КІТАПХАНА
Кітапханамыз әдеттегіден гөрі өзгешерек еді. Бір бөлмедегі үстелдердің үстіне көптеген кітаптарды жайып қойдық. Кітап салатын сөрелер болмаған соң осындай амал жасадық. Қасында – дәптер. Кітаптарды қарауылдап тұрған ешкім жоқ. Оқушы үзілісте кіреді де, дәптерге өзінің аты-жөнін, қалаған кітабы туралы мәліметті жазып алып кете береді. Сол ретпен қайта әкеліп, орнына қояды.
Әрине, бірден бар қорымызды жайып қоюға болмайтын еді.
«Жымқыру» дейтін де – адамнан табылатын қасиет. Өз айналаң мен ортаңды сыйлау, парасаттылықты бір күнде еге алмайсың. Мектеп жұмыс істеген үш жылда балалардың тәрбиелі болуға тырысқанын көрдік. Жауапкершілікке үйренгенгісі келгенін аңғардық. Алдағы мақсатымыз ортадағы үлкен фойэге кітап сөрелерін қойып, қызықты кітаптарды еркін ауыстырып, жанындағы жұмсақ креслоларға, қалың кілемдер үстіне жайғасып, оқып отырса деп едік. Ол мұратымызға жете алмадық.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Алғаш мектепке «бикеш», «бике», «бибі», «мырза», «сіз», «шәкірт» «жылдық» деген қарым-қатынас сөздерін кіргіземіз дегенде, мұғалімдер шошып кетті. «Қой, кіп-кішкентай қыздарға қалай бикеш? Қалай сіз дейміз?» – деп ұялып, бетін басты. Уақыт өтті, бұл сөздер біздің күнделікті тірлігімізге айналды.
Бикеш – шәкірт қыздарымыз, бике-жас мұғалімдер, бибі – жасамыс апайлар, мырза – ер балалар және ұстаздар. Бұл сөздердің идеологияның әсерінен, бұрынғының бәрін құбыжық қылып көрсету салдарынан қолданыстан шығыңқырап қалғаны болмаса, «Әй, Пәленшеев, Төленшеев» дегеннен анағұрлым артық еді. Баланың нені қалайтынын, нені жақсы көретінін, тіпті бала деген не нәрсе, соны білу керек:
Бала өзімен тең сөйлескенді жақсы көреді, өзін көрсеткісі келеді, барлық істе жеңіске жетуді қалайды. Олар – кішкентай зерттеушілер. Неге? деген сұрақты көп қою себебі сол.
Еліктегіш, әсерленгіш;
Ойдан шығарғыш, қиялшыл;
Тез-қарым-қатынас жасап, араласып кетуге дайын халық.
Д. Карнеги айтады: «Адамға ең қажеттісі – атын шығару, өз ортасында беделді болу». Баланың партаға сызып, өз атын жазуға әуестігі содан. Баланың ыңғайына барып, сабақта жақсы жағынан көп көрсету керек. Кішкентай ғана еңбегін елеп, баланың атына құттықтау хат, мақтау сөз, марапат арналып жату керек. Мақтау – ол адамның өзі күткен ойын жұртқа жариялау. Баланы ептеп алдаған дұрыс. Әлемге оның көзімен қарап, арқасынан қақ.
Көп оқушылар өзіне сенімсіз. Тіпті тақтаға шығып айтудан қысылса, оңашада репитиция жаса. Оған сенетініңді, бір қасиеттерін бағалайтындығыңды сездір. Тіпті оқушы қателескен күнде де. «Жоқ, олай емес, қателестің», – деме, «Қателесуіңнің өзі керемет болды, соның өзінен қаншама ой туды. Рақмет! Сіздей кезімде мен де қателескенмін», – деу керек. Бірақ бұл жалпақшешейлікке айналмасын. Қажетті жерінде «керек!» деген сөзді айта біл.
Осы ойларымызға мысал ретінде мына бір көріністі еске алайық.
Достарыңызбен бөлісу: |