Таланттар



бет109/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   105   106   107   108   109   110   111   112   ...   151
Таланттар

ҚОРҚЫТ БАБАНЫҢ ҚОБЫЗЫ

Айбегім музыка мектебінде қобыз тартуды үйреніп жүр еді. Әкесі қызынан:


– Қобызды ең алғаш кім жасап тартқанын білесің бе? – деді. Айбегім оны білмейтін еді. Әкесі қобызды қолына алды:
– Мынау қасиетті қобызды алғаш тартқан адам – Қорқыт ата, – деді. – Қорқыт ата:

Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым,


Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым,-

дейді екен. Кәне, екеуің бірге айтыңдаршы:


Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым,


Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым!

Данабек пен Айбегім бірнеше рет қайталап айтты. Әкесі әңгімесін жалғастырды:


Қорқыт ата дарияның үстіне кілемін жаяды. Отырып қобызын тартады екен.
Бір күні оның жанын алмақшы болып Әзірейіл келіпті. Қорқыт ата тартқан қобыз біресе түйеге ұқсап боздайды. Біресе аққу сияқтанып қанатын қағады. Сұңқылдаған үн шығарады. Мұны есіткен Әзірейіл неге келгенін ұмытып қалады. Қалт тұрып, күй тыңдайды.
Бір сәт Қорқыт ата шаршап, қалғып кетеді. Сол кезде Әзірейіл есін жияды. Қорқыттың жанын алмақшы болып ұмтылады. Қорқыт ата оянып кетеді. Қайтадан қобызын аңырата жөнеледі.
Енді ол жыр айтады. Төбекөз дәудің оқиғасын жырлайды. Әзірейіл тағы неге келгенін ұмытып, жыр тыңдайды. Өстіп, ол неше күн Қорқыттың жанын ала алмай жүреді. Бір күні Қорқыт ата әбден шаршап, ұйықтап кетеді. Сол жерде Әзірейіл жылан болып келіп, шағып алады. Қорқыт ата өледі. Әзірейіл қуанады:
– Е, енді өзің өлдің. Күйің де өледі, – дейді. Бірақ Әзірейіл қателесіпті. Қорқыт атаның тартқан күйін үйреніп алып, барлық қазақ тартыпты. Міне, қызым, енді сен де тартасың, – деді әкесі Айбегімге. – Қорқыттың өзі өлгенмен, өнері өлген жоқ.
– Өй, мен болсам, Әзірейілді басынан бір қоятын едім, – деді Данабек.
– Әзірейіл көзге көрінбей келеді ғой, – деді Айбегім.
Данабек ойланып қалды да, әкесіне:
– Әке, «Төбекөз дәуді» айтып берші! – деді. Әкесі әңгімесін жалғастырды.
ТӨБЕКӨЗ ДӘУ

– Балам, баяғы заманда жау қуған кезде Аруз деген кісінің баласы қоржыннан түсіп қалыпты. Баланың түсіп қалғанын Аруз білмейді. Атпен шауып кете береді.


Жерге, шөп арасына түскен бала бақырып жылайды. Оны қамыс ішінде жүрген бір арыстан естиді. Балаға жақындап келіп, емшегін тосады. Ол сылқылдатып еміп алады. Сөйтіп өсе береді. Арыстандармен бірге төрт аяқтап шапқылайды. Күшті болады.
Бір күні арыстандардың ішінде жүрген баланы біреу көріп қалады. Келіп Арузға айтады. Аруз өзінің жоғалған баласы екенін сезеді. Нөкерлерін жіберіп, баланы ұстап әкеледі. Баланы танып, қуанады. Оған Бисат деп ат қояды. Бисат батыр болып өседі.
Аруз бір күні аңға кетіп бара жатса, алдында жатқан месті көреді. Таяқпен түртіп қалса, үлкейеді. Үлкейе-үлкейе жарылып кетеді. Ішінде маңдайында жалғыз көзі бар бір бала жатыр екен. Ол періден туған бала еді. Перінің түрі адам сияқты болғанымен, аяқ жағы құс сияқты. Екі қанаты бар. Пырылдап ұшатын.
Аруз перінің баласын асырап алады. Бисатқа серік болсын дейді. Ол кезде Бисат өсіп, жігіт болған. Еліне тыныштық бермеген жаулармен соғысуға кеткен еді.
Төбекөз жыл санап емес, сағат санап өседі. Емізген әйелдің сүтімен бірге, қанын сорып алады. Әйел өліп қалады. Төбекөз біраздан соң, орнынан тұруға жарайды. Ол өте ашқарақ еді. Не тамақ берсе де, тоймайды. Көзіне не көрінсе, соны жейді. Ақыр аяғы, адамды ұстап жей бастайды.
Қорқыт ата келіп айтады:
– Біз сені бағып-өсіріп едік қой. Адамды жеме, аулақ кет, – деп қуып жібереді.
Төбекөз ауылдың сыртындағы таудың үстіне барып жатады. Оның алыптығы сондай, үйге сыймайды. Өткен-кеткен малды, адамды ұстап алады. Ел қорлық көреді. Аналар жылайды.
Сол кезде Бисат оралады. Ауылдағы кісілер болған оқиғаны айтады. Бисат елін Төбекөзден құтқару үшін оны іздеп шығады.
Барса, таудың баурайында күнге қыздырынып жатыр екен. Арыстан емізген Бисат күшті еді. Төменде тұрып, садағын қолына алады. Кірісіне оқты тіреп, атып қалады. Атқан оғы ала өгіздей мөңіреп барып, Төбекөздің қарнына тиеді. Ол оны маса шаққан құрлы көрмейді.
– Мына жердің масасы бар екен! – деп, тыр-тыр қасып жата береді.
Бисат екінші рет атады. Төбекөз орнынан тұрып, төменге қарайды.
– Әй, бұл кім, әй? – дейді гүрілдеп.
Бисат:
– Бұл – мен. Сенімен соғысуға келдім! – дейді.
Төбекөз қарқылдап күледі. Ол күлгенде тау селкілдеп кетеді. Еңкейіп, Бисатты бір саусағымен жерден көтеріп алады. Көзіне тақап қарайды:
– Сен бе менімен соғысатын?! – дейді.
Бисат:
– Иә, мен! – дейді.
– Онда мен сені кешкі тамақ қылайын. Әзір жата тұр! – деп, етігінің қонышына салып қояды. Төбекөздің етігінің қонышы Бисаттың бойынан биік еді.
Бисаттың белінде қанжары бар болатын. Төбекөз ұйықтаған кезде қанжармен етіктің қонышын тіліп жібереді. Өзі сыртқа шығады. Төбекөз бір ұйықтаса қатты ұйықтайтын.
Бисат бір темір қазықты алады да, әбден отқа қыздырады. Сөйтіп, ұйықтап жатқан төбекөз дәудің жалғыз көзіне тығып алады. Төбекөз орнынан атып тұрып, ойбайлап жылайды:
– О, жалғыз көзім-ай. Ақ шашты аналардың жалғыз баласын жеп, жылатып ем-ай. Ақ сақалды қарттарды зарлатып ем-ай. Ойбай-ай! – деп бақырады.
Бисат:
– Адам жегіш Төбекөз. Сенің ажалың келді! – деп басын шауып алады.
Сөйтіп, ел Төбекөзден құтылыпты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   105   106   107   108   109   110   111   112   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет