Тарау. ХХ бірінші жартысындағы Батыс Қазақстан облысында білім және мәдениет ошақтары


Орал қаласындағы білім, мәдениет және ден саулық сақтау орындары қызметі



бет4/9
Дата20.05.2022
өлшемі117.21 Kb.
#458304
1   2   3   4   5   6   7   8   9
ДР Болтекова

1.2. Орал қаласындағы білім, мәдениет және ден саулық сақтау орындары қызметі

Қазақстан мәдениетінің дамуында Орал қаласы ерекше орын алады. Бұл көп жағдайда Оралдың ХІХ ғасырда Батыс Қазақстандағы ең ірі әрі ескі европалық қала ретінде танылып, мұнда Қазақстандағы алғашқы оқу орындары, кітапхана, театр, мұражай жұмыс жасауында болды. Қала ор және дуалмен бекітілді, олар қаланың үлкеюімен бірнеше рет көшірілді. 1772 жылы ол Пугачев көшесімен өтсе, 1784 жылы Крестовая көшесіне көшірілді, ал 1807 жылы оны қазіргі Ж.Молдағалиев көшесіне, батпақ пен орман жанына көшірді [21, б.5]. Яғни, Орал біртіндеп солтүстікке қарай өсе бастады. Әсіресе халықтың көбеюі мен оның мәдени-тұрмыстық инфрақұрылымының дамуына байланысты ХІХ ғасырдың екінші ширегінде қаланың сыртқы келбеті де айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Тек оның жоспары ғана өзгеріп қоймай, Оралдың орталық бөлігінің қоғамдық ғимараттары мен тұрғын үйлерінің сипаты да өзгерді. 1856-1857 жылдары Оралда болған атақты орыс ақыны М.Л.Михайлов (1829-1865), оны «кең, жарық, Ресейдің шығысындағы басқа шет қалалармен салыстырғанда гүлденген қала» деп бағалаған. Саяхатшының назарын жергілікті халық үшін өзіндік «Нева даңғылы» болған Михайловская көшесі аударып, оның пікірінше ол «өзінің маңызымен Красноярск немесе Яманхалинск форпостының тұрғынын жаншып тастайды». Ол қаланың басқа көшелерінен ұзындығымен, кеңдігі мен түзулігімен, сондай-ақ екі жағында орналасқан тастан қаланған бір, екі немесе үш қабатты ғимараттармен ерекшеленеді [22, б.1-2].


Әр күн түс кезінде Михайловская көшесі адамдар мінген ат-арбаларға, түйе мен салт аттыларға толатын. Бұл жерде әр түрлі адамдар жиналатын: формалы киімдегі Орал казактары, қызыл және қара шапанды қазақтар, ала шұбар киімді азия көпестері және т.б. Оралдың басқа көшелері айтарлықтай нашар жайластырылғанына қарамастан оларда да сол кезде біршама тас үйлер кездесті [22, б.1-2].
Жалпы 1820 жылы қалада 2500 шамасында әр түрлі ғимараттар болса, оның ішіне 200 тас үйлер, үш шіркеу және бір кішкентай шіркеу кірді. Оралдың төменгі бөлігінде үй саны мен адам саны жағынан ең көп Татар ауылы орналасты [23, б.51].
Бірақ 1821 жылы болған үлкен өрт салдарынан көптеген ғимараттар өртеніп кетті, сондықтан соңғы он жыл көлемінде ол қайтадан салынды. Мысалы, қала базары ХІХ ғасырға дейін Ескі Шіркеудің қасындағы алаңға, ХІХ ғасырдың басында Некрасов алаңына, ал ғасыр ортасында Түркістан алаңына көшірілуі де қаланың өсуімен қатар, жиі болатын өртке де байланысты жүзеге асқан. Тіпті кейбір өрттер қаланы түгел шарпып кеткен. Белгілі Шилихин өртінен кейін, осындай үлкен өрт 1807 жылы маусымда орын алып, 2 мыңнан астам тұрғын үй, 2 тас шіркеу, бүкіл құжаттарымен қалалық полиция кеңсесі, шарап жертөлесі мен дүкендер өртеніп кеткен. Өрт үлкен экономикалық зиян келтіріп, 1821 жылы ол 3 млн.рубльді құрады. Ал 1879 жылы болған үш өрт салдарынан қалалықтар 2 млн.рубльден астам зардап шеккен [21, б.3-4].
1804 жылы Оралда өрт сөндірушілер командасы құрылса, 1865 жылы Крестовая көшесінде Михайловская өрт сөндіру бөлімі салынып, оған 1900 жылы су тартатын құдық қосылған. Өрттің алдын алу үшін түнгі қарауылдар ұйымдастырылып, ыстық басталысымен қаланың барлық тұрғындары шарбақтарын саз балшықпен сылап, қарамай, шөп сияқты тез тұтанатын заттарды аулаларынан қала сыртына шығаруға міндеттелді. Мұнымен қатар Оралдың көшелерінде 1 мамырдан 1 қыркүйекке дейін темекі тартуға тиым салынып, оны тек алаңдар мен бақтарда тартуға рұқсат етілді [23, б.2].
Осындай сақтық шараларына да қарамастан өрт жиі орын алды. Ол өте тез таралатын, бір-біріне тығыз салынған ағаш үйлер ыстықта тез жанды. Өрт тіпті шіркеудің тас ғимараттарын да аямады – Ескі Шіркеу, Татар аулындағы мешіт, Пугачев көшесіндегі Петропавль шіркеуі, Казань шіркеуі де өртке оранды. Өрттен кейін ағаш ғимараттардың орнына тастан қаланған ғимараттар салынып, қаланың жоспары мен архитектурасына өзгерістер енгізді. Мәселен, әскер атаманы Д.М.Бородин өзінің өртенген ағаш үйінің орнына үлкен, тас үй салып, ол үшін Оралға итальяндық архитектор Дельмединоны шақырады. Архитектор кейіннен қаланың жоспарлы құрылысымен айналысты. 1830 жылы атаман В.О.Покатиловтың кезінде өртенген старшина Мизиновтың үйі қалпына келтірілді. Щаповтың үйінің орнына Әскери Кеңсе ғимараты салынды. Щапов пен Мизиновтың үйлері Дельмединоның жобалары бойынша салынды. 30-жылдары қаладағы қоғамдық құрылыстарды салуға әскери архитектор А.А.Гориус басшылық жасады. Оның жобасы бойынша 1837 жылы Александро-Невский Соборының іргетасы қаланды. 1830 жылы алғаш рет Үлкен Михайловский көшесін жарықтандыру үшін керосин шамдары қойылды. 1857 жылы Оралды жарықтандыру үшін Самарадан 100 жаңа шам сатып алынса, оған лампочкаларды Санкт-Петербургтен алдырды. Осы мақсатқа губернатор Катениннің рұсқауы бойынша күміспен 200 рубль бөлінді [24, 65-70 пп].
ХІХ ғасырдың аяғында Үлкен Михайловский көшесіне Вашингтонның жақсартылған жүйесіндегі 10 газ шамы орнатылып, Орал, екіншісі Шаған көпірлеріне 2 шам қойылды. Биік бағанға орнатылған әрбір шам 900 майшамның жарығын беретін. Бағанның төменгі жағында керосинге арналған және ауа соратын цилиндр резервуар орналасты. Осы резервуардан ашық мыс сымдар шамның буландырғышына бекітілді. Резервуарға 1 пұт керосин сиятын, күн сайынғы 8 сағаттық жану кезінде керосин бір аптаға жетті. Мұндай шам 250 рубль тұрды [25, б.202].
Оралдағы қала құрылысы атақты Ресей реформаторы және мемлекеттік қайраткері П.А.Столыпиннің әкесі наказной атаман А.Д.Столыпиннің (1857-1862 жж.) келуімен жандана бастады. Ол шын мәнінде Орал облысындағы ағарту мен мәдениеттің көшбасшысына айналды. Оның қала мен өлкенің дамуындағы үлесін В.П.Бородин нақты сипаттап, А.Д.Столыпинді «Орал әскерінің Ұлы Петрі» деп атады [21, б.4].
