Тақырыптың зерттелуі. қазақ қоғамындағы білім жүйесінің даму деңгейі өткен ғасырдың 20-30 жылдары үлкен өзгерістерге бағыт алды. Мемлекет зайырлы білім мен ағарту жүйесін өз құзіретіне ала бастады. 1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, қазақ жерінде білім беру жүйесінің жаңа кезеңі қалыптасты. Елімізде ағарту саласы бойынша халық комиссары тағайындалып, оның басшылығына алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы келді. ХХ ғасырдың басындағы алаш арыстарының еліміздегі зайырлы білім беру ісінің дамуына қосқан үлесі және ағарту жүйесіне енгізген жаңалықтары орасан зор.
Жалпы Қазақстанда, әсіресе, оның отырықшы аудандарында орта ғасырдық ерте дәуірінде-ақ көптеген мектептер (мұсылманша бастауыш оқу орны) мен медреселер, діни білім беретін ортадан жоғары оқу орындары жұмыс істей бастағаны тарихтан белгілі. Ертедегі Исфиджаб, Тараз, Сайрам, Түркістан, Отырар, т.б. қалаларында көптеген медреселер болған, олардың жалпы саны 84-ке жеткен. Ауылдық жерлерде мектепте молдалар (татар, башқұрт, т.б.) ұстаздық еткен. Оқыту ақысы халықтан жиналған. Оқу мерзімі 4 жыл, оқуға 7 жастан бастап қабылдаған. Бұл оқу орындарында заңтану, тарих, логика, философия, математика, астрономия, медицина, т.б. пәндер енгізілген.
Патша үкіметінің 150 жылға созылған отарлау саясаты халқымыздың егемендік жолындағы ғасырлар бойғы күресіне зор нұқсан келтіргенімен, Батыс пен Шығыстың рухани өмірдегі қарым-қатынасына жол ашты. Мысалы, Змеиногорскіде (Шығыс Қазақстан) қорғасын-мырыш кен орнында 1761 жылы тау-кен жұмысшыларының балаларына арнап мектеп ашты, 1786 жылы Омбы қаласында "Азиялықтар мектебі" ірге көтерді. Осындай мектеп 1789 жылы Орынбор қаласында да ашылды. Алғашқы қазақ мектебі Бөкей хан ордасында (1841 ж.), 1850 жылы Орынбордағы шекара комиссиясының жанынан ашылған болатын.
ХХ ғасырдың бірінші ширегінде, атап айтқанда 1922-23 оқу жылдары Академиялық орталық ұлт мектептері төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шараларды іске асырды, төл тілімізде 14 оқулық шығарылды. Олардың ішінде "Физика", "Грамматика", "Алгебра", "Мектеп гигиенасы" ж.т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы топ өкілдері: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Асфендияров, Т.Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты.
Диплом жұмысын жазу кезінде мерзімді баспасөз материалдары мен Батыс Қазақстан облысы білім беру орындарының дамуы туралы кітаптармен қатар архивтік құжаттар толықтырады. Мұнда ең алғашқылардың бірі тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.З. Рысбековтің «Өскен өлке тарихы» атты еңбегінен өлке тарихы айқындалып, көптеген мәліметтер кездеседі [3]. Құнды мәліметтер А.И. Сембаев пен Г.М. Г.М. Храпченков жазған «Очерки истории школ Казахстана. 1900-1917» атты еңбегінде берілген [4]. Сондай-ақ, А.А. Есқазиеваның авторлығында жарық көрген «Білімнің қара шаңырағы» атты кітабынан мәліметтер пайдаланды [5]. Облысымыздың білім беру саласының қалыптасуы мен дамуы тарихын түбегейлі зерттеген Р.Л. Абдрахманованың «История становления и развития народного образования Западного Казахстана (1841-1941 гг.)» атты еңбегінде көптеген мәліметтер берілген [6].
Достарыңызбен бөлісу: |