6 қазан 1995 жыл
Бүгін бір жас мұғаліміз сабақтан жылап шықты: «Енді сабақ бермеймін, мұғалім болмаймын!» – дейді. Себебі, оқушылар берген тапсырманы орындамай келіпті. Шындап келгенде, өз әлсіздігіне ренжулі, қолынан келмейтіндігіне «сенім» пайда болған.
Осы мұғалімнің бір жылап келуі мүмкін екенін сезгеніме бір ай өтті. Қайта біраз шыдап көрді. «Жарайсың!» – деймін іштей. Жас мұғалімді оқушылар алғаш жақсы қабылдайды. Бәрінен де өздері шамалас адаммен тез тіл табысамыз деп ойлайды. Олардың алғашқы қызығушылығы мен жылы қабағына елтіп қалған жас мұғалім қаннен-қаперсіз риза болып жүргенінде, балалар тарапынан ойынға айналдыру басталады. Үдей келе игере алмайтынына көзі жете бастаған мұғалімнің өкініш жасымен аяқталады. Бұл жағдай әлемде қаншама мұғалімнің басынан өтпеді дейсіз?!
Жылап болған соң, осы әңгімелерді айта отырып, балалардың сабақ оқымай келу себебін анықтадық: аударылуға тиісті мәтінде (текст) таныс емес сөз көп екен. Сөздік жоқ. Сонымен, тапсырма орындалмаған. Үйге тапсырманы берерде әуелі өзі он ойланып, жүз толғануы керек еді. Сабақ көңіл күй мен оқушылардың ырқында кеткен.
Соңынан келесі сабақтың жоспарын жасадық. Минуттарға бөлдік, есептедік. Оқушыларға қайтадан кіріп, келесі жолғы сабаққа не дайындап келуі керек екенін айтып шығуын өтіндім. Оқушылар үйіне мұғалімнің жеңілісіне мәз болып қайтпауы керек.
Ең соңында не қылдық дейсіз ғой, бүгінгі 6 қазан күнін қойын кітапшама белгілеп алдым да, келесі жылы осы күнді күле еске алып, атап өтетінімізді айттым. Айсұлу бике ол күнге ат қойып та жіберді: Математика – «Бір өкініш, бір үміт». Мұғалім Гүлжан күледі, «былтырғы мен жылап шыққан күнді белгілеп алмадыңыз ғой», – деп. Былтыр тура осы оқиға оның да басынан өткен-ді.
Сонымен, келесі жылдан бастап, 6 қазан лицейдің жас мұғалімдеріне арналған күн болып белгіленді.
6 қазан 1995 жыл
Бүгін Айсұлу екеуміз тағы бір жаңалық аштық. Орыс тілін қазақ тілімен салыстыра оқытса, өте түсінікті болмақ екен. Оны мұғаліміміз ескермепті. Орыстың мақалы бар ғой: «Все что делается, делается к лучшему». Мұғалімнің болмай қалғанын пайдаланып, «Атаулы сөйлем» деген тақырыпты үйреттік қой.
«Назывные предложенияны» аса ұға алмай отырған балалар жайнап қоя берді.
Достарыңызбен бөлісу: |