Шыныменде А.Д.Стоыпиннің Оралды меңіреу қалашықтан замануи қалаға айналдырудағы еңбегі ерекше еді. Оның кезінде баспахана, классикалық гимназия, көпшілік кітапхана ашылып, көптеген қоғамдық ғимараттар мен қалалықтардың демалыс орындары салынды. Ол Оралдың құрылысы мен абаттануына көп еңбек сіңірді. А.Д.Столыпиннің бастамасымен 1859 жылы қала шетінде ағаш театр ашылып, Некрасов көшесіндегі батпақ құрғатылып, бау салынды. Жазғы клуб пен алаңда қыдыру қалалықтар үшін маңызды жаңа орындарға айналды. 1860 жылы алаңның ортасына ротонда (дөңгелек күмбезді ғимарат) орнатылды, ол соғылған тормен, гүл құмыраларымен, мрамор баспалдақтармен әшекейленді. 1867 жылы ротондада мезгілсіз қайтыс болған тақ мұрагері Николайдың мрамор бюсті орнатылды. Қалалықтардың тағы бір сүйсініп демалатын орны қазыналық бақ еді, оны өсіру жұмыстары 1839 жылы атаман М.А.Кожевниковпен басталған болатын. Бірақ ол Д.А.Столыпиннің кезінде толықтай аяқталды. Столыпин кезінде игі қыздарға арналған училище ашылды [26, 2421 пп].
Орал тарихындағы бетбұрыс кезең 1861 жылға келіп, сол кезде сырттан келгендерге осы жерде өз үйлерін салуға рұқсат етілді. Осы уақыттан бастап қала құрылысы мен абаттануы жылдам жүре бастады, кірпіш ғимараттар салынып, алаңдар абаттанды. 1872 жылы тұрғын үй құрылысы қала дуалынан асып кетті. Оралдан бүкіл қала ішінен екі басты көше – Үлкен Михайловская (қазіргі Достық даңғылы) және Орынбор (қазіргі Евразия даңғылы) көшелері өтті. Үлкен Михайловская көшесі оңтүстіктен солтүстікке қарай 6 шақырымға созылды. Оның шығыс «шыт» жағы қарапайым халыққа арналса, шенеуніктер, көпестер, офицерлер мен жергілікті ақсүйектердің басқа да өкілдері батыстағы «барқыт» жағында өмір сүрді. Сол кезде Орынбор көшесі де Бұхарадан орталық базарға керуендер өтетін негізгі транзиттік көшенің рөлін атқарды. Ат арбалар үшін паромның орнына қайық-көпірлер қойылып, Оралдан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік берді [25, б.203].
Облыс орталығы Оралда ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қаланың басты көркіне айналған әкімшілік және сауда ғимараттары бой түзеді. Басқару мекемелері Үлкен Михайловская көшесінде, ал сауда мекемелері – қаланың солтүстік жағында орналасты. Қала біртіндеп құрылыстың төртбұрыш жүйелі жоспарына негізделіп, кварталдар мен көшелер кеңейтілді және Үлкен Михайловская көшесіне тас төселді. Ол уақытта қала ғимараттары байлардың архитектуралық талғамына қарай безендірілді. Оралдағы ең әдемі үйлердің бірі Қазан алаңында орналасқан көпес Ванюшиндердің үйі ХІХ ғасырдың 70-жылдары салынды. Ванюшиндердің үйінде бай Коммерциялық клуб орналасып, онда көпестер мен түрлі шенеуніктер үшін музыкалық кештер, концерттер, дәрістер өткізілді. Кейінірек бұл ғимаратта Орал губерниялық басқармасы мен Азық-түлік комитеті жұмыс жасады. 1872 жылы архитектор И.А.Тец Орынбор көшесіне шығатын Столыпин алаңында Әскери жиналыс ғимаратын салып, кешке қарай бұл жерде қалалықтар серуендеп, бильярд ойнады және үрмелі оркестр сазына би биледі. Мұнда кітапхана мен асхана да қызмет көрсетті. Үлкен Михайловская көшесінде де керемет ғимараттар салынып, олардың ішінде көпес Каревтің үйі, Александр Невский Соборы, Сауда-Өнеркәсіп Банкінің ғимараты, Триумфальда арка, орыс-қазақ мектебі, Христос Спаситель Храмы болды. Қаланың әдемі ескі ғимаратының бірі көпес А.Т.Карин тұрғызған Карев Үйі болып қала бермек. Өз жұмыстарымен қалаға келген қазақтар сол кездегі өлшем бойынша өте үлкен ғимаратқа «Нар үй» деген атау берді. Каревтің үйі үш қабатты ғимараттан тұрып, оның сырты жартылай бағанамен, архитектуралық белдеумен әсемделді, ал шатырында ағаштан ойып жасалған терезе салынды. Бірінші қабатта көпестер А.Т.Карев, А.А.Шмидт, Р.Ф.Функ және басқаларының дүкендері орналасса, екінші қабатта Офицерлер жиналысы, кейіннен Коммерциялық клуб қосылды. Үшінші қабат қонақтар қонатын бөлмелерден тұрды. Карев үйіне қарсы Оралдағы ірі мал сатумен айналысатын П.П.Овчинниковтың екі қабатты үйі бой көтерді. Алайда оның архитектурасында айтарлықтай ерекшелік болмады [25, б.205].
1891 жылы Түркістан алаңында саудагерлер Овчинников, Макаров, Сомов, Стулов және басқаларының жеке қаражаттарына Оралға тақ мұрагері Николай Александровичтің келу құрметіне триумфальды тас арка соғылды. Оның бір бетінде: «Билеуші патша мұрагеріне», ал екінші бетінде: «Орал қаласының шын бағынған тұрғындарынан» деп жазылып, жоғары жағында Орал облысының елтаңбасы бейнеленді. Екі жағында 1591 және 1891 жыл деген жылдар жазылып, ол Орал казактарының патшаға қызмет етуінің 300- жылдығын көрсетті. Арканың салынған орны да ерекше таңдап алынды. Патша қақпасы 1929 жылы қиратылғанға дейін қаланың көркі болды. Оралдың тағы бір ең көрікті жерлерінің бірі Хан тоғайы деп аталып, онда барлық ірі саяси оқиғалар өткізілген. Патша үкіметі Орынборлық басшылыққа Бөкей сұлтанды хан тағына отырғызу бойынша ерекше салтанат ұйымдастыру тапсырады. Бұл сән-салтанатқа толы шараны патша әкімшілігі қаланың Татар ауылы аталып кеткен шетінен бастау алатын Жайық пен Шаған өзендерінің қосылар тұсындағы 400 гектардай орынды алып жатырған бұл орман алқабында өткізуге шешім қабылдайды. 1812 жылдың 7 шілдесінде Орынбор губернаторы князь Волконскийдің қатысуымен және көптеген қонақтардың алдында Бөкей сұлтан хан тағына отырды. Бөкейді хан сайлап, бекіту туралы императордың жарлығы оқылды, одан соң ханның өзі Құран Кәрімді ұстап, ант береді, иығына бұлғын ішік жабылып, қылыш сыйланады. Тарихи құжаттарда келтірілген мәліметтерде шара соңында пушкалардан 12 рет оқ атылған. 1824 жылдың 26 маусымында осы тоғайға Жәңгір сұлтанды да дәстүр бойынша ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Бұл екі тарихи оқиға тоғайдың Хан тоғайы аталу себебіне айналған. Кейін Орал қаласына келген барлық қонақтарды осы Хан тоғайына апару дәстүрге енген. Бұл жерде А.С.Пушкин, В.И.Даль, В.Г.Короленко және тағы басқалары келіп серуендеген. ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары Хан тоғайы демалыс орнына айналып, онда кез келген адам үшін қыдырыстар өткізілді. «Мыс және балдық оркестрлер ойнайтын, бай адамдар билейтін, ал қарапайым адамдар оларды қызықтайтын, немесе басқа жерде самаурынның алдында көлеңкеде отыратын. Ол кезде барлығына көңілді еді. Көлеңкеде шай ішуді жақсы көретіндер басқа қалалық саудагерлер арасында көп болды, ал татарлар Хан тоғайын өздерінің жаздық серуендейтін орнына айналдырды». Атаман Покатилов Хан тоғайын Оралдықтардың сүйікті орнына айналдырғысы келді. Бұл жердің құрылысына архитектор Б.И.Родзевич басшылық жасап, тоғайға кең аллеялары бар саябақ жасайды. Шаған өзенінің сағасында алаңқайда жарты шеңбер түріндегі салтанатты павильон тұрғызылды. Покатиловтың кезінде Оралда алғаш рет игілікті жиналыс өткізілді, ол бұған дейін атаманның өзінің үйінде ассамблея түрінде өткізілетін, ол би кештерін ұйымдастыратын және алғашқы болып «оралдың керемет әйелдерін би алаңына шақыратын» [27, б.7].
1891 жылы оралдық казактар болашақ император ІІ Николайды Орал казак әскерінің Ресей патшасына 300 жылдық қызметін Орал қаласында атап өту кезінде де сол тоғайда қарсы алады. Хан тоғайы тақ мұрагері цесаревич Николайға ұнап, тоғай атын соның құрметіне өзгертсе де, Цесаревич тоғайы деген атау халық арасына тарала қоймаған. Түркістан алаңындағы арка маңында 1904 жылы Орыс Сауда-Өнеркәсіп Банкісінің үш қабатты ғимараты бой көтерді. Біріншісі – жертөле, жаяужолмен теңестірілген екінші қабаты дүкендер үшін жасалса, ал үшінші қабаты банк пен биржаларға арналды. Басты кіретін жердің сол жағында нотариалды кеңсе, ал оң жағында дүкендер орналасты. Ғимарат алдында діңгекке арыстандардың мүсіндері, оң жағында Орал казак әскерінің елтаңбасы, ал сол жағында Орал облысының елтаңбасы қойылды [28, б.13-14].
Ғимарат «ренессанс» үлгісінде тас пен темірден тұрғызылып, ақ кірпішпен қапталды. Банк ғимаратының үлгісін архитектор А.Бунькин 1896 жылы құрастырды, барлық құйылған безендірулерін суық соғу шебері П.И.Лаптишкин орындады, ал құрылысқа Москвадан арнайы шақырылған, белгілі темір жол құрылысшысы Н.Д.Раевский басшылық етті. Бүкіл ғимаратты ортасынан сәндік ордың оюлы қоршауы қаусырып тұрды. Қас бетінің бай түрлі түсті жапсырмасы оның балконының шарбағымен үйлесті. 1905 жылы ғимаратта жергілікті халықтың негізгі кәсібін білдіретін әскер және балықшы казактардың мүсіндері бейнеленді. Бұл мүсіндерді суретші Н.Г.Калентьев жасады (ХХ ғасырдың 30-жылдары казактардың мүсіндерін қолына бау ұстаған егінші мен жемісті себет ұстаған әйел мүсіндері ауыстырды). Коммерциялық банкті қалалықтар Ақ банк деп атады. Банк ғимаратында Компанейецтің дәріханалық дүкені, көпес Р.Функтің дүкені, Грязновтың шаштаразы, коммерциялық шайхана, биржа залы, банк басқарушысының пәтері болды. Орталық жылытуы, кәрізі, желдеткіші мен электр жарығы бар ғимараттың жалпы құны 220 000 рубльді құрады. Оралда алғашқы телефон 1880 жылы пайда болса, 1903 жылы Орал мен Шипов арасында байланыс орнатылды. Тұрғындар біртіндеп жайлылыққа үйрене бастады. Үйлерде жиһаздар, әдемі ат-арбалар, столды бай сәндеу, ескі күміс ыдыстар және сары серіппелі ат арбалар байлардың арасында сәнге айналды.
Қалалықтардың барлық өмірі қатаң реттеліп, тіпті ит ұстау үшін 1 рубль салық ұсталды. Бұл салықты төлемегені үшін 50 пайыз көлемінде айыппұл алынды [25, б.210]. Қаладағы тұрғындар үшін шомылатын жерлер де дайындалып, еркектердің шомылуы үшін көпірден жоғары ағыс бойымен Оралдың оң жағалауы, ал әйелдер үшін – көпірден ағыс бойымен 60 сажын төмен оң жағалауы белгіленді. Кір жуу үшін әйелдер шомылатын жерден төменгі орын белгіленді. Ал жылқыны суға түсіру үшін Оралдың сол жағалауы тиіс болды. Мұнымен қатар Оралдан өз қажеттіліктері үшін су алатын су тасығыштар мен қаланың тұрғындары үшін оң жағалаудан ерекше орын бекітілді [29, б.80]. Мұндай реттеу қала тұрғындарына қиындық тудырмады, керісінше олардың ішкі және психологиялық көңіл күйіне сәйкес келетін. Уақыт өте келе тұрғындардың да пейілі өзгерді. Замандастары былай деп жазды: «Әйелдер еркектерден кем ішпеді, сондықтан кей кезде оларды қолдарына көтеріп әкелетін. Ақсүйектер бостон мен баяк ойнады, кейде ойын қатарынан 3 тәулікке созылатын. Әр Пасхада Қызыл жарда қыдырыс, ойындар ұйымдастыратын. Қысқа базар орнында әткеншек орналастырды. Ең көңілді кез атаман Д.М.Бородиннің кезінде болды. Казактар былай дейтін: «Атаман Бородин әскерде біреу». Жиі-жиі кешкі ас, балдар берді. Ол герцог сияқты керемет тұрды. Өзінің тамыр әйелдері болды» [30, б.7-8].
Үлкен Садовая көшесіндегі Икан алаңқайында 1889 жылы «Орал казак әскерінің 300-жылдығы мен оған Георгиев Туының берілу құрметіне байланысты» Христос Спаситель храмының іргетасы қаланды [28, б.3-4]. Архитектор И.А.Тец іргетас жоспары мен храмның нобайын жасады. Станица сайлаушылырының съезімен атаман Н.Н.Шипов төрағалық еткен құрылыс комитеті құрылды. 1891 жылы қаражат жетіспеушілігі мен уақыт тапшылығына байланысты құрылысты аяқтау мүмкін болмады. Мұрагер парадты қабылдайтын ыңғайлы орын үшін храмның іргетасына алаң салуға шешім қабылданды. Тақ мұрагері ғибадат ету мен Храм құрылысын дәріптеуге қатысты. Оң жақ шығыс жағына осы оқиға туралы күміс тақта қойылды. Архитектор Тец қайтыс болған соң, шақыртылған архитектор-суретші В.Н.Курицын жаңа жоба жасады. Өйткені іргетастың дұрыс орналаспауына байланысты жаңа жоба бойынша Храм византиялық үлгіде салынды. Кейіннен, архитектор В.Н.Чагин Комитетке сиымдылығы 600-700 адамды қамтитын жаңа орыс үлгісіндегі жобасын ұсынды, бұл жергілікті халықтың талғамына сәйкес келетін. Барлық дайындық жұмыстары ХІХ ғасырдың аяғында ғана аяқталды, храмның құрылысына инженер-техниктер И.Н.Небаронов пен И.М.Железнов басшылық етті [22, 59 п].
Бұдан басқа Успенская шағын шіркеуі үлкен шіркеуге айналды, Николай Чудотвроец шіркеуі қайта салынды, Петропавл шіркеуі мен Михайло-Архангель соборына үлкен тас қоңыраухана қосылды [26, 10-11 пп]. Сол кезде қалада 17 шіркеу мен 5 мешіт болды. Н.Савичев былай деп жазады: «Оралдың тұрғындары христиандар мен мұсылмандар. Біріншілері православтық, бір діндегі және ескі ғұрыпты болып бөлінді. Ескі ғұрыптылар одан әрі секталарға бөлінді» [21, б.4].
Дін мәселесіне байланысты өздерінің қоғамдық-мәдени уақыттарын ұйымдастыру айналасында Орал казактары консерватизммен ерекшеленді, олар тіпті жергілікті билік олардың күнделікті өмірлеріне енгізген пайдалы жаңалықтарға да күмәнмен қарады. Оған қоса Орал казактарының көпшілігі жергілікті балгерлерде дәстүрлі халық емдерімен емделетін. Осыған байланысты қалада денсаулық сақтауды ұйымдастыру ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлсіз дамыды. Оралда жүзжылдықтың бірінші үштігінде алты орындық бір әскери аурухана болатын, ал дәріхана тіпті болмады. 1833 жылы қалада алғашқы дәріхана ашылды. Бұдан кейінгі жылдары әскери аурухана орындарының саны және ондағы дәрігерлер мен фельдшерлер санының ұлғаюы есебінен қалалықтарға медициналық қызмет көрсету баяу болса да дами бастады [22, б.9].
Д.А.Столыпиннің кезінде бірқатар қоғамдық ғимараттар – кедейлер мен кәрілер үйі, жындылар үйі, жетімдерге арналған баспана салынды. Әскери аурухана 60 төсекке дейін кеңейтілді және 1857 жылы бұрынғы әскери кеңсе ғимаратына көшірілді. Бұған дейін аурухана тек 6 төсекке арналған және ескі қолайсыз үйде орналасқан еді. Орал казак әскерінің қаржысына Орал әскери ауруханасы, сондай-ақ Гурьевтегі, Илектегі, Калмыковадағы ауруханалар ұсталды. Қазына есебінен Орал түрмесінің ауруханасы, қазақ қоғамдық ауруханасы, Темірдегі қабылдау бөлмесі, Орал әскери қыздар гимназиясы жанындағы және Рязань-Орал темір жолындағы ауруханалар өмір сүрді. Дәрігерлік іс ақырындап дами бастады. 1893 жылы 22 дәрігер мен 8 кіндік шеше жұмыс істеді. Орал әскери ауруханасының бас дәрігері облыстың бас дәрігері қызметін атқарды. Бұдан басқа, штатқа облыстық дәрігерлік инспектор мен Орал қалалық дәрігері кірді. Оралдағы 2 дәріхананың біреуін Франц Миллер 1834 жылы ашады. [23, 8 п].
ХІХ ғасырдың басына дейін Оралда бастауыш оқу орындары болмағандықтан қала халқының басым бөлігі сауатсыз еді. Сондықтан патша үкіметі 1807 жылы Орынбор әскери губернаторы князь Волконскийге Оралда оқу орнын ашу туралы ұсыныс береді. Бұл ұсынысты асығыстық санаған Волконский оған қарсылық білдіріп былай дейді: «Оралдықтар ескі сенімді ұстай отырып, кез келген ағартушылыққа қарсы, оларды өздерінің діні мен әдет-ғұрыптарына қарсы қылмыс деп есептейді, білімді адамдарды дінбұзар, антихрист, құдайдан безгендер деп атайды. Бұдан бөлек казактар ғана емес, көптеген шенеуніктер де білімнен алыс, тіпті 20000 рубль капиталы бар байлардың өзі майлықсыз тамақ жейді, қолдарын етіктеріне сүртеді, бұдан екі есе пайда келеді деп санайды, майлыққа ақша шашу және етік майлау қажет емес. Міне, оралдықтардың түсінігі осындай!» [24, б.2].
Хатта көрсетілген оралдықтардың өрескел ғұрпы шындықтан алыс емес еді. Оның үстіне «Кочкин пир» деп аталатын казактардың 1803 жылғы наразылығынан қорқып қалған Орынбордың генерал-губернаторы жаңа тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін, Оралда қандай да болмасын жаңалық енгізуге қарсылық танытса керек. Бірақ губернатордың қарсылығына қарамастан Орал казак әскерлерінің атаманы Д.М.Бородин дворяндар мен офицерлердің балалары үшін тарихты, географияны және орыс тілін оқытатын училищені ашады. Алайда қала тұрғындарының тарапынан қолдау таппағандықтан және жалғыз құрылтайшының дүниеден озуына байланысты училище екі жылдан кейін жабылып қалады. Дегенмен бұл оқу орнының 5-6 оқушысы кейіннен казактар арасында үлкен табыстарға жетеді [25, б.18].
ХІХ ғасырдың бас кезінде І Александр ағарту ісі бойынша Ресейде сауатсыздар офицерлікке алынбасын деген ереже бекітеді. Осыған байланысты 1812 жылы Халық ағарту министрі граф А.Ф.Разумовскийдің бұйрығымен Оралда алғашқы үш сыныптық бастауыш мектеп құқығымен әскери училище ашылады. Осы училищеге Санкт-Петербургтен мұғалім Белоголов пен мұғалімнің көмекшісі Пиняев арнайы шақыртылады. 1820 жылы училищеде 10-15 оқушы ғана білім алады. Өкінішке орай 1821 жылы училище өртеніп кетеді де, 1831 жылы әскери атаман В.О.Покатилов (1788-1838) оны қайтадан ашады [24, б.2].
Оралда білім беруді дамытуда атаман В.О.Покатилов көрнекті орын алды. Оның арқасында өртеніп кеткен оқу орны 1831 жылы уездік училище құқығындағы Орал әскери училищесі ретінде білім берді. Ол шаруашылық және оқу бөлігі бойынша Орынбор училищелер дирекциясына бекітіліп, Қазан оқу округінің қарамағына енді және Ресей оқу орындарының 1828 жылғы жарғысы негізінде жұмыс істеп, 1857 жылға дейін Орал әскеріндегі білім беретін жалғыз оқу орнына айналды.
Училищені ашу жөніндегі хат алмасу бүкіл 1830 жыл бойы жалғасты және әлі де ұзақ жалғасатын еді, бірақ әскери кеңсе бұл мәселені тездетіп шешу үшін Қазан университетінен мұғалімдер тағайындалуын күтпей-ақ, Бузулук уездік училищесінің отставкадағы мұғалімі Крошихинді әскери училище мұғалімінің көмекшісі лауазымына шақырып, оған училищені 1831 жылдың 1 шілдесінен бастап ашу тапсырылады. Оқуға офицерлер мен қарапайым казактардың балалары қабылданды. Казактардың балаларын оқытуға тарту үшін кедей отбасының балалары қазына есебінен формалы киіммен қамтамасыз етіліп, жақсы матадан формалы күртеше, шинель, бас киім тігілді және етік берілді. 1835 жылы тыңдаушылардың алғашқы түлектері шығарылды. Училищені табысты бітірген оқушылар онда оқытушылар мен мұғалімнің көмекшілері ретінде қалдырылды. Солардың ішінде, Ф.Скворкин орыс грамматикасын, Я.Шелудяков жалпы тарих пен географияны, С.Абрамичев орыс географиясын, математика мен орыс тарихын оқытса, ал А.Кочемасов дайындық сыныбының мұғаліміне тағайындалып, И.Поликарпов атаман кеңсесіне жұмысқа тұрды. Олардың барлығы урядник (унтер-офицер) әскери шенін алды. 1841 жылы училище әскери-оқу орындарының қатарына жатқызылып, тәртіпсіз оқушылар үшін жаза ретінде дүрес соғу енгізілді [24, б.2].
Атаман А.Д.Столыпиннің кезінде училищеде бірқатар қайта құрушылықтар жүргізіліп, Орынбордағы Неплюев кадет корпусы мен Москва коммерциялық училищесін бітірген жас офицерлерден жаңа мұғалімдер шақырылды және юнкерлер үшін арнайы сыныптар ашылып, француз тілі мен орман ісін жүргізуді оқыту енгізілді. Оқушылардың саны да көбейіп, олар 186-ға жетсе, оның кедей отбасынан шыққан 25 оқушысы қазына есебінен оқытылды. А.Д.Столыпиннің өтініші бойынша 1859 жылы Орал әскери училищесінің алты тәрбиеленушісі оқуын одан әрі жалғастыру үшін Казань мен Санкт-Петербургке жіберіліп, кейін олар Қазан университетінің медицина факультетіне және архитектор мамандығын алу үшін Санкт-Петербург құрылыс училищесіне түседі [26, 13-14 п].
1870 жылы 26 қыркүйекте әскери училищеде латын тілі жүргендіктен Орал қаласындағы ерлердің классикалық гимназиясы болып қайта құрылады. Гимназияның жанынан үш жылдық оқу курсымен бірге дайындық мектебі ашылады. Оның бағдарламалары мен оқулықтары Ағарту министрлігі тарапынан бекітілді. Егер дайындық сыныптарында балалар тек мінажат ету, оқу, хат тану және арифметиканың екі әдісін білетін болса, бірінші сыныпта 9 пәнді игерді. Олар: физика, география, тарих, логиканың қысқаша курсы, сурет салу, сызу, математикалық география, орыс және латын тілі, шіркеу-славян тілі еді. Гимназияда кітапхана-мұражай мен аспаптары бар физика кабинеті ашылса, география кабинеті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл оқу орнында барлық әлеуметтік топтар мен түрлі діндегі адамдардың балалары оқыды. Уақыт өте келе Орал қаласындағы тұрғындардың көбеюі және этникалық құрамындағы өзгерістердің нәтижесінде гимназияның мәртебесі қайта қаралып, 1890 жылы ол 30000 рубль жылдық қоры бар реалды училищеге айналдырылды. 1895 жылы училище жанынан басқа өңірлерден келген оқушыларға арналған жатақхана ашылып, кедей отбасынан шыққан жақсы оқитын оқушыларға шәкіртақылар тағайындалды. Шәкіртақы жылына 60 рубльден 120 рубльге дейінгі соманы құрады. 1900 жылы реалды училищеде 19 оқытушы сабақ берсе, 287 шәкірт білім алды.
Қыздарға да білім беруге талпыныстар жасалды. Алғашқы қыздар училищесі Оралда 1836 жылы 1 желтоқсанда ашылып, оқу мен жазуға, құдай заңына және қолөнерге баулыды. Бірақ бір жылдан кейін қаражаттың жоқтығынан жабылып қалады. Тек 1859 жылы 6 шілдеде жаңа атаман А.Д.Столыпин Орал қыздар училищесін ашып, оны 1877 жылы Орал әскери қыздар гимназиясы деп өзгертеді. Бұл қыздар гимназиясы революцияға дейін қызмет атқарып, міндетті пәндерден бөлек музыка, сурет салу мен шетел тілдері оқытылды. Училище жанынан Илецк мен Гурьевте қыздарға арналған 2 мектеп ұйымдастырылды [26, б.2].
1891 жылы Оралда төрт жылдық ауылшаруашылық мектебі ашылды. Онда сабақ 10 қазаннан 1 сәуірге дейін созылды, ал 1 сәуірден бастап мектептегі сабақ ауылшаруашылық жұмыстарымен аралас жүргізілді. Мектепте 50 бала оқыса, оның 40-ы қазыналық шәкіртақы алды, ал 10 оқушы оқу үшін жылына 100 рубль төледі. Дін өкілдерінің балалары үшін 1859 жылы Оралда діни училище ашылды, ол Үлкен Михайловская көшесі мен Петропавль алаңы қиылысында орналасты. Жалпы Оралдағы негізгі оқу түрі шіркеу жанындағы және сауаттылық мектептерден тұрды. Оралда мұндай мектептер 1885 жылдан бастап қызмет атқарып, 1898 жылы 17 шіркеу және 40 сауаттылық мектепті құрады және онда 105 мұғалім сабақ беріп, 1763 оқушы білім алса, ал 3 жексенбілік мектепте 192 оқушы сауатын ашса, оларға 22 мұғалім қызмет жасады. Осы мектептердің ішінде ең ірілері: қалалықтардың ерікті қайырымдылығының есебінен ұсталатын 3 жылдық Предтеченск шіркеу мектебі, Петро-Павловск шіркеу мектебі болды. Мұнда Синод ұсынған кітаптар мен көмекші құралдарымен оқыды. Бұдан басқа Александр Невский соборы жанындағы Кирилл-Мефодиев мектебі Собор қаржысына ұсталса, Орал меценаттары К.А.Ванюшин, ағайынды Хохлачевтар, М.С.Сладков, П.А.Макарычев, Ф.И.Макаров берген қаражаттың арқасында Қазан Богородицк шіркеу мектебі балаларға білім берді. Бұл мектептің кітапханасында оқуға арналған оқулықтар мен кітаптардың саны 1000 данаға жетті. Барлық мектептерде құдай заңы, орыс грамматикасы, славян тілі, есептеу, бастауыш география мен орыс тарихы оқытылды. Байлардың балалары үшін оқу ақысы жылына 3 рубльден аспады, ал кедейлерден ақы алынбады [27, 1-7 пп].
Конфессия жағынан казактар арасында православиені ұстаушылар, негізінен ескі дәстүршілер басым болды. Казактардың түркі тілдес өкілдері исламды, қалмақтар – ламаизмді ұстады. Қалада орыс емес тұрғындар - татар, қазақ және басқа халықтардың балалары үшін білім беретін мектептер ашыла бастады. 1871 жылы Оралда ашылған қазақ мектебінде 22 бала оқыған [28, 49 п]. Бірақ мектеп үшін жалға алынған жеке үйлерде бұдан артық оқушы сыймағандықтан балалардың саны шектелді. Осыған байланысты облыс басшылығы тарапынан Орынбор әскери округінің қамқоршысы П.Лавровскийге, ал ол болса Халық ағарту Министрінің алдына Оралда қазақ мектебі үшін ғимарат салу туралы өтініш беріліп, онда 7998 рубль 54 тиынға смета мен училище ғимаратының жоспары тіркеледі. Алайда ғимарат жобасын қараған Ішкі Істер Минстрлігінің техникалық-құрылыс комитеті оны қабылдамай, жобаны қайта жасауға жібереді. 50 адамдық Қазақ мектебі үшін 49633 рубль 50 тиын сметадан тұратын жаңа жоба жасалды. «Салынатын құрылыс қаншалықты қымбат болса да, - деп жазды өтінішінде П.Лавровский, - Орал қазақ мектебі бұл шығынды ақтайды». Құрылысқа 47805 рубль бөлініп, 1883 жылы құрылыс аяқталған соң, оқу басшылығының құзырына екі сыныпты орыс-қазақ бастауыш училищесінің ғимараты қабылданады [29, 4 п].
1899 жылдың 1 қаңтарына дейін Оралда қазақ балаларына арналған 16 оқу орны ашылып, оның ішінде бастауыш училищесі бар қолөнер оқушыларының 1 орыс-қазақ мектебі, 2 екі сыныпты орыс-қазақ училищесі, 12 бір сыныпты және медресе жанындағы 1 орыс сыныбы болды [30, 3-4 п]. Оларда 1347 ер бала мен 12 қыз бала білім алды. 1872 жылдан бастап Оралда 60 адамға арналған молда М.Тухватулиннің медресесі жұмыс істеді. Оқыту М.Тухватилиннің қадағалауымен, оның көмекшісі К.Юздашевтің қатысуымен жүргізілді. Онда тек татарлардың балалары тәлім алды. Медресенің 5 тобында 53 ер бала 5 жыл бойы араб тілі мен құранды оқыды. Тухватулиннің бастамасымен кейіннен кішкентай қыздарға арналған қыздар бөлімі ашылды. Қыздар медресесінде білім беру молданың әйелі Г.Г.Тухватулиннаның тікелей қадағалауымен жүзеге асырылды [31, 237-240 пп].
Медресе жанынан орыс тілін үйрену үшін орыс сыныптары жұмыс жасады. Мұсылмандардың балалары мектептер мен медресені аяқтаған соң білімдерін орыс сыныптарында жалғастырды. Сонымен 1869 жылға қарай Орал казак әскерінде әскери училище мен оның үш бөлімшесі, әскери училище жанындағы халық мектебі, діни училище, қыздар училищесі, қыздар училищесі жанындағы халық мектебі, Александр Невский соборы жанындағы әншілер мектебі және уездердегі 36 халық мектептері болды. Барлық оқу орындарында басқа қалалықтар мен басқа елдіктерді қоса алғанда барлық әлеуметтік топтың балалары оқыды, тек музыка мектебі ғана тек әскерилердің балаларынан тұрды. 1869 жылы барлық оқу орындарында 1447 оқушы білім алып, оларға 76 мұғалім сабақ берді [32, 60 п].
Оқу орындарының желісі үнемі жетіліп, мектептер мен училищелердің негізгі бөлігі облыс орталығында шоғырланды. Жоғары білімді оралдықтардың балалары облыстан тыс жерлерде Санкт-Петербургтің, Москваның, Қазанның, Киевтің, Харьковтың, Ровноның, Варшаваның, Ярославльдің, Саратовтың, Томскінің, Орынбордың, Самараның жоғарғы оқу орындарында алды. Олар қазына есебінен де, әскери және жеке шәкірақыға да, өз есебінен де оқыды [33, 142 п].
Балалар орта білімді жеті жылдық реалды училищені, педагогикалық курсы бар қыздар гимназиясын, діни училищені, әскери хор мектебі мен теңізшілер мектебін, әскери ауылшаруашылық мектебін бітірген соң алды.
ХІХ ғасырдың соңында өзіндік мавритандық үлгідегі орыс-қазақ мектебінің ғимараты салынды. Өкінішке орай оның тас қоршауы мен саябағы сақталмады. Бүгінде мұнда тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан, ал жойылып кеткен саябақтың орнында қазір Одақтар Үйі тұр. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында оралдықтардың арасында білім берумен бірге кітаптардың таралуы мен оны оқу жүзеге асады. 1830 жылы Орал қаласына келген саудагерлердің бірі мұнда тұңғыш рет сауда кітап дүкенін ашады. Бірақ ол сатып алушылардың жоқтығынан көп кешікпей жабылып қалады. Осыған қарамастан қаланың мәдени өмірінде кітапханалар маңызды рөл атқарады. Олардың арасында ХІХ ғасырдың 30-жылдарында жеке адамдардың қайырымдылығымен жинақталған әскери училище жанындағы орталық кітапхана ерекшеленді. Алғашында кітапхана қоры көп болмады және онда негізінен оқу әдебиеті, орыс тарихы, әлем және орыс әдебиеті тарихы, физика мен басқа ғылымдар туралы кітаптардан тұрды. Он жылдан соң ондағы кітаптардың саны 8000-ға дейін жеткізілген [26, 13 п].
Орал әскери училищесі қараушысы Гиляровский мен мұғалім Орловтың күшімен кітапхана қоры жыл сайын толықтырылған. 1857 жылы оның каталогына 596 том орыс және 10 том француз шығармалары және 319 том түрлі мерзімді баспасөз өнімдері кірді. Кітапхана қорының көбеюіне байланысты атаман А.Д.Столыпин алдымен Орынбор генерал-губернаторына өтініш жіберіп, кейін ол қабылданған соң 1858 жылы 4 қарашада әскери көпшілік тегін кітапханасы ретінде қайта ұйымдастыру туралы арнайы нұсқау шығарып, кітапхананы қалалықтардың барлығына қолжетімді етеді. Осылайша, революцияға дейінгі Қазақстандағы ең ірі кітапхананың негізі қаланады.
Кітапхана үнемі қазына есебінен және жеке тұлғалардың қайырымдылық қаражаттарына алынған кітаптарымен толықтырылып тұрды. Мысалы, В.М.Кондрахин 1679 том шетел шығармаларын сыйлаған. 1868 жылғы каталог бойынша кітапханада 3619 том орыс және 1981 том шетел әдебиеттері, орыс тілінде 1682 том және 638 том француз тілінде мерзімді баспасөз жинақталып, барлығы 7920 томды құраған. Каталогке мерзімді баспасөзден көпшіліктің сұрауына орай «Русское слово», «Современник», «Дело», «Отечественные записки» журналдары кірген [34, б.3-4]. 1858-1870 жылдар аралығында кітапхана әскери училищеде қалдырылып, соның ғимаратына орналасты және барлық қалаушылар үшін оқу залы ашылады. 1871 жылы Оралда классикалық гимназия ашылған соң көпшілік кітапхана жабылып қалады. Кітаптардың көп бөлігі гимназияның орталық кітапханасына берілсе, ал қалған бөлігі 1872 жылы қазанда жаңадан ашылған әскери көпшілік кітапханасының қорына өтеді. 1894 жылы Оралда жеке тұлғалардың қайырымдылығымен тегін оқу залы ашылып, оған кедейлер – қолөнершілер, шеберлер, жұмысшылар барғандықтан ол шын мәнінде халықтық кітапханаға айналды [35, б.3].
ХІХ ғасырдың аяғында облыстық басқарма ғимаратында жолдастық кітапхананың негізі қаланып, ол статистикалық комитеттің бір бөлмесіне орналасты және оның кітаптік қоры 1500 томнан құралды. Оған жергілікті зиялы қауым өкілдері барды. Кітапхананың қоры замануи орыс және шетел әдебиеті туралы толық мағлұмат беру үшін жинақталды [36, б.45]. Бірақ «кітапхана «нағыз кітаптардың» болмауынан зардап шекті, - деп жазды «Уральские областные ведомости» газеті, - зиялы қауым ең алдымен сәнді авторларды оқығысы келді, ал классиктерді тіпті құрметтемеді» [36, б.43].
1860-жылдары қалалық отбасылар кітаптар мен журналдарды жаздыртып алу арқылы оқуға кіріседі. Орал қаласы сонау заманнан ғалымдар мен жазушылар назарын өздеріне назар аудартып, оның бай тарихы қызықтырады. Осыған байланысты ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Оңтүстік Орал халқының тарихы мен мәдениеті орыс мәдениетінің көрнекті өкілдері – зерттеушілер, жазушылар мен ақындар, публицистер танымдық мақсатта алыстағы Оралға баруға тырысты. 1820 жылы мұнда болашақ «қазақ халқының Геродоты» тарихшы А.И.Левшин (1797-1879) болып, Орал казактарының өткені туралы бірегей материалдар жинады, кейінірек, 1833 жылы қалаға А.С.Пушкин (1797-1837) мен әдебиетші В.И.Даль (1801-1872) келді. А.С.Пушкиннің Орал мен оның айналасынан жинақталған казактардың халық аңыздары кейінірек оның «История Пугачевского бунта» және «Капитанская дочка» повесінің негізін қалады. Өз кезегінде, В.И.Даль өз саяхатының негізінде қазақ тақырыбына арналған белгілі «Бикей и Маулян» және «Майн» повестерін жазды. А.С.Пушкин және В.И.Дальмен бір уақытта Оралда атақты орыс ақыны В.А.Жуковский (1783-1852) да болып, ол да Орал казактарының тарихы және тұрмысына қызығушылық танытады. 1850 жылдардың басында Оралға белгілі ақын-петрошевец А.Н.Плещеев (1825-1893), көрнекті зерттеуші-шығыстанушылар Н.В. және Я.В.Ханыковтардың інісі публицист А.В.Ханыков (1825-1853) жер аударылды. А.В.Ханыков ХІХ ғасырдың ортасында Орал казармасында тырысқақтан өледі. Кейінірек бұл жерде демократиялық қоғамдық ойдың өкілі М.Л.Михайлов тұрды. Өздерінің әдеби шығармашылығымен орыс мәдениетінің аталған ірі қайраткерлері Оралды елдің сол кезеңдегі оқыған қоғамының арасында белгілі етті және оның тарихы мен мәдениетін революцияға дейінгі Ресейде және одан тыс жерлердегі көптеген ұрпақтың есінде мәңгіге қалдырды. Оралдың мәдениетінде көптеген атақты жазушылар және ақындармен қатар жер айдалып келген революционерлер де өз іздерін қалдырды. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Орал көптеген халық еріктілері мен демократтарының жер аударылған орны болды, олардың идеялары қалада кеңінен тарады. 1862 жылы қалаға Л.Н.Толстой келеді. Ол өзінің нерв жүйесін қалпына келтіру үшін дәрігерлер нұсқауымен 1862 жылы Еділ бойына келіп, онда қымызбен емделеді. Сол жылдың маусым айында жазушы өзінің Қырым соғысындағы қарулас жауынгері 1857-1862 жылдардағы казак әскерінің атаман А.Д. Столыпинмен кездесу үшін Оралға барған еді. Оралдағы жергілікті халықтың тұрмыс салтымен танысқан Л.Н.Толстой Орал казак әскерінің жылнамашысы және жазушы И.И.Железновтың шығармаларын оқиды. Бірақ оған И.И.Железновтың «Василий Струняшев» повесіндегі шовинистік көзқарастар ұнамайды.
Орал қаласының табиғаты, тұрмыс салты, өмірінен алған әсері Л.Н.Толстойдың 1906 жылы жазылған «За что?» деген әңгімесінің негізін қалады. Онда ол 1830 жылы поляктардың көтерілісіне қатысқан Мигурскийдің Оралға жер аударылғанын және оның сәтсіздікпен аяқталған қашуын баяндайды. Оралға жер айдалған ақын-петрашевец А.Н.Плещеев осында атақты украин ақыны әрі суретшісі Т.Г.Шевченкомен кездеседі. Жалпы білім берудің дамуы, Оралдың елдің басқа өлкелерімен байланысының орнатылуы, көптеген көрнекті ғалымдар мен ағартушылардың келуі қалада білімді зиялы қауымның қалыптасуына ықпал етті. Нәтижесінде жергілікті ғалымдар дайындаған алғашқы ғылыми зерттеулер пайда болды, оларда Батыс Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетінің көптеген жақтары зерттеледі. Олардың арасында Н.Ф.Савичев, И.И.Железнов, М.С.Бабаджанов, А.Б.Карпов, И.Бородин, Ғ.Тоқай, В.Голованов және басқалары бар еді.
Жан-жақты дарынды Никита Федорович Савичев (1821-1885) талантты журналист, ақын әрі суретші ретінде танылды. Орал әскери училищесін бітірген соң әскери қызметке алынған ол кейіннен отставкаға шығып, Әскери шаруашылық басқармасының мұрағатшысы қызметін атқарады. Ол Т.Г.Шевченкомен таныстық қатынас орнатқан. Орал өлкетану мұражайында Н.Савичевтің Т.Шевченко салып, оған достығы үшін сыйға тартылған портреті сақтаулы тұр. Н.Савичев орыс оқырмандарының қазақ халқының тарихы және мәдениетімен танысуы үшін көп нәрсе жасады. Ол атақты қазақ композиторы Құрманғазыны Оралға өнер көрсетуге шақырған, ол туралы мақала жазып, оның портретін салған. Ол И.Тайманов пен М.Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтерілісін алғашқы зерттеуші. Оның қаламынан «О народном быте», «Одежда уральских казаков», сияқты мақалалар, «Исправленная ошибка», «Бездолье» повестері, «На сенокосе», «Добрый вечер» әңгімелері шыққан. Жергілікті ғылыми және көркем ойшылдар үшін жазушы, этнограф және тарихшы Иосиф Игнатьевич Железновтың (1824-1863) қызметі мен шығармашылығы үлкен маңызға ие болды. И.И.Железновтың алғашқы әдеби шығармаларын Оралда А.В.Ханыков пен А.Н.Плещеев өңдеген. Ол ұлы орыс драматургы А.Н.Островскиймен дос болған кезінде оның дүниетанымына славяндықты жақтаушылар қүшті ықпал еткен. Өз шығармаларында ол Орал казактары, Орал қауымы өмірінің өзіндік ерекшелігін дәріптеген. 1858 жылы оның алғашқы жинағы «Уральцы» жарық көрді. И.И.Железновтың үш томдық шығармалар жинағы 1888 жылы жазушы қайтыс болғаннан кейін басып шығарылды. Ахилл Бонифантьевич Карпов (1866-1911) революцияға дейінгі Орал өлкетанушыларының саңлақтар тобын аяқтайды. Оның Орал газеттерінде басылған жарияланымдары мен мақалалары нақты материалдардың әр түрлілігімен ерекшеленіп, оның туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін, Орал казактары психологиясының өзіндік сипаттарын білетінін көрсетті. А.Карпов сол кездегі ең жақсы білімді алған. Ол Орынбор гимназия мен юнкер училищесін бітіргендіктен оған Орал казактарының тарихы бойынша байыпты ғылыми жұмыстар мен бірқатар поэзиялық шығармалар жазуға мүмкіндік берді. Оның «Уральцы», «Казачьи стихотворения», «Памятник казачьей старины», «Краткие очерки из истории Уральского войска» сияқты белгілі шығармалары субъективті сипатта әрі казак дүниетанымы негізінде жазылғандықтан және нақты дәлелдердің көптігіне байланысты өзінің танымдық маңызын қазіргі уақытта да жоғалтқан жоқ. Мұхаммед-Салық Бабажанов (1832-1871) атақты этнограф, Ордада дүниеге келген. Оның еңбектері ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Батыс Қазақстан қазақтарының материалдық және рухани өмірін зерттеу үшін бағалы дереккөз болып табылады. Оның этнографиялық және өлкетанымдық жұмыстары «Санкт-Петербургские ведомости», «Северная пчела», «Деятельность» және т.б. газеттерде жарық көрді.
Ғабдолла Тоқай (1886-1913) – татар ақыны, публицист. Өзінің балалық және жастық шағын Оралда өткізді, татар мешіті жанындағы медреседе оқыған. Оның зияткерлік дамуы мен өз көзқарасының қалыптасуына Тухватуллиндер отбасы үлкен ықпал жасаған. Тоқай солардың кітапханасын пайдаланған, оның баласы Камильмен татар тіліндегі мерзімді баспасөз құралын шығару үшін бірге жұмыс істеген, «Уралец» газетінің баспасында жұмыс атқарған. Татар тіліндегі «Аль-Гасрель джадит» (Жаңа ғасыр), «Уклар» (Жебелер), «Фикер» (Ой) газеттерінде оның ақындық шығармалары, очерктері мен фельетондары басылды. [25, б.211-213].
Оралдағы мәдениет пен ағартушылықтың қалыптасуында бірінші әскери баспахананың ашылуы зор маңызға айналды. Өйткені Оралда өз полиграфиясының қалыптасуына жағдай жасап, соның арқасында қалада газеттер, кітаптар мен басқа да басылымдар жарық көре бастады. Экономикалық өркендеу кезінде Оралда бірнеше баспахана жұмыс істеді, бір мезгілде үш түрлі газет шығарылды. Ресми түрде Оралда бірінші баспахана 1862 жылдың 13 ақпаны күні ашылды [37, с.6].
Баспахананы А.Д.Столыпин арнайы Петербургтен шақыртқан Н.Вишевский ұйымдастырады. Әскери баспаханада алғашында 9 қызметкер жұмыс жасап (терушілер, баспашылар және т.б.), оның кейбірі, мысалы, Миронов пен Хрущев баспахана ісін оқып үйрену үшін Петербургке жіберіліп алынды. Бастапқы кезде баспахана наказной атаманның әскери бұйрықтарын, әскери басқармалар мен мекемелердің жылдық есептері мен бланкілерін басты. Баспаханадан алғаш рет А.Д.Столыпиннің, М.К.Курилиннің, И.И.Железновтың және ақын Тушканованың әдеби шығармаларынан тұратын «Сборник для чтения в форпостных училищах казачьего войска» атты шығармасы басылып шығарылды. Қызметтің кеңеюіне байланысты жұмысшылар мен шеберлер саны да өсті. 1878 жылы жұмысшы саны 12 адамға өссе, ХІХ ғасырдың аяғында олардың саны 20-дан асты. Баспахананы ұстап тұру үшін оған 5 мың рубльден астам қаржы бөлінді. Бұдан басқа, баспахананың қажетіне ақылы қызмет көрсетуден түсетін ақшаның жартысы жұмсалса, ал екінші жартысы облыс бюджетіне түсті. Орал баспаханасы революцияға дейін қаладағы ірі кәсіпорынның біріне саналды. Әр уақытта оған Н.Вишневский, М.Хохлачев, ал 1871 жылдан бастап А.Юдин, 1879 жылдан 31 жыл бойы М.Мазанов басшылық етті [37, б.7].
Көп ұзамай Оралда қаланың мәдени өмірінде үлкен рол атқарған М.А.Жаворонкова мен Л.Н.Щелокованың жеке баспаханалары ашылды. Оралдағы баспаханалардың өз деңгейіңде жұмыс істеуі газеттердің ашылуына жағдай жасап, халықтың дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді. 1867 жылдың 1 қаңтарынан бастап П.Назаровтың редакторлығымен Оралдағы бірінші «Уральские войсковые ведомости» газеті жарық көреді. Бірінші жылы жарыққа газеттің бірнеше нөмірі 390 дана тиражбен шығарылса, 1869 жылдан бастап газеттің көлемі мен таралымы ұлғаяды. Орал облыстық басқармасы жаңа «Уральские областные ведомости» газетін шығарған кезде оны басуды әскери баспаханаға тапсырады. Баспахананың техникалық жағдайы жақсартылып, «Аугсбург» маркалы тез басатын машинка мен 2 станок сатып алынады. 1892 жылдан бастап М.А.Жаворонкованың редакторлығымен қалалық жазушыларға арналған тегін қосымшасы (Уральский листок объявлений) бар әдеби-саяси және экономикалық «Уральский листок» газеті дүниеге келеді. Газетте облыстың экономикасы мен ғылыми этнографиялық материалдар, өлкенің тарихи өткені туралы шолулар, замануи жаңалықтар, жергілікті өнімдердің бағасы туралы дәл биржалық ақпараттар (сұраныс, ұсыныс және т.б.) жарияланады. Жыл сайын 100 нөмір шығарылады [37, б.8].
1897 жылы 3 шілдеде әдеби-қоғамдық «Уралец» газетінің бірінші нөмірі баспадан шықты. Оның бөлшек сатылымдағы бағасы 5 тиын, ал жеткізіп беруімен жарты жылға жазылу бағасы қала үшін 2 рубль 50 тиын, қаладан тысқары жерге 3 рубль, ал бір жылға тиісінше 4 және 5 рубль тұрды. Газет аптасына екі рет бейсенбі және жексенбі күндері шығып, онда жергілікті өлкетанушылар И.И.Железновтың, М.К.Курилиннің, Н.Ф.Савичевтің, Г.С.Карелиннің, А.Северцевтің мақалалары мен жергілікті өмірдің маңызды мәселелері жарияланды. Жалпы «Уралец» газеті К.Ванюшин мен редактор М.Сладковтың ұйымдастыруымен жарыққа шықса, ал газеттің өзі П.Аничхина мен Б.Турыбиннің жеке баспаханасында басылды [35, б.1].
Газеттің баспаханасында Габдолла Тоқай теруші қызметін атқарды. Осылайша, аз уақыт ішінде Орал шаһарының өзінің полиграфиялық базасы қалыптасып қана қоймай, баспасөз басылымдары да шықты, революцияға дейін әр түрлі 7 газет шықты.
А.Д.Столыпиннің бастамасымен драма театрының ашылуы Оралдың мәдени өмірінде айтарлықтай оқиғаға айналды. Бірінші спектакль 1858 жылы қойылып, қала тұрғындары Виноградский, Соколов, Соболев, Титов, Дрейер сияқты актерлер мен Берг, Линовский, Караулова сияқты актрисалардың ойынын сүйсіне тамашалады. Театр репертуарында А.С. Грибоедовтың «Горе от ума», Ф.М.Достоевскийдің «Идиот», Л.Н.Толстойдың «Воскресения», Н.В.Гогольдің «Ревизор» шығармалары және Шекспир мен Шиллердің драмалары қойылды. Әсіресе А.Н.Островский шығармалары аншлагқа толды [38, б.3].
Бұдан басқа Орал театрының сахнасында түрлі пьесалар, водевильдер, бенефистер және әуесқойлардың спектакльдері көрсетілді [39, с.8]. 1869 жылы 25-30 сәуір аралығында Орал сахнасында Самараның театр труппасының алғашқы гастролі өткізіліп, барлық спектакльдер адамдар толы залдарда жүрді. Ал 1870 жылы театр сахнасында алғаш рет «Скопин Шуйский» тарихи драмасы қойылып, барлық билеттер толықтай сатылды. Қала мен театрда тәжірибелі дирижер, Санкт-Петербург Император театрының бұрынғы жеке орындаушысы Шрен басқарған өте жақсы оркестр концерттер берді. Бұл оркестр де А.Д.Столыпинің күш салуымен құрылды. Спектальдің билеттері қолжетімді бағалары 20 тиыннан басталып, 5 рубльге дейін тұрды [39, б.8].
Нақты училище мен қыздар гимназиясының тәрбиеленушілеріне көмек ретінде қайырымдылық спектакльдер де өткізілді. Осындай спектакльдің біріне 322 билет сатылды. Бай адамдар билет үшін оның бағасынан 2-3 есе артық төледі. Бұл жөніндегі мәліметтер жергілікті баспасөзде жарияланып отырды. 1889 жылы Орал көпесі Ф.И.Макаров Түркістан алаңында театр труппасына арнап ғимарат тұрғызды, оны кейіннен «Ф.И.Макаров театры» деп атады. Оның сахнасында 1891 жылы Ф.И.Шаляпин ән салды [22, б.9].
Қысқы маусым кезінде, мереке күндері арзан бағадағы таңертеңгілік спектакльдер берілді. Бұл қаланың кедей тұрғындарына ең жақсы драмалық жазушылардың спектакльдерін көруге мүмкіндік жасады. «Бұл спектакльде кәдімгі спектакльдер сияқты күшпен қойылды және оларға театр әкімшілігінің толық назары аударылды» [22, б.9]. Оқушы жастарға осы спектакльдерге тегін билеттер үлестірілді.
Оралдықтар опера өнерімен де танысып, классикалық музыка тыңдады, концерттерге барды, одан түскен табыс қайырымдылық мекемелерінің пайдасына аударылды. Сол уақыттағы газеттер былай деп жазды: «осындай концерттердің бірінің бағдарламасы «Фенге (рояль), Кондрахин (скрипка), Осипов (альт), Журавлев (виолончель) орындаған Моцарттың №1 квартетінен тұрған. Содан кейін скрипкада орындалған Чайковский квартетінің Andante Cantabile. Концерттің екінші бөлімінде Мендельсонның №1 квартеті орындалған». ХХ ғасырдың басында өнер сүюшілерге Шумский басшылығындағы опера труппасының әнін тыңдауға мүмкіндік алды. Барлығы 10 спектакль берілді: «Пиковая дама», «Травиата», «Русалка», «Риголетто», «Жизнь за царя», «Фауст», «Евгений Онегин» және т.б. Газеттер «Жиналым толық болды» деп жазды. Оралдың мәдени өмірі толыққанды және жан-жақты дамыды. Аз уақыт ішінде қалада театр, кітапхана, мұражай пайда болып, жұмыс жасап, қала дамуындағы түбегейлі өзгерістердің сипатын толық көрсетті [25, б.223].
Осылайша, ХІХ ғасырда Оралдың тарихы үлкен бетбұрыс кезеңіне аяқ басып, шет аймақтағы, меңіреу елді-мекеннен үлкен облыстың саяси, әкімшілік, экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени және білім беру орталығына айналды және 1,6 млн. тұрғыны бар ауқымды аймақтың әлеуетін біріктірді. Сонымен қатар Оралдың географиялық жағынан тиімді орналасуы Ресейге, оның мәдени орталықтарына жақындатты, ал бұл өз кезегінде білім мен мәдениеттің дамуында ілгерілікке әкеліп, сол уақыттағы Қазақстанның мәдени өмірінің орталығы болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет