2. Орыс тілді мектептерде «Қазақ мәдениетін» оқыту.
Орыс мектебі – Қазақстанның азаматын тәрбиелейтін, қазақ елінің мектебі. Онда оқитын балаларды қазақ мәдениетінен мақұрым тәрбиелеу күнә. Қазақ тарихы, тілі, әдебиетінен бастауышқа арналған орысша әдемі кітапшалар жазуға орыс тілді зиялыларымыз атсалысса, қазақшадан аудару жұмыстары жүрсе, аса бір қиыншылық тудырмайды. Илья Муромецтен басқа да үлгі етерлік қаһармандарымызды білдіру парыз. Орыс тілді мектептерде қазақ музыкасының да сан ғасырлық жауһарлары ыңғайлы кіргізіліп, оқыту жағын ойлауымыз жөн.
Ю.П.Аравин хабарларының өзі тұтас бағдарламаларға сұранып тұр.
Сондай-ақ ағылшын тілінен бұрын қазақ тілін оқыту керек. Жиналыстары мен іс қағаздары қазақша бағыт алып кетсе, қазақ тіліне деген менсінбеушілік өзінен-өзі жойылары сөзсіз. Елімізде дос пейілмен өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдері, қазақ ұлтының мүддесі – Қазақстанның мүддесі екенін ұғынады. Оған Герольд Бельгердің ізгілікті ойлары куә.
3. «Қазақ мәдениетін» жоғары оқу орындарының бағдарламасына жүйелі кіргізу. «Қазақ мәдениеті» бір-ақ сабақ болмайды. Оның кешенді бағдарламасында: қазақ тілі – әдебиеті, тарихы, дін мәдениеті, өнері тұтас кіреді. Осы сабақтар факультетіне қарамастан, барлық оқу орындарында жүргізілуі керек. Қазіргі күнде мұның бәрі тіл, тарих және «мәдениеттану» курсы болып үш-ақ сабақпен өтуде. Ол жеткіліксіз. Қазақ әдебиеті және қазақ өнері де жеке пән ретінде өтіп, оның қадірін түсірмейтін мамандары сабақ берсе, театрларға, музейлерге апару, айтысты көрсету, оны талдау – жастардың сана-сезімін біріктіреді.
Сондай-ақ жастардың көкірегіне қобалжу туғызып, өз ұлтына топырақ шаша сөйлейтін ділмар «ұстаздар» кездессе, олардың пайдасынан – зияны. Білікті болса, халқын жарылқаудан артық не бар? Жиған білімің, үйренген тілің, көрген тәжірибең интеллектіңді жұртыңа жұмсасаң ғана қадірлі. Төбенің басына шығып алып, төменге күл шашқан кісіні өзің түгіл, өзге де сыйламайды.
«Еуропаға елден бұрын мен жеттім» дегендей, алғашқы кезде біраз эйфория болды, енді сабасына түсіп, еліне қайтіп қызмет қылуды ойланатын кезге келдік. Білгеніңді көрсетпе деп жатқан ешкім жоқ. Жалпы адамзаттың биігіне айналған тұлғалардың өзі, сол биікке өзін шығарған халықтың мәртебесін көтеру арқылы ғана жеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |