Мұғалімнің сөзі:
– Мұғалім қатал болмасын дейік. Ал менің бір оқушым бар. Байдың баласы. Үйін көрсеңіз, не жоқ дейсіз. Әке-шешесі үп-үлкен қызметте істейді. Ал әлгі бала... мектепке мыжырайып қалған қисық қасық әкеліп, сонымен тамақ ішіп отырады. Қасындағы баланың тамағын тартып, өз тәрелкесіне салып алады. Аш дейін десең, үйіндегі жағдайы анандай. Балалардың көзінше талай ұрсып, ұялттым. Артынша тағы қайталайды. Үйіне хат жазып жібердім. Өзгеріс жоқ. Ал! Мен енді осы балаға не істеуім керек?! Айта қойыңызшы, не істеуім керек!
Ызадан құлағына дейін қызарып кеткен мұғалімнің көздері тым жігерлі екен. Бұл кісінің жүріс-тұрысынан, даусынан өктемдеу мінезі байқалушы еді. Қазір де балаға көмектесейін деп ақылдасқысы келген емес, өзін мақұлдатқысы келген сыңайы бар. Тәрбие құралы «жазалау мен ұялту» болған апайдың барлық айласы таусылса керек.
– Сонда бұл баланың бір дұрыс ісі жоқ па? – дедік, тым батыл көздеріне сақтана қарап.
– Кейде кластың еденін әп-әдемі жуатыны бар. Но, енді адам сенбейтін қылықтарын көрсеңіз... Асханада басқа мұғалімдердің алдында жер боламын!
Ел алдында беделін түсірген баланы жүн болса, түтіп-түтіп лақтырып жіберетіндей, қолын сермеп, қызып кетті.
Жиналыс бітті. Әркім өз ойымен. Баланы емес, өзін аяйтын мұғалім «тентек баланы» жазалаудың тағы бір түрін ойлап таба жатар. Бірақ тентектіктің балаға деген мейірімнің аздығынан, жанын түсінбеуден шығатынын біле алмас-ау.
Сол тентек баланың шын тілегі не екен? Мүмкін, үйінде еркелеп өскен бала мектепте елеулі бола алмағандықтан, көзге түскісі келетін шығар.
Бір қабілетін байқап, мақтаса, тіпті балалар арасында ұйымдастырушының рөліне қойып көрсе. Болмаса, үйіндегі ересектер өзімшіл болса, үйдегі әміршілдіктен мектепке келгенде құтылып, өзіне-өзі көңілі толмаудың өтемін қайтарғысы келе ме? Әйтеуір апайына, балаларға:
– Мені көрші, маған назар аударшы! Мен жаман бала емеспін. Жылылыққа зәрумін. Жанымды ұқшы...– деп тұрғандай. Жаңа ғана гүлін ашқан бүршіктей қызықтырғысы келеді. Қазіргі жаста жан-жүрегі жылылыққа бағытталған. Осы кезде жылу ала алмаса, енді екі-үш жылда айналасына көңілі суыған бала тұйық та ызақор жігітке айналмақ.
Алтын дейтін бір студентім:
– Мені соңғы кезде бір нәрсе қатты қинап жүр, – деді.– Ағайын кісілермен бір үйде тұрушы едім. Жеңгей өзі мұғалім, тиіп-қағып күн бермейді. Ақшасын да ай сайын дұрыс төлеп тұрамын. Үйдегі шамам келген тірліктен аянбаймын. Менің өзіммен-өзім жүргенімді жақтырмай ма, білмеймін, кейде әңгімеден қашып, қонуға ғана келсем де, соның өзінен бірдеме тауып, қасындағы қыздарға жамандайды. Өзіме: «Сөзіңді дұрыстап айта алмайсың, «мыжықсың», – деп намысыма тиеді. Табанда жауап қайтарып, бетіне айтып тастайын десем, шынында, ештеңе тауып айта алмай қаламын. Жеңгеммен үндемей ұрысып қажитын болдым. Қанша дайындалсам да, наразылығымды қорқақтап айта алмаймын. Осы мінезіме өзімнің жыным келеді. Бұл жасықтығым неден? – деді.
– Ата-ананның біреуі қатал болып, тұқыртып ұстаса, жасқаншақ боласың.
Шәкіртім ойланып қалды.
– Жоқ, шешем – қой аузынан шөп алмайтын кісі. Әкем сәл қаталдау, бірақ басқа балалардан гөрі мені кішкентайым деп еркелетіп ұстаушы еді.
– Онда, өзің де мұғалімсің ғой, мектептегі әміршілдіктен болар.
– Ол рас...
Қызым көпке дейін үндемеді.
– Енді не істеймін? Жеңгемді қайтсем екен.
– Үйде адам жоқта бір жастықты ал да, үстіне жеңгеңнің жаман шүберегін жауып қойып, таяқпен тарсылдатып ұр. Бар ашуыңды айқайлап айтып, ішіңді босат, – дедім.
Бұл ұсынысты күтпеген Алтын ішегі түйілгенше құлады. Құлап жатып сөйлеп жатыр:
– Ойбай, менен ол да шықпайды, айқайлап ұрса да алмаймын ғой. Жынданып жатқанымда, жеңгем кіріп келсе қайтемін?
– Ол қолыңнан келмесе, жеңгең туралы не ойлайтыныңды жасырмай хатқа жаз. Әбден айтарың таусылған соң, жатып ұйықта. Ертеңіне жыртып таста.
– Мынауыңыз қолдан келеді екен.
Алтынның көңілі көтеріліп, кеш бойы күлумен болды. Біраздан соң: «Сізге бірдеме айтайын ба? Жеңгеме ашуым тарап кетті», – деді.
Достарыңызбен бөлісу: |