ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚЫЗЫ – ФАТИМА
– Балам, Мұхаммед пайғамбардың үш ұл, төрт қызы бар еді. Ұлдары: Қасым, Абдолла, Ибраһим.
Қыздары: Зейнеп, Руқия, Үммігүлсім, Фатима. Фатимадан басқа балалары пайғамбардан бұрын қайтыс болған. Фатиманы айрықша жақсы көрген. Халыққа өсиет айтқанда, қасына отырғызып қоятын.
Мұхаммед пайғамбар байлық қумаған. Патша болса да, қарапайым өмір сүрген. Күн көрісінен артық дүниесін кедейлерге таратып беріп отырған. Өзі ауырып жатқанда қалтасындағы бар ақшасын садақаға бергізеді. Қасындағы кісілер беруді ұмытып кетеді. Пайғамбар:
– Садақа бердіңдер ме? – дейді. Ақшаны көрсетіп:
– Мыналар қолда тұрғанда өлсем, Алланы ойлағаным ба? – дейді. Тезірек садақа бергізеді.
Өлерінде Фатимаға мынандай өсиет айтыпты:
– Пайғамбар қызы Фатима! Сен қайырымды жұмыстар істе. Пайғамбардың қызымын деп жұрттан бөлектенбе! – дейді.
Фатима әкесінің өсиетін орындаған. Қайырымды, білімді қыз болған.
Бір күні үйіне киімі жыртық-жыртық қайыршы келеді. Қайыр сұрайды. Фатиманың оған беретін ақшасы болмай қалады. Қайыршыны қалай бос қайтарамын деп қиналады. Мойындағы алтын алқасын алып, бейшараға ұсынады.
– Алқаны сатып, ақша қыл. Балаларыңа тамақ әпер, – дейді.
Фатима осындай қайырымды істерімен ел есінде сақталған. Ол – бүкіл мұсылманның анасы.
БЕС ПАРЫЗ
– Балам, мұсылманның бес парызы бар. «Бір» деп саусағыңды бүк.
Данабек пен Айбегім бас бармағын бүкті. Әкесі Данабектің бүгілген бармағын басып тұрып, айтты:
– Мұсылманның бірінші парызы – иман келтіру.
– «Иман» деген не, әке?
– Иман – Алланың бар екеніне сену. Мұсылман болу. Мұсылман болғанда не істеу керек екені Құранда айтылған.
Данабек тағы сұрады:
– Сіз мұсылмансыз ғой, әке!
Әкесі:
– Әлхамду лилләһи мұсылманмын. Ал сен мұсылмансың ба, балам?
Данабек тоқталмай жауап берді:
– Әлхамду лилләһи мұсылманмын.
Әкесі риза болғанын жасыра алмай, Данабектің маңдайынан иіскеді. Алдына отырғызды. Данабектің сұқ саусағын бүктірді.
– Ал, балам, екінші саусағыңды бүк. Мұсылманның екінші парызын айтайын. Екінші парызы – күніне бес уақыт намаз оқу.
Данабек сонан соң үшінші саусағын бүкті:
– Үшінші парызы не, әке?
– Мұсылманның үшінші парызы – ораза ұстау.
Данабек ортан саусағын бүгіп тұрып:
– Білемін, білемін! – деді. Ораза ұстағанда таңертең және кешке ғана тамақ ішеді. Күндіз ештеңе ішпейді.
Әкесі:
– Иә, балам, жылына бір рет тамақ ішпеу – үлкен кісілерге пайдалы. Енді әрі қарай тыңда:
– Мұсылманның төртінші парызы – зекет беру. Зекет беру – жетімдерге, мүсәпірлерге көмектесу.
Данабек аты жоқ саусағын бүкті де, сұрақ қойды:
– Мүсәпір кім, әке?
– «Мүсәпір» деп өзін-өзі асырауға шамасы жетпейтін ауру-сырқау адамды айтады.
Әкесі Данабектің шынашағын бүктірді.
– Енді мұсылманның бесінші парызын біл. Бесінші парыз – шамасы келсе, қажыға бару. Қажыға бару – Мұхаммед пайғамбардың туған жеріне бару. Ол – арабтар жерінде. Мекке деген қалада.
Балам, ал, мұсылманның бес парызын қайталап айтайық, – деді әкесі. Үшеуі қосылып айтты:
Бірінші парыз – иман келтіру.
Екінші парыз – күніне бес уақыт намаз оқу.
Үшінші парыз – ораза ұстау.
Төртінші парыз – зекет беру.
Бесінші парыз – қажыға бару.
Айтып болған соң, әкесі тағы да былай деді:
– Балам, есіңде болсын! Мұсылманның тағы бір үлкен парызы – білім жинау!
Достарыңызбен бөлісу: |