3.5 Қазақстандық геральдика
Ресейдің отаршылдық саясатының бір түрі өзінің басқару жүйесімен қатар өктемдігінің символы ретінде гербтерін де енгізуі болды. Олардың түрін, мазмұны мен сипаттамасын патша тікелей өз жарлығымен бекітіп отыруы мұның айқын дәлелі еді. Патша үкіметінің 1649 - 1900 жылдарда шығарған заңдар жинақтарында Қазақстан аумағындағы қалалардың гербтері туралы деректер бар. Мәселен, Верный, Орал, Семей мен Торғайдың гербтерінің кескіні, ресми сипаттамасы 1878 жылы патша жарлығымен бекітілген.
Бүгінгі таңда мемлекеттік гербті қазақ тілінде "Елтаңба" деп те атайды. Қазақстанның Мемлекеттік Гербтері кеңес үкіметінің орнауы барысында пайда болды. Олар таптық-партиялық идеологияға бейімделді. Мәселен, 1936 жылы қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік гербінде еліміздің этно-мәдени болмысы мен дәстүрлі ерекшеліктерінен гөрі жалған интернационализмді, біркелкілікті, еңбекші, езілуші тапты ерекшелейтін, дәріптейтін нышандарға басымдық берілді.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасы
Қазақстан Республикасының елтаңбасы — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гербі 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітілген. Оның жобасының авторлары белгілі сәулетші Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков. Мемлекеттік Елтаңба ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен 1996 жылы 24 қаңтарда белгiленген. Елтаңба шар тәріздес етіп жасалған. Ал дөңгелек шығыс көшпенділерінде тіршіліктің, мәңгіліктің белгісі ретінде ерекше құрметке ие болған. Ата –бабаларымыз ұзақ уақыт пайдаланған киіз үйдің ең басты, қадірлі де қасиетті элементі болып келген шаңырақ Мемлекеттік Елтаңбамыздың негізгі идеясы болып табылады. Оның мән-мағынасы кең. Ол — Елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Елтаңбада шаңырақ Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi тәрізді. Шаңырақ — киiз үйдiң қасиетті де құдыретті күмбезi. Шаңырақ - көшпелiлер үшiн ошақтың, отбасының, үйдiң символы. Шаңырақ отбасылық сәттілігінің, мәңгіліктің және бейбітшіліктің, тыныштықтың белгісі. Күмбез қабырғасы ретінде бейнеленген уықтар тіршілік пен жылулықтың қайнар көзі болған күннің сәулесін білдіреді. Авторлар киіз үйдің негізі болып саналатын керегені де көрсете алған. Шаңырақтың үш қатарлы, крест тәрізді күлдіреуіші – үш жүздің мықтылығын білдіріп, оның бекемдігін сипаттайды. Республикамыздың барлық халықтарын бір шаңырақтың астына, ортақ үйіміз Қазақстанның қуатты мемлекет дәрежесіне жетуін мақсат тұтады. Ол сонымен қатар, бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын, өсiп-өркендеуiн де айқындай көрсетеді.
Елтаңбада алтын қанатты, жарты ай сияқты қиял – ғажайып тұлпарлар жеңiске деген жасымпаз жiгердiң, қажымас қажыр - қайраттың, тәуелсiздiкке, еркіндікке ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Жалпы тұлпар көшпелілер үшін - дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, ер – қанаты деп саналған. Ал қазақ эпостарында, жалпы ауыз әдебиетінде кең таралған қанатты тұлпар — ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың символы. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi және мәңгілік өмiрдi бейнелейдi. Тұлпарлардың алтын қанаттары бидайдың алтын масақтары ретінде бейнеленген. Олар еңбекқорлықтың, молшылықтың және материалдық тұрақтылықтың символы.
Ал Елтаңбаның жоғары жағындағы бес бұрышты жұлдыз оның тәжi орнында бейнеленгендей. Біздің елтаңба негізінен алтын және көгілдір түстермен айшықталған. Алтын түс халықымыздың ашық, жарқын болашағын сипаттайды. Ал көгілдір ашық аспан түсі әлемнің барлық халықтарымен бірге, бейбітшілікте, ынтымақтастықта, достықта және бірлікте өмір сүруге ұмтылатындығымызды көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |