Таланттар



бет119/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   151
Таланттар

МАҚАЛАЛАР


МАҚАЛАЛАР


МІНДЕТ – ОҚЫТУ, ҮЙРЕТУ

Қазіргі уақытта нағыз «жұмысшы факультеттеріне» айналып отырған даярлық бөлімдері еңбек соңында жүріп, оқудан уақытша қол үзіп қалған жастарды жоғары оқу орнына жетелейтін өмір баспалдағы десе де болғандай. Еңбекші жастар үшін оның қаншама пайдалы екендігін осы оқудан дәріс алып шыққан студенттер жақсы біледі.


Жеті-сегіз айдың ішінде жұмысшы жастардың ұмытқанын жаңғыртып, білмегенін үйретіп шығару– жауапты да қиын іс. Бұл жерде оқытушы тек сабақ өткізуші емес, үлкен жүректі парасат иесі де болуы керек. Өйткені жоғары оқу орнына кешігіңкіреп келгендіктен қыз-жігіттердің біразы мектептен алған білімдерін ұмытып қалады. Оны неге ұмытасың деп кінәлау қиянат. Олай болса ұстаздың міндеті – тыңдаушылардың осы жағдайын ескере отырып, оларға жүйелі білім беру, тынбай үйрету, жалықпай оқыту.
Даярлық бөлімінде қазақ әдебиетін оқып жатқан жастардың біразы күні ертең-ақ әдебиетші, бірі журналист, бірі тарихшы, енді бірі заң қызметкері болары сөзсіз. Алайда әдебиет пәні тек осы мамандықтарға баулу үшін ғана оқытыла ма? Жоқ. Бұл сабақ кез келген мамандық иесінің өнер туындыларын творчестволықпен түсінуге, болмыс құбылыстарын нәзік қабылдауға және жақсылық, сұлулық атаулыны құрметтеуге тәрбиелейді. Ендеше, әдебиетті емтихан үшін ғана оқытпай, жан-жақты саналы азаматты қалыптастыру үшін оқыту ләзім.
Ең алдымен, даярлық бөліміне түсуге келгендердің жауаптарынан төмендегідей ортақ кемшіліктерді байқайсыз. Бірінші – айтатын мәселені нашар білгендіктен жете жауап бере алмау. Мысалы, «Көкшетау» поэмасының композициялық құрылымына тоқталу керек болса, ол поэманың қарапайым да шебер құрылғандығы туралы бір-екі ауыз айтады да, әрі қарай жалпы мазмұнына түсіп кетеді. Бұдан шығатын қорытынды – талапкер композиция дегеннің не екенін білмейді.
Екінші – жауап берушінің интеллектуалдық өрісінің тарлығы. Мұндай жағдайда анализ, синтез, жалпылау, түйіндеу, салыстыру, жүйелеу, дәлелдеу сияқты интеллектуалдық операцияларды жасауға шорқақ. Мысалы, «Қазақ совет әдебиетіндегі өндіріс тақырыбына арналған шығармалар» дейтін сұрау келсе, әуелі С.Ерубаевтың «Менің құрдастарымын», Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлкесін», Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» т.б. білген романдарын мазмұндай жөнеледі, яғни салыстыру, жинақтау, түйіндеу тәсілдерін қолдана білмейді.
Үшінші – жауап берушінің эстетикалық өрісінің жұтаңдығы. Оның көрінісі – көркем шығарманы өнер ретінде қабылдай алмау, автор шығармасын оның азаматтық еңбектерінің жетістігіне қарай бағалау.
Төртінші кемшілік – ойды жүйелеп айта білмеу және көркем тілмен жаза алмау. Осы аталған кемшіліктердің барлығын да даярлық бөліміне жаңа түскен тыңдаушылардың біразынан байқауға болады. Сондықтан тыңдаушыларға белгілі бір информациялар жиынтығын жеткізумен қатар, жоғарыда аталған кемшіліктерді түзетуде, сондай-ақ олардың танымдық қабілеті мен творчестволық ой-өрісін жетілдіруде практикалық сабақтардың рөлі үлкен.
Кейбір көркем шығармалардың мазмұнын, стилін, жеке сөз тіркестерін, жеке сөйлемдерді еске сақтай отырып, қысқа әрі нақты жауап беру тыңдаушыларға біраз қиындық келтіреді. Біздіңше, көркем шығарманы еске сақтаудың ең тиімді жолы – белгілі педагогтер көрсеткен конспектілеу әдісін қолдану екеніне көзіміз жетеді. Мәселен, Ш. Уәлихановтың Ф.М. Достоевскийге жазған хаттарынан, «Сот реформасы туралы» хатынан ғалымның ағартушылық-демократтық көзқарасы айқын айғарылады. Оларды білмейінше, осы тақырып бойынша оқушының білімі толық болмайды. Аталған хаттарды Ш. Уәлихановтың өзіндік ой жүйесін, сөз қисынын еске сақтай отырып айтпаса, тыңдаушылардың өз сөзімен жеткізуі қиын. Сондықтан конспектінің пайдасы көп. Шоқанның хаттарында аталған кісілер кім? Олар жөнінде қосымша мағлұмат біліп келу тапсырылады. Тыңдаушылар А.Г. Майков, А.Н. Бекетов, Я.Полонский сияқты сол тұстағы белгілі ақын, ғалымдармен танысады. Бұл әдіс кітаптардан іздене жұмыс істеуге, ғылыми жұмыс жүргізудің алғы шарттарына қалыптастырады.
Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесі аудиторияда екі-үш балаға айтқызып не оқытып талқылау ретінде немесе бірінің жұмысын екіншісіне беріп пікір айтқызу ретімен тексеріледі. Мүмкіндігінше аудитория түгел қатыстырылады.
Ойды жүйелеп айта білу, көркем тілмен жаза білу, ең негізгі мәселені бөліп алу сияқты қажетті процестерді үйретудің тағы бір тиімді жолы – шағын шығармалар жаздыру. Шағын шығарманың тақырыптары бір ғана мәселе төңірегінде болады. Мысалы, «Махамбеттің «Тарланым» өлеңіндегі Исатай сипаты». «Соғыс өлеңіндегі реалистік шындық», «Абайдың өнер жайындағы өлеңдерінің негізгі идеясы» тағы басқалар. Аудиторияға бірден бірнеше тақырып ұсынылады. Жұмыстың орындалуына 20-30 минуттай уақыт кетеді. Бұл операцияны орындау кезінде баланың үйге берілген тақырыпты қалай түсінгендігін тексеруге болады әрі жазуға төселтеді.
Әуелі осылай бір-екі абзац көлемінде ойды тиянақты жеткізуге төселіп алған соң, өз мәніндегі көлемді шығармалар жазу көп қиындық келтірмейтініне көзіміз жетті. Шындығында, әдебиет өмірдің қат-қабат сырын түсіндіретін, қоршаған орта шындығын ұғынуға көңіл-көзіңді ашатын, адамды тануға көмектесетін қасиетті құрал екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан да әдебиет сабағының ең бір маңызды міндеті – оқушының творчестволық қабілетін дамыту, өнерді қарабайыр түсінуден творчестволықпен түсінуге жеткізу.
Тыңдаушының творчестволық қабілетін дамытуда еркін тақырыпта шығарма жазудың да мәні жоғары. Тақырыптар шығарманың: баяндау шығарма, суреттеу шығарма, пікір айту шығармасы дейтін алуан түрлі ерекшеліктерін еске ала отырып ұсынылады. Өйткені еркін тақырып, ең алдымен, сол тыңдаушының өз жан дүниесін, білім қорын, талант шамасын танытады. Сонымен қатар өмірге, қоғамға, болмыс ақиқатына көзқарасын да білдіреді. Мұндай шығармаларға, мысалы, «Замандас туралы ой», «Арман – адам қанаты», «Маған ұнаған сүйкімді жан», «Қыс суреттері», «Совет елі – бейбітшілік ордасы», «Қазақ совет әдебиетіндегі жастар бейнесі», Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесіндегі адамгершілік мәселесі арқау бола алады.
Біз бірде тыңдаушыларға «Менің жолдасым кім?» атты тақырыпта шығарма жаздырдық. Бұл тақырып өздеріне жақсы таныс болғандықтан ба, тыңдаушылар оны тез жазды. Кейін өз рұқсаттарымен дауыстап оқытқанымызда барлығы да қатар жүрген жолдастарының адал, ақжарқын, ұстамды, бірсөзді, білімді замандастарын қадірлейтінін байқадық. Оны тыңдап отырғанда адам болудың шарты тек көп білу деп түсінгендіктен бе, нашарлау оқитындарға тәкаппар қарайтын кейбір «озаттардың» ыңғайсыз күйге түскені де рас.
Тақырыпты талқылау кезінде проблемалық ситуация туғызу да сабақ мазмұнын тереңдете түсуге жол ашады. Мысалы, «Абайдың поэмалары» дейтін тақырып бойынша «Ескендір», «Масғұт» дастандарының мазмұны мен идеясын, образын талдап, түсінгеннен кейін, Абай шығыстың классикалық әдебиетін жақсы білсе де, өз тұсындағы басқа ақындар сияқты ғашықтық, мұңлық, қисса, хикаялардың сюжетін алмай, «Ескендір, Масғұт оқиғасын алу себебі неде? Ақынның поэмалары идеялық тұрғыдан қай өлеңдерімен үндес?» деген проблемалық сұрақтар қою арқылы ұлы ақынның әлеуметтік көзқарасын, өмірге деген кредосын, өлең жазудағы түпкі мақсаттарын айқын түсіндіруге болады. Сонда тыңдаушылар ұлы ақынның:
Мен жаздым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,
Менде жоқ алтын иек, сары ала қыз, –
деген өлең жолдарының сырын жете ұғынары сөзсіз.
Сонымен қатар тыңдаушыларға жеке-жеке тақырыптар беріп, баяндама жасату, көлемді үзінділер жаттату, зерттеу еңбектерді ұсынып, конспект жасатудың да мәні зор.

СТУДЕНТТІК КОЛЛЕКТИВТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ер жеткен жігіттер мен қыздарға куратор керек пе?» деп күдікпен сұрақ қойған мақалалар жарияланып жүрді. Біздің ойымызша, егер куратордың міндеті сабаққа қатыспаған студентке ұрсу, емтиханда студент үшін баға сұрау, сабаққа келтіру үшін ұйқыдан ояту деп түсінсек, балабақша тәрбиешісінің міндетін атқаратын кураторлықтың керегі жоқ. Куратордың мақсат-мүддесі тереңірек жатқандай.
Болашақ маманның азаматтық көзқарасын, адамгершілік, коллективтік сезімдерін қалыптастыруда басқа оқытушыларға қарағанда куратор міндеті салмақтырақ. Студенттік коллектив... Қазақстанның түкпірінен, тіпті шет елден, одақтас республикалардың әр жерінен жиналған, өмір тәжірибесі, білімі, мінезі әр түрлі 25-30 студенттің ой-санасын бір жерге қалай біріктіріп, мақсаты ортақ коллектив құруға болады?
Қазақ халқында «Сыйлы болғың келсе, өзің сыйлай біл» деген даналық сөз бар. Студентті өзіңнен төмен санаған жағдайда екі арада ешқандай сыйластық болуы мүмкін емес. Сондықтан алғашқы жұмысты әр студенттің жеке жағдайын, мінезін, бейімділігін зерттеуден бастаймын. Осы сыйластық сезімдерін студенттердің өз арасында да өсіріп отырудың үлкен мәні бар секілді. Ол үшін бір-бірінің жақсы қасиеттерін аңғарып, тануына, бір-біріне құрметпен қарауға мүмкіндік туғызу керек. Мұндай жағдайлар коллективтік ортақ істерді бірігіп атқару үстінде, қызықты кештер, кездесулер, сенбіліктерге қатысу үстінде байқалады. Ондай жұмыстарда жалпы бағыттауда болмаса инициативаны студенттер жағында қалдыруға тырысамын.
Біздің группамызда жыл бойы өткізілуге тиісті тәрбиелік шаралар алдын-ала талқыланып бекітілгеннен кейін, іске жауапты комиссия құрылады. Онда студенттердің бейімі, мүмкіндігі де ескеріледі. Ешбір нәрсеге икемі жоқ студент болуы мүмкін емес. Комиссияның председателі және мүшелері атқарылатын жұмыстың негізгі салаларын ұйымдастыруға міндетті болады да, группаның қалған студенттері оларға көмектесіп отырады. Мұндайда жайшылықта тым көзге түсуге ұялшақтардың өзі бір жақсы қырынан көрініп қалады. Комиссиялар арасында сырт көзге байқалмайтын «кім қызықты өткізер екен»? дегендей намыс жарысы да жүріп жатады. Қоғамдық жұмысты ылғи да белгілі бір студенттер атқарып, қалғандарының шет қала беруіне жол берілмейді.
Осындай бір пайдалы пікірлесуге бағытталған алғашқы кураторлық сағаттардың бірін мұғалімдік мамандыққа арнадық. Әдетте филолог студенттердің көбісі, ақын Қ. Мырзалиев айтқандай, «бірінші курста ақын болып бастап, екіншіде – жазушы, төртіншіде – сыншы, ал ақырында, ауылға мұғалім болып аттанатындығында» шындық та жоқ емес. Мұғалім болуды өз мүмкіндігінің «ең төменгі сатысы» деп түсінетіндер де табылады. Бұл жағдай әсіресе кураторды ойлантуы тиіс.
Бірінші курста өз мамандығы жөнінде пікірлесуге қазақ әдебиеті кафедрасының жас оқытушылары келді. Ұстаздық мамандық туралы әдемі пікірлер плакаттарға бөлек жазылып ілінді. Ұстаз өміріне байланысты көптеген қызықты сұрақтар қойылды. Арнайы қабырға газеті шығарылып, ұстаздың шәкірт алдындағы жауапкершілігі, ізденгіштік қасиеті, еңбекқорлығы жайында әңгіме болды. Соңында ұстаздардан бастап, студенттер өнерін тамашалаумен аяқталған бұл кураторлық сағаттың ұйымдастырушылары: Қоянбекова Сара, Қасымбекова Айсұлу, Жаханова Дүйсенкүл т.б. студенттер болды да, екінші курста «Менің мамандығым — мұғалім» деген тақырыпта кураторлық сағат өтті. Кездесуге № 12 қазақ орта мектебінің мұғалімі, 16 жыл педагогикалық стажы бар Аманбаева Бөлек, №1 мектептен университет түлегі Қосжанова Нағима келді. Мұнда да мектеп өміріне арналған қабырға газеті шығарылды. Мұғалімдердің алдын-ала анкета жүргізу арқылы белгілі болған сүйікті әндері орындалды. Біздің курстың студенттері үшін облыстық кітап саудасы бөлімі кітаптар әкеліп сатты. Мұғалім өмірінен этюдтер айтылды, сұрақтар койылды. Соңында группа фотографы Е. Айтжановтың да өз өнерін көрсетуіне мүмкіндік берілді. Шағын концертте сырттай оқудан биыл ғана ауысып келген студенткамыздың әдемі әншілік қабілетін таныдық. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, мұндай кездесулердің өту фактісі қандай пайдалы болса, оны дайындау процесі одан да пайдалы деп ойлаймыз. Мамандықтың қыр-сыры жайлы әңгімеге жыл сайын оралып отырмақпыз.
Иә, студенттік коллектив те – өзінше бір семья. Оның әр мүшесі басқаларының қуанышына қосыла қуанып, қайғысына ортақтаса білсе, әрбір істе бірін-бірі ұятқа қалдырмау сезімі жетекшілік атқаратын болса, онда куратор тәрбиесінің дұрыс бағытта келе жатқандығы. Группадағы студенттердің туған күнін коллектив болып өткізу, жылы сөздер, тапқыр достық әзілдер, өзі шығарған алғашқы өлеңін арнау, гүл ұсыну арқылы дос көңілін аулау коллективке жылылық құяды. Өткен жылғы мұндай туған күнді коллектив болып өткізудің ұйымдастырушысы группа активисі Қасымбекова Айсұлу болды. Мұндай туған күн өткізу дәстүрін алдағы уақытта да жалғастыра бермекпіз.
Болашақта студенттердің өзін-өзі басқару мүмкіндігіне жол беріп, коллективтің беделін көтеруге көңіл бөлген дұрыс. Стипендияны да, жатақхананы да кімге беру керектігін коллектив өзі шешу керек. Студенттік жылдарды мәнді өткізген бүгінгі филологтің ертеңгі оқушылары да бақытты балалық шақтың мектептегі күндерін мәнді өткізетініне сенім мол.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет