Темекі өсіру технологиясы Темекінің топырағын өңдеу


Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері



бет2/6
Дата03.09.2023
өлшемі80.87 Kb.
#476436
түріҚұрамы
1   2   3   4   5   6
Дәріс 15

Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Темекі (Nicotiana tabacum L.) – Алқа тұқымдасына (Solanaceae) жатады, 100-ден аса ботаникалық түрлері бар, бұтасының пішіні цилиндр, эллипс, сопақша, конус немесе кері конус тәрізді болып келетін, бір жылдық дақыл. Темекінің мәдени екі түрі белгілі: нағыз темекі (Nicotina tabacum L.) және қара (көк) темекі (Nicotina rustica L.). Олардың жабайы түрлері белгісіз (Сурет 48).

Сурет 48. Темекі. 1, 2-гүлдену және көктеу кезеңіндегі өсімдіктер; 3-өсімдік сабағының басында орналасқан гүл шоғырлары мен жапырақтар; 4-жемісі; 5-тұқым (сол жақта үлкейтілген).
Өсімдік кіндік тамырлы. Тамыры топыраққа 1,5-2 м тереңдікке бойлайды. Сабағы – түзу, жұмыр, жоғары жағы тармақталған, биіктігі 1-2 м.
Жапырақтары – ірі, сағақты немесе сағақсыз, шеті бүтін, сопақ, жұмыртқа тәрізді немесе эллипс пішінді, үшкір, тегіс немесе бұдыр бетті. Бір өсімдікте 25-50 және одан да көп жапырақтар болады. Жапырақтары мен сабағының желімді қысқа түктері бар.
Гүл шоғыры – қалқан тәрізді сыпыртқы гүл. Гүлдері – қос-жынысты, сағақты, гүлсерігі бар. Тостағаншасы – қоңырау тәрізді. Күлтесі – тостағаншадан ұзын, сырты қалың түкті. Күлте түтігі ақ, бүгілген жері алқызыл немесе қызыл. Аналық ауыз екі қалақты. Аталығы – бесеу.
Темекі өздігінен тозаңданатын өсімдік болғанымен, айқас тозаңдануы да мүмкін.
Жемісі – екі ұялы, көп дәнді, сопақ, қоңыр түсті, піскенде жарылып кететін қауашақ.
Тұқымы – сопақ, қара-қоңыр, ұсақ, 1000 дәннің массасы 0,05-0,12 г.
Темекі жылу, ылғал, жарық сүйгіш және қоректік заттарды көп қажет ететін өсімдік.
Оның тұқымы 10-12°С жылылықта өне бастайды. Өсіп-жетілуіне оңтайлы температура 25-30°С. 35°С жоғары температурада өсуі тоқтап қалады. Жас өсімдіктер – 2-3°С бозқырауда (үсікте) опат болуы мүмкін. Бірақ ол күздегі қысқа мерзімді төмен температураның әсеріне төзімді.
Темекі-жарықсүйгіш өсімдік, ұзақ күндік жағдайда жақсы өсіп жетіледі, бірақ оның ген қорында қысқа күндік формалары да кездеседі. Жарық жеткілікті болмаса, оның өсіп-жетілуі тежеледі, сапасы нашарлайды. «Көлеңкелеп өсіру» тәсілі сигаралық темекі өсіргенде қолданылады, өйткені көлеңкелі жағдайда өскен темекі жапырағының тақтасы жұқа және көлемі үлкен болып қалыптасады.
Темекінің өсуіне топырақтың далалық төменгі ылғал сусыйымдылығы (ТЫС) 65-70% болғаны дұрыс. Ылғалдың ең көп қажеттілігі көшет отырғызу мен оның шанақтануы аралығында. Осы кезеңдерде ылғал жетіспесе, есімдік жапырақтарының көлемі кішірейіп, мерзімінен бұрын пісіп, өнімі төмен түсіп кетеді және оның сапасы нашарлайды. Ылғал шамадан артық болса, әсіресе ауыр сазды топырақтарда темекі егісіндегі өсімдіктер тұншығады.
Темекінің транспирациялық коэффициенті – 500-600.
Ол қоректік заттарды да көп пайдаланады. Гектарына 15 ц жапырақ өнімін түзу үшін шамамен 90 кг азот, 25 – Р2О5, 70 кг К2О және 100 кг-нан аса СаО пайдаланады.
Темекіге механикалық құрамы жеңіл, құрылымды, қара-шіріндісі онша көп емес топырақ оңтайлы деп есептеледі. Мол қарашірінділі топырақта темекінің сапасы нашарлап кетеді. Темекіні ауыр сазды, тұзды және батпақтанған жерлерге өсіруге болмайды. Натрийдің, әсіресе қальцийдің хлор қосылыстары темекінің жану қасиетін төмендетеді.
Темекі өсірудің екі кезеңі ажыратылады: бірінші – жылыжайда тұқымнан көшет өсіру, екінші – көшетті танапта өсіру. Көшет өсіру 35-45 күнге созылып 5-6 нағыз жапырақ пайда болғанда аяқталады. Екінші кезең – көшетті танапқа отырғызғаннан жоғары қабат жапырақтарының техникалық пісуіне дейін – 80-120 күнге жалғасады.
Темекі онтогенезі 10 кезеңге бөлінеді: тұқымның тыныштық кезеңі, өнуі, көктеуі, тамырлануы, көшеттің қалыптасуы, көшеттің танапта жерсінуі, өсімдік қалыптасуы, гүлдену, тұқымның түзілуі және пісуі, жапырақтардың түзілуі және пісуі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет