Николай Рерих: «Мұғалімдері кедей болса, еліне ұят. Болашақ ұрпақтың мұғалімінің қамын ойламау – ол елдің надандығының белгісі. Өзі күйінішті адамға бала тәрбиесін сеніп тапсыруға бола ма? Баланы ылғи төмендетіп, ренжітіп отыратын мектептен рухы жоғары адам шыға ма? Тағы да қайталаймын, мұғалімнің хал-жағдайына қарайлауды ұмытқан халық – келешегін ұмытқан халық»
***
Мектеп өмірінде бір тұрақты шеңбер қалыптасқан: Мұғалімнің жүйкесін жұқартатын – оқушы, оқушының жүйкесін жұқартатын – мұғалім.
***
Бала әділетсіз жазалаудан, үздіксіз ескерту жасай беруден не істерін білмей, өзіне-өзі сенімсіз болып, жүйке ауруына ұшырайды.
***
Мұғалім мен бала арасындағы түсініспеушілік әр адамның туғаннан жаратылысы бөлек адамның туғаннан өзіне ғана тән табиғаты бар екенін мойындамаудан шығады. Баланың мінезін өзгертемін деуге болмайды, мінезінің жақсы жақтарын байқап, дамытуға ғана болар.
***
Пор-Роял шіркеуі мектебінің логикасы: «Әр бала – ханзада, ханша».
***
Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: Баланы тәрбиеле! Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойламыз.
***
Әр бала – өзінше жұмбақ, өзінше байлық.
***
Оқушылары тым-тырыс отыратын мұғалімнің сабағынан, қажетті жерде шулата білген сабақ қызық.
***
Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын. Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады. Сүйкімсіз баладан, ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін.
***
Тіл алмайтын ызақор бала кемшілігін бетіне баса беруден шығады.
***
Бірде ұстазым профессор Бейсембай Кенжебаев айтты:
«Әдебиетте біздің алдымызда небір ұлылар болып еді ғой. Біз – солардың қалған нашарымыз».
***
Мағжан Жұмабаев «Педагогикасынан»:
«Біреуді біреу аяп, қайғысына ортақтасқандай, қуанышына ортақтаспайды. Біреудің қуанышына ортақтасу орнына күншілдік пайда болады. Бұл – жалпы адамзаттың бір төмен, өнімсіз мінезі. Бір ғалым айтыпты: «Қайғыға ортақтасу үшін адам болу жетеді. Қуанышқа ортақтасу үшін періште болу керек» – деп.
Кейбір адамдардың жаны өмір бойы бір күйде болады. Мысалы, туғаннан бері тарлық, кемдік, жоқтық, науқас көрмеген адам ылғи қуанышты, шат болады. Өмір бойы кемдік, тарлық көрген қуқанжыға адам жадырауды білмейтін болады».
***
Қазіргі «Монтессори педагогикасы» деп жүрген тәрбиенің негізін қазақ топырағында алғаш ойластырған адам Мағжан болар. Мына сөздеріне назар аударайық:
«Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақылау деген сөз – қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп қарап тұр деген сөз емес, олай тұрсаң, бала ойынына кірісуші болма».
«Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы - қазақ баласы қиял құмар болуға тиіс. Яғни ол әдебиет, тарих сықылды қиялды көп керек қылатын ғылымдарға ұмтылуы тиіс. Ал енді орыс школасында оқыған қазақ баласының математикашыл болуы: әдебиет, тарих сықылды ғылымдарды сөйлеуге, жазуға орыстың тілін білмеген соң, қазақ баласы тіл керек қылмайтын есепті айналдырмағанда қайтсін».
***
Бізде мылқау тәрбиеге жататын тақырыптар бар: Эротика, рок музыка. «Мына пәлекетті әрі тарт!» – деп, көзімізді көлегейлесек, оны жастар көрмей ме? Жастың өміріне қатысты нәрсенің ешқайсын назардан тыс қалдыруымыз жөн емес. Оны әңгіме қылудан қашу бұл мәселеге жауапты ұлт жан жүйесіне жат, батыстық ақпараттан іздеуге мәжбүр етеді.
Шәкірттің сеніміне кіру қиын. Ол үшін шәкіртке әуелі өзің сенуің керек болады.
***
Үзілісте студенттері қоршап, жібергісі келмей, соңынан еріп жүріп сөйлесетін мұғалімге қызығамын.
***
Ежелгі гректер даналыққа ұмтылу таңғалудан басталады деп есептеген.
***
Мұғалімнің бақыты да – балада, күйініші де – балада.
***
Баланың қайғысы мұғалімнің жақсы оқитын және жаман оқитын бала деп бөлуінен басталады. Осыдан кейін баланың рухани дүниесі тек бағамен өлшенеді.
***
Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.
***
Өзі білетін адам ғана басқаны білдіре алады.
***
Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің.
***
Құр әдістеме папкасын толтырып қойғаннан оқушының жағдайы жақсармайды. Ол – тек қарабайыр тексерушінің алдындағы қарабайыр қорғаныс құралы.
***
Мектеп те әлеуметтік ағзаның бір бөлшегі ретінде, қоғамдағы билік пен бағыныштылық қарым-қатынасын қайталайды.
***
Педагогиканы өрістетпейтін нәрсе: «Анау керек емес, мынау керек емес» дейтін шектеу. Керегі: Ізденіс, ізденіс.
***
Қазақ баласы ұлттық тәрбиеден ең алдымен мына қасиеттерді сіңірсе:
Достарыңызбен бөлісу: |