Таланттар



бет110/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   106   107   108   109   110   111   112   113   ...   151
Таланттар

ОҒЫЗ БАТЫР

– Балам, баяғы бір заманда Айқаған деген анадан алып бала туыпты. Бөрі белді, бұқа санды бала еді. Ол анадан туа салып сөйлеп кетіпті. Анасының уызына тойып алған соң:


– Маған енді ет беріңдер! – депті. Ет берсе:
– Піскен ет жемеймін, шикі ет жеймін! – дейді.
Сөйтіп ол күн санап өседі. Бір айда бір жастағы баладай болады. Бір жаста он жастағы баладай болады. Атқа мініп аң аулауға шығып жүреді. Күшті, алып жігіт болады. Күші өгіздей болған соң, Өгіз деп атайды. Кейін Оғыз болып кетеді.
Сол маңда бір қалың орман бар еді. Орманның ішінде тажал аң пайда болады. Оның атын Қат дейді. Әкесі Данабекке:
– Қазақ тілінде «Қат» дегенге ұқсас сөз бар ма? – дейді.
– Қат...– деп ойланып тұрды да, – «Қатты» деген сөз бар! – деп қуанып кетті.
– Дұрыс, балам. Күші қатты болған соң, ол аңды қысқартып Қат атаған. Көрдіңдер ме, қанша заман өтсе де баяғы сөздер тілімізде сақталған.
Содан әлгі Қат орманға барған малды да, адамды да жеп қояды екен. Ел қорқа бастайды. Талай жігіттер барып, өлтіре алмайды.
Мұны естіп, Оғыз беліне қылыш байлайды. Қолына садақ алады. Тұлпарына мініп, орманға барды. Әуелі Қаттың күшінің қандай екенін біліп алғысы келеді. Бір бұғыны атып алады. Жас шыбықты кесіп, онымен бұғыны үлкен ағашқа байлайды. Өзі кетіп қалады. Ертеңіне келіп қараса, бұғыны паршалап жеп кетіпті.
Енді аю атып алады. Оны беліндегі алтын белбеуімен ағашқа байлап кетеді. Ертеңіне келіп қараса, аюды да жеп кеткен екен.
Үшінші күні ағаштың түбіне өзі келіп тұрады. Бір кезде екі көзі қып-қызыл, тырнақтары адырайған бір аң келеді. Келе, мүйізімен Оғызды соғып өтеді. Оғыз қалқанын тосып қалады. Қайта айналып ұмтылғанда, садағын атып жібереді. Тосылып қалған кезде, қылышпен басын шауып түсіреді.
Сөйтіп, Оғыз батыр елді тажал аңнан құтқарады. Еліне қорған болады. Елі қуанып, той жасайды.


ФАРАБИ АТА

– Балам, біздің қазақ жерінде Отырар деген ұлы қала болған. Ол қаланың орны – Шымкент облысында. Сол Отырар қаласында Әбунасыр деген ақылды бала болыпты. Ол кішкентайынан көп оқиды. Ескілікті сөздерді көңіліне тоқиды. Араб, парсы тілдерін үйренеді.


Ол кезде «Ұлы Жібек жолы» деген керуен жолы осы қаланы басып өтетін. Қазақ жерінің о шеті мен бұ шетін жалғастыратын. Әрі асып, Иранға, Арабияға жетеді. Әбунасыр 16 жасқа келгенде, осы Ұлы Жібек жолымен қатынаған керуенге ілесіп, Арабияға сапар шегеді. Оқу оқып, көп білім алғысы келеді.
Айлап жүріп, керуенмен Арабияға келеді. Танымайтын елде өмір сүру қиын еді. Ол сонда да мойымайды. Күндіз бағбан болып еңбек етеді. Күрекпен жер қазады. Ағаш суғарады. Одан алған ақысына тамақ – киім сатып алады. Ал түнімен кітап оқиды. Жазу жазады. Сөйтіп, жылдар өте береді.
Бір күні араб әкімі Әбунасырды көргісі келіп, шақырады. Әбунасыр әкімнің жарқ-жұрқ еткен сарайына кіріп келеді. Сонда әкім қасындағы уәзірлеріне өз тілінде:
– Мына жігіттің білімін сынап көрейік. Егер нашар болса, есіктен қайтарып жіберіңдер! – дейді.
Әбунасыр ол тілді де білетін еді. Дереу жауап береді:
– Иә, білімі саяз кісі сіздің қасыңызда отыруға лайық емес, –деді. Әкім таңғалып:
– Неше тіл білесің? – дегенде, Әбу-Насыр:
– Жетпіс тіл білемін! – деп жауап береді.
Әкім Әбунасырға өзінің оң жағынан орын беріп, қасына отырғызады. Әбунасыр тоғыз ішекті домбыраны қолына алып, күй тартады. Отырған адамдар тіпті таңғалады. Содан былай араб әкімі Әбунасырға көмектеседі. Ғылыммен айналысуға жағдай жасайды.
Әбунасыр бүкіл өмірін араб елінде өткізеді. Жүз елу кітап жазады. Атағы дүние жүзіне жайылады. Оның туған қаласын арабтар «Фараб» дейтін. Содан Әбунасыр әл-Фараби деген ат алады. Бүгінде Фарабиды білмейтін ел жоқ. Ол – біздің ғұлама атамыз.
Фараби Арабияда жүріп, туған елін сағынады. Тау-тасын көргісі келеді. Гүлін иіскеуді армандайды. Бірақ жер алыс. Келе алмайды. Содан мынандай өлең шығарады:

Қашықтасаң туған жер, қалың елім,


Небір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Бұл өлеңді Айбегім тез жаттап алады. Данабек те қалыспай қайталайды.


Әкесі екеуін тыңдап болған соң, ойланып былай деді:
– Фараби сексеннен асып өмірден өтіпті. Ғұмырын тек ғылымға арнапты. Дүние жүзіне белгілі болыпты. Баяғы араб әкімі өзі өлерінде: «Мені Фарабидің қасына жерлеңдер!» – деп өсиет айтыпты. Фарабидің қасына жерленуін зор мәртебе көріпті. Қазір араб елінде Шам шаһарында екеуінің бейіті қатар жатыр.
Айбегім әңгіменің тыңдап болған соң әкесіне:
– Әке, Фараби бабамның жатқан жерін картадан көрейінші! – деді. Жүгіріп барып картаны алып келді. Әкесі картадан Арабияны тауып берді. Айбегім Арабиядан Шам қаласын іздей бастады. Әкесі айтты:
– Балам, Шам қаласы қазір Дамаск деп аталады, – деді.
Айбегім Дамаскіні іздеп тапты. Фараби тұрған Бағдад қаласын да қолымен көрсетті. Одан соң Қазақстаннан Фарабидің туған жері Отырарды іздеді. Әкесі:
– Қазір Отырар қаласының орны ғана бар. Ол Шымкент облысында, – деді. Қазақстан картасынан Шымкентті тапты.
Данабек екеуіне кезек қарап:
– Өй, Отырар мен Бағдадтың арасы жап-жақын ғой! – деді.
Айбегім Данабекке қарап күлді:
– Өй, кішкентай. Картада кішірейтіп көрсететінін білмейді екенсің ғой! – деді. Әкесі басын изеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   106   107   108   109   110   111   112   113   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет