АҚ ГҮЛ МЕН ҚАРА ГҮЛ
«Таһир-Зуһра» дастанын оқып шыққан кісінің есінде болар, соңында ғашықтық жолында қаза тапқан екі жастың моласының басына ақ гүл мен қызыл гүл өсіп шығады да, олардың өліміне себеп болған жауыз Ғараб құлдың басына қара гүл шығады. Ол, әрине, «өліп, қайта тірілетін табиғат» жөніндегі көне мифке байланысты туған түйін ғой. Бірақ оны студенттер мына өмірмен салыстырғысы келіп тұрады. Қол астында жатқан кітаптың осы жерін ашып, қайталап оқимыз:
Тамам жұрт қайтып кетті жиылысып,
Тағдырға қылар шара бар ма десіп.
Қабірінің үстіне Зуһраның
Жасарып пайда болды ақ гүл өсіп.
Қызыл гүл шықты үстіне Таһир ердің,
Тілеуін әр пенденің тәңірім бердің.
Екі әсем жапырақ шықты екеуіне
Қарасаң тамашасын осы жердің.
Құдайым құдіретін мұндай қылдың
Тікенек үстіне шықты Ғараб құлдың.
Екі гүл қосылайын дегенінде
Түседі арасына екі гүлдің.
– Шіркін, шын өмірде де адал адамның қабіріне ақ гүл өзінен-өзі шығып тұрса ғой! Сонда жауыздық азаяр ма еді?
Бәріміз адалдықты көбейтудің тұтқасы қолымызға тигендей, ойланып қалдық.
– Әй, ол бола қояр ма екен? Жаман адамнан айла құтылмас. Оның да бір есебін табар. Тіпті күншілдікпен ақ гүлді жұлып тастар...
Тағы да тыныштық орнады. Біразымыз күрсініп қалдық. Бір кезде Сәкеннің даусы естілді:
– Олай емес. Табиғаттан озған дана жоқ. Ақ гүлді ешкім жұлып тастап, қара қыла алмайды. Жұлсаң, қайта өседі. Ол гүлдің сондай қасиеті бар.
– Рас, рас. Жұлғанға көнбейді. Бәріміз қуанып, дуылдасып кеттік.
Ғараб құлдай жауызға жазаның ең ауырын тауыпты аталарымыз. Қазақи ұғымда артыңда жаманатың қалғаннан ауыр жағдай жоқ. Қазақ баласы қалауымша бір жасап қалайын деп өмір сүрмейді, артымда жақсы атым қалсын деп тырысады. Адамшылықтан аттамаудың мәнісі осында жатыр. Бұлай тәрбиеленген адамның өз имантаразысы өзінде.
Қазақтың бір қарапайым шалының айтқан әңгімесі есіме түсті: «Ауылда Сейтқазы деген құрдасым болды. Кісілігі қандай еді шіркіннің! Ауырып жатыр дегенді есітіп, Алматыға барсам, бәлністе екен. Мені көріп көңілденіп, әзіл айтып қарсы алды. «Мынау саған шығарған өлеңім», – деп ұзақ өлеңін берді. Қайтып кеттім, тағы да келемін ғой дегем. Ендігі барғанша жөнеп кетіпті, ауылға құр денесін алып келді. Өле қояды деп ойласамшы. Армансыз, асықпай отырып неге сөйлеспедім деп өкінемін. Үшінші күні жерледі. Балалары басына үй салды. Досымның артында қалған мен «не жақсылық қылсам екен?» – деп көп ойландым. Сөйтіп, көктемде қабірінің қасына апарып, өрік ағашын тіктім. Етегінде ағып жатқан су бар, шелектеп өрге қарай тасып құямын. Сол өрік жайқалып өсті. Қазір өткен-кеткен адам тоқтап, көлеңкелеп отырады. Көктемде аппақ болып гүлдегенде, қызығып қарап тұрамын».
Жәкеңнің немересі Атагелді аға айтқан бұл әңгімені естігеннен кейін студенттерімнің жанары сәулеленіп кетеді. Оған қарап өз көңілім де көтеріледі. Ақ гүлдің қасиетін ашып берген кіп-кішкентай Сәкенге ризамын. Көбейе бер, адалдықтың ақ гүлі!
Достарыңызбен бөлісу: |