Келешекте қандай жоспарларыңыз бар, сол туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
Болашақта тек алдыма қойған мақсатыма жетуді ойлаймын. Алдағы уақытта осы мектеп лицейді кеңейтіп, сапалы білім, саналы тәрбие беретін білімнің алтын ұясына айналдырсам деймін. Осы жолда мені қатты ойландыратын мәселе – класс бөлмелерінің жетіспеушілігі. Қазір лицейдің әр класында 10-15 оқушы оқиды. Жалпы оқушы саны 55- тей болады. 1-2 және 6-7-8-класс бар. Көптеген ата-аналар балаларын 3-4-класқа бергісі келеді, бірақ біздің оған шамамыз келмейді. Өйткені оқытатын бөлмелер аз.
«Көп түкірсе – көл» дегендей, жаз бойы ата-аналарымыздың көмегімен мектептің жанынан шамамыз келгенше бөлмелер қосып едік, қажетті құрылыс материалдардың тапшылығынан жұмысымыз тоқтап қалды. Биылғы жаңа оқу жылына ісімізді аяқтап, кіреміз бе деген едік, үлгере алмадық.
Екі жылдан бері осы үй мәселесі жөнінде бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Енді нәтиже жоқ... Айналып келгенде, жергілікті әкімшілік жасаймын десе, қолынан келетін шаруа. Негізінде, біздің істеп жатқан игі бастамамыз осы аудан үшін керек. Аудан басшылары да біздің жағдайымызға қарайласып, қол ұшын берсе деймін.
– Осы сұхбатты оқыған, өз ұлтының болашағын ойлайтын кеудесінде жарық сәулесі бар азаматтар сізді қолдар деп ойлаймын. Әңгімеңізге рақмет!
(Әңгімелескен – Айгүл Айдаралиева)
Ұлттық мектеп - өрісіміз
Мектебіміздің отарлық жүйеге арналған кеңестік түрі егемен мемлекеттің алдағы мақсатына толық келмейтіні анық. Жаңа ұлттық мектеп жүйесі әлі жасалған жоқ. Ұлт мүддесін ашық айтуға мүмкіндік алғанымызды қызықтаумен алтын уақытты босқа өткізіп жүрміз.
Қазіргі уақыт педагог ғалымдардың, ұстаздардың, жалпы ел азаматтарының алдына бұрынғы өктемшіл тәрбиеден арылған ұлттық педагогиканың ғылыми жүйесін негіздеу жаңа үлгідегі ұлттық мектептер жасау міндеттерін қойып отыр.
Ал мектептердің қазіргі жай күйінен әр түрлі көңіл-күй байқалады. Бір мектептердің маңдайшасын өзгертіп, гимназия, лицей, колледжіге айналуда, кейбіреуі мұражайлық кейіпке енуде. Нәтижесі ішкі құрылымын өзгертпей, тозған тонның тысын жамап кигенмен бірдей. Оның несі дұрыс емес деп дауласуға асықпайық, талап дұрыс, бірақ осы әрекетіміздің ішіндегі ең негізгі нәрсе жоқ қой. Сапалы өзгеріс болу үшін ең әуелі «мектеп бала үшін» «бала мектеп үшін емес» деген қағиданы терең ұғынуға тиіспіз. Сонан соң мектеп пен баланың арасындағы қарым-қатынас, сабақтың мақсатына деген және мұғалімнің бейнесіне деген талап өзгеруі тиіс деп ойлаймыз. Ең негізгісі балаға көзқарас қандай?
Біраз мәселе «Мұғалім еңбегінің өлшеуіші не?» деген сұраққа жауап тапсақ шешілетін тәрізді. Осы кезге дейінгі тәжірибемізде оның өлшеуіші жоғардан келген комияссияға «дұрыс» көріну, қағаздарын туралап қою болып келді. Енді категория, разряд дегендерді ойлап таптық. Мұның өзі - мұғалімнің жанын ауыртатын мәселе. Азғантай тиын-тебен алу үшін «мен мынандай едім» деп еңбегін дәлелдеу – түсінген адамға қорлықтың бір түрі. Мұғалімді шөміштен қысу. Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер өзін-өзі жылтыратып көрсетуге әуес емес. Олардың еңбегін комиссияға арналған бір күндік сабақ анықтай алмайды.
Шынайы мұғалім – суреткер. Ал суреткердің әр шығармасы жұртттың бәріне бірдей түсінікті болу шарт емес. Тіпті біреулер оны іске алғысыз жасауы да мүмкін. Ал күнкөрістің өлшеуіші болып отырған категория мен разрядтың тап қазіргі қалпы жасанды нәрсе екендігін мұғалімдердің өздері де жақсы түсінеді. Шындап келсек, стаж да, значок та мамандықтың сапасының таразысы бола алмайды.
Мұғалімнің еңбегінің өлшеуіші – бала. Нәтижесі алдындағы шәкірті білім, мәдениет жағынан қандай деңгейге көтерілді, осыдан көрінеді.
Еңбек осылай бағаланса, жақсы мұғалімнің жұлдызы жанар еді. Айналып келгенде, мектепті көркейтетін адам – жақсы мұғалім. Және оның бағасын бәрінен бұрын бала біледі.
Ұлттық мектепті өсіреміз десек, мұғалімді өсіру керек. Біздің мұғалімдеріміздің дені - өз мектебінен ұзап көрмеген кісілер. Сонан соң өз білімі мен біліктілігін салыстыруға – көргені аз, көңіл көкжиегінің аясы тар. Көпті көргеннен сұрайтын елміз ғой. Әлемнің әр түкпірін қалауыңша көріп, көңілмен сызып жүрген шетел мұғалімдеріне қызыға қарайсыз.
Адамның бет пердесін көлегейлеп келген Кеңес мемлекеті саясатының нәтижесінде әлемдік педагогикадан оқшауланып қалған мұғалімнің өсуіне бүгінде мүмкіндігі аз. Шекарадан шығып, өскен елдердің мектебін көріп қайтуға үстел баққан адамның орнына қарапайым мұғалімді жіберсе, ел үшін пайдасы молырақ болар еді. Оны ойлап жатқан кім бар! Шындығын айтсақ, қарапайым мұғалім ол тізімге іліне алмайды. Ал көргені өз мектебінен аспаған мұғалімнен көп нәтиже күтуге бола ма?
Біздің арамызда небір қабілетті мұғалімдер жүр. Бірақ олардың еңбегін көру жетіспейді, көтермелейтін, қолпаштайтын орта жоқ, жоғарыдан төмен қарай қалыптасқан қатаң бақылау мұғалімді шығармашылық ізденіске ұмтылдырмайды. Біздің жүйе стандарт қалыптан шықпай талап етіледі. Одан шығып кеткендерге өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу үшін темірдей жүйке керек екендігі бесенеден белгілі.
Рухани өренің биік болуы отырған орынға байланысты емес. Қазақстанның бір бұрышындағы мектепте жүрген бір мұғалімнің ізденісін көру үшін одан жоғары әр түрлі деңгейдегі тексерушілердің өрісі одан да биік болуы керек. Тексерудің өзі «мен оны тексермесем, мені біреу тексереді» деген жұлқыламаға құрылған. Бұл – халқына сенбейтін қоғамның қалыптастырып кеткен жүйесі. Тексерушілердің өзінің білім, мәдени, мамандық деңгейі мұғалім деңгейінен жоғары тұрса ғана ақыл-кеңес айтуға құқы бар. Олар тексерушіден көмектесушіге айналмайынша, мектеп ізденіске аяқ баспайды. Жоғарыдан келген адам сабақ берудің қызықты түрлерін өзі көрсетіп, әдістемені өзі үйретуге тиісті болса, кездейсоқ отырғандар өзіне-өзі сын көзімен қарар еді.
Шығармашылық ізденіс шектеуді білмейді. Шектеулі сызықтан шықпайынша, тыңға түрен салынбайтыны түсінікті. Өзінің әрбір талпынысына тексеру күткен мұғалімді ақыр аяғында құлақтың тыныштығын ойлаған көптің ортасына күмп беруге мәжбүр ететін тексеруден құтқару парыз.
«Мұғалім – киелі адам», - дейді біздің мектептің мұғалімі Айсұлу. Шынында, өзгенің жақсы болуына қызмет ету – тек мұғалімдей әулиенің қолынан келетін іс. Қазіргі заман - Әулиесін аттан аударып тастаған заман. Зиялысын аялайтын қоғам әлі күшіне енген жоқ. Осы қиын кезде мұғалімнің жақсы ісін таратып, ғылыми көмек беретін, ізденгіш ұстаздардың басын қосып, қамқор болатын қауымдастық керек.
Ұлттық мектепті жақсартуға қажетті шарттың бірі – балама мектепті көбейту. Көршілес Ресейде оқу департаменті мұрындық болып әр түрлі бағыттағы мектептерді тездетіп ашып жіберді. Оған дайын мұғалімді өздері іздеп тауып жәрдем берді. Шығынның 80 процентін мемлекет көтерді. «Үй иесінің асқанына емес, сасқанына сүйсіндім» дегендей жаңалықты қолдаған рухани жәрдемнің өзі қандай! Ал біздегі жағдай мүлдем басқа деуге болады. Жекеше мектепті көбейтуге емес, тезірек жабуға итермелейтін заңдар бар. Мысалы, балаға мемелекеттік мектепте оқып жүргенде қоғам тарапынан бөлінетін көмек-қаржы жекеше мектепке кетсе, оның ата-анасына берілуі тиіс емес пе? Берілмейді. Ол түгілі ата-ананың өз қалтасынан шығарған ақшасының да жартысына жуығын алып қояды. Отыз процентін салыққа, он процентін жол шығынына, екі процентін жұмыссыздыққа деп жинайды. Бұл заң тонналап сауда жасап жатқан жекеше кәсіпорындар үшін дұрыс болғанымен мектеп жағдайына келмейді. Баласын мемдекеттік емес мектепке бергісі келген ата-ананы жазалау болып шығады. Егеменді елге лайық мектебін жасауға атсалысып жатқан жаңа бағыттағы балама мектептерге біраз жеңілдіктер берілгені жөн болар.
Осы кезде шетелдіктер ашқан өзге тілді мектептерде оқытуға құштарлық байқалады. Оның негізгі себебі қазіргі мектептердің сапалық деңгейінің жоғары болмауынан, бәрінен бұрын шет тілін білу мұратқа жеткізеді деген ойдан екендігі түсінікті. Қазақ баласының шет тілін білетіні жақсы-ақ. Бірақ оң-солын танып болмаған өз тіліне, еліне сүйіспеншілігі қалыптасып үлгермеген жас жеткіншекті бірден бөтен тілге, бөтен елге бейімдеу дүбәралықты туғызады. Уақыт тудырып отырған сұранысқа жауап беру үшін өз мектебіміздің жетілген, болашаққа сай жаңа моделін жасап, іске қосу кезек күттірмейтін іс деп білеміз. Әлемде ХХІ ғасыр мектебінің жаңа үлгісі жасалып жатқанын ұмытпайық. Осы іске ұлтжанды, білікті, инновациялық ізденістегі мұғалімдерді топтастырып, жаңаша тұжырымдамамен кірісетін кез әлдеқашан жетті. Жаңаша мектептің тұжырымдамасының қандай болары - өз алдына бөлек әңгіме. Айта кететін бір нәрсе, қайда барса да, жапонның жапон екені сәлемінен танылады. Жапондар әлемдік аренаға өзінің ұлттық болмысын сақтай шығып отыр. Қазақ баласы да сарабдал әлемге қазақ құбылысы болып шығуы керек.
Қоғамдағы өзгерістерді халық жасады десек те, халықты әріге сүйрейтін атпал азаматтары болуы сөзсіз. Сондай азаматтарды жүйелі тәрбиелеуді қолға алған дұрыс болар еді. Дарынды балаларды бөліп оқытатын, арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін ұлттық мектеп керек. Әсіресе саясаттану, тіл-әдебиет, заңтану, қазақ пәлсафасы саласының қазақ ойшылдарын тәрбиелейтін мектептер болса. Бұл жағынан жанымыздағы қытай мектебінің тәжірибесі де тәуір. Алысырақ барсақ, болашақ саясаткерлерді арнайы тәрбиелейтін Америкадағы Әулие Албан мектебі бар. Қазіргі қазақ баласының еңсесі көтерілді. «Кім боласың?» десең, «Құдай қаласа, президент боламын!» - деп жүргендері көп. Халқымызға ендігі он-он бес жылда тірек болатын тұлғаларды қазірден дайындауға кіріскен жөн. Сондай-ақ қыз баланы білімді де мәдениетті, ісмер ана болуға баулитын арнайы мектептер ашсақ, оның ешбір ұяттығы жоқ. Баланың тәрбиесін мектептен бұрын анасынан талап етуіміз керек. Әйелдің қоғам алдында ең жауапты қызметі өз баласын тәрбиелеп беруі екендігін толық сезінетін жағдайға жеткізу үшін жасалатын жұмыстардың бастауы болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |