемпір» деген әңгімені оқып шығып, И.С. Тургеневті жаңадан ашқандай болдым, – дедім.
– Айтыңызшы.
– Бір жолаушы айдалада келе жатса, арт жағынан тырп-тырп еткен аяқ дыбысы естіледі. Бұрылып қарайды, үстінде жыртық-жыртық киімі бар бір кемпір еріп келеді екен. «Қайыр сұрағалы жүр ме? – деп, жолаушы тоқтап күтіп тұрады. – Сізге не керек? Кемпір жауап бермейді. Бетіне қараса, екі көзі аппақ. «Е, байғүс, ел бар жерге жетіп алайын деп ілескен екен ғой», – деп, алға түсіп жүріп кетеді. Артынан ерген аяқ дыбысы тырп-тырп етіп қалмайды. «Осы кемпір маған еріп келе ме, жоқ, әлде мені алдына салып келе ме?» – деген ой келеді жолаушыға. – Бір пәлеге ұрындырмасын...
Бір кезде алдынан шұңқыр көрінеді. Қараса, көр! Енді жолаушы ызаланып, кілт кері бұрылып, кемпірге қарай жүреді. Жақындап келіп қараса, бағанағы аппақ екі көздің ұясы қап-қара болып, жыртқыштың көзіндей ызамен от шаша шарасынан шығып тұр екен. Зәресі кетіп, үңіле түседі. Сөйтсе, жоқ, аппақ.
– Ә, ә, сен менің тағдырым екенсің ғой. Онда құтқармассың, – деп ойлайды. – Бірақ неге қарсыласып көрмеймін?
Жолаушы кемпірдің алдына түсіп алып, тағы жөнеп кетеді. Артынан аяқ дыбысы қалысар емес. Алдынан шұңқыр шығады. Одан бұрылып өтеді. Әйтеуір, қалай жүрсе де, үңірейген көрден құтыла алмайды. Артта кемпір. «Қой, бұдан құтылмаспын, одан дағы жүрмей қояйын!» – деп, отыра кетеді. Кемпір де жетіп тоқтайды.
Бір кезде, сақтай гөр, үңірейген көр өзіне қарай жылжып жүзіп келеді. Сасқалақтап артына қараса, кемпірдің езуінде жымысқы күлкі бар: «Бәрібір құтылмайсың!» – дейді.
Әңгіме тыңдаған студенттерімнің өңінен шошынған, таңғалған райы байқалады. Одан әрі қазіргі әлем әдебиетіндегі фантастикалық реализм туралы ойландық. Федерико Гарсиа Маркесті, Балтық жазушыларын, Ш.Айтматовты еске алдық. Бізді таңғалдырған нәрсе өткен ғасырда өмір сүрген И.С. Тургеневтің «Кемпір» әңгімесімен замандасымызға айналуы болды.
Алғашқы мұз жылжыған секілді. «Енді кім таңғалдырар екен?» дегендей балалардың бетіне қарап едім, алдыңғы жақта отырған Айшаның ақшыл беті қызара қалды. Кірпігі көтерілді.
– Не айтайын деп едің?
– Мені бір нәрсе таңғалдырды. Ауылдан келіп, музыка мектебінде оқып жатқан Нүсіпбаева деген қыз бар екен. Мұқағали өлеңдеріне ән шығарыпты. Пианиномен тартып, өзі орындайды екен. Сондай сазды, сүйкімді. Теледидардан көрсетті.
Мұны айтқан Айшаның жүзінде: «Өзім қазір сол қыздың орнында болсамшы», – деген арман бар. Айшаның ешкімге ұқсамайтын, тамаша даусын естігенмін. «Неге әнші болмады екен?» – деп ойлаушы едім.
– Әлгі қыз нешінші класта екен?
– Бесінші класс... Бәріміз таңғалдық. Қандай талапты бала еді! Адамдар бірін-бірі жақсылықпен таңғалдырып тұрса ғой. Бұдан былайғы ашқан жаңалықтарымызға: «Гуманоидпен сырласу», «Сатыбай кім?», «Ғажап өлең», «Марста не бар?», «Төлеубек неше ән біледі?» деген тақырыптар қоюға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет