3.Лекция мазмұны.
1.Діни түсініктердің дамуы
2.Шаруашылыққа байланысты діни сенімдер
3.Дамыған тұрмыстық қоғамдағы өнер
Магияның (сиқырлаудың) негізінде көне заманғы діни наным-сенім тотемизм қалыптасты. Тотемизм — адамдардың өздерінің ата-тегін жануарлармен, жануарлар дүниесімен (сонымен бірге табиғат күштері мен өсімдіктер дүниесімен де байланыстырылып қарастырылатын кездер де болған) тығыз байланыста қарастыруы. Кейінгі палеолит мәдениеті жөніндегі мәліметтер археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері мен этнография ғылымының тұжырымдарына негізделген.
Біздің заманымызда кейінгі палеолит дәуіріне ұқсас тіршілік еткен халықтар болды. Олар — Австралияның байырғы тұрғын халықтары. Австралия — тотемизм мен сиқырлаудың (магияның) классикалық елі. Олар еуропалықтармен алғаш кездескен уақытта кейінгі палеолит дәуірінің соңғы кезеңін бастан кешіріп жатқан болатын. Демек, еуропалықтар келгенге дейін Австра-лияның байырғы тұрғындары палеолиттен мезолитке көшкен еді. Австралия аборигендеріне қарағанда көне замандағы Еуропа үңгірлерін мекендеген алғашқы адамдардың тотемизмі бұлардан әлдеқайда қарапайым болған.
Палеолит дәуіріндегі үңгірлер қабырғаларына салынған жануарлар бейнесінің қисапсыз көп болуы — сол заманда сиқырлаудың шарықтап, гүлденгенінің басты айғағы болып табылады.
Алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының салт-жоралары қалай болғанда да мифологиямен келіп тоғысады. Олай болса үңгір қабырғаларының көрінген жеріне салынған, бір-бірімен байланыссыз, ешқандай өрнек құрамайтын сан-алуан сызықтар мен шимайлар бейнелеу өнерінің ортақ композициясын құрамаса да, олардың әрқайсысын жеке алып қарастырғанда алғашқы адамдардың дүние танымдық көзқарастарының хабар беретін тырнақалды өнер туындылары деп бағалаймыз, өйткені үңгір суретшілері белгілі бір сюжеттер құруды мақсат еткен жоқ, олардың басты назары сиқыршылыққа ауған болатын.
Кейінгі палеолит кезеңінде адамдар арасындағы түсінісу қабілетінің басты құралы — тіл өз дамуында белгілі бір дәрежеге жетті. Неандертальдықтардың дыбысты белгілерінен «жаңа адам» сөйлеудің алғашқы сатысына көшті. Алғашқы адамдардың қараңғы үңгірлерде түруы дыбыс белгілерін жетілдіруді қажет етті. Өмірдің қиын-қыстау жагдайлары мен қауіп-қатерлерден сақтандыру және тіршілік жағдайларынан туындайтын түрлі сәттер тілдің қалыптасып-даму процесін жеделдете түсті. Кейінгі палеолит дәуірінің аңшыларында бүйрық беру тілі қалыптасты, өйткені аң аулау кездерінде түсінікті дыбыс белгілерін беру олар үшін ауадай қажет болатын.
Ғалымдардың пікірінше, алғашқы сөздік атауларды жануарлар алғанға ұқсайды, ал басқа заттардың атаулары кейіннен пайда болған. Алғашқы қауым адамдарының бұл заңды талпынысы адамзат дамуының келесі сатысында, мезолит дәуірінде өз жалғасын тапты. Бұл кезеңде туындаған мәселелер де қоғам дамуының барысында өз шешімін тауып жатты. Көне тас дәуірі мен жаңа тас дәуірінің арасындағы өтпелі дәуір мезолит (мезо — орта, лит — тас деген мағына береді) кезеңде табиғаттың өзгеруіне байланысты адамдардың тұрмыстіршілігінде айтарлықтай өзгерістер байқалды.
Бұл дәуірдің өзіне тән ерекшелігі — адам баласының өміріндегі жаңа қарудың — садақ пен оның жебесінің пайда болуы. Мұндай қарудың пайда болуы алғашқы адамдардың өмірінде мал шаруашылығының пайда болуына және оның дамуына үлкен әсерін тигізді. Адамдар балықшылық кәсіпті игеріп қана қоймай, оны одан әрі жетілдіріп, қайық ойлап тапты және балық аулаумен шұғылданудың адам өмірі үшін онша қауіпті емес екеңдігін алғашқы адамдар түсіне де білді.
Алғашқы қауымдық құрылыс мәдениеті дамуының соңғы кезеңдері — мезолит, неолит дәуірлерінде адамдар баяу болса да тұрмыс-тіршілігін табанды түрде өзгертуге кіріседі. Ол енді жалқыға емес жалпыға, жеке аңға емес, тұтас үйірге, кездейсоқ табылған дақылға немесе жеміске емес, өзі пайдалануға тиіс тұтас жер учаскелеріне назар аударады да, ортақ игілік үшін ұжымда еңбек ете отырып, көз аясындағы дүниені рухани сезіммен анағұрлым кең, әрі ұйымшылдықпен қамтыды. Дүниені жаңаша қабылдаудан туындаған бұл өзгерістерге мезолит дәуірінде көп кескінді композициялық өнердің туындауына және ондағы басты рөлді адамның атқаруына әкелді.
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы дәуірдің қоныстарының орнында ұзындығы 300 м., биіктігі 3 м.-ге дейін жететін желінген тамақтардың (сүйектердің) үйінділері табылған. Әсіресе, Дания жерінде мұндай үлкен үйінділер көп кездеседі. Олар негізінен бұқалардың, иттердің, бұғылардың, балықтардың, бұландардың сүйектерінен құралады. Ерекше атап өтетін бір жайт, осылардың ішіндегі ең көп кездесетіні, моллюск қабыршақтары. Жеуге жарамды моллюск қабыршақтары сондай дәмді болмаса да шағын көлдерде көп кездесетіндіктен оларды қорек ретінде пайдаланған.
Мезолиттің аяғына қарай әйелдер мен балалар үй шаруашылығына пайдалануға өте қолайлы саз балшықтан ыдысаяқтар жасауды игерді. Әлі де кебе қоймаған саз балшықтың үстіне саусақтың үшымен немесе таяқшамен түрлі сызықшалар жүргізу — дәстүрге айналды. Бұл бір жағынан әдемілік үшін жасалса, екінші жағынан сиқыршылықпен тығыз байланысты болды. Осылай әйелдер өнері — ою-өрнек пайда болды. Бұрынғыдай қолайлы жағдайлар мен қажеттілік болмағандықтан тас дәуірінің адамдары жартастарға құдіретті андардың бейнелерін енді салмайтын болды.
Алғашқы қауымдық құрылыстың кемелденген кезеңі — неолит дәуірі. Бұл рулық құрылыстың орнығып, тас индустриясының шарықтаған кезеңі. Бұл тұста, әсіресе өте сапалы етіп жасалған тас балталардың көмегімен алғашқы қауым адамдары ағашты кесіп үй салды, қайықтар жасады. Жаңа тас дәуірінде адамдар саз балшықты күйдіріп, оны су өткізбейтін қатты затқа айналдыруды үйреніп, оны одан әрі жетілдіре түсті. Демек, керамиканың пайда болуы жаңа тас ғасырының басты белгілерінің бірі болғандықтан оған «керамика ғасыры» деген атақ берілді.
Сонымен бірге бұл өнер табысы адамзат дамуындағы шын мәніндегі ұлы өзгерісті, зор уақиғаны білдіреді. Өйткені, бұған дейін адамдар табиғаттың дайын өнімдерін пайдаланса, ендігі жерде табиғатта белгісіз материалдар жасап, табиғаттың құлынан қожасына айналу жолында алғашқы қадамдар жасады. Өмір сүру қажеттілігінен туындаған бұл ұлы жаңалықтың барысында адам бұл саладағы өз өнерін біртіндеп жетілдіре берді, яғни шытырман өрнектер мен әшекейлерден басталған бұл талпыныс барған сайын күрделіленіп, бояулар мен сызықтар ырғағымен, геометриялық сымбатымен ерекшеленетін өнер туындыларына айнала бастады. Бұл өнер талпынысының барысында алғашқы қауым адамдарының бойында эстетикалық сезім деп аталатын құдіретті күштің алғашқы белгілері қалыптаса бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |